Алаш ақыны

Әскерхан АҚТАЙ: Сезім қылын шерте алмай алдыңда, Отыр бәлкім... жүрегі жоқ құлтемір...

  • Әскерхан АҚТАЙ: Сезім қылын шерте алмай алдыңда, Отыр бәлкім... жүрегі жоқ құлтемір...

    Әскерхан АҚТАЙ: Сезім қылын шерте алмай алдыңда, Отыр бәлкім... жүрегі жоқ құлтемір...

Жалғыз киік

Белгісіз бейіт, бес томар,

Қырқаны қымтап кеш қонар.

Бөлініп қалған бөкенге,

Бөрінің өзі ес болар.


Құлаймын десін орға кім?,

Жалғызға көрер сор қалың.

Қара жер сенің бесігің,

Көк аспан сенің қорғаның.


Бәйтерек сая болар ма?,

Жапырағы болмаса.

Сар дала сая болар ма?,

Төсіне қырбақ қонбаса.


Көкжиек асты мұнар бел,

Көрген жан сені сыңар дер.

Теңіздей толқын селеуге,

Тебіндеп қайта шығар дер.


Қараша басы жаңбырлы,

Қарт терек түбін саяла.

Жалғыздан жалғыз тағдырды,

Аяла, тәңір, аяла.


Себезгі жаңбыр төксе бір,

Селеулі дала шайылар.

Сағымды бұйрат, көкше қыр,

Ақбөкен қайта жайылар...


Аядым…

Құс қанатты терістіктен соғар леп,

Жылусыз ба, сая күн?.

Сүмбіленің салқынына солар деп,

Гүлдер сені аядым.


Тізбектелген керуен күн көшердей,

Саған құшақ жаямын.

Селдетіп бір басылатын нөсердей,

Сезім сені аядым.


Қыр жамылып қырық рең тылсыммен,

Қоңыр кештің бояуын.

Батар күнге қарап ұзақ күрсінген,

Қарияны аядым.


Бұл ғұмырда бір біріне сай деме,

«Шаңы шықпас жаяудың»,

Жабыменен қатар қосқан бәйгеге,

Арғымақты аядым.


Таудан аққан ақ өзендей тасымай,

Сырғып жатыр баяу күн.

Жарқ етіп бір осып өтер жасындай,

Жастығымды аядым.


Уақытты тоқтата алмас мың айлаң,

Салар жүзге қаяу-мұң.

Көркімді әжім торлайды деп мұңайған,

Сұлуларды аядым.


Іңір сазы: мына жалған бекер деп,

Жоқ-ау, сірә баяның.

Жалған дүние сенен-дағы өтер деп,

Жайсаңдарды аядым.


Өмірімнің бір сәті...

Айда кейде көлге нұрын сеппейтін,

Болсадағы күлкің бал,

Мәңгі бақи есіңнен ег кетпейтін,

Өміріңде бір күн бар!


Көктем сазы құс үнімен тіл қатты,

Аққайыңдар сыр сақтар.

Өміріңде бәрінен де қымбатты,

Қайта оралмас бір сәт бар!


Құрлықтар мен мұңлықтардың арасын,

Құс қанатты жыр жалғар,

Кім жазады-ау жүрегіңнің жарасын,

Сені күткен бір жан бар!


Кең аспанның секілді бір тіреуі,

Тау жамылып таң нұрын.

Жымыңдаған сан жұлдыздың біреуі,

Бәлкім, сенің тағдырың!


Шыны ғұмыр сынса егер қалпына,

Келтіре алмас мың шебер.

Ғарыш жақтан сәуле тастап артына,

Жұлдыз тағдыр бір сөнер!


СЕЗІМ ПЕРНЕСІ...

Түн пердесін бозғылданып таң сөгер.

Қуанамын шолпан жұлдыз жанса егер...

Сенің сұлу мүсініңді сала алмас,

Жиналса да ғаламдағы бар шебер.


Аққу арман ұшар қағып қанатын.

Көл бетіне күміс тамшы таматын.

Сенің сұлу дидарыңды жаза алмас,

Жырласада жаһандағы бар ақын.


Тәуекелддің арты мұнар, алды нұр,

Шақырады сері дәурен, сал ғұмыр.

Тербете алмас сенің нәзік жаныңды,

Жиналып ап сайраса да бар бұлбұл.


Сыр қатпарын ақтарады тінтіп ой.

Өмір базар, бір күн қайғы, бір күн той.

Күллі шайыр айта алмаған теңеуді,

Көлденеңнен біреу айту мүмкін ғой.


Сырғып уақыт, сынығындай шекердің

Өтсін мейлі айлар, жылдар, бекер күн.

Неше шебер сыза алмаған бейнеңді,

Бір бейтаныс салса, қалқам не етермін?.


Түсін мені... жырларыма үңіл де.

Тағдырыңнан еш уақытта түңілме!.

Бұлбұл біткен оятпаған жүректі,

Бірақ...біреу тербетпей ме, түбінде.


Жаңбыр жауса мөлдірейді күлте гүл,

Тамшы тұнған гүл жанарын сүрте жүр...

Сезім қылын шерте алмай алдыңда,

Отыр бәлкім...жүрегі жоқ құлтемір...


Ұлытауға бардың ба...

Ұлытаудың тасында ұлар ойнар,

Ұлар ұшқан сол таудан күн арайлар.

Кеше кеткен керуеннің елесіндей,

Көңілімнен көшеді мұнар ойлар.


Ұлытаудың киесі ұлар құсым,

Құрбан етер тағдырын сыңары үшін.

Қара тасты қақ жарған, қарт бәйтерек,

Қарашада жел соқса сынармысың?.


Ұлытаудың шыңдары, тасы қандай?,

Тарау-тарау жолдары қосылардай.

Құйын дүние төсіңнен бұрқырайды,

Құлан қуып адасқан Жошы хандай.


Ұлытаудың саумалы Кеңгір ме екен?,

Төскейінде селеуі селдір ме екен?.

Сарыарқаның желімен жарысатын,

Сар даланың еркесі сен бір бөкен.


Ұлытауға бардың ба, ұлар барма?,

Жібегіндей даланың мұнар бар ма?.

Ұлытаудың төсінде ұлықталған,

Ұлтым қашан жетесің ұлы арманға?.


АҢСАР

Жылғаның бойы нар қамыс,

Жылымық суда бар ма ағыс?.

Жылытқан жанды жәудір көз,

Жырақтап солай, қалды алыс.


Сезімге көнер кім шыдап?,

Көңілде әлі мың сұрақ.

Ибаның есіп лебі,

Жүзіңнен тамып нұр шуақ.


Сылқым күй төгіп сыбызғы,

Сырлы сол сазды кім үзді?.

Сыңғырлатып сырғаңды,

Сызыла құйдың қымызды.


Ақсауыр таңдар арайлап,

Жүрсіңбе жолға қарайлап.

Салкүрең дәурен бұрылмай,

Түсер ме бір күн самайға ақ?...


Бұлбұл құсым...

Таң нұрында сайраған бұлбұл құсым,

Қалай ғана ұмытсын, кім құрбысын.

Сылдырлаған бұлақтың сыңғырысың,

Күмістелген сырғаның күмбірісің.


Оң жағыңда аяулың айың болар,

Сол жағыңда сүйеуің қайың болар.

Жабыққанда жаныңа шуақ беріп,

Жанарыңнан оқи ма, ойыңды олар.


Сезім деген еркіңе бағынбас күш,

Өмір деген қызығы арылмас түс.

Айқыш ұйқыш ауаны тілгілейді,

Қанатымен хат жазып қарылғаш құс.


Ағып жатыр асығып көлге бұлақ,

Еркелейді тербеліп желге құрақ.

Жер бетінде арманда жолыға алмай,

Сен де жырақ, жүрсіңбе, менде жырақ.

2014.08.25-26 Алматы


Қобда деген өзен бар суы тұнық...

Қобда деген өзен бар жағасы жар,

Жылқым өтер сол судан аласы бар.

Қобда судың бастауы Бестау ма екен,

Иығына еркелеп таң асылар.


Қобда деген өзен бар суы тұнық,

Жете алам ба жағаңа мың ұмтылып.

Жарға ойнаған лақтай бала күнім,

Ұзап бара жатсың ба, ұмытылып.


Қобда деген өзен бар Алтайымда,

Толқын ойнап арқамда малтайынба.

Лағыл маржан аспанға лақтырып,

Көмкеріліп жағасы тал, қайыңға.


Қобда деген өзен бар өткелі жоқ,

Мұзарт шыңдар, сары жота, бөктері көк.

Аңсадың ба кешегі кекілді ұлды,

Тұнығымнан бір жұтып кетпеді деп.


Қобда өзеннің басы еді Сарымсақты...

Қайырылмай сол күндер сағымша ақты.

Тайға мініп жағаңда жарысатын,

Сағынамын оралмас жалын шақты.


Алтайымның басынан күн аумаған,

Көк түріктің мекені қыран далам.

Қобда деген бір су сол Алтайда,

Сыңарындай Ертістің сылаңдаған.


Менің тұлпар тағдырым!

Кереге таста кекілік,

Келе кетсең болмай ма?

Жел айдаған жетім бұлт,

Күннің көзін торлай ма?


Қайқы қанат қарлығаш

Қайырыла кетсең қайтеді?

Дертім менің арылмас,

Дауа болар айт емді.


Бұлдырап ұшқан бұлдырық,

Бұрыларсың бір күні.

Жіпке ине ілдіріп,

Жамала ма, жыртығым?


Ұлытауда ұлармын,

Ұмыттың ба, ұлтыңды!

Мұнар, мұнар, мұнар күн...

Тістелеймін ұртымды.


Тілім тілім езуім,

Зәлімнің көрдім зәбірін.

Таусылмайтын төзімім,

Сарқылмайтын сабырым.


Мінәжат қып күні-түн,

Таңға ұласар таңдарым.

Үзілмейтін үмітім,

Адастырмас арманым.


Туар...толар Ай ғұмыр,

Сырғанайды сылбыр күн.

Тыпыршиды Тайбурыл,

Ширықтырып шылбырын.


Өмір жолдар жосылған,

Маңдайға алып таң нұрын,

Аламанға қосылған

Менің тұлпар тағдырым!


* Әскерхан АҚТАЙ, ақын, драматург. Моңғоляның Баян-Өлгий аймағында туған. Қазақстанның, Моңғоляның жоғарғы оқу орындарында білім алған. Қазір мемлекеттік қызметте. Көптеген республикалық және халықаралық жыр сайыстарының жүлдегері. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық «Ұлытау ұлағат - ұлт тарихы» жыр мүшәйрасының бас жүлдегері. Баян-Өлгий аймағы «Қызыл қайың өлкесінің мәртебелі азаматы» (2015 ж) 




Көрілген: 2089    Пікірлер: 0

жұма, 28.08.2015, 15:19

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30