Алаш ақыны

Еркеғали БЕЙСЕНОВ: Азалы тағдыр

  • Еркеғали БЕЙСЕНОВ: Азалы тағдыр

    Еркеғали БЕЙСЕНОВ: Азалы тағдыр

(баллада)

Сәуле сұлу бойдың сәнін түзеді,

Ауылдағы ең тартымды қыз еді.

Түр-тұлғаға сұқтанады жігіттер,

Кем дегенде, қашықтықтан жүз елі!


Хор қызынша өзін күтіп жүргенмен,

Тұрды тағдыр мол шырмаудан, күрмеуден.

Ата-анасы қарапайым кісілер,

Екі сиыр, он қойымен күн көрген.


Отбасының ерке өскен паң қызы,

Құдайынан сұрап алған жалғызы.

Өңін бүркеп, сыртын берген жалғанға,

Жібімеді жүрегінің қар-мұзы.


Үлкен-кіші түгел одан қашатын,

Қатар келіп қалған сәтте, сасатын.

Тек әдемі өлеңдермен хат жазды,

Еркін атты сыныптасы – жас ақын.


Оқушысы бұлар соңғы сыныптың,

Жетегінде әркім бір-бір үміттің.

«Болашақта ақын болам!» деп жүрген,

Сұлтанындай еді Еркін жігіттің.


Батыл жетпес түбіт мұрт қой ол-дағы,

Сырттай жауап күткенімен, болмады.

Қолдан келер қайраны сол – өлең-хат,

Лириканың бір томдайын жолдады.


Бірақ, Сәуле менсінбейді ешкімді,

Дейді: «Қазір хат жазысу ескірді.

Ауылдағы ұлдың бәрі – мәмбеттер,

Еркінді де дей алмаймын ес білді».


Құрбылары осы сөзін жеткізді,

Сорлы ғашық мұңға батты, ет қызды.

Шешім түйді бір отырып, бір тұрып:

«Мен де қойдым, дәл мынадай тексізді!».


Қасындағы қыз-қырқыннан былайғы,

Тәкаппарлық себептерін сұрайды...

Өзі кедей болған соң ба, кім білсін,

Хас сұлуға асқан дәулет ұнайды!


Сол-ақ екен, сұлудың бар арманы,

Үміт жібін бай жігітке жалғады.

Еркін жыры – қандай бастау?..

Әзірге

Сезілмеді руханият салмағы.



ІІ

Сыры мәлім студент қыз Сәуленің...

Қырындады қырма сақал әлдекім.

Таныстырған бір топтағы құрбысы,

«Бай мырза» деп... басын шатып әрненің.


Ақымақ қыз жүргендіктен сеніп құр,

Әдет болды арбай түсер ерік бұл.

Дәрігерлер даярлайтын оқудың

Жатағына күндегіше келіп тұр.


Нық ұстаным – бір шоқ гүлі қолында,

Қыз үшін гүл – байлық нышан болуда.

«Адам көркі – шүберек» қой,

Айлакер

Әп дегеннен ретін тапқан оның да!


Тастаған боп бәрін киіп, жеп, ішіп,

Көрінді де, алды уәде бекісіп.

Үш баламен қоя берген әйелін,

Аңғартпайды жүрмегенін жетісіп.


Иман керек бойжеткенге білер ес,

Имансыздың кердеңдеуі түк емес!

Түлкі аузында далпылдауда, әйтпесе,

Бала қыран тағдырынан бір елес.


– Сенің көзің – ең мөлдірі қараның!

Тағдыр сыйы – мені баурап аларың.

Қарашыққа қарашықтан көшіріп,

Кірпігіңмен сезімімді тарадың.


Сап түзеген асыл ақық – тісің де!

Теңеу таппай тұрмын мінсіз мүсінге.

Аппақ жүзің – жаңа жауған ақ ұлпа,

Қызыл шырай әрін аша түсуде...


– Қойыңызшы!..

Мақтадыңыз асыра...

Қыз сызылды, шыр айналды басы да.

Бұл үшін ол – Тәңір берген тілеуі,

Ол үшін бұл – аяқасты ашына.


– Жоқ... Асыра мақтау емес... Рас бәрі!..

(Өз-өзінен сасқалақтай бастады).

Қолтаңбасы Еркін деген ақынның,

Сөздің әлгі әжептәуір бастауы!


Самса сатқан Санжардың сол сенері,

«Ғажап ару – теңім емес» демеді.

Редактор дос ештеңеден хабарсыз,

Айтар сөзін күнде жазып береді.



ІІІ

Бүгіндері біраз пенде жетесіз,

Арсыздыққа қандай амал етесіз?!

Төсекте бас қосатынды шығарды,

Екі тарап бола тұра некесіз.


Жүкті болып қалды Сәуле бір күні,

Тұрмыс құру – көңілінің кірбіңі.

Бай көрінген күйеуінің түгі жоқ,

Мандымады берекесіз тірлігі.


Санжар неге түсті десең, ал мұңға,

Сергек сезім тиіс емес қалғуға.

Жүре келе қалған екен шын сүйіп,

«Алмаймын» деп ойлағанмен алдында.


Қызық таппай қызылқұмар қыз енді,

Шексіз арман шолтаң етіп күзелді.

Асау өмір арқасына қондырды,

Аяқ салып тұрған басқа үзеңгі.


Оқуынан шығып қалып әпендең,

Зар-зауалды уақыт шіркін әкелген...

Дәулет атты ұлын тастап Санжарға,

Кетіп тынды жалдамалы пәтерден.


Дәулет онда бар болғаны бір жаста,

Сәби – бақыт, көңілдегі кір басқа!

Бақытынан безген тағдыр – тұрлаусыз,

Сол байлықты неге ұстап тұрмасқа?!


Шарасыз жан бара жатты шарқ ұра,

Балам бар деп қарамады артына.

Лас дүние лаң түрінде жабысты,

Қатыгездік қалыптағы парқына.


Қарс айрылған көкірегі зар үзіп,

Егілді кеп, көз сорасын ағызып.

Сұлулығы – өз сорының оты да,

Бос қиялы – алаулатар тамызық.


Бір-ақ шауып қос тағдырдың түбінен,

Екеуі де адасыпты шынымен...

Анасы «тез жетіңдер» деп шақырып,

Санжар кетті ауылына ұлымен.


ІV

Таныстардың айтуынша көзкөрген,

Сәуле қыздың сырт келбеті өзгерген.

Жеңіл жолмен қаржы таппақ болған ол,

Депті: «Жетер! Жоқшылыққа төзбен мен!..».


Қолаң шашын желке тұстан қиыпты,

Бояулы бет – «жұмысына» ұйытқы.

Көлденең көк аттыларға пұлдайды,

Шолақ етек, тар мықынды сиықты.



***

Әке – жалғыз, ана – жалғыз, бұл – жалғыз,

Жалғыз Құдай тас төбеден ұрған қыз!

(Бір адымды шалыс бассаң, туысқан,

Бәріміз де ар алдында құрбанбыз!).


Ата-ананың шайналып бас бармағы,

«Қызымыз жоқ! Болмаған!»,- деп зарлады.

...Екеуі де көз жұмғанда құсадан,

Құсалы жан жерлеуіне бармады.

***

Иә, Сәуле ерсілікке елітті,

Дүниені қуа-қуа демікті.

Бір топ қызбен хорхор алып ортаға,

Дәмханада арақ ішті, желікті.


Олпы-солпы қалыппен ол семірген,

Биге тартты бұзықтарды елірген.

Аймалады жасы кіші бір қуды,

Тым шіреніп, көкірегі керілген.


Әрекеттің тынар түбі белгілі,

Ұл да сүйді шектен шыққан шерліні.

Деді Сәуле: «Маған бір қыз сыйлайсың...

Ей, балақай, дұрыс түсін сен мұны!».


Оң қолымен жұдырықтап жүректі,

Жалғызсырап жүргендігін сыр етті.

Қартайғанда қалмас үшін далада,

Қыз тууға түрген екен білекті.


«Маған кейін серік керек! Ұқтың ба?

Жөніңді тап, өтінішті құп қыл да!

Қорықпа, мен саған тиіп алмаймын...

Қорықпа!»,- деп қайталады мұртты ұлға.


V

Жылдар өтті зор таңбасы сызылар,

Реті келсе, сірескен сең бұзылар...

Дүкен ашып, кәсіп қылған Сәуленің

Бақыт атты әп-әдемі қызы бар.


Өмір сүре білуге шын жараған,

Өз қалауын өзі жасар әр адам.

Журналистік дипломын алған соң,

Бақыт жұмыс қарастырды қаладан.


Десе анау: «бізді біраз қысқартты»,

Мынау жаңа бекітіпті штатты.

Орын таппай жүрген кезде,

Таныс қыз

Мықты газет мекен-жайын ұстатты.


Бас редактор пысықтығын еледі,

Әкесіз қыз қайсар еді, себебі.

Өткен шақтан елес бермес әманда,

«Астананың тумасымын» дегені.


Жететін боп әр жанрға шамасы,

Қабылдады жаны жайсаң ағасы...

«Бастығымыз – Еркін Досов» дегенде,

Бір қызарып, бір бозарды анасы!




Бақыт өсіп, оңы-солын аңғарды,

Сәуле тіпті мән бермепті, аңғал-ды.

«Апа, менің жігітім бар»,- дегенде,

Бойжеткенін сонда біліп, таң қалды.


«Жігіт қайда қашар дейсің... Қоя тұр!-

деп анасы қосты оған ой, ақыл.

– Әзір сенің көзің соқыр кезің ғой,

Көрінгенмен көкірегің ояу құр».


Бақыт енді күйді бұзып тосылған,

«Жүктімін!», - деп қойып қалды тосыннан.

Алқымына ытқып ана жүрегі,

Шошып кетті алдындағы пошымнан.


– Не деп тұрсың? Не дедің сен?.. Айт, қане!

– Жігітімнен жүктімін мен...

– Тәйт, пәле!..

Өзегінен өксік қысып, булықты,

Қайталанып бастан өткен жайт және.


Арнасына қайта салып ағыс бұл,

Үлкен жар боп ұшырасты алыс қыр.

– Іштегіңді алдырғаннан не пайда?!

Шақыр ертең, ол баланы... Таныстыр!

***

Ұл сөзінен аянышты мән ұқты,

Тұл жетімек екендігін танытты.

Жол апаты алып кетіп әкесін,

Әжесінің қарауында қалыпты.


Ал анасын білмейді де, көрмеген,

Білетіні – тастап кеткен ол немең.

Зияндары тиген байғұс балаға,

Тағы жұмбақ айрылғаны жол неден.


«Сөйтіп, өзім «тірі жетім» атандым»,-

дегенде ұл, келіп қалды тақау мұң.

Сәуле әрең қойды соңғы сұрағын:

«Айтшы, Дәулет, есімі кім папаңның?».


«Санжар»,- деді, тауысты да амалды,

Айналаны түнек басты қараңғы.

Аузын ашып қалды Сәуле боп-боз боп,

Көз шарадан шыға жаздап аларды.


Дене мұздап, ыңырсыды жай ғана,

Төңкеріліп бара жатты айнала.

– Ұ... ұ... ұл-лым...


Аурухана төсегі.

Жүйкесіне жүк түсірді қаймана!


– Ойнап жүріп, біз де бір от басып ек,

Абыройды оңды-солды шашып ек.

Сонда маған көрсеткенің осы ма?!.

Құдайым-ай!..

О, қасірет!..

Қасіре-е-ет!..


Отыратын өз ойыма қосып ой,

Жалғыз қызым – көңілімнің хошы ғой!

Ал ұлым ше?..

О, масқара!..

Масқара-а-а!..

Мен бейбақтың өлген жерім осы ғой!..


О, масқара-а-а!..

Өлген жерім осы ғой!!!


А? А? Ыңырси ма, мынауың?!.

Қайдасың сен?

Қызым, неге жыладың?..

Иии, естімей-ақ қойды ғой,

Тас бітеліп, керең болғыр құлағым!!!


Бетін осып, шашын жұла ашынып,

Айқайлады қабырғаға бас ұрып...

...Жындыхана асырғанда анасын,

Дүкенінде тұрды Бақыт асылып.


VІІ

Еркін кештеу шыққан кезде жұмыстан,

Бір қаңғыбас ұшырасты бұрыштан.

Ту сыртынан айқай салды қарлығып:

– Нанға тиын тастап кетші, туысқан!


Ақын жұрттың түрін бірден аңдайды,

Деп мырс етті: «Санжар қудан аумайды!».

Иә, алғашқы махаббаттан туған ұл –

Дәулет еді... Жетімекке жан – қайғы!




 




Көрілген: 2591    Пікірлер: 0

сейсенбі, 01.03.2016, 10:39

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30