Алаш ақыны

Бағдат МҮБӘРАК: Поэзия деген далада екен ғой, Қалада ондай өлең жоқ!

  • Бағдат МҮБӘРАК: Поэзия деген далада екен ғой, Қалада ондай өлең жоқ!

    Бағдат МҮБӘРАК: Поэзия деген далада екен ғой, Қалада ондай өлең жоқ!

АҚЫН ҒҰМЫР

(боямасыз)


Орындалып жатса да бүкіл арман,

Талайды қу қара жер жұтып алған.

Қақ-соқта шаруасы жоқ қауақ бас қып,

Жаратыпсың оған да шүкір, Аллам.


Ақын боп нең бар еді, ақымақ-ай,

Айтудай-ақ айтты ғой һәкім Абай.

Сүйкімді көрінетін перизатым,

Сүйкей салған өлеңге татымады-ай.


Кеудемді күмбірлеткен, күй ағын боп,

Сұлуға кетуші еді қиялым көп.

Үлбіреп өзі үзіліп түспесе егер,

Қыздарға аса менің зияным жоқ.


Шайырды сойқан дейтін сорлы адам

жүр,

Түсіне алмай кетеді-ау оңбаған бір.

Ала-құла, қайтейін, күй кештірсе,

Анау-мынау адамға қонбаған жыр.


Біздерге жар болған ғой жалпы Құдай,

Әйтпесе асқақтай ма нарқы бұлай.

Өзектегі болған соң өлең сондай,

Өзім қайда барамын, жарқыным-ай.


Сөгерсің қар көбесін алтын күрек,

Көктем шуақ шашқанмен, салқын

жүрек.

Қыз ғұмырдың қызығын көре алмаған,

Түсіме неге сол бір марқұм кіред?


Маужырап құшағында барақ түннің,

Ойқастаған ойларды талақ қылдым.

Көптен жаза алмаған өлеңіме,

Көктен жаңа түскендей қарап тұрмын.


Шындық деп суға баттық, отқа күйдік,

Дегенмен жетпейді екен жоққа жүйрік.

Сөзіміз өтпейді екен тірі жанға,

Көзіміз жеткеннен соң, ноқта кидік.


Жылдарға жоқ базынам, ғасырға

өкпем,

Дүрия, Мағжан мен Қасым да өткен.

Жұрт сияқты жұлдызым сорғаламай,

Жарқ ете ғап түсемін, жасын боп мен!


Болмаған соң ойға сақ, сөйлемге абай,

Құлдилап бара жатырм төмен қарай.

Есі дұрыс адамға ұқсамаймын,

Осы менен шығады өлең қалай?


Бүгін де көздер – зағип, құлақ – ғаріп,

Сонда біз кімге жүрміз сыр ақтарып?

Қай пұшпаққа шығарад бес күн жалған,

Құрығанда бермепті бір апта ғып.


Тағдырымды көрген соң, ақылды аттай,

Маң-маң басып жүрсемші тақым

қақпай.

Қозғамай-ақ қоюым керек еді,

Қоз боп жатқан отымды лапылдатпай...


ТЕЛҚОҢЫР

(С.Сағынтайға)


Бұйырған Соқыр мәңгі ғұмырға,

Киерміз кебін солардың.

Құлын боп келіп барлығы мұнда,

Құлы боп кеткен қоғамның.


Күңіреніп таулар, далаң еңкілдейді,

Төбесін бұлт торласа.

Ауылың қазір адам өлтірмейді,

Ауруханасы болмаса.


Жолыңа қарап жүзі қараяды-ау,

Өңмені – өксік өлеңдей.

Менмұндалап тұрған Қызыларай анау,

Мені көрдің бе дегендей.


Ауасы да оның алабөтен ғой,

Тұрғандай тіреп төбең көк.

Поэзия деген далада екен ғой,

Қалада ондай өлең жоқ!


Өткердік талай аламанды да,

Азулы дейтін аз ақын.

Қара таппаймын Қарағандыда,

Қайраттай* мөлдір жазатын.


Абайдың өзін ұмытты-ау бәрі,

Біз кімге енді медетпіз?

Еске алулар мен құттықтауларды,

Шығару үшін керекпіз.


Бүйтіп көгерген көсегем құрсын,

Ұқсамасаң тумағыр.

Мен қайғырғанда осы өлең үшін,

Сен қайда қалдың, қу бауыр?!


Кіріптар болып өмірім Арға,

Шылқыта алмадым шекені.

Көзің жетпесе (көңіліңе алма,)

Сезімтал болсаң жетеді...


*Қ.Асқаров


Мезгіл


Көктем, мен сені сүймейтін болдым,

Жаһанды жұмақ қылсаң да.

Басымды имейтін болдым,

Мың жерден ұнап тұрсаң да.


Күз, мен сені сүйдім,

Сары алтын кейпіңді.

Кезінде ызғары ұнамаған,

Даламда жанар тұр сүйкімді.

Дәл бұлай қызға құламағам.


Ақшулан ақ қырау шалған,

Сыңары – жүрегім күздің.

Ұқсайды ұсқыным да әрі,

Құс жолынан күдерімді үздім,

Балқашта құс қырылғалы.


Қаланың сайқал қызындай,

Бұл көктем несін біледі,

Көңілді арудай аулайды не-

мен?

Бәрібір күз жігіт шешіндіреді,

Айттым ғой аумайды менен.


Бір көктемді сүйгенім бар-тын,

Беріліп бекер сезімге.

Жақсы көруші едім,

Қойылды нүктесі неден?

Бірақ ол кетер кезінде,

«Қош, жаным, күтпеші» деген.


Көктемді сағына тосқан,

Түсірдің көпке беделімді.

Һәм, бәлкім, ұнамады өлең,

Не үшін өкпелегенімді,

…сұрама менен!


БАЛҚАШ

Серілік құрып сауыққан жерім,

Алаң да, алаң балаң жүр.

Көресінімді зауыттан көрдім,

Әйтпесе менің қалам бұл.

 

Желмая мінген абадан жырау,

Тамсанып айтқан текті өлең.

Желпініп өскен қаладан мынау,

Жетіскенімнен кетпеп ем.

 

Мұржаңнан шыққан жаңбырсыз бұлт,

Көшірмесіндей тамұқтың.

Аққудың бәрін тағдырсыз қылып,

Жаратпағанын жаңа ұқтым.

 

Ажары тайып, солған гүл жылап,

Ғазалыма көрші, ал шыдап!

Өзімше күткен сол жаңбыр бірақ,

Көзімнен шықты тамшылап.

 

Меселім қайтып, мысы басылды,

Баз кешіп қайда беземін?

Көкше теңізім құсын жасырды,

Көкшетау жақта сеземін.

 

Бөктерде емес, көкте гүлдеген,

Шынарға біздей қайыр бар.

Шапанға сыйып кеткеніменен,

Шаһарға сыймас шайырлар.

 

Сорпадай қылып, сорыңды ішкенде,

Қайғымды мен де ұлғайтам.

Көңіл айтармын жолым түскенде,

Көліңе айтам ба, кімге айтам?!


Өзіме Эпиграмма

Қанша тыраштансаң да тағдыр шымыр,

Ей, менің құрсүлдерім шандыр-сіңір.

Қарағанды қаласы – қаңғыбастың,

Қаңғыра алмай жүр едің қаңғыршы бір.

 

Ел сияқты болмасаң есепке дүр,

Дәлізге сан түнерсің, көшетке бір.

"Көмір болса, өмір бар" - деп отырар,

Шешеңнің үйі емес қой шешек келгір.

 

Сұрағым көп... Ал, қайдан жауап табам?

Өз обалым өзіме сауап маған.

Көшелерді кеземін кездесер деп,

Пешенемді түзейтін сауатты адам.

 

Күлтөбенің басында күпірлік көп,

Ол да бізге, біз де оған түкірдік деп.

Тағдырымның кім қояр леп белгісін,

Бұ не қылған бітпейті нүтір, нүкте ед.

 

Қолдан «жұмақ» жасаған жұмбақ елі,

Тірі жан түсінбеді мұнда мені.

Ақшам ауса күндегі уайымым -

Бүгін қайда қонамын?

Кім бар еді?


Қаршадай қыз

Қаршадай қыз,

Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.

Бірімізге айта алмай сырымызды,

Түк таппаған адамдай тал санаймыз.

 

Есте қалар күніміз бүгіндейміз,

Бәденді едің бәйшешек, бүріндей қыз.

Бір қоштассақ айрылып қалатындай,

Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.

 

Иран бағым,

Қалай сонда кеудеме сиған жаным?

Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,

Ибалылық белгісі қиналғаның.

 

Мамықтай маужыратып жасыл желек,

Кеудеме кеп төсенді басың кенет.

Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,

Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?

 

Сосын түк те айтпаймыз ақтарылып,

Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.

Маңайыңа қарайсың мұңға батып,

Бақыт тауып алардай бақта жүріп.

 

Айдыныңда алаңсыз тәуір сырғып,

Қанатыңды алмашы қауырсын ғып.

Өріктей өңің сынып отырғаның,

Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.

 

Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,

Сонда бізді табиғат тек түсінген.

Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,

Найзағай да суретке көп түсірген.

 

Ғашықтар мен тағдырдың арбасқанын,

Аңғардың да түсіндің алғаш жаным.

Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,

Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?

 

Жаратқаным жар болшы жандарға әсем,

Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.

Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар:

Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,

 ...таңқалмас ем.


Бағдат Мүбәрак - 1978 жылы, 17 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында, Ақтоғай селосында туған. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін 1998 жылы тәмамдаған. Қалалық «Балқаш өңірі», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде және «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында, «Қазақ радиосында» қызметтер атқарған. Облыстық, республикалық жыр мүшәйралардың лауреаты. 2009 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Жалын» баспасынан «Құсни хат» атты жыр жинағы жарық көрген. 




Көрілген: 2525    Пікірлер: 1

сейсенбі, 22.09.2015, 09:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30