Алаш ақыны

Әсел Оспан: Қолшатырда бір тағдыр болып тоғысқан, Түсіңнен кетпей жүр ме күз?...

  • Әсел Оспан: Қолшатырда бір тағдыр болып тоғысқан, Түсіңнен кетпей жүр ме күз?...

    Әсел Оспан: Қолшатырда бір тағдыр болып тоғысқан, Түсіңнен кетпей жүр ме күз?...

--ЖАРЫМА--

Арманым биік өрлесе,

Шабытым сел боп селдесе.

Жырларым сен деп шөлдесе,

Қасымда болшы менің.


Көнермін өмір шартына,

Кетпеші менен тартына.

Қарайлап қалсам артыма,

Қасымда болшы менің.


Жігерім құм боп үгілсе,

Үмітім белден үзілсе.

Көзіме моншақ тізілсе,

Қасымда болшы менің.


Жауабын таппай тылсымның,

Жоғалса мəні күлкімнің.

Күйлері кетсе ұйқымның,

Қасымда болшы менің.


Соқыр, мылқау мұңдарым,

Көзімнің отын ұрладың.

Кеткенде сұлулық сұңқарым,

Қасымда болшы менің.


Тəрк етсем мына ғаламды,

Сағыныш жеңер санамды.

Тырнатып алсам жарамды,

Қасымда болшы менің.


Бақытым ашар құшағын,

Өзіңмен мəңгі ұшамын.

Қандай да ғажап туса күн,

Қасымда болшы менің...

***

--СЕН ӨМІР СҮРУІҢ КЕРЕКСІҢ--

Кеш жансам да келмейді ғой тез өшкім,

Жұбатпайды, жұбата алмас мені ешкім.

Өртенсем де өзім жаққан отыма,

Сен өмір сүруің керексің.


Сұрықсыздау тартпасын десең өмірім,

Қу тірліктен қалмасын десең көңілім.

Ғажайыптарына айналсын десең өңімнің,

Сен өмір сүруің керексің..


Жапырақтың сыбдырынан іздесін демесең,

Бұлақтың сылдырынан іздесін демесең.

Шуақты күн нұрынан іздесін демесең,

Сен өмір сүруің керексің.


Жұлдызды түндерімнен іздесін демесең,

Жұпарлы гүлдерімнен іздесін демесең.

Бұлбұлдың үндерінен іздесін демесең,

Сен өмір сүруің керексің.


Жеткізбес сағымнан іздесін демесең,

Кешқұрым бағымнан іздесін демесең.

Тамшыдан, жауыннан іздесін демесең,

Сен өмір сүруің керексің.


Ақ басты таулардан іздесін демесең,

Өрілген баулардан іздесін демесең.

Найза ұшты жарлардан іздесін демесең,

Сен өмір сүруің керексің.


Қазбауыр бұлттардан іздесін демесең,

Иесіз жұрттардан іздесін демесең.

Қанатты құстардан іздесін демесең,

Сен өмір сүруің керексің.


Сырғалы ай-нұрынан іздесін демесең,

Орманның нуынан іздесін демесең.

Аққудың жұбынан іздесін демесең,

Сен өмір сүруің керексің.


Тау-тастан, төбеден іздесін демесең,

Күн сайын көшеден іздесін демесең.

Жырлардан, өлеңнен іздесін демесең,

Сен өмір сүруің керексің.


Сені емес, сағымды күтсін демесең,

Гүл емес, қабірді құшсын демесең.

Уақыт аз, ғұмырым бітті деме сен,

Сен өмір сүруің керексің.

Мен үшін.......

***

--ҚАР АСТЫНДАҒЫ ГҮЛ--

Қар астында үсисің бүрсең қағып,

Көк көйлегің көрінбей, күлтең налып.

Қыз қылықты көктемнің қылығын-ай,

Ақ жаулықты мезгілсіз кидің неғып.


Сызы батты білемін, ызғарлығы,

Елеп жатқан көз салып кім бар мұны.

Тамырларын сұп-суық сүйіп жатқан,

Əлде қыстың көктемге құштарлығы.


Ғазал жүрек бірге үсік шалынғандай,

Дегбірімнен күй кетті сабыр қалмай.

Табиғатты оятқан сұлу көктем,

Қойсаң етті, қыс қарын қабыл алмай.


Қар астында үсіген көк шынарым,

Қара жердің қашанда боп тұрағы.

Үсік шалып, бауларда, далаларда,

Естіртпеді, сап тиылған құстың əні.


Қар астында үсисің бүрсең қағып,

Қыс суығы жалмапты бүлдеңді алып.

Сенің тоңған жаныңды қайтсем екен,

Жапсам ба екен, үстіңе күртемді алып.


Қар астында үсіген нəзік гүлім,

Кеткендейсің бір түрлі азып бүгін.

Жылытар ем, жылынсаң жүрегіммен,

Білем сенің алдыңда жазықтымын...

***

--ҰШҚАН ҰЯ--

Ұшқан ұя жанымның шамшырағы,

Балалығым, пəктігім, жан шуағым.

Күзім өтті, қысым да, жаздарым да,

Жаңбырың боп көгіңде тамшыладым.


Ақ арманды, қиялды тоғыстырған,

Ай-арудай кезетін шолып қырдан.

Менің іңкəр жүрегім сол ұяда,

Ізгілігін кеудеме толықтырған.


Шақырады тұс-тұстан таулары да,

Шақырады өрікті баулары да.

Сағыныштан жүректе бір түйір ет,

Апырай, қалды ма, қалмады ма?


Ұшқан ұя əлі де тұр жадымда,

Жиі əкетіп түсімде, ұрладың да.

Желбіреген тұлымды ерке қызды,

Басқа ұяға жатсынып қимадың ба?


Бұрыштағы үй көзіме ыстық ұрып,

Шығардай желең көйлек қыз жүгіріп.

Əке қолын, жылуын, алақанын,

Сен арқылы сіңірдім, кеттім ұғым.


Балапандай ұшырған ұясынан,

Қанаттанып қауырсын қия шыңнан.

Сағынышты жүрекке түйіп алып,

Ұшқан ұя өзіңе жиі асығам....

***

--ЖАН САМАЛЫМ--

Жан самалым, арман əнім, аңсағаным,

Ғазалым зарықтырған қаншама күн.

Жанарым сүйіп тұрып көкжиегін,

Əуенім құлақ түріп тамсанамын.


Таң самалым еседі жанға жалын,

Қиялыма тəп-тəтті арбаламын.

Сағыныш сыңар қанат құсым ба едің?

Шағаладай шарқ ұрған бар ғаламын.


Жан самалым, таусылды қанша амалым,

Жанымды жайлап алды қаншама мұң.

Жер-дүние айналасың шыр көбелек,

Қалды екен қанша көктем, қанша жазым.


Таң самалын құшырлана жұтамын, тамсанамын,

Жүректерге жыр төгіп, жол табамын.

Көрігімде қайнатсам қызыл қанды,

Кетер мұң да алыстап, шаршағаным.


Жан самалым, жүрегімде саулайды арман-ағын,

Тағдырым қилы-қилы таң қаламын.

Жан-жарым, таусылса да қанша амалың,

Сен менен шаршамағын, шаршамағын...

***

--ЖЫРЫҢ ƏДЕМІ--

Еліттің еркем, сырыңа мені,

Ғажайып неткен, жырың əдемі.

Тоңазып қалған жүрегім-керім,

Отыңа балқып жылына берді.


Жылына бердім, жырың əдемі,

Жұмсақтау ғана жығыла бердім.

Жетім ойдан шаршаған жүрек,

Құшаққа қайта тығыла берді.


Жырың əдемі, сырың əдемі,

Бөлесін күйің нұрына мені.

Қиялым жайып қанатын көкке,

Өзіңе қарай бұрыла берді.

Өйткені, жырың əдемі....

***

--ЖАРҚЫРАШЫ КҮНДЕР--

Жарқырашы күндер санамда сəуле сілкінсін,

Ах ұрып кеудем соңғы рет қана күрсінсін.

Жұтаңын қушы көңілдің мұңшыл көзінен,

Адамдығым үшін бəрі де бəрі мүмкін сын.


Жарқырашы күндер мойылдай көзге нұр сіңдір,

Тойынып қалсын шуақтарыңнан құлқым бір.

Омырау еміп, сүт іздеген күндердей,

Өмірге келген сəбидей қайта құлшындыр.


Жарқырашы күндер нөсерден кейінгі сəттей бір,

Көзі де күннің ұяла қарасын пəктей бір.

Аспантаулардың арыны ғана дем берер,

Қарысын мейлі, жаным мен тəнді өрттей жыр.


Жарқырашы күндер жылға азық болсын, бар айым,

Лапылдап бірге жалындайыншы, жанайын.

Тағдырдың барлық сəтсіздіктерінің үстінен,

Өмірге ғашық көздермен ғана қарайын.

Жарқырашы күндер жарқырай берші, жанайын.....

***

--КҮЗГІ ƏУЕНДЕР--

1.

Кетті ме арманды ай үнсіз,

Қол жетпес көкке көтеріп.

Жүрдіңіз менсіз қалай сіз,

Жүрекпен жырлы от өріп.


Сездіңіз бəлкім, əн-ғұмыр,

Сіз жаққа баяу жетерін.

Атырған менсіз таңды мың,

Айналып шыққа кетерін.


Қас-қағым сəтте шарпылып,

Жалынға сүңгіп кеттіңіз.

Беймезгіл шақта жанды үміт,

Беймаза күйді кешті күз.


Сезімнің айдай шолпысын,

Жүрекке іліп кеттіңіз.

Жапырақ біткен толқысып,

Жақын ең жанға текті күз.


2.

Жаныңды ұқтым, емес екенін жай тегін,

Алтайдан ауып, Алатау кезген ай ма едің?!

Күртігін аршып, жылт еткен сезім-сəуледен

Жүрегім аунап түсер ме екен, қайтемін.


Тағдырың мені алыстан ғана сый қылып,

Қара түндерде ақ жауын болып, сүйді үміт.

Жүрегің сонда кетті ме еріп, білмедім,

Талай жылдардан шықпай жүрген бір күй бүгіп.


Теңселді ойлар, жүрегімдегі жыр-теңіз,

Өмірде бөлек, қиялда ғана біргеміз.

Қолшатырда бір тағдыр болып тоғысқан,

Түсіңнен кетпей жүр ме күз?...

***

--ƏКЕ--

Тəңірімнің жазуы бар Алла деген,

Дəм-тұзың да бұйрықпен болмақ екен.

Өлшеуі жоқ өмірдің əр парағы,

Бір ғұмырлық алдамшы, жалған екен.


Аяулы əкем,

Жан əкем,

Асыл əкем

Таусылмайтын сағыныш қазына ма ең?!

Алдыңа кеп ақтарылсам, айыптама,

Өзің жатқан зираттың басына кеп.


Тірелгенде құлпытасқа жер-үйің,

Дөңгеленді көз алдымда кең үйім.

Бізді бөліп тұрған осы қара тас,

Дей алмайсың, төрлет қызым, кел үйің.


Арамызды бөлді талай өткелдер,

Бөлді талай жаздар менен көктемдер.

Ей дүние, əкеге деген сағынышымды,

Баршаға айтсам сөкпеңдер.


Келдім əке, естимісің жан даусымды,

Баса алсам ғой құшақтап, бар мауқымды.

Сен кеткен соң кеудемді құрт кеміріп,

Жылай-жылай көңілден зар таусылды.


Сезесің ғой, айтпасам да сен іштей,

Қалатынын тағдырымның келіспей.

Əлде менің арман-жолым əуелден,

Болмағаны тегістей....


Жоқ əке, бəрі-бəрі жақсы менде,

Сағынғанда қайтемін жасты үнемдеп

Таң атқанша ұйқымды күзеткендей,

Түнеугүні кеп кеттің ақ күреңмен.


Дұшпаным көп, дей алмаймын жоқ досым,

Жауласуға дəл өзіңдей жоқ қошым.

Анам аман, қос бауыр да үй тігіп,

Немерелер өсіп жатыр көш тосып.


Ауыл сол, баяғыдай тұр орнында,

Ұшқан ұя жанымның тұрағында.

Сенің орның құлазып қалмасын деп,

Кеткендеймін көп батып, сірə мұңға.


Менің жайым бата ма қабырғаңа?

Жаным əке, мені ойлап жабырқама.

Саяң бөлек болғанмен, жаным бірге,

Бой үйреттім шыдам мен сабырға да.


Жалынынан жастықтың оттар алып,

Тез есейдім, баяғы жоқ балалық.

Сені əкеткен жиырма жасымды ойлап,

Оңашада егілем, жоқтап алып.

Қайтем əке, басқалай жоқ та амалым....

***

--АҒАТАЙ ДЕУШІ ЕМ--

Ағатай деуші ем, көңілімменен адалдық,

Ағатай деуші ем, өңіңнен көрмей қаталдық.

Ағаның ғана ақ жүрегінен ағылар,

Шуаққа тұнған, мейірім толы хат алдық.


Ағалап барсам алдыңа еркін, ерке едім,

Оқумен өлең жылжитын уақыт, ерте күн.

Өлеңді сүйген мендегі іңкəр жүрекке,

Қалғаны керек, бітпестей тəтті ертегім.


Аңқаулау маған көзіңнің тастап қиығын,

Асқақтатып-ақ əкетуші ең көңіл биігін.

Ағалап келген мендегі ыстық ықылас,

Ойнақтап жүріп, от басып кетті ме киігім?!


Ағатай деуден арылғым келмей көптен мен,

Үркіп-ақ ала жөнелді көңіл жоқ деуден.

Адасып қонған бақыттың құсы сірə, бұл,

Күзінде жетіп, келмеген бағзы көктемнен.


Ағатай деуші ем, ағалап барып алдыңа,

Мейіріммен қараушы ең аңқау қалпыма.

Сеземін бəрін, сезбесін неге жүрегім,

Есігін ашып сезімнің келдім алдыңа.

Жүректі тыңдап, демедім не дер ар мына...

***

--ТАУҒА КЕТКІМ КЕЛІП ЖҮР--

Тасбауыр қала жанымды менің жауратты,

Мезгілдер қайда аралайтұғын бау-бақты,

Мұқаңдар аңсап, жанына медет іздеген,

Аралап менде кетсем бе екен тау жақты.


Мынау тірлік тірлік пе, еңсемді езді еселеп,

Қалдым ба əлде уақыттарымды кеш елеп.

Тəңіртаудың басын да бұлт шалады,

Мұң шалады деді біреу кеше кеп.


Тіршіліктің бал-күйін шерттіретін,

Тауды аңсадым, езіліп ет жүрегім.

Тəңіртауда балалық жасым қалды,

Қасиетін де бірге бер деп тіледім.


Етегінде гүл тердім, тасынды арман,

Бұлақ едім, кең жайдым, қосылды арнам.

Қауырсын жыр, жаныма салмақ болмай,

Жанымды ора жаураған жасындардан.


Тауға кеткім келіп жүр, тауға барғым,

Ауасынан ет қызып, лауланармын.

Тасқаланың тасбауыр тірлігінен,

Жан-сарайым тазарып, алданармын.

Тауға кеткім келіп жүр, тауға барғым... 




Көрілген: 6046    Пікірлер: 3

сенбі, 28.05.2016, 18:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30