Алаш ақыны

Құралай ОМАР: Жаныңның жұпары әр сөзден сезіліп ...

  • Құралай ОМАР: Жаныңның жұпары әр сөзден сезіліп ...

    Құралай ОМАР: Жаныңның жұпары әр сөзден сезіліп ...

* * *

Жолымды бөгеді, білмеймін, неше ырым?

Өзіме тиді-ау қырсығым, кесірім.

Айтылмай не мұңым, не сырым,

Телефон көзімнің жасына тұншықты.

Сіздегі үнсіздік – ақталу,

Мендегі үнсіздік – кешірім.

Солай-ау шамасы...

Жазмыштың жазуы –

Маңдайға сызғанға көндігу, бағыну.

Тыныштық тағы өлді ауыр дем арқалап,

Сіздегі күрсініс – жалғыздық,

Мендегі күрсініс – сағыну.

Аязға, мұзға да бергісіз,

Жүрекке сұп-суық ерді сыз.

Толқындар жеткізген үніңіз жауратты.

Сіздегі салқындық – үмітті жылату,

Мендегі салқындық... белгісіз...


* * *

Шамын жағып, жарқ-жұрқ етіп көзді

алдайды Астанам.

Жатсынамын, жүдетеді жалдап

алған баспанам.

Көше кезген аяқтарым, жел

тербеген шаштарым,

Мүлкіндей боп көрінеді басқаның.

Қала шуын көкірегіме жеткізетін құлағым,

Шынымен-ақ менікі ме?

Жанарымнан сұрадым.

Түніменен жаңа жырдың сөздерін

һәм жолдарын

Жазып берер жүрегім мен қолдарым,

Менікі емес сияқтанып жүремін,

Солай бәлкім, тек бір нәрсе білемін:

Өлең ғана өзімдікі, қалғанын

Елу жылға Тәңірден жалға сұрап алғанмын.


* * *

Жүдедім...

Сағыныш әнін сап жүрегім.

Жаныңа жете алмай, таң алды

Түсімде жолығып жүремін

Үнемі.

Білемін,

Сенде де осы күй, жарығым,

Хаттарың... сезімің мөлдіреп,

Телефон пернесін сүюмен саусағың

Тересің әрібін.

Жаныңның жұпары әр сөзден сезіліп,

Жылынам...

Қиялда кезігіп.

Содан соң сен жайлы тәп-тәтті түс көрем

Көз іліп.


* * *

Тырналды тағы аузы жараның,

Өткелден қалдым өте алмай.

Өз жүрегіме батып барамын,

Жағалауыма жете алмай.

Асау толқындар ұрып жанымды,

Тұншықтым кермек жасыма.

Желдерден естіп мұңлы әнімді,

Жетпейсің неге қасыма?

Тағдырым енді артады нені?

Қажыдым мұңнан... арыдым.

Түпсіз тұңғиық тартады мені,

Қолыңды созшы, жарығым.


* * *

Неге сенен алыспын?

Сағынышқа шарпылып,

Түні бойы өз-өзіммен алыстым.

Түпсізіне сүңгітіп ең қиялдың,

Сыйлаймын деп бір бөлшегін ғарыштың.

Енді неге...

Неге сенен жырақпын?

Күрсіндіріп күп-күрең күн,

Өксітеді жылап түн.

Арманыма қанат байлап

Құс жолымен самғап ем.

Құлаттың.

Күз бояған жапырақтай

Жерге келіп жығылдым.

Қолыңа алып аялашы...

Сенен өзге жылыта алмас

Жас жауратқан жанымды...

Ұғындым.


***

Тағы да мұңымды төгемін.

Не үшін жылаймын?

Білмеймін себебін.

Еңсемді езгенде өксіктің салмағы

Өзің кеп жұбатсаң деп едім.

Жоқсың сен... көнемін,

Жазмыш қой... көңілдің дегені болмаған.

Хат жазып жіберші...

Халімді сұрасаң, жетеді сол маған.

Үйренгем өзіңсіз өмірге –

Үнсіздік ұғады жанымды,

Қара түн сүртеді жасымды.

...Дәрменсіз екенмін,

Жанамын, күйемін...

Неліктен өзіңнің алдыңда иемін

Тәңірден өзгеге имеген басымды?




КҮЗ

1

Қабағы түскен сары күз,

Халіңіз қалай, халіңіз?

Жайымды несін сұрайсыз,

Жаншылып жатыр жанымыз.

Тағдырдың тиіп салқыны

Тұмауратқанбыз бәріміз.

Дертімді менің емдеуге

Табылар ма екен дәріңіз?

Өзімнен өзім үркідім,

Ауырлап кетті кірпігім.

Дәрменім жетпей, жүректің

Жамай алмадым жыртығын.

Тұманда қалған қалпымның

Ішінде дауыл, сырты – күн.

Сап-сары мұңды қайың боп

Санадан келді сілкігім.

Сағыныш жұтқан сары күз,

Халіміз осы, халіміз.


2

Аялдаңызшы, тоқтаңыз.

«Жаз өткен» – дейсіз, – «жоқ тамыз».

Жапырақтарды жел жұтқан,

Менімен бірге жоқтаңыз.

Мұңыма ортақ мұнар күз,

Тоқтасаңызшы, тоқтаңыз.

Көңілі күннің түспейді,

Ұшса да кетіп құс мейлі.

Қаңтардың ертең аязы

Жүректі келіп тістейді.

Тоңдырып алып, содан соң

«Тағдыр дегенің – түс» дейді.

Келеді бәрін түзегім,

Айта аласыз ба сіз емін?

Сізбенен жаны туыстас,

Сарғайып жүрген қыз едім.


* * *

Сезіліп сырлы сөзімнен демім,

Бақытым жалғыз өзіңмен дедім.

Үңілсең егер көретін едің

Өзіңді ғана көзімнен менің.

Өшпейді мәңгі үміт – шырағым,

Ұмытшы мұңды, ұмытшы бәрін.

Өзіңсіз өксіп, жаураған жанды

Жүрегіңе орап жылытшы, жаным.

Күтемін десем жанарым талмай,

Неліктен мұңға жамалын малды ай?

Сағындым сені, сағындым, жаным,

Төзімім кеміп, амалым қалмай.

Жылжымас сәтке өкпелі екенмін,

Уақытты бекер сөккен екенмін.

Жолығыр болсақ ұғатын едің

Жүректе әлі көктем екенін.


***

Ұмыта алмаймын,

Ұмыта алмайсың, соны ұқтым.

Сен жайлы тәп-тәтті түс көріп,

Аспанға жорыттым.

Сағынып жүрсің бе, бейнемді серік қып,

Бал сәтке ынтығып, келді ме жолыққың?

Тоңыппын,

Жүректі мұз қарып...

Бар емім

Өзіңсің,

Және де тек сенің сәлемің.

Өмірде алыссың, қиялда қауышып,

Кеземіз мөп-мөлдір арманның әлемін.

Әлегін

Сезімнің түсініп,

Дәл сендей сүйе алмас мені ешкім.

Санамнан бір сәт те шықпайсың,

Ойыңнан кетпейтін елеспін.

Тәңірім о баста сыңар қып жаратқан,

Сеземін,

Сен бөтен емессің.


СЕНСІЗ

Қара түн құшағы,

Қамығып тағы да жалғыздық жастадым.

Келген ед жаңа өмір бастағым.

Жылытсаң деп едім жанымды,

Күйдіріп тастадың.

Өрт шалған қанатым ұшуға жарамай,

Қанша рет құладым биіктен.

Жыладым,

Жүрегім шырылдап күйіктен.

Қош дедім қия алмай,

қасыңда қалу мұң.

Дәл бұлай өртеніп сүйіп пе ем.

Ақ боран, адасып қалдым ба елсізде?

Білмеймін, бұл дертім емсіз бе?

Реңсіз күндерім... сүре алар емеспін

Сенімен бірге де... сенсіз де.


ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫ

Қиялымда жүрем енді тербетіп,

Жүрек жатыр ақ жауынын селдетіп.

Аспанның да түнеріп тұр қабағы,

Астана да суық тартты сен кетіп.

Күңгірт мекен, көңіл бордай үгіліп,

Сүріндім бе?

Сезім қалды жығылып.

Жылу таппай қаңыраған қаладан,

Амалсыздан өз-өзіме тығылып:

“Құралайдың салқыны” деп алдадым,

Сұр тұмандай бұлыңғырлау алдағым.

Өзіңсіз күн, кеш те, түн де меңіреу.

Сенің жайың қалай екен, ардағым?


* * *

Жазмыштың құлымыз,

салғанына көндiгемiз шарасыз.

Күн дөңгелеп, ай жылжыды жаңасыз.

Жалғыздығым жабықтырды iздедiм,

Сiздi қайдан табамын?!

Менi қайдан табасыз?..

...Тоқыраған көңiлiмдi толтырып,

Тым алыстан

Қиялымның терезесiн қағасыз,

Жанарымда үмiт болып жанасыз...

Кiм бiледi,

Бәлкiм сiз арманымда ғанасыз.


* * *

Бiр сезiм бүршiгiн жарды,

Қойдың-ау көзiмнен сыр ап.

Сезетiн гүл, шырын, балды –

Әлемнен, өзiмнен жырақ –

Түсiмде едiң.

Ай тартып тым ақ сәлде,

Сәнi артқан белес-белдiң.

Сағым ба, жұмақ па әлде,

Әйтеуiр елестердiң

Iшiндемiн...

Жанымда өзiң бар ең...

Жалғыздық түнде менi

Оятты. Сөзiмдi әрең

Айтып ем, үндемедi

...Iшiмде мұң...

Ақ жауын жұбатады,

Өткенде түнiм жылап.

Тырс-тырс деп сыбырлаған

Жаңбырдың тiлiн бiрақ

Түсiнбедiм...


* * *

Сұрқы қашқан сұр аспан,

нелiктен күрсiнесiң?

Ойымда менiң құрасқан

Оқиық жыр – сүресiн.

Жабыққан кейбiр сәттерде

Жаныма серiк болдың.

Ашылған жүрек – дәптерге

Жыр жолы келiп қонды.

Сұр аспан қайрат бердiң,

Мұңайып, торыққанда.

Тағдырдың тәлкегiмен

Бетпе-бет жолыққанда.

Жасыңды төкшi, аспан,

Тұнжырап тұрмай,

Менен де мөлдiр тамшылар

Ағылсын тынбай.

Екеуiмiз де жеңiлдеп

Ашылайық.

Тек қана тасымайық!


"Мендегі үнсіздік"


 




Көрілген: 3574    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 30.09.2017, 15:04

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    3 Қыркүйек, 15:16
    Әбубәкір ҚАЙРАН: ЕРАСЫЛ
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31