Ербол Бейілхан: Қайыңның көзінде тұр әне жас құлап... Көрмедім!..

Ербол Бейілхан: Қайыңның көзінде тұр әне жас құлап... Көрмедім!..

ҚАШЫП КЕТКІМ КЕЛЕДІ АСТАНАДАН?..
Жетім - жан, жетім - жүрек! Күрсін кеудем,
Көздерім ауырады мұң сіңгеннен.
Жалғыз-ақ, Жаратушы өзгермейді,
Ағызып көздің жасын құл сүйгеннен.

Жаратқан, Сізді сүйдім! Қызды сүйдім -
қырандай көкті сүйдім, құзды сүйдім!
Жалғыз ұлын жоқтаған жетім кемпір -
жапырақ жауып жатқан күзді сүйдім!

Ауыр бұл, іштен тынып егілгенім,
Ақылым сеуіп жатыр сезімге емін.
Сен менің - жүрегіме қонып алдың,
Мен сенің - жасқа толы көзіңдемін.

Не пайда, жылы сөзбен жұбатқаннан,
Арманым ат байлатпай жырақ қалған?
Бозторғай жалқы жаным шырылдайды,
Іздеймін көктен, жерден, бұлақтардан...

...Мендегі өмір басқа, басқа ғалам,
Бұл күнде жолаушымын бақ қараған.
Кей сәтте жібін үзіп тағдырымның,
Қашып кеткім келеді Астанадан?
***
БАҚЫТТЫҢ ГҮЛІ
Сәукеле - сәуірім! Тобылғы торы мұң сыйлаған,
Торғындай сусыған, тоқылдақ - уақыт мазасыз.
Сарғалдақ сағыныш... қызғалдақ ғұмырым қимаған,
Желбегей шапандай жел қуған күндерім бағасыз.

Өлеңді жағалау, жусаны бүрлеген күнгейім,
Сары сірік теріскей, сағым бел кілкіген жоталар.
Ардағым!.. Өлшеусіз сезімді ақылмен күрмеймін,
Сыртым дүр сыр бермес, ішімде боздайды боталар.

Аршаның түсіндей жап-жасыл - Бақыттың Гүлісің,
Жауқазын сезіммен бәйшешек гүлдеді қырдағы...
Ақшулан бұлттар да төгіліліп ән салды күміс үн,
Жүректің емі өзің, «Долана», қол жетпес шыңдағы.

Жүрегің кіршіксіз, мөп-мөлдір қайынның сүтіндей,
Сағындым!.. төзімім қайыспас қарағай қапталы.
Көңіл бұл Жайықтай толқиды, қаламын түсінбей,
Биыл тым әдемі, Сәукеле - сәуірдің ақ таңы!..
***
ҚАЙЫҢНЫҢ КӨЗІНДЕГІ ЖАС...
Сол жаннан қызғанасың, сол жаннан қызғанамын!.. Үмітсіз?!..
Өткенді өшіріп тастаған Уақыт.
Сезімнің орманы... беткейде аршалар жап-жасыл, Күдіксіз,
Гүлдерді көбелек жүреді уатып...

Көбелек қонбаған гүлдерде болмайды қасиет... Ажарсыз!..
Жылылық күткендей тікенек кірпіден ...
Адам боп қалар ем, жыр жазбай сезімсіз, Ғазалсыз,
Ойларым болмаса санамды сілкіген.

Сенсеңіз, түс көрем, ақшулан бұлттармен арманым астасып,
Сырласым қара түн, ұйқысыз - Ай куә!
Қозы едім, маңырап жетілген, қасқырмен жүремін достасып,
Үндестік!..қиялды ап қашады таң құла!..

Пейіл-ай, көл мен шөл қатар кеп жайғасқан... Шөлдедім!..
Аңсарым биікте - шыңырау тас бұлақ.
Атырап сарғайды, сағыныш... жаныма күз келді, Өлмедім,
Қайыңның көзінде тұр әне жас құлап...
Көрмедім!..
***
ҚАЗ ҚАНАТЫНДА ҰШЫП БАРАДЫ ЖҮРЕГIМ!
Көктем де өттi, тынысы тылсым қыз демдi,
Жiбек-жаз жылап, көркiнен күдер үзген-дi.
Көк теңбiл аспан қабағын түйiп сұрланып,
Күрең тай мiнiп, күрең шапанды Күз келдi.

Жазира белдер оңып барады тысы көк,
Аппақ айдынның сәнi кiрген-дi құсы кеп.
Көңiл мен көлдiң көкала үйрегiң үркiттi-ау,
Уақыт қуған, күрең тай шауып кiсiнеп...

Жапырақ-ғұмыр, жалына күздің жармасып,
Емен иiлiп, қалады-ау, өрiм тал жасып.
Жайдары жаздың сезiмiн ұрлап Күз жiгiт,
Мезгiл жүрегi тұрады солай алмасып.

Күрең тай ертең, Ақ боз ат болар бiлерiм,
Ақ боз ат мініп, ақ таңды күтiп жүремiн...
Сағыныш деген- сары шекпенді жамылып,
Қаз қанатында ұшып барады жүрегiм!..
***
Көбелек қар, жерге қонған көбелек,
ақ қанатын қаға кеп.
Ақтың бәрін бұл күндері аяимын,
қоғам күйе жағар деп...
Дүние аппақ, қар жамылған дала аппақ,
Ұшқындайсың далақтап.
Ертең біздер топыраққа сіңеміз,
...күнтізбені парақтап...
Көбелек қар, қонба жерге ұшып жүр...
жерде көбі ісіп жүр.
...Жанымның бір көбелегі бар еді,
Түсімде кеп құшып жүр...
...Көбелек қар...
***
ЖИРЕН КҮЗ
Жирен Күз. Қобы тартып, жыра салған,
Түсіме тау кіреді қына шалған.
Жаз – дәптер күнге тиіп сарғайыпты,
Бұлт ойнап, қызыл-жасыл сия тамған.

Құс қайтты!.. әуен қалды жүрекке еніп,
Құлжалар шайқасады күйек келіп.
Індерін шолақ саусақ суыр жауып,
Жатады ұйқылы-ояу түнекке еніп.

Текелі Сүмбіле өтті суық шалған,
Шағыл – Ой, сені қайтем тұйықталған?
Шыт көйлек бұлт сүйгенде шыңның басын,
Орамал сыйлап сені сүйіп қалғам...

Күз ару – демін жұпар, құшағың бал!
Желменен көшіп жатыр құса құмдар.
Қараша. Қайтқан қазды қия алмайсың,
Жирен Күз, жер тарпыған тұсауың бар...
***
БІЗДІҢ АУЫЛ
Көне соқпақ. Көне ауыл. Көнегі бар.
Қына басқан тау-тастың дерегі бар.
Біздің ауыл: әлі сол көшумен жүр –
Қоңыр мұңы, қоп-қоңыр өлеңі бар.

Мұнарлы тау, бұлт шөккен, түске кірме,
Көлеңке түсе берер құс – көңілге.
Тоқым жастап, ұл өсер – ішпегінде,
Қыз сүйеніп бой түзер – піспегінде.

Туған ауыл: қымбат сол ескілігің,
Ескілікте жатыр сол – естілі ұғым!
Тағдырыңа иленген жоқсың ғой сен,
Тезге салмақ болғанмен төс – ғұмырың.

Сол ауыл бұл! Мың көшкен сағы сынбай,
Иір-иір өмірдің ағысындай.
Баба салтын сонда да тастаған жоқ,
Ту ғып ұстап жығылмас намысындай.

Көне сүрлеу. Қойлы ауыл. Қосақ керген.
Киіз үйге сән берер шашақ кермең.
Осы ауыл сол – жылаған «Елім-айлап»,
Осы ауыл сол – тентіреп масақ терген.

Көген есіп, бау тоқып, арқан тілген,
Сөз кестелеп, ой өрген – дархан тілден.
Ноқтасына көнген жоқ өзге ұлттың,
Үміттерің үзген жоқ, Шалқар Күннен.

Тұғырыңда байладың қыраныңды,
Асау мін деп өсірдің ұланыңды.
Күпі киіп, сырластың жұлдыздармен,
Өшірмедің білтелі шырағыңды.

Бір ауыл бар: бар дәстүр сонда білем,
Ақындары жыр оқыр Айға кілең!
Арғымағы кіл жүйрік майда күрең,
Күллі әлемді тамсантқан оймағымен,
Ескілігін сүйем де сол ауылдың,
Сағынышым сартап боп, ойда жүрем!...
***
СӘУІР САЗЫ
Өлең өріп қойыпсың: тоғыз тарау, тоқсан жол,
Саған алып бармайды жыланбауыр қашқан жол.
Кім көрінген нәр алған қара жермін мен деген,
Ал сен болсаң, арманым... алқаракөк аспан бол!

Болсаң егер аспан бол, ал болмасаң, болма түк,
Жанарыңды талдырып мен келетін жолға тік.
Қара жерде қайғы көп, сүйем сені биіктік,
Қара түнді перде қып, аспанменде сүйістік...

Сарыала қаз сазымен, сен келетін сол сәуір,
Қара тасты тесетін тынымы жоқ тамшы ауыр.
Сен шын жыла аспаным, ақ жауынды сағындым,
Жаңбыр күткен жермін мен, қырық жамау, қан сауыр...
***
Айдың беті мөп-мөлдір,
Бұлт етегі жібек-ті.
Сәуле күтем көктен бір,
Дір еткізер жүректі.

Жымың көзді жұлдыздар,
Мекені оның қай жақта?
Мен сүйетін бір қыз бар,
Күн бататын аймақта.

Шыңның басы мәңгі қар,
Күн өтпейді қызарған.
Таң бозында Ай құлар,
Ұлар шулап құзардан.

Биік-биік тақталар,
Маңыраған құлжалы.
Ашылмайтын шақшалар,
Құпиялар туралы...

Терең-терең сай, жылға,
Тентек-тентек өзендер.
Арман сынды ай, жылда
Асу бермес кезеңдер.

Күрең-күрең күңгейлер,
Жабағылы теріскей.
Шешілмейтін күрмеулер,
Сөйлемейтін бейіттер...

Шер далам-ай, күй сіңген,
Кісінеген, боздаған.
Кер далам-ай, күрсінген,
Шемен, шерді қозғаған.

Табиғатым - сыңарым,
Махаббатым, сезімсің!
Таусылғанда құмарым,
Әлдилер де, өзіңсің!..
***
САҒЫНДЫМ МЕН
Таңсәріде, түсте, іңір, ақшамда,
Өзің жайлы ой бүр ашады бақшамда.

Мынау жел ме, бізді жіпсіз жалғаған?
Мені кімнен қызғанасың, таң қалам!

Бізді бөлген өтіп жатыр Уақыт,
Сен жыладың, ала алмадым уатып.

Бәрі жақсы, мұңға ерме, шырағым,
...Мен де сол сәт жүрегіммен жыладым.

Жүрек қалды - жүрегімді саялай,
Бақыт тілеп, алақанын жаяды Ай.

Күдік, аңсау, сағыныш па шексіздік,
Айлап, жылдап мұңға маңдай өпкіздік.

Күннен іздеп, айдан іздеп көзіңді,
Таппай ақыр болып алдым төзімді.

Сағындым мен. Хат ұшырып қауырсын,
Көріскенше жүрек тағы ауырсын!

Көзде мұң сол... Ойым - сергек, санам - дүр,
Қайда жүрсең, аяулы жан, аман жүр!
***
ҚЫЗ - КӨКТЕМ
- Маған керек! Мына жер, мына ғалам,
Бусанып жатыр міне құба далам.
Көкте құстар шулайды көктемдетіп,
Құлағыңа жетті ме қиядағы ән.
Қиядағы ән. Сағыныш! Қиқулаған.
Кермиық далам жатыр жыр тыңдаған.
Қаңқылдап қоңыр қаздар оралады,
Мұңайтып, жирен күзде мұң сыйлаған.
Қыз - Көктем, таранады тырна келіп,
Қызғалдақ, жасыл белді қырға көрік.
Құстардың қанатына хат байлармын,
Қалқажан оқысың деп сырға берік.
Керім - көктем, кел көктем, сырғалымдай,
Түлік өсіп, сен келсең қырманым бай.
Желпіндіріп, жел - көктем желік беріп,
Сен жаққа кеткім келіп тұрғанымды-ай!..
***
АЛМАТЫ КҮЗІ
Алматыда дәл мұндай күз болмаған,
Егіз сезім, түн лебіне тоңбаған.
Өтпейтіндей көрінеді осы кез,
Бітпейтіндей көрінеді жол маған...
Қараша күз, Алатаудың басында,
Мен - тау ұлы, аспан қызы қасымда.
Біздер енді нөсерлетіп жауамыз,
Біздер енді айналамыз жасынға?!
Өмір гүлі - қарашада гүлдеген,
Қанатыммен су себемін гүлге мен.
Сен қасымда ай тумаған түн жарық,
Сен барында жүрегімде күнде өлең.
Алматыда дәл мұндай күз болар ма?
Адамдар жүр...не айтамын оларға!..
Қәзір менде Астанаға ұшамын,
Қимастықтың жасы тұнып жанарға...
Алматыда дәл мұндай күз болмаған...
***
ӨМІР ОСЫ
(қысқа баллада)
Күңгей бетке күн түсті де, гүл шықты,
Теріскейде көлеңкелер тұншықты.
Кейде тіпті "Аққа Құдай жақ" болмас,
Бір күйкентай ұстап жеді шымшықты.

Бүгін қырда солай атты ала таң,
Көз тояды табиғатқа қарасаң!
Шиық-шиық етіп аузын ашып ұяда,
Ана күткен аштан өлді балапан!..

Жүрек сыздап...үнсіз кеттім "заңдылық",
Өмір осы, не бар онда мәңгілік.
Өліп қалған балапаннан ұялмай,
Ертең тағы күн шығады паң күліп...
***
ІЗГІЛІКНАМА
Жоқ демеші!
Он сегіз мың ғалам бар.
Дүниеге ғарыш - оймен қараңдар!
Шебер Алла, жоқтан бар қып жаратты,
Жаратқанды мадақтаңдар адамдар!

Адам - Атам, Хауа - Әзиз Анамыз,
Өстік, өндік миллион жыл арамыз.
Топырақтан жаралып ек, әу баста,
Түбі айналып топыраққа барамыз.

Жаралғаннан биік болды өреміз,
Иманға ұйып, бір Аллаға сенеміз.
...Шайтанға еріп қуылып ек жәннәттан,
Содан бері жәннәтты аңсап келеміз!..

Содан бері жәннәтты аңсап келеміз,
Басқа түссе баспақшыл боп көнеміз.
Дүниені топан су кеп басқанда,
Нұхтан қалған біз бір көне кемеміз.

Қанып ішсек ізгіліктің бұлағын,
Табар ма едік, о дүние сұрағын...
Жаратқанның ақиқаты емес пе,
Мұхаммедке көктен түскен Құраным.

Иман бүрлеп, құрандағы парақтан,
Жұпар аңқып хадис, сүре, аяттан.
Мұсылманды бір Иманға ұйытып,
Түрлі-түрлі ұлт қып Алла жаратқан.

...Сақ пен ғұннан Ер Түріктен таралдық,
Жаратқаннан ақыл, сана, ой алдық.
Ай, жыл өтіп жаңарғанда ғасырлар,
Болашаққа Қазақ ел боп жол алдық.

Жоқ демеші!
Қазақ деген ұлтым бар.
Ұлтыма тән - дәстүрім бар, ғұрпым бар.
Жылдар салған қара аспандай қайғым бар,
Қуанған да өзіме тән күлкім бар.

Тағдырым бар, тар өткелде сынаған,
Талай нарлар жол таба алмай құлаған.
Отар ел боп, оталғанда дін, ділім,
Ерлер налып, қарындасым жылаған.

Арсыз заман соттағанда ар ісін,
Қанша тексіз ұлтын сатты жан үшін?
Менің ұлтым аштан өлді жазықсыз,
Жаламенен оққа ұшты арысым...

Сол бір жылдар қазынам көп тоналған,
Шежірем бар, тарихым бар жоғалған.
Тілді ұмытқан қазақ шықты көзқаман,
Сұрқылтайлар билік айтқан қоғамнан.

Күн тұтылып, тоза-тоза арыды ай,
Ұлт едік біз, шашылған көп тарыдай.
Кеше еркін тәуелсіз ел болған да,
Төрт бұрыштан жетпедік пе жамырай.

Жоқ демеші! Қабыл болған тілегім!
Арман толы, арғымақтай жүрегім!
Бес ғасырлық тарихымды түгендеп,
Ұлы тауда ұлар құстай түледім!

Жоқ демеші! Ұлан-байтақ далам бар.
Жан-жағымда қазыналы қалам бар.
Жаратқанның бізге берген сыйы бұл,
Қонған бақты бағалаңдар, жарандар!

Туған жерім, думанды елім, бесігім,
Әлем білді Қазақ менің есімім.
Тыныштықты тербете бер әлдилеп,
Бірлік қонған, берекелі бесігім!

Жоқ демеші, сөзде үлкен кие бар,
Жоқ болса егер, Алла берер тілеп ал!
Жол таба алмай қараңғыда адассаң,
Хақты танып, иман толы жүрек ал.

Бәйтеректей өстік терең тамырмен,
Алты құрлық тербетілді әніммен.
Үміті өшкен жоқ деген ұлт жоғалды,
Біз, тіледік дербес күнді сабырмен.

Біз тіледік: жақсылықтың барлығын,
Қолы ашық бай болуын жарлының.
Қорғалаған бұлт астынан күн шығып,
Төкті бізге шұғылалы таң нұрын.

Дін, діл, рух, білім-ғылым оянды ар,
Осыларсыз иманың да баяулар.
Шын сұрасаң береді Алла бақытты,
Менде неге жоқ демеңдер, адамдар!..

Ұят, иба, обал, ой мен санаң бар,
Ізгілікке жасалсыншы қадамдар.
Шын бақыттың құны қанша білмеймін,
Бір Алланы ұмытпаңдар АДАМдар!

Ербол БЕЙІЛХАН, ақын. «Әжімсіз жүрек…», «Маралоты», «Мәжнүнтал» жыр жинақтарының, «Біз екеуміз» атты өлеңдер аудио дискінің авторы.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста