Алаш ақыны

Мергүл Асылханова: Мен түгілі Лəйлəсі бар Жұматай, Жаза алмаған өлеңім!

  • Мергүл Асылханова: Мен түгілі Лəйлəсі бар Жұматай, Жаза алмаған өлеңім!

    Мергүл Асылханова: Мен түгілі Лəйлəсі бар Жұматай, Жаза алмаған өлеңім!

Қорғашы, қолда! Болсыншы Тəңір жар, Алаш!

Қазынаңды ешкім есік ашпасаң таламас.

Қара жерімнің қасиетіне жете алмай,

Қара көздерден тамайын деп тұр қара жас!


Қара халқым-ау қарабайырлау мінезді,

Қасірет төніп, еңсеңді білем мұң езді.

Қазағым дейтін ұран соққыштар үнсіз қап,

Қашалған намыс қайраты барлар кіл озды!


Қара ниеттер - тілінбес екен беттерің,

Қара жүректер - бір тілім арам еттерің.

Қара дөкейлер - қарап отыру мақтан ба,

Қара қытайдың құжынап кіріп кеткенін?


Қасиет тұнған Жер деп аталған анам-ай,

Құшағыңа да зар болғалы тұр балаң-ай?!

Қабанбайлардың қанымен келген, ал бүгін,

Қара бақырға бағалап қойған бағаң-ай!


Қазақ деп бəлкім "Бетін ары қыл" атылар,

Қаралық жеңіп сатылса, бəлкім сатылар!

Қақ бөліп берген əу бастан жерді алуға,

Құдайдың ғана хақы бар!

***

Жылдардың есігінен қаға тұрып,

Жазғанмын жылап өлең.

Сені көрсем, мұңайып жаңа тұрып,

Күлімдеп шыға келем.


Тынышыңды алайын неге бұзып,

Өкінген жетеді ісім.

Сен дегенде ерекше елегізіп,

Елжіреп кетеді ішім.


Сезім деген бітпейтін белес екен,

Жоғалар бар ақылың.

Сені тағдыр түртсе де о,несі екен,

Мұңайып қалатыным.


Жүргенде өмір сірə саяхат деп,

Сындырдың неше гүлді...

Көлеңкеңнен жылынып сая тап деп,

Берген ау осы өмірді.

Бəлкім, кім білсін...

***

Бұрынғыдай емес...

Жалықпаймын дейтінмін жырласам да.

Суындың неге менен?

Бұрынғыдай сағынып тұрмасам да,

Нөмірді тере берем.


Кім білер үзілем бе, жалғасам ба?

Жараспас жасу маған.

Бұрынғыдай қызғанып қалмасам да,

Өтірік ашуланам...


Жатқан жоқ көңілімде тасып қайғым,

Немді кеп жаралатам?

Бұрынғыдай көруге асықпаймын,

Бірақ та, бара жатам.


Кетті ме бəлкім қажып жүрек емге,

Төзімім жаншылып бар.

Есімнен адастырып жіберер ме?

Бітпейтін қайшылықтар!


Мойындамай ғажап деп өмірді мұң,

Ақын қыз тосты армандай.

Жарты əлемді сыйдырған көңіл бүгін,

Қаңырап бос қалғандай.


Бұрынғыдай емес. . .

***

Мен кешетін шығармын. ..

Сен...

Күтіп жүрсің Лəйліңді,

Өткеніңді өшірдің.

Мен...

Жанардағы қайғыңды,

Жүрегіме көшірдім.


Сен...

Жоқты күттің,сенделдің,

Бірде тасып, басылдың.

Мен. ..

Күнəң болса, кеудемнің,

Тасасына жасырдым.


Сен...

Өкпеледің жер тесе,

Қашанғы деп сорлаймын?

Мен...

Өкінішің өртесе,

Тəңіріме қол жайдым!


Сен...

Қамын жедің өзгенің,

Олар саған тас атты.

Мен. ..

Күлімдесе көздерің,

Қуаныштан жас ақты.


Сені ерекше жан қылды,

Əр сынақты құп алдың.

Саған жазған тағдырды,

Мен кешетін шығармын.

***

Ал, айтыңдар!

Мені ақымақ санайтындар,

Жоғарыдан қарайтындар.

Бетіме кеп бір сөз айтпай,

Көзім тая талайтындар.


Құласа деп қалайтындар,

Жыласа деп қалайтындар.

Қолын созып қайыршыдай,

Сұраса деп қалайтындар.


Жақсыларды қанайтындар,

Өзін аққа балайтындар.

Өтірікке жинала қап,

Шындық десе,тарайтындар.


Бардың қолын жалайтындар.

Тек күлуге жарайтындар.

Бүгін өзім келіп тұрмын,

Тыныштық па, ал айтыңдар!

***

Дəл мен сияқты!

Ешкім сезіп көрмеген,

Басынан да кешпеген.

Ешкім бөліп бермеген,

Етінен де кеспеген.


Ешкім ары аспаған,

Есінен де танбаған.

Ешкім аяқ баспаған,

Мазаңды да алмаған.


Ешкім қарша ерімей.

Мұз да болып қатпаған.

Ешкім олай жерімей,

Бетке айтуға батпаған.


Ешкім жанын жұлып ап,

У болса да малмаған.

Ешкім жарқын күліп ап,

Өксіп жылап алмаған.


Ешкім сені биік деп,

Көтермеген бағаңды.

Ешкім сені сүйіп кеп,

Жаламаған жараңды.


Дəл мен сияқты!

***

Өлеңге сыр

Сөнуге рұқсат жоқ, күш табайық,

Қашанғы өтерміз налып?

Кеткісі келетінді ұстамайық,

Өлеңім, екеуміз қалып!


Мендік жүрек орын ба жат емделер?

Уақытша көмек те емес.

Мені қажет етпейтін əпенделер,

Өлеңім, керек те емес!


Не теңім ед оранар үлде менің?

Өзімнен жырақ қалдым.

Кеше ғана көктем кеп,күлген едім,

Өлеңім, жылап қалдым!


Жырып кетіп, жаныма шеге батты,

Қалмады кеспей аман.

Ауырады жүрегім неге қатты?

Өлеңім, не істей алам?!


Əлемде жоқ мейірім аңсап,күттім,

Өксік -ай көмейде өлген!

Жақын тарттым, сезбеді шаршап біттім,

Өлеңім, өгейлерден!


Қатыгез де боп кеткен, қалашылмыз,

Ал онда екен күз қара.

Пенделер ме? Ай,қойшы, жанашырмыз.

Өлеңім, екеуміз ғана!


*** 


Көктем келді! Қыс кеше кете тұрып,

Сығалайды неліктен есіктен күз?

Сияқтандық бақытты... Өп -өтірік,

Бірімізге біріміз кешіккенбіз!


Осымыздың бірі де дұрыс емес,

Қай кезеңге,немізді əкетерміз?

Көрінгенмен жақындай,туыс емес,

Бірімізге біріміз жат екенбіз!


Өкінемін, өкпелеп жырды құша,

Ал сендік арман мүлде тым алыста

Бола алмадық екеуміз тым құрыса,

Бірімізге біріміз жұбаныш та!


Өмір осы! Соншалық не түңілдік?

Неге дертке берілдік ауырмастан.

Екеу болып егілген екі мұңлық,

Бірімізге біріміз бауыр басқан.


Мен кетермін бағымды жалғыз құрап,

Сен дағы жүз көрсетпе еш торыққан.

Өлеңде-өміршеңбіз, жанбыз бірақ,

Бірімізге біріміз кеш жолыққан!

***

Сен екен ғой!

Сендім бе?

Десе өтірік өткенім,

алдым жалған,

Көрдің бе?

Көздерімді бақыттан

бал -бұл жанған!


Езбін бе?

Кінəлайын жылаған

жылымды қай.

Сездің бе?

Күліп мүлде

көрмегем бұрын бұлай!


Кешкісін. . .

Жалғыздығым жаныма

батты қатты.

Естіші!

Соғып кеткен жүректі

қатты- қатты.


Күлдім мен. ..

Менімен достасса да

ертелеу мұң.

Кім білген?

Осындай тəтті екенін

еркелеудің!


Ішімнің.

Жалғыз мұңы бəрібір

Мен екем ғой,

Түсіндім. . ..

Өмір деген мен

үшін - Сен екен ғой!

***

Қызық емес ештеңе, қызық емес,

Көктем ғой,күмілжітер күзі де емес.

Көңілімді əлдекім көтерсінші,

Бұзып емес!


Кетпеді қайғы мүжіп, шер өтіп те,

Көргенбіз кербез де боп,елетіп те.

Көңілімнің əуенін сала алмасаң,

Деме түкте!


Не жетсін іс қылғанға айтып аз ақ,

Көтермекпін демегем қайтіп азап.

Жасанды қуыршақ па, керек емес..

Сайқымазақ!


Мен емес отыратын көпіріп кең?

Өкпелеп те көргенмін, өкініп те ем.

Шаршағанмын жасанды өмірімнен,

Жəне де өтіріктен!


Əйтеуір ештеңе де қызықтырмай,

Ошағымда қазаным қызып тұрмай.

Ей, Өмірім үмітті жалғасаңшы,

Мезгілсіз үзіп тұрмай!


Қашанғы жүру керек ережеңмен?

Өтетін түріміз жоқ сен өзеннен.

Кешіктірген бағымды күтіп жүрмін,

Тастай сал тереземнен!

***

Өзімді жиі алдадым,

Тығылып үйде қуыс.

Сен мені сүйе алмадың. . .

Сүйме дұрыс!


Аз емес зарыққаным,

Күйгенмін жалынға да.

Сағынып жарытпадың,

Сағынба да!


Сүюім, жек көргенім,

Бір сəтте дереу ақ қой.

"Сұлуым "деп көрмедің,

Демей ақ қой!


Мұңайтып тастағансың,

Сезімдер жеңді басқа.

Бауырға баспағансың,

Енді баспа!


Қасқайып қайтпағансың,

Өмірлік жай таяқ қой.

Жылы сөз айтпағансың,

Айтпай ақ қой!


Түк емес, жас тама ма...

Қарсы алам күзді келер.

Мен емес, басқаға ма?

Үздіге бер!


Дəмелі əлдекім көп,

Өзгені жылыта бер!

"Сүй"деуге дəрменім жоқ,

Қайтейін...

Ұмыта бер!

***

Бейкүнə жандайсың,

Амалы қалмаған.

Күліп қап алдайсың,

Əдейі алданам!


Жас тұнды кесемде,

Таттым кеп кермегін.

Ұмытшы десең де,

Үмітті жеңбедім.


Кеп қалды көктем де,

Шуағын төкпелеп.

Өзімді жек көрдім,

Өзіңе өкпелеп.


Десе де білемін,

Жігерім құламақ.

Күліп тек жүремін,

Жасырын жылап ап. ..

Жасырын жылап ап...

***

Кінəлімін, сүйгендігім - қинаса,

Күші сондай зор екен.

Қаншалықты жанға бақыт сыйласа,

Соншалықты сор екен.


Тағы мені əлдекімдер жүдетті,

Еккен екем текке гүл.

Шын сүйетін аппақ, таза жүректі,

Жаралауға жеп-жеңіл.


Деп жүргенде қар кеудені жылытам.

Алғаш ез боп,егілдім.

Енді "Сүйем"деген сөзді ұмытам,

Махаббаттан жеңілдім!

***

Перзент мұңы

Кең құшағын өссек тағы паналап,

Бөлме бүгін тар болып.

Мейірімге бөлеп келген ана- бақ,

Мейірімге зар болып.


Абайсызда кірпігіне мұз қонды,

Бойына да шер сіңбей.

Жатырына көпсінбеген біздерді,

Жүрміз қазір менсінбей.


Тұншықтырып тұмшалаған сананы,

Есті ұрпақты қидым қай?

Құрсағында қастерлеген ананы,

Қартайғанда сыйдырмай.


Жұбататын жұбанбастай көрінсек

Жақұт таңым бағалы.

Бүгін өзі бала болып көңілшек,

Жəутеңтейді жанары.


Батты арқама қасіреттің бізі шын.

Неге? Неден? Ненікі?

Қателікті көрсе дағы біз үшін,

Қате дейтін менікі.


Есіріп көп берекесін алғанбыз,

Сықты талай көз жасын.

Бейнетіне шыдамайтын жандармыз

Ойлап қалған өз басын.


Біз туғанда тағы төкті бір жасын,

Ең қымбат деп сый осы.

Ұрпақтар-ай төбемізден ұрмасын,

Аналардың киесі!


Бетке қақпай,бауырына жатқанбыз

Ақ пейілді анам-ай!

Беттен алып,ала көзбен атқанбыз,

Көңіліне қарамай.


Артық болса асыратын төбеге,

Кемшілікті жасырып.

Біздер сондай болып қалдық о, неге,

Өзімізше тасынып?!


Өмір- сабақ,əр сағаты тағылым,

Ана бізді кеш дейін!

Түсінбесек тірісінде қадірін,

Перзенттігім бес тиын.

***

Мен саған келгеннен ұнағым,

Ешкімде жоқ өлең құрадым,

Сен үшін амандық сұрадым.

Ал, Сен...


Мен сені төзбестей сүйдім ғой,

Паң басты сен үшін идім ғой,

Бəрін де, бəрін де қидым ғой.

Ал, Сен...


Мен саған өзімдей сендім ғой,

Жүректі суырып бердім ғой,

Жалыннан шоқты да тердім ғой.

Ал, Сен...


Бір сен деп жадырап қуандым,

Жанарды жаспен де жуа алдым.

Сəбидей қайтадан уандым.

Ал, Сен. . .


Қиялдап бағыма баладым,

Ақ етіп өзін де қараның,

Сен жаман дегенді таладым.

Ал, Сен. . .


Соған лайық екенсің!

***

Асыл емес дəл өзіңдей айна да,

Сезімімнің шəрбатынан татып қой.

Өліп-өшіп сүймесең де, жай ғана,

Жымиғаның- бақыт қой!


Үзілмейтін үміт пе едің үкілі,

Ең бір тəтті кəусары ма ең сөзімнің?

Жүрегімнің тоқтамайтын лүпілі,

Қарашығы көзімнің!


Алыстаса-ауа жетпей алқынып,

Бар екенін білу ғана -демеуім.

Баламасын əлі күнге талпынып,

Таба алмаған теңеуім!


Сөйлетпей ақ ернімнен ұғатын,

Миялы бақ, мүлгіп өскен мəуелім.

Орындалса, жүректерді жұлатын,

Шырқалмаған əуенім!


Десе дағы биіктеттің тым атай,

Өлшеп көрсін мендік сезім көлемін.

Мен түгілі Лəйлəсі бар Жұматай,

Жаза алмаған өлеңім! 




Көрілген: 4095    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 27.04.2016, 19:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31