Алаш ақыны

Қайрат АСҚАРОВ: Жалған күліп жеткенше жақсылыққа, Өлең жазып, шынайы мұңаяйын...

  • Қайрат АСҚАРОВ: Жалған күліп жеткенше жақсылыққа, Өлең жазып, шынайы мұңаяйын...

    Қайрат АСҚАРОВ: Жалған күліп жеткенше жақсылыққа, Өлең жазып, шынайы мұңаяйын...

Еліне еркін еркелеп өскен

Мен де бір аңғал тентек емес пе ем.

Көгілдір күмбез орнатқан кеудем

Көктемдей арман, көркем елестен.


Сәби ем сыйлап сән менен әнін

Тек думан болған — қызықтағаны.

Балаң жүректің балбөбек әнін

Есейтіп өмір бұзып барады.


Ақ сезім сыйлап атамекенім,

Арманның көлін кешіп жүр едім.

Өмірдің мынау қатал екенін

Аңғармай аппақ есіл жүрегім.


Шарқ ұрып көңіл, шашылды сырлар

Боздатып күйін мұң өпсе мені.

Ашылып алдан асулы шыңдар,

Шақырып жатыр күреске мені.


Тағдыры елдің маған жүктеліп,

Сындар тұр намыс, отты үміт беріп.

Еркелігімді адалдық көріп,

Тентектігімді тектілік деп ұқ!

***

Түнгі ауыл

Түнгі ауыл.

Мақпал көкте Ай күлімдеп,

Сәулесі күміс суда жай дірілдеп,

Жаңбырдың иісі аңқып жақын маңнан,

Жусанды қырдан есер жайлы бір леп.


Түнгі ауыл.

Көңіл ояу, көз байланып,

Тылсым шақ жүрек қылын қозғайды анық.

Маңында көбелектер қалбалақтап,

Ошақтың оты жатар қоздай жанып.


Жұлдыздар шығып күннің түрмесінен,

Жатқандай тыныштықпен тілдесіп ен.

Өзеннің сылдыр-сылдыр сыры естілер

Ауылдың жырып аққан іргесінен.


Желсізде ұшар оттың алауы тік,

Даланың түнінде де бар-ау ұқып.

Аю жон алыптай боп елес берер

Қалғыған қарт төбелер қарауытып.


Тып-тыныш.

Жан-жануар тыным еткен,

Аймаққа тамған Айдың нұры көктен.

Ғашығын аңсап келген ару қыздай

Ақ сәуле дала төсін күліп өпкен.

«Жауымен» шекісіп қап ұры мысық

Шатырға бара жатыр шығып еппен.

Ащы еді бәтшағардың үні неткен?


Жатқанда мүлгіп қырдың ұйқыда елі,

Ауылдың түні неткен сиқыр еді.

Шегіртке шырылдайды өзен жақтан,

У-шу ғып кейде ауылды ит үреді.


Ит‑құстан күзетші ояу — қауіп қылған,

Өзінің жұмбақтығын тау ұқтырған.

Жастардың әнін тыңдап ұйып қапты

Басында алтыбақан сауық құрған.


Сол бір маң от құшақты қауыштырған,

Тілектер, жүректерді табыстырған.

Сырлы әзіл, сұлу ән-жыр, сыңғыр күлкі

Естілер үзіп-талып алыс қырдан.


Мұңайып жалғыз жүзер түнгі аспанда Ай.

Әндерін маған айтар мұңдас жандай.

Үп етіп самал соқса, ағаш талдың

Желегі сыбдыр-сыбдыр сырласқандай.


Ғаламат!

Ауыл түні.

Ғажап, айлы,

Мас қылып ерке сезім мазалайды.

Қайнардың салқын суын бүріккендей

Саф ауа сарайыңды тазалайды.


Бір ысып, бір суынып қан бойдағы

Көңілде нәзік мұңның ойнайды әні.

Сиқырға, сырға толы дала түні

Сырларға жетелейді қай-қайдағы.


Шұбалып Құс жолында сәнді із қалып,

Жымыңдар мың-сан жұлдыз бал-бұл жанып,

Көңлімде сәуле шашқан үмітімдей

Жырақта жылтырайды жалғыз жарық.



Тып-тыныш.

Жан-жануар тыным еткен,

Аймаққа тамған Айдың нұры көктен,

Ақ сәуле дала төсін күліп өпкен,

Санаға сұлулықтың сырын еккен.

Қытықтап жас сезімнің тұла бойын

Еседі қырдан самал жылы леппен.

Ләззатқа толы ауылдың түні неткен

Жаралдың қандай ғана құдіреттен!

***

Өмір-теңіз...

Сан жылдар сананы ыстап,

Адам толқын-тағдырмен сан алыспақ.

Уақыт-кеме тоқтамай алға тартып,

Күннен‑күнге барады жаға алыстап,

Алып қалып ең қимас сәттерімді

Жасыл арал — қол бұлғар — балалық шақ..

Адам, шіркін, қимастан кете барар

Қайта-қайта артына қарағыштап...

***

Тіршілік

Біз, адамдар, өмір мәнін кеш ұқтық,

Айыра алмай күншуақ пен түнекті.

Батысымның көкжиегін бесік қып

Тірлігімнің тағы да бір күні өтті.


Күміс көрпе төсеп бұлттың төсіне,

Торғын көкке толықсыған Ай шықты.

Қою қаймақ қалқып шығар бетіне

Елестетіп берекеге бай сүтті.


Кең әлемге терезе боп шаңырақ,

Уайым-түндік сыпырылып жай тапты.

Үмітімнің жұлдыздары жамырап,

Ертеңімнен бір жылылық байқатты.


Сұлулардың сұңғақ мойнын сәндеген,

Аппақ жібек орамалдай көлбеген

Құс жолы да жатыр шұбап көлденең

Ойлы жанға ол да өлең...

***

Сағыныш

Түсіме кейде енесің

Ұмыт болды деп жүргенде.

Аққанат арман — елесің

Кірпікке ілініп түндерде.


Көзіңде тұнық, таза мұң

Қарасың сәл-cәл салқын ба?

Баяғы көркем ажарың,

Тәкаппар сол бір қалпыңда


Мен тұрар едім мүдіріп,

Жүректен жанға жас тамып.

Ерніңнен сүймек түгілі

Шашыңды ұстауға жасқанып.


Түсіме еніп кенеттен

Жарқ етсе қайран дидарың,

Күндерімді еске ап сол өткен

Жүректі оймен қинадым.


Жалт ете қалып өтті ол шақ

Жанарың сынды өзіңнің.

Қайтеміз енді текке аңсап

Күмбезін күл ғып төзімнің.


Арманнан алау‑от жағып

Қинайсың, жаным, несіне?

Сағыныш тамшы боп тамып

Санамның терезесіне.


Сондай түс көрем тамаша.

Айналмас, әттең, түс өңге

Отырған сәтте оңаша

Ойыңа, әлде, түсем бе?..

* * *

Көлгір сөзге тым құмар көп пенде осы,

Көңілі қап, пәктікте кеткен бе өші?!

Сәби кездің сәулесін бүркеп тұрар

Пенделердің болады бет пердесі.


Жалған сөйлеп, жүреміз жалған күліп,

Өзіңді де, өзгені алдандырып.

«Жақсыларды» жағалап жағынбасақ,

Атпайтындай таңымыз алдан күліп.


Сөзде адалмыз, басқамыз, бірақ, істе,

Бағынбайды-ау бұл мінез, сірә, күшке.

Өзгелердің атынан сөйлеп тұрып,

Өзіміздің пайдамыз тұрады іште.


Ешкімнің де болмайды құлқын ұғып,

Әр көңілде жатады сыр тығылып.

Іші егіліп жатса да, жаны жылап,

Адамдар-ай, тұратын сырты күліп.


Аярлар бар — енгізген өмірге есеп,

Адалдар бар — ол да бір көңілге сеп.

Мерейі асса біреудің құттықтаймыз

Ішімізден қызғаныш шоғын көсеп.


Шын күлмейтін адамның соры — теңіз,

Шын жыламас адамнан не күтеміз?

Аңғал, сәби жүректі адамдарды,

Келеке ғып, ”ессіз” деп кемітеміз.


“Досым” дейміз, қойынға тас ап жүріп,

Ақы аламыз жақсылық жасап жүріп,

Күн жылынса, жасанған табиғаттай

Адамдардың ісі де — жасандылық.


Тумаса да оңыңнан бұлай айың,

Сені өмірде деп жатыр кім аяйын?

Жалған күліп жеткенше жақсылыққа,

Өлең жазып, шынайы мұңаяйын...

***

Дауылпаз Қасымға

Жалынды аға, жарқын ой, жаны жас ағам,

Жаныңның дара жарқылын сезгем ұшқынын.

Ақтара төгем сырымды тағы да саған,

Аққанат өлең аңсаса өз кеңістігін.


Пайдасын әркім жүр дара, атақтан біліп,

Айнасы ардың — жыр ғана — ақынға тірек.

Таныттың жұртқа тау мінез, тәкаппар қылық,

Шабытың бұлтқа, ал өзің шатырға түнеп.


Қасымдар жүрген кең шарлап ән-жыр өлкесін,

Тасырлар күлген, қонса бақ — тамаша бәрі.

Жайған ер едің досына жалғыз көрпесін,

Қайран өлеңің жылытып бала-шағаны.


Санаңда — қырау. Өмірдің күзі мұң өрді,

Адалға мынау тірлікте ниетің тар, Құдай.

Жұмақтан іздеп көретін қызығын енді

Бұ жақтан үзбек үмітін ақын тағдыр-ай!


Балбұлақ өлең толғансаң, діліңе тұнар,

Қалғыған әлем-сәбидің тілеп күзетін.

Жылу оты бар, жырының құдіреті бар

Жүректі жетім бір сипап дір еткізетін


Еңселі Арқа дегендей: ”тұлпарым озды-ау!”

Мол сенім арта елеңдер жас ұрпағына.

Ғажап жырларды сезінер ұрпағың аздау

Заманның зарлы лебінен тосырқады ма?


Асыл өнерді сатпадың асау баққа өзің,

Жасын өлеңді тудырдың алаулап, аға,

Қайран қап мүлдем, қараймын жасаурап көзім,

Тайраңдап жүрген жабылар жадау далаға.


Өткірлігіңнен нәр алған ойым қашан да,

Текті ұлды жүрген Алашы мойындап ұдай.

Қасым-тағдырдан қаталдау айырмасаң да,

Дос, іңкәр жырдан Қазаққа айырма, Құдай.

***

Қайран, достар!

Қайран, достар!

Сендер — менің тасыған мерейім ең,

Сағыныштан маздатқан көңіл отын.

Аңқылдай кеп күлгенде, көмейінен

Аппақ болып жүрегі көрінетін.


Бағым жанып, жеңсем мен бәйгелерде,

Ол — сендердің ақ ниет, тілеулерің.

Арқаларың — боп жатсам әйгі өнерде,

Жырымды оқып, сүйсініп біреу менің.


Мен жеңілсем, тағы да жасымаймын,

Сендер барда, жеңілу сирек, бірақ,

Досым — қуат, додада досым — айбын,

Күйініштен жатпаймын күйреп, құлап.


Мен қайғырсам...

Қайғысыз болмайды өмір,

(Аулақ қылсын десек те бетін оның)

Сендер тағы келдіңдер арнай көңіл,

Аршылсын деп уайымнан көкірегім.


Мен қуансам, жарқылдап көздеріңде от,

Жандарыңды жеттіңдер жалын қылып.

Сендердің де, бірақ та, кездерің көп

Мұңайтатын...

Сағындырып.

* * *

Мен өмірді тек түсімде көремін,

Ал, өңімде әр сұлуда елесің.

Сондықтан да табылмай бір дерегің,

Сондықтан да өріліп мың өлеңім,

Сағындырып, табындырып келесің.


Сенің тұнық, мөлдіреген көзіңді

Көрдім-дағы бота қылық бір қыздан.

Тілдеспедім, тежеп қалдым өзімді,

Күл‑парша қып алам ба деп сезімді

Көкірегімде зәулім күмбез тұрғызған.


Сенсің, бәлкім, (сен бар болсаң егер де),

Мың сұлуға татитұғын бір өзі.

Мінезіңді бір сұлудан көрем де,

Жақындаман, тек кіргізем өлеңге

Қанша жібек болса-дағы мінезі.


Сымбатында сендік көрік білініп

тұратұғын керемет бір қызбенен

кездесіп ем, қайта сөнді бір үміт,

кірпігімде қалып ед тек ілініп

мөлтілдеген мұңға толы ізгі өлең...


Қиялымды мұнар‑мұңға матырдым,

Елеңдетіп сен шырқаған ән алдан.

Өлмес өлең тудырғалы жатырмын.

Сендей ару...

Қолы жетпей ақынның

Мәңгі ғашық болу үшін жаралған.


Өлең-өмір, өмір-өзен тоқтамауы үшін де,

Жүректерді ізгілікпен отқа орауы үшін де

Әр адамға керек сендей ақ арман!

* * *

Мен келемін ақындық жүк арқалап,

Бағына алмай өмір ережесіне.

Іштен жалын, сырттан ызғар анталап,

Қырау қатты көңіл терезесіне.


Қырау қатып, суық сұсын танытса,

Оның сұлу өрнегінен не пайда?

Әлем — сыртта, кеудем суық — табытша,

Қайран жүрек басты-ай келіп атойға.


Қалжыратса көңілімнің қапасы,

Сен едің ғой сыйлайтұғын шабытты үн.

Сол қырауға ыстық ернің тақашы,

Күл-талқанын шығарайық табыттың!

***

Элегия

Ай нұрына жүректің оты ұласып,

Айдынында сезімнің жүздік ән сап.

Қалатынбыз белдерден кетіп асып,

Талатынбыз... жеткен соң үздіге аңсап...

Шер мұңайтып,

Айрылдық екі ғашық,

Енді қайтып келмейді-ай ізгі бал шақ.

Нұр түніне балдәурен етіп асық,

Кірпігіме сағыныш тізді моншақ.


Арамыз біздің алшақ,

Наламыз күзді қарсы ап.

***

Көш

Көп қиындық көрген жоқпын әлі мен,

Сәл қиналсам, ол да өзінің сәнімен.

Бүгін тағы көшіп барам күш алып

Сейіл салған Шәмші ағаның әнімен.


Тас жауса да тасырдан,

Басып озған ғасырдан

Аш-жалаңаш тағдырына ашынған,

Шаңырағын өлеңімен жылытқан,

Мен әулие емеспін ғой Қасымнан!


Бір баспана болар бұла басыма,

Жасын ең ғой, жас көңілім, жасыма!

Әбділда ақын азаматтық танытқан,

Мұқаңдардың жеткен жоқпын жасына.


Қатал тұрмыс қаусырмады қауқарды ап,

Бұлбұл тағдыр сүйрейді тек бау таңдап.

Егілген жоқ Жұматайша жүрегім

Елу жеті қожайынға жаутаңдап.


Пәтер табу — емес онша зор күрес,

Қиындыққа қосайын да мен де үлес.

Алла жазса, маған да бір бұрылар,

Қабдеш аға айтатұғын «Соңғы көш».


Қас күлмесін қатал тағдыр қысты-ау деп,

Өзім жерде, арман көкке ұшты-ау кеп.

Мекен еткен жұртымды әлі айтады ел

Мен жайлаған жайлау деп,

Мен қыстаған қыстау деп.


Уайымға салынбайын бекер көп,

Бабам да өткен кең даланы мекендеп.

Біздің көштің аялдары — ақиқат,

Жырдың көші тоқтамаса екен тек!


P.S.

Жырға айналар мен жайлаған кеңістік,

Нұрға айналар мен жайлаған кеңістік,

Гүлге айналар мен жайлаған кеңістік —

Жылжып аққан жылдарыма жеміс қып,

Тоңған жүдеп — жылдарымды ең суық,

Жанған жүрек — күндерімді ең ыстық.

***

Қайда?

Тұлғам қайда ойы асқақ, үні дара?

Басын тығып бал толы құмыраға,

Айналасын аңғарар шамасы жоқ,

Ақын‑Қоғам келіпті ымыраға.


Батыр қайда дұшпанын жығып өлген?

Ақын қайда ақиқат сырын емген?

Қасқыр да тоқ бұл күнде, қойшы да мәз,

Шопан ата жалғыз-ақ күңіренген.


Жайсаңдар мәз, түсіріп жайынды ауға,

(Ал жайын да сол күйін мойындауда).

Қоғам бүгін ұшырып қораздарын,

Бұлбұлына алтын тор дайындауда.


Бес ғасырым жырлаған бебеуді ұқтым,

Әмір емес, Тәңірден демеу күттім.

Ұлт тұлғасы — ұлықтың ұлтарағы,

Сөзін сөйлеп саудагер, шенеуніктің.


Қайратты ердің қайраған қайда алмасы,

Әділ бидің әлемге әйгі арнасы?

Баймағамбет, Жәңгірге иілсе егер,

Бас болар ма ед Махаңның қайран басы!


Торайлардың жемін жеп тоғайғаннан,

Асыл мұрат қор болды-ау, арайлы арман.

Байлық, билік, мансапты мансұқ етіп,

Поэзия тағында Абай қалған.


Қайдасыңдар?

***

Қоңыр кеш

Мен тағы да ауылдамын.

Қоңыр кеш.

Жаңбырдан соң ауа жұпар, көңіл хош.

Ойлатпайтын беймарал бір бейбіт шақ,

Қулық бар деп, сұмдық бар деп өмірде еш.


Айналаға өзін ерек хан тұтып

Қоңыртөбе өзгермеген қалпы түк.

Батыс жатыр төсін нұрға шарпытып,

Қызыл бұлтты алтын Күнге балқытып.


Қоңыр түске боялыпты өр‑ылди.

Ет пен қымыз,

Абыр-сабыр.

Көңілді үй.

Қоңырауын сезімінің қағады

Қоңыр үйден шалқып шыққан қоңыр күй.


Қой жусаған, мал күйсеген қоңыр кеш

Үйден шыққан қоңыр күймен өрімдес.

Күні бойғы ұзақ, ауыр жүрістен

Тыным алып жатыр мүлгіп өмір көш...

***

Түрлі-түсті әлем. Ақын.

Түрлі-түсті әлемге таңғаламын,

Жанарыммен, жаныммен арбаламын.

Кемпірқосақ әуені көңілімде,

Түннен көзім аумайды, қардан — арым.


Ақ жүрексіз туады өлең қайтіп!

Ақын өтсе, бұл елге келер қайтып.

Ақтабанның азасы болмасын деп,

Ақ көгершін ұранын әлемге айтып.


Абай өтті, Махамбет, Қасым өтті,

Қасиетті жол деп бұл қасіретті.

Қара ұлың хан болып қара өлеңде,

Қаракөздер ақынды ғашық етті.


Айналада тірліктің соңы күзге,

Айтпай жүр ғой дейсің бе соны бізге.

Қызыл қыршын күйдірсе қылығымен,

Қызыл алау ойнайды өңімізде.


Ақын шалқыр дұшпанын жыққан Ғұнша,

Сұлулығы әлемнің сұқтандырса.

Жасыл төлі қайыңның — жүректері

Жасыл кілем үстіне шық тамдырса.


Поэзия — біздердің құт анамыз,

Кішік елміз.

Кішкентай кітабы — аңыз.

Сары алтынға біздерден бай адам жоқ,

Сарғая да сондықтан күте аламыз.


Күліп жүрсем, күнім дер осы Отаным,

Жаңбыры боп шерімді босатамын.

Қоңыр сазы даланың іңкәр еткен

Қойдан қоңыр халықтың қошақанын.


Жетесіз де емеспіз, жетеді ізгі ой,

Қараулықтан көрсетпей өтеміз бой.

Көкдөненнің жармассақ жалына бір,

Көк аттыға жол бермей кетеміз ғой.


Ессіз, ерке жүрекке ем тапшы, иә,

Ақ параққа өшпейтін зер сап сия,

Түрлі‑түсті әлемге шайырың мас,

Түрлі‑түсті қорапта сенсация.

***

Түнгі Қарағанды

Көңілімнің көк сеңгірін

Мұң бұлты орап алды.

Саған мәлім бе кешкен мұңым,

Түнгі Қарағанды?


Сүреңсіз, сұрғылт күндер жалықтырды

Бірінен бірі аумайтын.

Аңсадым бала кезгі жарық күнді

Шаттықтың жыры,

Пәктіктің нұры саулайтын.


Аққу арманым көңіліме дерт үстердей

Қапаланып қайғырып,

Қанатынан қайрылып,

Қысқы түн де мұң күйін шертіскендей

Қары мұз боп, ақтығынан айрылып.


Жаңбыр жауды қыс кейпін өзге еткізіп,

Қиын болды-ау жылқым‑жылыма,

Байлаусыз дүние тағы да көз жеткізіп,

Жалғанның жолы көк тайғақ жылтырлығына.

***

Періштенің тұзы жеңіл

Әділдік пен зұлымдық...

Қызық — өмір.

Уақыт әлі келеді таразылап.

Періштенің қашан да тұзы жеңіл,

Сайтан басып кетеді сәл азырақ.


Басар еді ізгілік артығымен,

Халық тобырға айналып тірі өледі.

Сайтан жолдан тайдырып алтынымен,

Періштені пенде ғып жібереді.


Бәйге алып жүр есіріп есек те, әні,

Қарға — әнші,

Бұлбұл — мас,

Қызық — өмір.

Салмағы ауыр шындықтың десек‑тағы,

Періштенің бәрібір тұзы жеңіл...

***

Дауыс

Сәби туса, жаны пәк, ойында арай,

Сыйлайтынын сезбейді ғұмыр қайғы.

Заңдылықты ешқандай мойындамай,

Азаттық деп, шындық деп шырылдайды.


Біз Дауысты жүрекпен түйсінбейміз,

Ал, бейғамдық — адамға талайғы жау.

Шырылдаса нәресте, сүйсінбей біз,

Тыныштықты бұзды деп қараймыз-ау.


Сәби сынды қорғансыз, гүл халыққа,

Күз боп ызғар шашамыз үлкендікпен.

Өмір сосын өтеді бір қалыпта

Тыныштықты бұза алмай жүргендіктен...

* * *

Айлар ақты, мұршасы жоқ аялға,

Қимастығым жаспен қалай өтелмек.

Аққу ұшып бара жатыр Баянға,

Шайтанкөлді аз уақыт мекендеп.


Барады ұшып сағынышты аңсар ән,

Балдәуренді қанатына іліп ап.

Сол бір әнде өмірдегі барша мән,

Кете барды-ау ақ бөкенше зымырап.


Жырым, сенсіз жаз да кетті салқын боп,

Мендегі азап — бодандыққа барабар.

Бұл өмірде біздің баққа алтын жоқ,

Сағынышты, мөлдір жырлар ғана бар.


Өмір өтер телмірумен жолына,

Әнімді іздеп таңғажайып таң реңді.

Алтын күнім қайрылмайды соңына,

Баяны жоқ ғұмыр ғана қалды енді...

***

Жұлдыздар

Жұлдыздар-ай,

Аспанның нұр бағысың,

Інжу-маржан тамшысы табиғаттың,

Дәуірлердің ынтықты жұмбағысың,

Перзенттері Түн дейтін ақиқаттың.


Неге миға бір тыным еткізбейсің,

Көз шарына оп-оңай сыя алғанда?

Армансыңдар, өйткені, жеткізбейсің,

Аппақ қанат байлайтын қиялдарға.


Саған арнар ұйыған далам әнін,

Моншағы етіп өзен‑көл мөлдіреген.

Тұлпар мініп, түн қатқан бабаларым,

Нысанасын сендермен белгілеген.


Алтын кірпік айналдым көздеріңнен,

Тамырымда қан тулап, жыр қайнады.

Мені сырлас еткен де өздеріңмен

Дешті Қыпшақ жұртының бір қойнауы.


Жұмыр жердің өзіңе іңкәр ұлын

Еткен мұнда бір сәулең мүлдем асық.

Мен де адамның арманшыл ұрпағымын

Жұлдыз жауған жауһарлы түнге ғашық.


Құлай сүйген жерінің арай түнін

Жанарыңмен сол жанға жолыққайсың.

Жібек шашын нұрыңа тарайтұғын,

Ол да сенің сырласың деп ұққайсың.


Сенен ұшқан сағыныш — нұрлы ізгі арай,

Жүрегімді қураған өңірше өртеп.

Мен не дейін оларға,

Жұлдыздар-ай,

Жылтыраған нүкте боп көрінсең тек?!.

***

Алаш анатомиясы

Ауырсақ, жақсы түске жарымаушы ек,

Түсімде...

Жүрек — әскер, омырау — шеп.

Он екі мүшем менің бірлігінен

айрылып, ажырапты бір-бірінен.

Қалғандай тежеліп ой,

түлкінің тезегі ғой,

Қазекем жамандыққа жорымаушы ед...


Төсінде із қалдырып арман белдің

Тек шаңын көрсетердей маңмаңгер күн.

Бұл не түс?!

Ішіндемін қанды әлемнің,

Әз басым жалғасы еді арлан ердің,

Тәнімнен бөлініп ап,

Елінен көңілі қап,

Шарлап жүр музейлерін орман елдің.


Азап түс!

Алыс болды-ау жақын таңым,

Бабам жүр.

Жатырқай ма жат ұрпағын...

Бассыз тән сүңгіп ақша қойынына,

Бордельдің араласты ойынына,

Даңғаза‑шуға қашам,

Ал, енді бір қарасам,

Итжеккен қарлы аймақта жатыр тәнім.


Көздерім шарасыздық шарасында,

Ал, қолым өз шапаным жағасында.

Көмейім бұлбұл құс кеп ұя салған,

Күміс ед Тәңір өзі құя салған

үніне ел жақсы уанған,

кеше Атам ат суарған

Сенаның бүлкілдеп тұр жағасында.


Иығым «танаулының» тартып жүгін,

Жон арқам жуандардың артып жүгін,

Асқақ ем,

Айбынды едім,

Айбарлы едім,

Жат біреу салмақ салып, қайран белім,

Қайысты нар атаным,

Қарысты алақаным,

Сонда да у мен буға шалқып жүрмін.


Түйсікпен тез атуын таңның күттім,

Шөлдедім, қаным ұйып, талдым, біттім.

Ал, миым жаңалықты енді үдетіп,

Жұлдызды жалауларды желбіретіп,

Ғылымның кенін ашып,

Мұхит пен теңіз асып,

Шарлап жүр зертханасын әр құрлықтың.


Тек жігер арқаламай, көтермей мұң,

Аяғым...

ол да тәннен бөтен деймін.

Үш жүз алпыс бойлықты, жүз ендікті

кезіп жүр.

Тізем болса — тізем мықты,

Жауынан қалтырамас,

Білетін даңқын Алаш,

Шақ қапты бүгілуге екен деймін.


Қайратсыз қайран жаным қысылды әбден,

Бағынбай күшім тәнге, ісім мәнге.

Қатал күн қайдан құйсын жанға ізгі леп?

Рухымды ұстап тұрған жалғыз жүрек.

Шыңғырып ышқынады ол.

Тәңірім, түс қыла көр!


Ояндым...

Үрейімді ұшырған не?

Түсім бе, әлде?..

* * *

Ішім жылап қалды-ау менің,

Жанарыма мұң ұйып.

Көрмеп еді жасымнан.

Мөлдір, тәтті балдәуренім

Ұяң ғана жымиып,

өте шықты қасымнан.


Жүдеп қалдым алабөтен

Мұның тек жыр — дауасы,

Муза‑мұңды дос тұтқан.

Мен алыстап барады екем,

Гауһар түсті ауасы

Жасыл арал — Жастықтан.


Уыз — мендік қиял, бәлкім,

кірпігіне мұңды ілмей,

сүйсінер тек ізіне.

Кешегі албырт, ұяң қалпым

көшкен екен білдірмей

қалқатайдың жүзіне.


Жалындаумен, жарқылдаумен,

Жырға толы ғұмыр — мас.

Назарыңды бұқтырып,

өте шықты алтын дәурен,

енді қайтып бұрылмас,

қатал сырын ұқтырып.


Жөнсіз — енді жалтақтау құр,

Ол — сезімнің әуресі.

Шамалы әрі пайдасы.

Жарқ етті-ау нұр, жалт етті-ау бір,

Жақсы күннің сәулесі,

Жастығымның айнасы.


Қиялым тек шоқ үрледі,

Уақытқа тәуелді от

енді қайтіп маздасын!

Аңсар күйдің шегіндегі

сағынышты әуен боп,

мөлт-мөлт тамды көз жасым.

* * *

Жүруші едім асқақ мінез, арынмен,

Күллі мұңды күзді күнгі бұлт рең.

Жасқап тастап жанардағы жалынмен

Миықтағы мысы мықты күлкімен.


Жатқа жиі жаутаңдаудың қиыны-ай,

Жасық бір мұң жағама кеп жармасты.

Ұямдағы ұйқы атаулы ұйымай,

Атжалмандай обыр оймен арбасты.


Көш‑өмірдің көрсетері көп пе әлі,

Арының да, дарының да далбаса.

Келем қажып, қу тірліктің жоқ мәні,

Өлеңге азық болатыны болмаса.

***

Біздің заман

Жарнама заман жар болып,

Жарылқануда кіл «жақсы».

Иесіз дүние тар болып,

Киесіз қоғам құрмақшы.


Өздерін арға құл санап,

Ал, жібін күнде аттаған.

Көкірек көзін тұмшалап,

Дүниенің шелі қаптаған.


«Тілім-ай» дейді шүлдірлеп,

«Дінім-ай» дейді.

Іші — лас.

Қайтіп ол тіл мен дін білмек?

Сырына шындап тұшымас.


Түлкі боп заман озғасын,

Тазы боп таппақ ым-жымын.

Жетімнің ішіп көз жасын,

Жесірдің жеген ырзығын.


Ізгілік оған емес — мұң,

Жұрт айтар:

Неткен кең еді!

Тек жүрек пенен өңештің,

Ауысып кеткен көлемі.


Әкімге басын шұлғуда,

Назарын бұрмай ақынға.

Не дейді екен бұл қулар,

Тергелсе ардың сотында?!


Сеземін...

Алыс...

Алмасы

жарқ етіп,

шындық шығар күн.

Өздері қарға болғасын,

Көздері аман бұлардың.


Сұлулық десе ел неге,

Қалады үнсіз аңқиып.

Арғымақтар тұр кермеде,

Ал, құлақтар жүр қалқиып...

***

Бас

Шашынан көп боп жаласы,

Қаңғытты Мағжан, Қасымды,

Көрінген иттің баласы,

Қор қылды-ау алтын Басымды.


Алланың добы — қайран бас,

Тауға да, тасқа ұрындың.

От пенен суды ойға алмас,

Қазынасы — қатпар, жыры — үлгім.


Замандар озды уатып мың,

Құйылды көзден кекті жас.

Қанжығасында уақыттың,

Байланып талай кеті бас.


Ашкөздік — аран тойдырмас,

Мәңгүрт қып басты құрсар күш.

Шарапқа шара — кейбір бас,

Кейбір бас болған күлсалғыш.


Бас деген — бізде басқа әлем,

Санасар ажал шіркінің.

Күңіреніп кеше бастап ең,

Жорыққа бетке ап Күн түбін.


Ежелден тұзы жеңіл ең,

Соққының тиер жолы көп.

Оразбайлардың қолымен,

Қоразбайлардың желі боп.


Сыңсытып құла түздерді,

Тарих боп, шіркін, жатар ма ек!

Құр дене ғана бізде енді,

Кеше гөр, Кене, Махамбет!


Күн кешкен Дала заңымен,

Не зұлмат туды басыма.

Мұхиттың еркін балығы ем,

Шіритін тұсым осы ма?


Жоғалған кезде бас құны,

Тартады қайда жол қиыр,

Ер‑тоқым еді — жастығы,

Креслоға жұмсақ болды үйір.


Айуан етіп адамды

бастады заман жолсызға.

Тағы бір кеп дерт жамалды,

Жазылмай жүр еді онсыз да.


Тіл — мүкіс, көзім — қылилау,

Даңқымның бәрі — далбаса.

Жүрегім, жүйкем құриды-ау,

Бұл басты жөнге салмаса!..

***

Азаттық жыры

(поэма)

Азаттық! Мәніңді ұқпай тереңірек,

Алаш тұр Аяз ата келеді деп.

Құтқарып тар қапастан, қасіреттен

Айтпайды Қыдыр ата жебеді деп.


Айтпайды қолдады деп Қыдыр бабам,

Ізгі ойды ібіліс пен жын ұрлаған:

Батыстың апиынын езіп беріп,

Сәт сайын сол иықтан сыбырлаған.


Өткенім - зар құстырған заманалар,

Әжелер... аңыраған жан аналар...

Жаншылған қапияда өр кеуделер,

Шаншылған найза ұшына шараналар...


Күш алған талай текті , өр қағаннан,

Азаттық - биік мақсат, заңғар арман.

Тұмардай патшайымның отты кегі - ол

Қомағай Кирдің басын қанға малған.


«Қайғыңды көз жасыммен, шіркін, жусам,

Көгіңнен қасіреттің бұлтын қусам!»

Азаттық – туған жердің төсіндегі

Бейбарыс аңсап өткен бір түп жусан.


Айтылған жалғыз хақтың шын сөзімен

Жүрекке ұя салған нұр сезім ең .

Азаттық - мынау ұлы байтақ жердің

Тасына қашап жазған жыр-шежірем.


Азаттық - қапастағы қазақ үні,

Қара нар көтере алмас қаза жүгі.

Қаралы Қаратаудың көшіндегі

Әйгілі «Елім айдың» аза жыры.


Азаттық аза жырын келдік айтып,

Қабырға сөгіп қайғы,шер мұңайтып.

Бақытсыз ұлыстар мен ұлттар қанша

Келмейтін жер бетіне енді қайтып...


Азаттық - отқа оранған шаңырақтар,

Қаскөй ел қауқарсызға қару оқтар.

Үстінде - жарқ-жұрқ еткен мегаполис,

Астында - күңіренген аруақтар.


Азаттық - баға жетпес киелім ең,

Үн қатар ән менен жыр, күй елінен

Назарда - астам кеуде Америка

Қаланған үндістердің сүйегінен.


Азаттық - бір жеңіс пен мың жеңіліс,

Білмеймін кімге дұрыс, кімге бұрыс.

Шын бейбақ - бұғы жеккен шанасымен

Иванның қорасына кірген ұлыс.


Азаттық - ойдағы арман ,ауыздағы ән.

Келетін жоқ қылғысы жауыз қоғам.

Таққұмар,тасжүрек тұр көз алдымда

Бауырын, туған ұлын бауыздаған.


Азаттық - ұтқандар мен ұтылғандар,

Шынжырлар... шыңыраулар...шытырмандар.

Арыстан бабалармен алысам деп,

Ақыры айдаһарға жұтылғандар...


Түнек боп көрінгенде ғасыр алдан,

Махамбет,Кене аңсаған асыл арман.

Құлагер ғана ма еді бұл қазақта

Көмбеге жетер жерде басы қалған...


Азаттық - жүру емес «тірі» атанып,

Биікке жеткізбесе мұрат анық.

Аштықтың жан төзгісіз қасіретін

Қалайша арқалаған мына халық?!


Азаттық - жерұйық па мәңгі жасыл,

Әлде ол - әуезі ерке ән бір асыл?

Әлде ол - моласы жоқ арыстарым,

«Жау» еткен жаласы көп қанды ғасыр.


Азаттық-«аспандағы асыл» едің,

Әлихан,Мағжан едің, Қасым едің.

Сұм соғыс бағын жұтқан жесірлер мен

Жетімнің құрғамаған жасы ма едің?


Азаттық! Тым тереңде атау мәні,

Құлдықта қу тірліктің жат-ау бәрі.

Келеді көз алдыма тозақ оты

Бухенвальд, Освенцим, Дахаудағы.


Келеді көз алдыма Абай жері,

Шәкәрім,Мұхтарымен төрі әйгі еді.

Тажалдың алаңына айналды да,

Ажалдың уын жұтты арай белі.


Азаттық, шыңың биік шақыратын,

Қалмады қанша заман «жетім» атым.

Астығым – «Отанға» сый емес екен,

Ол – менің миллиард пұт мехнатым.


Қайғының көрген қанша қара түнін,

Азаттық – кісенделген ар-ақылым.

Ол - менің «қалған тірі, өлмей әрең»

Жасқаншақ, төрге озбайтын ана тілім...


Азаттық – адал елдің ар- намысы,

Бойында бұлықсыған арда күші.

Желтоқсан ызғарында саңқылдаған

Жаны ізгі жас толқынның жан дауысы!


Азаттық – үкілі үміт, тәтті арманым,

Бөбегім тәтті ұйқтаған ақ таңдарым.

Содырдың сойылына қарсы тұрып,

Қайғы боп қара көзден аққан қаным.


Қайтейін батырлыққа шын сүйсінсең,

Азаттық, көзден жас боп ыршисың сен.

Үзілген ғұмыр болып сыңсисың сен,

Жұлынған бұрым болып сыңсисың сен.


Азаттық – сыйлаушысың өмірге ізгі ән.

Құламай аман қалдым небір құздан.

Желтоқсан, жарқын күннің жаршысы – өзің

Құлдықтың сан ғасырлық торын бұзған!


Азаттық, сенің әнің – Алаш әні,

Ерлікке, елдікке де жол ашады.

Қолдады сенің рухың адал елді

Майданның бұрқ еткенде сан ошағы.


Азаттық – Алла берер ырыс еді,

Тарқар ма адамзаттың мұңы, шері?

Ол – бүгін күлге айналған иранбақтар,

Ол – бүгін отқа оранған Шығыс елі.


Азаттық, бөлек шықты-ау заман үні,

Көңілде күллі әлемнің нала-мұңы:

Азалы Ауған елі... Палестина...

Қолына қару алған араб ұлы...


Азаттық – көп аңсатқан жұмақ төрі,

Алашқа осы болсын сынақ соңы.

Атам тұр батқан күннен сұрап соны,

Апам тұр атқан таңнан сұрап соны.

Қызым тұр шыққан күннен сұрап соны,

Ұлым тұр бір Тәңірден сұрап соны.


P.S.

Азаттық. Жыл артынан жыл соғуда,

Көңілді неге бірақ мұң шалуда?

Жаңа жыл. Аға-жеңгем қолтықтасып,

Базарға бара жатыр шырша алуға...


Қайрат Белгібайұлы АСҚАРОВ — 1977 жылы 13 қаңтарда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында дүниеге келген. Н.Нұрмақов атындағы облыстық №2 мектеп-интернатында білім алған. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Филология факультетінің түлегі. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Республикалық жыр мүшайраларының бірнеше дүркін жүлдегері. 2011 жылдың маусымында Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысы бойынша «Дауыс» атты жыр жинағы «Жалын» баспасында жарық көрген. 




Көрілген: 3027    Пікірлер: 1

жұма, 08.01.2016, 11:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30