Алаш ақыны

Жұлдыз БЕЙСЕК: Күзге ғашық қыз едім...

  • Жұлдыз БЕЙСЕК: Күзге ғашық қыз едім...

    Жұлдыз БЕЙСЕК: Күзге ғашық қыз едім...

Сурет салсам тізе мұң

Айтшы неге түзедің?

Қайғысы ұшқан қасында

Күзге ғашық қыз едім.


Жанарыма ай құлап,

Отырады жәй жылап…

Құлазиды дейсің бе?

Мұң сүйсінтіп, қайғы ұнап


Күрең күннің көбі ұнап,

Қурап қалған шөбі ұнап,

Жылап өтер ме екенмін,

Жапырағымды төгіп ап.


Күзге тартқан жасым да,

Күз қойнында басым да,

Найзағай боп тіл қатам,

Нардай болған ғасырға.


Құстың көріп тізбегін

Қанатымды іздедім

Мені ұшырар – жапырақтар,

Мені әкетер – күздерім.



***

Жапырақ ем тағдырымнан үзілген,

Ұрламашы,

Ұрламашы күзімнен

Неге келіп мазалайсың түсіме,

Бірге бола алмаймыз ғой біз мүлдем.


Ақ шәлі едім,

Ақ бұлт жерге түсірген,

Аппақ қардай көз алдыңа тізілген.

Қарайтпашы,

Қарайтпашы жанымды

Қабағыңа қатқан мұздың жүзімен


Жаңбыр ма едім, 

Жолдарыңа жауатын,

Талып кетті,

Талып кетті қанатым...

Мен қонатын биік енді белгісіз,

Мен киетін киім де енді қара тым.


Құс тартатын ноталарын қайғы - әнім

Жүрегіңде болған едім...

Қайдамын?..

Жылатпашы, 

Жылатпашы жанарды

Жанар отым сөнгеннен соң айтамын.


Самал ма едім бағыңда есіп тұратын,

Мен шығармын жауабы жоқ сұрағың

Ғайып болғам, өзім күзбен көшкенмін,

Өмір сүріп жүрген менің құр атым.


***

Сен табыттан қорқатұғын көріндің 

Кеше көзін шұқып алдым өлімнің 

Қорықпашы, мен тәтті боп болашақ 

Мола ішінде төмпешікке төгілдім. 


Тоя тұрсын, жүрегі айнып ауырсын 

Оған дейін жасап берем қауырсын 

Өкінбестен өлмес жаққа ұшып кет, 

Саған ғана жетсе болды дауысым. 


Іздеп сені таппайды енді бұл өлім 

Күндей көкте шуақ шашсын жүрегің 

Сағынышым, сырға толы хат жолда 

Соқыр болды кеше өлім білесің. 


Енді ол сені танымайды ... 


***

Мен секілді іздейді ме екенсің?

Терезеден жолға қарап өтем, шын

Саған деген сағынышты мендегі 

Қыркүйектің жапырағы көтерсін


Жолыңдағы бір жарықты күзетіп

Келер деген тас жолдардан жүз өтіп

Сағыныштан үгітілер ме екенмін,

Кірпіктерін бір қайырып күз өтіп


Сағынышымды саған деген күз айтар,

Күзбен бірге әйнектерім жылайды ал.

Телміретін тереземе сүйенем,

Кірпігімнен әппақ қайың құлайды әр


Сұр пердеме сіңіп қалды сағыныш,

Ал бөлмемде сол жалғыздық, сабылыс...

Үмітімнің үрейленген кейпінде

Сезімімді хатқа ағызам жанып іш.


***

Тымық таңды оятқан құстар ма екен,

Жанымды жадыратар күш бар ма екен?!

Сағыныш сарайында қалып кеткем,

Есігімнен ертемен ұшқанда сен


Аспанның  дидарындай сұрғылттанған

Сен кеткен соң  тұманды күн бұлттанған

Кім сүртеді  тамшысын кірпігімнің,

Жаңбырларды жаныма  тырс-тырс  тамған?


Өмірім құлар ме екен сырғып талдан,

Кім мені дүниеге мұң ғып таңған?

Сап-сары жапырақтарға малынумен

Күздің ішін кеземін сен құлттаған


Күз бе екен,

Өзім бе екем салқындаған?

Найзағай ма,

Көзің бе,

Жарқылдаған?

Өртеніп кетер ме екем сен келгенше

Сары алтын сағыныштармен лапылдаған. 


***

Мына әлемнен жаным тоңып түршігем,

Өмір дейтін ақ қайыңның бүршігі ем

Жан таппастан ұғынатын жанымды

Күрең күнде күзге келіп күрсінем


Сағыныштан үлбіреген жапырақ

Айнасындай күз жанымның шатынап

Бұл дүниеге сыя алмаған жүрекпен

Бейуақытта бақта тұрам аһылап


Жүре алмастан әлеміңде жарқылдап,

Жапырақтай дір-дір етем қалтылдап

Маған деген сезіміңдей кетті әлем 

Күздің қара суығындай салқындап


Шер кеудемді күз және де ай ұқпақ

Сенсіз өмір – сүреңсіз деп байыптап

Сезімімді жүрегімде жұбатам

Жер күнәләр мекені деп айыптап


Жел желпініп қанаттарын жайғанда

Жапырақтар көшеді екен, айлар да...

Тұла бойым жапырақтарға бөлініп 

Күзбен көшіп бара жатам... 

Қай маңға?


***

Ең соңғы жапырақ та үзілді...

Қыс келеді жылатумен күзімді

Мен келемін өліп қалған жапырақ

Ішіндегі тірілте алмай өзімді...


Неге мені әкетпедің жаныңа?

Не айтамын жапырақсыз таңыма?

Күздің қанатындағы көп жырды оқып,

Шерге баттым шәйі шәлім жамыла


Біреулерге көрінеді сорың бал,

Мұңмен кезіктірейін бе?...

Қолымды ал...

Жапыраққа жан ашитын кімің бар?

Кел де, қалқам, күңгірт түсті торымды ал.


Жайлы жастық болады ертең мына жер

Кім табылар құндағыңа құла дер?..

Жапырақты жаншып баса көрмеңдер,

Жапырақ та мен секілді бір әйел!


***

Жапырақтар жауып жатыр... 

Үндеме! 

Сөз берейік өмір - тойда күзге де 

Күз сөйлесін тамшы ернімен дірілдеп, 

Жаңбыр сүйген көл жыласын іргеде... 


Қысты төрге оздырған соң кір-кірлеп 

Жапырақтар жауып жатыр бір-бірлеп 

Жапырақтың үстіндегі жүрегім 

Жерге құлап бара жатыр бүлкілдеп... 


Жапырақтар жауып жатыр үн-түнсіз 

Сіздің, менің бірікпейтін күлкімсіз... 

Жапыраққа орап берген жанымды 

Жерге түспей көтерерсіз мүмкін сіз?!


***

Өзіңді іздеп ағады жұлдыз жерге

Көктемнен де сұрадым, қыс, күзден де 

Жазды күн жусан иісін жұтып тұрып,

Мені есіңе алдың ба гүлді үзгенде.


Ақша бұлттар толқытып көңілімді,

Кеудемдегі оятса елігімді

Сені ойладым, 

Ал сен ше, ойладың ба, 

Жаңбыр сүйіп алғанда ерініңді


Бейнеңді сап айға наз, қылық - құмға, 

Кірпігін көтереді үміт мұнда

Көктем сенің шерткенде терезеңді 

Мені есіңе алдың ба?

Ұмыттың ба?


Қарашығы көзімнің тұнып мұңға,

Жұбатамын жүректі жуып жырға

Хабарыңды тосамын күннен, түннен 

Ұмыттың ба сен мені 

Ұмыттың ба?..


***

Құшақтауға еркім бар ма өзіңді

Бейнеңменен емдеп тұрмын көзімді

Ұмыттыршы өзің жоқта жылаған,

Жабырқаған кезімді.


Сәуірдегі тынбай жауған жаңбырды

Бір бұрышта жылап отқан Жалғызды.

Ұмыттыршы, бізді бөлген күндерді

Арадағы салқынды.


Мені ұнатқан осы нәркес көз бе еді

Көңілдегі көп күдікті сезбеді

Ұмыттыршы, көшесінде Тағдырдың

сүйгеніңді өзгені...



***

Осы менің бет-бейнем:

Қандай жақсы 

Жапырақтай қурап, шөлдеп кетпей мен,

Жаңбыр асты жылап тұрмын:

Ұмытқан 

Сізді мүлде бұ дүниеде кешпей мен.


Жүрегіме махаббаттан у толып, 

Ұшпаған соң бу болып,

Жаңбыр асты жылап тұрмын – 

Сағынышым

Тал бойымнан ағатындай су болып.


Жаңбыр асты жылап тұрмын

Бұл жылаған тұсымда:

Тамшылары бұлттардың 

Билесінші кірпігімнің ұшында


Аспан – менің шаңырағым,

Дала – менің төсегім

Ешкім өліп сүйе алмаған жүректі

Сүйші, жаңбыр,

Мен жолыңа төседім.


Жаңбыр асты жылап тұрмын

Бұлт жасына малынып,

Тамшылардан алқа, сырға тағынып

Жаңбыр асты жылап тұрмын 

Сіз келіп

Құшасыз ба сағынып?..


***

Сені қайтем?

Ернім тұрса өбердей, 

Көзді қайтем?

Жел үрлесе сөнердей

Жүрегімнен қайда қашам?

Қай жаққа?

Бұл сезімнен құтылмаймын мен өлмей.

Кірпіктерім кірпігіңе байланған,

Сені күтіп

Сағаттардан, 

Айлардан,

Үміттері жапырақтай қураған 

Бір қыз көрем айнамнан.

Сала берсін уақыт жүзге із мейлі,

Атым неге жүрегіңде жүзбейді?

Сезімдерің мен жаққа 

Раушандарын үзбейді

Сен бақытты шығарсың,

Мені қазір күз дейді... 

Ақ қар орап жұбатады жанымды

Тыңдата алмай түнде салған әнімді,

Тағы...

Тағы...

Күзетем бе сағымды,

Сені сүйіп құшамын ба қабірді?!

Мына түннен меніменен бірге асшы,

Сенсіз жұтқан ауа да - у,

Су да - ащы

Түстерімнен өңіме кеп ұласшы,

Жылап жатқан өміріме су шашшы.

Ал өмірім тығылады көзіме,

Бәрін...

Бәрін... жасырамын өзіме

Мен бір күні о дүниеге кеткенмен

Мың бір Өлең сыңсып шығар өкпемнен.


***

Тағы сендік елесті таба алғанымды-ай,

Тағы сенсіз жылауға жаралғанымды-ай,

Түнге сіңем,

Дүниеде қарам да қалмай...

Менен шалғай кеткенде

Қарамашы, басқаға,

Мақпал түнде маған қарағаныңдай.


Қуаныш көші үйімнен ұзақтағандай,

Қинамас еді, сезімсіз тұзақ та мұндай

Қызғанамын өзіңді,

Жүректі пышақтағандай,

Менен шалғай кеткенде,

Құшпашы, ешкімді,

Әппақ таңда мені құшақтағандай.


Мағынасыз Өміріме ие күнімдей,

Кірпігімнен сырғанап жатыр білінбей,

Айға күйдім...

Сен жоқта күйетінімдей,

Менен шалғай кеткенде,

Сен сүймеші өзгені,

Мені ғана.. 

Мені сүйетініңдей...


***

Халімді кім түсінер?

Тұнжыраған аспандай ажарымды, 

Жасқа егілген гүлімді,

Ғазалымды

Күте –күте кірпігім сирегенін,

Терезе алдындағы ажалымды.


Күлдім деп күлкі сұрап отқанымды,

Сені іздеумен, сүюмен тоқтарымды...

Күн бойы көрінбесең – ғасыр жоқтай,

Үстеліңе отырып жоқтарымды. 


Халімді кім түсінер?

Қара түнде мұң ішіп азатыным - 

Сол арудың есімінен де қашатыным

Сен ол жайлы айтқанда,

Бір сұлудың 

Жүрегімде жылап өлең жазатынын.


Қызғаныш оты өртеген жүрегімді

Түсініксіз халімді... күлем – мұңлы

...Жапырақ, неге жылап жатсың үнсіз

Саған айтқан едім ғой тілегімді?!


***

 Тырнағымнан тамса да мұң,

Жанса да күн... дір етпен.

Мен күзімді қарсы аламын,

Мұздап қалған жүрекпен.


Тамыз кетті талға байлап

Жасыл желең гүл шағын

Жүрген шағың қалқатайлап,

Бәрі де өтті, құм, сағым...


Бұлт жыласа – бізден айып,

Бар обалын көтердім

Күз секілді жүз мұңайып, 

Жүз рет жылап өтермін


Жанымды да жараласын

Күзде қалып тылсым дем

Маған неге аларасың?

Мен ғана ма күрсінген?!


Жапырақтарым жыл жанардан,

Омырауымнан жиі ақты

Ал жүрегім мұңға малған

Күзден туған сияқты.


***

Қашанғы сені іздеймін?

Жәй сұраймын.

Құшағын бақыт бізге жайды қай күн?!

Өксітпес, өкіндіртпес,

Бақ сұрауға бола ма тайқымайтын...

Сағатым созыла ма сені іздейтін,

Түндерім таусылмай ма, ай жылайтын,

күндері хош демес пе, әй, Құдайдың!


Қашанғы сені іздеймін?

Жәй сұраймын.

Қанша жыл?

Білесің бе қай күні айдың?

Қалпым сол...

Қасіретке көзім тұнған 

Ғарыштан 

Жер төсіне тамшылаймын.


Қашанғы сені іздеймін?!

Жәй сұраймын.

Көрмесем, қайғыдаймын.

Сені көрсем деп тұрам,

Басқа ешкімді 

білмеймін, 

танымаймын.

Ал қайғым қырық бөлініп кеткен шығар,

Мап-майда сынықтарым ауыртады...

Мен сенен айнымаймын.



***

Түн келсе

Ұшам қалықтап тағы

Қара аспан – қанаттарымдай

Қаладағы өктем жарықтар... бәрі...

Жолыңа қаратқанын-ай...


Білмеймін неге сор ғашық еді,

Балапан күннен шер - көшем

Жұлдыздар менің көз-жасым еді,

Тамады енді, келмесең.


Кері кететін қадамдарымды-ай,

Кетпегем неге қар болып?..

Сүюге сені жаралғанымды-ай,

Көруге тіптен зар болып.


Өзіңе, айтшы, күлкімін неге?

Үркемін бір түп сенімнен

Қоштасам тағы бұл түніммен де,

Ай үзіп кірпіктерімнен.


***

 Көңілім алып ұшты

Қараймын жолға ұзақ

Жыр ұшты сағынышты

Бізге осы сор ғашық-ақ


Көне алмай кеткеніңе,

Келер деп қыр күзетем

Әлдекім өткені ме?

Жо-жоқ, ол - бір қыз екен.


Әп-сәтте есік қағып,

Күн бейнең тұратындай

Көздерің есімді алып, 

Жанға нұр құятындай.


Сене алмай жоқтығыңа,

Көйлек қып кигем шерді

Әнді айттым топ құсыма,

Жаным-ау, келсеңші енді.


Қарайған көздерім бе?

Әлде, күн батқаны ма?

Сен келіп, сезбедім бе?

Әлде, үйді таппадың ба?


Жасымды көп төктірмей,

Келсеңші, жан жолдасым,

Келсеңші, көп күттірмей,

Қолыңда гүл солмасын. 


***

Жанымды ауыртты-ау,

Уақыттың кемсеңдегені,

Топырақпенен бір уыс көмсем дегені...

Жанынан жалған дүниенің ұрлап ал-дағы,

Cағындым деші 

Күніге көрсең де мені.


Көздерім көрген аспан да, 

Көл де мұң еді,

Көңілім менің көңіліңе шөлдеп тұр еді

Ауадағы ауыр ойлардай ауырып жүрмін,

Сағындым деген сөзіңмен 

Емдеші мені.


Сағындым деші, 

Түсіңе енсем де бүгін,

Жылы шуағын қырлардың 

Терсең де гүлін,

Көлеңкең болып ерсем де, 

Берсең де гүлді,

Жанардан жалын бейнеңді 

Көрсең де, күнім.


Сағындым деші...

Үніңнен ес кірер менде

Мұңлымын айдай, 

Түніммен көшті десем де,

Сағындым деші,

Ішіңнен, 

Түсіңде тағы

Сағындым деші, 

Мен мүлде естімесем де...


***

Қараңғы түн. 

Терезеге ұмтылады көбелек 

Көбелектен сұрамашы неге деп. 

Мен де сенің шыр айналғам жаныңда 

Ал сен мені елемедің не керек?!


Мен де саған ұмтылғанмын қанша рет 

Жанарымда шырақ сен деп жанса деп, 

Кірпігімнен үзілетін мың тамшы 

Сенің ғана иығыңа тамса деп.


Мен де сені іздейтінмін көз ілмей, 

Күн мен түннің алмасуын сезінбей. 

Кірпіктерің арасында сәулеге 

Малынғым кеп қарайтынмын өзімдей.


Шолпылары сыңғырлаған көктемде 

Түн ән айтып, күй төгумен өткенде 

Жәудіреген жанарымды жасырғам, 

Аймен бірге билесін деп көк перде.


Бөлмем іші. Шырағым бар жанатын 

Сен келер деп қырқыншы рет жағамын. 

Тереземнің ар жағында көбелек, 

Бер жағында сынып қалған қанатым.


***

Құлазып отыр ескіріп көңілім неге?

Мен күлген жоқпын сенің өміріңде де

Мен сені кешіргенмін,

Білмеген болып, 

Өзгені сүйіп құшқан ерініңді де.


Мұңайдым неге жабырқап кеште бүгінгі?

Жылатып алған сезімді кешпей күнімді

Мен сені кешіргенмін,

Естімеген боп,

Өзге жайлы ескірмес естелігіңді.


Көздерім – ащы жасымның бұлағы сынды,

Кімдер тартып алады қуанышымды...

Мен оны кешірдім ғой,

Жұбатшы түн, 

Мені енді 

Жалғызыңды, 

Жылағышыңды.


***

Сен қайдасың?

Мен қалдым жырақта мұңмен,

Көзімдегі жауапсыз сұрақтарыммен

Жүрегіңнен орын таппадым,

Тарықтым талып,

Кірпігіңнің ұшында тұрақтадым мен


Сен қайдасың?

Мен қалдым көз-жасымменен,

Ауырлап барам...

Жеңіл ме қорғасын менен,

Аяз жүгірді тәнімнің тамырларында,

Қалтырап барам қалада,

Тоңбаспын деп ем.


Сен қайдасың?

Мен қалдым естелік құшып,

Өткен күндерім уақытқа кесте боп түсіп,

Бұрылып кеттің...

Бақытты сияқты болып,

Ерніммен ғана елеусіз 

Хош дедім ұшып.


Өксіп-өксіп өмірім тоналар күнмен,

Өбісіп мұңмен будай боп жоғалармын мен

О, дүниеде де жүрегім дамылдай алмай,

Бұ дүниеге 

Сен деп оралармын мен.


***

Сен ұсынған гүл жылайды бөлмемде,

Қабіріңде өспеспін деп өлгенде.

Мен су құйып жұбатамын,

Түсін деп,

Орала да алмаспын деп көктемге


Сен ұсынған гүл жылады қазір де,

Қайтем енді,

Келместе ғой наз үнде.

Кірпігімнен жаңбыр жауып тұрардай

О, періштем,

Тағдырыма жаздым не?!


Гүлмен бірге сен ұсындың мұң маған

Көңілімнің көкжиегіндей сұрланам

Менің мынау маңдайыма кім екен,

Жалғыздықтың әнін үзбей шырқаған?!


Жас қалды ма тал бойымды жумаған,

Ұсынып бір кеткендейсің у маған,

Бөлмемдегі гүл емес, ол – өзім ғой,

Сені көрмей 

Үміттермен қураған...


***

Көктем деген кім өзі?

Өзің бе екен,

Өзіме қадалатын көзің бе екен,

Даланың кеудесінен сен гүл үзіп,

Еркелейтін, ұялшақ кезім бе екен.

Бұл дауыс па?

Дүниеде бармын деген,

Қараңдаршы жүректе жандым деген,

Аялаңдар, жоғалтып алмаңдаршы

Қар сияқты,

 Енді мен қармын деген.

Көктем деген көк майса шалғын ба екен,

Бүр атарын білемін талдың неден.

Жаңбыр салды бейнесін әйнектерге,

Сен мені жүрегіңе салдың ба екен?!..

 Шымшықтарды үркітіп, сай жағалап,

Бөліп ап  енесінен тайды аралап

Бұл, әлде,  бейқам бала шағымыз ба -

Жұлдызды қызықтайтын, айды алалап

 Апам да шалын түртіп назданатын,

Атамыз жер иісіне мас болатын

Бұл  - біздің ақпейіл ме,

Жаңбыр төксе,

Жаңбырға шомылып ап мәз болатын.

 Көктем деген кім өзі?

Өзім бе екен,

Сәттерім бе бақытты сезінбеген...

Айдың жарығындағы, түсімдегі

Саған  айтамын деген сөзім бе екен?!

 

Әлде, өрімін тарқатқан бұрымым ба,

Далада ойнақтаған құлыным ба?

Желмен бірге жүйткіген,

Көктем деген –

Бір сенің қолыңдағы ғұмырым ба?! 


***

Неге екенін сен күлсең күле берем,

Сезім еді, жаным-ау, бұ не деген?!

Күнді сүйіп өзіңе қарағанда-ақ,

Түннің қара пердесін түре берем.


Неге екенін жымисаң шалқып кетем,

Осы ма еді қара жер – барқыт деген?!

Мейірімді жанарың,

Мейірлі үнің – 

Сенсің алты құрлықтан артық мекен.


Сенсің менің шуағым, қуат күшім,

Сарқылмайтын мөп-мөлдір бұлақпысың,

Сен менің мұңымды алып деміңменен 

Көкке ұшырып жіберетін сияқтысың.


Жарқырайды сен жүрген жердің бәрі

Ажарымды, аспанды көрдің бе, әні...

Жапырақ сарғаймас та ед(і), қурамас та ед(і), 

Сен сияқты болса егер елдің бәрі. 

***

Жанымда жоқсың...

Жабырқап және мұңайдым 

Жанымнан жаңбыр ақ парағыма құлайды 

Түн басып кеткен төңіректің бәрі тып-тыныш 

Жұлдызын төгіп ай иығымда жылайды.


Жанымда жоқсың 

Түсімде... оны қайтейін?! 

Мекендеп жүрмін жаспен сыланған қайғы үйін 

Мәңгілік ұйықтап кеткім келеді сен жоқта 

Көзімнің алдын торлаумен шатты жан күйің


Жанымда жоқсың... 

Кімдерден сұрап іздеймін? 

Кімдерден сұрап сен мені қашан іздейсің?!. 

Жапырақ жүрек ауыртты албырт жанымды 

Сағыныш өртеп сыңсытқан мынау күз кейпім


Жанымда жоқсың 

Несіне үміт үзбеймін?

Қырық құлаш шашқа жасымнан моншақ тізбеймін 

Жаныңды таппай, жанарыңды таппай жып- жылы 

Дауылды күнгі жапырақтайын билеймін


Жанымда жоқсың 

Несіне аңсап сағынам? 

Несіне салам келер деп сені тағы да ән. 

Арманым менің аман жүрсеңші әркез деп 

Айменен бірге арманда қалып аһ ұрам


***

Бәйшешекпін,

Түймедақпын,

Нәркеспін,

Шырқай алмас кеудемдегі әнді ешкім.

Гүл дегенің - қауашағы жасымның,

Сені көрмей

Көз жасыммен күн кештім.

Меруертгүлмін,

Жұпаргүлмін,

Раушанмын,

Тағы мені сен күлімдеп қарсы алдың

Үзесің бе, 

Қолыңа алшы қасыңа,

Сенсіз бұлтты аспанымнан шаршармын.

Еңлікгүлмін,

Қызғалдақпын,

Лаванда,

Жылы сөзің жаңғырады санамда

Күндей сені көруші ем ғой, 

Бір күлші,

Күлкің тамсын сен түнейтін жанарға!

Түймедақпын,

Сарыгүлмін,

Лаламын,

Сенің бейнең сіңіп қалған жанарым,

Сұлумын ғой,

Қауыз жардым

Қарашы,

Саған деген сезімдерден жанамын.

Оянамын кеудеңдегі үлпілмен,

Жерде мен ғой күн төгетін күлкімнен,

Миллион гүлдің жұпары жоқ дәл мендей,

Саған қарап басымды иер Гүлмін мен! 


***

Аймалап сүймес ай-меңім,

Түндерде сенсіз қайтемін?!

Жаумап па еді жаңбырым

Жылағанымда қайда едің?

Күн күлген уақта қайда едің?

Мен күлген шақта қайда едің?

Әніңнен салған ауырдым,

Ауырғанымда қайда едің?

Қайда едің сол бір көктемде,

Самал жел беттен өпкенде

Алғаш боп саған өпкізбей

Жапыраққа жасым төккенде.

Сезімім көктеп бүр атып

Өзің деп жайнап, гүл ашып

Құлпырғанымда қайда едің,

Жүр ем ғой ессіз ұнатып?!

Қыздармен қырға ергенде

Сені ойлап гүлдер тергенде

Қайда едің, қалқам, қайда едің

Гүл үзіп өзге бергенде

Жүректен жырым үзгенде

Мұңымнан моншақ тізгенде

Қайда жүр едің, қалқатай,

Қамқоршы болмай біздерге

Шілде де болсын ақпанда

Ақ тілек айттым ақ таңға

Қайрылшы, қалқам, еліңе

Ақ байлап кеттім ақ талға

Жаныма жанды жуытпай

Көңілімді іңкәр суытпай

Күткенде күнде қайда едің

Сөзіңді сертті ұмытпай

Қайда едің, қалқам, қайда бақ

Ән салам жаным «қайда-лап»

Жүзімді жасым аймалап,

Қайырмаңды жүрмін қайталап.



***

Саған ап бара ма?

Бір үміт жолдарымдағы

Мен деп ән сала ма?

Раушандар қолдарыңдағы

Сүйем бе дегенде сағымды құшақтап

Сор қалыңдады...

Аймен адастым,

Түннің түнеріп түсімен

Cені ойладым тағы...


Белгісі дейсің,

Жапырақтай қорықсам ненің?!

Сен шын сүймейсің...

Адастырды-ау торықсам сенім 

Сен өзгемен күлгенде өлермін тағы…

Соны ұқсаң дедім

Күндердің күнінде

Мазасыз шақтың бірінде

Cаған жолықсам дедім


Түбіне кім бойлар?

Мұңыма ие күндердің

Сен ғой деп кім ойлар?

Себебі... киелі үндердің...

Сұраса,

Жағасына өмірдің мұң болып

Түйрелдім дермін...

Осы ма шер деген?

Өліп те ең соңғы демменен

Сені сүйемін дермін.


***

Бір күн келеді...

Бір күн келеді... сезем мен

Бір күн келеді... ол менің күнім бөгелген

Бір күн келеді ...

Ақ жауын, әппақ нөсермен,

Көшелерменен

Кемпірқосақтар төселген.


Раушан гүлі бұлтпенен көкте қалықтап,

Жердің бетіне көктем түседі шарықтап

Жапырақ – қыздар жап-жасыл көйлек киіп ап,

Күрсіністері көкке ұшар, көктемнің бетін сүйіп ап.


Бір күн келеді...

Бір күн келеді... сезем мен

Бір күн келеді... ол менің күнім бөгелген

Гүлдерден нәр ап көбелек-ғұмыр кешем мен,

Құс өлең төксе қауырсынымен төбемнен.


Қарашығыма қалғып кететін түн ұйып,

Таң шапағымен күн де кескінін ілетін

Бір күн келеді өзіңе қарап жымиып,

Ішек-сілем қатып күлетін...


Бір күн келеді...

Бір күн келеді... сенем мен

Бір күн келеді... ол менің күнім бөгелген...

Басыма барып бақытты жырымды оқырсың,

Бақилық болсам егер мен…


Бейсекова Жұлдыз Асқарқызы 1987 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келді. ТарМПИ-ның «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Гуманитарлық ғылымдардың магистрі. Өлеңдері республикалық және халықаралық баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Республикалық Ахыт Үлімжіұлы атындағы жазба ақындар жыр-мүшәйрасының ІІ орын иегері.  




Көрілген: 1947    Пікірлер: 1

жұма, 04.09.2015, 10:27

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31