Алаш ақыны

Аманғазы КӘРІПЖАН: Менiң жаным жалғасы мәңгiлiктiң ...

  • Аманғазы КӘРІПЖАН: Менiң жаным жалғасы мәңгiлiктiң ...

    Аманғазы КӘРІПЖАН: Менiң жаным жалғасы мәңгiлiктiң ...

КӨЛЕҢКЕ

Қиялымның мінгеспей ұшағына,

Кірді күннің көлеңкем құшағына.

Ақыл-есім барады қидаланып,

Шуақтардың ілініп пышағына.


Жөргегінде тұншығып асыл үміт,

Шуақтарға жұтылды жасын ұлып,

Көлеңкесі Күннің де Күннен үркіп,

Аяғыма шырмалды жасырынып.


Ғайыптың да кепіл боп түспесіне,

Мәңгіліктер тұтылды ішке сіңе.

Көлеңкеден жасырып Күн сәулесін

Көңілімнің жұтқаны түсті есіме.


Түнді жыртып ойнаса отты өлеңім,

Көлеңкемді іздейтін от көремін.

Ал, жарықта шашылған көлеңкелер

Бірікпесін мезгілсіз деп келемін...


 


МӘҢГIЛIКТI ТАЛАТПАЙ СҮЙРЕП КЕЛЕМ 


Тылсым – ғажап, түбi – мұң,

Бар ма осалы? –

Әдiлеттiң әлсiреп қалды ошағы.

Ғалам сыймай керiлiп кеткен сана

Шексiздiктiң қақпасын зорға ашады.



Құпияның шыңы – мұз, көркi күштi,

Мұз да еридi ләззаттан өр тынысты.

Ондайда өрлеу – оянсаң құлдағаның,

Қойылатын нүктесi қорқынышты.


Мезгiл iшiп масайған мұңға баттым.

Ендi өзiмдi өзiмнен ұрламақпын.

Жүрегiме масыл боп, қиялымның

Мен де ығырын шығарған бiр қонақпын.


Қасiреттер сөнедi,

Сөнбейдi елес.

Өмiр сүргiң келедi,

келмейдi емес,

Бiрақ, ессiз табиғат еншiсiне

Бұйырмайтын сияқты мендей белес.


Жұбата алмай жанымды жылап қалған

Жығылды да

жылады жырақта арман.

Менiң жаным жалғасы мәңгiлiктiң

Құрастырып бiтпеген сұрақтардан.


Тәңір, ғалам – бiр тұлға...

Ендi өлшемi

түсiнiктi...

Қозғалтқыш мен – бөлшегi.

Мендегi шер – дертi оның,

Ем жетпесе

Менен бiтер ғаламдық шеңбер шегi.


Жаратушы қосылған Жаратылыс –

Мәңгiлiктен үзiлiп қалатын iс

болмағасын,

бұлардың қайғысынан

Қалғымады санамда нала тыныш.


Жуындым да шегi жоқ былыққа мың,

Шексiздiктi қиялға құлыптадым.

Санамыздың сыртында көп ойланып,

Жан айғайымды естiдiм,

Дым ұқпадым.


Тiршiлiктен нем қалды күйретпеген?

Дүниеге нем қалды үйретпеген?

О дүние мен бұ дүние қаһарына

Мәңгiлiктi талатпай сүйреп келем.


 


ЖОҒАЛУ

Айыра алмай тағы да ақ-қараны

Болмысымды болмысым ақтарады.

Жаратылыс марқұм да мұрағат боп

Менiң тозған жүйкемде қап барады.



Өзiмдi өзiм тағы да бөлшектедiм,

Таразылар таласты...

Өлшетпедiм.

Қиялымды жанымнан суырып ап,

Жұттым дағы Тәңірге көрсетпедiм.



Кеңiстiктiң кетiрдiм күйiсiн де,

Қиялымның күйiк бар иiсiнде.

Өзiме өзiм қамалып тұтқындалдым,

Ойларым да тұншықты ми iшiнде.


Ақыреттiң ақырғы айласы да

Сол қиялдың шешiлдi пайдасына.

Кеңiстiк те тыпырлап қала бердi

Көңiлiмнiң қысылып айнасына.


Керуенiн тарта алмай үмiт көптiң

Абыройы шашылды сынып көктiң.

Жылдамдықтан жарықты қағып алып,

Сәулесiне жарқ етiп сiңiп кеттiм.


Жүрегімді аңдып ем, шешiп еттi,

Менен қашып ғұмырдың көшi кеттi.

Өйткенi ол да тұтқын боп,

Шындық деген

Жаратылыс жауынан шошып өттi.


Өгейлiктi өкшелеп өрем менiң,

Қалды әлсiреп ала алмай өлең демiн.

Жиып берiп ғаламды уысына

Құдiретке бәрiбiр еленбедiм.


Тiрлiк армен төлей ме жол бағамды,

Табыстай ма жұмаққа жолдамамды,

Құдiреттiң құйылсам құлқынына

Сорғалатып көзiмнен сорлағанды?


Ләззат тапсам мезгiлдi түршiктiрiп,

Кезедi үрей санамды ыршып, күлiп,

Қиялымның түйiлген iшегiнде

Тiршiлiктен қалған-ау қылшық тұрып.


Жаратылыс мен десе жылымас-ты...

Жаратты да көре сап сұры қашты.

Менiң мысым кеттi ме тұншықтырып,

Ғайып құлпын қиялмен жұлып ашты...


Үнсiздiктiң үрейiн шала ұқтырып

Мазағына шыжғырды шабыт күлiп.

Кеңiстiк те кеудеме енiп кеттi

Шаттығымның әйнегiн шағып кiрiп.


Асау ажалды үйретiп көзiмде жын

Бола қалды селк етiп төзiм де жым

О дүние мен бұ дүние,

Бар дүниеден

Iздеу салып таппадым өзiмдi өзiм.


 


СЫРҚАТ

Түзеген болдым сыртымды,

Iшiмде әлi – төңкерiс...

Көзiмнен ытқып жыртылды

Iшектi жарған теңселiс.


Жарым естердiң сарабы

Намысты тағы бұрғылап,

Жанымды жайғап барады

Жүректiң жыны ұрғылап.



Сезiмдi сезбес тас құрлы

Өреге бiткен олқыны

Толтырмақ едi...

Басқа ұрды

Қысылған қанның толқыны.


Дәуiрлер берiп, ел iшкен

Ащыны құсып асқазан,

Тепкiлеп жатыр менi iштен

Бауырдан өткен тас – тозаң.


Тұнбасы қырсық санамның

Бүйрекке жеттi жаншылып,

Тамырын кестi ғаламның

Үрейден үркiп қанша үмiт.


Тұздықтай берме жанымды,

Дәрiгердiң соқыр дәрмегi,

Ажалға тартсаң барымды

Арымды қоссаң нәрлi едi.


Нәрi ем боп талай шерiмнiң

Жұтты да менi туды ажал.

Кеденiн өмiр, өлiмнiң

Босатпай кеттi қу базар.


Босатпай кеттi кiл мықты

Фәнидi тұтас жастанып,

Ұйықтатып тынды тiрлiктi

Қасiрет шеккен мас халық.


Жараттың мендей мүсiндi

Өнерiң тасып, бiр Құдай,

Өз қолың қылған iсiңдi

Ұрғылай берме, ұрғылай...




* * *

Тағдырымнан ұрланып дара тыныс,

Жата алмады жұтпаса нала тыныш.

Тұғырларды қиялмен теңшесем де

Сатылауын қоймады жаратылыс.


Ішті жеген көп сырқат, қалың азап –

Ол да пәни сыйлаған кәрі мазақ.

Өз қанымды түкіртпей жұтқызады

Босқын, ұры ұйқылар жаныма жат...




* * * 

Құдайға жетсе ғанибет үнi,

Бақи да тiрi, Фәни де тiрi.

Бiр-бiрiн алдап жеп тынар ма екен

Шексiздiк деген тар үйде түбi?...


Екеуiн құшсам тыңайып қалам,

Сұрақ демессiң Құдай ұқпаған.

Шексiз ғаламның жүрегi болып

Мәңгiлiк соғу лайық маған.


 


* * * 

Өзiмдi келем өзiмнен қорғап,

Мазмұнсыз күлген көзiмнен қорғап,

Тәңірден биiк кезiмнен және

Тәңірге бұққан төзiмнен қорғап,

Санамды бөлген сынақтан қорғап,

Қиялым жеткен жырақтан қорғап,

Өзгеге жақпас сұрақтан және

Сөзiме өгей құлақтан қорғап,

Ырымшыл, адал арымнан қорғап,

Қанымды бұзған дарыннан қорғап,

Келемiн залал-зарымнан және

Ғұмырда есен барымнан қорғап...




ТҮН

Естiмептi жанымды түн құлағы,

Үнсiздiктен үрейлi үн құлады.

Сорлы тарих санамда қабат-қабат

Секундтарға қысылып шыңғырады.


Киемiздi сүзем деп құлыптастан

Киесi ұрып тозақтың сыныпты аспан.

Көлеңкемдi жымқырған қара түндi

Қылғыттым да жайрадым дым ұқпастан.



Түндi жұттым,

жарқ етiп жасын өттi,

Жарқанаттар жазықсыз басы кеттi.

Бекер жұттым, iшiмде байыз таппай

Байғыз үнi жаудырды қасiреттi.


Бойламады санамды түктiң мәнi,

Айналаны жүрегiм тұтқындады.

Қағып кеттiм өзiмдi аңдаусызда,

Қараңғыны дым қоймай жұттым дағы.


Аңғалдыққа сүрiнiп намыс тағы.

Құлағыма құрдымның жабысты әнi.

Жыртығынан жанымның тамшылап түн,

Қараңғының салмағы жаныштады.


Бiр түн өттi,

Сол түннен мың түнектi

Жымқырды да жанымның шырқы кеттi.

Санама кеп кеп тығылған азаттығым

Көлеңкемдi өзiмнен қырқып өттi.


Жарқ еткiзiп жай оты жүректi де

Уысыма жиналды түнек, мiне.

Жыр-жарыққа соғылды жарқанаттар

Қап-қараңғы жанымнан пыр еттi де.


Жетiм ажал жарыққа түнесiн бе?

Тәңірдiң де тағдыры тұр есiнде.

Сынып кеттi жүрегiм.

Жанарымнан

Түстi ғұмыр сау етiп күресiнге.


Бағы дәуiр кеткенде мантырап тым –

Тiтiркендi сұсынан қалтырап түн.

Түннiң сонда жейдесiн бiр-ақ тартып,

Омырауын ай қылып жарқыраттым.


Шыңның бiрде намысы қайнап ағып,

Өгiз бұлттар өкiрдi жай қадалып.

Өксiгенде өзекке ой қамалып

Өлiп кеттi кеудемде ай жоғалып.


Айды аңдыған көк бөрi ем,

Жатпай ұлып,

Жұлдыз жұтып масайдым,

от қайырып.

Қансырата таң нұрын сорғалаттым,

Қара түннiң маңдайын қаққа айырып.


Күлкiсiнен адасып сан сұрақтың,

Қарашығын түнектiң қансыраттым.

Әлсiз нұры шытынап бара жатты

Шағылғанда күл болып “шамшырақ” түн.


Әр секундтың есiгiн баптап ашқан

Егiлдi iште Тәңірiн жоқтап аспан.

Менiң ұзақ ойларым керiп кетiп

Түн тiгiсi сөгiлдi тоқтамастан.


Түндi бекер үркiттiм түсiм қашып,

Құтқарусыз қалды үмiт iшiмде ашып.

Көлеңкемдi суырып ала кеттiм

Қараңғының қинамай мысын басып.




ШАРАСЫЗДЫҚ

Басым қатып барады, басым қатып...

Жанашырым қалмапты қасымда түк.

Домалатып барады дүниенi

Езуiне қан қатқан масыл бақыт.


Кезiкпеппiн,

Жүрегiм, тiрiсiң бе?

Мәңгiлiктiң табынған пiрiсiң бе?

Iрiсiң бе Құдайдан?

Әлде соның

Мұң iшiнде тұншыққан мiнiсiң бе?

Тазармайтын фәнидiң кiрiсiң бе?

Саудың iсi қалмапты бiр iсiмде...


Жаратылыс мен iшкен бақырда едi –

Құдайдың бұл мен үшiн ақырғы емi.

Сол емiнен жұқтырған барлық күнәм

Тозаққа да дайындап жатыр менi.


Батыраштар бәйгiсi, мiне, осында

Тықпалады қай қырсық мына сынға?

Тәңірдiң көп қылмысы жоқ па дедiм,

Жылап қалған тiрлiктiң күнәсында.


Құтқара алмай өзiнiң азаттығын

Санамыздан сескендi тозақ бүгiн.

Мәңгiлiктi миыма жасырдым да,

Шексiздiктiң тауыстым қажап түбiн.



Нем бар едi фәниге кiрiп тағы?

Тағдырымнан шошыдым құрықтағы.

Ойларымды бауыздап бара жатты

Жанарымның шағылған сынықтары.


Қасiреттер ашытқан сұрақты iштiм.

Масайдым да өзiмдi жылап құштым.

Арманымның азуын қиял керiп

Құлқынына менде оның құлап түстiм.


Құлқынды да жыртты арман тiсiмдi емiп.

Барам мен де өзiмнiң iшiмде өлiп.

Өлi секунд санамнан ақтарылды

Көп ұйқының үрейлi түсiн көрiп.


 


МҰҢ МЕН СЫНАҚ

Қалғымадың, қиялым, көз ілмедің,

Ойым да іліп алған ба өз ілгегін,

Әділеттің айласын сезінбедім.

Бекер маған қадалдың,

Болмысымды

Тұншықтырып барады көзіңде мұң.


Бұ дүниені жұлқылап мол арманым,

О дүниеге кірсем де өле алмадым.

Пәни, бақи жігіне қысылдым ба?

Қай жағына, белгісіз, тоналғаным...


Келмесе де бақиға санат құрғым

Бар мен жоғын пәнидің тонап кірдім.

Қиялыма қамалып,

Әйнегінен

Ғайыптағы өзіме қарап тұрдым.


Мәңгілік пен шексіздік жылап тағы

Бір-біріне паналап тұрақтады.

Үшеумізді қосақтап жеп барады

Құдіреттің себепсіз сынақтары.


Бақиды алдап,

Пәниді байытты мұң.

Мұң жаратқан Құдай ма,

Айыпты кім?...

Кім жаратты сынақты? –

Жауап қатпай,

Енді өзінен айырылды ғайып бүгін...




АҚЫРЕТТІ МҮСІРКЕП ЖАРАТЫЛЫС...

Заманақыр ордасын от қамады,

Мен кідірдім,

Дүние тоқтамады.

Жүрегіме жармастым,

Жыртығынан

Менің көзім өзіме оқталады.


Тіршіліктің талқан боп тозды алаңы,

Тәңірдің де тарылды өз ғаламы.

Астан-кестен кетсе де,

Арт жағымнан

Өткенімнің елесі қозғалады.


Жер тірілді,

Жөргектен атып тұрды,

Жаратылыс көзіне бақыт кірді.

Қасіреттен тарихты шешіндіріп,

Санамызға бөлемек уақыт-құрбы.


Тағдырымды берем бе жала сұмға?

«Қызғаныш жүр» Тәңірдiң санасында.

О дүние мен бұ дүние құшақтасып,

Ажал қақпа қирады арасында.


Тәңір де ендi күнәға құлақ түрдi,

Сан ажалды өлтiрiп лақтырды.

Ақыреттi мүсiркеп жаратылыс

Жұлдыздары тамшылап жылап тұрды.


Келген жоқпын өмірге,

Түсім бәрі...

Өресіздің қозғалды мүсін-жаны.

Жүрегімнің жартысы аруда емес,

Қансырап жүр бөрінің тісінде әлі...




АДАСУ

Жараттың ба, Тәңірiм, есi барды?...

Күн де нұрын көзiмнен шешiп алды.

Жөргегiңде жыртылған көңiлiмнен

Сусып кеткен қиялдың несi қалды?...


Тәңір, сiзге ойым жоқ алабөтен

Ғаламнан тыс iздедiм жаңа мекен.

О дүниең мен бұ дүниең,

Тағы басқа

Қай дүниең бар, бәрiн де ала кетем.


Дiн бiткенге сананы ермек қылып,

Қалды тағы нақ шындық жөргекте ұлып.

Адасқанның ақылын жерлеп тынып,

Дүниенi сапырдық тербеп, күлiп.


Түп тегiмдi тергесем, бұрын құлдап,

Шошытар ем заманды түрiм құрғап.

Шоқыну да, намаз да күнә кештi

Игi iстерге жаратқан күнiмдi ұрлап.


Дiн бiткеннен жиренiп ғұмыры өткен,

Көмек күттiм амалсыз құдiреттен.

Есi ауысқан сенiмдер елдi iрiттi

Ақиқаттан тiксiнiп қыбыр еткен.


Жауластырып тамырсыз масқаралық,

Сорғалады санамнан аспан ағып.

Құшағымда бүрiскен дүниеге

Қиялымды босаттым баспана ғып.


Тасқа айналды Поссейдон, Зевс күлiп,

Кидi мезгiл ғұмырды кебiс қылып.

Күттi азаттық перiште – Шайтан атты,

Күттi азаттық дiндерден Жер ышқынып.


Адам-Құдай көп, бәрi – ертегi елi,

Табынса отқа, от менi өртеп едi.

Иілсе индус сиырға – мал киесi

Тiрi рухқа тарта ма ерте менi?...


Құдiретке құрдымнан қарап, күлiп,

Бақсы тiрлiк барады балақ түрiп.

Өресiздi аядым,

Уысымнан

Шашыраған секундты санап тұрып.


Сескендiрiп сезiмдi ылаң iшкi,

Кеңiстiкке тағдырым жылап ұшты.

Дүниенiң кеудесiн керi итерiп,

Намысымен ғаламның жын алысты.


Өткелiнен тозақтың өттiм өлiп,

Көрден рухым қарады тек түнерiп.

Қорқыныштан үзiлiп

Көңiлiмнiң

Жын билеген түбiне кеттiм енiп.


Күндi айналып,

Көзiнде мұң байланып,

Әлемдi әлем барады бiрге айналып.

Керi айналған бақсы да, бақастық та

Хақ жолына бағытын бұрды ойланып.


Қозғалыстың маңдайы қансырады,

Шiреп тұрды ғайыптың сан сұрағы.

Құдайға ақыл үйреткен уақыттың

Күлкiсiнен қасiрет тамшылады.


 


ҚАҒА БЕРДI ТАҢДАЙЫН КӘРI САҒАТ...

Мен бiр Тәңір...

Құлымдай шырақ-ғұмыр

Елең қылды ыңырсып құлақты бiр.

Қанша дәуiр зыр еткен қас-қағымда

Соңы жым-жырт.

Сезгенiм бiр-ақ қыбыр...


Түп тегiмнен олжа боп салмақты өлең,

Тұғырымнан түсiрмей самғатты ерен.

Топырақ боп жоғалған тiрлiктi емiп,

Тiршiлiкке ләззатты жалғап келем.


Жұмбақ дертiн фәнидiң айта күлiп,

Мертiктiм бе санамды сайтан үгiп?

Ғұмырымды көзiне iлiп қойды

Өз ауруым өзiме қайта жұғып.


Кiмге ұрынсам деп тұрам анда-санда,

Заманақыр, жағаңа жармасам ба?

Ақыры өттiм деме ендi құлқыныма

Ақыреттiң ордасын қорғасаң да.


Қайғысына күрмеген арқан күлiп,

Салған iзiн соңынын сортаң жұлып,

Ғұмыр-кеме Аралда қаңтарылды

Қозғалыстың күмбезiн талқан қылып.


Тағдырымды қытықтап қатты күлдiм,

Мұң көзiнен жанымды қапты кiрбiң.

Қапқан жерден жүрегiм секiрдi де

Қолтығына тығылды шаттығымның.


Қасiреттiң паналап сұрқы бiздi

Шырқын онын шындықтың ырқы бұзды.

Ембек болып уланды жиiркенбей

Көздерiнде мұң қатқан күлкiмiздi.


Қозғалыстың болмаса намысы ағат

Көзден аққан секундтар – бәрi сабақ.

Үнсiздiктi қос тiлi тілi сабап,

Қаға бердi таңдайын кәрi сағат.


Тiрлiк – тұтқын...

Тағдырдың тұспалы кем.

Сағым қысқа жанарда.

Қысқарып ем –

Саңылауы жамалды көңiлiмнiң

Қиялымның қажалмас пұшпағымен.


Сарқынындай өткеннiң сұрақты iшiп,

Жаһнамға жармастық жылап, құшып.

Есебiнен шатасты ғұмыр-сана,

Есегiнен қозғалыс құлап түсiп.


Тiршiлiктен керең мұң жуықта өлiп,

Бөбек мұңы өлеңнiң суықты емiп,

Жетiншi әлем шырмалды қиялыма

Өр екпiнi өремнiң қуып келiп.


Тойдырсам деп тозақты базар құрып,

Өлтiрiппiн байқамай ажалды ұрып.

Тарихты адам тiрiдей жерлемек боп

Ғасырларды қалапты мазар қылып.


Санамызға түнетiп бар азапты

Ғұмырымның түңлiгiн нала жапты.

Жыртығынан жанымның ұйқылы-ояу

Жетiм өлең домалап бара жатты.


Өлiмдi iшкен өзiм бе,

Төзiм бе едi?

Өлтiрдi де тiрiлттi сезiм менi.

Күдiктi ойдың салмағын көтере алмай

Шытынады қуаныш көзiмдегi.


Қайта тыңдап үлгiрмей көктем үнiн,

Жанып кеткем,

Жоғалды көкке күлiм.

Жырға сiңген ғаламды жанымдағы

Лақ еткiзiп құрдымға төктi өмiрiм.


Мұң қайнаса жанымда, оттар ұлып,

Армансыз бiр арнамнан ақтарылып,

Ақыреттке олжамен аттанамын

Қырандардың көзiнен көкпар iлiп.


Қызғанышқа аштырмай құлыпты iшкi,

Мөлдiр деймiз сезiмдi, сұрып күштi.

Мөлдiрлiктiң шағылған сынықтары

Жүрегiмнiң жарты етiн жұлып түстi.


Құпиясы абалап сан сұрақтың,

Шырқын алды үрейдiң қамшылап түн.

Шексiздiктiң шеңберiн талқан қылып,

Мәңгiлiктiң маңдайын қансыраттым.




ОҚЫЛАР ЕДIМ ФӘНИГЕ...

Құрдымға көрден үңiлдiм адам қазатын,

Жұмаққа сүйреп қашты, әне, жаман да жатын.

Бейiштен жұлып шындықты Аманғазы ақын

Шашырап кеттi аңдаусыз заманға зақым.


Үмiттiң бәрi есiгiн құлыптап алған.

Пендеге пейiл танытты сұрыптап арман.

Құрықта қалғам...

Бақытты қиялдан iшiп,

Оянбай кетсем маужырап ұмытпа, қарғам.


Ғайыпқа қанат қаққанда қанша үмiт қолдан

Көзiме ғұмыр сүңгiдi,

Малшынып та арман.

Құшақтап тұрып мезгiлдi,

Өзiмдi көрдiм

Адасып тылсым тiрлiкке шаншылып қалған.



Дүбiрден көрiп жармасты таңырқап ғалам.

Құрдымға құрып малдасты жабырқап барам.

Оқылар едiм фәниге,

Тағдырым – қырсық...

Мен де бiр жұмбақ шешiмiн Тәңір таппаған.


Қозғамақ болып орнасын ғұмыр-өткелдiң

Қысылып қалған тiрлiкке құдiрет көрдiм.

Мың рет келгiм жоқ ендi...

Мыңдаған ғалам

Бейнесiн өмiр көзiнен бүгiн өткердiм.


 


МАХАМБЕТШЕ

Мен мен едiм, мен едiм,

Мен фәниге жазылған

Мәңгiлiктiң шерi едiм,

Ажалға арнап қазылған

Әңгүдiктiң көрi едiм,

Шексiздiктiң шеңберiн

Шауып келсем деп едiм,

Санадан тыс адасып

Ауып көрсем деп едiм,

Күннен үркiп тығылған,

Құшағыма жығылған

Көлеңкемдi мүсiркеп,

Үнсiздiктiң уызын

Сауып берсем деп едiм,

Қиялымды көзiммен

Еркелетсем деп едiм

Ертеңiмдi өзiммен

Ертегi етсем деп едiм,

Қозғалыстың оң-терiс

Қос iшегiн бiр бұрап

Шежiремдi болашақ

Шерте кетсем деп едiм,

Дүниенi отыма

Өртеп өтсем деп едiм,

Сұрастырып жындардан,

Құрастырып мұңдардан

Тауып алып өзiмдi

Ерте кетсем деп едiм,

Мен мен едiм, мен едiм,

Өз жанымда жүргенде

Кеңiстiктiң төрi едiм,

Уақыттың соры едiм,

Құштарлығым қырқылып,

Iштарлығым iркiлiп,

Жылдамдығын жарықтың

Бағындырсам деп едiм,

Жаратылыс дегендi

Табындырсам деп едiм,

О дүние мен бұ дүние,

Бар дүниенiң санама

Сағын бұрсам деп едiм

Мәңгiлiктен сәл артық

Ғұмыр кешсем деп едiм,

Ақылы аздау болса да

Қаз-қаз тұрған фәнидiң

Жiбiн кессем деп едiм,

Ғұмыр деген азаптың,

Тағдыр деген мазақтың,

Жұмақтың да тозақтың

Түбiн кешсем деп едiм,

Бәрiн тиеп мұңыма

Сұрақтардан өзiме

Бүгiн көшсем деп едiм,

Дәл өзiмдей барлығын

Биiктетсем деп едiм,

Көздерiне нұрымды

Құйып кетсем деп едiм,

Шексiздiкке қысылмай

Сыйып кетсем деп едiм,

Сосын сұлу бейiштiң

Қиялына тұншығып

От демiнен армансыз

Күйiп кетсем деп едiм... 2002 жыл.


 


КҮНӘ БIТКЕН ТЕҢСIЗДIКТЕ ТУҒАСЫН... 


Тылсымдарын қызғанса да өткел-мұң

Ғұмырымда күнәсызды көп көрдiм.

Күнә бiткен теңсiздiктен туғасын

Тәңір де оған кiнәлi ме деп келдiм.


Күнәһармын,

Кешiр, бiрақ, Тәңірiм,

Мен де өлiкпiн,

ғұмыр – менiң қабiрiм.

Намыс тағы дүрлiктi де,

ғайыптың

Терезесiн шағып кеттi сабырым.


Тiрiлмей-ақ өткiзсем деп бiр демдi,

Аңдамаппын Құдай жүрген iргемдi.

Қиқымынан қирап қалған сананың

Құрастырып жинап алдым мүрдемдi.


Қайта тудым,

Тiрi пенде көз қылды,

Ар-ұяттан осалдығын сездiрдi.

Көкейiмде ұйықтап қалған өкiнiш

Тiтiркенсем шошытады мезгiлдi.




МЕН ӨЗIМ...

Адамнан да, ғаламнан да бөлекпiн. –

Бәсеңдемей бойымдағы өр екпiн

Қашып жүрiп өмiрден де, көрден де

Заманақыр келгенде

Жаңа ғұмыр жаратуға керекпiн.

Таразының бiр жағы мен,

Бiр жағында тұр әлем.

Ауып кетсем, сiрә мен

Адамың да,

Наданың да,

Ажалың да,

Ғажабың да,

Сыяпатың, сәнiң де,

Ғаламың да,

Заманың да,

Залалың да –

Бәрiң де

Ақыреттен шығар ең.

Ала алмаған еншiм қалса бұ таңда

Дүниенi жұтам да,

\шынымен-ақ тажалмын\

үрейлерiн ұшырам да ажалдың

Жетем түбi қонақшылап,

Күт, Алла!

Намысымды жұтып ап,

Сынып кетсем бiрте-бiрте шытынап,

Бұйырма, Алла, айыпқа.

Сабыр маған лайық па? –

Менiң жаным ғайыпта ғой,

ғайыпта...

Менi ешқашан ақтамас,

Сөнiп қалсам жоқтамас,

Мезгiл маған бақталас қой,

Бақталас.


Менi тіпті өлтiрмейтін мәңгiлiк –

Әділет те – әңгүдік.

Жөргегінде көп қасірет, көп талас –

фәни менен бақи заңы тоқтамас

болмысымда қаңғырып... 1988 жыл.




МӘҢГIЛIКТI ҚҰШАҚТАП...

(бард-толғау)

Сойқан құрып сенiмдер санамда тағы

Жындандырып тарихты арандатады.

Құдайдан да бiр күнә сезiп қалса егер

Ақыреттiң өзi де арам қатады.


Арандатып тылсымды қаңғырып келем

Тәңірдi де күнәға қандырып көрем.

Өлтiрсем де ажалды тiрлiктiң бәрiн

Күндес қылғым келмейдi мәңгiлiкпенен.


Құштарлығым сейiлдi заңғарға көптен

Жiбiмесем нұрыңа таңданба, көктем.

Санама ылғи сүрiнiп жаратылыс та

Оқи алмай жанымды арманда кеткен.


Абалатып тағы да үмiтке менi

Адамзаттық сенiмдер бiрiкпеп едi.

Құдай берген кеңшiлiк санамызға ендi

Құдайды да сыйдырмай үрiп келедi.


Бiлсем дағы еңiреп үмiт те өтерiн

Күлiп тұрып бас тiктiм күдiкке тегiн.

Мәңгiлiктi құшақтап жылыта алмасам

Жылап қайтып өзiме сiңiп кетемiн.


Құлшындық та құрдымды жастандық күрең.

Бақытқа өлшем – бақ емес, бостанық, бiлем,

Шырқырама шындық деп –

Шындықтың дағы

Жолыңа ендi құрғаны қастандық кiлең


Жүрегiмдi талауға шашылып болған

Тiсi тидi фәнидiң асығып барған.

Мәңгiлiктiң өзi де қылмыскер едi

Ғалам сыйған жанымды жасырып қалған.


Ғалам болып тiрiлiп тұрып қарадым –

Дүниенi бiр жаққа бұрып барамын.

Теңсiздiктер қылғасын күнәнiң бәрiн

Күнәһар деп ешкiмдi сұрыптамадым.


Тiрiлсемде қанша рет,

Тозаққа басым

жаралмапты

О дүние мазақтамасын.

Шындық бекер менi де жазалайды әлi

Өтiрiктiң ұқпаса ғажап бағасын...


 


* * * 


Көзiмнiң нұры әлсiреп,

Қисайып бара жатқанда,

Оянып кеттiм қанша рет

Iлiне жаздап қақпанға


Емгісі келіп мәнімді

Жанымды ғұмыр жыртқанда,

Тiстете салдым барымды

Ақырет атты сырттанға.


Мезгiлдiң көзiн қазды мұң –

Көздегi сиқыр шатқалға

Жазылып қалды мазмұным

Шошынып кiрпiк қаққанда.


Жоққа да барға табындым –

Дүние! Неткен сүйiктi ең!

Түрмеден шыққан Тәңірдiң

Қырқылды сағы күйiктен.


Үрейiн ұрлап басқаның,

Тәңірдi тағы жасқадым.

Өзiмнен қашып,көзiмнен

Ғұмырды күреп тастадым.


Тұңғиықтардың көзiне

Мұң құйып бiрге ағылдым.

Ыржиып, сосын өзiме

Есалаң күйде табылдым.

...табындым?...


 


* * * 

Ұлттың ұлы күрескері Қажығұмар Шабданұлына.

Аспан астын көрмейтін «Аспан асты»

Тарихының көзіне жас таласты.

Қарт түгілі қамалған уақыты да

Түркі сорлап көрмеген жастан асты.


«Миллиардтың» қозғаған қажап түбін,

Нақ тәңірін таныды азап бүгін.

Сорлы әділет тамұқты талқан қылып,

Алды бүгін бақилық азаттығын.


Қайта түлеп қасірет санаға өтті,

Шеңгеліне құлатты нала көпті.

Азаттықты болашақ сезінсін деп,

Бір кезеңін тарихтың ала кетті.

Тағдырыма тіміскі жарлық орнап,

Айдаһарға батпадым,

Барды қорлап,

Тістенскенмен тістесіп,

Мәңгілікке ол,

Атажұрттың пұшпағын қалды қорғап. 22.02.2011.




КӨЛЕҢКЕСІН ТЕРЛЕТКЕН САЛМАҚТЫЛЫҚ...

Оралхан Бөкейге


Көп қаңғып ем,

Орағаң жұмысқа алды.

Көшедегі көп жиын, ұрыс қалды...

Күнде өзімді сабайтын қызбалық та

Мысына оның тұншығып тынышталды.


Қорғасынын Алтайдың көзге өңгеріп,

Ойын бірге теңшейтін безбенге өріп.

Қас-қабағын бүркеніп,

Амандассаң,

Аңдамайтын таппаса сөзден көрік...


Тірлікке ол да ар деген шекті ұсынып,

Мезгіл сынын сапарда шетке ысырып,

Ыстығынан Делидің лап етті де

Жанып тұрып жарыққа кетті сіңіп.


Тұзға айналған тағдырын мұң қақтады.

Мың қақталған тарихқа құндақтады.

Мұзтау жаны жібімей қалды қатып,

Өртеп бара жатса да үнді аптабы.


От сезімге балқымай қорғасыны,

Аяқталса ардың да қолда сыны,

Кенді Алтайдың елес боп алмас ұлы

Пенделікке кезеніп қалды асылы.


Сұм тірлікке аштырмай жан-құлыпты,

Тұншықтырып іштегі жаңғырықты,

Сол кеткеннен «Өз отын өшірмеді...»,

Құшағына қысты да ол мәңгілікті.


Шаңдатқанның өзіне шаң қаптырып,

Парасаты ұшпаққа самғатты іліп.

Тартылыстар заңымен кетті үйіріп,

Көлеңкесін терлеткен салмақтылық.


 


ОТТЫ ҚАЛА – ӨСКЕМЕН

Тағдырыма тәлкек қып табысымды,

Жұтты мезгіл тұншыққан дабысымды...

Бұғылар мен бұлт сүзген қарағайдың

Қан мен сөлі көшпелі бақ ұсынды.


Кен байлығы көзінен балқып аққан

Ғасырларды түлетті халқым оттан.

Күн шығысты сапырған тербелістер

От сыйлады Күнге де жарқыл атқан.


Отарбадай будақтап жаны ошақта,

Уақыт көшін қозғады болашаққа.

Сібірдің де тоңы мен тонын шешіп,

Құндақтады ғаламды парасатқа.


Сайға адасқан сағымның Алтайдағы

Жаулады ойын үміттің нар тайлағы.

Кен жаратқан қаланы сұқ көзімен

Балқыта алмай тасада өрт ойнады.


Мысы басқан дәуірлер тепті де ірге

Шынықтырды жүйкесін көп дүбірге.

Өзіне оқ боп қадалған қорғасыны

Көзінде еріп, Ертіспен кетті бірге.


Бөгеттермен сүзіскен Бұқтырманың

Жанарынан нұр емес, шықты ұрладым.

Жарқылдаған намыспен түнді үркітіп,

Арпалысқан тағдырын жұқтырмадым.


Арбаса да сағымдар бүгін мейлі –

Көлеңкелер айлаға сүрінбейді.

Тау бейнесі әлі де көлден шықпай,

Жат сұқтанып тұрғандай дірілдейді...




СЕМЕЙ

Аңғал арман ұйытқан зарын дала

Емiзгенде уланған қарын-қала.

Кеуiп барады Ертiстiң екi iшегi

Сығып сыртқа таситын нәрiн ғана.


Қиялына қиянат неке құрып,

Миын сүздi мезгiлдiң теке-қылық.

Сырттағыны сыртынан сыбап тұрып,

Iштегi де кейде iштен кетедi iлiп.


Есерлiк пен естiлiк қанып iшкен

Семей деген паң қала, дарыны үстем.

Iште ауырған iбiлiс тағдырына

Жарты ғасыр болмапты жарылыс та ем.


Көлеңкесiн ұшықтап көп дуана,

Көкiрегi қондырса көктi ғана,

Қасiретке шомылып,

Семей де осы,

Қасиетке сүртiнген тектi қала.


 


ҰРЛАТПАДЫ ӘЗ АҚЫН НӘЗІКТІГІН...

Сәкен Иманасовқа

Толқындары жаныңа сауық құрып,

Дәру еткен қиялды сауып, күліп,

Сол Алакөл және ақын табиғаты

Тұндыратын бір-бірін сауықтырып.


Шипалы өмір жан дертін жазып бүгін

Жырға сіңіп жылынды «жазықты» мұң.

Мансабың да жағалап желпіп еді,

Ұрлатпады әз ақын нәзіктігін.


Қиянат та қиялын тұншықтырып,

Қытықтады тағдырын қырсық күліп,

Бірақ, жұмбақ, жайдары болмысымен

Пенделікті өтті ақын түршіктіріп.


...Сен құламай сезімге,

Сезім құлап,

Сұлулықты жоқтайтын сөзің жылап...

Пейіліңді жастанған пәни түгіл,

Бақиды да тербеген көзің – жұмақ

болғандықтан

Бәрін де өзің жұбат!...


 


ӨСКЕМЕН...

...Шұғыласын шашып шығыстан

Ағарып атса күміс таң,

Сырғасын малып Ертіске

Бір ару жатыр жағада

Тұлғасын соққан мырыштан...
Ұ. Есдәулет.


Өндірістер отына күйген қала,

Күйсе «күйдім» демейтін күйбең қала.

Қорғасындай салмақты тарихына

Қорғасыны оқ болып тиген қала.


Өр Алтайға кигізген орман қала,

Мұржа біткен самалын сорған қала,

Қарт Сібірді қондырған қабағына

Алпауыттар батпаған қорған қала.


Бұрым болып қос өзен аққан қала,

Күміс, мырыш шашбауын таққан қала.

Кең даламды түгендеп,

Көне Ертістің

Қос бетіне көпір боп жатқан қала.


Соққылардан ес жиып тұрған қала,

Елге еркіндік шаңырақ құрған қала.

Түсті метал рухына шығылысып,

Шұғыласынан Шығыстың тұнған қала.




АҚСУАТ

(әні бар)


Ақша бұлттан әрі асқан,

Ай жұлдызбен таласқан,

Тарбағатай – құт мекен

Ынтымағы жарасқан.


Көңілдері тұп-тұнық

Елге бітсе мықтылық.

Жатыр далам ғаламға

Тектілікті ұқтырып.


Пейілдері – ақ шуақ,

Суаттары – нақ шұбат,

Жарқырай бер, қазақтың

Иісі аңқыған Ақсуат.


Жадыратқан тірлікті

Базар, Боғас, Кіндікті,

Қарғыбаның бойынан

Түлейді екен кіл мықты.


Сыр жасырған әр тасы –

Бөртостаған жартасы –

Ғаламда жоқ даламның

Тәңір таққан алқасы.


Береке мен бақ, қуат

Дарыған жер Ақсуат.

Сенде өткізген бір күнім

Мың күнімнен жақсырақ.


Қыз жаралса намыстан,

Ұлы – кілең арыстан,

Қазақтығын сақтаған

Біздің дала данышпан.


Жат көңілін жықпаған,

Жарастықты құптаған,

Амандасқан қонағы

Ауыз түймей шықпаған.




ҚАЖЫТАЙ АҒАҒА

Ноқта сырын ат түгілі, айғыр ұқты,

Бұл ұғымның жібіне тай да ілікті.

Танытса да аламан сәйгүлікті,

Танытпайды кейде оған сай қылықты.


Намыс қана илікпей қамшыға әлі,

Ар көзінен ақиқат тамшылады.

Әділетті мысқылмен аршығалы

Тұяғыңа оралып шаң шұбады.


Болмағандай жадырап мұндайда түк,

Жаның жырдан жатса да мұң қайнатып,

Сұлу саздың көзіне күнді ойнатып,

Қиялыңды жаңғырттың сырнайлатып.


Дәл осындай мұқалмас дені мықты

Жампозына жалғаса ел үмітті,

Жүйкесімен қайыспай көтерсін деп

Берген шығар Тәңір де серілікті.


 


* * * 

Сәнi кiрсiн деп жыр атты жұтаған үйдiң,

Жыртығын жамап өзiмше, отын көседiм.

Көз – дариясына шомылып Мұқағалидың,

Көңiл саумалын сiмiрсем, өкiнбес едiм.


Көңiл – айнадан құлпырып сылаңдайды арман,

Сылаңдай қалған бұл елес тұмандай жалған.

Жерлемек едiм жүрекке, еш шығармай жолдан,

Жаңғырық тамып санама шыдамды ойлардан,


Мәңгiрiп барып жидым да ес, жылауға айналғам,

Үскiрiк мұңның ұлпасы қылаулайды алдан...

Дерт пе бұл жұққан Фариза, Тұманбайлардан?!


 


ЖАНАРЫМНЫҢ ЖАРЫҒЫ МЫҢ ТIРIЛДI

Ақын Несiпбек Айтұлына


Сескендiрдi шаңдатып шабыт көптi,

Құмырасын тарихтың шағып төктi.

Нес-ағаңдар адасып жүрегiнен

Қозғалысты сан мәрте қағып кеттi.


Күн орнатып қуанттық тесiп көктi,

Мәңгiлiктер жөңкiлiп көшiп кеттi.

Сәулесiнен шабыттың құрастырып,

Жинады өмiр қаншама Несiпбектi.


Қайта-қайта көтерiп кiрпiгiмдi

Жанарымның жарығы мың тiрiлдi.

Мұңаймас-ты дүние сiздей бәрi

Жамап жатса жанымен жыртығымды


«Сана суреттері» жинағынан




Көрілген: 180    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 16.04.2018, 13:07

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30