Алаш ақыны

Дәурен АЙМАНБЕТОВ: Фәни, Бақи арасы өлең. Өмір – Өлең...

  • Даурен Айманбетов. kultobe.kz

    Даурен Айманбетов. kultobe.kz

Айкезбе


Күндіз – ұйқы, түн – ояу,

Бұзылған күн тәртібі.

Айкезбе еттің, құдай-ау,

Ұйқымды ұрлау арқылы.




Берекесіз тірлігім,

Алға баспай бір ісім.

Бүгін тағы мұңлымын,

Қалды барлық жұмысым.




Ессіз сүю дегенің,

Шыныменен осы ма?

Сен деген әр өлеңім,

Айналып жүр досыма.




Маған жат-тын тұйықтық,

Ашық едім һәм аңғал.

Сезімдегі биіктік,

Жолыққаны-ай маған дәл.




Шыдамды ғой бұл төзім,

Үміт мені құлатпа.

Қинаса да қу сезім,

Бақыттымын бірақ-та!




Ақын Ә. Аймақпен коштасар сәтте


Көңiлiм елең-алаң.

Неге осы өледi адам?

Тағы бiр жайсаң өттi,

Әбiлда деген ағам.




Әбеке, Әбекем-ай,

Жылуға жаны өте бай,

Қара өлең құлагерi,

Рухани хан әкем-ай.




Қонақ боп келдiң кеттiң,

Сенбеймiн, сендiрмек кiм?

Соңғы рет көргенiмдi,

Дәл кеше мен бiлмеппiн.




Соны ойлап әуремiн көп.

Соңғы рет сау дедiм кеп.

«Думанды болсын деп ең»,

О сонда «дәуренiң» деп.




Күңірене қала жатыр,

Табытта дана жатыр.

Өзiңдi жерлеу үшiн,

Бiр топ жас бара жатыр.




Бiр топ жас ақындарың,

Жаныңа жақындарың,

Табытың - қоныр түстi

Жылатып жатыр бәрiн.




Қош аға, қош болыңыз,

Иманға дос болыңыз.

Сағынсам ендi сiздi,

Жұбатар бес томыңыз.

Жұбатар бес томыңыз.




Ақын Ә. Аймақтың соңғы жаза алмай кеткен жыры

(монолог)


Өлемiз-ау, бәрiмiз өлемiз-ау,

Көмемiз-ау, бiразын көмемiз-ау.

Ағыл-тегiл көз жасын төгемiз-ау,

Алла әмiрi деп сосын көнемiз-ау.




Қадiрiңдi бiлейiн, қадiрiңдi,

Қадiрiмдi бiл-ей, ұл, қадiрiмдi!

Мына басым тау-тасқа сан ұрылды,

Кетсем бiр күн сипарсың қабiрiмдi!




Өтемiз-ау бiр күнi сен де, мен де,

Кетемiз-ау, жер-бесiк тербегенде.

Денемiздi үйретiп көр дегенге,

Жетемiз-ау, жаратқан -кел дегенде.




Қадiрiңдi бiлермiз, қадiрiңдi,

Қадiрiмдi бiл-ей, қыз, қадiрiмдi!

Неге мына жұлдыздар бәрi мұңлы,

Көрер ме екем мен ертең тағы күндi?




Ей, жарларым, қырмызым, қызыктарым!

Ей, жандарым, ұл-қызым, бұзықтарым!

Сендерменен өткiзген күндердi шат,

Көз алдымда жатырмын тiзiп бәрiн.




Оу, жырларым, ақынды қиярмысың,

Оу, жылдарым, жүз томға сыярмысың?

Сендерсiңдер шығарған менi шыңға,

Тауыспақпын мен қазiр сиямды, шын!




Уа, замандас, о, сонда сүйкiмдi-ек бiр,

Уа, қаламдас, болсам да сиқырлы, өткiр,

Мен бiртүрлi алпыс жыл ұйықтамай-

Келгендейiн, қатты бiр ұйкым кеп тұр,

Ұйқым кеп тұр!!!




1 х 0 = 0!


Қай сан болсын көбейт нөлге,- нөлге тең!

Оны бiлмес ғашық жандар кемде кем!

Сендiк сезiм маған деген жоқ, күнiм,

Сондықтан да өзiң үшiн мен бөтен!




Жараладың. Қарамадың сен мүлдем,

Бiлмен, әйтеу, шыға алмадым көңілiңнен.

Көбейтiндi - "бiр" болғанмен, көбейткiш-

"Нөл" болып тұр, нәтижесi – нөл, бiлгем!




Қажетi жоқ, әжетi жоқ - мұңлы өмiр,

Жұптар онсыз жалған сүрiп жүр небiр!

Неге керек "нөлдiк сезiм көрсеткiш",

Нәтижесi болмаған соң - "бiр де бiр"?




Көп аңдады, жете алмады қол деген,

Шаршаттың ғой, "нөл" боп тағы дөңгелен!

Қатып қалған қағидасы-ай өзгермес,

Көбейтпеймiн ендi өзiмдi нөлге мен!




Сағыныш

(О. Бөкейге)


Сағынған ақ шашты Алтайдың солғын денесі.

Сен кетіп қалдың да - егесі.

Сарғайып күтуде тауың.

Суреткерінің әлі көз алдында елесі.




Аһ ұрар кейде, шақырар, келмейсің бірақ,

Ақ өлең бермейсің құрап.

Алтайдың сағынышын кееп,

Ай сынды неге аспаннан көрмейсің құлап?




Ғайып боп кеттің, ұйықтап, тұра алмай кеттің.

Ғасырды-аау сүре алмай кеттің.

Ғашық-ең биікке сонаау,

Ғарыштамысың, жаны азат қырандай тектім?




Ысқырық желді өр таулар іздер қысы да,

Ысылдап іздерді ұшыра.

Ымыраға да келмей,

Ырымдар сонда, -дұға ет- деп, бізден құсына.




Найқалып гүлдер нақыштап, көктем де келер,

Наурызға жеткенде кемел,

Нар тауың сені есіне алар,

Насардан түрлі төселсе көкпеңбек еден.




Ылдиға құлап төбеден "Қатын" суы да,

Ырғалар алтын шұғыла.

Ыстықтап өзіңе келер,

Ындыны кеуіп "Қатынға" халқың шұбыра.




Шынында сені тау сынды сағынған Мен-ем,

Шарқ ұрып ауылдан келем.

"Шыңғыстай" шақырып жатыр,

Шырайлы Шығыс шынарлы қабылдар мені ел.




Қараша. Қара


Қараша айы, қара суық,

Қара жел тұр аласұрып.

Қарасырап тірлік көзі,-

Қарауытқан қар асынып.




Қарасөзді есіп өлең,

Қарагеуім есінеген.

Қара-құра қарбаласқан,

Қара кеште кешіге ме ел.




Қара ағашта салқын, кәрі,

Қара қарға қарқылдары.

Қарауылдап қойшы малын,

Қаралы мұң-зар тыңдады.




Қараңғыны күткен бөрі,

Қарақшыдай тіктелді өңі.

Қарайлайды қора жаққа,

Қара жоны бүктелмелі.




Қара албасты сұм реңді,

Қара көбең іңір енді.

Қара қағаз хат алғандай,

Қаратау жақ күңіренді




Қарабайыр ой алмасқан,

Қарабарқын боялды аспан.

Қарасырап тірлік көзі,

Қалатындай оянбастан.




Мұқағали Мақатаев мүсiнi маңында


Мыс алдында талай рет сыналды алтын,

Мін тағуға асылға құмар ма әркім?

Мұзартына қонғаны өлең-шыңның,

Мұзбалақтың айыбы шығар, бәлкім?!




Мына дүние жалған ғой жалған десе,

Мәнзүр болмай* көз шығы тамған кеше.

Мезгілінде оқ атар,

мәңгілікке, –

Мүлгіп кетсең жыр арнар жандар неше.




Махаббатшыл сезімнің дері көпті,

Музасын Ол өмірлік серік етті.

Марапатын көре алмай тірісінде,

Маңдайынан сипамай өмір өтті.




Мейманы – өмір бүгінде жаны азатта,

Марқайып жүр ме екен Ол ана жақта?

Мойығанда келмеске кетіп еді,

Мұң шағар жан болмады да қазақта.




Мұңын айтып, иілмес қайыңға асқақ,

Мақұл көріп, ақынның жайын растап,

Мың жапырақ жүректі талға айналып,

Мүмкін, жанын жіберді Ол айырбастап.




Мекен бе екен, жер деген оғаш* талға,

Мекен бе екен көр деген? Ол аспанда!

Майгүлімен қарайды көктен кейде,

Мүшайрасында өзінің Таласқанға.




Мыс алдында талай рет сыналды алтын,

Мін тағуға асылға құмар ма әркім?

Мұзартына қонғаны өлең-шыңның,

Мұқағали айыбы шығар, бәлкім?


*Мәнзүр болмай – елеп-ескермеу.

*Оғаш – дара, бөлек, жеке, оқшау




Сахнадан көрініс


Көңiл-күйдiң тәбетiн ашар ма әуен.

Дауысыңа ұйып, алдыңда масаңдау-ем.

Күлiмсiреп қарадың сонда маған,

Әндерiңдi әуездi шашарда әуел.




Күмiс көмей, жез таңдай, ханша аруым,

Жүзiң қандай, қылығың, ән салуың.

Гүлдестеден бұлбұлдар тәж кигiзiп,

Бiлдiрердей саған кеп тамсануын.




Биiң де әсем созылған бұралаң кеп,

Мұқаң болса жыр жазбай тұра алар ма ед.

Заманында Шәмшiнiн туылмапсың,

Серенада қос-қостан шығарар ма ед.




Әсем әнiң, жымиыс, би ырғағы,

Көздерiңнiң ұялшақ қиылғаны,

Қалай ғашық етпейдi,

мұнда бiр топ,

Жiгiттердің жағдайы қиындады.




Ән сал, биле, бастарын айналдырсын!

Жүректердi еciртшi қайран дүрсiл!

Көздерiңнiң астымен маған қарап,

Жүргенiңдi бұларың қайдан бiлсiн.




Қайран әуен, қайран би, қайран өнер,

Қайран ару сұп-сұлу, жайна, көгер!

Өзiңдi әлi талай ұл арман етiп,

Қолын созса жетпейтiн Айға теңер!




Соңғы хат


Мен өзiңдi сағынғаным соншалық,

Қиялыммен сен тұратын мекенге,

Жатам ылғи жол салып.

Кейде қатты ойда ұйыктап кетем де,

Саған тиiс сезiмiмдi жүремiн,

Бiлдiрумен бөтенге.




Сосын бар ғой, аңсайтыным соншалық,

Қолдарыңды қолыма алып түсiмде,

Жатам сүйiп, тамсанып.

Айырылып сенен қалмас үшiн бе,

Елесiңдi кысам катты койныма,

Сиқырлы әлем iшiнде.




Қиял-түсiм, арман-мүсiн, ақ құсым,

Негiзiнде сен жайында түс көру,

Және, ойлау - таттi iciм;

Түс көрумен түн ұйқыны үш бөлу;

Шалдықтырып айкезбелiк дертiне,

Сагыныштан iшкен у.




Түсiмдесiң. Болмасаң да өңiмде,

Осы жазып отырған хат нешiншi?

Тоғызыншы кемiнде.

Осы жазып отырған хат - шешушi,

Жырым болсын саған жазған ең соңғы.

(Кеш, жүрегiм, кешiршi!)




Cенің көзің


Cенің мөлдір көзің қара нұр толы.

Баспасыншы торлап мұңлы бұлт оны.

Сұлулықты жазсам егер том-том қып,

Көздеріңе арналар-ед бір томы. 




Сенің көзің, сенің көзің - ең мөлдір,

Қара көздер, өмірімде көрген бір.

Көздеріңе арнар едім том неше,

Қалай саған кеш үңілгем мен көргір. 




Сенің айна мөлт-мөлт еткен көзің шын,

Ең, ең таза жандікі екен сезімшіл.

Сұлуларын тізсем былай, қазақтың:

Баян, Жібек, Еңлік, тағы - Өзіңсің! 




Сені көрсем жайнар көңіл ақ гүлі,

Сенің көзің көздердің ең саф түрі,

Көз алдымда жүрсең екен күлімдеп,

Қаракөзім, жырларымның авторы.




Бәрі де сен жайлы


Сан түрлі түс көрем бір түнде,

Сан түрлі жыр терем бір күнде.

Бәрі де сен жайлы, құдай-ау,

Дауа жоқ сағыныш шіркінге.




Сен жайлы бәрі де, сен жайлы,

Сал жаным сені аңсап қол жайды.

Уайымдап өзіңді алыстан,

Көңілім әрнені болжайды.




Қайдасың, жаным-ау, белгі бер,

Жоқсың ғой жерлерде мен білер.

Ауа емес тынысым – сен екен,

Тарылып барамын дем жібер.




Болса да бұлақтар өңге мың,

Қуаңдап, өзіңе шөлдедім.

Тіршілік көзі – су біреуге,

Мен үшін тіршілік сен бе едің?




Парақтар жыртылған үстелде,

Ұйқы жоқ, мұңайған құс пенде.

Сән кетті жырдан да көп жаза,

Нәр кетті көп көре түстен де.




Түс көрем сен жайлы бүгін де,

Жазумен өтті бұл күнім де.

Сен мені жоғалтып жүрмеші,

Себебі іздейсің түбінде.




Алло


Жаным-ау, жаны нұрдан, тәні гүлден,

Өзіңсіз қалмады өмір мәні мүлдем.

Сағынып, арпалысып сары мұңмен,

Қоңырау соғып тұрған тағы бұл мен!




Ұялың жатқан болар жаны шыға,

Көтермей қоясың-ау тағы, сірә?

Мен-дағы қасарысып қоймадым ғой,

Соншалық жерік пе едім дауысыңа?!




Жанымды малындырған жасқа менің,

Жүрегі ұялыңның тас па дедім.

Сеземін кеп тұрғанын сөйлескіңнің,

Әйтпесе, қайтарып та тастар едің.




Сөндіріп тастар едің немесе оны,

Соғамын.

Бұл қоңырау деме соңы!

Сөйлескің келмесе егер, таста өшіріп,

Білмейсің, неге соны?




Жаным-ау, жаны нұрдан, тәні гүлден,

Қоңырау соғып тұрған әлі бұл мен!

Өтінем, о байланыс, сен де қосып,

Жіберші, тілдесейін аруыммен!




Саябақ маңындағы бақылау камерасынан репортаж


Шуақ шашып тұрғандай бәдені шырай,

Мына қыздың, құдай-ау, әдемісін-ай.

Қазір ұқтым сұлулық немене екенін,

Неге керек екенін әлем үшін Ай.




Белі қыпша көйлегі, жең ұшын бүрген,

Ақ тәніне құйғандай келісім кірген.

Осы ғана таңданып, түсінгендеймін,

Неге керек екенін жер үшін Гүлдер.




Әлденені есіне ап бұлыңғыр дүзде,

Жымияды, көңілі тоқ сұлудың күзге.

Нұрландырып жіберер, түйгенім жаңа,

Неге керек екенін күлудің Бізге.




Бақылаумен осылай, қаталап бір дем,

Ғашық етіп жіберді Ол матап ап бірден.

Сүйгім келді, түсінгім келмеді бірақ,

Неге керек екенін махаббаттың Мен.




Бойдақсыну


Осы нені жатады тойлап күнде ел?

Дегенімен, жақсы ғой ойнап-күлген!

Қырық емес, қырық мың қадам аттап,

Қол ұстасып кетсем бе бойдақ күнмен?




Дүлділімін шапқанда бәйгенің мен,

Бұлбұл үнім шырқаса ай керілген.

Мұрт демесең, реңім бар әжептеуір,

Біржан салдан айтшы осы, қай жерім кем?




Байлық та жоқ, жүретін шашып қолдан,

Айлық та жоқ артылып, тасып толған.

Ғашық болсам отызда айып па екен,

Тоқсанында Жамбыл да ғашық болған?!




Жасырғанмен бола ма, о, тәйірі,

Сүрінбеспін, сезімнің жоқ айылы.

Махаббаттан көше алмай парасатқа,

Бойдақсынған жүректің сол айыбы.




Осы нені жатады тойлап күнде ел?

Дегенімен, жақсы ғой ойнап-күлген!

Бәйбішеден жасырын кеше, досым,

Осындай бір болмайтын ой бақтым мен.




Оңтүстік көктемі


Аямай аспан төпелеп жерді,

Жауынын молдап, не керек, берді.

Жасағыр көктем жіберді төсеп,

Қызыл да жасыл текеметтерді.




Көктеме келді, көктеме келді,

Тіршілік көңілшектене берді.

Жайдарлы жүзбен жадырап бәрі,

Білмейтін сынды өкпелегенді.




Бүтіндеп далам, бақтарым сыртын,

Шаттанып таулар шаққа бұл сылқым.

Суреттеп сөзбен жеткізу қайдааан,

Найқалып гүлдер жатқанын, шіркін.




Табиғат – Ана бусанып, терлеп,

Қалғандай жіпсіп, жұмсарып жер, көк.

Қандай күш екен жіберген лезде,

Оңтүстігімді мұншалық зерлеп.




Тіл-көзім тасқа... Зерленсін ары,

Ұялар тозған жөнделсін әрі.

Момақан көлдер жылтырап беті,

Тұтансын қыстай сөнген шырағы.




Күлімдеп әні, қыздар жақ келіп,

Бет алды қырға қызғалдақ теріп.

Жігіттер жағы қырымпозданып,

Қыз жүрегіне із салмақ берік.




Ойпыр-ай, көктем күндері қандай,

Жастардың жүзі, күлгені қандай

Оңтүстігімнің - қазыналы өлке,

Көңіліңді ырғар гүлдері қандай.




Гүлдері қандай, таңнан да ақ көбі,

Қызылы баурап, салды арбап көгі.

Голландия емес, осында сынды,

Қызғалдақ пенен сарғалдақ қоры.




...Аямай аспан төпелеп жерді,

Жауынын молдап, не керек, берді.

Жасағыр көктем жіберді төсеп,

Қызыл да жасыл текеметтерді.




Сүймеуді ақыры үйреніп те алдым


Сүймеуді ақыры үйреніп те алдым,

Айналдым жанға сезімсіз мүлде.

Күйінен шықтым күйреуік халдің,

Қалғанда жалғыз өзіңсіз бірде.




Жібіместейін жүрегім қатты,

Сағыну енді жат ұғым маған.

Әлеміңде мен мұң едім тәтті,

Қонақ екенмін шақырылмаған.




Ертеңді ойға алып, өкінбе бұрын,

Бақытты бүгін жанбыз білгенге.

Жалғызсың. Тыныш өтуде өмірің,

Айыққан дерттен жалғызбын мен де.




Жетілмей сезім түйнегі балғын,

Солып та жатыр қалың бау мына.

Сүймеуді сен де үйреніп алғын,

Үйреніп алғын сағынбауды да!


***


Қалауын тапсаң жанады қар да,

Адамның ниет, талабы барда.

Жүрек жібітер таба алмай сөздер,

Жүдеп жүргенім саған ұнарға.




Көтермес жүкті арқалап нетем,

Хат шықпай тәуір әртарап кетем.

Ойымды өзіңе зергері сөздің,

Жеткізер ме еді Мархабат(1) көкем.




Шабыттанып құр, уа, не берем,

Поэзияның да құлагері емен.

Атымнан саған Әбілда(2) көкем,

Жазып берер ме ед бір әдемі өлең.




Жазғандарын жұрт жақұт санаған,

Қайда жүр осы Бақытжан(3) ағам?

Өзіңді жырлар шабытынан сәл,

Бере тұрса ғой уақытша маған.




Қалауын тапсаң жанса егер қарың,

Сөздерге тәтті тапшы емен, бар үн.

Әлемге сені мәлім ететін,

Өзім-ақ жазам жақсы өлең, жаным.


Қара да тұр!


1- М. Байғұт- жазушы

2- Ә. Аймақ- ақын

3- Б. Алдияр- ақын




Қара шашты қарындас қара меңді


Қара шашты қарындас қара меңді,

Неткен ғажап жан едің марал өңді.

Әзағамның* жырлаған Меңтайы* ма-ең,

Күйін кешіп Ерболдың* барам енді.




Қарындасым, қарақат көзі мұңлы,

Достық сенің қайтемін сезіміңді.

Жақсы көрем дегенің көншітпейді,

Көргендейін өз ағаң, өз ініңді.




Қалам алып, хат жазған жақында ағаң,

Жауап тізген келмеді хатың маған.

Қара меңге құштарлық тарқар емес,

Меңтай неге қоймаған атыңды анаң?




Ауыр екен ғашықтық тиелсе мұң,

Үміт деген артса да иен сенім.

Қара меңге кетсе де ес, ең бастысы,

Ақ меңіңді - Ар дейтін сүйем сенің.




Сүйем тағы жаныңды мақтанымды,

Сүйем ессіз жұтына пәк тәніңді.

Қара меңді сүйемін жыр туғызып,

Ақын еткен тып-тыныш жатқан ұлды.




Қара шашты ғашығым, қара меңді,

Мендік болмай жазылмас жарам енді.

Ерініңмен балдайын, ерінімнен,

Қондырар-ең бір сүйсең маған емді.


О, Қара меңдім.


Әзаға – Ә. Нұршайықов

Меңтай, Ербол – Махаббат қызық мол жылдар

романындағы кейіпкерлер




Сары жапырақ


Сары жапырақ – сарғайған жүрек,

Келгендей ұшып шалғайдан жүдеп.

Тентек жел оның тағдыры шығар,

Араша сұрап талды айналды кеп.




Сары жапырақ – тал мұңы бәлкім,

Неге онда жерде қалды бұл алтын?

Көнбеске бар ма шарасы шіркін,

(Таңдап алмаған тағдырын әркім.)




Сары жапырақ, кәрі жапырақ,

Қартайды күз кеп тағы да атырап.

Бір кезде балғын жүрек-ед жасыл,

Жатқандай бүгін зарыға құлап.




Сары жапырақ – өрнегі зерлі,

Айналды-ау тентек ермегі желдің.

Қыс келіп ертең қар асты оны,

Шірітер ащы кермегі жердің.




Сары жапырақ – дір етер қыз мұң,

Мен-дағы сондай суреті-ем күздің.

Алай да дүлей шыр айналдырған,

Тағдырымыз да бір екен біздің.




Утопия


Нені және білмедім, кімді іздедім,

Жалғыз жанған таңдағы жұлдыз ба едім.

Күні ме едім ақпанның отызыншы,

Енбей қалған ішіне күнтізбенің.




Жалғыз екем қорыта білгенім, тек,

Шай құйып жүр жанымда бір келіншек.

Жыр ұқпайтын жандар да болады екен,

Бірге жылап, болмас па ед, бірге күлсек.




Пері ме едім пенде емес періште ме ем?

Сыймайм кейде жұрт сыйған кеңіске мен.

Бір тәттіні аңсаймын – ел ішпеген,

Бір танысты күтемін – көріспеген.




Шешіледі-ау жұмбағым соңында бар,

Күткенім һәм табылып, қолымды алар.

Мендік қиял құрғақ ой, бірақ сенем,

Утопия да кейде орындалар.




Кімді іздедім білмедім, нені іздедім,

Тереңдігі беймәлім теңіз бе едім?

Әлі қанша жоқ қуып, үміт қылам,

Бүгін міне, жиырма сегіздемін.




Алып қашам


Жар іздеген Ақандай жырлап, сері,

Көп шарладым, ұнаған тек сен ғана.

Астананың ақ гүлі ұрлап сені,

Шымкентіме өзіммен кетсем бе ала?!




Шымкентіме содан соң Астаналық,

Жисам түгел жастарды той іздеген.

Айтпад деме, бір күні қашсам алып,

Нөмірі елу алтыншы пойызбенен.




Қашам алып, ол күн де жақын қалды,

Сұқ көздер көп әйтпесе, кеш қаламын.

Толтырып-ап жазушы-ақындарды,

Жалға аламыз сол пойыз ресторанын.




Сен де менен кет ары емес едің,

Қосылмасақ екеуміз тағдырға сын.

Заң қуалап, «қайтарам» демес елің,

Ерсең болды еркіңмен, талдырмашым.




Тал шыбықтай талдырмаш гүлім ерке,

Кетпесінші сырғасын салып бөтен.

Жер қозғалып кетсе де бүгін-ертең,

Ұрлап болсын мен сені алып кетем!


Дайын жүр!




Арысым еркем, арысың қайда - оғылан?

Сазгер Ержан Серікбаевты

«еске алу» кешінде оқылған өлең




Келді де кетті, жанды да сөнді жұлдыздай,

Құшақтап оны қара жер қойды-ау тұрғызбай.

Қаға алмай еркін қанатын самал жел өксіп,

Аға алмай еркін Арысым жылап жүр қыздай.




Арысым еркем, «арысың» қайда оғылан,

Шәмшіні аңсап, кетті ме іздеп соңынан?

Киелі мекен, тудырған талай тарланды,

Қойныңда сенің жатыр ма шерлі толып ән?




Дариям – Ұлы, Алашты тербер әнімен,

Қайғының қара тарттың-ау кермек дәмінен.

Әндерін сыйлап, өтті де сыймай далаңа,

Аттанып ұлың, қуарып салды сары бел.




Оңтүстік кербез, бақытты шағым мәз менің,

Төсіңде сенің дарындар сүрген әз небір.

Бойында Арыс, Шәмшідей рухты оятар,

Туар ма енді Ержандай тағы сазгерің?..




Туылар тағы, әндерің әнге жең жалғар,

Толғантса кие құрсағы мына кең жалған.

Алтынның қолда ескерсек егер қадірін,

Туылар Шәмші бұл елде талай Ержандар.




Ауыртып ажал, жандарға терең салды ине,

Ноталар енді күрсіне сарсаң сан күйге.

Көгіңде шарлап әндері жүрсін қалықтап,

Қара жер Оны әлдиле мәңгі, әлдиле.




Сергелдең


Күндерім қаншама өтті,

Өзіңсіз қараңменен.

Сағыныш сарсаң етті,

Жаным-ау, саған деген.




Түсірем неге еңсені,

Төзімім осал неге?

Іздеумен келем сені,

Салынып бос әуреге.




Ұмытам қалай, білмен?

Өткен шақ бәрі дерлік.

Үмітпен қараймын мен,

О-о-ой, қандай әбігерлік.




Тағдырым кер келген бе?

Дүрбелең өлең бұл бір.

Салды ғой сергелдеңге,

Жалғыздық деген құрғыр.




Есігін кешегінің,

Анық қой жай жаппасым.

Гүлі боп төсегінің,

Кімменсің, қай жақтасың?




Тек өзің ғана, жаным,-

Ойларым – бірден-бір сен.

Дәл қазір ақ ажарлым,

Қай жақта, кімменсің сен?




Ендігі тосу ғана!

Іздеп-ем көп ерсініп.

Амалым осы ғана,

Басқасы бекершілік.




Өмір - Өлең


(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.

(Сұлу + Сезім + Көздер)= Өлең.

(Шабыт + Муза + Түндер)= Өлең.

Махаббатпен гүлдер егем.

Гүлдер өнер, кімге берем?




(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.

(Көңіл + Қаяу + Кездер) = Өлең.

(Өсек + Реніш + Жылдар) = Өлең.

Жабырқаумен мұңдар егем.

Мұңдар төнер, кім бар елер?




(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.

(Сауап + Күна + Безбен) = Өлең.

(Өмір + Ақын + Пенде) = Өлең.

Бір күндері мен де өлем.

Өлім келер, жерге де енем.

Жұмақта жан, көрде денем.




...Аллаһ Ұлы қаласа егер.

...Амалдарым жараса егер.


Фәни, Бақи арасы өлең.

Өмір - Өлең.




Ақ қар


Кербездене жайнап сылқым қыс керім,

Ағартуда дала, қырдың үстерін.

Қызықтаймын терезеден ақ ұлпа,-

Қардың билеп жапалақтай түскенін.




Ақ қар, ақ қар, - сәнқой сұлу жандай нақ,

Киіндіріп салды жалаң талды әйбат.

Бүлдіршіндей сондай нәзік, сондай пәк,

Еркелетсем жел қуалап салды ойнақ.




Ақ қар, ақ қар, - суретші ғой ұлы бір,

Әттең оның бізге тиын құны бір.

Шын талантты айыра алмай жүрміз-ау,

Ертең соны таптаймыз ғой, құрығыр.




Ақ қар, ақ қар, - қыстың көркі, мақтаны,

Қара жердің жамылғысы - мақпалы.

Тазартуы шығар мүмкін күнадан,

Жаратқанның қысты ойлап тапқаны.




Ақ қар, ақ қар, - жүзі жылы, марайма,

Суық болып көрінеді ол талайға.

Мұздайы нес, жайшы алақаныңды,

Еріп кетіп жүрмесінші, абайла.




Кербездене жайнап сылқым қыс керім,

Ағартуда дала, қырдың үстерін.

Ақ қағазға ақ қар салып отырмын,

Аппақ болып қоңыр жазу үстелім...




Әдемі-әдемі


Әдемі-әдемі түстердей тартымды,

Нұр болып төбеден түскендей жарқыл-ды.

Алтынға ұқсатам көз тартар,

жо-жо-жоқ,

Керісінше, мен оған ұқсатам алтынды.




Керімсал найқалған, жарасқан сырбаздық,

Сүйкімді, ерекше қылық бар бір наздық.

Жүректі жаулайды, тілекті баурайды,

Көгімді жаз етіп, көңілімді жүр мәз ғып.




Жаратқан не деген шебер-ед, өнерлі-ед,

Бір мінсіз жасаған сұлу ғып мәнерлеп.

Жұмақтан әдейі біздерді таң қылып,

Бір күштің барын ол келгендей дәлелдеп.




Ия, сөзсіз, еріксіз қақтырды таңдайды,

Дидары теңеусіз, бітімі қандай-ды.

Ибалы, әдепті, иманы жетерлік,

Кіршіксіз ондайды сүймеуге болмайды.




Ұнатып талайды, пәленді-түгенді,

Мың ғашық болыппын, Шын ғашықпын енді.

Ал қызыл жұпарлы гүлдерден тоқылған,

Жүректің төріне төседім кілемді.


Келе ме?...




Көрдім де сені өзгере кеттім


Көрдім де сені өзгере кеттім,

Қараша қандай кез керемет бұл.

Тәтті бір мұңға шомдым да сосын,

Жырлауға ерек сөз керек еттім.




Елестете гүл, жаз жамалыңды,

Қолға алдым қайта әз қаламымды.

Тіл қатып түнге жырымды оқыдым,

Тыңдатып күнде жазған әнімді.




Аумаған көзің дір еткен шықтан,

Биязы тәнің жібектен, шыттан.

Баурап алады, сөйлесең әрбір,-

Сөздерің жылы жүректен шыққан.




Тұрысың қандай, жүрісің қандай,

Қимылың әрбір тынышымды алды-ай.

Ақынның аңсар мұңысың балдай,

Жаралған нағыз жыр үшін жандай.




Жүрегім содан бір саған асық,

Болған жоқ-ем ғой мұншама ғашық.

Сүймесең сүйме, арманым сенсің,

Сағымдай қашып тұрсаң да қашық.




Менен де өзге қиялдаған бар,

Расында ғашық ұяң ба адамдар.

Сүйе алған жандар бақытты бірақ,

Бақытсыздар ол - сүйе алмағандар!




Шыдатпастай құба қайғым


Шыдатпастай құба қайғым,

Жалғыз келдiм, жұбат, айдын.

Оралмады аққуым сол,

Ләйлiсiндей Жұматайдың.




Айдын көл-ау, бұл адами,

Жалғаны ғой, сiрә фәни?

Құсым қонса шақыр менi,

Музасымен Мұқағали.




О, айдын көл, сенен ендi,

Кетем мен де көне бергiн.

Сағына жүр бiздi мәңгi,

Сағынышымен Төлегеннiң.




Толқисын ғой, қолқа салма,

Қала алмаймын мен қасыңда.

Мұңға шомсаң, күй өтiнiп,

Домбыраңды бер Қасымға.




Сенi аяп жас тамызар күн,

Сары уайымды сары жаңбыр.

Айдыныңды бұлт аймалап,

Оқып берер Мағжан жыр.


Қош!




Қыз деген


Қыз деген гүл - өсетін жүрегінде ердің,

Қызғалдақтай кіргізер реңін жердің!




Қыз деген жыр - сүйдіріп шайыр ететін,

Шабыт сыйлап қайғыңды шайып өтетін!




Қыз деген күн - жылытар, күлімдесе егер,

Жыламаса екен, ешқашан түңілмесе екен!




Қыз деген түн - жұлдызды, айлы аспан жарық,

Періште боп түсіңе жайғасқан барып!




Қыз деген бақ - бір қонар, ұшырып алма,

Қысып ұста уысыңды, түсіріп алма!




Қыз деген пәк - танығай, сүйінішім деп,

Қыз деген ол жаралған сүю үшін тек!




Өткен өтті


Өткен өтті, бәрі де құрысыншы,

Көктем келді, жаныма нұр ұсыншы!

Мұң ұсыншы тәп-тәтті, жыр ұсыншы,

Күн ұсыншы, тоң жүрек жылысыншы!




Есіңе ала бермеші өткенді енді,

Біз ұнатқан қайтадан көктем келді.

Қол ұсынам, өтінем, қайтармашы,

Асқақтасын арманым көптен бергі.




Керегі жоқ басқа бақ, басқа ғұмыр,

Сенсіз аспан шуағын, шашпады нұр.

Теңізіме қарашы толқып жатқан,

Көзімдегі жүректің жастары бұл.




Бірімізге қалыппыз жандай бөтен,

Шешіміміз сол кезгі болды-ай бекер.

Мені ұмыта алмайсың, мен де өзіңсіз,

Мына өмірді еш сүре алмайды екем.




Жалған ба еді, бақыттың құны тайып,

Тағып келдік тағдырға қырық айып.

Қарсы жүзіп ағысқа көрейікші,

Келші жаным, бәрін де ұмытайық!




Сен және мен


СЕН ПЕРІШТЕ, МЕН ПЕНДЕ,

СЕН ПЕЙІШТЕ, МЕН ЖЕРДЕ.

МЕН ПЕРІМІН, СЕН АДАМ,

МЕН БӘРІМІН.

СЕН АДАЛ!




СЕН ЖҰМАҚ ТА, МЕН ТАМҰҚ,

СЕН ШУАҚ ТА, МЕН ҚАУІП.

МЕН АҚЫНМЫН, СЕН МУЗА,

МЕН ЖАҚЫНМЫН.

СЕН ҰЗАҚ!




СЕН БАР АҢСАР, МЕН ҚИЯЛ,

СЕН ҚАЛАМСАП, МЕН СИЯҢ.

МЕН ҚИЯН БІР, СЕН ҰШЫН,

МЕН ЗИЯНМЫН, СЕН ҮШІН.




СЕН ОҚЫРМАН, МЕН ОЙЫҢ,

СЕН АҺ ҰРМА, МЕН ОЙЫН.

МЕН ҚУ ДЕРТПІН, СЕН СЕНБЕ,

МЕН ТҮНЕКПІН, СЕН СӨНБЕ!




СЕН ҒАЖАПСЫҢ, МЕН КІРБЕҢ,

СЕН АЗАТСЫҢ, МЕН ТҮРМЕҢ.

МЕН ЖАЛЫНМЫН, СЕН ТИМЕ,

МЕН БАЛ "У"-МЫН, СЕН СҮЙМЕ!


***


Қансонарда бүркітші шығады аңға...

(Абай)

Шұға десе Шұға еді-ау өзі...

(Бейімбет)


Ақпан кірген еріне сылқым аттап,

Қарын үйіп-төгіп сап тым-тым аппақ.

Бұл мезгілде кетуші-ед түлкі қаптап,

Тазысын-ап шал шықты мылтық оқтап.




Құсын ерткен және де, қансонарда,

Бірен-сараң қара жүр, аңшы олар да.

Бүркіттері томаға-тұйықталып,

Іштерінен дайынсып аң саларға.




Ағараңдап төбеде бұлт тұқырып,

Ауа-райы кетердей күрт құтырып.

Оны елейтін қартың жоқ, анда-санда,

Насыбайын қояды шырт түкіріп.




Дүрбісімен қарайды кейде оқталып,

Кейде қамшылатады жүрдек қағып.

Біреу қағып олжасын кететіндей,

Бой көтеріп қояды сұңғақтанып.




Ат тізесі бататын қалың қарлы,

Қансонарда бүркітші шалың нарлы.

Көз тігеді қырдағы белгіге бір,

Есіне алып жігіттік шағын барлық.




Қайран күндер дегендей күрсіне кеп,

Кейде күліп өзді-өзі бір шіренед.

Сағыныштан беймәлім тамшы жасы,

Жанарынан кетердей ыршып ерек.




Өксік қысып, езілер келді шегі,

Қарт та болсын кемсеңді жеңгіш еді.

Шал дегенім баяғы – Әбдірахман,

Әлгі белгі – Шұғаның белгісі еді.




Бiлмеймiн түстiм селсоқ күйге нендей


Бiлмеймiн түстiм селсоқ күйге нендей,

Шыбын жан қалды неге күйбелеңдей.

О тоба, мен тағы да ғашықпын ба,

Бiр сезiм шақырып тұр сүй дегендей.




Сезiмнiң сиқыры арбап қойған ба шын,

Қайран бас қалайша ендi айналмасын.

Көз алдым құбылжыған гүл-гүл әлем,

Кiлемдей қызыл-сары жайған жасыл.




Көрмейтiн жан-ем сүю межесiн мен,

Айырды-ау бұл ғашықтық тез есiмнен.

Масайып алған сынды шарап iшiп,

Неге екен барам айнып өз осьiмнен.




Берiлiп қала берем ерсi мұңға,

Мәжнүн боп кеттiм бе екен мен шынында.

Сағымдай қолды бұлғай бергенiңше,

Бағымдай селсоқтырмай келшi мұнда!




Нөсерлі қаңтар


Қыс емес пе? Ендеше, жаумай ма қар,

Анау тауға өң беріп, баурайға бар.

Бәрінен де бақтағы талдарды айтшы,

Жамылмаса ақ көрпе жаурайды олар!




Қазір қаңтар, жауып тұр жаңбыр неге?

Күбірлеп тұр бақта анау тал бірдеңе.

Көз алмауда алжасқан аспан жақтан,

Дірілдеумен жалаңаш салбыр дене.




Қара желді, нөсерлі, күн тұманды,

Қақпас желің талдарды сілкіп алды.

Қолшатырсыз малмандай болған бақтың,

Көк тұман да сүйкеніп шырқын алды.




Сан бұтақтар жалына құдайға енді,

Соққан желден иіліп құлай берді.

Жапырағын үзсе де күз келгенде,

Жек көрмеген шығар-ау бұлай желді.




Қаңтар биыл осылай жаудай төнді,

Мұздай тамшы тоқтамай саулай берді.

Көк аспан-ау, көрпесін берші баудың,

Қыс емес пе, ақ қарың жаумай ма енді?!




Көрілген: 4718    Пікірлер: 2

бейсенбі, 09.04.2015, 15:08

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30