Әлия Дәулетбаева: Сізді сүю қылмыс па?..

Әлия Дәулетбаева: Сізді сүю қылмыс па?..

 

***
Сізді сүю қылмыс па?.. Солай ма, аға...
Жан құрбым жүр сене алмай.
Ар сәулесі шағылған шарайнада,
Дидарымды көре алмай.
әбден әуре болдым –ау...
Қалай ғана
еш алаңсыз сырласамыз енді біз?...
Түйсігіме тым басқаша ендіңіз.

Сізді сүю –ағаттық. Аға, шыным...
Сезбей мүмкін өтерсіз.
Менің дархан мінезді жанашырым,
Кешіре алар ма екенсіз.
Ессіздікке баларсыз...
Бекер сіз
кезіктіңіз көзіңізде мұң ұйып,
Жұмбақ және тым сүйкімді жымиып.
Сізді сүю қылмыс па?.. Мүмкін бәрі...
Өзімді –өзім кінәлау.
Жүрегімнің сіз жаққа ұмтылғаны
адасқаны шығар-ау...
Айтыңызшы, қайтемін,
Мына алау
Алаңдаймын өртеп тынар ма екен деп.
Қиялым жүр құшағыңды мекендеп.
Ойлайсыз ба бекер деп?..

 

 

 

 

***

Көріп тұрып құша алмаудың қайғысын,
Сезіміңді тұсаулаудың қайғысын,
Қанат бітіп ұша алмаудың қайғысын,
Менен артық кім білсін?!
Тек көзбенен аймалаудың қайғысын,
Тегіс жолда тайғанаудың қайғысын,
Оңашада ой қамаудың қайғысын,
Сізден артық кім білсін?!
Тілдесе алмай тосылудың қайғысын,
Қоштасуға асығудың қайғысын,
Жанар шығын жасырудың қайғысын,
Менен артық кім білсін?!
Өз арымен күресудің қайғысын,
Мәнсіз күнге ілесудің қайғысын,
Төзіміңді түгесудің қайғысын,
Сізден артық кім білсін?!
Тағдыр салған қыл бұраудың қайғысын,
Тым алыстан тұнжыраудың қайғысын,
Жалған күліп, шын жылаудың қайғысын,
Бізден артық кім білсін?!

 

 

 

 

 

 

 


***
Абайсызда атылған кесектерден,
Оқ жыландай улаған өсектерден.
Нәпсі демі аңқыған төсектерден,
Жерігенде сезімнен есептелген.

Өзімді өзім болмасқа сендіргенде,
Көкірегімді қопарып сең жүргенде.
Төзімімнің ширығып әр талшығы
Телефонға үмітсіз телміргенде.

Минуттардан күткенде жылжымаған,
Жанарымда жазықсыз мұң жылаған
Жанталасқан сәттерде қол бұлғадың,
Көп елестің ішінен бұлдыраған.

Кездерімде көңілсіз, көзім күлген,
Бәрі көлгір екенін сезіндірген.
Түсімде де түңіліп тірлігімнен,
Есікті іздеп жүремін өзің кірген.

Жымиысың жүректі қозғағанда,
Ақылымнан адаса жаздағанда,
Әлі күнге сен жаққа жаутаңдаймын,
Жетім бота ішімде боздағанда.

 

 

 

 


***


Мен сізбенен дерттімін...Сіз қалайсыз?
Жүз жаралап жанымды жүз жамайсыз.
Жүрсем дегем жаурамай, жалындамай,
Бір сергелдең тап болды бізге абайсыз.
Мен сізбенен дерттімін... Сіз қалайсыз?..

Шыныменен жоқ па екен алаңыңыз,
О, несіне телміріп қарадыңыз.
Жылдам елтіп қалғаным содан шығар,
Мұңға дертіп тұрды ғой жанарыңыз.

Ырғағанда қурайдай құйын уақыт,
Шиыр-шиыр жолдардан миым қатып
жүргенімде бір көріп өзіңізді,
Өмірімді алдым-ау қиындатып.

Ал өмірім сізсіз де күрделі еді,
Түсіндіре аламын кімге нені.
Биылғы күз суық па, қалай өзі?..
Бір үмітім кешігіп гүлдеп еді...

Бұл тыныштық әйтеуір қашты менен,
Ақылсызбын, ардағым, тапшы неден.
Дәл осылай сандалып, сағым қуып,
Жақсы көргім келмейді!
Жақсы көрем!

 

 

 

 


***

Күлкі болмай кетті білем, күлкім де,
Қарашаның қабағынан мұң сауып.
Қайтем енді... Ертелі –кеш бұл күнде,
Есіл –дертім сіздің жаққа тұрса ауып.

Есіл-дертім сіздің жаққа елеңдеп,
Үмітсіздік уын жұтып үлгергем.
Айтқым келген сізді жақсы көрем деп,
Маған ондай батылдықты кім берген?...

Сеземін ғой барлығын да, жарығым,
Сынық мұңды кеудеңізден құлаған.
Сіздің болмыс неткен жұмбақ, тәңірім,
Мені осылай сақтап тұрған күнәдан.

Соншалықты болармысыз сабырлы,
Сырыңызды сыртқа бермей келесіз.
Сорға малып менің есіл жанымды
Сол қалада қап қойдыңыз неге сіз?...

 

 

 

 

 

 

 

***
Тағатымды тауысып, тал бойымды тұтатқан,
Көзіңіздің қиығы.
Аңсаусыз да шаршаусыз бір мейірге жұтатқан,
Күндерім-ай бұйығы...

Сізді маған жіберген тәңірі шығар, расы...
Сөнбесін деп...жансын деп...
Өртенсін де, жаны күйсін, жыласын,
Өлең болып қалсын деп...

Сізді маған жіберген тәңірі шығар, расы...
Тәтті уынан татсын деп.
Тым биікке шықсын да тым тереңге құласын,
Шыңырауға батсын деп...

Солай шығар... мен соған сеніп жүрмін осы күн,
Ақылыма ие кім?...
Есігімнен енбейтін менің ессіз ғашығым,
Есіміңді сүйемін.

Көптен жаным дәл бұлай елеңдемеп еді ғой,
Жүр ме екенсіз алаңдап...
Маған , аға, сіз емес , өлең керек еді ғой,
Енді халім не болмақ?..

 

 

 

 

 

 

 

 

 


***
Мен осы соңғы кезде біртүрлімін...
Жиі-жиі көмкеріп күлкімді мұң.
Бұрынғыдай алмайды тынышымды,
Жербетілік мазасыз күңкіл,күбір...
Тоқтап қалған секілді сағат біткен,
Төзімім тұл, таусылып тағат тіптен.
Күмән шағын күндерім өткеруде,
Бір аңсарым табылмай қалап, күткен.
Мағынасыз досымның күлкісі де,
Айырмадым оларды түр-түсінен.
Аяр дейсіз кім менің арманымды?..
Қояр дейсіз жанымды кім түсіне?..
Күндер солай күмілжіп жылысуда,
(Уақытпен бола ма ұғысуға?!)
Жүзім жасып отырмын елеусіздеу,
Қызыл-жасыл әлемнің бұрышында.
Жан дауысым жыраққа жеткен шығар?..
Аспан содан қақырап кеткен шығар?
Жасын түсіп жатқанда шарпылмаған,
Айтыңызшы... сіздікі неткен шыдам?.
Өлтіре көрмеңізші-і-і...

 

 

 

 

 

 

 


Алтыбақан

Тұнығында тұнжыр сәуле жүзген күз,
Жылылықты енді қайдан іздерміз...
Бір болмашы сезімдерге алданып,
Алтыбақан теуіп тұрмыз сіз бен біз.
Алтыбақан тербетеді,ырғайды,
Бейопа күн бір бақытты бұлдайды.
Сізге қарай жүрегіммен жүгірем,
Шегінсеңіз шарпиды екен шын қайғы.

Алыстасам сіз де маған ынтығып,
Көзіңізде жатады ылғи мұң тұнып.
Кезек-кезек әуелейміз әйтеуір,
Арбасқанда бір сағыныш, мың күдік.

Теңескен сәт қарай бердік ұрланып,
Мәңгі осылай тұрайықшы ырғалып.
Төзіммінен осал болып жібек жіп
Сезімімнен кетпесем тек жынданып.

 

 

 

 

 

 

 

***
Қазір менде ақыл жоқ...
Керегі не?...
Онсыз да өмір сүре алам.
Сағыныштың айналып себебіне,
Күлкіңіз ғой ұнаған.

Күлкіңіз ғой... ішіме от түсірген,
Әлсіздігім-жазығым.
Сізді сүю бұйырғаны үшін де
Жазымышқа разымын.

Өзіңізсіз өткен күнім көріксіз
Тағдырым-ай, тайғанақ?..
Көп ішінде еріттіңіз еріксіз,
Көзіңізбен аймалап.

Сізді сүю қылмыс болса.. қайтемін
Кесе берсін жазасын.
Алмасаңдар болғаны да әйтеуір
Арманымның мазасын.

Ақылым жоқ қазір менің...Сұрама!
Уақыт қанша... күн қалай...
Еркіңізге есім кетіп құлағам,
Өзімді де тыңдамай...

 

 

 

 

 

 


***
Біздің көңіл мұңжерік...
Біздің көңіл мұңжерік...
Бояуы оңған күндерден белгісізді іздедік.
Алаңсызбын дегенім алдағаным әшейін,
Арман кеткен адасып,әлдеқашан Сізге еріп.

Қабағымда қараша...
Біз жете алмас биіктер бәз біреуге аласа.
Сүрінгенің сөз бе екен алдамаса сенімің,
Жылатуға жараған жұбатуға жараса...


Тереземнің пердесін,
Тербесе егер сіздің жақтан ескен самал тербесін.
Құлаққа ілмей күллі әлемнің күңкілін
Сағынышым ғана үнсіз,
сағынышым ғана тілсіз сөйлесін.

Саусағымның дірілін,
Сонсоң ғазиз жүрегімнің түсініксіз күбірін.
Естісеңіз...
естісеңіз болғаны...
Сол үміттің шуағына жылыдым...

 

 

 

 

 

 

***

Жүрегім тірі екен ғой,
Санағам тоқтағанға,
Елсізде жүр екем ғой,
Сен іздеп таппағанда.
Белгілі сағынарым,
Ессіздеу қылығыңды.
Сен едің долы дауыл,
Сапырған тұнығымды.
Несіне күдіктенгем,
Жүзімнен күлкі қашып,
Өзің бе кіріп келген
Есікті жұлқып ашып.

Құрысын асқақтығым,
Жетпейді енді шамам.
Бәрін де тастап бүгін,
Бағынғым келді саған.
Тұтатып шылымыңды,
Оқышы тентек өлең.
Тәрк етіп ғұмырымды,
Мен сонда өртенер ем.
Серік қып кезбе мұңды,
Тым ерте тұйықталдым.
Шоғына көздеріңнің,
Тағы да күйіп қалдым.

 

 

 

 

 


Сен Түнсің ғой...
Сен Түнсің ғой, аяулым, мұнар қабақ,
Туу алыстан тұнжырап тұрар қарап,
Талықсып кеп құлаған құшағыңа,
Қайран менің сезімім сыңар қанат.
Талпынғаным... өртіңе шарпылғаным,
Сосын...сосын... үзік дем...алқынған үн.
Күйдіргенсің сен солай,сүйдіргенсің,
Шашып,төгіп жаныңның жарқылдарын.
Сен солайша арбадың, еркін құсым,
Сенбеймін деп сендірген сертім құрсын...
Жүз дауасы болса да дүниеде
Жазылғысы келмейтін дертімбісің?..
Асқақтығым адыра, жылап келем,
Бүгін мені сен болып жылатты өлең.
Жалғыз қадам екен ғой, кімдер өзі
сор мен бақтың арасы жырақ деген.

Сен Түнсің ғой, аяулым, ғайып мекен,
Жанарымды жаңбыр боп шайып кетер.
Бағынғаным еркіңе ессіздік пе,
Шағылғаны айнамның айып па екен?..
Айтшыыы....

 

 

 

 

 

 

 


***
О, не деп сыр ашам сізге мен...
Көп болды... көзде мұң жүзбеген
Көп болды, мұңнан жыр тізбегем.
Бостан күн көшкелі басымнан,
Достар да азайды іздеген.
О, не деп сыр ашам сізге мен...
Тұтқынмын өзімнің түрмемде,
(Тәйірі, тағдырсыз бір мен бе?..)
Бейуақ мазамды қашырып,
Біреулер шулайды іргемде.
Сеніңіз, көңілсіз бұл сырым,
Дәл бұлай шертеді кім шынын.
Шарасыз шырмалып қалғанмын,
Уақыт созғанда ұршығын.
Білмеймін, күтесіз менен не?..
Күндерім осылай көнермек.
Қанша рет қапыда көз жұмдым
Айналып кете алмай өлеңге.
Хабарсыз сүйілген, сүйгеннен,
Базарсыз бейдауа күйге енген.
Кездер-ай тірлікке иленген...
Көздер-ай бәріне үйренген...
Өтінем, алмаңыз мазамды,
Менсіз де жазылар ғазал мың.
Өзімнің тұрғызған түрмемде,
Өмірлік өтеймін жазамды.

 

 

 

 

 


***
Тірлікте тоғыспайтын жолдар барын,
Біле тұра бәрібір армандадым.
Жек көріп кеттім сосын «Ұят» деген,
Өмірдің жалған заңын.
Жанымның мың ысынып суығанын,
Білмеймін, сізден басқа кім ұғады?!
Неге осы мені көріп қалған кезде,
Жүзіңіз құбылады.
Асқақтап жүргеніңмен толып, тасып,
Жүрегіңіз шығар –ау ғаріп ғашық.
Неге осы абдырайсыз көзіңізді,
Көзімнен алып қашып.
Мен қашан сізді өзіме қаратамын,
Жанымның жаураттыңыз балапанын.
Қай күні жылиды екен көкірегіңде,
Кішкене алақаным.
Күйдіріп жарты жолда жиылған ес,
Күн санап асқынуда миымда егес.
Мен үшін дайынсыз ғой бәріне де,
Неге тек сүюге емес?...

 

 

 

 

 

 

 


Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің...

Көктемдерден сезінсем де күз демін,
Мен әйтеуір сізден күдер үзбедім.
Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,
Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

Жыр жазбайтын ақынымсыз аяулы,
Сізді ойлауды қашан... қайтіп қоярмын?..
Шын іңкәрім, жүрмін-ау деп жады боп,
Бүгін тағы мұңдылау боп ояндым.

Бүгін тағы елітпеді ештеңе,
Сізге мүлде кезікпесем... не істер ем...
Сезім іздеп сарқылғанда сабырым,
Көзіңізден көздеріме көшті өлең.

Көзіңізден күннен нұрлы мейірбан,
Көкірегіме мың бір шуақ құйылған.
Сізді сүю- бақыт әрі баз кешу
Менің ғана маңдайыма бұйырған.

Жалғап жүріп жылдарымның тізбегін,
Бәлкім сізді өмір бойы іздедім.
Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,
Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

 

 

 

 

 

 


***

Елік көңіл елеңдеген,
Жаныңызға барғым кеп.
Сұрадыңыз менен неге,
Кімді сүйіп қалдың деп.

Сұрадыңыз неге менен,
Сезбеймісіз шынымен.
Түр танытып елемеген,
Өп-өтірік күліп ем.

Қалай оны айта аламын,
Қалай жетер батылым.
Атыңызды қайталадым,
Тек ішімнен...
ақырын...

Көзіңізде күдік тұнып,
Күрсіндіңіз, не дейін?..
Әлде бәрін біліп тұрып,
Сұрадыңыз әдейі.

Ерінімде есіміңіз,
Сезімім-ай сабылған.
Жауап беру, кешіріңіз...
Келмейді екен қолымнан.

 

 

 

 

 

 

 

 

***
Неге менің бітпеді бұл ертегім?..
Неге жалғыз жаныма мұң ертемін?..
Қалыңызшы ескіріп..елес болып...
Барыңызшы... Сізсіз де күнелтемін!
Барыңызшы... Сізсіз де сән құрамын,
Сөйтіңізші... серпілсін бар күмәнім.
Мүмкін сізді өр қылу, өлең қылу,
Өзімнің ойлап тапқан сандырағым.

Іздемеңіз... Шалмаңыз қоңырау да,
Үміт гүлін тақпаңыз омырауға.
Опа таппай сүйгеннен, сүйілгеннен,
Біздің көңіл үйренген жарымауға.

Біздің көңіл үйренген сынақтарға,
Биігінен қимасын құлатқанға.
Күлкіңіз ед қапыда ұнап қалған...
Тек өлеңім болмаса жылап қалған...

Тек өлеңім болмаса өкіндірген,
Сақтап келген жанымды дөкір күннен.
Барыңызшы, бұрылып қарамаңыз
Сізсіз өмір кешуге бекіндім мен.

Сөйтіңізші...

 

 

 

 

 

 

 


Аты жоқ өлең

Көңіл неден күпті еді,
Есіркеген кімді кім?..
Талайыма біткені,
Тесік қоржын тірлігім.

Расы осы, расы,
Сенбегенің неткенің?..
Ессіз күнім қыр асып
Екіндіге беттедім.

Қолқаға у тұндырып,
Сайтанды да ұнатқам.
Мен біреуді жынды ғып,
Мені біреу жылатқан.

¬Қиялыңда тозатын,
Сол күндердің бәрі аңыз,
Жауапсыз хат жазатын,
Сүрме кірпік қара қыз.

Сауап атын шақырып,
Арқаладық обалды.
Адастық та аһ ұрып,
Алданбайтын боп алдық.


Көздерім ғой күлетін,
Айтпаңызшы сенем деп.
Өзім ғана білетін,
Ақиқатым-өлеңде.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Ол...
(Ф.Оңғарсыноваға)

Ол о бастан...
Жалғыздық деп аталатын аралдан
армандарды аспан жаққа жоғалған,
сезімдерді күзгі бақтай тоналған,
сосын мына бақытсыздау қоғамнан,
өңменіне от инелер қадалған
қасіретке мәңгі жолдас боп алған
Мұңлықтардың сүрту үшін көз жасын,
Махаббаттың жыршысы боп жаралған...

Ол о бастан...
Дүниені дүмбілездер жайлаған,
Шешендерді тілі ғана сайраған,
Дарындысын жел өтіне байлаған,
Қарындысы тағдырлармен ойнаған
Көркеудесі құдайлықты аңсаған,
Өркеудесі өксіп-өксіп шаршаған,
Өзектерді у татыған емдеуге,
Ақиқаттың жыршысы боп жаралған...

Ол о бастан...

Өз ойымды өзіме өзім дұшпан ғып,
Өзімді өзім сүрінтетін тұсты аңдып,
Өртенгенде өліп-өшкен сезімнен
Өн бойымды билегенде құштарлық.
Бақытымнан бас тартқанда амалсыз,
Жүргенімде мұңсыз әрі ғазалсыз.
Мың үмітім кеткен кезде шетінеп,
Менің ғазиз жүрегімді жетімек ,
Тербеп қана оятуға ұйқыдан
Жаралған ғой мен білсем...

Ол о бастан...

 

 

 

Маңғыстау ұлының монологы
Не деп маған ыңырсисың, нар-мекен?..
Светқали Нұржан
Не деп маған сыр шертесің , боз дала...
Көне шоғы қоламтада қоздаған,
Көне шері көкірегінде боздаған,
Көкшіл жалын көздерінде маздаған,
Сол отына өзі өртене жаздаған,
Қайғысы үлкен, бақыты бар аздаған,
Мен ботаң ем, бұйдасын мұң қозғаған.

Мен ботаң ем, шері қалың туғаннан,
Шөлін сонсоң Сорқұдықтан суғарған.
Содан тайқы маңдайымда таңбам бар,
Содан мынау таңдайымда у қалған.

Содан бері кекшілдеумін, асқақпын,
Сұрмергенмін, сұр жебемді қасқа аттым.
Шынықтырдың шыдамсыздау жанымды,
Тым биіктен тұңғиыққа тастап мың.

 

Ей, Маңғыстау! Қасиеттім, құсалым!
Жүрегімді жібек жіппен тұсадың.
Мені тентек дейтіндердің барлығы,
Намысыма жанығандар пышағын.

Аптаптарда, аяздарда ақ қырау,
Кеудемдегі сөнген емес от мынау.
Мен кешегі жүрекжұтқан Шоғының
Жанарынан шашыраған шоқпын-ау?!

Базарында мұң мен шаттық бір жүрген,
Дүрмек күннің алдамшысын кім білген?..
Абақтыда азап шеккен Досаннан,
Тамған қанға өсіп шыққан гүлмін мен.

Абаданың азаттық деп алқынған,
Айнымадым асау,қызба қалпымнан.
Сендегі арман бостан болу бағзыдан,
Кенде болған кезің жоқ –ты мәрт ұлдан.

Иілмейтін, майыспайтын... сынатын,
Көк аспанмен өлшер жалғыз мұратын.
Көп «құдайдың» қырсығына бас ұрмай,
Тек Құдайдың қаһарынан ығатын.
Ей, Маңғыстау! Сағынышым сұрапыл,
Сені мендей сүйсе шіркін шынымен,
Отпантауға ода арнаған мың ақын...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Жүрек бердің, Жаратқан!
«Күдіксіз бір қауым өзін өзгертпейінше,
Аллаһ оларды өзгертпейді!»
(Құран Кәрім,Рағд сүресі, 13/11 аят)
Жүрек бердің, Жаратқан, тұмадайын тұндырып,
Жарық күнді көрсін деп, жақсылыққа ерсін деп,
Бір сәуленің барына түнекте де сенсін деп.
Жанар бердің, Жаратқан,нұрлы... аздап мұңлы қып...
Жан анамның көзінен күндей мейір құшсын деп,
Махаббатпен содан соң меңсіз көкке ұшсын деп...

Дарын бердің ,Жаратқан, содан бері дерттімін,
Көкірегімді күйдірген сөндіре алар өртті кім?..
Бәрін бердің ,Жаратқан, мұңсыздықтан басқаның,
Ойлай алмай қойдым тек, қарын қамын, бас қамын.

Отан бердің ғажайып, шетсіз-шексіз байтағым,
Байтағымның басына бұлт төнгенін айтамын.
Шырмауы көп ғұмырдың мәнсіздігін айтамын,
Тұрлауы жоқ ділімнің әлсіздігін айтамын.

Көктей солған кінәсіз көктемдерді көрдім ғой.
Көктемімді көріксіз еткендерді көрдім ғой.
Ұғымымды ғасырлық сөккендерді көрдім ғой,
Тұнығымды шайқаған өктемдерді көрдім ғой.

Содырлардың сойқанды кезеңдерін көрдім ғой,
Безбүйректің мейірімсіз безергенін көрдім ғой.
Өксіп аққан өкініш өзендерін көрдім ғой,
Періштеге мылтығын кезенгенін көрдім ғой.

Талшыбық ұл тамырдан шабылғанын көрдім ғой,
Талдырмаш қыз тұл қара жамылғанын көрдім ғой.
Туған үйдің есігі жабылғанын көрдім ғой,
Сорлы ананың зар шегіп сағынғанын көрдім ғой.
Өлгенім жоқ, басқаның бәрін... бәрін көрдім ғой...

Сөзім қалып тыңдаусыз, ойым таппай жүйесін,
Хақ дініме жаққанда қазан түбі күйесін.
Қасірет пен қасиет қайғыма кеп айналды,
Қайран басым қамығып иесіз де киесіз.


Жұмыр жердің бетінде Ай да ортақ, ортақ Күн,
Сыймай жүрген өзіміз, сол пейілден сор таптық.
Аспан асты алапат ашкөздіктер жортуда,
Алдану мен арбау бар. Қорқыту бар. Қорқу бар.

Жүрек бердің, Жаратқан, жүрек бердің жалаңаш,
Сол жүрекпен сүйгенім қан мен жасым аралас.
Жанар бердің ,Жаратқан, жанар бердің қырағы,
Сол жанармен көргенім сенімімді сынады.

Сабыр бердің, Жаратқан, кімдер қалай ұғады?..
Иландырар иманның жүрек қана тұрағы.
Дарын бердің ,Жаратқан, бәрін бердің, не дейін,
Кеудемдегі жылуды үлестіріп берейін...
Кеудемдегі күнімді үлестіріп берейін...

Кешіре көр, ақ Аллам! Жаза көрме күпірге,
Иінім тозса разымын, иманымды бүтінде.
Мұхит текті махаббат тек өзіңе жарасты,
Адамзатты сақтай гөр! Адастырма Алашты!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қап туралы хикая
(баллада)

«Атаңа не жасасаң, алдыңа сол келеді...»
Халық нақылы

Ұйқымды өлең келіп ұрлағанда,
Ұлық жұрт елеңдеді жырлағанда.
Сарқылмас сабыр сыйлап сынбағанға,
Мұқалмас мұрат берген мұңлы адамға,
Аллама мың бір мадақ айтып қойып,
Бір тәмсіл шертіп берем тыңдағанға.

Бір тәмсіл шертейінші мүмкін болса,
Тыңдайтын, тамсанатын жұртым болса.
Ұланым ұлағатқа ұмтылғанша,
Көзіне көкіректің сыр тұнғанша,
Бір тәмсіл шертейінші мүмкін болса...

Көне күн қымбат сырын құндақтады,
Тылсымын тірі жанға тыңдатпады.
Сұрағам күннен, желден, тіл қатпады,
Әйтеуір осы оқиға болғаны рас,
Қай қала? Қай ғасырда? Жұмбақ бәрі...


Басынан беймаза күй арылмаған,
Күн кешті бір отбасы қоңыр ғана.
Шаршаған, шатынаған, шамасы әлсіз-
Шал әке, шайпау келін, момын бала.

Сол үйдің өң кірмеген өміріне,
(Суық сөз айналған ба серігіне).
Жаутаңдап жатқа айналып бара жатты,
Сорлы қарт жақпай қойған келініне.

Ынтымақ қашқан жерде ырыс бар ма?
Ол- дағы келеді ғой ұғысқанға.
Атасын аңдитұғын ертелі -кеш,
Сол келін ұқсайды екен зымыстанға.

Жалғыз ұл жерден басын көтермеген,
Жуас-тын, қой торыдай тепеңдеген.
Парызды қайтеді ол өтелмеген,
Зарыңды қайтеді ол «көкем» деген.

Сөзі зәр, құшағы ыстық сұрша қатын,
Талықсып түні баласы «мұң шағатын».
Қуарып құба жүзі қарияның,
Туарын күтіп жүрді сын сағаты.


Ол күн де туды бір күн, күттірмеді,
Кез еді бет қарыған үттің лебі.
Парыз бен парықсыздық айқасқанда,
Аты озып аярлықтың шықты ілгері.

Жадында жанын жеген жар талабы,
Санасын сөз улады, сор қамады.
Қамыстай қалтыраған қарт әкесін,
Қарау ұл қапқа салып арқалады.

Қарау ұл қапқа салып қазынасын,
Келеді тауды бетке ап, жазық асып.
Күйініп келеңсіздің қылығына,
Тал-терек желге айтады базынасын.

Теңселіп тау да шықты алдарынан,
Шаңқылдап қыран ұшқан заңғарынан.
Жолаушы қаптың аузын шешті асығыс,
Қарманып қарай беріп жан-жағына.

-Қош енді, осында қал , әке-деді,
Өсірдің, разымын, мәпеледің.
Түсінші, амалым жоқ, барым осы,
Білемін, бұл қылығым қате менің-

Арылғаны, әлде өзін ақтағаны,
Жанары бір нүктеге тоқтамады.
Асығыс аттанғанда әлгі жерден,
Дауысқа «Қалқам!» деген жалт қарады.

Дауысқа «Қалқам!» деген бұрылғаны,
Бұл көрініс ет-жүрегін жұлымдады.
Шөккен шал шөккен жартас етегінде,
«Қапты алып кет, ұлым» деп сыбырлады.

-Қайтем , әке, ол қаптың керегі не?,
-Тірлік саған енді опа береді ме?
Кім бойлаған жалғанның дерегіне.
Жалғыз ұлым, жамандық тілемеймін,
Қапты алып кет, жарайды керегіңе.

Әкемін ғой, бәрін де көтеремін,
Желегім ең, жеткіздім, жетеледім.
Қапты алып кет, күні ертең осыған сап,
Ұлың сені осында әкеледі.
P.S Қара өлең айналғалы серігіме,
Балқыдым ақиқаттың көрігіне.
Аллаға жағу үшін, ең алдымен,
Шыққайсың ата-анаңның көңілінен.

Биге арзу

«Мен қазақ, қырғыздың бір туғандай кезінде
туылып, бөліне бастаған тұсында дүниеден
кетіп барамын. Осы менің алдағы күндері
халқымның күні қандай
болмақ деп армандап кеттім...»
Төле би.
Уа, Би!
Армандымыз біз әлі,
Ақылыңның алдында ардың беті қызарып,
Жақынымның алдында жалған бойым ұзарып,
Ақиқаттың аулына ат шалдырмай ұзадық.
Шимай-шимай ирегін маңдайыма сызады,
сиқырыңды қайтейін, шайырды да шырмаған
Саясаттың ойыны. Пиғылдардың тұзағы.

Айтарымды айта алмай...
Жастық та өтті, түс ауды,
Сырт айнала сатпас деп, кімге ақтарам құсамды.
Көк шымылдық тұтылған көзі жәудір қоғамның,
Алтын торда бұлбұлы, арғымағы тұсаулы.

Азаттығым аспанға тигізер деп төбемді,
Ақ қағаздың бетіне жазған едім дәмемді.
Алшая атқа қонатын абаданды аңсағам,
Болып шықты көбісі ұрғашыға тәуелді.

Беу, қаншаға созылар мәлімсіздік сапары,
Бір дертім бар ішімде, қайнайды да жатады.
Қоңыр марқа жұртымның қос өкпесін сығымдап,
Айдаһардың ордасы... ақ аюдың апаны...

Кеткен біздің көкелер жай отына шарпылып,
Сол адуын рухтың жұқанасы сарқылып.
Сол телегей теңіздің тамшысы да тартылып,
Сұрапылда сонау бір сан жығылып, сан тұрып,
Намысымды абайсыз алдым ба екен өлтіріп?!
Миығымнан жымиям мырзақолсып, паң күліп,
Босағадан асырмай бауырымның қадамын,
Қаймананың қолтығын құс жастыққа толтырып.

Қайтем анау ағамның қоқырайған бөркін құр,
Ұлттың емес, руының шежіресін шертіп жүр.
Жалғыз қазақ қалғанша тарқамайтын күйігім,
Жалғыз қазақ қалғанша жазылмайтын дертім бұл.

Тақылдатты таңдайын жеті атасын түгендеп,
Топ ішінде кезіккен томашадай жүгермек.
Көрінбейтін майданның жазылмаған заңдары,
Кісенсіз –ақ тұтқындап, жүгенсіз-ақ шідерлеп.

 


«Бүтініңнен бөлшегім, оралманнан орысым»-
Аяқасты болдың-ау әлжуаздау намысым.
Ойпыр-ай деп опынған обалшылды көрмедік,
Жүйріктері жығылып, бәйгі алғанда жабысы.

Біздегі бар қасірет-ұлтсыздықтың лаңы,
Қаңбақ емес едім ғой жел сілтеген тұрағын.
Жалқы үміттің жалпылдап жанғанда әрең шырағы,
Бөрі кеудем солықтап, булығып бір жыладым.

Уа, Би!
Уата алармысың?..

 

Әлия Дәулетбаева
Ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты

 


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста