Алаш ақыны

Қайрат ӘЛІМБЕК: МЕН ӨЛЕЙІН, ӨЛСЕМ ДЕ, ҚАЛАМ ҰСТАП!

  • Қайрат ӘЛІМБЕК: МЕН ӨЛЕЙІН, ӨЛСЕМ ДЕ, ҚАЛАМ ҰСТАП!

    Қайрат ӘЛІМБЕК: МЕН ӨЛЕЙІН, ӨЛСЕМ ДЕ, ҚАЛАМ ҰСТАП!

Қайрат Әлімбек. Бұл есім жырсүйер қауымына жақсы танымал десек қателеспесіміз анық. Бұдан бұрын да бірнеше ұжымдық жинақтары жырлары жарияланған. 1989 жылы «Сөзімнің гүлі» атты жеке кітабымен оқырмандарымен жүздескен Қ. Әлімбектің қолыңыздағы дүниесіне махаббат, жастық, тіршілік хақындағы өлең-өрімдері енгізілген.

Қайраттың «Жоқ іздеген жігітпін» атты жинағы жыр көгіндегі жұлдызын жарқырата түсер жаңа бір белес екені анық.


ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІК


«Қазақтар алдына соңғы көш тұр.

Ол – атамекенге оралу»

Мұстафа ӨЗТҮРІК


Жебедей жауып жұртыма қошына халық,

Шоршытып шайқас боп алдық, шошымалы анық.

Тағдыр – әженің талайсыз шашуы сынды,

Әлемнің қайбір шетіне шарырар-а-мадық?!


Әрбірін әр ел өзінше асырап алып,

Шекаралары шекпендей ашыла қалып...

Шыңжаңға қашып, Түбіттей шыңдардан асып,

Асқарпаз болдық амалсыз ашына барып!


Ұлт боп ұий бергенде жосыла ағып,

Алаусыз – қақпақ атылған ашыла маңып.

Суық сәл тістеп ашыған айран – халықпыз.

Сары суы молдау дәміне қасы да қанық.


Бөріктің ішін көрсеңіз – басы да жарық,

Болсақ та қалған жерінде – осы да халық!

Төле би сында қарлығаш ұясын салған,

Шаңырағын бұзбай көшпеген, қосына бағып.


Не бәле нәубет замандар басына жауып,

Зұлматтар өтті төндірген досы да қауіп.

Ішінен іру салдары – үшінен бірі –

Шет жерге кетті жерінен шонына ауып.


Жүргенде құл боп өзгеге ашына, налып,

Үш ғасыр бізге жасады «асыл ағалық».

Тәу етер бәрің тәуелсіз тігіліп Туың,

Құралтайыңа жеттің-ау, жасыма, халық!


Жәутең жанарды сағыныш жасына малып,

Тіл-көзден аман сақта деп ашлап алып.

Сом ұлт болып ұюға, ал, АНТ берейік,

Түркістандағы бабалар басына барып!

***

ЖАҢҒЫРУ

Не білеміз, ол кезде жай баламыз,

Мұндай мейрам жоқ деп те ойлағамыз.

Сөйтсек, біздің қазақта бар екен ғой,

Сауығыңның көкесі – той да нағыз.


Енді білдік, бәзге де дәулет берген,

Отызыншы жылдары нәубет төнген...

Сыпырып ап мал-жанын, бас көтерер

Қалдырмаған ешкімді әулетті елден.


Халық едік, «мейрамнан айраны көп»,

Алтай, Арқа, Атырау аймағы боп.

Наурызды да біреулер «қайдағы» деп,

Сүттей ұйтты сөзіне қаймағы жоқ.


Келе жатқан мереке қай заманнан,

Осылайша жазықсыз найзаланған!

Айрыла да жаздаппыз барлығынан –

Ұлылардан, елдіктен, Тайқазаннан!


Содан соң да ұранның көшіне ердік,

Жығылдық та, тұрдық та, өсіп-өндік...

Сайдан іздеп, мансұқты Айдан іздеп,

Жетпіс жылдай адасты есіл ерлік!..


Тәуелсіздік жетті де халыққа нық,

Барлығы да келеді анықталып.

«Алты айдан соң табылды астыдағы ат»,

Мәңгүрттіктің аулына барып қалып...


Сән-салтанат қайта кеп көшімізге,

Түгелденіп жатырмыз осы біз де.

Будулайдай бұрынғы бұлдыр өмір,

Сап тыйылып... оралды есіміз де.


Жібіген соң тоқырау тоң-мұздағы,

Қайта оралды жоғалтқан НАУРЫЗ-дағы.

Тіл түзелмек, ағайын, сен де түзел,

Жаңғыруда – Наурыздың жалғыз мәні.

***

ҚАЛАМ МЕН ҚАДАМ

Аппақ бетке із түсірсе қаламым,

Өміріме із түсірмек қадамым.

Осы іздері арқылы біз танимыз,

Адамдардың адамының адамын!


Кейде екуін асығыстау жұмсаймын,

Жұмсаймын да бәйгекердей бусаймын.

Алға ұмтылмай, асықпай, дос, қайтейін,

Қарсы алдымда құшақ жайып тұрса айдын.


Кейде екуін өз орнымен жұмсаймын, -

Жамандықты жақсылықпен бір шайдым.

Екеуіңнің бойына мол сыйыпты,

Мұнша құдірет, мұнша ерлік, мұнша айбын!

Жақсылыққа жүзіп жүріп сусаймын,

Абайламай ұрттап алам мұң-шайды.

Екеуінің құдіретін түсіндім,

Енді екеуін ойлап-ойлап жұмсаймын!

***

ҚАЗМУ-ДІҢ ҚАЛАШЫҒЫ

Білесің ғой, кішкентай қалашығым,

Ағы-біреу, адамның аласы – мың.

Сол біреуің мен болып өзіңде жүр,

Жастық шағын өткеріп, таза шырын.


Қош айтысқан балалық – алыс күнмен,

Қалалықпын құлағын дауыс тілген.

Кәдімгідей адам боп сен арқылы,

Өзімменен қайтадан табыстым мен.


Бірде маған нұсқадың бір арманды,

Қыз-арманды, көз алдым мұнарланды.

Қойшы бәрін, қысқасы, сен үйреттің,

Жылағанды шынымен қуанғанды.


Толтырғың кеп біліммен тостағымды,

Ағытқан да өзінсің тоспа – мұңды.

Ұмытпаймын десем мен ұмытпаймын, -

Көрсеткенің үшін тек достарымды.


Мен кетермін, болашақ шақырды алдан,

Белгі қалса болмас-ты ақында арман.

Ал, өзіңде арман жоқ, қалашығым,

Жартасында жанымның атың қалған.


Айтпақшыдай, сол түні айы мұңды,

Ағыс алып кеткенде қайығымды.

Жаңқасынан ескектің Үміт атты,

Өсіп шыққан қарай жүр қайыңымды!..

***

СЕРІ МАЙЫМ, ШЕРУ АЙЫМ

Келді, міне, күн мінез шаттық айым,

Татулықты тойлайтын тәтті Майым!

Ынтымағы әлемнің шеру тартты,

Ынтызар ем достыққа сап құрайын.


Көтерілді аспанға күй дүбірлей,

Жайқалып тұр дүние сыйлы гүлдей.

Көз алдыда көрініс кербез тартты,

Түрлі-түсті үндінің фильміндей.


Сыймай кетті көшеге халық деген,

Айналадан шаттық пен шаттық көрем.

Қыз Жібектей құлпырған Ару Майдың,

Мейманасын асырды салют та ерен.


Май – мамырым келтіріп елдің сәнін,

Көкжиекке көркейтіп кердің сағым.

Біздер енді самғаймыз биіктерге,

Әшекейлеп достықпен Жердің шарын!


Күлкілермен күллі әлем құлпырады,

Көкейіме менің де жыр тұнады.

Ару Майым, жайнай бер, жарқырай бер!

Жер жүзінің жасай бер, ЫНТЫМАҒЫ!

***

ТІЛ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС


«Анамның тілі – қуатым менің,

Анамның тілі – мені ұғатын».

Ш. СМАХАНҰЛЫ.


Қадірлейді қай адам қолда барын?..

Кештеу ұқтық салғырттық сор боларын.

Ана тілдің ақ бетін әжім торлап,

Мемлекет те, мен-дағы толғанамын...


Тіл дегенім – ойымның азаттығы,

Тіл дегенім – халқымның ғажаптығы.

Баласынан айрылған анадай боп,

Аңырадың қанша жыл, Қазақ тілі!


Құрметтеді ұмытпай даладағы аз,

Ал кейбірі шұбар тіл балаға мәз.

Жаңа туған ұрпақтан осылайша,

Алып жаттың біртіндеп «қара қағаз».


Бір кездері кенелткен жеміске елді,

Өзіңді де біреулер кеміс көрді.

Қурап бара жатқанда жапырағың,

Жариялылық арқылы жеңіс келді.


Мен бірімен осыған ұрған қолды,

Аршыған да жоқпыз ғой жылдам жолды.

Осы жолда қаншама жүйке тозып,

Осы жолда қанша адам құрбан болды!


«Келер жылдар білмеймін не береді...»

Мұқағали осылай деген еді...

Тіл оралды халқыма, құт оралы,

Кәрі ағаш та ендеше көгереді.

Халқым артты сеніммен маған жүкті,

Дей алмаймын қажыдым, шамам бітті.

Ізденіспен, еңбекпен, күреспенен,

Төңкеремін тағынан жамандықты.


Мадақтайтын барлығын тұлғалы істің,

Ел жоқшысы наркескен жыр – намыспын!

Шежіресін заманның жазып жүрген,

Журналиспін, дауылпаз журналиспін!


Жырлай берем, не сыйлық дайындапты ел?

Қай түкпірін ғарыштың мойындатты ер?!

Мойынымда – халқымның тапсырмасы,

Қойынымда – қымбатты қойын дәптер.


Жолға шығам, жан емен үйді ықтаған,

Түсіндірем жандарға күйді ұқпаған.

Жан-жағымда – жырлайтын адамдарым,

Оң қолымда – құлагер – жүйрік қалам.

Аралаймын, елімді аралаймын,

Барлығын да зерттеймін, саралаймын.

Ойларымды шопанның қойларымен,

Бір қораға мен, тіпті қоралаймын...

Тоқтамаймын, тынбаймын, аласұрам,

Мен табылам адамдар арасынан.

Әрбір күнім – сенбілік, көшет тігем,

Жүректерге жақсылық ағашынан.


Ағыл-тегіл көңілде тулайды өлең,

Дауысымда тік тұрып тыңдайды әлем.

Шат өмірден осынау шабыт алып,

Жырлай берем Адамды, жырлай берем!

28.IV.81.

***

АДАМЗАТ ТАҒДЫРЫ

Жай ғана мұң,

Жұлқылап ойланамын.

Адамзат құдіреттің,

Жиыпты-ау бойға бәрін.


Сайқал күліп,

Сонда да шайтан бұғып.

Бұйығы бәз біреулер,

Бәйге алды-ау байтал мініп!


Қайқы долбар,

Жасаған шайқы қолдар.

Жер үстін жауып алды,

Жарғанат нейтрондар!


Ел ырысқа қайтадан кенеледі,

Тереземіз өзгемен теңеледі.

Ана тілде әлдилеп өсіреміз,

Немере мен шөбере, неменені!..

***

МЕН – ЖУРНАЛИСТПІН

Болашаққа жасайтын хабарлама,

Бар қаруым – өткір ой, қалам дара.

Бар мақсатым – адамды тәрбиелеу,

Тақырыбым жалғыз-ақ – Адам ғана!


Тозғаның ба?!

Одан да сөзді орында!

Өзіңнің болашағың,

Адамзат, өз қолыңда!


Ар қорытса,

Ойланбай Обломовша!

Біріксе бар адамзат,

Бітелер сол жарықша!


Топтаспайды!

Топтасса – тот баспайды!

Адамдар қашады оттан,

Адамнан от қашпайды!


Ақ-қараны,

Аңдайтын көп бар әлі!

Адамдар бар ғой?! Онда –

Адамзат сақталады!!!

***

АЛАҢДАМА, АДАМЗАТ!

Міне, тағы түсті бір қараңғы түн,

Жұлдыздар да жаутаңкөз боп алды тым.

Жарқанаттың жарбаңы қараң еткен

Қашырардай тым сұсты адам құтын.


Шайын ішіп, жайланып, сүртіп терін,

Қамастырды жұмысшы ел кірпіктерін.

Теледидар көгілдір көзін жұмып,

Радио да мүлгіді іркіп демін.


Ырылдасып миында сан күшік құр,

Төгілердей көзінен таңғы шық бір,

Ақындар тек төсекте дөңбекшиді,

Ракеталар, өйткені аңдысып тұр.


...Ұйықта, адамзат, көңілін үрей басқан,

Еш әрекет болмайды дүлей достан

Жүрегімнен Жұмыр жер пана тауып,

Көкірегіме осылай түнейді аспан.

Жел қозғаса жанымның жапырағын,

Елең етіп, ұйықтамай ақыл, арым.

Жалғыз өзім әлемнің тыныштығын,

Үнсіз бағып күзетіп отырамын.


Ұйықтаңдар, ей, жердегі ақын жандар,

Көз ілмеуге түндерде хақың барлар.

Алаңдамай бәрің де демалыңдар,

Мен – ояумын, сеніңдер, отырмаңдар!


Жүре алмайды арсыздың жансыздары,

Қас қақпаймын жол бермей жөнсізге әлі.

Қиял құсым шарықтап шартарапқа,

Ұйқым келмей отыр ғой онсыздағы...


Алмағандар ұйқыдан тоят әлі,

Тыншытыңдар түсте де ой-атаны.

Алаңдамай ұйықтаңдар, көп кешікпей,

Бейбітшілік таңы кеп оятады!..

***

ЖАҢА ЖЫЛ

Толқынға көміп тергейтін таныс тұлғаны,

Осында деп ап өмірлік ағыстың бәрі.

Тойлаймыз келіп тойлаймыз, ал енді осы,

Жаңа жыл деген өлшем ғой салыстырмалы.


Қызықпық біздер!.. Аспанның жырта түндігін,

«Қар жауды!» дейміз оқыса бұлт – ақын жырын.

Аққанат жылдар өлшейді, салыстырады,

Қандай ең кеше? Қандайлық тұрпатың бүгін?!.

Адамдар, біздер қызықпыз, ерке – жүрекпіз!

Аяз Атаны ұғамыз ертегі деп біз.

Жаңа жыл жетті, ендеше, ақылдырақпыз,

Былтырғы қыстан биыл қыс тентегірекпіз!..


Ескі жыл көшті, жаңаға кереге құрғыз!

Қарашы, күн де жаңарақ төбеде күндіз.

Құтты да болсын! Алдағы сапар сәт болсын!

Мәреде тұрмыз біз бүгін, сөреде тұрмыз!..

***

ҰМЫТПАЙМЫЗ СОҒЫСТЫ!

Ардагерлерім, ардагерлерім!

Омырауында орден көп.

Соғысты... сонда Арман өлгенін,

Біздердің ұрпақ көрген жоқ.


Жақсылықпенен әлемді зерлер,

Бұл күнде бақыт рейсінде ел.

«Көрдік қой, қалқам, ал енді сендер,

Көрмей-ақ қойғын!» - дейсіңдер.


Мүгедек ата жанары мұңға,

Батқанын көріп (Бұл шындық).

41 мен 45 аралығында,

Болғанда сендік бір сұмдық.

Соғысты біздер көрген емеспіз!

Үлкендер айтқан бір сыр қып.

Мұңлы әже іздеп жерден елесті – із,

Күткенде ұлын күрсіндік.


Соғысты көрдік, аман жеткенім,

Сендерден... кітап, кинодан.

Көргенде қан-қан адам беттерін,

Жыладық талай (қинаған!)


Соғысты көрген әр кісі бізге,

Айтады! Бәрін білеміз .

Солай ғой, солай! Ал, түсімізде,

Соғысып біз де жүреміз.

Қызығы, біз де жапырып жауды,

Сендердей ойран саламыз.

Танытып тағы батыр ұлдарды,

Ылғида тірі қаламыз!


Біздердің әскер бір ұтылмайды,

Сіздерге лайық өркенбіз.

Сұм соғыс өстіп ұмытылмайды,

Соғыспау үшін ертең біз!

***

ЗАМАН БІЗДІКІ

Отардан отар өргізген,

Әкем мен анам – шопандар.

Кеудеме байлық енгізген,

Ата-анам сынды Отан бар.


Кедейсің деген сөздерді,

Қалайша ғана қостармын.

Керек те жоқ қой өзге енді,

Ішінде жүрмін достардың.


Осынау қысқа ғұмырда,

Өту де ұят бос қалғып.

Бәрі де бар ғой шынында,

Берілген барлық бостандық.


Қу шөппен сүртпей ауызды,

Сондықтан менің, ұлы елім.

Атымдай Жомарт тәрізді,

Алшаңдай басып жүремін.

***

АУЫЛҒА БАРҒАНДА

Ауылға бардым, айтатын жаңалық көп-ау!..

«Қар жабу жапқан құба бел» қол соғып мені қарсы алды.

«Қарашы, көрші! Келді ғой, қалалықты анау».

Дегендей қарға қарқылдап, бозторғай бейпіл ән салды.


Көшеде ауыл баллары доптаяқтарын,

Құлаштай ұрып мәз-мейрам, бір көзгі мендей ойнайды.

Қызықтап тұрдым шайбаны оқтай атқанын,

Қысса да аяз сезбейді, ойынға мендей тоймайды.


Ауыл аспанын тіреп тұр мектебім биік,

Бір кезде өзім оқыған кластастарменен аңсатқан.

Мектептік өмір кезінің шекпенін киіп,

Қарындас, інім көп өтті... Тудырып елес бал шақтан.


Ол бұла дәурен зу етіп өстер де деп пе ем?!

Өтерін білсем қайтер ем? Әрине, бұл да бос қиял.

Аз қапты-ау достар, біразы әскерге кеткен,

Айтары қанша біразын... көшеде көрсем состияр.


Ауылым ыстық сонда да қымбатты маған.

Адамы қандай Атымдай! Аңқылдақ жандар шетінен.

... Кешкісін маған арналып, қырбақ құлаған,

Ақ қарға неге асыр сап, аунадым-ау, өкінем.

Достарым келді! Бұйымтай айтқын деп кепті,


Сағынғанымды айттым, сендерсің дедім қинайтын.

... Алғашқы аптық басылып қайтқым кеп кетті,

Алматымызда аяулы неменем бар-ай, қимайтын?!

***

ҚАРАҢҒЫЛЫҚ

Айтылған сөз атты мені санамнан,

Жақсылық та, жамандық та адамнан...

Біреулер боп... көлеңкесін түсірді,

Жарық дүние жанарыма қадалған.


Шындық деген қыл шылбырын шұбатып,

Айналшықтап кісінеп жүр уақыт.

Саусағымды созуға да әл жетпей,

Кеңістікте отырмын бос бу атып.


Бұл не деген себебі жоқ әлсіздік?!

Қанша ойлаймын... ойдың түбі – мәнсіздік.

Ұлы істер тудыратын қолымды,

Шеккен шылым көрсетеді арсыз ғып.


Анабіреу қарап өтті жақтырмай,

Жүрген жан-ау жүрегіне қақ тұрмай.

Мінебіреу аянышпен бір қарап,

Ұятымды ұясына қақты ұрмай.


Уақыт өтті... енді іздеу өте кеш,

Күн де батты. Өшті көзден жат елес.

Адамдарды сүйемін мен! Сондықтан,

Кейде бір сәт сүймей қалу қате емес.


Жымыңдады жұлдыздар да көкті ойып,

Қараңғыға жер де жатыр от қойып.

Бөлмеме кеп, мен де жақтым жарықты,

«Қараңғылық құрысыншы!» - деп қойып!..

***

КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ

Мен – баяғы мен емес армандағыш,

Көмекейден аса алмай қалған дауыс.

Ештеңем жоқ... көзден де жас шықпайды,

Неге керек, ұқпаймын жалған намыс.


Не ойлайды екен-ей құйты көңіл

Неғылады өткізіп бүйтіп өмір?

Тым құрыса төгіліп жыласамшы,

Жүріп кетер едім ғой сілкіне бір.


Бөлек жанды онсыз да бөлшектейді,

Бәрі бәрдей! Ақыры жеңсек, мейлі.

Дәрмені жоқ екенін сезінгенде,

Жігіттер де жылайды, көрсетпейді.


Бірдеңелер үреді, айтақтайды,

Кеудем неге шулайды, жай таппайы?

Айнаға кеп қарасам, осы қалпым,

Бір жақсысы ештеңе байқатпайды.

* * *

Қызықпын мен,

(әрине, ұят мұным).

Басқа болғым келіп жүр, бірақ бүгін.

Баяғыда-ақ басқаша болған болсам,

Бақыттырақ болатын сияқтымын.


Ақын жаны – ақ көңіл...

Тегін кетті тірлігі...

Арам жандар тапты «өмір»,

Арбасты да бір-бірі.


Таныта алмай жақсымда көпке, тегі,

Өзімді өзім жұрттан көп шеттетеді.

Кей сәтімде жаңалық жасап тастап,

Өзім болып күлгім де кеп кетеді.


Түсінбедім... сондықтан сансыз мұңым,

Бұл да менің өз қатем, әлсіздігім.

Басқа біреу болмасам болар емес,

Бара жатыр көбейіп мәнсіз күнім.


Киінгені – қылаусыз Ардай киім,

Сәл қиындық кездессе – алдайды үйін...

Адамдардан келетін қиындықта,

Мен боп өмір сүргенге қандай қиын?!


Бекер өмір сүргім жоқ. Бүтін – арым,

Арылмасам осыдан ұтыламын.

Құла түзге қашсам да қалмай қойды,

Қайтіп енді өзімнен құтыламын!


Құтылмаспын! Келсе де көмекке кім,

Төгілуге тиісті, демек; терім.

Өз қолымда өмірім... соңғы сәтте,

Өзім болып қалуым керек менің!

* * *

Сезім деген үркек ат,

Сарсаң қылар сананы.

Сабыр суын ірке қап,

Саясатсыз лағады...

Сезімменен санамыз –

сойылдасқан патшалық.

Сенбесеңіз, қараңыз,

Сан адамға сәп салып.

Солай! Бірақ ерсінген,

Санасыздың міні көп.

Адал жанның тер сіңген,

Екеуінсіз күні жоқ!..


Үркек сезім тағы ызғып;

Бітпей өмір белеңі...

Сана тартып ауыздық,

Сапар шегіп келеді!..


Ол да кетті...

Кешікпей сен де кеттің,

Бәсең тарта бастады мендегі екпін.

Жүрегіме түскен сол қос жараны,

Қайтіп қана енді мен емдемекпін?


Кеудедегі Арбастау – ақ тұмадан,

Жанартаудай барады атқылап ән.

Оның бөлек кеткені ештеңе емес,

Сенің бөлек кеткенің батты маған.


Жан жарасы сыздады,

Сан асқынды.

Мұң моншағын кірпігім қамастырды.

Қараңғыдан жақсылық іздеуші едік,

Қараңғы түн қалайша адастырды?!


Төлеген мен Мұхтарға еліктеп тік,

Бірімізді біріміз сенікті еттік.

Сөйтіп жүріп, дүние-ай, сол Сенімді,

Аппақ қарға арулап көміп кеттік!


Қайрылғандай болдым ғой қанатымнан

Кім кінәлі біздерді қабат ұрған...

Тасқа да ұрам басымды,

Тауға да ұрам,

Адам неге жалғыз боп

Жаратылған?


Кеткен жоқсың сен бірақ,

Жүректесің.

Дара тіліп жүрсің де түнек кешін,

Өзің болсаң ең мықты тілеулесім,

Мен боламын ең мықты тілектесің!


Білеміз бе, біз оны білеміз бе?

Қиын екен айналу бір егізге...

Біріміздің бағымыз биіктесе,

Енді сырттай қуанып жүреміз де...

***

СОЛДАТҚА ХАТ

Жауынгер жолдас, хал қалай?

Хатыңды алдым әлгіде.

Адалын айтшы, алдамай,

Солдаттың наны дәмді ме?!


Борышты өте! Бақ сына!

Баршаға сені сыйлы етер.

Тәртіпке жылдам үйретер.

«Шалдарың» қалай жақсы ма?!


Келмесін саған көмескі ой,

Аларсың, досым, мың сабақ.

Армия ауыл емес қой,

Жүрсіңдер, білем, күн санап!


Бірінің сөзін бірі іліп,

Достарың сәлем жолдайды.

Тұрады орның білініп,

Оларға, маған – сол қайғы!


Қайталап оқып, жаттарсың,

Ауылдан ұшқан әр хатты.

Кеудеңде ғана сақтарсың,

Деп қойып: «Мұңды тарқатты!»


«Службаң» қалсын оңайлап,

Яғни, бізге қарама.

Қайтесің бізді көп ойлап,

Орныңда қала, дала да.


Біз де аман... бірде қуанған,

Заңды ғой, бірде күрсініп...

Күлкі мен мұңнан құралған,

Зебра сынды тіршілік!


Анаң жүр жолға көп қарап,

Шыланып кейде тостаған.

Әкең де... зекіп, боқтап ап,

Өзі де іштей қостаған.


Біледі оны сәби де,

Жазамыз тағы керексе.

Жауынгер үшін, әрине,

Қалқаның хаты ерекше!


Соза бер қолды үмітке,

Құрарсың әлі кереге.

Отаны мықты жігітке,

Екі-үш жыл деген немене?!

Сендердің, сенің арқанда,

Байсал да бейбіт бұл өмір.

Тып-тыныш атқан әр таңда,

Үлесің бар ғой, біле біл!


Мені дос қорғап жүр екен,

Сенемін! Сол да бақ маған!

Сондықтан, сені жыр етем,

Сондықтан: «сен» деп мақтанам!

***

ІНІМЕ

Иә, інім, өмір қызық бірақ қиын,

Сырғиды тұрақтамай сынап-күйің.

Қуансаң – өмір қымбат, ал, мұңайсаң,

Өмірдің құны кейде бір-ақ тиын.


Бұл өмір Медеудегі сырғанақтай,

Тағасыз адымдайсың бұлғалақтай.

Сәл тайсаң біттің онда, біттім дей бер,

Тереңге әкетеді бір қаратпай.


Көрсең де көп белеңнің сан асуын,

Кей-кейде жалындайды жан ашуың.

Тым қиын бұл өмірден жол табуың,

Тым оңай ашық күнде адасуың.


Қателік кезіктірер дайын дауға,

Жасыма, ұмтылма сен мойындауға.

Көрмейді қос жанарың кемшілікті,

Көңілдің көзі керек пайымдауға.


Мөлдірсің, тұп-тұнықсың, өзгешесің,

Өмірде барлығымен кездесесің...

Лайланба, інім болсаң өтінемін,

Қиынмен қиюласқан кезде көшің.


Өмірдің алғаннан соң жолдамасын,

Толқисың, түрленесің, толғанасың.

«Құрысын бүйткен өмір!..» деп ойлама,

Түсесің қиындыққа – сомдаласың!


Жұқтырма жолыңдағы жат сынықты,

Бұқтырма жаныңдағы тапшы үмітті.

Қатені біз жасаған қайталама,

Жаңғырт тек біз жасаған жақсылықты!


Бұл өмір үлкенге сын, кішіге – сын,

Өзіңді сан теңізге түсіресің.

Тәптіштеп «бұлай бол» деп неғылайын,

Бәрібір, санаң болса түсінесің!..

28.IV.81.

***

ЖАУЫНДЫ АЙ

Аспан-жерлес күн құрғатпай жылайды,

Бұл мінезі маған мүлде ұнайды.

Менің-дағы жер боп қалған жанымды,

Ара-тұра түсінетін сыңайлы.


Жылайды аспан, қу жаным да жылайды,

Өйткені біз ұмыттық қой Құдайды.

Менің жаным көкке шығып жұлдыз боп,

Көктен және жұлдыз құсап құлайды.


Жылайды аспан, біз де қоса жылаймыз,

Өйткені біз ертең олай-бұлаймыз.

Қадіріңді ұқпайтұғын қаймана,

Қазақты бұл қай бетпенен сынаймыз?


Басылмаған бір ай бойы жауынды-ай,

Қашан мына бізге туар жағымды Ай.

Қаращық – Жер, ал көз жасы – топан су,

Отыр содан басқа теңеу табылмай,

...жылайды аспан...

***

КЕЛДІҢ БЕ, КӨКТЕМ?!

Келдің бе, көктем, күлдіріп күнді де көктен,

Шуағын айтсай маңдайдан үлбіреп өпкен.

Көкешім менің, келдің бе, көкектен бастап,

Қайырып құстың керуенін Үндіге кеткен.


Қыраулы қыстан қалғанбыз қыстығып анық.

Бір жақтап қысып, бұ түбің түскірің – нарық...

Мейірім бәрін жеңерін дәлелдеп тағы.

Сен жеттің, көктем, оңтүстік ыстығын алып.


Бір жылы сезім оянып салқын қанымда,

Таптырмай байсыз тулайды толқын жанымда...

Қатулы қыстың ақшақар – көрпесін серпіп,

Сен жүрсің – қыздың жалтылдап балтырларында.


Жыр болып шығар жігіттің ыршып сөздері,

Осы болар ма жолынан қырсық безгені!

Тыңдай білсеңіз, Наурыздың наз күйін шертер,

Жасыл әлемнің қылтиған бүршік-көздері.


Астана бұлай көрмеген бұлғақтап көптен

Адымың – ақша болса да мұнда аттап өткен.

Жылдағыдан да айрықша аңсадық сені.

Қадірің көктем, қаншалық қымбатта-а-п кеткен?!


Келдің бе, көктем, дабылдап «Жедел жәрдемдей».

Үміттері бар пенденің сенен де әрі мендей.

... Таусылған үйде отын да... төзімім түгіл,

Суыққа енді шынымен көрем бе әл бермей!..

Келдің-ау, Көктем!..

* * *

Бір бақыт құлпын ашарда,

Шерткілеп шикі шекені.

Арамза тағдыр қашанда,

Алдымды орап кетеді.


Ау!.. сонда мені жаратқан,

Жаратқан ба еді бақсыз ғып?!

Түк шықпай тасқын талаптан,

Кездесе берді-ау сәтсіздік!


Бұл күнде кесем кетілген,

Байталың түгіл, бас қайғы!

Дегенмен, семіп кетуден,

Тек еңбек қана жасқайды.


Талайға талай кетті есем,

Қайтарды терім төгілген.

Егерде еңбек етпесең,

Жақсылық күтпе өмірде!

***

ҚАЗІРГІ ӘЙЕЛДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

О, көз жасы, әйелдердің көз жасы,

Сені ұқпайды жыламаса өз басы.

Заманалар зарлап келдік, ей, көңіл,

Енді бір сәт тарих жақтан қозғашы.


Көңіл, көңіл, бұлт басқан көңіл-ай,

Алабұлтты алақұйын өмір-ай.

Қаншама жыл қазақ қызы жылады,

Етек толап еңіретті «Елім-ай».


Көп жылады әже мен көп ана,

Бет-ауызы болып кейде көкала.

Нешеме рет қызынғанда еркектер,

Нешеме рет бұзылды екен шекара.


«Әйел десе әжемізге тиеді!»,

Қарыс-қарыс болады да сүйемі.

Қазақ ұлтын көбейткен де әйелі,

«Ақымақ боп қалған екен күйеуі».


Бұл өткен өткен күн... айтайын бір жаңалық,

Неге төндім әйелге мен қадалып...

Біз де осы туған жоқ па ек әйелден,

Әкеміздің кіндігінен жаралып.


Абайша айтсақ «сап-сап, көңіл, сап, көңіл»,

Ақынбыз ғой, ал ақындар – ақкөңіл.

Десестағы баяндайын мен енді;

Өзім бастан кешірген бір «тәтті» өмір.


... Тым қызбаған бір қыз маған ұнады,

Көңіліміз көк аспанда жүр әлі.

Бірге болдық, оның несін жасырам,

Кеудеміздің айтатұғын бір әні.


Жаным еді, әнім еді армандай,

Болды енді көңілім одан қалғандай.

Өмір сүрген жақсы емес пе, жарандар,

Алдамай да, ешкімнен де алданбай.


Сөйлемедік, ей, демедік сызданбай,

Қалдым сол сәт аруымды қызғанбай.

Қаншама сөз, соншама кез арнадым,

Қонып шықтым, болып шықты қыз болмай.


Кешіріңдер, болғаны осы жайт білген,

Демеңіздер артық сөзден қайт бірден.

Сол әйелге «Сені алмаймын!» дедім де,

«Жыламайсың неге?» деп те айттым мен.


Жылайтұғын шығар деген ойда мен,

Сауалымды қаттылап та қоймап ем.

Мұндай жауап естімейік әрқашан,

Оның беті бүлк етпестен сөйлеген...

Қазақ қызы, ұнайтынсың ұнасаң –

Пәктікпенен, нәзіктікпен бір ашаң.

Әлгі әйелдің айтқан сөзі мынандай:

«Шайылады көз бояуы жыласам...»


Ықылыққа толып қалды көмейім,

Мен кімдерді бүгін енді шенейін.

Қазақ қызы, «Елім-айдан» сен жеттің,

Осы күнгі сіңліңе мен не дейін?!

* * *


БІР КҮЛЕРМІН ҒАРЫШ ЖАҚҚА КЕТЕРДЕ...» 


                                                        ЖҰМАТАЙДАН


Төрт қабырға... жалғыз мен,

Мұхит – ойға мол жүзгем.

Қош боп кеткен күндер-ай,

Дос боп қалған сол қызбен...


Төрткүл дүние, мен – жалғыз,

Басты имес дегдармыз.

Аспан менің сүйгенім,

Кешір мені, Жер – балдыз!..


Жер де жалғыз, мен жалғыз,

Көңіл – піскен нән қарбыз.

Жарасына жалғыздың,

Дапсыратын сен – жалбыз!..


Ұқшы соны, бұл қызым,

Сөйтіп өткіз күнді ұзын.

Жерде қалар сүйегі,

Көктегі мен – Жұлдызың!


Төрт қабырға, бір сағат,

Жатыр ол да күн санап...

Сабау ойлар осындай,

Көңілді тұр мың сабап...


О, сағатым, сыртылда,

Жүрісіңнен бір тынба!

Бірге соқ, сен жүрегім,

Әр мезетте бұлтылда.


Төрт қабырға, бір есік...

Ойым кетті-ау жіп есіп.

Бір қызбенен тілдесіп,

Әлденемен күресіп.


Жә, жетеді, жетеді,

Дәурен солай өтеді.

Кіріп келсең тимес-ау,

Төбем көкке екі елі.


Жалғыз болсаң мұң-күй көп,

Мида балет жүр билеп.

Алып қойдым мен бүгін,

Аспан жаққа бір билет...

***

МӘҢГІЛІК ҮЙ

Әрине, жіберетін қатеміз көп,

Айта алман ақылдымыз өте біз деп.

Көңілсіз қоңыр күздің бір күнінде,

Тұрғанмын сол бұрышта пәтер іздеп.


Жандайын батқан белден ми қатпақ пә?

Бәрін де осы жасқа көріп келдім.

Алдымен сөйлесуге ұмтыламыз.

Қалғанмын тәжірибе жинақтап та.


Әнеки, өлтірсін бе тілеу берді,

Сақалы белін жапқан біреу келді.

Көлдетіп сәлем беріп жетіп бардым,

Ондайда алға түсер ілеуде енді.


Мақтадым үстіндегі шақ шапанын,

Дедім мен: «Барлығын да оқсатамын»,

Үнсіз бір көз тастап ап мына маған,

Сөйледі сонда әлгі ақсақалым:


- Балам-ау, асыл текті, ей бөріктім,

Манадан сөз шығындап жай бөріктің.

Өзім де пәтер іздеп жүрген жанмын,

-Ақсақал сонда қалай? – дей беріппін.


Жандайын батқан белден ми батпаққа,

Қол ұшын кім берер деп ми қатпақ па?

Кей-кейде туған ұл-қыз сені ұқпайды,

Пәтерді екеуіне бөліп бердім.


Сұрама, мен айтпаймын арғы жағын,

Еш нәрсе байытпайды жарлы жанын.

Жастыққа тимесе де жар құлағың,

Басталса ашкөздіктен сор бұлағың...


Тірлікке келгеннен соң сопадан бас,

Жиғанмен қу дүниең жоталанбас.

Мәңгілік үйің сенің – жалғыз көрің,

Өлгенде бар байлықтан опа болмас.


Әзірге пәтер жоқ деп қиналасың,

Бір күні дәл осындай сый да аласың.

Қызықты һәм қайғылы қысқа өмірден,

Ақыры құралақан жиналасың.


Қарт кетті: «Осыны ойлан, көкем-ау көп,

Мендағы өз үйіме жетем-ау» деп...

Ойладым: адам өмір пәтерінің

Уақытша жалдаушысы екен-ау тек.

***

ЖӘРКЕНТІМ – НӘЗІК МЕКЕНІМ

Туған жерім – Жаркентім – нәзік мекен,

Сағынышты сен деген жазып кетем...

Көрерсіңдер, көгілдір тауда туғам,

Маңдайымдай таңдайым жазық па екен?


Арғымақ ем, елсізде азып кетем,

Шөпілдеген шөлімнен саз ақ бөтен.

Шылбырымды сүйретіп шығандаған,

Туған жерде қағылып қазық бекем.


Сондықтан да іс болмай думанмен де,

«Жаркент жаққа жетем» деп тулар кеуде.

Өзге өңірді өгейсіп тұрмағанмен,

Тартпай қоймас тұлпар да туған жерге.


Ыстық сезім бойымда, лаулай жетіп,

Топырағына киелі аунай кетіп...

Ақ батасын алам да ағайынның,

Астанама қайтамын таудай бекіп.


Кіндігімді Баркөрнеу бір-ақ кесіп,

Аршасынан жасаған ұнап бесік.

Беске дейін мәпелеп, бел асырып,

Ұшырған соң жүріппіз жырақта өсіп.


Жаным содан Жәркентке дара ғашық,

Танып келем қадірін сананы ашып.

Балаң көңіл Баркөрнеу баурайында,

Бұлтпен бірге жауады араласып...

* * *

Жаңа-жаңа мен ұғына бастадым,

Өмір деген қымбаи екен, достарым.

Өмір – менің жарқылдайтын аспаным,

Өмір – менің сарқылмайтын дастаным.


Мен – өмірді жас зерттеуші жас ғылым,

Енді оянып, енді зерттей бастадым.

Өмір – кітап, түсінуі тым қиын,

Әрбір күнім – әрбір бетін ашқаным.


Жағылды ма жүрегімде жаңа шам,

Ойланумен өтеді ылғи оңашам.

Армандаймын: ұлы еліме сүйікті,

Жақсылықтар жасасам деп орасан.


Күнім менің көбінесе тұманды,

Көңілім де көбінесе күмәнді.

Жүрегіммен жарыла бір қуанам,

Өз орныммен тауып айтсам бір әнді.


Маржан іздеп терең теңіз түбінен,

Күн батарда атар таңға үңілем,

Өмірімнен, өз ортамнан үйреніп,

Жақсы адамға айналармын түбі мен!

***

АҚЫН ДА БІР ДОМБЫРА

Неменеге күлемін, жетісемін,

Шақар – оймен сәт сайын шекісемін.

Мен дәл қазір долырған домбырамын,

Құрманғазы қармаған екі ішегін.

Бір кездерде албырт ем, үркек едім,

Аспанынан күй төккем, Күлтөбенің.

Көргемін мен тартып ап, Біржан салдан,

Поштабайдың қамшысын сілтегенін...

«Сарыжайлаудан» сыр айтып, жұртыма ерең,

Тәтімбеттің қолында бір түлеп ем.

Қолдан қолға ауысып Дина әжейде,

«16-шы жыл» болып дүркірегем.

Қоныстанған мәңгіге жүрегінде,

Сырын айттым, халқымның ұлы өмірге,

Күллі әлемге күй төгіп, шарықтадым,

Бауырласып бар елмен, Кремльде.

Көктемеде көгілдір, бақтарыңнан,

Шәмшә болып шалқығам, ақтарылғам.

Самал соқса «дың» етіп дірілдегем,

Белгі беріп бақытты шақтарымнан.

Дауысымды сынады өмір менің,

Күй боп ақты маңайға көңілдегім.

Ерке сылқым бір қызға ғашық болып,

Әбдімомын қолынан төгілгенмін.

Жас ағызған жанардан соқыр да еріп.

Қай қиялды қиянға кетірмедік.

Енді, міне, мұң толды кең кеудеме,

Жошы құйған қорғасын секілденіп .

Ауылдағы жұмыскер жейдесі май,

Ұғасың ғой сен мені, ей, досым-ай!

Жә-жә! Болды, томсарма, маған қарап,

Өзім де бір мұңаям кейде осылай.

Қиындықты қиратып жолымдағы,

«Көңілашар» күй төгем, соңырда әлі.

Ақын да бір домбыра күмбірлеген,

Тағдыр деген күйшінің қолындағы!

***

ПӘТЕР ІЗДЕЙ БАРҒАНДА...

Әперердей ғайыптан әкеміз кеп,

Біздер тұрмыз пәтерге жетеміз деп...

Міне ғажап! Сұлуды құдай көрсек,

Олар да жүр екен-ау пәтер іздеп!..


Пәтерді бір ұстатпас сағым қылып ,

Сағым қылып, сенделтіп, сабылдырып.

Алақанда ұстайтын Аруларды,

Қор етті ғой біреулер жалындырып.


Нән қалада көрсетіп жатақ тарлық,

Мүмкіндігін қойыпты-ау матап барлық.

Айрылады екен ғой сұлулықтан,

Сұлулардан кетсе егер тәкаппарлық!..

****

АЖАЛМЕН БЕТПЕ-БЕТ

Түн ортасы...

Тек тұрғам темекі еміп.

Жоғарыдан жаншиды төбе төніп,

Метеоритті көрдім де ағып түскен,

Кетем бе деп қорықтым кенет өліп!


Не боп кетті бір сәтте, пай-пай, маңым!..

Тасыр-тұсыр..

Естілді қай-қайдағы үн?!

Аһ!.. Ажалдың атының тұяғы ма?!

Айқайлағым кеп кетті! Айқайлағым!


Соның өзі! (Таныс үн)

Енді естідім!..

Жанарыма маңырап келді ешкі мұң.

Дүниеге келгелі қуып жүр ол,

Жо-жоқ!.. жаным жалтарар!

Көнбес бүгін!..


Көнер едім... Бірақ түк бітіргем жоқ,

Бар болса да, лаулаған шүкір менде от.

Ол жақта да ақтала алмаймын ғой,

Кете барсам тірлікке түкірген боп!


Қашан демеу болып ең қолтықтыға,

Ей, жалмауыз!.. Жүрмін мен жортып бұла!

... Сауға, батыр!.. Қалжың ғой!..

Сен – мықтысың!

Қуып жетіп алғансың Қорқытты да!


Бүгін мені қайтесің дара нұсқап,

Адам құшам!..

Ойым жоқ дала құшпақ.

Оқырманға қолтаңба қойғанда кел!

Мен өлейін, өлсем де, қалам ұстап!!!

* * *

Жын ұрып тұрмын...

Жетпейді менде бірдеңе,

Жерге сыймады...

Сияр ед көрге бұл дене!

Уәде беріп, «келем!» деп күттірген өзің,

Кешіккен болсаң кешер ем,

Келмедің неге?


Торына түсіп топтанған

жын – сұрақтардың.

Аспанға, айға мұңымды,

Сыңсып ақтардым...

Жұрттардың бәрі жұпталып

жөнелген кезде,

Жат жұртта қалған күшіктей

Қыңсылап қалдым!


Күйінбей не етем,

Жан-жағым – жұптасқан ғашық,

Қиялы кеткен шарықтап

бұлтты аспанды асып.

Нең бар ед!.. Жаным,

Көңілдің роялінің,

Сым пернелерін жанымды

ұқпастан басып?!


Қайғының жоқ қой дәл қазір

одан жеңілі

ұсынып жатыр талайын маған да өмірім.

Жүрегім «сен» деп, өзіңе

сеніп жүргенде,

таптауға енді...

бола ма адам көңілін?!


Мұныңды қайтіп, қалайша

түсінбек адам?

Жамандап сені ұлиды ішімде боран.

... Әй, қойшы, тегі...

Шаршадым бәрінен мынау,

серпілер ме екем,

мен енді ішуге барам!

17.1.82.

* * *

Сенгенімнен көп болды сүрінгенім,

Бір жылауым керек қой бүгін менің.

Менің көргім келмейді ешқашанда,

Дәл солардың секемшіл дірілдерін.


Көтерер де алмаймын әзілдерін,

Белден бір-ақ басамын наз үндерін.

Ешқайсың да атымды атамаңдар,

Жарылады жүрегім қазір менің.


Жарылады! Бәріңді жаралайды!

Ұғасыңдар соққасын қара қайғы.

Көздеріңді аяймын – қызметші ғой

Қаратпаңдар! Бұларың жарамайды.


Сыйғызыңдар ортада күн көрсін де ер,

Күндесеңдер айтпай-ақ тілдерсіңдер,

Жақын тартып тұрып-ақ жандарыңа,

Жатырқайтын бір мені кімдерсіңдер?


Ақкөңілден – арм, көп қуың – басым,

Қайтем енді жараны су ұрғасын.

Осы сендер неліктен ұқпайсыңдар?

Туылғанның қайтадан туылмасын?


Бықсып жанып кеудемде қара көмір,

Қусырылып барады дал көңіл...

Жұдырығымның ішінде өмір жатыр,

Қатты қыссам тұншығып қалады өмір.


Ұнамай ма, сендерге жейдешеңім,

Тон киіп ап ендеше, «ей!» десемін.

Ал, енді мен ұйықтаймын,

Ұйқы деген –

Уақытша өлу ғой, сөйлесемін!

10.1.83.

* * *

Поэзия?

Кел бері сырласалық!

Қиналғанда саламын жырға салық.

Талай нөсер кеудемде құйып өтті.

Қақ суындай көлкіген мұңды ашалық.


Ойларымнан арылтшы қорғасынды,

Тастады ғой тұқыртып жолдасыңды.

Әрең-пәрең басыма қамап тұрмын,

Мазасы мен жазасы мол ғасырды.


Сүйгізбеймін басқаға, сүй көзімнен!..

Қаламаймын бөгде бір сыйды өзіңнен.

Көздерімнен сығалап көріп берші,

Не бар екен кеудемде ми безінген.


Күйкі тірлік кісіндеп тастағандай,

Қолдарымды барамын басқара алмай.

Жер шарының түймесін ұстап тұрмын,

Жанарымда бір тамшы жас та қалмай!


Тезірек кел, шыдайсын қайтіп, құрбым,

Құламайық қойнына тайқып түннің.

Бес миллиард тағдырда тырнаққа іліп,

Есім барда ескертіп айтып тұрмын.


Поэзия! Кел бері, сырласалық,

Құлағыңды дауысым тұр ма шағып?!

Мұңды ашалық екеуміз, содан кейін,

Құлағыңа берейін сырға салып!..

* * *


БАС ДӘРІГЕРДІҢ БАЛАСЫ ЖАЙЛЫ БАЛЛАДА


Кесте солай пойызға істеле ме?

Таңғы бесте жететін Үштөбеге...

Түсу керек жігітке, гүл-гүл жайнап,

Ұйықтап жатты ол бір тәтті түс көре ме?


Тұрды пойыз. Ал жігіт бәз-манағы,

Қалпы жатыр... отарба қозғалады.

Қарғып тұрды ол сол сәтте, түлен түртіп,

Терезеден алақтап тез қарады.


Үштөбесі... ойпыр-ау, барады өтіп,

Сезіміне үлгермей сана жекіп.

Киіне сап, секіре жөнелді ол,

Барған бетте есікке жаңа жетіп.


Әттең, әттең аяғы тайып кетті,

Жердегі тас жіберді майып та етіп...

Дәл басымен соғылды жанбасымен,

Үшкір ұшты тас тәнін сойып та өтіп.


Әжім басып ақ жүзін Ай қарады,

Шың-шың етіп болат жол бай торабы.

Жол жөндейтін жұмысшы өтпегенше,

Бейшараны ешкім де байқамады.


Кім біледі, болады неден дәрмен,

Аяулы жан шақырды «Жедел жәрдем»,

Темір жолдың темірдей милициясы,

Ол сорлыға жабысты: «Сенен келген».


Қызыл жаға біршама «ұшындырып»,

Ұқтырды әрең себебін түсіндіріп.

Ал, жігітті аудандық аурухана

Тура алдында жеткізген ұшып жүріп.


Дәрігерлер, бақ та олар, сор да бұлар,

Зор да қылар, ауруды қор да қылар.

«Станцияда жарадар болса жігіт,

Емдемейміз!», деді де ондағылар.


Темір жолдың нұсқады емханасын,

Қайран өмір қарап-ақ кем боласың!

Ондағылар қайтарды кері қарай,

Салпақтатып қиналған ел баласын.


Кімдер екен ем орнын бөліп баста-ақ,

Мекемеге екеуін теліп тастап.

«Сен – аудандық, біреуі – теміржолдық»,

деп бөлектеп өздері желік баспақ.


Кімдер екен шек салған шекараға?

Бұл үніміз биікке жете ала ма?

Қос дәрігер, біреуі бас дәрігер,

Жаралыны сенделтті екі араға.


Бет-ауызын кетіпті қан да жуып,

Аты-жөнін білместен жолға қуып.

Бас дәрігер баяғы теміржолдық,

Қабылдады әйтеуір таңға жуық.


Құрсын бүйтіп ем орнын басқарғаны,

Өз ұлы екен! Жаралы – жас тарланы...

Қарсы алмаған бағана бас дәрігер,

«Жалғызым!» деп көзінен жас парлады.


Дәрігерден таныс та дос табатын,

Көздер өтті десек те ес толатын.

Түрі ешқашан әлі де көрінбейді...

... Бас дәрігер, бәрі де кеш болатын!

***


МЕН СЕНДЕРГЕ СЕНБЕЙМІН!...

Стендель


Дәлдүріштер дарын деп танымады,

Керек пе оған ақынның жаны, бәрі...

«Сап, сап көңіл...», талантты, саудагерлер,

Сараптаса ой-безбен жаңылады!


Таң алды бұл, түспеген жарығы әлі,

Жүрек сабыр шапанын жамылады.

Мұқағали, Төлеген, Жұматайды,

Тұнжырайды мойындап тауым, әні.


Соны ойласам жан, жүрек сауығады,

Мен де болам солардай тау ұланы.

Ақын үшін сый емес, сыйлау – қымбат,

Жырдың дәмін санасы сауы ұғады.


Дарылдаған даңғаза дабыраны,

Қақ бөледі қылыштай дарын әні.

Ес кірген соң, күні де кешкірген соң,

Таланттылар бәрібір танылады!


Сабылады оны іздеп, табынады,

Қайсыбірін жоғалтып, сағынады...

Топтың емес, жұлдыздай көп бағасы,

Барлығынан биік боп табылады.


Ал әзірге... талайды, жабылады,

Шибөрідей шуылдап шабынады.

Әкімсымақ, тарихта сендер емес,

Тек ақындар қалады, соңыра әлі.

***

КӨЗІЛДІРІКТІ ҚҰРБЫМА

Көрмек болып анықтап тамашаны,

Көзілдірік тағыпсың, жарасады!

Қара көзің ерекше мөлдірейді –

Анық бәрі, ап-анық болашағы.


Құтты болсын! Көре біл, жаным бәрін,

Адаспауға тиіссің – жолың мәлім.

Көрінбесті көруге міндеттісің,

Өміріңнің аралап қалың бағын.


Қандай жақсы – қуанып, шаттанасың,

Жарылуға шаттықтан шақ қаласың.

Қандай жақсы – бәрін де анық көріп,

Қандай жақсы – айырған ақ-қарасын.


Келтірмесін жаныңа сөзім күдік,

Кейде білмен өзімді өзім біліп.

Айналамды анықтап алатұғын,

Керек боп жүр көңіліме көзілдірік.

18.03.81.

* * *

Жаныңды жыртса кейбір ой,

Жамайтын ой бар, мейлі ғой...

Қайғы мен бақыт аулының,

Қонысы қатар дейді ғой.


Жайдары, жалқы жүзі ұнап,

Қызықтан қайтсаң қызып ап.

Есікті жауып вахтерша,

«Кешіктің! – дейді, қызық-ақ.


Қол созған кезде бақытқа,

Жанымды менің оқып па?

Көрмей ме жылдам өтерін,

Қызыңмен болсаң уақыт та.


Күйініп осы келіске,

Кіргізер сосын мені ішке.

«Кешікпе!» - дейді қатайып.

Жеткізіп және жеңіске.


Кеудені кере лап берсе ән,

Кешіктім, апа, сәттер сан.

«Кешіктің!» - демес үшін мен,

Өмірім – Үлкен вахтершам!..

16.10.81.

***

СЫЙЛЫҚ

Дауласып барып, таланттар таласып қалып,

Қалады-ау кейде қарағөз қарашық налып.

Мемлекет берер сыйлықтар кем көп екен

Ағайын, біздер осыған, кәні, асықпалық.


Естідік соны өмірдің күйтабағынан,

Артық қай сың бар – ауылы шипаларыңнан:

Әкеңнің зілсіз зекіген дауысыменен:

Анаңның сенің маңдайдан сипағанынан.

11.IV.93.

***

АРЛЫ АҒА

Бейсенбай Сүлейменовке


Толтырып өзі-ақ көшені,

Жанынан самал еседі.

Бейсекең біздің шындығы –

Адамдық түрдің кешені.


Ал оған барсағң «отырлап»,

Көңілді қиып кету жат.

Телефонында тыным жоқ,

Сайланбасадағы – депутат.


Мейіріміменен барша әйбат,

Жүдеген жанды қоршай қап.

Артықтау кетіп қалсаң да,

Арқаңнан қағар «пай-пайлап!».


Дәл мұндай аға арман, ә!

Көп болса, шіркін, арлы аға.

Осындай ізгі тілекте

Өркендеп өскен бар бала.

***

Кәусар жырдың кіндік әкесі

МАНАШ ШАДАЕВҚА


Нарату күйін нарықтың,

Тартудан күнде жалықтым.

Мәкеңдей ерлер болмаса

Ақындар деген халықтың

Кешуі мүмкін күйін де

Қайраңдап қалған балықтың.


Қабығын жұлып қалыптың

Есігін ашып тамұқтын

Кіндігін кесіп көп жырдың

Көрсетті жүзін жарықтың

Елгезек іскер жігіт деп,

Өзін де жатыр танып мың.


Күтетін жаннан ел үміт,

Қиындық жүрсін шегініп.

Құндақтап кәусар жырларды,

Абыройлы іске жегіліп,

Аман-сау жүрсін Ер Манаш,

«Керқұнан» атын тебініп...

***

ЖОМАРТТЫҚ

Төлеген Шойынбековке


Іздеп барар «біз» деп қарар жүрек кейде мұздаса,

Жақсы ағалар көп емес-ау, жоқ емес-ау бізде аса.

Төке, сізге, өте сізге мұқтаж болып барамын,

Жасауылша, бас ауырса, балтыр кейде сыздаса.

Келсек дейсіз, көрсетпейсіз ешуақытта нәмарттық,

Сол үшін де әр ісімде өзіңізге қол арттық.

Шын ойлар бар: Шығайбайлар шыпшып шыққан замандар,

Түсіңізбен, ісіңізбен шоқтықты ғой Жомарттық.

***

ҮЙ-ІШІЛІК ҮЙІРІМДЕР

Әкем Әбдіраманға


Азап көріп қаншама,

Жолдан өттің сан-сала

Мойымадың біз үшін

Қол-аяғың талса да.


Ырзық теріп даладан,

Шашыңды жел тараған.

Зейнетке де шықтың-ау,

Үміт күтіп баладан.


Қол үзбедің еңбектен,

Көктемде ұстап сен кетпен.

Жазда алып шалғыны,

Үйдің қамы терлеткен.


Еңбеккер бос жатар ма?

Қарттарды алып қатарға.

Қыста сайлап шанаңды,

Жазда жөндеп ат-арба.


Тыным таппай үй үшін,

Малдың тыңдап күйісін.

Сергисің тек иіскеп,

Немереңнің иісін.


Сыйлы болып баршаға,

Ұқсап жасыл аршаға.

Жүре берші қалқайып,

Шаршамашы, шаршама!

***

ЕРМЕК КӨКЕМЕ

Өмірдің заңы солай ма?

Тарап та кеттік жан-жаққа.

Жолықсақ жақсы әр айда,

Ол дағы түспес қармаққа.


Оң жолды нұсқап бауырға,

Сапарын шегер мәңгілік.

Ал өзің тарттың ауылға,

Астана, бәрін қалдырып.


Апам мен Талғат екеуін,

Түсіре бермей көп еске.

Бүтіндеп көңіл кетеуін,

Соқсаңшы Толик, Кеңеске.


Жасытпай жастық жалынын,

Сенімді сергек сақташы.

Орыны толар бәрінің,

Тек аман болса отбасы.

***

ДӘУЛЕТКЕЛДІ МЕН АЛЛАНАЗАРДЫҢ АЙТЫСЫ

Дұрыс ішпей бір шайын,

Сипап қойып кекілін.

Айтысады күн сайын,

«Менікіне» екі ұлым.


-Әбдіраман атамды

Жақсы көрем!.. – Дәулет бұл

Алланазар қаһарлы

Айбаттана сөйлеп тұр:


-Менің атам – ол, - деді,

-Бірінші айттым – менікі!

Алланазар бермеді:

-Жоқ, бәрібір менікі!


Дәулет енді терледі

-Сұлтан ата – менікі!

Алланазар ерледі

-Ол ата да менікі!


Суып қалды көжесі,

Түсті келіп тартысқа

Айымхандай әжесі,

Қатира апа-әжесі

Ишан, Тыным атасы,

Жұмағұлдай папасы...


Қара аты бар атасы,

Автобусты атасы,

Есегі бар атасы,

Екеуінің бірақ та

Бітіспеді бақасы.


Көрсетім де сонша айбар,

Кірді олардың тез есі.

-Қайсың жақсы болсаңдар, -

Соныкі ата-әжесі!


Сап тиылып, табандай

Жалғастырар айтысты.

Көрмеппін мен солардай

Қайтпайтұғын «әртісті».


«Бірінші айттым мен!» - дейді.

Екіншісі көнбейді.

Бір жақсысы, ол мейлі,

Ата-әжесін бөлмейді.

***

АНАМА

Анам Айымхан Құрманқожақызының рухына


Көңілім сенбей алаңдай берем.

Қалайша нансын бұл көңіл?!

Ағарса жаулық анамдай көрем.

Құлазыр сосын мүлде өмір


Деген ең: «Жолдан кешікпе, қарақ!..»

Соңғы сөз екен, білер ме ек...

Кеп қалар-ау деп есікке қарап.

Жатыпсың көзбен түгендеп.


Жанарың сонда толқыда-ау асыл.

Он бір ұл-қызың толықпай,

Жасамай жатып жарты да ғасыр,

Қайдағы бір дерт жолықты-ай.


Қайғыдан осы состиып қалған.

Ойлаймын жүдеу әкемді,

Төгіле берсе жас түйіп те алған

Бақандай бәрін көтерді.


Ғарышқа шықты мақсұтым қаптап,

Анашым, жалғыз сені іздей,

Өссек пе дейміз ақ сүтіңді ақтап,

«Баласы нашар...» дегізбей.


Көңілім сенбей санамды бөлем

Қалайша нансын бұл көңіл?!

Түсімде тірі анамды көрем.

Ұйықтай да қалсам түнде бір...  




Көрілген: 3325    Пікірлер: 0

сенбі, 03.09.2016, 10:52

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30