Алаш ақыны

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ: Моншақ мұңды қаламыма жаныдым ...

  • Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ: Моншақ мұңды қаламыма жаныдым ...

    Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ: Моншақ мұңды қаламыма жаныдым ...

ҚАЗАҚСТАН – ЕЛІМ МЕНIҢ


Қазақстан – елiм менiң!

Маңдайыңа қыспақ көрiп өмiр сүру жаралған,

Көршiлерiң көзiн қысып, ендi бiрi аларған.

Мынау күллi дүниенi бiр мейiрге сыйғызып,

Мың құбылған тiршiлiкке малынады бар арман.


О, мекенiм!

Алтын өзек тарихыңда толқыны бар жүз көштiң,

Таңы да бар, паңы да бар сан патшамен жүздестiң.

Жалаңдаған бiр семсердiң қарғып өтiп жүзiнен,

Бiр бұзықтау ниет көрiп, теңселгендей күй кештiң.


Елiм менiң!

Сенiм артқан бiр сұрмерген шырпы шағып ойнаған,

Тамызықтан от шығарын бiлмей жүрген қай надан?

Бәтуасыз мұздай жылтыр үстелдердiң үстiнде

Қауқары жоқ адам тағдыр жұмыртқадай ойнаған.


Қазақ елiм!

Өзiң үшiн қастерлiсi – тәуелсiздiк тұнығы,

Анаң – үмiт, әкең – жiгер, Қазақстан – Күн ұлы.

Ұлы толғақ үстiндегi құйын уақыт сеп болып,

Алтын құрсақ шыр еткiзсе қазағымның бiр ұлын.


Ақтабандай қасiреттен жарадар ед қарт жүрек,

Ендi бүгiн жастығың ба, жаңыласың шартты iреп.

Өмiрге әлi бейiм емес қатесiндей баланың

Мүлт кеткенде отырамын Бұқардайын қарт тiлеп.


Қазағым-ау!

Темiр етiк табанында ғасыр үнi мүжiлген,

Айналайын топырағыңнан сан сындардан сүзiлген.

Пенделердi тәуба

¬тiлек келтiредi қалпына,

Болашақтың бағы жатқан үкiлi үмiт үзiлмен!


Қазақстан!

Көк байрағың Көк бөрiдей Көк Тәңiрiн алдырар,

Ататүрiк еншi бөлген елтаңбаң бар таңды ұрар.

Әлем танып тәй-тәй басқан жас Отанға қуат бер,

Досқа күлкi, дұшпанына таба қылма, Алдияр!


 


* * *

Қала, қала...

Таспен құйған сағым мұң,

Тас тамырлы тас төбеге табындым.

Шығып келе жатқан күнге сүйсінбей,

Мен даламды, кең даламды сағындым.


Үйлер, үйлер...

Бір-біріне мінгескен,

Қабырғалас көрші тағдыр бірге өскен.

Батып бара жатқан күнді көре алмай,

Айхай, дүние тұтқыны боп күй кешкем.


Мынау қала қашқыны боп туар күн,

Мен ауылдан келгеніме қуандым.

Тас үйлерден асыра алмай жүзімді,

Көкжиекке мойным созып суардым.


Мен білемін атқан таңның қандайын,

Содан болар күн татыған таңдайым.

Көкжиекті көрсем-ау деп дал болып,

Қарап едім, тасқа тиді маңдайым.


Терезеден талмаусырап сағым күн,

Мен ауылды, топырақты сағындым.

Беттеп едім шығайын деп далаға,

Есікті аштым, бір есікке соғылдым.


Айды айналып, арайланып атқан күн,

Менің барлық ғұмырым боп сақталдың.

Сағыныш боп түсіме енсе қайтеді

Көкжиекке шым-шым болып батқан күн?..


Тас көшелер,

Тасыр тірлік құрысын.

Аңсап жүрмін топырақтың тынысын.

Гүл егуге таба алмадым топырақ,

Сонда мынау тас тіршілік кім үшін?!


 


ҰЛЫЛЫҚҚА ТАҒЗЫМ


Абай! Абай!

Бабам менiң! Жұмбақ жүрек, жаны арман,

Шыңғыстаудың шығысынан шыға келген таң алдан.

Мынау күллi дүниенi түйiн сөзге сиғызып,

«Жүрегiнiң түбiндегi» терең ойдан нәр алған.


Жел тербеген шапаныңда толқыны бар өткеннiң,

Қилы заман көшiндегi қайшылықты көп көрдiң.

«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» жiгерiн,

Зерек оймен зерделедiң, сан сындардан өткердiң.


Бабам менiң!

Сенiң әрбiр демiңменен тарап жатыр ой¬-ғалам,

Тамызықтан от iздейдi бүгiн мынау «ойлы» адам.

Жартастардан жаңғырықтар естiледi бейуақта,

«Ұлып жұртқа қайтқан ойды» сол шығар деп ойланам.


Сүйген жүрек. Күйген жүрек. Жұмбақ жүрек. Қарт жүрек.

Ұлы кеуде ұлықты iздеп бұлқынады шартты iреп.

Бүгiн мынау алмағайып қазағымның тiрлiгi

Мүлт кеткенде отырамын, баба, сендей қарт тiлеп.


«Ескендiрдiң» табанында ғасыр үнi мүжiлген,

«Қара сөздiң» құдiретi бар, сан сындардан сүзiлген.

Пенделердi тәуба-тiлек келтiредi қалпына,

«Желсiз түнде жарық айдай» сәулелi үмiт үзiлмен.


 


ӨСЕК

Нардай патша көңілді бұзып өтер,

Қара түгіл хан өзі күдік етер.

Ақылға, миға мина тастағандай,

Бүлікшіл өсек, қандай құдірет ең?!


Сен жоқ жерде қашанда кереге кең,

Сен жүрген жер өріске, өреге кем.

Ағайынның арасын жау ететін,

О, өсек, сен не деген керемет ең?!


Қызғаныштың тілдегі азабы өзің,

Ғашықтардың көз жасы, мазағы өзің.

Ұйыған шаңырақтың шырқын алған,

Өсек-¬ау, сен не қылған ғажап едің?!


Сен әйелдің жырындысын,

Еркектердің қалайсың ұрындысын.

Өмір барда өлмейтін өрт өсек-¬ау,

Сөнбейтін ғұмырлысың, білімдісің.


Ақынға – азап, әкімге – ас, жол алды сен,

Кеуделерге сен таққан амалды шен.

Өсек, саған қарудың қажеті жоқ,

Айлаңмен-ақ аласың қамалды сен.


 


ЖАТАҚХАНА


Мен тұрған үй – жатақхана, өмiрiмнiң өткенi,

Керегемдi сонда керiп, сонда үмiтiм көктедi.

Бала сүйiп, жар жетектеп, құрсағымды кеңейттiм,

Осында ғой өмiрiмнiң бар қызығы, көктемi.


Жатақхана. Менi үйреткен күрестерге әуелi,

Сонда менiң iргем бүтiн, сезiмiм де сау едi.

Жатақхана бөлмесiнде бар қызығым қамалып,

Кеудемде ән толықсыды, көшпелi елдiң әуенi.


Алақандай бiр бөлмеде атанғанмын «жас ана»,

Менi ең алғаш тауқыметпен беттестiрген осы ара.

Сетiнеген сезiмiме сеп болатын сөз iздеп

Жатақхана жаққа бардым... Құлап қапты босаға.


Жатақхана. Көзiме оттай басылатын мекенiм,

Мен кетiп ем, кеттi бәрi. Естiледi бөтен үн.

Мендегi бар махаббаттың қирағаны сияқты

Құлап жатыр. Сезiмiмнiң қараңызшы секемiн...


Жатақхана. Жас отаудың тербетiлiп бесiгi,

Мұнда талай жұбайлардың жасалатын «бешiрi».

Жатақхана жайлауынан ақын тағдыр нәр алған,

Кеңшiлiктер, Жұматайлар, Ғафулердiң есiмi.


Бiр ошақтан ас iшкенмен, сырт көздерге жат елдер,

Әр бөлмеде әр тағдырлар жүретұғын қаперде.

Сол тағдырлар бөлмелерiн бөлiп, алып кетiптi

Еншiсi жоқ Қасымдарға бөлiнбеген пәтерлер.


Мен сарғайған терезеден үңгiр қапты торып мұң,

Мен аттанған босағада күл-¬қоқыспен жолықтым.

Жатақхана жайсыз деп ем, жайлауы екен жастықтың,

Менiң де iшiм бос қалғандай қарап тұрып қорықтым.

«Жалған дүние кезек» деген осы екен ғой,

Соны ұқтым...


 


* * *


Қызықсың-ау сен де кейде, ей, көңiл,

Арманымды ай мұздатып бейне бiр.

Қара жердiң кiндiгiндей боп тұрып,

Айға асылып құмар қуам кейде бiр.


Мендiк көңiл мекен таппай безiп ем,

Түпсiз аспан құпиясын кезiп ем.

Жетiм қалар жастан өтiп кетсем де,

Жұртта қалған тастандыдай сезiнем.


Аспан тектi ақын сөзi естегi

Жұтынып кеп, жұлынымнан көшпедi.

Ақындық, ол – тәңiр сыйы, сыбаға,

Қателессем, киелi сөз, кеш менi...


 


* * *


Маңдайымды мұңға малып жан уы,

Кейде налып, кейде кетем адуын.

Өзiмдi-өзiм тани алмай жүргенде

Мүмкiн емес өзгелердi тануым.


Мен ойлардың ойранында шынықтым,

Тән перiштем өлеңдi аңсап, түн ұтты.

Ақындықтың тозағына тоба айтып,

Қылықты әйел екенiмдi ұмыттым.


 


* * *

Бағым деп ем, барым деп ем, сенбедiң,

Мен де әйтеуiр өзiмдi-өзiм жеңбедiм.

Көктемеде үсiк соққан ағаштың

Көрдiңдер ме күзде жемiс бергенiн?


Бар қиындық бақ екен ғой, көнсе адам,

Содан болар, жолсыз жерден жол табам.

Орта жолдан көшiм ауып қалмаса,

Жолықпаған болар едiм мен саған.


Алакөлдiң татып алып тұз-демiн,

Соқпақтардан бақытымды iздедiм.

Туыстырған бақытым мен мұңымды

Өмiрiмнiң көп екен ғой күз желi.


 


* * *


Сенемiн деп тағы үнiне ғасырдың,

Амалсыздың айласына асылдым.

Қара базар қамшысынан қаймығып,

Өлмес күндi өгейсітпей жасырдым.


Тиын-тебен тамсандырып даланы,

Тектiлiктi тексiз тiрлiк тонады.

Жетi қабат жер астына тығылып,

Құмырсқаның ащы балын жаладым.


Талақ болған тiрлiгiме күлер күн,

Тамырынан үзiлердей бiрер күн.

Iшiмдегi шерiмдi айдап кетсiн деп

Найзағайды жұтып-жұтып жiбердiм.


Күн нұрының аулай алмай жарығын,

Моншақ мұңды қаламыма жаныдым.

Түнемеде көрпе астында күрсiнiп,

Мына тезек дүниеге налыдым.


Ей, ажалды пенделерi мәрт сырдың,

Мен сендерге болашақты тапсырдым.

Күлкi ақымақ адастырып кеткен соң,

Түн көңiлiн аулай алмай шарт сындым.


 


* * *

Бiрде жұтап, отырамын бiр түлеп,

Кеше жылап, бүгiн түртiп бiр тiлек.

Көз жасым да опасыздық жасады¬ау,

Айырбастап кете барды күлкiге.


Күнкөрiстiң күйбеңi боп басты ұғым,

Өз-өзiмнен жасырынды жас күнiм.

Сенiң мұңың менiң мұңым болғасын,

Бұлт iшiнен шыққан күндей аштымын.


Өзiң болып кейде күздiң құс көшi,

Көктемедей сарғаямын iш тесiп.

Сен iшетiн өмiрiмнiң шаттығын

Жолын тауып басқа бiреу iшкесiн.


Жеңем дедiм, мен өзiмдi жеңбедiм,

Кеткен күннiң қуанышын сен дедiм.

Алдаспанның өткiр жүзi арқылы

Сезiмiмдi тебiренттiң сен менiң.


Түндi түртiп, оңашада ой бағам,

Өткенiне өкiнбейтiн қай надан?

Өлең деген қасиетке киелi

Бағымды да, сорымды да байлағам.


 


* * *

Жерге жақын баба рухы жетектеп,

Шешелер-ай! «Абыройым кетед» деп

Киген екен көйлектерiн ұзын ғып,

Көргенсiздiк басталар деп етектен.


«О, жасаған! Күнәм болса қайтем?» деп

Сол баяғы қариялар айтар ма ед?

«Әйелдердiң ашық қалған шашы мен

Тiзесiнде мекендейдi шайтан» деп.


Содан болар, көп нәрсеге қанықтым,

Күнәмдi iздеп өзгелерге налыппын.

Неге өмiрде шалыс бастым деп жүрсем,

Аяғымды шайтан келiп шалыпты.


Қоғам билеп, Қорқыт кешкен санамды,

Аңғал жүрiп асылымнан тоналдым.

Сән қуам деп тiземдi ашып жүрiп ем,

Аяғыма шайтан келiп оралды.


Жалаңаштап жүрiп едiм шашымды,

Әр шашыма шайтан келiп асылды.

Басым неге қателестi деушi едiм,

Шайтан екен шатастырған басымды.


Мұны бәлкiм бiреу бiлiп, бiлмейдi,

Бiр құдiрет ендi есiңдi жи дейдi.

Қасиеттi Құран кiтап тiлiнде,

Ашық жүрген тәндi шайтан билейдi.


Пендемiн ғой, адамдарға сенемiн,

Сайтансырап шарап iшкен мен едiм.

Бойымдағы шайтандарды қууға,

Хақ тағалам, қажет сенiң көмегiң.


* * *

Көкiректi нала түндер қопарып,

Махаббаттың оғы тиiп, от алып,

Тәңiрiммен тамырластым тiкелей,

Мысқылдардың түтiнiне қақалып.


Мен өзiмдi бала күннен байқағам,

Тұтқын болмай, торды солай шайқағам.

Ой додасын қатал сынға тапсырып,

Мен өзiмдi тұтқындадым қайтадан.


Жезөкшелер тас көшеде жүгiрген,

Дүңгiршектер күнә уын сiмiрген.

Күнкөрiстiң күйбеңiмен бүркенiп,

Тағдырлар-ай бақастыққа жүгiнген.


Ер жiгiттiң ары қайда кетiп ед,

Нәпсi жеңген қасқыр сынды шетiнен.

Жiгерi жоқ бөрiктiнi көрем де,

Әйел болып туғаныма өкiнем.


 


* * *

Түсiмде ажырасқан қолдар көрем,

Алыстап бара жатыр жолдар немен?

Жабысып бара жатқан құшақпенен,

Айқасып, қалғып кеткен қолдарменен.


Жапанмен жағаласып жырым күлген,

Осалдау әйел болып туылдым мен.

Немкеттi сезiмiмнiң дәтi шыдап,

Асылып арманыма жуындым мен.


Бiлмеймiн, сол бiр шақта не тiледiм,

Сен менiң үмiтiмнiң оты ма едiң?

Көкейiм құлағыма сыбыр етiп,

Басылды дiрiл қағып көкiрегiм.


 


* * *

Қаншама рет алданғанбыз екеумiз,

Ендi бiздер кездеспеймiз. Бөтенбiз.

Табиғаттың жарық-қараңғысындай

Махаббатқа ендi оралған екенбiз.


Сүрең тартқан күре жолдың сан қырын,

Көрiп келем сүрме тiрлiк жаңғырын.

Шаң соқпақтан бетон жолға түсiрiп,

Менi өзiңмен әкеттiң бе, тағдырым?!


 


* * *

Тағдыр ғой сенiң маған жолыққаның,

Құптадым жақсылыққа жорып бәрiн.

Мен сенiң өткенiңе мән бермей-ақ

Соншалық жақсы көрдiм, соны ұқпадың.


Өмiрде ұқсастықтың, қасiреттiң

Белiнен «Тәуекел» деп басып өттiм.

Сен менi жұлып алып ақындықтан,

Мендегi тағдырыңмен ғашық еттiң.


Жүрек емес, мен бастап бiр өнердi,

Жалт етiп елiк көңiл жүре бердi.

Бір көк қанат көкiрегiмде дiр-дiр етiп,

Беймазалау бiр сезiм түрегелдi.


Осылай жүрек емес, өзiм бiлiп,

Тағы да ұмтылды алға төзiм-қылық.

Әр алуан сыр сиқырын бiлу үшiн

Керек қой өмiрде бар төзiмдiлiк.


Бiлмеппiн өлмесiмдi-өлерiмдi,

Бiлмеймiн жеңбесiмдi, жеңерiмдi.

Менi өмiрге дайындап қара өлеңiм,

Қанатты қамырық күн өлеңiмдi.


«Бір бөтен ой айтқым келеді...» жинағынан




Көрілген: 4107    Пікірлер: 0

сейсенбі, 12.12.2017, 15:00

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
4 Желтоқсан 2016
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2018
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
сәуір
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30