Алаш ақыны

Асылан ТІЛЕГЕН: Жылады Ол жаңбырлардың атынан, Мені қанша жауратып

  • Асылан ТІЛЕГЕН: Жылады Ол жаңбырлардың атынан, Мені қанша жауратып

    Асылан ТІЛЕГЕН: Жылады Ол жаңбырлардың атынан, Мені қанша жауратып

Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


ҚАРКЕШКЕН


Күртік кешкен еліктейін ербеңдей,

Қыз келеді діріл қағып, жан жібіп.

Сұлу қызбен ойнағысы келгендей,

Үстіне қар төгіп берді тал-жігіт.


Сəл мұңайды қыз "сауықшыл жігітке,"

Тосын сыйын күтпегендей-күткендей.

Үңілдім мен, жатыр онда бұғып не?! -

"Мүсəпірдің жетім хəлін ұқ мендей.


Ұқсатарың қайда арыңды қарға аппақ,

Көктен түскен қар дегенің - жəй ақ па?!

Иілгенше көтердім мен салмақтап,

Тірлік біткен баспау үшін аяққа.


Солай, сұлу, осы менің борышым,

Тəтті арыңды - ақ қарыңды ұшырма.

Жерге бермей, саған төктім сол үшін,

Ерісін деп ерініңнің ұшында."



Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


АДАСҚАҚ


Өткен қауыспын,

Келер сəуірмін.

Өліара кезген өлең шағыммын.

Осы көктемнен қорқамыз неге?!

Толқынын кештік нелер сағымның?!


Өмірден сені іздесем қайтті?!

Өлеңде осы "біз" десем қайтті?!

Жамылсам түнді ол да сені айтып,

Көзімді жұмсам түз де сені айтты.


Түз - жүргіш жандай,

Түннің несі бар?!

Көңіл - жандосым, мың күнге шыдар.

Келер көктемім - ормандай қара,

Кірпігіңдегі кірбіңде шығар.


Келер жұмамын,

Өткен жексенбі,

Айға да аңсарым кектенбеуші еді.

Нені іздеп жүрсің?!

Мен нені іздеймін?!

Келмеген əлі көктемнен...

Сені...



Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


ЭТЮД


Тереземнің дәл алдында күнде осы,

Азалыдай Алматының күн, кеші –

Кебінге орап, қаумалай кеп қар біткен,

Жерлеп жатыр жапырақтың мүрдесін.


Жауған қардың желігінде жүр үнім,

Жоқтау айтқан жел үнінде тұр үнім.

Айырбастап алғым келіп тұрмын мен,

Жар басында жалғыз тал,

Қалтыраған жапырақтың ғұмырын.



Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


КӨЛЕҢКЕ


Айдап келді жел еркесі,

Аппақ қардың көлеңкесін -

Жүрек-жайға қонып жатқан,

Секілді екен өлең көші.


(Өлең көші,

Қош келесің!

Елемеңіз ештеңесін.

Жүрек-мекен күтуде əлі,

Неге, неге бос келесің?!)


Көлеңкесі көркем екен,

Жан-жарықты өртер екен.

Аппақ қардың көлеңкесі!

Қалай оны еркелетем?!


Көлеңкеге аттап ерем,

Қата алмады - қат деген ем.

Жауып жатыр, қонып жатыр,

Жүрек-жайға аппақ өлең.


Жарды ойладым - əз күндерді,

Көлеңкелі саз бүрленді.

...Қар жауып тұр, қар жауып тұр,

Жазғым келді, жазғым келді.



Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


АЛМАТЫДА ҚАР ЖАУЫП ТҰР


Алматы қазір өлең оқып тұр,

Өлең оқып тұр қар жайлы.

Өлеңге сұлу елең етіп тұр,

Енді ұғып тұр ол мəн-жайды.


Оқып тұр өлең дүрілдеп асқақ,

Кірпігі қарға ауырлап.

Жас ақын сынды күнінде адасқақ,

Тау-ақын оны бауырға ап.


Қар жайлы өлең - жалғыздық жайлы,

Өзі де сірə тым жалғыз.

Шіркін-ай дерсіз, қар мұң бұзбайды,

Куəгер - елтіп тұрған қыз.


Көзінен оның оқы мəжнүн-мұң,

Сықсыңдар ауық шоғы үміт,

Ынтыға өзі оқыған жырдың,

Нұрына тұрды шомылып.



Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


?


Жалғыздығым - жаныңнан,

Жалбыр мұңың - жолымнан.

Жарықтығың - барымнан,

Жалғандығым - жоғыңнан.


Жанқиярың - жаралым,

Жұмсақтығым - жібегің.

Жұмбақтығың - жанарым,

Жүректігім - жүрегің.


Жарықтығы - күнненбіз,

Жұпарлығы - гүліңіз.

Қайта туып жүргенбіз,

Бірімізбен біріміз.


Жүргендігім жан мұздай,

Құрысын ба?!

Құрысын!

Жаһандағы жалғыздай,

Жан кешкенім - кім үшін?!      (28.12.2016)


 


Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


ҮР


Шағымдымыз тағдырлардың атынан,

Оралуға сол бақыт.

Жылады Ол жаңбырлардың атынан,

Мені қанша жауратып.


Күн атынан күлген болдым, таңғы арай,

Күйіп кеттім соңара.

Қарашада құлап кеттім аңдамай,

Өліара...


Бізді күтіп тұрғандығын алда не,

Білетін кім?

Сауап па?!

Үр атынан кім сөйлейді, ал, қане?

Ол өзі жоқ сабақта...



Бисмиллəһир Рахманир Рахим!


АҚПАНДЫ ШЫҒАРЫП САЛУ


Ал, Ақпан,

Енді осымен қоштасалық.

Өткен де шығар көптен баста сауық.

Басынан алабұртып Алатаудың,

Тұрғайсың сол күнімді еске салып.


Үзілер таң бозынан ән екенбіз,

Тағы да Тәңірімді жар етерміз.

Қалқаның кірпігіне қонақтап ап,

Сіресіп жата алмаспыз қар екеуміз.


Соңғы қар - көзіме кеп жас тығылды,

Жұбатып отырайын мас күнімді.

Көктем те келеді енді, бұлдап менің

Сұлудың көзіндегі жастығымды.


Білмеймін...

Күтіп жүрген жоқпын оны,

Ол жайлы досым менің көп біледі...

Ақпан-дос,

сырым менің саған мəлім,

Құдайдан жəне сосын жоқ білері...


Ал, Ақпан,

Қоштасайық. Жоқ реніш.

Қалдырғам шығар бəлкім көңіл еміс.

Сен мені кешіре сал,

Менде бары

Қоштасқан өмірлерге тебіреніс...




Көрілген: 2459    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 06.03.2017, 09:57

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    3 Қыркүйек, 15:16
    Әбубәкір ҚАЙРАН: ЕРАСЫЛ
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31