Алаш ақыны

Әміре ӘРІН: Қырдан асып барады киік күндер...

  • Әміре ӘРІН: Қырдан асып барады киік күндер...

    Әміре ӘРІН: Қырдан асып барады киік күндер...

Әміре ӘРІН 1957 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданының  Дөңши ауылында дүниеге келген. 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің  журналистика факультетін бітірген. 2012-2013 жылдары Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінде оқып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. 1978-2015 жылдар аралығында Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газетінде тілші, жауапты хатшы, Киров аудандық «Еңбек туы» газетінде редактордың орынбасары, Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде аға тілші, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары,  «ТУЗ» акционерлік қоғамының бас директоры, «Спорт» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, Алматы облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары,  Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы,  Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2015 жылдың ақпан айынан Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы.


Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,  ҚР Спортына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстанның  Құрметті журналисі, «Еңбектегі ерлігі үшін» және де отандық мерекелік алты медальмен, республикалық «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісімен марапатталған. Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі, Педагогика ғылымдарының магистрі, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының  (2008 жыл) лауреаты, «Ақ қарға алау жаққан Азиада» (2010 жыл) республикалық мүшәйрасының Бас жүлдегері, облыс және республика көлеміндегі өзге де мүшәйралардың  жеңімпазы, Қаратал және Көксу аудандарының Құрметті азаматы. 


1999 жылы «Тылсым тыныс» атты деректі повесі, 2004 жылы «Тамызық» деген атпен өлеңдер жинағы, «Кенен жерім – Көксуым» публицистикалық еңбектер жинағы,  2006 жылы «Ауғанның от-жалыны» зерттеу кітабы, 2007 жылы «Маздақ» жыр жинағы, «Томирис» әңгімелер топтамасы, 2017 жылы «Айқабақ» жыр жинағы  жарық көрді. Топтама өлеңдері "Жыр жауһары" қазақ поэзиясының антологиясына, өзге де бірқатар  республикалық жинақтарға енген. 


 

ТҰРАН ТҰРАҒЫ

Кәрі күн ерен қырағы,

Жанарға жасын жасырған.

Еуразия тұрағы –

Тұран жұрттың ғасырдан.


Ұлы Далам,

Арда шың,

Бабамның беу, көзі еді.

Шумерлер тегім, қандасым,

Жұртымның жайнақ – өзегі!


Дәуірдің озып тезінен,

Жәдігер жетті қатталып.

Қайыңның қожыр безінен,

Ұрпаққа ұрық жас тамып.


Ру-тайпам өзін таңбалап,

Заманнан жұртын оздырды.

Айбарлы Алаш хан балап,

Қашады тасқа сол жылды.


Қанатын созып қағанат,

Құрлықтар жігін жалғаған.

Қалдырмай дүзде жаманат,

Көк аспан көктей самғаған.


Грегі, парсы, қытайы,

Қыр астынан қылтиып.

Бабамның түгел ұпайы,

Мыңдық,

Жүздік ұлт жиып.


Төрткүл түзген шеңберде,

Көкбөрі болып үн салдым.

Шежіре жетер терберге,

Құлданған шақта құрғалдым...


Жадымда,

Бәрі қанымда,

Адамзат енді түйсінді,

Арылма,

Рухым, Арылма,

Мәңгілік шертер күй сынды!


ТІЛЕКШІ

Ән әлдиі, жыр толқыны тербеген,

Неткен ғажап,

Тіптен дарақ жер дер ем.

Аңыз елі алғы күнге асықса,

Ен даламды тойдың күйі кернеген.


Қозым ба екен…

Әлде Қодар алысқан,

Ғашық жырын жайсаң жерден сан ұққам.

Баян болып тау да, тас та, дала да,

Мен де бір кез отты дертке шалыққам.


Бұлақ өрген Тарбағатай төрінен,

Олжа салып, ой-тамызық өріп ем.

Нарын, Таңсық, Айғыз, Қурай, Балықты,

Сендер барда биік болып көрінем.


Сергиополь сергелдеңі есімде,

Күн еңкейіп ауа берген бесінге…

Алакөздер дуан құрды дүрлігіп,

Кешір оны,

Бүгін енді кешірме.


Ақ кіреуке,

көк сауытты кигенде,

Жаудың қолын жойқын күшпен игем де.

Ер Қабанбай жасын жанып, індетіп,

Тоғыз толғап, Толағай бір тиген де!


Қол бұлғайды қоңыр белден таныс күн,

Көк түріктің байрағы боп алыстым.

Өтті күндер,

Көпті үндер, бел буып,

Қалың қазақ құшақ жаяр, қалыс кім?!


Тілекшіңмін, Аягөзім, ар тұнған,

Тұран толқып,

Тарих түлер нарқыңнан.

Алты Алаштың ардағысың арман жоқ,

Жайнап,

Көктеп, жаңғырады нар тұлғаң!


МЫҢ БІР ЖҰПАР

Мың бір жұпар аңқитын,

Шиліқарын, шилі сай,

Аққу,

қазы қалқитын,

Өзен-көлдің игісі-ай.


Бесағашым,

айбыным,

Арғы атамнан жалғасқан.

Әлдилейді айдының,

Алқалаған таңғы аспан.


Жадырасам – жазирам,

Жабырқасам – тұрағым.

Кілт қайрылса қайырмам,

Тәңір деп медет сұрарым.


Келері көп,

кетері,

Жанарында – жампозым.

Арманға түбі жетеді,

Қалды білем, қол созым?!


Сағым құшып құлпырар,

Шиліқарын шілдеде.

Ақын жүрек

жыр тұнар,

Сазын сыйлап Сізге де!


ТҮЙСІК

Өмір деген өрнегіндей үйшінің,

Мың бұралар қыл беліндей бишінің.

Адастырмас –

Жаңа туған айдай боп,

Сүйегіңе тура бітсе түйсігің.


Бауыр тартқан қарасын да, көсемін,

Сапардамыз қансонарда қос өрім.

Армандарым ала қашар қазір де,

Көрер бәлкім,

Келер ұрпақ өтемін!


Кежегемді кері тартқан – кесір күн,

Түйсіне алмай тосылғанмын кешіргін.

Түйсік,

Сенің мысың басып талмау тұс,

Сол-ақ екен ақ самалдай есілдім.


Тіленшіні қолын жайған қолдаман,

Жүрсін мейлі,

Тірлік қымбат, ол да аман.

Бірақ, достым, тірі жүру түйсіксіз,

Басқа берсе,

Бәрінен де сол жаман. 


ЖАСАРЫП ТАҢ

Бүршік атып оралар бағалы күн,

Мерекеге,

жігітім, жара бүгін.

Шабыт шалқып барады есі кетіп,

Шегін қуып,

Домбырам сағағының.


Ән әрлісі әлі де "Жайдарман-ай",

Шырқатып шырқау көкке айтам талай.

Жыл он екі ай баптап ем "Балқурайды"

Тыңдасын құлақ түріп байтақ маңай.


Аулынан ақындардың ат арылтқан,

Аққу үнін айдында қатар ұққан.

Бірдің сөзін айтамыз,

Мыңның жөнін,

Біз тойласақ кетеді жасарып таң.


Ақ балтырлы ақ қайың көркем еді,

Саясында қыз-жігіт өртенеді.

Қыр басында қара ағаш тына қалып,

Қылық тұнып,

Құмыға теңселеді...


Ақ бұлақтар айдында жарқыраса,

Көрген емен көңілді тартып аса.

Қыздар тойын қыздыру қиын боп па,

"Көрші-көрші" ойнайтын салт ұнаса.


Тұлпар тыныс аша ма қамшыласа,

Күнге оңа қоймаған қалпым аса.

Бәрінен де бәденді жеңгемді айтсаш,

Балқып кете беретін бал сұраса.


Керім күйін еншілер ен даламның,

Бес қаруы бойында мен де алаңмын.

Қиқу жетті құлаққа нар тәуекел,

Әлде жамбы,

Әйтпесе теңге алармын.


Ана – бақыт,

Ана – жыр,

Ана – ғұмыр,

Жақсылықтың жайнақ-күн сабағы бір.

Сегізінші наурызым сезсең егер,

Жан жұмағы, әр жылғы жаңа дүбір. 


ЖҰМАТАЙДЫҢ ЖҰМАҒЫ

Жұматайдың жұмағы сұлулық па,

Солай екен,

сал жігіт туын жықпа.

Жалғастырғын әуенін Ләйлә күйдің,

Ымырт түсе ылдидан ұрын шық та.


Сері дәурен салтының көнергені-ай,

Сертің бар ма,

келбетің,

өнер қалай?

Қаймықпағын қасқа жол адастырса,

Бұлтты күн де бақытқа бөлер талай.


Мұқалиді пір тұтқан төресің бе,

Самғау қиын Жүмекең өресінде.

Досқа адал,

дұшпанға төзбес пе едің,

Шыңғысхан боп мөріңді бересің бе!


Алағай деп көрмеп ем,

бұлағай деп,

Түзелсін деп көш басы тұрам-ай тек.

Жүрсе екен Ләйләнің сіңлілері,

Жақын тартып біздерді Жұматай деп!


Жанарына жарық кұн ұя салған,

Ләйләсінен мың бір сан мият алған.

Жүрегінде жаңа ұрпақ жыр төгеді,

Бейнесімен қара мұрт, қияқталған.


САҒЫНЫШ

Асығып балғын күндерге сонау,

Теңіздей толқып келем мен.

Туған жер тылсым үндерге толы-ау,

Толағай тартар тереңнен.


Тау болып мінез танытып жатар,

Құм-жота шөгіп кеткен бе?

Көгенін әкем ағытып жатар,

Құбажон еңіс беттерде.


Қырқа ма мынау қылығым қалған,

Астында ардақ ауылым.

Қаршадай шақтан ұғынып алғам,

Жауынын ақ нұр, дауылын.


Сіңірдім бойға қырдан да жұпар,

Шалғайда шынар есейдім.

Сарғая тосып тұрған да шығар,

Бейіті әке-шешейдің.


Бұл белден ассам бұлқынып жүрек,

Ерік те бермес өзіме.

Уақытты ұтып, ұмтылып жүр ек,

Басылды-ау оттай көзіме.


Бүлденің беті алқадай әне,

Сақталған сәні таң асып.

Алдымнан шығар қалқатай, кәне,

Жүрген сол бірге жарасып.


Көбелек қуған жас шағым менің,

Қуырмаш ойнап ойпаңда,

Елемей келдім басқаның кенін,

¤зіңде қалып қойсам ба?!


Қырқа да биік, еңселі қалпы,

Сағыныш екен бәрі де,

Шыдағам қалай, мен тегі жалқы,

Оралмай шаттық әніме.


Бабалар жортқан байтақ ел еді,

Бойтұмар бүгін ұрпаққа.

Атажұрт салтын айта келеді,

Жөні жоқ салар бұлтаққа.


Қырқаға міне шығып та қалдым,

Қымбатым ерен – сен екен.

Көзімнің жасын сығып та алдым,

Мерекем менің, берекем!


ШАМШЫРАҚ

Беу, Сүйінбай, Сүйінбай,

Есімің елдің туындай.

Жыр нөсері төгіп тұр,

От ойнатып суынбай.


Хас жүйрікті таңдар ма,

Тіл қатар төре-хандарға?!

Турасын айтып тураған,

Өзіңнен асар жан бар ма?!


Жыр алауы жанғанда,

Жыр-құмар көңіл қанған ба?!

Қабан жырау батасы,

Таңданба, қауым, таңданба?!


Бөрілі байрақ білгенім,

Көк аспанға ілгенің.

ЖаҺан тартса желбіреп,

Беріктігі іргенің.


Алты Алашты алқалап,

Қарыс жерді қалқалап.

Үлгің қалды төрімде,

Жас ұрпақта бар талап.


Іледен ары жатырмыз,

Орақты-жұрт батырмыз.

Айдын ұшты ғарышқа,

Нағашыда –асылмыз!


Жария күйде үн қатып,

Кер даланы жырлатып.

Сүйінбайдай сүлейге,

Нағашы болу бір бақыт!


Арайлап атар ақ таңы,

Жамырай жайнап бақтары,

Сүйекең жолы шамшырақ,

Елімнің мәңгі мақтаны!


ТІЛІМЕ КІРШІК ЖУЫТПАН

Мінберден мінсіз сөйлеп те кетем,

Жалыңнан ұстап жайылған.

Хан сарайларға төрлеп те жетем,

Талайды тілмен қайырғам!


Жәдігөйлермен жауласып келем,

Тағдыры тайғақ – тұлдыр кіл.

Бар қазақ білсе – сау басың дер ем,

Қайран да ұлы бұлбұл тіл!


Бәрі де мендей елеңдей ме екен,

Бейнеңді байқап солғындау.

Кердеңді көрсем жебеңдей тесем,

Сол безбүйрек қор қылды-ау!


Халықты кейде мақтау да қиын,

Үн тастап, науқан салады.

Мұндайда жетпей даттауға миым,

Сенімім семіп қалады.


Көсеміңнің де,

Шешеніңнің де,

Тосылған сәтін көп көрдім.

Өремді білсін – өтемің менде,

Бөгетін бұзып, өткердім.


Аяққа ағаш тұсау салдырған,

Алладан емес, адамнан.

Көңілде суық қырау қалдырған,

Ұстап жүргендер жағамнан.


Намысқа ерен қайрақ та болған,

Қаруы мыңға – Абайдың.

Жырымен Жамбыл жайнап та толған,

Тотыма сені балаймын!


Мың суарылған көк темір едім,

Айналған берік құрышқа.

Іздегендерге көктемін дедім,

Тіліммен бірге, дұрыс па?!


Аспанда аппақ жүрсем бе деймін,

Тіліме кіршік жуытпай.

Тілсіз,

ділсізге күлсем бе деймін,

Қазақты ғажап ұлықтай!


КҮНДІ СҮЙДІ КӨКБАЙРАҚ

Бағынды,

Бейжің, алынды,

Таққаным кілең лағыл-ды.

Байлап ап қанат ұшқан ем,

Сағымды қуып ағынды.


Мұқылай гован ұрпағы,

Туды бір тұлға ұл тағы.

Елдігім сынға түскенде,

Болмаған ешбір бұлтаңы...


Бәрі де қаным,

тегімде,

Сүйсінген патша, бегің де.

Көкбайрақ күнді сүйді бір,

Аспанның асты елінде.


Айтарым көп-ау,

мақтанам,

Қыранды кілең баптағам.

Жанкүйер жанын түсінем,

Жеңістің дәмін татпаған.


Асқар да,

асқар – асқар бел,

Арманым менің асқан бел.

Бейжіңде Илья серт тұрып,

Теңселді таудай, Аспан-Жер.


Алматы – Алау жаққаным,

Атсын деп алдан ақ таңым.

Ғарышқа ғажап жайылды,

Алтыннан алқа таққаным.


Құрыштан құйған сом мүсін,

Серпіді сойым қол күшін.

Анығын айтсам ақ жол боп,

Айнымай келді сол түсім...


Байқады бөгде айламды,

Қанжығам бүтін майланды.

Салған жерден сан соқпай,

Бір тоғыз бірден байланды.


Құрсағы алтын аналар,

Мұраты ұлттың саналар.

Аман да болсын ұл мен қыз,

Алтын мен күміс сан алар.


Айдарлы күннің жамалы,

Жүректе мәңгі жанады.

Қазағым!

Белді бекем бу,

Белдесер сәттер бар әлі.


Бәйгеде болып тігері,

Қайралып намыс жігері.

Әнұран көкте шалқысын,

Елімнің шығып мың Ері!


ҚАРАТАЛЫМ

Мекені кие қонған бар атаның,

Тегімді тұнығыңда таратамын.

Сен ақзер биігісің адалдықтың,

Торымды жағаңа кеп жаратамын.


Әлдилер әлі де сол ала таңың,

Түлеген тұмар жерде бала шағым.

Базарым!

Берерім көп әлі қанша,

Жоқ сенде арындым-ау, алашағым,

Байтағым!

Қара жұртым, Қараталым.


Құлаған таудан төмен болмысыңа,

Сүйсінгем елден бұрын қолды ұсына.

Ақ күміс араласқан ағысыңда,

Қызыққам көрші құрбы шолпысына.


Жағаң саз,

Өрің тастақ, суың балдай,

Бас алмай періште қыз жуынардай.

Айнала ақ шатыр боп көрінетін,

Сиқырлы,

Көзді байлар буың қандай?!


Тамсанам,

тағы да айтам, тоқтай алман,

Талыңнан анам таңдап оқтау алған.

Сағынам,

Санам бусап жағалауда,

Самал жел қойса егер соқпай алдан.


Білсек те Бар мен Жоқтың ара санын,

Жарлыны жаны таза жаратамын.

Жар салам!

Жампоздардың жалғасы деп,

Ұландар ұлықтауға жараса мың!



Бұлаққа бауыр тартқан қарасамын,

Арнаңда алғы күнмен жарасамын.

Қазір де ай аунамай ауыл асып,

Өзіңмен қауышып жүр дара таңым.


БҰЛАҚ

Көзге де түсер алыстан,

Қалқадай тартып.

Күнменен ғажап қауышқан,

Шалқалай балқып.

Бойынан құстар ұшады,

Тізіліп аспан.

Ойымды қиқу тұсады,

Түзіліп жатқан.


Алысып жүрген қозы, лақ,

Бірден бас қояды.

Маңдайын тасқа соғып ап,

Тіптен жас қой әлі...

Бұлағым бұлаң қағады,

Қылығы асып.

Алқынып арна салады,

Тұнығы тасып.


Күмістен моншақ тағып ап,

өңірден өріп.

өрнек құрады ағып-ақ,

Көңілмен көріп.

Еңіске ынтық құлайды,

Есіліп ойнап.

Қара жер сауыр сылайды,

Бесігін бойлап.


Бұлақты көрсе қиырдан,

Қиыспай кетіп.

Құтты мекенге бұйырған

Ту ұстай жетіп.

Жарқырар көзі танадай,

Сезілмей лебіз.

Ұланын күткен анадай

Көз ілмей теңіз!


МАЗДАҚ

Гүл аңқыған көктеме шатқалынан,

өлең өріп,

ақжелең ақтарылам.

Маздақ бейне ұстамым,

маздап алып,

Дүбір тосып, думанды сапқа тұрам.


Данамен де ұғыстым, шаламен де,

Аспанмен де,

қауыштым даламен де.

Шыңдалмасаң шоқ аунап,

шар болаттай,

Қиын екен тік тұру қара жерде.


Маздап келем,

әлі де маздап келем,

От-алаумен өмірді қозғап кенен.

Жанып тұрып сан мәрте соқпақ салдым,

Сағым құшқан сүрлеуге саздақпенен.



Үміт жібін жалғаумен атар таң да,

Алып шықтым ақсұңқар сапарларға.

Жарық сәуле көздедім жапан түзде,

Ұялатып жалқы нұр жанарларға.


Үн тербедім үкілеп қыл қаламды,

Сыңар санап сыр тұнған сырғаларды.

Алтын аршып көрмедім,

күміс күптеп,

Аппақ әлем,

айналам жырға қанды.


Көкала үйрек көкке ұшып кеудемдегі,

Қанат қақсам –

жастықтың жеткен лебі.

Қырықта да Қырымнан шырай бердім,

Елу деген қазанат белдеудегі.


Қырдан асып барады киік күндер,

Пенде бар ма уақытты ұйыттым дер?!

Патша көңіл пәрменін байқадың ба,

Бәкене күй кешеді биік мінбер...


Жалғаны көп жаћанда жыр ұнай ма,

Ақ боранда ақ көңіл жылымай ма?!

Жамбы алған жампоздар шоғырынан,

Іздегейсіз – маздаған ұлым қайда?!


Сездірсе де сыртымнан күз көмейін,

Желін тартқан жемісті үзбе деймін.

Қиыр бетке көз салам,

қыран көкке,

Табиғатым бұл менің түзге бейім.




Көрілген: 1295    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 23.08.2017, 00:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    3 Қыркүйек, 15:16
    Әбубәкір ҚАЙРАН: ЕРАСЫЛ
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30