Алаш ақыны

Мағрипа САНДУҒАШ: Ғайып болды қырауменен сол бейне...

  • Мағрипа САНДУҒАШ: Ғайып болды қырауменен сол бейне...

    Мағрипа САНДУҒАШ: Ғайып болды қырауменен сол бейне...

ӨМІРМІН...

Көктеммін,

Жайқалған гүлімін бөктердің.

Жылылық əкеліп далама,

Шуақты нұрыммен өпкенмін.


Жаз болам.

Қуанам, өкпелеп, назданам.

Жадырап көрейін тағы бір.

Қуаныш сыйлайын аздаған.


Күз болам.

Берердей бір бақыт күз маған.

Жақсылық жасауға асығам.

Қоғамда болғым кеп ізгі адам.


Қыс болдым,

Ақ қармен бойыма күш бердім.

Ақ ұлпа қар жауған ақ таңда,

Аққулар жайында түс көрдім.


Мезгілмін.

Өмірдің ызғарын сездім мың.

өзіме жететін қуаныш,

өзіме жетерлік өз мұңым.


Уақытпын.

Біреуге қол жетпес бақытпын.

Біреуге түн болып түнеріп,

Біреуге таң болып атыппын.


Өмірмін.

Жалғаннан не түйдім не білдім.

Сан рет биікке талпынып,

Құладым. сүріндім, жеңілдім.

өмірмін...


БЕЛГІСІЗ...

Көктем болып жылу шашса арай күн,

Салмал желмен бұрымымды тараймын.

Мені біреу күтіп жүрген сияқты,

Мен біреудің жолын күтіп қараймын.

Періштедей көрінеді жаны ізгі,

Нұр шуаққа бөлейтіндей таңымды.

Мен біреуді сағынамын өлердей,

Мені біреу сағынатын тəрізді.

Біз өмірде махаббатқа сеніп ек,

Сүйеміз деп мәңгілік серт беріп ек.

Айлы түнде ойға аламын мен оны,

Мені біреу ойлайтындай көбірек.

Жүрегімде сағыныш пен мұң бардай,

Ұлы сезім сірə өзі бұл қандай?

Мен біреуді еске аламын күрсініп,

Мені біреу есіне алып тұрғандай.

Күй кешемін адам айтса сенгісіз,

сағындықпа менде үнсіз,олда үнсіз.

Мен біреуді күтіп жүрмін үмітпен,

Мені кімнің күтетіні белгісіз.

***

МЕН ҚАЗАҚПЫН

Мен қазақпын – еркін елмін, өр елмін,

Жирма бес жыл тәуелсіз боп келемін.

Мен Қазақпын Абай, Жамбыл жырымын,

Күмбірлеген күйімін мен Кененнің.

Мен Қазақпын - қайсар елдің туымын,

Самғап ұшам тым биікте тұғырым.

Бабалардан қалған жерді қорғайтын,

Қазақ деген өр халықтың ұлымын.

Мен қазақпын – Ілияспын, Сәкенмін,

Бауржан боп нардың жүгін көтердім.

Махамбет пен Исатайдай ер болып,

Тыныштығын аңсап өттім осы елдің.

Мен қазақпын Қонаевпын, өр ұлмын,

Желтоқсанның ұмытады желін кім?!

Көгімізде желбіретіп көк туды,

Тәуелсіздік қаны болып төгілдім.

Тәуелсізбін, еркін елмін, азатпын,

Рухым биік, Сәбирамін, Ләззатпін.

Желтоқсанда елі үшін күрескен,

Қайсар мінез Қайратымын қазақтың.

Елін сүйген ерлеріңмен азатпын!

***

ЖОЛАУШЫМЫН, ӨМІР ДЕЙТІН ЖОЛДАҒЫ

Жолдар-жолдар, тарамдалған тамырсың,

Өмірімсің, атар әрбір таңымсың,

Менің мынау боямасыз тағдырым,

Тармағыңнан табылсын.

Сүрлеуі көп жолда кетіп барамын,

Жолдар менің басқан әрбір қадамым,

Шүкір дейін, құдіреті ғой Алланың,

Тисе жерге табаным.

Жолда келем әр қадамым санаулы,

Бірде жарық, бірде түнек қараңғы.

Өмір көштің керуен тартқан жолдары,

Сүреңсіздеу боп алды.

Жолдар менің тағдырымның тармағы,

Жолаушымын, өмір дейтін жолдағы,

Әр минутым, әр сағатым санаулы,

Тоқтамаса болғаны.

Біз пенделер жол қадірін білдік пе,

Ғұмыр кештік жолаушы боп тірлікте.

Өмір деген қас пен көздің арасы,

Қойылатын бір нүкте.

***

СҮЮ – БАКЫТ...

Сүю - бакыт, жоқ әлде азабым ба?

Қалдымба әлде тағдырдын мазағында,

Мүмкіндігім жок білем осы сәттер,

Азабымнан бір сәтке тазаруға.

Кеудем толған шерлі мұң кім ұғады,

Осы шығар пенденің құрығаны.

Қансыраған жүрегім талып жатып,

Сүйем деген бір сөзге жылынады.....

***

БАҚ ҚАЛАМ

Елдігім.

Елімнің жырлайын ерлігін.

Асқақта бас қала Астана.

18 жастасың сен бүгін.

Айбыным.

Елдік пен еркіндік байлығым.

Төсінде арқаның күн сүйіп.

Төгеді көгіңнен ай нұрын.

Ак ордам.

күтсінші журтымды бақ алдан.

Астанам сен аскак биіксің.

Сүйетін халкын бар кара орман

Жас қалам.

Ажарың айбынды басқадан.

Қанша жан арманға қол созып,

өмірін өзіңнен бастаған.

Астанам.

Елордам айбынды бас калам.

Сен жайлы жазылсын өр өлең.

Сен жайлы айтылсын асқақ ән

Бақ қалам.

Өзіңмен әлемге мақтанам.

жасай бер, жайнай бер мәңгілік.

Көз тоймас көрікті Астанам

***

ТАҒЫ ДА...

Тағы да хабарсыз, тағы да кетесің тек үнсіз.

Өтеді ай жылдар өзіңсіз.

Көктемде көңілім нұрлы еді,

Ал жазым көңілсіз.

Тағыда тыныштық, келмейме хат хабар,

Бұл мұңда бір күні бақ табар.

Үзбейін үмітті жақсыдан,

қуаныш боп калар.

Тағыда өзімді өзім кеп алдадым,

Сарғайған сағыныш таңдарым.

Екеуміз жолыққан сол баққа,

Сен қайтып бармадың.

Тағыда жаз келді, күз келер сарғайып,

Өзімді көрсетем бақытты жандай қып.

Өзіңді тек үнсіз сағынса,

Жүректе барма айып.

Тағыда сағынам, сағынып күй кешем,

Сағыныш азабын тартпайсың бірге сен.

Неліктен жанама мұң сыйлай бересің?

бағалай білмесең.

***

ҰНАП ЕДІҢ...

Ұнап едің.

Бар құпиям болып ең мына менің.

Өзге ешкімге тіс жарып айта алмаймын,

өлең ғана тәрізді куәгерім.

Суйіп едім.

Сондықтан да сен заңғар биік едің.

Өз әлімше тәкәппар болсамдағы.

Махаббаттың алдында иілемін

Ғашық едім.

Сондықтан сен өзгеше асыл едің.

Қатал әрі қатігез болсамдағы,

сенің барлық қатеңді кешіремін.

Бағым едің.

Бар муңымда сен едің тағы менің.

Махаббаттың дертімен ауырамын,

келесіңбе дертімнің тауып емін.


***

Басым боп тұр шаттықтан мұңаюым,

Жаралайды жанымды бір ауық үн.

Қадам сәтті болғанмен, заман қиын,

Сірә дұрыс боларма қуануым.

Ой қозғасам өткенге, айналама,

Көп болса екен ұрпағын ойлар ана.

Кеше біреу сәбиін тастап кетті,

Бірақ оның тағдырын ойламаді ә.

Бермесін деп тілейміз басқа қайғы,

Мақтанамыз елміз деп асқақ ойлы.

Адам түгіл фәниде қарлығашта,

Балапанын ұшырмай тастамайды.

Кінәләйміз бәріне заманымды,

Бұзды деп саналы қыз, саналы ұлды.

Аналар тас бауыр боп кетсе бұлай,

Ұрпаққа кімдер келіп болады үлгі.

Өксік қалып барады өзегімде,

Адамдар неге үйір ез өмірге.

Даладан сәби таптық десе қорқам,

Тағы кім тұр екен деп кезегінде.

***

МАХАББАТҚА СЕНЕМІН...

Махаббатқа сенемін, сеніп өтем,

Сезім деген сенімнің көрігі екен.

Орап алып сағыныш самалына,

Санамаса болғаны мені бөтен.

Махаббатқа сенемін, сеніп өтем,

Білмеппін ғой сезімге жерік екем.

Көңіліме көктемдей күліп келіп,

Мені бір сәт сағынсын дедімекен.

Махаббатқа сенемін, сеніп өтем,

Сезім серті болатай берік екен.

Тірліктің толқынында өзгені емес,

Тек сені, сені жақсы көріп өтем.

Махаббатқа сенемін сеніп өтем.

Сағынышым самалдың желі мекен.

Жүрегімнің төрінен орын берген,

Саған деген кіршіксіз сезім екен.

Махаббатқа сенемін сеніп өтем.

***

ҚЫРАУДАҒЫ ЕЛЕС

Дала аппақ, ақ көрпесін жамылды,

Қырау басты тереземнің әйнегін.

Бір сезім кеп мазалады жанымды,

Елесі кеп көзіме бір бейненің.

Сипап тұрмын тереземнің әйнегін,

Ұстағандай болам қолын ақырын.

Жақындаймын, келеді оған сөйлегім,

Бірақ-бірақ жетпейді оған батылым.

Қырау тұрып қалған сынды шаштары,

Әлде солай көріндіме көзіме.

Терезеден қырау ери бастады,

Сұрақ қойдым сонда бір сәт өзіме.

Қыраудағы қиалдаған сол елес,

Ғайып болды күн көзімен нұрланып,

Жүрегіммен жүретіндей іргелес,

Сол бір бейне көз алдымда тұрды анық.

Жүрегімді мазалады сан сұрақ,

Сол бір елес енді қайтып келмей ме.

Күн көзімен терезем тұр жарқырап,

Ғайып болды қырауменен сол бейне.


Мағрипа Сандуғаш 1988 жылдың 22 желтоқсанында ҚХР Санжі облысы, Шонжы ауданы, Қарасай ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Атажұртқа оралған. Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылы, Уәлиханов атындағы орта мектептің 2007 жылғы түлегі. «Бизнес, құқық және жаңа технологиялар» колледжінде, Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінде білім алған. Алматы облысы, Ескелді ауданы, «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі.

 




Көрілген: 4924    Пікірлер: 0

жұма, 23.12.2016, 13:13

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31