Алаш ақыны

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ: ...Қарлығаштай ақ тамақ сол бір ару, Ұлпаны емес, Сәуірді сүйіп еді...

  • Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ: ...Қарлығаштай ақ тамақ сол бір ару, Ұлпаны емес, Сәуірді сүйіп еді...

    Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ: ...Қарлығаштай ақ тамақ сол бір ару, Ұлпаны емес, Сәуірді сүйіп еді...

ЖЫЛ БАСЫ

Орман іші жаныңа дем береді,

Жайдарлы шақ адамға ең – керегі.

Сыр тартады кіл ағаш,

Ал ұйқыда,

Жаңа жылды қарсы алған пенделері.

Жалғыз сейіл – қалың ну қойнауында,

Қолайлы сәт алаңсыз ойлануға.

Үн шығады жыныстан жанды әлдилер,

Табиғатта Жаңа жыл тойлануда.

Жылт етеді тиін де зыр қағатын,

Тауса алмайды қылығын жырлап ақын.

Талтаң, талтаң қарға жүр қар үстінде,

Ештемеден жайы жоқ құр қалатын.

Ала қанат сауысқан жөнге келмей,

Мүлгиді емен уайым меңдегендей.

...Маған қарап бір шал тұр қаба сақал,

«Қара орманның иесі – мен» дегендей.

Аңтарыла көз тігіп сұлбасына,

Үйеңкінің ұйыдым тұлғасына.

Шал кейпінде діңіне ұлпа қонған,

...Ұшырастым ғажайып Жыл басына.

***

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛТУМАСЫ

Қазақтың даласы бұл қаңтардағы,

Уақыт өткен сайын артар бағы.

Күсет қар нығыздалған,

Ал жылқысы –

Адамнан жәрдем күтіп аңтармады.

Жануар күртік кешіп, омбылаған,

Шөпберіп, күтпеседе – қоңды.

Ұнаған.

Киелі боз жылқылар,

Аруақпен,

Жалыңа жау келгенде қонды бабам.

Аязда қолтумамыз қың демеген,

Жылқының тоңатынын білмеген ем.

Боз-боран ұзақ жолда,

Атқа сеніп,

Арманға таянып-ақ күнде келем.

Жануар құланнан сәл пішінді еді,

Қазақтар қазақиды – түсінбеді.

Бабаммен Байтақ Елді бірге құрған,

Пырағым, шерің қалың ішіңдегі?..

Әспенсір ақ қылшықтың жаманаты,

Күрсінді түркілердің қағанаты.

...Жалыңның қасиетін қадір тұтам,

Тұяғың ата-бабам – аманаты,

Қазақтың қолтумасы - қазанаты!

***

АҚ БОЗ АТ, АҚ БОЗ АЯЗ, ӘППАҚ ДАЛА

Ақ боз ат,

Ақ боз аяз,

Әппақ дала,

Кім кімнен қарап тұрсам таппақ пана?

Сақылдап қарашада сардауыл жүр,

Тірлігім бар еді ғой шап-шақ қана...

Дүние әппақ болып жымдасады,

Кіршіксіз ақ нәрседен кім қашады?

Жылусыз,

Әппақ әлем,

Қайттік сені,

Жалғанның пәтуасыз тұлғасы әні.

Биыл қыс әдеткідей басталмады,

Қайда ұшты туған жердің қасқалдағы?

Ақшақар пәтшағарға

Айналды әттең,

Ақ боз ат арман едің аспандағы.

Көзіңді тостағандай мөлдіреттің,

Жалыңды үскірікке желбіреттің.

Алдымнан жайтаң қағып сен бір өттің,

Маңыңнан бүрсең қағып мен бір өттім.

Ақбозат,

Ақбозаяз,

Әппақәлем,

Сен үшін жандыда әппақ сақтаған ем.

Ақшақар,

Бейбаянды бегім едің,

Барасың бір бұлт етіп жатқа менен...

Өзіңдей әппақ ажар таппаған ем,

Екіұшты ала-құйын шаққа келем.

...Танымай аязды да, тажалды да,

Кеудемнен көтерілді қаптап өлең...

Ақшақар, Ақбозкүлік, Әппақ Әлем...

***

ӨМІР СЕНІ СҮЙЕДІ ЕКЕМ...

Ақ қоянның тірлігіндей тірлігім,

Қабағымның кім байқайды кірбіңін?

Жылжып жатыр қызық болып, аңдасам...

Өзгешелеу бір күнімнен бір күнім.

Ызғар өткен шаққа келдім өңменнен,

Аяз қайтсын көңіліңді бөлгенмен.

Таң атады, кеш батады қайтадан,

Ертеңгі күн, мен өзіңе сенгенмен.

Қурай қуып, дәнек тердік күйбеңмен,

Тірлік тұтас тасбауырлау күйге енген.

Байыз таппай жалған шіркін жүргенде,

Аш көз көңіл тоқмейілге үйленген.

Жанарыңа жібердім бе мұң үйіп?

Қарайтындар көп еді ғой қыдиып.

Өмір сені сүйеді екем бәрібір,

Мен аязға назар салдым жымиып.

Шүкір деймін жарық Күнге жайнаған,

Бәрі осылай ілдебайлар айналам.

... Ақ қояндай қарғып шығып қыратқа,

Сіңіп кеттім тірлігіме қайнаған...

***

ТОР ДӨНЕН ҚЫРАУ ШАЛЫП...

Жаһанды жалғы зжүріп дүбірлеткен,

Жететін қимас жерге іңірде еппен.

Тор дөнен қырау шалып боз болады,

...Алдыдан құшақ жаяр шырын-көктем.

Жануар қылт еткенге елеңдейді,

Күңгіртте әлде нәрсе көлеңдейді.

Жүректің жылуы бар – жылытады,

Шықсаңда ұры көзден желең, мейлі...

Жігіттің серігі еді қашан-дағы ат,

Басасың аяғыңды жасаңда ағат.

Көрсетші, аққұба ару, ақниетті,

Қыс көзі танытқанмен қасаң қабақ.

Қыраудан торы дөнен қылаңданған,

Үмітті үзе алмаймын бір Алладан.

Көп күтпей үйге кірдім,

Жарқ еткені,

Дидарың ай секілді шырағданнан...

Жүзіңнен ақылды алған әрең көштім,

Отырған үлкендермен сәлемдестім.

...Аязда жадыратар дәл өзіңдей,

Болмайды шырын-көктем әлемде ешкім.

Тор дөнен аяз шауып, бозға айналар,

Қояйын әрі созбай, сөзге айналар...

***

ҰЛПАҒА БАТЫП БЕЛШЕДЕН...

Ілегі тынбай ұлпаның,

Төгілді шұға зеңгірден.

Байқатты бізге бұл тәлін –

Әлемге әппақ өң кірген.

Қуанды бір қыз елпілдеп,

Жауғанға мамық әппақ қар.

Көзінде нұры мөлтілдеп,

Тағдыры тұрды көп қатпар.

Таң атты сосын зиялы,

Нұрымен жерді көмкерген.

Алтын күн зерін құяды,

Елжірей, шіркін, ертеңнен...

Қыз шықты шаттық кернеген,

Күшігін ертіп, қылықты.

Жандай-ақ қысты көрмеген,

Барлығын, бәрін – ұмытты.

Бақытты кім бар өлшеген?

Ару мен қоса қандені –

Ұлпаға батып белшеден,

Күй кештім астық халдегі...

Бұ тірлік неткен сәнді еді?..

***

ӘППАҚ ҚАР, ҚЫЗЫЛ АЛАУ...

Шыңылтыр аяз кернеп маң даланы,

Аз күнгі қаһарына малданады.

Бүрсеңдеп пенде байқұс күн кешеді,

Жылынып алау отқа жан қалады.

Қоздайды томар ағаш бабыменен,

Шәй қайнар мосыдағы табыменен.

Әппақ қар, қызыл алау, қара күйе,

Алыстан бұлдырайды шағыл әлем.

Сары аяз сақылдаған сіреседі,

Тіршілік теперішпен тіреседі.

Күсеттің қолын сұғып қойынына,

Пенде жүр таусылмайтын бір есебі.

Бейнеттің батпаны көп бесенеден,

Сөндірер қозған шоқты көсемеген.

Өмірдің өшпесе деп жанған оты,

Тамызық іздеп өтер пешенеден.

Қадамға бара алмайтын батыл мұндай,

Жайыңды сырт айналар жат ұғынбай,

... Ошақтың оты маздап сыздықтайды,

Жанымның алаулаған лапылындай

Ызғар да бәсеңдеді зықыны аған,

Жарыққа ұмтылады бүкіл адам.

... Әппақ қар, қызыл алау, қара шәугім,

Аязды сындырады шытынаған.

***

АЛҒАШҚЫ ҚАР ҚУАНТАР...

Астанаға қар жауды...

Ұлпа құлап,

Қыс келеді,

Мінезін кім танымақ?

Аққайыңдар сап-сары сырға таққан,

Бүріседі

Ақ мамық қымтанып ап.

Бір-ақ сәтте өзгерді құбылып күн,

Бар әйтсе де

Ізі әлі жылымықтың.

Жасыл нәлі кетпеген кей жапырақ,

Қар астында қалтырар...

Мұңын ұқтым.

Жайбірақат кісілер көшедегі,

Алғашқы қар қуантар...

Не – себебі?

Торғай отыр ұйлыға тоңғаннан ба?

Ал, қар болса, қарқынын еселеді.

Қуанатын күн бе бұл –

Қылаулаған?

Әлі талай түсеміз шылауға нән.

Жыл құсы жүр көз жазып құсжолынан,

Ұрынбаса жарады тұмауға адам...

Ұлпа Көктен қалқымай

Жиіледі,

Қабағы да

Аспанның түйіледі.

... Қарлығаштай ақ тамақ сол бір ару,

Ұлпаны емес,

Сәуірді сүйіп еді...

***

ҚАЗДАР КЕТІП БАРАДЫ...

Сұрқайланып таң атты, қырбық қарлы,

Аямайды, байқаймын, бұрлыққанды.

Өрмек салып аяз жүр терезеге,

Әйнегіне әлемнің жыр ғып халді.

Шыңылтыр шақ сынайды төзіміңді,

Кім ұнатар іреңсіз мезі күнді?

Арқасынан өткен соң ызғырық жел,

Көк сиырдың мөлиген көзі мұңды.

Бұйығы – ауыл, суықтан тайынғаннан,

Жайбырахат бір кезгі жайың қалған.

Қоқиланып қоразда шақырмайды,

Мекиеннің жанында уайым халдан.

Шытынайды сұрықсыз шытынған күн,

Аяз қысып, желтоқсан зықымды алдың.

Есік ашса боп-боз боп бу кіреді,

Тамағынан ұстадың жұтынғанның...

Жел білінер ебіден ызың етпе,

Тыныс алсаң сезінер сызын өкпе

...Ал көшеге жан шықпай,

Ертеңгілік,

Қаздар кетіп барады қызыметке.

***

ҚАРАШАНЫҢ АЙЫ АУДЫ...

Қарашаның Айы ауды төбемізден,

Бүркенген бөкебайын.

Көңіл алаң. Ескілік келем ізбен,

Сағынып көкек айын.

Үскірікті қылғынған жасқағанмен,

Ызғары шытындырды.

Озып кеткен ілгері басқа адаммен,

Бұлғады шытын құрбы.

Сезім тулап шарпыды тұла бойды,

Аязда сәл жылынып.

Өкпелілер өмірге кінә қойды,

Үйір ғой, әлдіге – үміт.

Ұшады, әне, топтанып, қара қарға,

Суықты ерен көрмей.

Елең көрмес үніңді шара бар ма?

Илікпес емендердей...

Қарашаның Айы ауды,

Амал қанша?

Тым ерте күртік көмген.

Байқатпаған сезімді маған да онша,

Білдіртші, іркіп келген.

Бүртіктенген...

***

ЖОЛ немесе ЕҢ ҮЛКЕН АЙ

Жол мені жетелейді.

Келем ілбіп,

Үміттің байрағына өлең ілдік.

Адасып, жаңылсам да бағытымнан,

Тұлпарға тақымдағы сене білдік.

Түн жүрдік, күндіз жүрдік, лапылдадық,

Кей сәтте межелерге жақындадық.

Ұрымтал қылталарда қарау тобыр,

Жіберді атымды алмай хақымды алып.

Бастадым жаңа сүрлеу,

Күйремедім,

Соқпақтың талай көрдім ирелеңін.

Қалжырап қалғанымда бетім қайтып,

Үмітім алдан шығып, сүйреледің.

Түсініп,

Ұға алмайсың бұ ғаламды,

Жол жатыр алдымызда бұралаңды.

Өлмейсің көресінді көріп болмай,

Аласың өзіңе тән сыбағаңды.

Табылмай көңілімнің емі, қап-ай,

Дал етті орта жолда мені талай.

Арманға қол созым жер қалғандаймын,

Сен болып

көрінеді

Ең үлкен Ай...




Көрілген: 5631    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 09.01.2017, 10:48

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30