Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ: Көз жасыңа тазалық жоқ тең келер!

Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ: Көз жасыңа тазалық жоқ тең келер!

***
Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Телміріп терезеге қарай берем
Біреулер өлең жазып қалдырғандай...

Ән бардай, әлем бардай, аңқыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Көңіліммен көше бойлап шауып барам
Бейкүнә ат ойнаған балдырғандай...

Бал бардай, балалық пен балдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Жатырмын шатырдағы шах сияқты
Шөлін бір шарап ішіп қандырғандай...

Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Бір демде қауырсындай жеңілейткен
Тылсымат тамшысында жан, нұр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қаңдай!

 

***
Мен бүгін түрімнен түршігіп,
Үздігіп үзілген құс үнге
Жүргенше...
Бәріне қырсығып
Айналып кетсем бе мүсінге?!
Жанымды талдырмай әз үміт,
Адами арманнан ада боп
Маңдайға тас болу жазылып,
Аспанға аңырып қаракөк
Тұрар ем.
Бүлініп бір әлем,
Біреуі тіріліп жатса да.
Басымды қатырмай мұра мен
Қоғамға...
Және де патшаға!
Мезі етпей дерті де, дауы да,
Мезі етпей жаңалық...
Жарнама!
Жан болмай қарайтын жауыға,
Саябыр табар ем сәл ғана.
Қиял не,
Жоғалтып сезімді
Бір жұмбақ өмірді бастар ем:
Сабырлы,
Бәріне төзімді,
Аспанның
астында асқақ ең!

 

ЕҢСЕЛІ ҒИМАРАТ ІШІНДЕГІ ОЙ
Дау-дамай, көрмеген дабыр да,
Бұл неткен бақытты қабырға!
Оюы сергітіп ойыңды,
Бояуы шақырған сабырға.

Жай тауып, алмайтын тобыр дем -
Дәліз де шаттыққа көмілген.
Бәрі де орнында...
Тек өзім
өз орнын таппаған өмірден.

Кез-келген бермейтін сірә, мән
Аспалы шамы да тұр аман.
Біртүрлі
Сәуле де сүйкімді
Әдемі әйнектен құлаған.
Ұмытып ақ пенен қараны
Жүрегің жыларман болады.
Көңілің басқа емес, басқыш қып
тастаған тасқа да толады.

Керме де, төгілген перде де,
Өзінше бір асқақ, өр неге?..
Осынша көзайым болатын
бір тылсым бөлмеден бөлмеге
көшеді... көрсетпей көшені,
Көрсетпей сорыңды бес елі.
Бірауық өзіңмен өзің қап,
Бірауық мерейің өседі.
Жатпайтын беріп те
сірә, мән
Осы бір тыныштық тұр аман:
Жай тауыпдаңғаза тірліктен
Жаныма араша сұраған!

 

***
Кеудемде құтырып құйын мың,
Болмай бір жүргені-ай күйімнің!
Он бір жыл бұрынғы сияқты
Есігін қақшы, әке, үйімнің.

Жанарым жаутаңдап шөл өпкен
Тағы да қалмайын бөлек мен.
Қолыңмен басымнан сипашы,
Дәл солай кіріп кеп кенеттен.

Құн тілеп тұратын әр адым –
Шаршатты тұрмысы қаланың.
Құшағың мауқымды бассыншы
Жусанды иісі бар даланың.

Санама салмақ боп сан тағдыр,
Жазылмай кетті рас, арман жыр.
Есігін қақшы, әке, үйімнің
Он бір жыл қағылмай қалған бір!

Мен де бір ашылып сарайым,
Бір сәтке бала боп қалайын.
Үйімді думан қып жіберсін
Бауырын ұмытқан ағайын.

Қиялдау – қиыны қиынның!
(Үлкені сол болсын сыйыңның)
Он бір жыл бұрынғы сияқты
Есігін қақшы, әке, үйімнің.

 

САЯЖАЙДАҒЫ КӘРІ ТӨБЕТКЕ
Еріксізден аударатын пейілді,
Кәрі төбет, көзің неткен мейірлі!
Саған қарап ішімдегі шер-шемен
Көктемдегі көк тұмандай сейілді.

Нәпсілері шынжырланып көрмеген –
Иттен емес, иттік көріп пендеден,
Кәрі төбет, мен де батып құсаға,
Мен де сендей тәулік сайын шерленем.

Дабырадан, жалыққасын даудан да,
Мен де сендей тұрам өстіп ауламда.
Мен де сендей сыр айтатын жан таппай,
Күрсінемін күн төбеден ауғанда.

Мен де сендей ит дейтұғын тірліктен
Жарық күткен жан емеспін, нұр күткен:
Құтты күні бірін-бірі жұлып жеп,
Құтты күні бірін-бірі үркіткен.

Сол себепті өткен сайын бұл маңнан,
Кәрі төбет, сені іздеймін мұңданған.
Бір қасиет қалғаны үшін көзіңде
Бұл өмірде ит нәжіске былғанған.

 

***
Мұңды ұлының амандығын тілеген,
Қайран, шеше, шықпадым ба үдеден?!
Өн бойына шырмауықтай жапсырып
Мені әбден жынды қылды бұл өлең.

Ақпанда да жыны қозып арқаның,
Бала қамын ұмытқамын, жар қамын.
Ғазиз басым сіңіп кетіп ғайыпқа,
Ғазал болып рауандайды әр таңым.

Жарты әлемге жарыместеу көрініп,
Отызда да бола алмадым өр, ұлық.
Құдай қайтіп жарылқасын, жүргенде
Есті күні «есен...» деуге ерініп.

Қамсыз ұлды қайғыны да әкелген,
Қайран шеше, шығармайтын қаперден.
Шайыр болмай, шатақ қумай, шат түрмен,
Сәби болып шаңырағыңда жатар ма ем.

 

ЭГОФОБИЯ
Байлық жимай, боқ теріп,
Бошалаған тамса мұң –
Өз-өзімді жек көріп,
Өз-өзімнен шаршадым!

Мендік ғұмыр темірдей
Дым сіңіріп, тат жеген –
Жаһұттары терілмей,
Жабылатын жақшамен.

Теңбіл доптай домалап,
Қошқыл тартса аспаным
Өз-өзімді табалап,
Өз-өзімнен қашқамын.

Күн түнеріп, түн ұлып,
Жалт ойнатқан сезім мың –
Өз-өзімнен түңіліп,
Өз-өзімнен безіндім!

Ебі желдей елірген
Жұмыр басты ие алмай...
Өтіп барам өмірден
Өз-өзіме сыя алмай.

 

УТОПИЯ
Шіркін, тыныштық болса:
Өлеңге хош кіретіндей,
Ой даусы естілетіндей.
Ескірген естеліктерге
еріксіз ес кіретіндей!

Уақыттың күрсінген үні,
Жүректің дүрсілдегені,
Тірліктен қажыған жанның
Көзімен «құрсын» дегені
Қолыңа қалам ұстатар!

Шіркін, тыныштық болса:
Кірмеген шырай көптен
Себездеп нұр әйнектен,
Көңілім күн аңқыса
Көлеңке ұдайы өпкен!

Аспаптай үрмелі дені
Мұң шағып бөлме гүлдері,
Жаңғырар сәруар сәттің
Қиялды зерлеген демі
Шіркін, тыныштық болса...

 

***
Жүректерге шер менен шөккелі мұз
Өкпеліміз бәріне, өкпеліміз!
Кеше мен де бүгіннен үмітті едім,
Кеше Сіз де біртүрлі отты едіңіз...

Алматыда...
қалада...
қарашада,
Қаламаса жанымыз, қаласа да,
Өмір өстіп лақтырып күресінге,
Өлең ғана келеді арашаға!

Жапырағын жаңбырдай төккелі күз,
Өкпеліміз бәріне!
Өкпеліміз!
... деп жүргенде бәрінен қиын болды-ау,
Көз алдымда сөгіліп кеткеніңіз.

 

***
Өсек болып,
Төсек болып керегі,
Мейлі жағы талғанынша толғасын.
Бұл ел солай «аңыз» айта береді,
Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын.

Есті жанға есіміңді мың айттым,
Табытына тастаса да түн мені.
Мен жайында сөз қозғайтын суайттың
Бақа менен балшық шығар білгені.

Маған,
Маған сенің күлкің нұр асыл,
Көз жасыңа тазалық жоқ тең келер!
Махаббатты мына менен сұрасын
Ғашық бола алмайтұғын пенделер.

Төсек дейтін
Өсек болып дерегі
Өзі келіп су құяды қолға сұм.
Бұл ел сондай пасық болып келеді,
Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын.

 

КӨКЕКТЕГІ КӨҢІЛ-КҮЙ
Пенде көрсем жын көргендей шошынып,
Өз-өзімнен қала берем тосылып.
Мен оларды баяғыдай іштартып,
Мен олармен жыламаймын қосылып.

Қапелімде мінез тапсам төтен, дөй –
Маған олар мүлде суық, бөтендей.
Сол себепті өте шығам олардың
Қастарынан кәпір мінез көкемдей.

Олар басқа, құдды мен бір басқадай,
Қашан болсын іздеп жүрем басқа жай.
Ол істеген істен жаным түршігіп,
Олар айтқан сөзді сөз деп растамай.

Қас-қағым сәт қаумалап ап жан-жақтан
Солар мені діңкелетіп, шаршатқан.
Енді оларға қанша шыдас береді
Сірі ғұмыр жұлдыздарға қарсы аққан?

Пенде көрсем жын көргендей шошынып,
Өз-өзімнен қала берем тосылып.
...шіркін деймін, арман бар ма Адамда
Ыңылдаған Хауасына қосылып?!

 

КӨКТӨБЕ - 2007
Иманғалиға

Батыр оғлан ойнап жүрген отпенен,
Неге маған ыстық сенің Көктөбең?
Неге оның артық бүгін кейпі-дүр
Ақпанда да көктеген..?

Жас үйірген жасылы –
Алматының ардағындай асылы
Көтерді бір дүр еткізіп еңсемді
Жаншып кеткен Жаһандану ғасыры.

Қамал салып кім көрінген, қағынған
Абырой мен кеткен кезде Ар ұлдан
Беу, баһадүр, Сен келдің де Алматы
Тәжін киді
Басы биттен арылған.

Ақпаны да тартып берген нау өрге
Бүгін мұнда ән де басқа, әуен де!
Асы менен Көктөбенің тасы да
Тұрғаныңды сездіреді қай елде.

Қайсар рух қайтарғасын киесін
Енді оның шөңгесін де сүйесің!
Шәркез басты сыймай жүрген шаһарға
Шар төбеде иесің.

Көкіректе ыс қалмай,
Содан кейін кетесің бір ұсталмай –
Ән аңқыған шыттай мөлдір аспанда
Алаш жұртын айнала ұшқан құстардай!
Беу, Көктөбе... 

 

***
Боркемік бала,
өртеніп кетті-ау өзегім,
Жалғаныңды енді
жаңғырық болып кеземін.
Қынаптан шыққан
қылыштай кенет жарқ етсем
Марқасқа туған
Махамбеттердің көзі едім!

Ызадан басқа
оята қойсын шер нені?!
Тулап бір кетем
алдымнан көрсем кермені.
Аруақты елдің
алысқан асау арманын
Тулақ етпеймін
тексіздеріне төрдегі!

Жалын жырыма
оюын салып зергер мұң,
Тағдырым талақ
тапқасын тағы тербелдім.
Ертеңі болсам
еңсесін төмен түсірмен
Ереуіл атқа
ер салмай өткен ерлердің!

Боркемік бала,
қылығың бүгін жат маған,
Қанатың қайда алтындай
Күнге қақтаған?..
Өзегімменен өртеніп тұрған
Ертеңге
Абылайлардың
Аруағыменен аттанам!

 

***

Жасыма, жырым,

Жанарың бітсін көкке тек.
Қатынның ісін
Қайталар біз бе өкпелеп?!
Менменсінгеннің мұқалмай
Мысын басатын -
Көңілі көктем
Кеуделерге де әлі от керек!

Мінезің барда
Есердің өзі тосылар,
Жарқ етсең, жарқ ет
Жасындай бір сәт несі бар?!
Өйткені Сенде
Баһадүрлердің биік рухы мен
Тентектердің де
Тапталмай кеткен төсі бар!

Қанатың бітіп,
Салсаң бір, шіркін, құзға зер,
Жарым дер біреу,
Қағынғандары қызба дер...
Не демейді енді
Қарғасын қалың шулатып,
Қасиеті басым
Қылышын боққа сызған ел.
Жасыма, жырым,
Жанарың бітсін көкке тек.
Қатынның ісін
Қайталар біз бе өкпелеп?!
Құдайсынғанның
Құдайын салар есіне –
Көңілі көктем
Кеуделерге де әлі от керек!

 

***
Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Ез туған ұлға егесіп
Егізің болып кетіп ем...
Бөлтірік елім шығарып
Бөрілігін есінен
Қанымды менің қарайтса –
Қан майдан шығар несібем?

Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Емендей басы еңкеймес
Ертөстік елдің өкілі ем.
Кеудесін соққан кәпірің
Көп кете берсе бетімен
Көкпарға тартсақ болмас па,
Көнтулақ жасап етінен.

Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Ез туған ұлға егесіп,
Егізің болып кетіп ем...
Толағай туған ағалар
Тышқан боп кетсе шетінен
Есіріп шерін тарқатар –
Ес ер болуға бекінем!

Гүл мен қылыш жырлары
(өлеңдер жинағы)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста