Алаш ақыны

Cәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ: Қарауылда бір қаракөз қалды деп, Қайтар сәтте қайта оралғым кеп тұрды...

  • Cәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ: Қарауылда бір қаракөз қалды деп, Қайтар сәтте қайта оралғым кеп тұрды...

    Cәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ: Қарауылда бір қаракөз қалды деп, Қайтар сәтте қайта оралғым кеп тұрды...

СЫНЫПТАС ҚЫЗ

Әдептен бір сәт аттамай,

Көңілге кірбің сақтамай.

Сыныптас қызға ұрлана,

Қараумен жүрген шақтар-ай.

Айтуға батпай ойымды,

Қайтуға қимай сабақты.

Тұнық көз, алма мойынды,

Құдай-ау кімге жаратты?..

Шыға алмай шексіз қиялдан,

Ұға алмай жұмбақ сезім бе?..

Сыныптас қыздан ұялғам,

"Ғашықпын" дейтін кезімде.

Алдағы оқу жылында,

Айтамын дедім қалайда.

Алаңсыз балаң ғұмырда,

Өзгеріс болды алайда.

Жүргенде "Сол қыз... шіркін" деп,

Сағыныш сырын шертіп күз...

Күтпеген жерден бір күнде,

Ауылдан көшіп кеттік біз...

***

ҚАС-ҚАҒЫМ

Бұлт ыдырап жылт еткенде күн көзі,

Айналып-ақ кетеді екен жырға өзі.

Сәулеленіп сала берді бір сәтте,

Көңілімнің құлазыған күмбезі.

Табылғандай мен іздеген ізгілік,

Қарағандай күй кештім де қыз күліп.

Аспан жаққа көз салып ем қайтадан,

Қоңыр бұлттан сап қойыпты күз құлып...

***

ҚАРАУЫЛДАҒЫ ҚАРАКӨЗ

Жанарында жазылғандай ақ тілек,

Қабағынан қанат қаққан бақ түлеп.

Қайтар сәтте қайта оралғым кеп тұрды,

Қарауылда бір қаракөз қалды деп...

Шыңғыстаудың көрінсе де көп гүлі,

Ойларымнан өлең өріп сол күні.

Көз алдымда жылыұшырап сен жүрдің,

Қарауылдың секілденіп толқыны.

Толғаныстан шын тағатым қалмастан,

Бір күй кештім сезім-ақыл арбасқан.

Өмір осы өзгешелеу екен шын,

Қимастықтан сыйластықтар жалғасқан.

Мұндай күйді ақын кешпей кім кешер,

Жүрегімде толасы жоқ жыр-нөсер.

Шыңғыстаудың шырайы деп сені ұқтым,

Туған жердің жас талымен бірге өсер.

Билеп алып өлең сол сәт еркімді,

Жансарайым қоңыр мұңнан серпілді.

Қарауылда бір қаракөз қалды деп,

Қайтар сәтте қайта оралғым кеп тұрды...

***

ЕГІЗ ЖОЛДЫ СЕЗІМ

Мендік көңіл-көк аспанға көрік берген күндейсің,

Ерте кеш пе, ғашық болып жүргенімді білгейсің.

Жанарыңда жаным жасыл жазға айналар сиқыр бар,

Түн болғанда осыншалық періште ме ең ұйқы ұрлар?!

Ғашық болып ғазал жазсам есіміңді қайталап,

Қостағандай тымық түнде қайта-қайта Ай қарап.

Сені сүю шынымен де бақыт болып көрініп,

Мөлдір ойлар төгіледі өлең болып өріліп.

Бір керемет әсер билеп есімді алды шынымен,

(Қалай ғана оңайлықпен ұмытайын мұны мен?!)

Сені жақсы көру деген – маған өмір сыйы ерек,

Жалықпас ем жырлауымнан «Сол бір қызды сүйем» деп.

Десем-дағы іштей бірақ, “Қатал тағдыр қоспайды»,

Ғашық жаным іле-шала «Кешпе,- дейді-бос қайғы”.

Мендік болып жаралса егер арман болмас гүл ерін,

Гүл ерінді сүйіп тұрып соқса менің жүрегім!

Қалай ғана тебіренбей терең шертем сырды мен,

Көрген сәттен айыптыдай, кібіртіктеп іркілем.

Тәнті қылып осыншалық күй сыйламас өзге ешкім,

Тәтті қылық тамсандырды қалай саған кездестім?!..

Жаның таза сезем іштей сезімің де тым нәзік,

Жарым түнде оңашада СҮЙДІМ СЕНІ жыр жазып!..

***

БІР МІНЕЗ

Жүрегімнің көздеріне кек толып,

Өз-өзімді кетем кейде жек көріп.

Өлең болып өрілетін сан ойлар,

Өз ішімде кеткен талай текке өліп.


Біреулерге жағынбадым жалбаңдап,

Жазғаным да жазған өлең таңға арнап!

Бәлкім содан, бір басыма бұйырмай

Қонар сәтте алдап қашты алдан бақ.


Түскендіктен көңіліме кірбің көп,

Сыйластығым бір күн бар да, бір күн жоқ.

Күштілерге есік қағып кірмедім,

«Елеусіздеу еңбектеніп жүрмін» деп.


Амалсыздан тіршілікке құл болып,

Ел қатарлы бәрі жүрер күн көріп.

Арпалысам адалдығым ішімде,

Кетпеу үшін өзімменен бірге өліп!..

***

Бөрі арығын білдірмейтін қу тірлік,

Көкейіме кептелетін мұңды іркіп.

Көше ортасы...

Тұра қалып кенеттен,

Қарқылдап бір күлгім келді...

Жын түртіп.


Шыныменен жын билеген күй ме бұл,

Мен осылай күлсем деймін кейде бір.

Ызғар шашып ызаланып кеткенде,

Талауына түсіргенде ит өмір!


Жырға құмар нәзік жаным шетте қап,

Сайқал қоғам табалайды беттен ап.

Сансыз екен жылпың қағып өздерін,

Санайтындар судан таза, сүттен-ақ.


Есік ашып есінеген таңдарға,

Қарқылдасам түсінетін жан бар ма?!

Ей, танысым, кездескенде қасыңнан,

Қарқылдап бір күліп өтсем таң қалма!..

***

ШАБЫТЫМНЫҢ ШЫРАЙЫ

Арпалысар сезiм атты толқынмен,

Ақ арманға жетеледi жол бiрден.

Қайта-қайта ұшқын атып қарайтын

Жанарыңнан жан дауасын көрдiм мен.


Арасынан дараланып сан қыздың

Көрiнсең де…

Оңашада жалғыздың

Күйiн кешiп жүр ме екенсiң, аяулым,

Қуат берер қиялыңа сап тiзгiн.


Сезiм - нәзiк, о бастан-ақ, ой - тұнық,

Сынағына неге байлап қойды үмiт?!

Сенi көрiп жүргенiммен

Ал тағдыр,

Сәтсiздiкке келедi әлi тойдырып…


Сенi ұнату… ғашық болу ол деген -

Бiр бақытқа қол созу ғой көлденең.

Жан-дүние жарасымын iздеген,

Менiң көзiм сенi қайдан көрдi екен?..

Шабытыма шырай енiп тұрады,

Сен отырған бөлмеден…

***

ЖАЛҒЫЗ ЕКЕМ…

Жалғыз екем,

Сезіндім бүгін анық,

«Түңілермін,-демеуші ем -түбі налып»

Үңілер кім?

Жайыңды ұғар келіп,

Қапылыста кеткенде жүгің ауып.


Жалғыз екем,

Мұңайған шақта білдім.

Арманымның кір шалды ақша бұлтын.

Көңілімнің түнеріп көкжиегі,

Күнұзаққа жырыммен жан шақырдым.


Жалғыз екем,

Амалсыз мойындадым.

Сезімімде –уайым, ойымда-мұң.

Шыжығына жалғанның шырмалсам да,

Қызығына өмірдің тойынбадым.


Жалғыз екем,

Ақыры көзім жетті,

Жібін үзіп сабыр мен төзім кетті.

Тәуба! Тәуба!

Сонда да адамдығым,

Адалдығым өзімнен безінбепті.

***

Теріп саған бермесем де қырдан гүл,

Жазып саған жүрмесем де жырдан-жыр.

Ессіз сүю не екенін ұктырып,

Екеумізді табыстырған бұл тағдыр.


Қабағыма түсе қалса сәл кірбің,

Мені бағып... Өзіңді ұмыт қалдырдың.

"Жолыңда өлем..." деген жалғыз сөзіңмен,

Сынағына қарсы тұрдың тағдырдың.


Ағайынға, кейде досқа, бауырға,

Күйінгенде сен шақырдың сабырға.

Тізгін бермей кеткеніме төздің де,

Әзір тұрдың тірліктегі ауырға...


Елемейтін сынақ - бұлттың күркүрін,

Шаңыраққа шуақ шашып тұр күнім.

Сен бар жерде жалғасады бар ісім,

Сен бар жерде берекелі тірлігім.

 




Көрілген: 2159    Пікірлер: 1

сейсенбі, 08.12.2015, 19:30

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30