Алаш ақыны

Гүлнар САЛЫҚБАЙ: Кешіріңдер келгенімді өмірге ...

  • Гүлнар САЛЫҚБАЙ: Кешіріңдер келгенімді өмірге ...

    Гүлнар САЛЫҚБАЙ: Кешіріңдер келгенімді өмірге ...

* * *

Кешіріңдер кең пейілді пішінде:

жүргенімді осы байтақ өңірде!

Кешіріңдер дəл осылай болғандығым үшінде,

келгенімді өмірге...


Кешіріңдер сүйгенімді өртеніп,

Күтіп желдің өкпегін.

Түкке тұрмас бір істерге тер төгіп,

өмірімнің өткенін...


Кешіріңдер жақсы көрсем бəріңді,

Көргім келіп биіктен.

Содан кейін өртеп алып барымды,

Жер тырнасам күйіктен.


Кешіріңдер сенгенімді себепсіз,

Жарқыраған бағымды.

Тозып біткен заттарыңдай, керексіз

лақтырылған шағымды.


Кешіріңдер құрметсіздің қулығын

Дер кезінде ұқпасам.

Қырық тесік болсадағы сулығым,

Қабағымды шытпасам.


Кешіріңдер түсінбесем біріңді,

Көңілімнің қалғанын.

Кешіріңдер жүрегімді, жырымды

жəне олардың арманын...


Кешіріңдер өзгешелеу түсінік,

Өңге айналмас түсімді.

Оңып кеткен көйлегімді – түсі ұмыт,

Мағынасыз ісімді...


Кешіріңдер күткенімді үгіліп,

Кездерімді жаңылған.

Көз жасымды – шыға алмаған тығылып,

Жүрегіме ағылған...

Кешіріңдер жасырылған жарамды –

ешқашан да таңбаған.

Кешіріңдер қолымдағы қаламды –

құмары бір қанбаған.


Кешіріңдер кітабымды бітетін –

Айта алмастан бір шынын.

Кешіріңдер кереметтер күтетін

Жүрегімнің дүрсілін...


Кешіріңдер осынау бір адамды –

Жағдайы жоқ белсенер.

Кешіріңдер иен қалған жағамды

Қолдарыңнан келсе егер...


Кешіріңдер жазылмаған сөзімді,

Өзімді де əлі аман.

Кешіріңдер менің ғашық көзімді –

Өздеріңе қараған...


 


* * * 

Оятпа сен мені, қалғысам,

Өзгеге еліктеп, өзгерме.

Іздеме бекерге, қаңғысам,

Жоғалғым келетін кездерде.


Таң болып күтіп ал кешкірсем,

Əн болып, жанымды желбірет.

Жаңа айдай жарқырат ескірсем,

Қиналма «қайтемін енді?» деп...


Басқа бір əлемде тұрақта,

Көздерің бақытқа шөлдесе.

Сен мені ұмытпа бірақ та,

Өзіңді ұмытқың келмесе...


Ешқандай ағынға қосылмай,

Таңданба бəрінен сырт қалсам.

Ешқашан жоғалмас досымдай

Жер болып күтіп ал бұлттансам.


Аяма адасып, қағынсам,

Сен мені сөкпейтін шығарсың?

Мың жылдар өткен соң табылсам,

Қағаздан барлығын ұғарсың...


Түсінбе тойларда болмасам,

Жəне де жолымды жүрілген.

Бір күні кеудеңе орнасам

Жаңбырдан кейінгі жырыммен...


 


* * * 

Қашайықшы барлық қиын сұрақтан,

Қишы маған ұйқыңды.

Қарашы, анау балағынан кірі аққан

Қала қандай сүйкімді!


Қашайықшы, айдалаға, адасып,

Ашайықшы басқа əлемнің есігін.

Ешкім бізді іздемесін жаны ашып,

Ешкім бізден сұрамасын кешірім...


Өтіп жатқан күніміздің көбі өлең –

Жылыстайық ақырын.

Ешкім бізге қарап тұрып төбеден,

Лақтырмасын ақылын.


Ешбір адам аямасын біздерді –

Сенгендері сатты деп.

Өшірейік бар азапты іздерді,

Басқаларға бақ тілеп.


Қашайықшы, құдай үшін, ерінбе.

Жүріп тұр ма көлігің?

Əлде мені құтқаруға сенің де

Шаппай тұр ма көңілің?


 


* * * 

Қандай қызық көктем менен кездескен –

Бақыттан жылаған.

Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,

Күнге ұнаған...


Қандай қызық көктемменен кездескен –

Қимай қарасқан.

Ақыл-ойдың ну орманын кез бестен,

Адасқан...


Қандай қызық орамалмен кездескен –

Сүрткен көзіңді.

Һəм шығару ертең ерер сөзді естен

Жəне өзіңді.


Қандай қызық орындық пен кездескен –

Теңізге қараған.

Тіршіліктің тізіміне енбестен,

Сағат санаған...


Қандай қызық ағын менен кездескен –

Алыс сүйреген.

Берекесіз дүниеден безбестен,

Қайта билеген.


Қандай қызық жапырақ пен кездескен –

Жаңа таңы атқан.

Көшелерде күндіз-түні көз көшкен

Күліп баратқан...


Қандай қызық қызғалдақ пен кездескен –

Саған терілген.

Содан кейін самал желге жолда ескен

Жақсы көрілген.


Қандай қызық теңіз бенен кездескен –

Тұзды су алған.

Ешкімгеде, ештеңеге сенбестен,

Қуанған...


 


* * * 

Ішінде арман-ағыстың

Бұзылды жүрек жолдары.

Доссыз өмірмен таныстым –

Сұп-суық екен қолдары.


Қуанып жүріп, құладым,

Қар жауған қала тағы кір.

Доссыз өмірге ұнадым,

Ал енді маған бəрі бір...

Бəріңнен енді алыспын,

Алыстай түсем бұл түні.

Доссыз өмірмен таныстым,

Түріміз қандай күлкілі!


Ешкімді енді тоспаспын,

Ұмытып кетіп жүрмесем.

Доссыз өмірмен достастым,

Жағдайым осы, білмесең.


Армандап жүріп, адастым,

Жолымды таптым қалайда.

Доссыз өмірмен жарастым,

Келмеші мұнда, жарайма?..


 


* * * 

Тек қана Сізді ойлау мен жалғанды əнім,

Көзімнің жаңбырына толыуысым.

Тағы бір ауырсам деп армандадым –

Сізді бір көру үшін...


Тағы бір көрсем дедім, талмай жүрек –

Арманның мұнарланған көрінісін,

Көңілім көшелерді шарлайды кеп

Сізді бір көру үшін.


Қуанып, қызық өмір сүре алмадым,

Биікке шақырмады мені құсым.

Не істеуге болатынын біле алмадым

Сізді бір көру үшін...


 


* * * 

Сізді ғана күтіп жүрем, таба алмай,

Бір күні кеп, шырағымды жағардай.

Сізді күттім қара жолға қадалып,

Қанатымды қаға алмай.


Сізді күттім күздің күрең бағындай,

Сізді күттім ханның алтын тағындай.

Күннен тамған күміс тамшы секілді –

Сізді күттім бұлдыраған сағымдай.


Сізді күттім жауын күткен даладай,

Сізді күттім тəтті іздеген баладай.

Ұмыта алмай ұзақ жүрдім көшеде,

Аяғымның талғанына қарамай.


Күтуменен құлады күн, атып таң,

Сізді күттім бөліп алып уақыттан.

Қасыңызға еріп келген ана əйел

Қалай өлмей, шыдап отыр бақыттан...


 


* * * 

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар əн шығар

аспанның жүрегінен тамып тұрған?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар жаншығар

биікте тұра беру жалықтырған?!


Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар шу шығар

сытырлап қара түнмен айтысатын?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар бу шығар қызыл күн бір қараса,

Қайта ұшатын?!


Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар сөз шығар

аспаннан ағып тұрған?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар көз шығар

қара жер зарықтырған?!


Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар би шығар

Ырғағы егіз менің жүрегіммен?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар сый шығар –

Маған жіберілген?!


Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар жол шығар –

бір-ақ бағыты бар?!

Тамшылар, тамшылар...

Тамшылар көл шығар көктен ағытылар?!


Тамшылар, тамшылар...

Қамшылар – жерді сабалаған.

Тамшылар – аңшылар...

Мені қамалаған...


 


КҮН

І

Сəулең – реңімде,

Нұрға толы – уысым.

Келдім бұл өмірге

Сені көру үшін.


Көптің бірі дерсің,

Келдім күю үшін.

Келдім, ұлы көршім,

Сені сүю үшін!


Келдім жайлануға –

Ұзақ күткеніме.

Мəңгі байлануға

Қызыл жіптеріңе.


Келдім үміт тағып,

Алтын кейіпкерге.

Ал, түн құлыпталып,

Қалсын сейфтерде...


ІІ

Белгілі сенен безбесім,

Белгісіз кейде жоқ-барым.

Жердегі мұңды көздесін

Самсаған сəуле-оқтарың.


Мейірім ғана озардай

Өмірде мынау кіл жарыс.

Жүзіңнен сенің көз алмай,

Қараған мен бір – күнбағыс...


Алысқа жетер бір үнмін,

Алаула жүрек төрінде –

Адалдық жайлы жырымның

Ең ғажап деген жерінде!


Жетесің жалғыз бəріне,

Аман бол бақыт – от демі.

Махаббат жайлы əніме

Қайырма болып көктегі...


 


* * * 

Табылмаса, табылмасын керегім,

Қандай қызық жоғалғанды іздемек!

«Мен бəрі бір бақыттымын!» деп едім,

Құстар айтты: «Бақыттымыз бізде» деп...


Орындалмай қойсын мейлі ойдағым,

Отырайын өзіме өзім күлкім кеп.

Гүлдер тойлап алдыдағы тойларын,

Содан кейін өліп жатты біртіндеп.


 


* * * 

Сіңіріп жерден жылу, көктен көрік,

Табылмай көңіліме жеткен көлік.

Кеудеме қараторғай ұя салса,

Жем беріп, асырадың көктем болып.


Сөздері сөз ғана емес, Саз сияқты.

Өзіңсіз жердің беті таз сияқты.

Жайқалттың, жасандырдың, жарылқадың

Жалғанға жақсы қонақ – жаз сияқты.


Жапырақ қашқан қала түз сияқты,

Естегім – ертең қатар мұз сияқты.

Қайырымсыз қара жел боп сабаладың

Қарғалар ғана қалған күз сияқты.


Жақсы кез жаныңды арбар түс сияқты,

Жылыны жаны сүйер құс сияқты.

Болмасын аяғы жоқ іс сияқты –

Қатырсаң, қатыра ғой қыс сияқты...


 


* * * 

Төрт жағымнан сені ғана көремін,

Көремінде ұмытамын сор елін.

Саясына жұрт тығылған терегім,

Қысқа күнде қырық құбылған керегім...


Мына күнде сүйер мендей кімдікім?

Сендей жарық ете алады түнді кім...

Сен дегенде шөлге айналар ындыным,

Өтірікті көп айтатын Шындығым.


Сен көрінсең, қуанышта өлшем жоқ,

Ұранымда, жыр-əнімде сен, сен боп.

Бақыттымын, Ал, сен кімсің?

Білмеймін.

Армандаймын соны білмей өлсем деп.


 


* * * 

Тырс-тырс, тырс тырс...

Тереземді жаңбыр қағады,

Тырс-тырс, тырс-тырс....

Тағы мені табады.

Тырс-тырс, тырс-тырс,

Тыныштық бер шамалы.

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Соның бəрі қалады.


Тырс-тырс, тырс-тырс...

Көк аспанның бөлшегі

Үзіледі, көңілім мен көрші еді.

Кімге керек өміріңнің өлшемі?

Кімге керек иегіңнің кемсеңі?..


Тырс-тырс, тырс-тырс...

Менде сендей ағылдым,

Бұлөмірді сүрмегендей сағындым.

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Тарбесікке таңылдым,

Аспан едім,

Жазды күтіп, жаңылдым.


Тырс-тырс, тырс-тырс...

Саған несін ақталам,

Сырымды айтып сырттағыға жақпаған...

Тырс-тырс, тырс-тырс,

Сен – сөзімсің таппаған –

Қара қыстың көз жасындай қатпаған.


Тырс-тырс, тырс-тырс.

Тырсылдай бер ендеше!

Суытса да қата алмағам мен кеше.

Тырс-тырс, тырс-тырс...

Тырсылдамай қайтесің

Мұзға айналу қолыңнан еш келмесе.

Тырс-тырс, тырс-тырс...


 


* * * 

Өкінді гүлім, өкінді –

Бүршігін енді аша алмай.

Кешіккен ұшақ секілді

Ауа райынан аса алмай.


Секемшіл көңіл сыр берер,

Тұрғызар үміт құласаң.

Кешікке нұшақ бір келер

Күтуге оны шыдасаң...


Сол күннен қайда жүр дерек?..

Жан бар ма оны есіткен?!

Гүлдердің жөні бір бөлек –

Көктемі мəңгі кешіккен.


Қызады нанның күресі,

Сенісер жандар селдіреп.

Көзімнің көркем үлесі

Қарайды маған мөлдіреп.


Бітпеді қызық түс əлі,

Асықпай менде кетем деп.

Жанымның жалғыз ұшағы

Кешікпей ұшса екен тек.


«Кешіріңдер келгенімді өмірге» жинағынан




Көрілген: 2024    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 22.01.2018, 15:17

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28