Алаш ақыны

Әлібек ШЕГЕБАЙ: Неге ғана ерте туып уақыттан, Неге ғана кешігіп біз кездестік?!

  • Әлібек Шегебай

    Әлібек Шегебай


Әлібек Шегебай, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Сүткент ауылында дүниеге келген. Республикалық «Жалын» журналында жарық көрген өлеңдер топтамасына Т.Айбергенов атындағы сыйлық берілді. 2002 жылғы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Шығармашылықтағы жетістіктері үшін 2004 жылы Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2002 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Бірнеше жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Алакеуім», «Әйнекке түскен Ай сәуле», «Ақ қауырсын» атты жыр кітаптарының авторы.


 


Туған жер



Мен жаныммен сүйемін осы ауылды,

Мен қаныммен сүйемін осы ауылды.

Қалай ғана сүймейін, Қалай ғана,

Кіндігім мен кессе ол тұсауымды.




Сүйем оның іңірін, ақ таңын да,

Сүйем оның өзен, көл, бақтарын да.

Сүйеніп тұрып талай мұң шаққанмын,

Маңдайыма тас тиген шақтарында.




Сүйем оның құмын да қыраттарын,

Сүйем оның қасиетті бұлақтарын.

Қалай ғана сүймейін,

Осы ауылдың

Бала күнде бір қызын ұнатқанмын!




Осы ауылда тербелген бесігім де,

Осы ауылда қойылған есімім де.

Араздасып қалғанда ара-ағайын

Ақсақалы жүреді кешірімге.




Көріп өстім таң атып, күн батқанын,

Көріп өстім тағдырлы мың қатпарын.

Қалай ғана сүймейін, Бейіт болып,

Осы ауылда жатыр ғой қымбаттарым!




Татсам дағы дәмінің қандайынан,

Кеткен емес уызы таңдайымнан.

Атам болып кей-кейде қабақ түйсе,

Әжем болып сипайды маңдайымнан.

Қалай ғана сүймейін, қалай ғана,

Таң шапағын, тарайтын арайлана.

Арман қуып алысқа қанат қақты

Осы ауылдан талай қыз, талай бала.




Қолын бұлғап көк көркі Көктөбенің,

Осы ауылдан мен де ұзап кеткен едім.

Қамысы мен жыңғылын, шеңгелін де

Сенсең досым, түсімде көп көремін.




Нені аңсадым, білмеймін, нені іздедім,

Жан – жарамды ұққандай теңіз менің.

Шағаласы шарқ ұрған,

Шайыр мінез

Осы ауылмен жүрегім егіз менің.




Жанарыңнан нұр көрем жасымаған,

Таңың аман тұрса екен, тасың аман.

Бақыт деген не десе сені айтар ем

Айналайын, Туған Жер, Асыл Анам!




Жеті сан. Жетім мұң




Ата-бабам аңсап өткен азат күн,

Басымызда тұр ғой бәрі ғажаптың.

Жетесіздің демесін – деп, баласы

Жеті санын қадір тұтқан қазақпын.




Жұт та жетеу, құт та жетеу, жеті күн,

Жеті дыбыс, жеті байлық, жеті мұң.

Жел ығымен жетілер – деп,

Бұл қазақ

Жылатпаған жесірін де жетімін.




Жақсылығын жеті жұртқа қаратып,

Жеті атасын сәбиіне санатып.

Отырады әруаққа бағыштап

Жұма сайын жеті нанын таратып.




Кешсе дағы бастан талай мұңды азап,

Тәуба деумен күтті мынау күнді азат.

Анасынан алтау болып туса да

Өле-өле жетеу болған бұл қазақ.




Содан бері қанша көктем көктеді,

Содан бері қанша нөсер төкпеді..,

Жаныма кеп жантаяды жетім мұң,

Жетінші жыл, Әкем менің кеткелі.




Әке арманы




Арманымның ерттеп мініп тор атын,

Аттанғанмын, жерім де жоқ қонатын.

Құшақ жайып мені сонда қарсы алған

Басқа Алматы болатын!




Алатаудың ақ таңдағы арайын

Тамашалап, көшелерін, сарайын.

Жырымды оқып ағалардың алдында

Көңілдердің кездестірдім талайын.




Оранғам жоқ үлде менен бүлдеге,

Ақындық жол – азапты жол, бұл неге?

Он кластық білімі де болмаған

Қайран әкем, білген екен бірдеңе!




...Елемейді, елегісі келмейді,

Өлеңді емес, өңіріңді тергейді.

Жарты бет боп жарық көрген жырыма,

Түсінбедім... Анау неге терлейді?!




Басқа қонған байламақ боп бағыңды,

Осындайлар қайнатады қаныңды.

Түсіне алмай торыққан бір сәттерде

Сағынасың сонау мөлдір шағыңды..!




Жазған әкем, сөзіңді әсте бөлмейтін

Өзгертпестен сол арманын, сол кейпін.

«Өлең деген тірлік па екен,

Балам-ау,

Тілімді алсаң «зоотехник» бол» – дейтін!




Қарық қылар жем мен шөпке, сабанға,

(Әке арманы осындай-ау, шамамда).

Қонышына көк дәптерін қыстырған

«Зоотехник» баласы бар..,

Жаман ба?!




Содан бері өтті талай күй бастан,

Жоқтау жасын ағыл-тегіл құйды аспан.

Аз күн жүріп әкей кетті,

Cол ұлға,

Одан өзге «қызметті қимастан»!




Жетім қозы жетілгенмен отығып,

Көңіл қалды үлгермеген тоқылып.

Жолы ауыр жырларымды оқимын

Бейітінде бетті сипап отырып.




Талай-талай шағылғанмен тауым да,

Ақын деген атым жетті ауылға.

Жиын-тойда таныстырып жатады

Пәленшенің ұлы ғой – деп, қауымға.




Алматының бір бұрышын мекендеп,

Сол ауылдан кеттік біз де, бөтен боп.

...Оңашада кейде ойға батамын,

Әкем тілін неге алмадым екен – деп!




Су астында қалған сыр




«Мына теңіз астында қорым қалған...»

Есенғали Раушанов




Кейпін көріп мұнартқан мұңды ауылдың,

Елге барсам басады зілмауыр мұң.

Шұғыласын алдымен суға шашар

Қамыс – таңдар ұшырған қырғауыл – күн.




Бақыттымын, әйтсе де байтақ елмін,

Кеткен едім, ал, бүгін қайта келдім.

Тамырынан тартатын терең сыр бар

Сырдың бойын жайлаған жалпақ елдің.

Теңіз беті болғанмен шағалалы,

Шағыл жұтып жиегін, жоғалады.

Өткен күннің қалдырған өрнектері,

Су астында.., Бабамның молалары!




Орақ пенен кешегі балғалардан,

Су перісі Сүлеймен арбап алған.

Теңіз болып толқиды баба ауылдар

«Әжемсеңгір» сонан соң «Арба қалған»!




Еңіс па екен, жоқ әлде, қиыр ма екен,

Тарқалмайтын, мен үшін түйін бекем.

Күн сәулесі ойнаған сұлулыққа

Құран оқып, бет сипау...

Қиын екен!




Ауыл және ақындар




Бәсеңдетпес бағын да, бағасын да,

Ауылым – сұлу Сырдың жағасында.

«Мұңлық-Зарлық», сонан соң,

Көне қорым

«Ұзын Ата» бейіті бәрі осында.




Қызыл жалға иегін күн артады,

Қызыл жыңғыл қыз болып құмартады.

Ақ алтынды алқапты аттап өтіп,

«Мұрынғарақ» алыстан мұнартады.




Көре білсең қызық көп бұл аймақта,

Жолдың үсті шашылған, жолай, мақта.

Асау толқын түрткілеп қоймаған соң

Жағадағы жартастар құлайды артқа.




Күн қақтаған бейнеткеш қауымы бар,

Жеміс-жидек, қарбызы, қауыны бар.

Қарсы беті өзеннің «Қожатоғай»,

Аманхандай ақынның ауылы бар.




Қамыстарды, бас иген жаңа күнге

Көріп тұрып сілкінер санаң мүлде.

Қызыл құмы қыздырған мына жерде

Қазыбек ақын қой баққан бала күнде.




Айналаның болған соң бәрі бау-бақ,

Ауыл десе кететін жаны лаулап.

Мына жерде отырған шығар талай

Қарабеков Бауыржан балық аулап.




«Жаушықұмның» төбесі толған аңыз,

Ерлігіне толқимыз, толғанамыз.

Әмірханды жіберген ақын қылып

Қазір қайда жүр екен сол қара қыз?!




Талай жайды сіңірсе санаңа Сыр,

Шабақтары секіріп салады асыр.

Шардараның үстінен ұзай алмай

Әлі қанша жүр екен шағала – жыр?!




Арман күндер




Ақын боп аздап танылдым,

Жүректен шыққан жырыммен.

Кей күндер таңды таңға ұрдым,

Сырласып сиқыр бұрыммен.




Келеді тарпып бір жорға,

Бәлкім ол шайыр шал шығар.

Досты да таптым бұл жолда

Дұшпаным.., Ол да бар шығар.




Көңілі аппақ ақ перде,

Күндер ғой ол бір жоқ алаң.

Жабыққан қайбір сәттерде

Сол күнге жиі оралам.




Үмітпен қарап таңдарға,

Арманмен айлар сырғыпты.

Жыр оқып небір залдарда

«Үйір» боп жүрдік кіл мықты.




Ғашықтық дертке өртенген,

Желөкпе жаспыз жол кезбе.

Күтетін бәрін ертеңнен

Бақытты едік ол кезде.




Сыбдырдан әрбір сыр оқып,

Сабырлы күйге түсеміз.

Қыдырып жүріп жыр оқып

Қыздардың шәйін ішеміз.




Сыңғырлап тұрған сым перне,

Ақынбыз ертең аты аңыз.

Балконнан кіріп түндерде

Есіктен шығып жатамыз.




Жұлдызды жұптай жарасқан,

Бар еді ортақ әніміз.

Арманы аймен таласқан

Тап-таза едік бәріміз.




Тербетсе дағы түндерді,

Жоқ оның атақ намасы.

Қазаққа қанша жыр берді

ҚазМУ-дың жатақханасы.




Жер бар ма біздер жүрмеген,

Ол күннен өшпес із қалды.

Жылатып тұрып жырменен

Жұбаттық қанша қыздарды.




Таласып кейде гу-гулеп,

Түндерді небір жайпадық.

Мұқаңдар ішкен у, бұл – деп,

Мұқаң боп біз де шайқадық.




Әрбір сәт қазір қалт еткен,

Тіршілік үшін сабылыс.

Бір күндей болмай жалт еткен,

Ол күннің бәрі – сағыныш.




Кім білсін, бәлкім.., таяды..,

Армандаудан да қалғанбыз.

«Үйірден» кетіп баяғы

Бір – бір үй болып алғанбыз.




Осылай бәрі өше ме?

У-шудан дағы қашамыз.

Жолығып қалсақ көшеде

Асығыс амандасамыз.




Бұзылып ән мен сәніміз,

Көнерген сынды көңіл де.

Басқамыз, бүгін бәріміз

Кінәлі біз бе, өмір ме?




Ертеңгі таңнан үміткер,

Оянсын қайта нұрлы арман.

Жиылып, қане, жігіттер

Оқиық жаңа жырлардан!




Аялаңдар ақынды




Өкпелейді достарым, өкпелейді ағайын,

Өкпелейді ағалар...

Өкпеледің талайың.

Өлең дейтін әлеммен өткізетін түндерін

Түсініңдер ақынның жүректегі сарайын!




Жайылғанда алдыма ақ қанатты қағазым,

Теңей алмай жатамын тіршіліктің таразын.

Анда-санда осылай, қиялымен қалықтап

Аспан асып кетеді, ақын дейтін сабазың.




Араласпай кеттің – деп, өкпеледі бір көкем,

Хабарласпай кеттің – деп, өкпеледі бір көкем.

Адамдардан ақынның айырмасы жалғыз-ақ

Жүрегінде болмайды жасыратын сыр бөтен.




Түсініспей жатады жақынмен де, жатымен,

Төтесінен секірер, түспейді ол сатымен.

Амалың жоқ қайтесің, Алла солай жаратқан,

Ақындарда болмайды «ақыл» деген – атымен.




Қарсы алдыңда тұрғанмен, кейде сені көрмейді,

Көздейтіні мәңгілік, сондықтан ол сөнбейді.

Көңілді айтып қайтесің, көңіл түгіл осынау

Өмірдегі қайсыбір «тәртіпке» де көнбейді.




Тағдыр кейде топалаң, енді бірде шырайлы,

Азапқа да аяусыз, ақын ғана шыдайды.

Жаратылып тамшыдан, туылған соң адамнан,

Адам болып қуанып, адам болып жылайды.




Себепші боп кей сәтте сезімге де дір еткен,

Шыға алмай да жатады шырмауы көп түнектен.

Жанарында жалт еткен жұмыр жердің жұмбағын

Жүрегімен ұсынып, қабылдайды жүрекпен.




Иілмейді ешкімге, қалмаса да соңғы асы,

Ақын айтқыш, сондықтан, ақын батыр, қолбасы.

Сыздатқанда жүрегін жан толқытар сызаттар

Шын ақынның қашан да шындық болар жолдасы.




Жырлағаннан жалғанды, жүрегінен сыз өтті,

Қиялымен алысып қанша түнді күзетті.

Адам, адам болғалы жатыр әлем жырланып,

Қанша ғасыр, қанша жыл, қанша көктем, күз өтті?!




Сабасына түсірер түлен түрткен тобаңды,

Қанша ақындар өмірден «жынды атанып» жоғалды.

Шындықты айтып шырылдар шайырлары болмаса

Алаяқтар жайлайды, мынау қамсыз қоғамды.




Жарып шығар жарыққа жүрек дейтін жатырды,

«Халық жауы» атанып, қаншама жыр атылды.

Адам менен Хауаның қуаты мен құрсағы

Аманаты Алланың, аялаңдар ақынды!




Жезөкше мұңы




Өңі, түсі өзгерген сырларымның,

Елесі де көнерген жылдарымның.

Тағдырымның жазуы солай шығар

Мен бүгінгі қоғамның құрбанымын.




Қай нәлеттің – демеңіз, қызы мына,

Мен боп тұрмын заманның бұзығы да.

Жоқшылыққа тағдырым салғаннан соң

Тоқшылықтың айналдым қызығына.




Жасырайын несіне жан жарасын,

Аздап рас, басында арланасың.

Етің өліп кеткен соң, ит тірлікке

Икемделіп, ас ішіп, жан бағасың.




Мен де кеше пәк едім, қылықты едім,

Таңдарым да ататын күліп менің.

Өмірімнің құпия өрнектері

Өрілерін осылай біліп пе едім!




Адаммын ғой, аңсаймын ауылымды,

Ата-анамды, туысқан, бауырымды.

Білмейді ғой, әттең-ай, олар бірақ

Менің мына сайтани «сауығымды».




Күндер өтті, ай сырғып, жылдар өтті,

Сұмдар өпті, тәнімді жындар өпті.

Мақтанушы ем қазақтың қызымын – деп,

Сол қазағым қызыққа құрбан етті.




Үйір боп жүр соңғы кез жаныма мұң,

Ойға оралып бал күнгі лағыл әнім.

Ертеңімді ойласам еріксізден,

Ертегімді балалық сағынамын.




Өңі-түсі өзгерген сырларымның,

Елесі де көнерген жылдарымның.

Тағдырымның жазуы солай шығар

Мен бүгінгі қоғамның құрбанымын.




Неге ғана...




Ғашықтықты бастан қалай тез кештік,

Жағдай болды-ау, тірі пенде төзбес түк.

Неге ғана ерте туып уақыттан,

Неге ғана кешігіп біз кездестік?!




Күздің түні,

Сыртта жауын тамшылап,

Мұңды әуенге салатындай әнші бақ.

Мөлдір көзбен мөлдіреп бір қарайсың,

Жанарыңда жауап күткен сан сұрақ.




Не біледі халімізден соқыр күз,

Өмір жырын әлі талай оқырмыз.

Үнсіз ғана жүрекпенен сырласып

Оңашалау кафе ішінде отырмыз.




Тұрғандығы жағдайымның өрлеп тек

Шамалы еді, құтқарғандай шөлмек кеп.

Сен отырсың бокалыңның ернеуін

Ерініңнің бояуымен өрнектеп.




Сағыныштың тартқан жан ем сартабын,

Қалай, қайда,

Шарасызбын, шаршадым!

Қайталанбас уақыттарды қия алмай

Қайта-қайта шылымымды тартамын.




Тазалығы әлі күнге өшпеген,

Қоңыр ауыл тірлігінде өскен ем.

Өліп-өшіп ғашық болып ең алғаш

Мұндай күйді он жетімде кешкен ем.




Қимас сәтті бастан қалай тез кештік,

Жағдай болды-ау, тірі пенде төзбес түк.

Неге ғана ерте туып уақыттан

Неге ғана кешігіп біз кездестік?!




Сұлу еді...




Көргендердің жан-жүрегі күйетін,

Сұлу еді, жел де оны сүйетін.

Кей күндері көктем болып киінсе,

Кей күндері жаз бен күзді киетін.




Жаратқанның болғанымен пендесі,

Әдемі еді әлемде жоқ теңдесі.

Қарашығы құдіреттің нүктесі,

Кірпіктері күйсандықтың пернесі.




Шаттанғанда дидарында нұр ойнап,

Оянатын езуінде бір оймақ.

Сырғасының сыңғырымен үндесіп

Күлкісінде тұратұғын күй ойнап.




Соны сүйді – жүрегім де, жырым да,

Сүйетіндей сұлу еді ол шынында.

Қолаң шашы қылықтанып кей сәтте

Аққу мойын айналатын бұрымға.




Тапқан кезде табысатын оңды ізді,

Адамзаттық адастырды жол бізді.

Қайта айналып келер болсам өмірге

Мен бәрібір, сүйер едім, сол қызды.




Толғандырар жақын түгіл жатын да,

Аңыздар көп ғашық жандар хаhында.

Мен өмірге қайта келсем, тағы да,

Соны сүйіп айналар ем ақынға.




Санасатын айла менен ақылдар,

Тарпаң мінез тағдыр дейтін тақым бар.

Сұлулыққа сұқтанады – адамзат,

Сұлулықты сүйетін тек – Ақындар!




Мақпал түн




Көңіл шіркін, жет – деп тұрса нетейін,

Алып-ұшып ауылыңа жетейін.

Тұсауымның кесіп тастап кендірін

Құшағыңның құлы болып кетейін.




Мен солайша бір серілік жасайын,

Маусымды да, мауқымды да басайын.

Қырық жанды дүниенің осынау

Қырық бұрым құпиясын ашайын.




Жалындайын, жел тигендей жанайын,

Тандырайын, өзім де естен танайын.

Мың сан әуен сыңсығанда муза боп

Мың бір түннің мақамына салайын.




Тас-талқан қып қараңғылық қамалын,

Сусамырдың соқтырайын самалын.

Мақпал түннің керіп тастап түңлігін

Жұлдыздардың жамылайын жамалын.




Сонан кейін түс көруге ерініп,

Тәтті ұйқыға кетсем шіркін беріліп.

Қүс үніне боянғанда аппақ таң

Оянармын төсегімнен керіліп!




Пері көңіл




Көз алдыма келтіріп қаз баласын,

Қырық түрлі қылықпен назданасың.

Қырын бару әттең-ай, қиын екен

Тағдыр жолы о баста жазбағасын.




Назданасың, сонда да назданасың,

Білген жандай жанының өз бағасын.

Отпен ойнау қауіпті, Сылқым сезім,

Қоламтасын көңілдің қозғамасын.




Бекін делік, әйтсе де, бекін делік,

Сәби сезім қалғандай кекілденіп.

Пері көңіл тұрады кей сәттерде

Пердесі жоқ терезе секілденіп.




Қызғалдақтың қырмызы қызылындай,

Қиғаш қасты қарайды сызылып Ай.

Сабырыңның салсаң да сандығына

Үзе көрме үкілі қызығымды-ай!




Үзіп кетсең үкілі қызығымды,

Қалай басам шоқ болған қызуымды.

Серік қылып сырғаңның сыңғырына

Саусағыңа салайын жүзігімді.




Тоғай жақта




Таң бозарып жатқанда қылаңданып,

Сен де, мен де тыпыршып тұра алмадық.

Ауыл жаққа қараймыз қайта-қайта

Сыр ағады сұлудай сылаңданып.




Сыр ағады, жағалап жар қабақты,

Ақбоз атқа мінгестік арман атты.

Жаза басып жүрмеңдер – дегенді айтып

Жанымыздан жалт етті таң қанатты.




Жалт етті де жоқ болды қанатты таң,

Қызыл нұрға боянып баратты маң.

Алақ-жұлақ етеміз айналаға

Қашып келе жатқандай абақтыдан.




Тоң қабақты дала тұр тұманданып,

Үлгермеді ауыл да түк аңғарып.

Түні бойы бәріне куә болған

Сыр ағады сұлудай сылаңданып.




Сұлулық




Аяулы қыз, бояулы қыз, арман қыз,

Сол бір кеште тәтті әуенге салғансыз.

Дәл сондағы сұлулықтың алдында

Жаз да жалған, жалған көктем, жалған күз.




Жалғыз ғана жалт-жұлт еткен сырғасын,

Жырлай алса ақын біткен жырласын.

Әл дәрменсіз күйге салып сол кеште

Мың сан басты қатырды ғой бір басың.




Ал, сен болсаң, қылық қосып қылыққа,

Әуелеттің отырып та тұрып та.

Кей жігіттер әйелінен қысылған,

Амалсыздан кетті жүзін бұрып та.




О, сұлулық, сен не деген сүйікті ең,

Біреулерден шығып жатты күйік дем.

Жарты жігіт ішіп жатса желігіп,

Қалғандары ішіп жатты күйіктен.




Ал, сен болсаң, одан сайын қағынып,

Ән саласың, оянады тағы үміт.

Әйел біткен әрең отыр тіл жұтып,

Еркек біткен қол соғады жабылып.




Енді бірі әнге салды күйіне,

Енді бірі тартты сені биіне.

Қиялында басқа әлемде жүргенмен,

Әйелімен қайтты бәрі үйіне.




Қоштасу




Қыркүйектің қоңыр кеші,

Сол вокзалдың оң іргесі.

Бізбен бірге толқып тұрды

Состав толы өмір көші.




Аласұрып жүрек тұрды,

Аласарып түнек кірді.

Сезімі жоқ сағат тілі

Сәтті сапар тілеп тұрды.




Төбеде тұр сазарып Ай,

Қоштасудың азабын-ай.

Бір-ақ сәтте думан толы

Тарқап кетті базарым-ай!




Қимай сонда жылап тұрдың,

Ал, мен болсам шыдап тұрдым.

Бізден дағы өтер жаным

Тағдыр салған сынақ бұл күн.




Жанған сәтте жарықтар мың,

Қолың бұлғап қалып қалдың.

Аттандырып Алматыма

Жүрегімді алып қалдың!




Мен сені...




Мен сені, сүйген едім, сүйген едім,

Ғашықтық жалынына күйген едім.

Түнімен тілдесуші ем түсімде де,

Сен дағы сонда мендей күйде ме едің!




Мен сені, ұнатқанмын, ұнатқанмын,

Бейкүнә жүректі де жылатқанмын.

Мен сонда тұңғыш рет көрдім жаным

Жүректен ғашық – жастың шын аққанын.


Мен сені, жақсы көрдім, жақсы көрдім,

Дауасын ғашықтықтың тапшы дер кім.

Мен сонда,

Сенесің бе?

Өз-өзімен

Күбірлеп сөйлесетін «бақсы» көрдім.




Мен сені, қызғанғанмын, қызғанғанмын,

Сен едің қырдағы гүл – қызғалдағым!

Не деген көңілі нұр көктем едік,

Білмеппіз тағдыр дейтін ызғар барын.




Мен сені, күткен едім, күткен едім,

Есімде тұңғыш жырды бүктегенім.

«Сүйем» деп, жазған сол бір өлеңіме

Қойылмай кеткен әлде нүкте ме едің!




Айналып сағынышқа бүкіл денем,

Алысып келем әлі «үтірменен».

Көрінбей кетті ғой – деп,

Газеттерден

Жүрсің бе, жырларымды күтуменен?!




Қонақ қыз




Түнгі Алматы,

Әдемі әнді үзбеген,

Кең көшеде көлікпен жалғыз келем.

Қол көтерді бір ару қолаң шашты,

Қонақ екен, есімі – Наргиз деген.




Сұлулыққа кеткендей тасып қаным,

Баяу қозғап көлікті, асықпадым. …

Ән барады қалықтап сазы бөлек

Бақыт құсы секілді ғашықтардың.




Шеңберінен аса алмай ізетті ойдың.

Сезімге де, төзімге күзет қойдым.

Тілі мәйін Тәшкендік қазақ қыздың

Нарқызсың – деп, есімін түзеп қойдым.




Ашық екен жаны да, жанары да,

Мұң мен қайғы түспеген қабағына.

Ізетке де күзетке бағынбастан

Көзім түсе бергені-ай, анарына!




Өте шыққан уақыттай шолақ, біздің,

Жапырағын жатқан кез, тонап күздің.

Жанарынан көрдім бір жұмбақ сырды

Жол үстінде жолыққан қонақ қыздың.




Астаң-кестең жанымды кім ұғуда?!

Қалаңыз да, халық та тынығуда.

Жол үстінің қос жолақ сызығындай,

Беу, тағдыр-ай, болмайтын бұрылуға!




Қарсы аламыз сәлден соң құшып таңды,

Үмітімді үздіккен, үсік шалды.

Шымбұлаққа –

Шыршықтан ұшып келген

«Қарлығашым», қош бол – деп, түсіп қалды..!




Күйеу




Тербетіп құрақ, көлін,

Қалып ең ұнап керім.

Мен саған жайып келем

Жырымның жұмақ төрін.




Ақ таңның арайындай,

Ханзада сарайындай.

Ән салып ауылыңа…

Аяңдап барайын жай.




Тартқанда сынық күз дем,

Асаумын құрықты үзген.

Алдымнан шығар ма едің,

Қағынған қырық қызбен.




Тең болар, төрең біз – деп,

Алыстан келем іздеп.

Көз біткен сығаласа

Күйеуді көреміз – деп.




Таң атып, Ай жатқанша,

Ауылың тойлап жатса.

Байлаусыз балдыз біткен

«Жезделеп» ойнап жатса.




Айхайдан Атан қашар,

Шалдарды шапан басар.

Белдеспей бермейміз – деп,

«Қодарлар» қоқаңдасар.




Дәстүрді дара сақтап,

Ақ таңды аласартсақ.

Әкеңнің батасын ап,

Аттанып бара жатсақ.




(Беу, шіркін, дәуір заңы),

Жанғанда ауыл шамы.

Кердеңдеп кірер ме едім

Әндетіп «Балымшаны»!




ХХХ




Талай-талай өттік сүрлеу жолдан біз,

Есіктерін қағып талай бөлменің.

Ең алғашқы махаббатым болған қыз

Ең алғашқы жырым еді ол менің!




Бірақ ешкім түсінген де жоқ бізді,

Сенер болсаң бұл сөзімнің көбі шын.

Одан соң да ұнатып ем көп қызды,

Ұмытыппын қазір соның көбісін.




Ғашықтар бар адамзатқа аты аңыз,

Серттерімен сілкіндірген даласын.

Ажырата алмай кейде жатамыз,

Ғашықтық пен ұнатудың арасын.




Қолын бұлғап қанша көктем, күз қалды,

Қаншама рет бүршік жарды жасыл бақ?!

Кейде біздер кіналаймыз қыздарды,

Қыз болмаса өлең қалай жазылмақ.




Ғашық жүрек о, не деген кең деймін,

Жұмбақ сырды жасыратын тереңге.

Құдай ақы, өз басым мен сенбеймін

Адам Ата жыр жазбады дегенге.




Кейде тағы қытықтайды бір түрлі ой,

(Өзі-ақ айтып берер еді-ау, өлмесе.)

Кім біледі?

Жазбауы да мүмкін ғой,

Хауа Анадан басқа қызды көрмесе..!




Қимастық




Күрең тартқан тағы да бір күз келді,

Жауып жатыр жапырақтар іздерді.

Ажарлы қыз, базарлы қыз, арман қыз

Ағай – дейді, бұл күндері біздерді.




Ағай – десе сұлу қыздар, бал қыздар,

Күрсінеді кеудемде бір таңғы ызғар.

Толқын ұрып тамырынан үзілген

Секілдіміз жағадағы жалбыздар.




Үмітін де үзе алмаған шынардан,

Шыға алмаған шырын мейіз құмардан.

Басылмаған қызуы да, қызығы

Жүрегімде бұлқынады бір арман.




Жүрегімде бұлқынады арман бір,

Сол күндерден қалған сезім, қалған жыр.

Алатаудан әкететін асырып

Жұлдыздардың жанарынан тамған нұр.




Қызық та өтті, шыжық та өтті не түрлі,

Қыздар қалды қос бұрымды, кекілді.

Қандай ғана ғажап еді сол күндер

Әсем әннің қайырмасы секілді.




Күрең тартқан тағы да бір күз келді,

Жауып жатыр жапырақтар іздерді.

Кеудедегі шымырлатып жүректі

Ағай – дейді бұл күндері біздерді.




Өмір




Кешіп жүріп мынау жалған бес күнді,

Кеудедегі көңіл де сәл ескірді.

Бағынбайтын боп барамыз сезімге

Сағынбайтын боп барамыз ешкімді.




Тіршіліктің көріп кейбір тас тұрқын,

Кейде өзіңе көнбейді екен жас шіркін.

Адалдықтың жүрген болып жанында

Арамдықпен іс жасаймыз астыртын.




Көріктісің, киім жапқан тәніңді,

Ыңылдап та айта аласың әніңді.

Жақсылықпен қызметтес болғанмен

Сатқындықпен сыбайлассың кәдімгі.




Отансызға жақсылық не, жаман не,

Опасызға ұрпағың не, балаң не.

Тектілікпен болғанымен ағайын

Тексіздікпен ауылдассың амал не!




Қыдырасың, қызыққа да батасың,

Дос табасың, оны қайта сатасың.

Бақыт – қыздың басын салып әлекке

Байлық – қыздың құшағында жатасың.


Болғанымен армандардың түр – түрі,

Ол да бірақ кей сәттерде күлкілі.

Сонда дағы шаң жуытпай өзіңе

Әй, опасыз өмір – дейсің бір күні.




Жүрек



«Оһ, қандай жақсы болған туылғаным,

Адамдарда жүрек бар кезінде мен».

Төлеген Айбергенов




Жұрт көзіне көрінгенмен көңілді,

Оңашада, өлең болып егілді.

Сағыныштың жанарынан жаралған

Жан-тәнімен сүйіп өтті өмірді.




Айыратын алтынын да, жезін де,

Айыратын еркегін де, езін де.

Туылғаның қандай ғажап жан аға

Жүрегі бар адамдардың кезінде!




Бір күнімді, арашалап бір күннен,

Бір түнімді, оңашалап бір түннен.

Жаралар деп, жүрегі жоқ біреулер

Жүрегімді жасырумен жүрмін мен.




Данышпанбыз, данагөйміз, батырмыз,

Ақиқаттың ұмытқанбыз атын біз.

Аярлықтың асқынғаны соншалық,

Жүрексіз-ақ өмір сүріп жатырмыз.




Кім бар дейсіз, астарына тереңдер,

Барлығы да кердеңдеген «кемеңгер».

Жүрегі жоқ ақындардың қолымен

Жазылуда жүрегі жоқ өлеңдер.




Үрімдей боп үн қатқанда ізгі күн,

Үлбіреген үміт жібін үзді кім?

Мыналардың бәрі қалай сыйған – деп,

Жүрегіңе үңілеміз біз бүгін.




Тайнапырдың талайларын таң қылып,

Жырың қалды жылдар болып жаңғырып.

Тән – жүрегің тоқтағанмен жан аға,

Жан – жүрегің адамдармен мәңгілік!




Қыркүйектің салқыны




Қыркүйекте кегім бар қалып кеткен,

Көз жасым бар мөлт етіп тамып кеткен.

Ана жылы өксітіп өзегімді

Ажал келіп әкемді алып кеткен.




Содан бері жайланып жаныма мұң,

Әуенінен айныды лағыл әнім.

Қыркүйек ай – келгенде қоңыр салқын,

Қоңыр шалды қоңырқай сағынамын.




Арманымен қарсы алар алтын таңды

Жігіт едім, жайдары, жарқын жанды.

Қыркүйектің сондағы салқынынан

Болып кеттім бір түрлі салқын қанды.




Балалықты тастаған алып бойдан,

Ай еді бұл, иіліп, «табыт» қойған.

Қыркүйекте – қайғы бар қабырғалы,

Қыркүйекте – көңіл бар қалып қойған.




Тіршілік ғой, алды – мұң, арты – тұман,

Салып жатыр біреулер шалқытып ән.

Содан бері білмеймін, Неге екенін?

Қыркүйектің қорқамын салқынынан!..




Жатақхана. Жағалау




Ақылға да айлаға бағынбаған,

Ақын едік жыр оқып арындаған.

Сағынышқа айналып сен де кеттің,

Жатақхана, беу, жастық, жалындаған!




Сол күндерден қалған бір мұң табы ма,

Кернеп кетті кеудемді жыр тағы да.

Көптен бері жүр еді жолым түспей,

Келіп тұрмын кештетіп «журфагыма».




Күндер екен ол да бір күрең қасқа,

Суреттерде өң басқа, рең басқа.

Еркін едік, ерке едік,

Енді міне,

Ноқталымыз және де жүген баста.




Жатса-дағы ай менен ағылып күн,

Жүруші едік, жыр оқып сабылып түн.

Бар баланың айналған анасына

«Тётя Рая», сізді де сағыныппын!




Бұл жерде де өлмейтін өмір жатыр,

Неге ғана босадың?

Көңіл – батыр.

Қыздар менен жігіттер өз алдына,

Көз алдымнан бәрі де өтіп жатыр.




Ақ жол – деген өмірлік жалғыз «аят»,

Қабырғаңа қамшыны салғызбай-ақ.

Барлығын да апарар бір-ақ жерге,

Жолдарындай ҚазҰУ-дың жалғыз аяқ.




Алла ғана қайғысыз, мұңсыз, дара,

(Жағалауда, нені ойлап тұрсыз аға?)

Жаңбыр жауса кететін көтеріліп

«Весновка» ағады үнсіз ғана!




Қанатты ақын

«Құшақтап сені билер ем, құшар ем тас қып,

Атаңа нәлет қанаттан ыңғайсызданам».

Ұлықбек Есдәулет




Ақындық – Алла берген қасиет ғой,…

Олардан қалары тек өсиетті ой.

Қауырсын қаламменен дос болған соң

Ақында қанат болмау қасірет ғой.




Әсері әуеніндей Арқа жақтың,

Шайырға шабыт берер әр ғажап күн.

Өр Алтайдың осынау бел баласы,

Ақынына айналды бар қазақтың.




Бойында жырға деген жылымық бар

Қарайды кешіріммен «інілікке» әр.

Қанатының астына кіргендерді

Қорғап жүрер ағамда, ірілік бар.




Анда-санда болмаса, ...былайы бар,

Шығыстың шыңдарындай шырайы бар.

Қанаты жоқ ақынды..,

Біле алмадым,

Қанаты бар ақынның

Құдайы бар.




Ақтарсаң, бір сөзінің бекері жоқ,

Жырының тіл үйірер шекері көп.

Қанатының арқасы болар бәлкім

Ұлағамның ұшпаған шет елі жоқ.




Қоздырып талайлардың делебесін,

Кеңейткен қара өлеңнің керегесін.

Барады құс жолымен қанат қағып

Ұлықбек Есдәулетов деген есім!.




ХХХ




Азынап астыменен тұнық көктің,

Бұлттарын бесін ауа қуып жеттім.

Бұл менің ауылым ғой,

Ауылымнан,

Мен неге, соңғы кезде суып кеттім?!




Сағыныш сырқатына төзім күйреп,

Жетуші ем көңілімді, көзім сүйреп.

Бойынан үлкен жолдың бұрылғанда

Бойымды кететін бір сезім билеп!




Қайда сол, сұлу сезім, сал, сағыныш?!

(Жаңа там, жиылмаған жан-жағы қыш.)

Ол неге қарсы алмайды жылдағыдай?

Ой, әлгі...

Қалай еді?..

Ән салғыш құс!




Пейілі осынау кең паң даладай,

Атамның...

Келем тұсын аңғара алмай.

Томпайып анау жерде әкем жатыр...

Қимайтын ештеңе де қалмағандай!




Азды күн сағынышты серік қылдым,

Кеткендей көңілімнен еріп бір мұң.

Жүдеген, жүзі сынық, бұл ауылға

Мен неге, тағы айналып келіп тұрмын?!




Қой бағып, күндер өтті ән салған да,

Қол создым сол сәттерде қанша арманға. ...

Мен неге келгенімді ұққандаймын,

Алдымнан аяулы Анам қарсы алғанда!




Жалғыз бейіт




Барар жерге алсам – деп, күндіз жетіп,

Бара жатқам рөлде үнсіз кетіп.

Жол бойында кездескен жалғыз бейіт

Жүрегімді жіберді дүрсілдетіп!




Себеп те көп, сеп те көп алаңдарға,

Сергек ұста өзіңді санаң барда.

Жол бойына қойылған жалғыз бейіт

Абайла – деп, тұрғандай адамдарға!




Тізгіндегі талдырып білегімді,

Жалғыз бейіт сыздатты жүрегімді.

Жұбатамыз «жазым» деп,

Ал шынында,

Шексіз сүйген жан шығар бұл өмірді.




Қашан, қалай?

Белгісіз тұрғандығы,

Осы жолдың ақиқат.., құрбандығы.

Өліміне..,

Кім білсін..,

Себепкер ме?

Көлігінің жүйткіген жылдамдығы.




Бір күн момын пенделік, бір күн батыр,

Құпиясы көрініп сыртында тұр.

Қапияда жасалған қателіктен

Қанша жанды қара жол жұтып жатыр!




Астыңдағы темірді жансыз дейік,

Танытпағай тірлікке мәнсіз кейіп,

Аласұрып аптыққан әрбір жанға

Асықпа – деп тұрғандай жалғыз бейіт!




Ертегі




Ұйқыға құшақтарын жайып кірген,

Жанына жылу жинап ғайып – түннен.

Таң ата қала дейтін көл бетімен,

Жүзеді нөпір халық қайық мінген.




Жүзгенде қайық мінген нөпір халық,

Кептелер көшелер мен көпір барлық.

- Сендерді қайтсем екен қызталақ – деп,

Ақ басты Алатау – шал отыр налып.




Жо-жо-жоқ, отырған жоқ,

Шыныменен,

Кетті де бір қателік мұны, менен.

Ақша бұлт құйып берген шайдан ұрттап

Жамбастап жатыр шалың қырыменен.




Жамылып иығына аппақ қарын,

Тыңдайды тал, теректің тақпақтарын.

Жамбастап осы бір шал жатпаса егер,

Кетпекші мына нөпір таптап бәрін.




Жатыр ол, көшіп кетпей, ел – деп, осы,

Жоқ бірақ, түсінетін жерде досы.

Көл менен қызықтайды қайықтарды,

Бұл шалдың күнделікті ермегі осы.




Күн – табақ құбылаға құлапты сәл,

(Қоя алмай отырғаным сұрақты дәл).

Шақырсам дегенім ғой, ауызашарға,

Ораза ұстай ме екен, бірақ, бұ шал?!




Айтпассыз сандырағы, селтеңі деп,

Аңыз бен ақиқаттың шертері көп,

(Өзім де бітіре алмай зорға отырмын,)

Сөкпегін, «мынау қандай ертегі» деп?!




Мұндай да ертегілер кезігеді,

Қиялдан туған бұл бір сезім еді.

Түн ауа көлдің беті саябырсып,

Шалың да, басқасы да көз іледі..!




Келін хикаясы




Желбіретер жел сөздің жалауын да,

Жандыратын қалжыңның қалауын да.

Көңілдер мен пейілдер өз алдына,

Айтып жүрер қызықтың бәрі ауылда.




Бой тасалар болған соң мұнарамыз,

Ағалардың айтқанын құп аламыз.

Қара күштің иесі,

Үйленбеген,

Алшын дейтін бар еді бір ағамыз.




Кедергі боп бір ісі, бір ісіне,

Берекесіз табысы, кірісі де.

Әйелі жоқ адамың қайбір оңсын,

Олпы-солпы болатын жүрісі де.




Таранғанда көктемгі текті көрік,

Бипілдетіп көшеден өтті көлік.

Алшын келін әкепті – дегенді естіп

Ағайындар әп-сәтте жетті келіп.




Жүрегінің жасырып тылсым үнін,

Отырғызып көңілге гүл шыбығын.

Алып қашып кеп тұрған беті екен бұл

Көрші ауылдың керемет бір сұлуын




Есік алды айғай-шу, абыр-сабыр,

Кемпір біткен «келіннің» жанында жүр.

...Нұқып кетті шешесі Алшекеңді

«Көнер емес мынауың, қағынбағыр»!




Орамалды басына жабыңдар – деп,

Енді бірі шауып жүр «қалың мал» деп.

Қос бүйірін таянып Алшекең тұр

«Әкеп бердім, көндіріп алыңдар» деп.




Алшекең тұр, бітіріп бір «ұлы» істі,

Сыртқа бермей сыпайы сырын ішкі.

Он тиын жоқ ойында,

Елемейді

Үй ішінде боп жатқан қырылысты.




Болғанымен кіршіксіз қар секілді,

Кейде мына дүние тар секілді.

Жеңгелері жыртыңдап құттықтайды

«Құтты болсын құсың» – деп, Алшекеңді.




Өтсе дағы дәл мұндай сансыз «бәйгі»,

Осы боп тұр әзірге жалғыз «қайғы»,

Қариялар айналып, толғанса да

Орамалды, асау қыз, салғызбайды.




Болғанымен ағамыз төрдей бойлы,

Күдіктілеу бір үміт кернейді ойды.

Осынша жұрт жата қап жалынғанмен

Дәті берік неме екен, көнбей қойды.




Қыз күңкілін тыңдаса құлағын сап,

Өлем – депті, мойнына бұғалық сап.

Алшекеңе көнбеген «келіндерін»

Ағайын тұр, амалсыз шығарып сап.




Санасында сауықшыл сайтандар көп

Күндес ғана мұндайда қайқаңдар тек.

Таяғына сүйеніп көрші шал тұр

«Сотқа беріп жүрмесін, байқаңдар» – деп.




Қабырғаға қалдырып бар азапты,

Көрші-қолаң біртіндеп тарап жатты.

Көнбей кеткен қапа боп «ғашығына»

Алшекең де бетке алды қора жақты.




Намыс па еді, кім білісін, нала ма еді,

Сол бір сәтте Алшекең жаралы еді.

Күс қолымен көз жасын сүртіп тұрып,

«Енді үйленсем осыдан,

Қара...» – деді?!




Қарсы алса да сан асу, белес мейлі,

Таразымен тағдырың теңеспейді.

Көз алдына кешегі көркем жылдар

Көнбей кеткен қыз болып елестейді.




Жалғыздыққа жүргенмен үйренген боп,

Күйінген де, күйген де, күйрелген жоқ.

Елуіңді еңсеріп қалса дағы

Әлі күнге Алшекең үйленген жоқ!




Көрілген: 6803    Пікірлер: 2

дүйсенбі, 27.10.2014, 13:56

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31