Алмас ТЕМІРБАЙ: Пешенеме бұйырып, пенде боп туған періштем

Алмас ТЕМІРБАЙ: Пешенеме бұйырып, пенде боп туған періштем

РАМАЗАНМЕН ҚОШТАСУ...

Әй, мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да,
Мұсылман болған күйде ғана өліңдер.
(Әл -Имран сүресі, 102 аят).

...Оразаны күтеміз тағы да біз,
Он бір айда о, қанша қамығамыз?!
Қимай-қимай кетерде қоштасамыз,
Сосын қайта келгенше сағынамыз...

Бұл Рамазан – нәпсіден тыйылған ай,
Жын-шайтанның жолдары қиылған ай.
Құран түсіп ғаршыдан, Мұхаммедке,
Пайғамбарлық мұғжиза бұйырған ай!

Жерге түсіп көктегі періштелер,
Кімнің не істеп жүргенін тегіс көрер.
Отыз күндік байқауды өткізгендей,
Пенделерді таңдайды пейішке енер!

Кешірілер – баяғы күнәларың,
Мың амалға татиды бір амалың.
Қабыл болар тілеген дұғаларың,
Амин болар Алладан сұрағаның.

Рахман нұры жер-көкке шашылады,
Жын-шайтанның желігі басылады.
Жеті тозақ есігі тарс жабылып,
Сегіз жұмақ есігі ашылады.

Сегіз жұмақ есігі ашылады,
Бәрі сауап жинауға асығады.
Ең керемет сыйлығын Сұбхан Алла,
Оразаның ішіне жасырады.

Қадір түні − қадірлі мың айдан да,
Ұйқың менен нәспіңді сынайды Алла!
Тілек тіле, дұға қыл, Құран оқы,
Одан артық не керек мұңайғанда?!

Шын жүректен айтылса шаһадатың −
Жол ашылар жұмаққа апаратын.
Оразада білінер, о, мұсылман,
Бір Аллаға деген шын махаббатың!

Адамға емес, Аллаға айт, арызыңды,
Оразада орындап парызыңды.
Кредитіңді банкке қайтарғандай,
Қайтар, досым, Құдайға қарызыңды?!

Ішіп-жемнен тыйылып асқазаның,
Босап кетіп жүрмесін басқа жағың...
Ораза тұт − он екі мүшеңмен де,
Жаман іспен жаныңды ластамағын!

Күнәларың күн сайын жиналуда,
Қу жаның мен иманың қиналуда.
Пайда үшін ұстаған оразаңның,
Пайдасы жоқ ешқандай иманыңа!

Бір жасаған күнәңа қайта оралма,
Иманыңды сол кезде байқайды Алла!
Шайтанды ойлап шошыма, нәпсіңді тый,
Нәпсің күшті кей кезде шайтаннан да!

Біздің қазақ біреуді жазғырады,
Сол бір мінез сенімін аздырады.
Күнә қылсаң бұл айда, онда сені
Шайтан емес, өз нәпсің азғырады.

Жеңілдіктер жасаған Құдай талай,
Бірақ, соны солай деп кім айтады-ай?!
Шыдамасаң шілденің ыстығына,
Шыбын жаның тозаққа шыдар қалай?!

Ғибрат болар бұл дағы бар ғаламға,
Көрген адам ойланып, таң қалар ма?!
Қырық күндік ораза ұстайды екен,
Ыстығында шілденің қарғалар да!

Оразада иманың білінеді,
Кім Алланың көзіне ілігеді?!
Аузы берік кезінде өлген адам,
Аузын ашып, жұмақта тіріледі!

Жасап жүрсең жасырын садақаңды,
Бос қайтармас жайылған алақанды.
Жамағатпен қарсы алып қара түнді,
Қанағатпен күтеміз ала таңды!

Жалғыз Алла... қол жайып, бас иетін,
Оразаның асырған қасиетін.
Тартқызбасын біздерге, ешқашан да
Тозақтағы кәпірдің қасіретін!

Елеңдейсің тұрып ап таң азанда,
Өтті, міне, биылғы оразаң да.
Аман-есен жетейік, ал, ағайын,
Рамазаннан келесі рамазанға!

Сүйген құлы Алланың болу – арман!
Мұхаммедті жәннаттан көру – арман!
Мұсылман боп қартайып, жасың жетіп
Оразаның ішінде өлу – арман!

...Сол арманға жетіңіздер!
Әумин!

 

СЕНІ САҒЫНҒАНДА...

Жүрегін ұстап қолына жүгіріп алдан шығатын,
айтайын деген сөзімді айтқызбай жатып ұғатын,
қойып кеткен жерімде қозғалмай күтіп тұратын,
оңаша қалсақ,
отыз күн ойын, қырық күн тойын қылатын,

әдемі киім киетін,
әдемілікті сүйетін,
елге сәлем салғанда еңкейтіп басын иетін,
еңкейген сәтте бір құлаш бұрымы жерге тиетін,
суығыма тоңатын, ыстығыма күйетін,
маған тиген таяқтың бір ұшы соған тиетін,

шынын айтып жылатқан,
сырын айтып жұбатқан,
көк Аспанның астында, қара Жердің үстінде,
көп Еркектің ішінен Мені ғана ұнатқан,

у мен балды тең ішкен,
«Сізді ғана сүйем» деп, сертінде тұрып сеніскен,
Құдай қосқан қосағым болмақшы болып келіскен,
пешенеме бұйырып, пенде боп туған періштем,
осы елге келіп жоғалды-ау, адасып шығып пейіштен...

...жалғыз жүрген жан еді,
аққу құстай бөлініп, жүргені де әдемі,
ақ жүрегі көрініп, күлгені де әдемі,
мөлт-мөлт етіп моншағы, жылағаны әдемі,
жылап тұрып, кешірім сұрағаны әдемі,
бір періштем бар еді,
бір пе-ріш-тем бар е-ді,
бір пе-ріш-тем бар е-ді...

Сол періштемді жоғалттым!
Кім ұрлады?! Кім көрді?!
.............................................
Көрсеңіз оны, замандас,
мына телефонға хабарлас:
8-701-534-2006.


БАЯҒЫ БАЛЛАДА...

Қысық көзді қыпшақтың
қыпша белді қызындай,
Келіп едің алдыма құлын мүшең бұзылмай.

Ақ төсектің үстіне қара шашың төгіліп,
Ақ көйлектің ішінен ап-п-пақ тәнің көрініп.

Сенің жаның күбірлеп – жүрегімнің тұсында,
Менің жаным дірілдеп – ерінімнің ұшында.

Бата алмадым Мен саған,
жауды аяған батырдай,
Сұлулыққа бас иіп, тізе бүккен ақындай.

Бала күнгі достарым –
бұлттар билеп аспанда,
Жүрек бітіп гүлдерге, құлақ бітіп тастарға.

Періштенің ұшқаны – естілетін түн еді,
Қос жүректің арасы – әрі кетсе, бір елі.

О-о, сол түнгі сезімім – сезім емес анайы,
Е-е, сол күнгі көңілім – көңіл емес жабайы.

Сені сүю – бір күнә, сүймеу, сірә, – мың күнә,
Көрсеқызар көңілдің көнер болсам ырқына.

Құлқынымның ойнасы – қу дүниені ұмытып,
Құлазыған ескі үйдей қойынымды жылытып.

Қойынымды жылытып
жалын шашқан деміңмен,
Құшағыма кіріп ап, құшақтап ең белімнен.

Ақ көңілің елжіреп, мойыныма асылып,
Ақ көйлегің желбіреп, қойыныма асығып.

Алтын жамбы бетіне
көк найзадай шаншылып,
Тәтті үнге тұншығып, ащы терге малшынып.

Сүйсем деп ем Мен Сені,
сүйе алмадым неліктен?
Жеңіп кеттің қалайша жігіттікті желіккен?!

Сезіндім Мен өзімді (сезім еді бұл қандай?!),
Ұлы Ұяттың алдында
тыр-жалаңаш тұрғандай!

Маужыратып мауқымды
күндей нұрлы кірпігің,
Кірпігіңнің астында өтті менің бір түнім…

Сүйе алмасам Мен Сені,
қолға қонбас көк құсым,
Махаббатты тым биік бағалаған деп түсін!

Қалт-құлт еткен кәрі шал –
Сені көрсе – жасарар,
Кемпір аңсап қыз күнін, жанарына жас алар.

Әдеміден де әдемі, ақылдыдан да ақылды,
Ғажабы едің Құдайдың ғашық еткен ақынды.

Мен аңсаймын сол түнді,
Сен де аңсайтын шығарсың,
Тірі жанға көрсетпей, түн ішінде жыларсың...

…Өткеніңе көз салып, көрші Мені бүгіннен,
Жүрегімен жер басып Саған қарай жүгірген…


ҚАЗАҚ

Мен баяғыда...
Он бірінші ғасырдың аяғында... туыппын,
Атағын атан көтермес атамның жолын қуыппын.
Қасарысқан қас жауға қарсы шауып қасқырдай,
Қасқалдақтай қанымен қылышымды жуыппын!

Бесті асауға бел артып, бес қаруды асынып,
Бес-алты күндік жерлерге бір күнде жетіп асығып.
Жаһаннамға жөнелткем жанын жауыз жауымның,
Аттандаған дауысымды алты қырдан асырып!

Ерлігіме сүйсінген жасап ойын-тойды жұрт,
Туғалы құрық тимеген ту биені сойдырып,
Бабалар бата беріпті: «Аруағыңды асыр – деп–
Ойпаң жерді қыр қылып, қырат жерді ой қылып!»

Бәрі әлі есімде… бөрідей түн қатқаным,
Тәттілігін сезімнің тұңғыш рет татқаным.
Ауыл итін шулатып, алып қашып аулаққа,
Бұраң белді бауырыма ап,
Бұрымын иіскеп жатқаным…

Сол кез кірді түсіме: тілімді құр тістедім,
Бұрынғы өмір өң еді, бүгінгі өмір түс…дедім.
Айтпадым не, айттым не, айналдым ғой аңызға…
Қазір кіммін, қандаймын?! Оһ, ол кезде күшті едім!!!

Мен баяғыда, он бірінші ғасырдың аяғында…
Ай, өткінші өмір-ай!..

P.S. Бәлкім, бұл түс: Арыстандары адамның
айналуға жақын деп заманның зәрлі шаянына
Абылай хан атамның Алашқа айтқан аяны ма?!
…Ақырзаман таяды ма?..


АЛЫСТАҒЫ ЖАҚЫНЫМ...

Кім сағынып,
Кім сүймеді, е, мені,
Сенен басқа жоқ ешкімнің керегі!
Неге менің Өмірімнің жолдары,
Қайта-қайта саған алып келеді?!

Мың шақырым, мың шақырым − арада,
Жолға қарап, жүрмін жалғыз далада.
Бұл қалада тәнім ғана жүр қазір,
Ал, жүрегім − мүлдем басқа қалада...

Көк долы жел көтерілді шығыстан,
Көршілерім, келеді, әне, жұмыстан.
Шіркін, сені ойлап келе жатқанда,
Шыға келсең, қазір анау бұрыштан...

Шыға келсең, қарсы алдымнан, расында,
Жүрсең, сосын... менің ғана қасымда!
Әттең, бірақ, сені көрмек түгілі,
Арман болды-ау, бір тал қара шашың да...

Жұрттың бәрі үйге қашып суықтан,
Ал мен мәзбін, жұртқа күліп миықтан.
Сен жарық Күн сияқтысың... Алыста
Жүрсең дағы жан-тәнімді жылытқан.

Өз-өзіңді күтпейсің-ау, тоңғағым,
Жеңіл жүрме, бар уайымым – сол, жаным.
Тоңбадың ба?! Ыстығына шілденің,
Сұп-суық боп жүруші еді-ау қолдарың...

Аласұрып ақпан жатыр құбылып,
Сенен ғана сезіледі жылылық.
Қара суық, қала суық, мұндайда
Жылы жаққа кетсем дейсің
қыдырып...

Қайтем, бірақ, Шри-Ланка, Багамын,
Коста-Рика, Бора-бора аралын?!
Әлемдегі керемет жер − мен үшін −
Сенің ыстық құшағың ғой, уа, жаным!

Қажет емес Рим, Париж, Лондоны,
Венеция... қызық емес ол дағы.
Біреуін де қаламаймын мен соның,
Жүрегіңде өмір сүрсем, болғаны!

Сағыныш па?
О, не қылған желік бұл,
Кетсем, шіркін, от-деміңнен еріп бір?!
...Мың шақырым, мың шақырым − арамыз,
Ал мен сені құшақтағым келіп тұр...


АПАМ МЕНІҢ...
(Балқадиша Темірханқызына)

Әй, балалық, ақымақтық, аңғалдық,
Ертегіңе еріп, талай арбалдық.
Келуші едім шалбарымды дал-дал қып,
Шынтағым мен қос тіземді қан-қан ғып...

Денемізді тас жаралап, оқ тескен,
Ал, табанды шыны жыртып, шөп кескен.
Үйге жетіп жығылушы ек, жаралы
Жауынгердей отан үшін от кешкен...

Сол бір сәтті сағынамын мен кейде,
Аяқ ақсап, жараң қақсап келгенде,
Дәрі орнына қаймақ жағып беретін,
Апам сол бір жараланған жерлерге...

Апам, апам, ешкім ондай болмаған,
Не жақсылық жасамады ол маған?!
Атам марқұм ашуланған сәттерде,
Бауырына басып бізді қорғаған.

Тұла бойы қасиет пен кие-тін,
Мені сүйсе, мейірленіп сүйетін.
Мен жасаған қателіктер ~ таяқ боп
Апамыздың арқасына тиетін!

Қайран, біздің қасиетті бала күн,
Бар кінәні білместікке жабатын.
Кейін талай таяқ жедік тағдырдан,
Апам да жоқ... арашалап қалатын...

Өмір, өмір... қысқасың-ай неге тым,
Болсақ, шіркін, үш ғасырды көретін.
...Жүрегім-ай, жараланған, жарылған,
Апам да жоқ... қаймақ жағып беретін...


АҚ ҚАР ЖАУЫП ЖАТҚАНДА...
Ақ қар жауып,
Ақ қар жауып жатқанда...
Ақбозат пен Көкбозат жусап жатқан шақтарда.
Ақырғы өлең жазғандай мұңаямын мен неге,
Ақ қайыңдар ауырып, ауыр ойға батқанда?!.

Ақ жаялық. Ақ көрпе. Ақыр-соңы – Ақ кебін....
Ақ жаялық үстінде – іңгәлаған сәттерім.
Ақ көрпенің астында – аймаласқан айлы түн,
Ақ кебіннің ішінде – әлдилеген тәтті өлім...

Ақ үмітім үзілді, ақ жүрегім кірледі,
Ақ періштем бәйек боп, мен қиналған түндері.
Ақ безер де көк безер болдым кейде өмірден,
Ақыл жетіп бәріне, ақшам жетпей жүргені...

Ақ сүйектің баласы болмағанға өкінбен,
Ақсаңдаған жетімек қозыдай боп жетілгем.
Ақ жусаны аңқыған Сары Арқаның жерінде,
Ақ бораннан басқа ешкім қаққан емес бетімнен!

Аққа ─ Құдай жақ деген, қайран көңіл, қайғырма,
Ақ жолынан Аллаһтың табанымды тайдырма.
Ақиқаттан адасып, бір-бірімен таласып,
Ақырзаман баласы айналуда маймылға!

Аққу құстай жаралы жан-жүрегім не білдің?!
Ақылдыны жеңіп ең, ақымақтан жеңілдің!
Ақ тарыдай шашылған ойларымды теріп жеп,
Ақылым да бұл күні ақ тауықтай семірдің.

Ақтоқтыдай арудың ақ білегін жастанып,
Ақан сері бабамдай махаббатқа мастанып...
Ақ сағымға айналды-ау тілсіз, мұңсыз түндерім,
Ақ жастықтың шетіне тарам-тарам жас тамып.

Ақ некемді бұза алмай, өзімді-өзім шектедім,
Ақша төлеп бітірдім махаббаттың мектебін.
Ақ қояндай зымырап арман қашты алдымнан,
Ақсақ қасқыр секілді жете алмадым, жетпедім.

Ақ дидарлы Дүния-ай, кімге мойын бұрмақсың?
Ақ домбыра сияқты жырым саған тіл қатсын!
Ақ сәлделі атамның әзіліндей қымбатсың,
Ақ жаулықты әжемнің әжіміндей жұмбақсың...

Ақ қой мынау Дүния, ақ болған соң тартымды,
Ақ алтын деп мақтаймыз, алтын екеш алтынды.
Ақ жүрегі көрінген аша қалса ауызын,
Ақындардай баяғы, сүйсем, шіркін, халқымды!

Ақ сақалды шал көрсем, жолын кесіп өтпеп ем,
Ақ батасын олар да, аяп қалған жоқ менен!
Ақ түстінің бәріне қызығамын қыз құсап,
Ақ нәрсенің ішінде ақ арақты жек көрем!

Ақ пен қара астасқан арқан-тірлік ─ мойнымда,
Ақ сайтаным семіріп, асыр салды-ау қойнымда.
Ақ тілеулі жұртыма бөліп бердім мүшелеп,
Ақсарбас қой шалғандай, ойларымды сойдым да!

Ақырғы өлең, ақырғы... қойылмай қап нүктең де,
Ақ бұйрықты Ажалға сөз таба алмай түк дерге.
Ақырғы өлең жазылған ақ парақпен, Лаура-жан,
Ақ жүзімді жабарсың, ақтық демім біткенде!

Ақ қар жауып жатқанда, енді 50 жылдан соң...


КӨКТЕМ, СЕН ҚАШАН КЕЛЕСІҢ?!

Көктем, сен қашан келесің?!
Мен сені сағындым...

Күн нұры ойнаған күніңді сағындым,
Бұлбұлы сайраған түніңді сағындым,
Бәйшешек, сарғалдақ, жауқазын, қызғалдақ,
Жыл сайын теретін гүліңді сағындым...

...Қар басқан қайыңның шынтағы тұр сынып,
Теңселген теректер түнімен күрсініп.
Ақ қардың астында жатыр ғой тұншығып,
Көктемге жете алмай, о, қанша, тіршілік?!

Ақ боран ұлып тұр қасқырдай уілдеп,
Күтемін көктемді қалардай бүгін кеп...
Қыс түссе, мен неге қыздарды аяймын,
Қып-қызыл еріні жүретін дірілдеп...

Көшелер гүл аңқып, ағаштар бүр жарып,
Тіршілік тірілер аспаннан нұр жауып.
О, қанша көліктің тұмсығы бұзылар,
Көшеге қыз шықса ырғалып-жырғалып...

Наурызды еске алып, көктемді жыр етем,
Біреудің әкесін сықпыртып жүр әкем:
Жаңа жыл көктемнен басталу керек қой,
«Бірінші қаңтар» деп шатасқан кім екен?!

Аязды, ақ қарды, ақпанды ұмытып,
Боранда бүріскен шақтарды ұмытып.
Жатсам ғой шалқамнан көк шөптің үстінде,
Жатсам ғой жалаңаш кеудемді жылытып...

Ақпан пен наурыздың арасы бір-ақ ай,
Бір-ақ ай дегенің не тәйір, құдай-ай,
Қанша рет мұңайдың, қанша рет өкіндің,
Көктемнен көктемге жеткенше шыдамай?!

Бүгінгі арманым ─
Ертеңгі жан-жарым,
Биылғы көктемді мен саған арнадым!
...Әркімнің өзінің көктемі болады,
Бұл көктем ─ сенікі, ала ғой, ал, бәрін...

Көктемдей көкөрім кезімді сағындым,
Алғашқы алдамшы сезімді сағындым.
...Өзгеріп кетіппін, өмір-ай, баяғы
Өзіме ұнайтын Өзімді сағындым...

Көктем, сен қашан келесің?!
Мен сені сағындым,
сағындым,
сағындым...


КЛАУСОФОБИЯ. ЖАҢА ЖЫЛ
Жана жылды қарсы алмаймын биыл мен,
Жылқыдаймын қалып қойған үйірден...
Қарап тұрмын, аяп тұрмын біртүрлі
Шыршаларды қабақтары түйілген.

Жаңа жылды тойлаудан да жалыққам,
Жаңа жылды ойлаудан да жалыққам.
Мен ол түгіл, төрт жылда бір келетін,
Дүбірлеткен сайлаудан да жалыққам...

Адамдар-ай, арманы көп, арманы,
Аман болсақ, бола жатар қалғаны.
Ең бастысы, осы өткен жыл үшін,
Ешбір жаннан ұялмасақ болғаны...

Ескі жылда неден қалдық, кештеттік,
Қай жерінде қателестік, еш кеттік?
Жақсы нәрсе жазайықшы...
Жаңа жыл ~
Жаңа кітап 365 беттік...

Оқығым кеп жұртқа осы өлеңді,
Бір алапат күш буып тұр денемді.
Бұл Жаңа жыл ~ балалардың мейрамы,
Кешіріңіз, бала емеспін мен енді...

Шырша деймін... шыршаларды айтам да,
Жарты айдан соң қалады өліп қай сайда?!
Нені ойлайды, өз тілінде не дейді-ай,
Бұ дүниядан о дүнияға қайтарда...

Балталаған адамдарды қарғай ма?
Білмеймін ғой, бола ма екен ондай да?!
Со кісілер ЖаҺаннамның отында,
Шытыр-шұтыр шыршадай боп жанбай ма?!

Өзі білсін, түсінсе де кім қалай,
(Әкем оқып қойса, тағы ұрса ма-ай?).
Жұрт тойлап жүр, ал мен тұрмын состиып,
Не өлі емес, не тірі емес шыршадай...

Аяқ асты босап кетті-ау көңілім,
Уа, Тәңір-ай, қартайдым ба, не бұным?
Шыңғырады ішіп алып біреулер,
Шыр айналып шырша-қыздың өлігін...

От-шашулар... оттарындай тозақтың,
Алас, алас, Алты Алаштан азап-мұң.
Жек көре ме Жаңа жылды шыршалар,
Жете алмаған Наурызына қазақтың?!

Күн жылынса, шықсам анау көк белге,
Тек сол ғана, басқа тілек жоқ менде.
...Шырша егемін, тал егемін Наурызда,
Қанша күн бар оған дейін... Көктемге?!

Эээх, Наурыз...


ЗАРЫҒУ

Көк Тәңір-ай,
Көк аспаныңа еліктір,
Көңілдің құсын желіктір.
Көзіне қара қан қатқан
Қыранды көргім келіп тұр!

Асқарда ұя басатын,
Аспаннан әрі асатын.
Өшіге қалса – өңінен
Өлімнің оғын шашатын.

Тегеуріні – қасқыр қақпандай,
Топшысы – қатқан қақ талдай.
Қазбауыр бұлттай қанаты,
Төбені тұтас жапқандай.

Қияғы – шолақ жебедей,
Тұяғы – болат шегедей.
Аңқиып қалмай, аң көрсе
Жұлқынар жынды немедей

Қыранды көрер бар ма күн?
Арманым, айхай, арманым.
Қор болған қайран өмір-ай,
Қарқылын тыңдап қарғаның.

Қиқулап салсақ қан бүлік,
Құмарды алсақ қандырып.
Қырқадан қоян ілдіріп,
Төскейден түлкі алдырып.

Он түсіп аттан, он мініп,
Құсымды қолға қондырып.
Кештетіп қайтсам үйіме,
Алдымнан жатса жол күліп...

Туар ма мұндай мүмкіндік,
Тумас па мұндай мүмкіндік?!
Болмаса маған қыранның
Ғұмырын берші бір күндік...
Көк Тәңір!..

 

ЕРТЕҢ – СЕНБІ...

(Интернеттегі иманжүзді бір қарындасқа)

Ертең – сенбі...
Өмір өтіп барады,
Осы аптада бітіргенім шамалы!
Осы аптада бітірем деп жүргенде,
О, әкеңнің... сенбі келіп қалады...

Ертең – сенбі...
Ертең тағы − демалыс,
Көңілімді кері итерер кері ағыс,
Бір аптаға, жоқ, бір айға жоқ болып,
Елге кетіп қалсам ба екен ең алыс?!

Ертең – сенбі...
Түсінбедім, не бұным?
Екі күн + той, бес күн + жұмыс = Өмірім?!
Тойға барып қарным тойып келсе де,
Неге менің аш қайтады көңілім?!

Ертең – сенбі...
Қайдан ұқсын басқалар?!
Ішу-құсу, жылау-сықтау басталар:
Күйеулері маймыл құсап мас болар,
Әйелдердің әжіміне жас толар...

Ертең – сенбі...
Түсініксіз не екені?!
Оқу керек М.Тәтімов көкені!
Сенбі күні неге жігіт азайып,
Көшелерде қыз көбейіп кетеді?!

Ертең – сенбі...
Әуелейді әніміз,
Дайын тұрар дастарханда дәміңіз.
Сенбі күні қуанамыз бәріміз,
Сенбі күні мұңаяды кәрі қыз...

Ертең – сенбі...
Шыр айналып қаланы,
Біреу – теңге, біреу – жеңге табады.
Үйленетін жігіттей боп киініп,
Тамадалар тойға кетіп барады...

Ертең – сенбі...
Оттай жанып жанары,
О, қаншама қыздың бағы жанады?!
Бір бойжеткен неке жүзік таққанда,
Жүз бойжеткен үміттеніп қалады.

Ертең – сенбі...
Бүгін ─ жұма, Құдайым,
Жүрегімді жайып... дұға қылайын:
Адасқандар арманына қосылып,
Бірін-бірі бақытты етсін, ылайым!

Ертең – сенбі...
Өте шығар күн қысқа,
Қызмет қуып, қызық қуып, тырмыспа!
...Ертең − сенбі,
Ертең − сенбі, қарындас,
Ал сен әлі шыққан жоқсың тұрмысқа...

Ертең – сенбі,
Өмір өтіп барады-ай...

vk.com

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста