Алаш ақыны

Қуандық ШОЛАҚ: Түн бәрін сүртіп тастады, Қап-қара орамалымен

  • Қуандық ШОЛАҚ: Түн бәрін сүртіп тастады, Қап-қара орамалымен

    Қуандық ШОЛАҚ: Түн бәрін сүртіп тастады, Қап-қара орамалымен

ЖАЛҒАСЫ ЖАЗҒЫ КЕШТІҢ

Келгендей уақыты ауысымның,

Түскен жандай мінбеден.

Кербез күні маусымның,

Көк жиекке сіңді әрең.


Лекілдейді жай, әлсіз,

Самал сүйіп тау-тасты.

Бір-бірімен аусыз

Ақ пен қызыл айқасты.


Төбелесті құптар кім?!

Жүрген лағып қаңғырып,

Қабағына бұлттардың,

Қапты жұқа қан жұғып.


Толқыған көл шатыс кіл,

Лақтырады шоқты ырғай.

Қабарып күнбатыс тұр,

Қоңырайып жақтырмай.


Қырдың қызыл иегін,

Жапқан ымырт жасқанбай,

Көгіс көктің жиегін,

Өлім табы басқандай.


Сездіріп бәсең хал-жайын,

Жоғалтқан аймақ қыры нұр.

Ымырттың шертіп маңдайын,

Кеудесін керіп тұр іңір.


Куә оған таудың асқары,

Қабағы қалың тоң ірең.

Түн бәрін сүртіп тастады,

Қап-қара орамалымен.

***

ЖАЗҒЫ БАҚ

Кеткен үйдей бірлігі, ынтымағы,

Тал бастары ұйытқып жұқынады.

Қара бұлттар желіккен бауырынан,

Құтылғысы келгендей бұлқынады.


Сыбырға үні ұласып күбірге үні,

Сәмбі талдар етегі түрілді ірі.

Желді күнгі желпінген көлеңкелер,

Тепкілейді аяусыз бірін-бірі.


Түлеген дала көркі жаңа қандай

Бүршігін өсімдіктер жаяр қалмай.

Кезең бұл, бар дүние оянғандай.

Ақ қайың айдын көлге төне қапты,

Сұлу қыз айна алдында боянғандай.


Түлеген дала төрі жаңа қандай,

Гүл иісі таза ауамен тарағандай.

Қырқалар көңілді аулап, көзді арбайды,

Кестелі қыз сыйлаған орамалдай.


Көк пен жер жасағандай бір-біріне ем,

Ұшықтап ақ жаңбырмен тынды білем.

Қыр төсі құлпырып тұр, табаныма

Әлдекім төсенгендей гүлді кілем.


Әлде бір жотата жер кеппеген,

Боз мұнар мұнартады белде ептеген.

Көк төсі жұқа ақша бұлт, аппақ бормен

Жазғандай көк параққа өрнекті өлең.


Қашанда сабақтасқан нұрмен бірге,

Табиғат сыйы екенін білген кім де.

Жігіттей қыз таңдаған, байыз таппай

Қонады көбелектер гүлден гүлге.

***

ШӨП ШАБЫҚ, ПІСІКШІЛІК

Бұлт қалқып аспандағы ала шарбы,

Кигендей аймақ көйлек жаңа сәнді.

Барады қыр шөптері сыпырылып,

Сағынып қалғандайын дала шалғы.


Көңілді сүйсінтердей ел еңбегі,

(сірә, осы, төккен тердің төленгені)

Тайланған шөптер жатыр бір сызықта,

Қойлардай бұршақталған көгендегі.


Қалғандай көк ерніне ұшық шығып,

Қаратау қабағына түсіпті бұлт.

Таласа шөп шабықпен сары табан.

Кезіп жүр егін-жайды пісікшілік.

***

КӨЛ МАҢЫ КӨРКЕМ, КЕЛІСТІ

Көл маңы көркем, келісті,

Жаз айы еді күн ыстық.

Қаймақтана ғап көл үсті,

Тұрған-ды ұйып тыныштық.


Алқымдарына жұқа, аппақ.

Бақалар алған шар байлап.

Бірі қуса қалмай тықақтап,

Қашады бір борбайлап.


Кенеттен мылтық атылып,

Ауаға түтін асылды.

Шошынған құстар қапылып,

Шекім тастардай шашылды.


Дегендей, бәрі бітті енді

Жандының түгел сасқаны-ай.

Су жылан суға зып берді,

Бір сабақ шикі таспадай,


Дір етті көлдің құрағы,

Ести сап бақа ащы үнді.

Шолп етіп шошып құлады,

Лақтырылған тас сынды.


Шалт қимыл жасап шағала,

Барады ұшы қаша о да.

Қу түлкі тұрған жағада,

Бұғына қалды тасаға.


Көңілін тербеп күй қызық,

Салғандай сан ой санаңа.

Құшағына бәрін сиғызып,

Манаурап жатыр көл – ана.

***

ЖАЗҒЫ ЫМЫРТ

Шау тартқан кез шілденің шіліңгірі,

Өр өзеннің қайра бар түрінде ірі.

Қойлар сынды тар жолда топырласқан,

Кимелейді толқындар бірін-бірі.


Табылардай қожыр құз көңіл емі,

Аңғар қуып аңқылдақ жел үреді.

Асау өзен арындап азуға сап,

Қос қапталын тынымсыз кеміреді.


Алып бір күш тұрғандай артында нық,

Аунағандай бауыры жарыл қағып,

Соңғы сәуле ойнайды толқынменен,

Секіре ойнап жатқандай алтын балық.


Ар жағынан түпсіздің қолын көріп,

Көлеңкелер келеді соңында еріп.

Ымырт деген інісі, ақшам деген

Ағасына тұрғандай жолын беріп.


Әнін еркін айта алмай бұлбұл ашық,

Табанымен қап-қара қырды басып,

Көлге келіп құлаған қос өзендей,

Ымырт, ақшам барады түнге ұласып.


writers.kz  




Көрілген: 3510    Пікірлер: 0

жексенбі, 02.10.2016, 14:29

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31