Алаш ақыны

Азамат Нұрмұханов: Айға ұшып кеткенше кеудемдегі, Аялаймын Алланың жан тұмарын...

  • Азамат Нұрмұханов: Айға ұшып кеткенше кеудемдегі, Аялаймын Алланың жан тұмарын...

    Азамат Нұрмұханов: Айға ұшып кеткенше кеудемдегі, Аялаймын Алланың жан тұмарын...

Әкеме

(Балалық шақтан бір үзік сыр)

Әке, менің есімде балалығым,

Теріп өстім жайлауда дала гүлін.

Желбаудағы байланған тұрушы еді,

Қара құлын кісінеп ала құлын.

Тамашалап желектің бүр атқанын,

Әке сенен өстім мен сұрап бәрін.

Тауға қарай ентігіп шыға алмаушы ем,

Тойдырғанда құздағы бұлақ қарын.

Есімде әке жаңбырлы жылы таңы,

Балаң қалай жайлауды ұмытады?

Анам мені толғатқан Жамантаста,

Естілмейді-ау сәбидің үні тағы!

Көктегенін көрмесем Көктөбенің,

Кімге, не деп артамын өкпені елім?

Менің кіндік қанымды сіңірген жер,

Сағыныштан сарыуайым жеп келемін.

Жайлауда өткен жан әке балалығын,

Шалалығын есіне алады ұлың.

Арман қуып мен келген Астанада,

Жұлдырмайды рұқсатсыз дала гүлін.

Ех, шіркін!!!

***

Жұбату

Жабырқама жан-жарым жаныңдамын,

Жалындағын жайнатар бағыңды әнім.

Жігеріңді құм қылып күдер үзбе,

Жаратқанның сыны деп қабылдағын.

Балдырғандай аңқиды оң уысым,

Білем құдай береді мол ырысын.

Бұлт шалса да көгімді былқ етпеймін,

Біз екеуміз бақытты болу үшін.

Өзің барда торламас жанарды мұң,

Өзектегі танады жарамды кім?

Өкінішін құлының ұмыттырып,

Өтінішім аллаға амандығың.

Қурай сынбас құдайдың қалауынсыз,

Қаласа алла жаңбыр да жауар үнсіз.

Қайғы кеулеп кеткенде кеудемді бұл,

Қалай ғана жатады дала мұңсыз?

Алла ісі десем де алқынамын,

Аяқталмас арманға талпынамын.

Айға ұшып кеткенше кеудемдегі,

Аялаймын Алланың жан тұмарын...

Амал қанша!!!

***

Ақын қарындасқа

Сенің көргім келмейді жүзіңнен мұң,

Налыдың ба татқанда тұзын көлдің?

Тарам-тарам жолы бар тағдыр ғой бұл,

Адамға адам жолығар ізінде елдің.


Сенің көргім келмейді көзіңнен мұң,

Асып туған білмеймін өзіңнен кім?

Сатқындық бар,зұлымдық азғындық бар,

Өзің көрдің я,құдай төзім бергін...


Сенің көргім келеді күлгеніңді,

Күнде күнді шуақтап жүргеніңді.

Мен,қалаймын сын сағат аша алмастай,

Мәңгі есікті ішінен ілгеніңді!!!

***

Анаға сағыныш

Сағындым ана, өзіңді қатты сағындым,

Қалада мынау қадірі қашты сабырдың.

Арманым мені жаныңнан алыстатқанда,

Сезілді бірден суығы жауын дауылдың.

Қаланың таңы жетпей жүр ауыл таңына,

(Отбасымды алып жетемін қашан жаныңа?)

Ақылымнан тек адаспай жүрсем болғаны,

Маңдайым ыстық тигенше алақаныңа.

Асыл анашым,аяулы анашым жан ана,

Ақылыңды айтып жүруші ең ақын балаңа.

Ержеткеніммен тұрса да еркелегім кеп,

Еркелетпейді адамдар қатал қалада.

Құлшынып ұлың құшағын кеңге жаяды,

Мәнді болса да мен тапқан бақтың баяны.

Жаутаң қағады тамшы мұң толып жанарым,

Сендегі ыстық таба алмай іздеп саяны.

Ардақты анам қадірлі анам анашым,

Сағынышым ғой тауысқан төзім шарасын.

Ақылыңды мен кетуші ем кейде тыңдамай,

Алыстық екен арттырар адам бағасын.

Қайтейін көңіл сағынышымен шектелсе,

Ақылға көнем ақынға өлең еп берсе.

Асығып жүрмін мән кетіп ұйқы-күлкіден,

Жаныңа сенің отбасымды алып жеткенше.

***

Шүкірлік

Жігерін қайрап қамсыздың,

Күдерін үзбей әлсіздің.

Мейіріміне бөлеген,

Аллаға шүкір сансыз мың!

Тәуба деп атты әр таңым,

Тағдырын тарпып тарпаңым.

Адамнан емес қорықсам,

Алладан ғана қорқамын.

Жетпесін досқа күш мейлі,

Бітпесін қанша іс мейлі.

Бұлдыр да бұлдыр бұл күнде,

Аузымнан алла түспейді.

Қатқанда өмір қатал үн,

Мұңның да дәмін татамын.

Алақан жайып алладан,

Сабырлық тілеп жатамын.

Арманым биік тау қарлы,

Елес қып белес бауларды.

Ұйқымнан аман оянсам,

Аллаға айтам тәубәмді.

Жігерін қайрап қамсыздың,

Күдерін үзбей әлсіздің.

Болмашы жоқтан бар қылған,

Аллаға шүкір сансыз мың!

Аллаға тәубә сансыз мың!


***

Д ауылды күнде ық болар,

О йымды бірден ұқты олар.

С уық пен ыстық қаймығып,

Т өзімдеріне құт қонар.

А дал тым достық арына,

Р азымын достар барына.

Ы мыңды бірден түсініп,

М ұң батырмайтын жаныңа.

А рмандарына нұр тұнған,

М ақтайда білген сыртыңнан.

А надан бәрі айнымай,

Н амыстарымен бір туған.

Ж иыла қалса кеште егер,

Ү лкен керуен көшке енер.

Р ахаттана алмай дұшпаны,

С ұлбасы түсіп сескенер.

І лескен көшке дүбірлі,

Н ар тәуекелімен мығымды.

Ш ідерін үзген шеменнің,

Іздеушілерім бүгінгі...

P.S. Достарым аман жүрсінші..!

***

Достарды сағынғанда

Ішіне ене амадым көп шырайдың,

Бұл жақта өтіп жатыр кекшіл ай,күн.

Үйімнің ашылғанда есігі еппен,

Келген кім Ернияз ба деп,сұраймын?

Ей,өмір ала алмаған кек бар қандай?

Күткенімнің бірі де кетті-ау қалмай.

Бұрылып есік жаққа қарай берем,

Ашылса Рахат досым кеп қалғандай.

Жатқанда жауап таппай сауалға көп,

Алланың нөсері бір жауар ма кеп?

Естілсе дала жақтан қоңыр дауыс,

Қараймын терезеден Рауан ба деп.

Жүрмін бе дұға алладан мен өтінбей,

Кім едім жалғыздыққа көнетіндей?

Тұтқасы сәл қозғалса есігімнің,

Төлеген үйге кіріп келетіндей.

Күндер-ай бойға сіңіп ас батпаған,

Мен емес ойларынан қашқақтаған.

Есікті ашып қалам өз-өзімнен,

Азеке...дегендей боп Асхат маған.

Тыныштық бірер сәтке тұна қалып,

Өлеңді отырғанда құрап алып.

Тосыннан қалай Азке?-десе біреу,

Тәттібек сияқтанып тұрады анық.

Далада асыр салған көп баланың,

Телмірсе жүздеріне от жанарым.

Бірі ұзын бірі кіші келе жатқан,

Қайрат пен Қуат екен деп қаламын...

***

Иә, менің,

Өлең ішім, егістік миялы егін.

Шырмауығы гүлденіп тербеледі,

Кеңістіктің көркейтіп қия, белін...

Егістігім,

Самалына тербелген жер үстінің.

Жанарыма қаяу мұң түсе қалса,

Күнгейіне күйдірер терістігін.

Миялысы,

Кермек татқан көк шалғын қиял іші.

Жалбыз болып жанымды жазбаса да,

Мен үшін ол,желектің зиялысы...

Егін өлең,

Ақиқаттың жете алмай шегіне мен.

Шырқырадым не таптым шындықты іздеп?

Сылқ-сылқ күліп жалған тұр жерімеген.

Ішімде мұң,

Баспай алға қойғанда ісім менің.

Миялы өлең жанымды жегідей жеп,

Маза бермей жатады түсінгенім...!

31.07.2013ж.

***

Мен мұхит болам дегенде

Құлатпас құмын жыраның,

мен емес сірә су ағын.

Жер тесіп шыққан тұп-тұнық,

бүлкілдеп жатқан тұмамын.


Туғызар елең құлаққа,

күліп те ағар жылап та.

Мен бәлкім енді келемін,

жәй ғана ұқсап бұлаққа.


Шыңдалғанымды сезем де,

жігерлі жастық кезеңде.

Дүркіреп ағып тасқындай,

жетермін бір күн өзенге.


Өзендей ағып сел толып,

бетімді самал жел қорып.

Ағыстан шаршап кідіріп,

жатармын біраз көл болып.


Ей,өмір арман емізген,

маңынан теңіз мені ізде.

Таппасаң көлден кеткенмін,

ұқсағым келіп теңізге.


Тула сен теңіз денемде,

мұхитты сірә көрем бе?

Қарттығым тұрар қасқайып,

мен мұхит болам дегенде...!

***

Контрабас аспабы

Үні қоңыр тыңдасаң жалықпай бір,

жұмбақ үнді қаншама жан ұқпай жүр.

Кең құшаққа сыйғызып ойнағанда,

әуеніне тербеліп қалықтай біл.

Тыңдай түссең кетердей талып етің,

дыбысы бар ұққанға жан үгетін.

Бұл аспапты ойнауға керек сірә,

ести білу әуенді қабілетің.

Саусағыңды тұрасың ырғап бөлек,

әуезіне пендені ымдап бөлеп.

Бұл аспапты ойнауға жүрекпенен,

сезінетін ерекше ырғақ керек.

Әсерімен тұрғанда бал үн демеп,

тұла бойды шарпиды жалын бөлек.

Бұл аспапты ойнауға ең әуелі,

құштарлық пен табиғи дарын керек.

Сезінгенге аспапта жылу бөлек,

Оның қоңыр дыбысын ұғу бөлек.

Әуеніңді тыңдаған жан болса егер,

жүрегіне жеткізе білу керек!

***

Көктемге

Жылы шырай далама енгенде еппен,

құстар үні естілер жер мен көктен.

Құшағына толтырып қуанышты,

шаттығына бөлейді келген көктем!


Қыстың суық ызғары артта қалып,

қыдырыстар басталар баққа барып.

Бала тілі бал болып жүгіреді,

көктем жайлы бір өлең жаттап алып.


Оянады жан бітіп шыбын,маса,

қайғы оларға мына күн жылынбаса.

Есі кетіп жұлдыздар жымыңдайды,

есінетіп ұйқыңды түн ұрласа!


Біздің сірә таусылмас сырымыз көп,

ойымда жоқ көктемнің гүлін үзбек.

Сүйіктіме алайда бәйшешектің,

қарап жүрмін өсетін қырын іздеп.


Толқын соғып жағаға жар құласын,

күннің көзі күркіреп зар жыласын.

Тек кешікпей келсе екен қанат жайып,

менің жақын жаныма Қарлығашым!!!

***

Сен де ұйқысыз мен де ұйқысыз бұл не түн?

Мазалы ойды іштей сезіп біл де күл...

Өмірге осы көңілге осы керегі,

Бірде жыла...бірде қуан...бірде өкін...

Сен де тілеп мен де тілеп бір дұға,

(Ұйықтамадық айналардай жындыға)

Бұл не өзі махаббат па сезім бе?

Не болса да мықтылығы сұмдық ә?!

Сен де атырдың мен де атырдым ақ таңды,

Жазған оқып қайта-қайта хаттарды.

Әрбір сөзі әуен болып шырқалып,

Әрбір сөзі өлең болып жатталды.

Сені де ойға мені де ойға батырған,

Қиял ма әлде адастырған ақылдан?

Болмайтынды болатындай армандап,

Таңым осы мен ұйқысыз атырған...

Сен де ойдан мен де ойдан арылып,

Атқан таңда жұмсақ көрпе жамылып.

Мен ұйқыға көзімді ілдім сағына,

Сен де ұйқыға көзіңді ілгін сағынып..!

***

Сұлуға

Жаутаңдап жүрсің бе сен?

сырыңды жайып түнге.

Кеткенде бір күнге есең,

тағасың айып кімге?


Алданып арманыңа,

калып ең,жалғыз өзің.

Ал,менің талғамыма,

ұнайтын бал мінезің.


Өшірдік сезімді ерте,

өртеніп жанамыз деп.

Жұбатар өзіңді ерке,

жүрмісің адам іздеп.


Жүрегің жылайды анық,

өткен күн оралмайды.

Ұшкан бақ шыр айналып,

басыңа қона алмайды.


Мендегі тылсым білсең,

Күйеді от денеге.

Әр күнің күрсіндерсе,

тағдырға өкпелеме...

***

Тамсану

Өне-бойым өртеніп төзім қалмай,

Мен сүйсініп қарадым көзімді алмай.

Әсем күлкің сыңғырлы сырға толы,

Әп-әдемі жан едің өзің қандай?!

Шіркін,кімнің бұйырған қалауысың?

Жалауысың бәлкім өрт алауысың?

Саған емес сендегі сұлулыққа,

Алла маған көз берген қарау үшін.

Жаулайсың-ау жүрегін күліп көптің,

Жымидың да көлікке мініп кеттің.

Ал,мен болсам сен жайлы ойға батып,

Қиялымның ішіне сіңіп кеттім.

Қарай бердім, қарадым қарап қалдым,

Сұлулықты бақытқа балатқан кім?

Таусылмайтын тәубасы пендесімін,

Жаралмаған жанарсыз жаратқанның...

***

Тұманды күн

Тұман дала,

Адасар деп тұрмысың күмәндана.

Көзді жұмып ішіңе еніп кетем,

Жолға түсіп тоғысар бір арнада.

Дала тұман,

Шабытымның түрттің-ау қанатынан.

Өлең оқып берейін өрнек толы,

Сен тыңдатшы есімнен танатын ән!

Тұманда шын,

Өлең жазбай белгілі тұра алмасым.

Жалпағынан жалғанды басып өтіп,

Ақын біткен шындық деп ұрандасын...

Күмәнданып,

Қу түлкідей құйрығы бұлаң қағып.

Адастыра алмасын білді ме екен?,

Көз алдымда сейілді тұман налып.

Тауға асыға,

Бұлтқа айналып кім кепіл жаумасына?

Тұманды күн күмәннан арылайын,

Тілеп алмай сақина сау басыма.

Тұман дала,

Тауға асықтың мендегі күмәнді ала...

Құлазыған көңілді көтеретін,

Гауhарлы өлең жауhарлы жыр-ән ғана...!

***

Ағаға сыр

(Жангелді Немеребай Темешұлына)

Алатаудан барады асып ұлы көш,

Ұлы көште бірі бауыр бірі дос.

Бәрі де артқан қуанышты,қайғыны,

Ақындықтың болмайды аға,жүгі бос..


Қарашы аға! Бәрінің бір тілеуі,

Ақынға тән жүдеп қайта түлеуі.

Мың ғасырға татыса деп жазғаны,

Шың басында отыр әне біреуі.


Бәрі мықты.Болса болсын өр мейлі,

Жанымды сол көштің мұңы тербейді.

Өрлесе ақын көкте күнге өрлейді,

Өлмесе ақын көппен бірге өлмейді.


Тыңдашы аға! Ақындыққа бет бұрдым,

Батылдыққа білегімді бек түрдім.

Жыр қылышым.Қалам.Қағаз сауытым,

Шындық үшін құрбандыққа кеп тұрмын.


Ұлытаудан кетсе де асып ұлы көш,

Ұлы ақынның шығар кейде үні кеш.

Ақындықтың тарта алмасаң азабын,

Батылдықтың білем, аға жүгі бос...!

***

Шер

Қашанғы төземін,

Өртенді өзегім.

Жүрегім жаным бар,

Бойымда тулаған қаным бар,

Өлең-жыр айтылар әнім бар,

Сезім мен махаббат жалын бар,

Сенім мен наным бар.

Осының бәріне түкірсең,

Тапсырдым жанымды алыңдар!

Бұлақты, өзенді, көлімді,

Қыратты,асуды белімді.

Үзілмес үміт пен сенімді,

Сатуға жан керек болса егер,

Өзім-ақ қазайын көрімді.

...Жалға да бермеңдер жерімді.

Иә,мен кедеймін,

Бірақ жоқ демеймін.

Далиған даламды,

Ар-иман санамды,

Қасірет кеулесе мен қалай,

Шаттыққа бөлеймін?

Күн асты Қытайлар жерді алса,

Қызды алса,елді алса,

Ашу мен шерді,

Шекпен мен шенді алса,

Болашақ ұрпаққа не деймін?

Ей,билік құлақ түр,

Жүрегім жылап тұр.

“Жақсы сөз-жарым ырыс” қой,

Жылатпай жұбат бір.

Көзіңе шел болған байлықты,

Қайтесің лақтыр.


Елімді алдама,

Еріңді арбама.

Басыңды соққандай боласың,

Тасқа да тауға да.

Жасанды пейілің,

Қалмады мейірім!

Әй,қашан келесің тәубаңа?

Бабамның мирасы бұл мекен,

Түспесін саудаға...

Бермеңдер жерімді жалға да!


Атқанда таң күліп,

Жататын шаң қылып.

Ұрпақтың келері заңдылық.

Кие бар тасы мен құмында,

Рух бар Алатау шыңында.

Қасиет қонған жер,

Қасірет болған жер,

Тарихым санамда жаңғырып,

Тұр әлі...

Шуласын биліктің құлағы.

Бабамнан аманат Жер-ана,

Жазылған маңдайға мәңгілік...

Сатылмасын, жалға да берілмесін! 




Көрілген: 4972    Пікірлер: 2

сенбі, 07.05.2016, 11:26

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31