Алаш ақыны

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ: Мойындап ендi отырмын, Мен сенi сүйген екенмiн!

  • ©zhasorken.kz

    ©zhasorken.kz

МЕН

Ара-жігін елестің,

Айыра біл, қарағым.

МЕН – Махамбет емеспін,

Қалмаханбет қанамын.




Тілімменен қылдым зар,

Түр-өңім де келемеж.

Мінезімде бір мін бар,

Махамбетке тән емес.




Болмысым жоқ шын ірі,

Беретіндей елге айбын.

Ханды шаппақ түгілі,

Хәлін сұрай алмаймын.




Ұраным да келте тым,

Ұсақ есеп-қисап, әй...

Еркектер көп ертетін –

Емес бірі Исатай!




Аңыз ғана көне, ескі,

Анықтап ал, қарағым.

МЕН – Махамбет емеспін,

Қалмаханбет қанамын.




Көңілді демдеп ең,

Күдеріңді күліп үз.

Болса ұқсастық – ол деген,

Біздің жалғыздығымыз!




ҰЛДАРЫМА

Ерке өссін деп едім,

Еркін өссін деп едім!

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Ертең айтам себебін...




Елім десін дейтін ем,

Еміренсін дейтін ем!

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Ертекшінің кейпімен...




Екшеленіп біліммен,

Ер болса деп жүгінгем...

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Екіжүзді түріммен!




...Еңселенген жатырда,

Ертоқымы тақымда...

"Ертеңгі күн сондай НҰРЛЫ" деп едім,

Егемендік қақында!




Егеулі үшкір найзасы,

Ет пен қымыз майлы асы...

Елдік жай, ерлік жайлы айтқанда,

Екеуіңе тисін дедім пайдасы!




Екіленіп отырып,

Екі езуім көпіріп...

Ең тәтті бір арман жайлы сырым да,

Екен... екен өтірік!




Ерке өспеген Мен едім,

Ерте өшкен де Мен едім...

Екеуіңнен өтінемін кешірім,

Ертең айтам себебін!




...Енді қайттім, өлем бе?

Ел қатарлы көнем де...

Екі басты самұрықтың шеңгелі,

Екеуіңнің төбеңде!




ЖАННА Д, АРК

Арыларда кекті ойдан,

Ағарады қиық Ай...

«...Өртке қарсы өрт қойған,

Өреңіздің биігі-ай!




Өмір мәні – Өмірде!

Өңге одан сый күтпе.

Сыймай қалған Сенімге,

Серт пе, сынық Түйсік пе?




Соның және құны осы-ақ –

Сүю! ( ...емес сүйісу!).

Кімге сыйлар ләззат,

Күйген шаштың иісі?..




Күлер, күлер қосылып,

Күрсінер де, мұңданар...

Алаңқайда шашылып,

Алақандай күл қалар.




Шыдап, шыдап, шыдар Ар,

Шыңғырғанда шын, нағыз:

Кірпігіңіз шыланар,

Көзіңізді жұмбаңыз!!! »




Айта алмады ол күбірлеп,

Ақырғы ақыл Адамға:

– Алаңқайлар түбінде,

Айналады алаңға...




АЗА ТҰТУ

Күн кешуде қоғамда:

Арызы бар айтпаған,

Қарызы бар қайтпаған,

Һәм ізі бар АДАМДАР!




Екі иықты жұлып жеп,

Мұң арқалап біріміз,

Құн арқалап біріміз,

Бір ортақ ән күбірлеп...




Бір атаның баласы,

Қиыспайтын ғұмырда,

Сыйыспайтын ұғым бар,

Жиі ұстайтын жағасын!




Ғаламшарлық ендікте,

Таңданумен түр азса,

Қамданумен күн озса,

Алданумен келдік пе?




Сұқтанумен жұлдызға,

Асыл Айдың әріне...

Осы ойдың бәріне,

Басыбайлы құлмыз ба?!




Сары өріктей көгеріп,

Сарыуайым, күдік пен

жолы... қайым үміттен,

Арылайық деп едік!




Шешілердей түйіншек:

Үркіп кейін жаманат,

Іркіттейін аға ма,

Бүркіттейін шүйілсек?!




Сілкініс керек, сен, сен бе...

Ағарту үшін санаңды,

Оңалту үшін қоғамды,

Қол арту үшін ертеңге!




Хабарламадан оқыдық:

(Мен де сілкіне алмадым...

Сен де сілкіне алмадың...)

Жер сілкініпті... ақыры!




ТҮНГІ ТҮС. 1994.

Ертістің арғы жағы ескі Семей,

Менің бұл жырымды оқып, естісе ғой,

Қуанып, әлде налып айтар ма еді:

- Е, бәсе, ақымаққа кеш түседі ой!




...Жататын көне көпір құшып арай,

Өтуші ем еш қатерге ұшырамай.

...Мен кеше түнгі ұйқыдан тұрдым атып:

"Кетіпті ескерткіштен түсіп Абай?.."




Қара шал қазақта жоқ қылықты істеп,

Қай ісін көрмеді екен дұрыс, құп деп?

"...Тұғырдан қарғып түсіп кетіп қапты,

Жүр екен іздеп жалғыз Тыныштықбек..."




...Түнгі түс тыным бермей тегі, жанға,

Түбі бір шығарады-ау мені жолға!

"Жақсыға жори ма деп айтып едім,

"Садақа, садақа бер!!!" деді молда..."




ТІЛ МҮШӘЙРАСЫНДА ЖҮЛДЕ АЛМАҒАН ЖЫР

Пәлсапашылдау, қыңыр келеді,

Пәтерде тұрған ақындар...

Қожайын шалға жыным келеді,

Қалжыңдасуға хақым... бар!




Маңғаздау ашып газет беттерін,

Маған сыр айтты тым аз бір.

Басқарған жан ғой қазақ мектебін,

Біздің қалада біра-а-а-аз жыл...




Болмайды маған тым қателесуге,

Бас изеп қойып жүгіндім.

«...Мына сен жазған тіл мәселесінде,

Мен дағы еңбек сіңірдім.




Жүргені дұрыс адамдар біліп,

Жөн екен қалған ғұмырда із.

«Қазақ тілі» атты қоғамдар құрып,

Қорғадық ана тілін біз...»




Тұрғанмен сөзі көңіліме ұнап,

(Төлейтінім де емес аз ақша)

Баласы менен келіні бірақ,

Білмейді оның қазақша...




Болғанмен дайын төбелесуге,

Бітірмей қайттым үйге түк.

Ал, әлгі шалың немересіне,

Ағылшынша отыр үйретіп...




ОЛ

Алқа-салқа кезімді,

Алып тынды еркімен.

Қарай берген көзімді,

Қарықтырды көркімен....




Ұлан-асыр күнімді,

Ұмыттырды ол демде.

Құлындаған үнімді,

Құмықтырды кеудемде...




Оң-солымды құлыптап,

Ойнап қалдым оп-оңай...

Бақыттыға кіріптар,

Бейбақ болдым... о, тоба-ай!


***

Мендiк сәби сезiмдi,

Алдың баурап алыстан.

Хатқа жазған сөзiмдi,

Айта алмадым ауызша.




Басқалардың алдында,

Батыл едiк бiз анық.

Айыпты боп қалдым ба,

Түрiм кеттi қызарып.




Маздап жанып кеудемде от,

Алып-ұшты жүрегiм.

Хордың қызын көргем жоқ,

Арудың сен бiрi едiң.




Берi назар салғаның,

Бақытты еттi бiр демде.

Аңсап күткен арманым,

Тап қасымда жүрген бе?..


***

Кетпеген балаң сенiм,

Кездерде кезiгiппiз.

Болмысың болар сенiң,

Байлаған менi жiпсiз.




Қайтқанда көңiл жасып,

Қателiк болса – өзiмнен.

Мен саған едiм ғашық,

Есейдiм сол сезiммен.




Жолдармен өте нұрлы,

Жалғаннан келем өтiп.

Сенiң бар екенiңдi

Жаныма медеу етiп.




Сан үмiт үздiм дағы,

Өзiңнен алыс жүрдiм.

Сүйкiмдi қыздың бәрiн,

Сенiмен салыстырдым...




Шалық па, шапағат па,

Жүрекке кiнә, кәнi?

Алғашқы махаббатқа,

Алаңдап тұрам әлi.




Аман бол, амалым не,

Айтпас ем төте бұлай.

...Сапардың бәрi өмiрде,

Соңына жетедi ғой.


***

Бәрiн көрiп, бәрiн бiлiп жүрдім мен,

Балапандай бауырыма бассамшы.

Көкiректi күйдiрерiн кiм бiлген

Көздерiңнен тамып түскен қос тамшы?!




Жүрегiмде саған орын жоқ, мiне,

Жасырамын оны қайтiп, ой, тәубе-ай!

Жантiлеуiң жасқа айналып кеттi ме,

Жәудiреген жанарларың айта алмай?!




Сезiмiңдi қылығыңмен таныттың,

Сол үшiн де қиналумен өтерсiң.

Жан сырыңды жаңа ұқтым ғой, жаңа ұқтым,

Жан-тәнiңмен жақсы көрген екенсiң.




Менi саған қоспағанмен жол бөтен,

Махаббатты мойындапты арманым.

Сезiнуден асқан бақыт бар ма екен,

Сырттай ғана құлай сүйген жан барын?!!




Ғибадаттың мен емес ем өлшемi,

Ғибратты тiрлiгiңе қам жаса.

Жоғалттым деп өкiнбеймiн мен сенi,

Жалғыздықтан қорқатыным болмаса!


***

Кеткенде сонда алыстап сен қасымнан,

Көздегi қос тамшыны мен жасырғам.

Сенделiп жүрiп келем жынды адамдай,

Секiлдi құс жолының сәулесi ұрған.




Мәңгiлiк кiмге берген сый белгiлеп,

Мұң шақтым махаббатқа күймен жүдеп.

Қапыда соқпай тоқтап қалған сынды,

Қалтқысыз сенi ғана сүйген жүрек.




Жанарға жарық нұрға толы тұнық,

Жас келсе тiрiледi, өлiп үмiт.

Ғайып боп кеткiм келдi көз жетпеске,

Ғарыштың толқынына тоғытылып.




Бұйырмас бұл жалғанда жерге, адамға,

Бар дейдi бақ пен жұмақ ол ғаламда.

...Қайтер ем көрмей, бiлмей кетсем сенi,

Қас - қағым күндерiме тәуба, тәуба!


***

Кеудемде өшпес iз қалса,

Қалауы сол ғой жанымның.

Кездеспей жүрдiк бiз қанша,

Мен сонша сенi сағындым.




Қосылып салған бiр әннiң,

Қып-қысқа қайырмасындай.

Көруге сондай құмармын,

Бiр күнiм – бүкiл ғасырдай.




Ойландым, сосын өкiндiм,

Айта алмай бәлкiм, өтермiн.

Мойындап ендi отырмын,

Мен сенi сүйген екенмiн!


***

Көктемнiң соңы жазға ұласқанда,

Қарлығаш ұшып келгенде.

Төңiрек толып сазды дастанға,

Қонғанда аққу көлдерге.




Сүйкiмдi жапырақ сүзiлiп талдарға,

Сұлулық сырын ашқанда.

Жылауық жылғалар үзiлiп қалғанда,

Толғанда сәуле бастауға.




Құралай өсiп марқайып қалғанда,

Жер төсiн жаңбыр тескенде.

Мендiк сағыныш сарғайып болғанда,

Үмiт шырағы өшкенде –

СЕН келесiң!


***

Өшпестей етіп көңілге тастап несіне із,

Өкпеге қидық өмірді қайтіп осы біз?

Ақ жауын жуған айғызда-айғыз әйнегін,

Екеуміз енді екі үйдің терезесіміз!




Бір-бірін іштей сағынып, сүйіп жүрмесе,

Шаттықтың күйін шертетін еді кім кеше...

Болғанмен ортақ Жер, Аспан, Ауа, Су, Жарық,

Біздерді мәңгі жатады бөліп бір көше.




Күндерден өткен болмайды үміт күтуге,

Жаралы, жарты жүрегінді емдеп бүтінде!

Қол созым жерден тілектес болып жүрейін,

Сен жаққан оттан сызылып шыққан түтінге!!!




СЕРЕНАДА

Сәттiк қана сырласқанда мұң мен мұң,

Сүйiп және сағынып та үлгердiм.

Сезiмталға түрме сынды тiрлiкте,

Сенсiз қалай өмiр сүрiп жүргенмiн.




Ешкiм жақсы көрмедi шын демесең,

Ерке едiм, ессiз тағы емес ем...

Ендi екеумiз болайық деп бақытты,

Елден ерек елжiредiң неге сен?




Нәркес көзден көрдiм нәзiк нұр гүлiн,

Нәрестедей қылықтым сол, құлдығым!

Неге маған дәлелдеуге тырыстың,

Нағыз ғашықтықтың болатындығын?!




Ми мен жүрек тапқанынша қорегiн,

Мазамды алып болған жоқ па Көр, Өлiм...

Махаббатқа басымды имеу арқылы,

Мәңгiлiктi мойындатсам деп едiм...




Ертеңгiге апара ма алдыңғы iз,

Ендi емеспiз жалқы жiгiт, жалғыз қыз...

Ертегiге ұқсас ғұмыр кешкен жан,

Ел iшiнде екеу болса, ол – Бiзбiз!




Нарқын өмiр арттырғанмен он есе,

Намыссызға берген емес ел есе...

Нартәуекел, кел iшейiк қосылып,

Неке суын... бiр жұтым у немесе!


***

Шашқан кезде көзің нұр,

Өзек жара күрсінгем:

Сен-Періште, Мен-Адам.

Кеңістікті кезіп жүр.

Салмағы жоқ құр сүлдем,

Жүрек - ояу, Жан - аман.




Шексіздікпен бөлінген,

Қарауытып көрінген,

Күн - көмескі, Түн – айқын.

Түкті түсінбедім Мен,

Құтқарып ап Өлімнен –

Өмірімді сұрайсың.

***

Оралмадың көктем боп,

Отпантаудан бері өтіп.

Өмір еркелеткен жоқ,

Өкпем де жоқ және түк.




Қайтып келіп шалғайдан,

Құстар әнін шырқап жүр.

Сипамады маңдайдан,

Сонша сенген бір Тағдыр!




Бозқарған гүлдеді,

Бұтағына нұр іліп.

Миығынан күлмеді,

Мен аңсаған бір Үміт!




Тұмалардан су ақты,

Тарам-тарам бұралған.




Жүрегімді жылатты,

Жақсы көрген бір Арман!




Айдынына қаз қонды,

Ақ жем болып тірсегі.

Адасуға аз қалды,

Айнымаған бір Сенім!




Емеурін не, белгі не,

Емес пе еді шын сөзің?

Суынды ма, сөнді ме,

Сендегі от бір Сезім?..




Білмедің-ау, білмедің,

Бір Өзіңді жыр қылып...

Жолға қарап жүргенін,

Жаны таза бір Жігіт!




...Өмір еркелеткен жоқ,

Өкпелеуім керек пе ед?..

Оралмадың көктем боп,

Опасыз ең, о, неткен!!!


***

Түпсізге сонау жетеді екем, әй, қашан,

Таудағы жолдың тірелер жері – терең құз.

Өзімше кейде отырып алып ойласам,

Өмірім менің өтпейді екен ӨЛЕҢСІЗ !




Басталған жырым кезімде бала кекілді,

Күндердің күні топ жарып сөзсіз шығады.




Өйткені, өлең жарнамасыз-ақ өтімді,

Өткірлеу болса халықтың көз бен құлағы.




Беймаза жанның кім тартып алсын бақытын,

Ескірген шағы ғарыштан түскен елестің,

Өтінем, дұрыс түсінсең екен, уақытым,

Өзіме риза, өзгеге өкпелі емеспін.




Қап ауызын буған секілді тілім қысқа жіп,

Жыр қылып айтар сырымның бәрі ішімде.

Ат ерттеп беріп, қауырсын қалам ұстатып,

Аузыма Абай түкіріп кеткен... түсімде!!!




ЭЛЕГИЯ

Тартқанда көңіл-күй бірде бәсең,

Торығу оты санада маздар.

Қанатын керіп қимылмен әсем,

Қонатын көлге сарыала қаздар.




Сұқ көзден тәнін айнала қорып,

Сұлудай суда тұншыға күлген.

Айдынның төсін аймалап еміп,

Айтатын бір ән сыңсыған үнмен.




Тыңдаушы еді кешкі үнді анық,

Таулар да, қыр да, дала да, тоғай...

Жақыннан даусын естігім келіп,

Жүгіріп жеткем жағаға талай.




Күдікшіл байғұс не пайымдасын,

Кілт үзіп әнін, қате түсініп.

Қайталап салмай да қайырмасын,

Қаңқ етіп қаздар кететін ұшып.




Батырып жүрген тылсымға мені,

Бір арман әнге қаталап туған.

Сол үнде нәзік бір сыр бар еді,

Сезімтал, мұңлы махаббат тұнған.




Өзекті өртеп алау бір түрлі,

Өксікке кеудем толатын болды.

Сағынып жүрмін сонау бір күнгі,

Сарыала қаздар салатын әнді.




Оралар ма екен, қайдам, кім білген,

Ол күннің кетті көнеріп өңі.

Әлі күн мені ойлантып жүрген,

Ән бе... әлде басқа не болып еді?!


***

Бір құдірет қонған ба маған аздап,

Бұл өлеңді бастадым бала кезде-ақ?

Жалған сөзін айтумен әлі келем,

Жанған кезім шамалы және маздап.




Жанбаса да жұлдызым күресте онша,

Жалықпадым жырлаудан түн асқанша.

Жүрмін түбі жақсылық болады деп,

Жаратқаны Құдайдың рас болса!




Буып-түйіп белімді сонша бекем,

Болдым-толдым дегенім жаңсақ екен.

Алданады екен ғой арманға адам,

Ақтық демі біткенше аңсап өтер.




Мазасыздық ұялап Жан-Арыма.

Мезгілсіздеу қол жайып Жоғарыға,

Кілең шерлі, сорлылау сөз айтқызып,

Өлең, сенің қалдым ба обалыңа???


***

Ақымақтың кесірі,

Арқанның ұшын бос түйдім.

Есіңде бар ма есігі,

Екеуміз өскен ескі үйдің.




Кеудеңе толса күй ізгі ең,

Көзіңнің жасын сүртпе әлі...

Құрт жеген құрым киізбен,

Қаптаулы тұғын сырт жағы.




Қалдырып көлде қайық із,

Қарсы бетке озып шықты о да.

Жетпейтін еді бойымыз,

Жоғарыдағы тұтқаға.




Жүрекке ине сұққандай,

Жыладық кейде қуансақ.

Топсасы тозғандықтан ғой,

Тұратын ылғи бір ән сап.




Сыңситын күндіз-түнде де,

Сол мұңның осы жалғасы.

Бірақ, ол есіктің неге,

Болмады құлыпсалмасы?..




Еһ, секілді енді жас дәурен,

Есіктің көне көк түсі,

Жел ғана жұлқып ашқанмен,

Жапты оны қатты көп кісі.




Өткіздім күндер тасада,

Өзгерді сенің бет-өңің.

Бәрібір біздің босаға,

Білмеді кілттің не екенін!




Күршекті мен де ілмедім,

Күттің сен жоқты қайдағы, әй...

Басымнан шықпай жүр менің,

Басынып кірген бейбақ ой!




ПЕССИМИЗМ

Тойып ішіп у татыған көжемді,

Тағдырыма тіпті демей: «Обал-ды,ә...»

Мен де еркіммен мүше болдым ежелгі,

«Мұң» аталған фәнидегі қоғамға.




Ол қоғамның беретіні адамға аз,

Опасыздау, шаттығы да өтпелі.

Жарна төлеп қойып едім, соған мәз,

Жылап жазған жырым әсер етпеді.




Қайғысызға қуаныш не, құса не,

Құлдың үнін естуші еді кім ұғып?

Ой-мүддесі ортақ болған кісі, әне,

Оп-оңай-ақ кетті теріс бұрылып.




Ақыл көзін кестелеп ем қызығып,

Арақ құйды ел еркеліктің құны үшін.

Анам жылап, ағайыным кіжініп,

- Ақындығың, -деді, – бүйткен құрысын!




Жаратқанға... иланам ғой, иланам,

Жұма сайын өлең шалдым құрбанға.

Соңғы ақшамды сыра ішуге қимаған,

Садақаға сұрап алды бір молда...




Ар-намысты жем ғып қарға, құзғынға,

Айтуға мен әзір едім: «Жалғыз Сіз...»

Бір көргеннен құлай сүйген қыздың да,

Болып шықты ділі түкке алғысыз.




Тағдыр жайлы болғандықтан талғамды ең,

Түбі осы сөз басыла ма газетке?..

Өкінішпен, Махаббатпен, Арманмен,

Өлең үшін өмір сүру қажет пе?!




ТАЙ БӘЙГЕ

Басталмақ тай бәйгесі,

Ентелеп қалдық қауым.

Жағалай айғайласып,

Тіледік шалдықпауын.




Қара үзіп тайлар кетті,

Көлденең қыратты асып.

Бір сезім жайлар көпті,

Ойдан ой жырақ қашып...




Соңына шаң қалдырып,

Келеді тайлар қайтып.

Бәрін де арман қылып,

Қалмады ойлардан түк.




Шабандоз жасқа тілер,

Жеңісті таласа жұрт.

Мына бір қасқа күрең,

Келеді дара шауып.




Соңында аймандай көк,

Көсіліп құйғытты енді.

Тұлпарға айналғай деп,

Тұрдым мен жүйріктерді.


***

Мазалайды миыңды мұңлы ой неге,

Оқылмайды жазғаның жырдай көне.

Келе-келе түсініп қалғандаймын,

Мәре болмайды екен ғой шын бәйгеде!




Шығарғанмен атыңды ән-күй елге,

Көтермейді көңілді сәл сүйемге.

Жылап қайтсаң жарыстан жеңіліп қап,

Жаны ашитын жоқ саған жанкүйер де.




Мойындатпас өлімнен былайғыға,

Мына жұртқа бәрі бір – мұңай, жыла.

Егер жерде жұпыны ғұмыр кешсе,

Кетер еді ұмытып Құдайды да!




Жұрт жағасы жыртылған талас күнде,

Жағаластың не оған, жарастың не.

Етіп барлық думанды тәркі-талақ,

Кетіп қалғың келеді монастрьге.




Болғасын ба қол, басы жұмыр пенде,

Болмайды екен өмірден түңілмеуге.

Қатты кімді қираттың қайран ақын,

Тәттілігін тіліңнің шыбын жеуде!




АУЫЛҒА ХАТ

Тағы да терең күрсіндім,

Туған жер түсіп есіме.

Топырағыңды бір шым-шым,

Тұмар ғып таққам төсіме.




Кішкентай ғана сол ауыл,

Көзге алыс, жақын көңілге.

Келешекті іздеп жаңа бір,

Көтердім ерте мен ірге.




Аңқаулау басым аңдамай,

Аттадым ба әлде киеңнен...

Айналып соқпас жол қалай,

Алысқа тартты үй, елден?




Білмеппін сонда мен мына,

Бақытты екен ғой, аңғарсам.

Бір қора қойдың орнына,

Бес ешкі бағып қалған шал!




Қазіргі айтар ән бөтен,

Қайғырар сәтім де осы-ау көп.

Қанша там босап қалды екен,

Қалаға көшіп неше әулет?




Қабырғам сынып,қайысып,

Қайран ел қатты сағындым.

Қоп-қою сүтпен шай ішіп,

Қазысын керткен соғымның.




Ежелден солай емес пе ең,

Ертеңнің болған жыр бөлек.

Еденде ойнап мен өскен,

Еңбектеп жүр ме бір бөбек?




Көрсем деп басқа ғаламды,

Кетіп ем осы несіне?

Кешігіп жүрген балаңды,

Кешіре көргін, кешіре...




АЯКӨЗ ТҮНІ

Қартайған дала төрінде жатқан көсіле,

Қарайды төніп құбыла жақтан қалаға Ай.

Түнгі оттар бейне тентектеу ұлдың төсіне,

Тіл-көзден қорғап жүрсін деп таққан танадай.




Көңілден өшіп кешегі күнгі көп сызат,

Келеді қалғып жаңғырық пенен мәңгілік.

Пойыздың құлақ тұндырған дауысы кетті ұзап,

Перронға мені және бір қызды қалдырып.




Тоңазып денем, көтерген болам жағамды,

Толқыса сезім, жүрегім соғар дүрсілдеп.

Армандас болған ардақты жандар сона-а-а-ауғы,

Алдымнан шыға келердей «Қайдан жүрсің?..» деп.




Оларға, сосын тағдырға өкпем жоқ титтей,

Оятсам ба екен сәлден соң болып нұр таңғы.

Түбінде туған үйшігін табар текті иттей,

Телміріп тұрмын терезелерге қымтаулы.




Саф алтын сынды мен сақтап жүрген бір белгі ед,

Сарыарқадағы сағыныштың сол үлгісі.

...Аяулы мұңмен оралған ұлды білген жоқ,

Аякөз түні, аядай қала... бір кісі!




АЛМАТЫ. 2 ӨЛЕҢ


1-өлең

Алатауды басты да қалың мұнар,

Алматыға қар жауды, кәдімгі қар.

Ақ жұлдыздар асығып қонып жатыр,

Ал асфальттің жайы жоқ оныңды ұғар.




Жоғарыдан желбіреп кие-мамық,

Жол үстіне құлайды сүйе барып...

Аусыл болған сиырдай ыңыранды,

Автобустар адамды тиеп алып.




Тәжірибе жасаушы көкте Құдай,

Тас бетіне шелектеп төккен лай...

Қолшатырсыз қыз тосты алақанын:

«Қарды сондай сағынып кеткенім –ай!..»




Қап-қара аспан, ақшыл бұлт, қалың мұнар,

Қар жауып тұр қалада, кәдімгі қар!

Шаттық шығар, қыз жаққа қарай бердім:

«Шын сағынсаң шалшыққа қолыңды мал!..»




2 – өлең

Қалмасын деп құнысып биік арман,

Қанша әлі ақын тартады күйік алдан.

...Алматының алқымы айғыз-айғыз,

Алатаудың бауыры ұйыған қан!




Ұйыған қан. Ұйлыққан тірі адамдар,

Ұры-қары, ұлықтар, пірәдарлар...

Бақи жолын бетке алған барлығының,

Бәсіресіне бұйырған бір-ақ ор бар!




Бірақ оны білмеген болып бәрі,

Бақытына семіріп, арықтады.

...Автотұрақ астынан ән айтады,

Аруақтар айғайлап табыттағы.




Балдақтаулы бейқуат бүркіт текті,

Балақбауын бір сезім бұлқып, тепті.

...Пердесінен ақ үйдің күлкі естілген,

Періштелер үңіліп... үркіп кетті!




Аласарып ақыры асыл арман,

Айту үшін айтысты осы болған:

Алатаудың бауыры – алып қабір,

Алматыда ақынның басы қалған!




КВАЗИМОДАДАН КЕШІРІМ СҰРАУ

Имансыздау, болсам әрі кеңкелес,

Иландыра алмас еді ертегі еш.

...Күнің сенің құрысын деп күңкілдеп,

Күлуші едім жия алмастан мен тегі ес.




Кешір енді, Квазимодо шырақшы,

Күнәсізге мекен емес Күн асты...

Сенсең, менің шәйға еріткен шекерім,

Сенің ішкен шарабыңнан тым ащы.




Баяғыдай Сенім, Сауап, Обал һәм,

Болғанымен бізде қазір қоғам – нән...

Саған рахат, сыған қызын сүйсең де,

Сүйреп ешкім шығармайды Собордан!




Болсақ-тағы саған сырттай дос кісі,

Біз пақырға түспес сенің әсте ісің.

...Пірәдардан дәме етпейсің сыйақы,

Пәтерақы сұрамайды ол – бастысы!




Солай... Бірақ қалың нөпір қала іші,

Сені сорлы көретіні тағы шын.

Құлағына қайдан жетсін Құдайдың,

Қолдан соққан қоңыраудың дауысы?!




Жерінгенде жерүстілік пәледен,

Жиі-жиі жолға шыққың келе ме?

...Елден қашқан екеу енсе есіктен,

Екен деп біл Эсмеральда және... Мен!

...Кешір бізді, Квазимодо!!!


***

Ертелі-кеш жалбарындым,

Ести ме деп даусымды.

Тұман басты жан-жағымды,

Төзімім де таусылды.




Ділі – жарты, тілі – бүтін,

Дос-дүшпаным жүр кейіп.

Үзілердей Ұлы үмітім,

Үрей кетті үлкейіп.




Жерде – аспанда, үйде – көкте,

Жұбатады мені кім?

Шыныменен күйремек пе,

Шыны сынды сенімім?!




Жетелейді әр елеске,

Жауабы жоқ сұрауым.

Бір-ақ тамшы қан емес пе ем,

Бүйтіп неге сынадың?!


***

Өзімді-өзім тани алмай,

Өткіздім бір кезеңді.

Бітпей қойған сериалдай,

Былық шалған кез елді.




Ортаны іздеп шабыт шулы,

Опа таппай сенделем.

Түсінігім – табыт сынды,

Таланттарды жерлеген.




Тірлігімде сарыуайым көп,

Тәңірім-ау, әмірлі...

Келем бұзып алмайын деп,

Кеудемдегі қабірді.




Жүрегімде сезім өлді,

Жылап, жылап зорыға.

Тағдыр... оның өзі де енді,

Таяп қалды соңына!

...Астафиралла!!!




МӘДІНІ КҮТУ

Жер бетіндегі жолдың соңында,

Жолыққаныңша Ажалмен.

Жан хауызынан мөлдір сағымға,

Жуынып шыққан таза, арлы ең!




Жалғанның заңын тәрк етпеуге,

ЖаҺанның жоғын жоқтаумен.

Жарлығын Хақтың алып кеткенде,

Жалаңаш қана пәк, зарлы ең!




...Жер бетіндегі жолдың соңында,

Жолыға алмадың... ғазал кем.

Араның ауып қан-жын соруға,

Ауыз жаластың тажалмен...




Асып түскесін сайтаннан ісің,

Ақырғы сөзің нүктелі.

Көктің қарызын қайтармақ үшін,

Келе жатырмын, күт мені!




Енді басталмақ болмаған ұлы іс,

Есігін қымта Есіңнің.

Жаңарғанынша Жан, Жаратылыс,

Жойылып бітуге кесілдің...

...Адам-зат!!!


***

Барлаушыдай күзеткен ғұмыр шебін,

Бір міндетті атқарып жүруші едім.

Біліп қалып ісімнің бекерлігін,

Барлығынан бас тарттым бүгін соның.




Жұлдыздың да көзінен көрініп мұң,

Жадыраудың орнына торығыппын.

Мен қызғыштай қорыған Мейірімнің

Мына әлемге керегі жоғын ұқтым.




Ұққанымды қайтейін, бұл ұғымым,

Ұжданымнан шығарды сығып ірің.

Құмыраға тосып ем құлағымды,

Құбыладан естідім Қыдыр үнін.




Қалған кезде адыра былайғы өлең,

Құдіретін көрсетті Құдай деген...

Алаңдаулы көңілім аспан жаққа,

Адамдарды құшақтап жылай берем...


***

Барарымды білмей қалай Өзіңе,

Баттым қанша күнәға.

Мазар сынды шалынбай ма көзіңе,

Менің мұңым – мұнара!




Жығыла алмай жанарыма жас алам,

Жүрегімнің ығына.

Тәріздімін тәтті судан босаған,

Төңкерілген құмыра.




Шорт кесілген үніне елтіп «Құранның»,

Шайтан-үміт ақырғы.

Зираттарға зиярат қып жұбандым,

Зікір етіп атыңды.




Құлақ ассаң енді айтатын күбірге,

Қол қусырдым иманға.

Кәлима тілім келді-ау түбінде:

- Лә илләһа илла Алла!

- Лә илләһа илла Алла!




АҚЫН

Білмейсің сен мүлде ол туралы,

Білуге талпынба...

Безбенге түссе де қу жаны,

Безбеген антынан!




Мүмкін ол шаттықтан мұншама,

Мұң көрер бір, екі...

Жүрегі қан жылап тұрса да,

Жымиып күледі!




Пейілі болсада тән тіпті патшаға,

Пендеге бар ма амал?..

Сүйгені сыртынан сатса да,

Сезімге мәңгі адал!




Ол жайлы білерің аз емес, бірақ та,

Ойыңнан шығарма сен мүлде:

- Ақынды жылатпа!

- Ақынды өлтірме!




Көрілген: 2827    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 04.05.2015, 10:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30