Алаш ақыны

Несіпбек АЙТҰЛЫ: Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық ...

  • Несіпбек АЙТҰЛЫ: Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық ...

    Несіпбек АЙТҰЛЫ: Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық ...

БӨРІТОСТАҒАН


Шығыс Қазақстанда Ақсуат жерінде

мидай жазық далада жатқан алып жұмбақ тастың аты.


Бөрітостаған, Бөрітостаған,

Жұмбағыңды айтшы, кәрі тас маған?

Таңырқасын деп жердегі пенде,

Аспаннан бәлкім пері тастаған.


Жатырсың күтіп тағдырдан нені,

Айналып тасқа қаңғырған бөрі.

Емес пе екенсің ертеде келіп,

Құдайдың ұмыт қалдырған мөрі?


Толқытып тұрсың санама сыймай,

Әлемнің жеті ғаламатындай.

Кім екен тастап жапанға жалғыз,

Сыйлаған тағдыр саған осындай?


Бүп-бүтін іргем сөгіліп көптен,

Көз жасым қанша егіліп төккен.

Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық,

Тауынан туған бөлініп кеткен...


КҮЛТЕГІННІҢ КӨКТАСЫ

Ұлы таулар, тебірен, жата бермей шалқалап,

Ұлы дала рухына басын иді шартарап.

Тәңірінің біздерге көктен түскен сыйындай,

Көктас көшіп келеді тарихымды арқалап.


Аруағыңнан айналдым, бабаларым, хас батыр,

Көз жасындай мөлдіреп қасиетің таста тұр.

Күн астында күңіреніп құлпытасың қалмаса,

Мың жылдардың үңірейіп арғы жағы бос жатыр.


Исі түркі жұртының тұмарындай, Көктасым,

Бұзып жеттің бүгінге ғасырлардың қақпасын.

Түмен-түмен қол ертіп, тік көтеріп даланы,

Түзегендей Күлтегін Астанама ат басын!


Екеніміз шын болса Ер түріктің ұрпағы,

Бізге қымбат Көктастың ұшып түскен ұнтағы.

Құдіретін әз тұтып Күлтегіндей киенің,

Ұл жасасын ұлтының бола білген ұлтаны!


Халқын ойлап түнеткен қабағына боз қырау,

Күлтегінді көргенде күндік жерден безді жау.

Өсиетін бабаның тастан тани алмасақ,

Жарқыраған не керек маңдайдағы көз мынау?!


Қуанышқа кенеліп қазағымның құшағы,

Көңіл құсы шарықтап сан қиырға ұшады.

Елтаңба мен Көк байрақ, Әнұранда ғана емес,

Күлтегіннің тасында Елдігімнің нышаны!


Еріксізден еңкейтіп енді ешкімге, Жасаған,

Иілмесін басымыз тар бұғаудан босаған!

Босағамда бүгілер тәкаппардың тізесі,

Төрде тұрса текті сөз бабам тасқа қашаған! 


САРЫАРҚАДА САРДАРЫМ

(Қабанбай батырдың рухына)

Жаза бассам жаңылып, шамырқанба, Киелім,

Бір өзіңе сыйынып, сөзден сауыт киемін.

Дамыл алып жатқандай ұлан-байтақ қазақтың

Әрбір сүйем жерінде сенің асыл сүйегің.


Сарыарқада, Сардарым, көтерілді күмбезің,

Жалт қаратып мұнартқан айдың жүзін, күн көзін.

Жеңіп бітіп жауыңды, кеттің бе ұшып ғарышқа,

Ғайып болып Ғайсадай жер бетінен мүлде өзің?


Сені қойған куә жоқ өз қолымен қабырға,

Тірілердің басыңа тіккен үйін қабылда.

Мәңгі мызғып жатырсың Хантәңірі, Қаратау,

Тарбағатай, Түркістан бәлкім Алтай, Сауырда.


Тыным бермей тәніңе жарық дүние тарлығы,

Топырағыңды жасыртқан Жаратқанның жарлығы.

Білетінім жалғыз-ақ – жаның сенің жәннатта,

Аруағыңа қарыздар бұл қазақтың барлығы.


Жауар күндей күркіреп сен қорғадың күллі елді,

Күллі дала дүркіреп атыңды атар күн келді.

Дарабозым, рухыңа төбе сайын дұға оқып,

Әсте көптік етпейді орнатсақ та мың белгі.


Салмақ түссе бел сынар - еңіреген ер шыдар,

Қаһарманы жоқ елдің көзден жасы тамшылар.

Астананың түбінде Көк Туыңды күзетіп,

Терістікке жон беріп жатқаның да жөн шығар!..


АБАЙ

І

Абай жалғыз қазақта, Абай дара,

Сөз бастаймын Абайсыз деп ойлама.

Ұмытсаң да шыққан күн, туған айды,

Ұмытасың Абайды қалай ғана?!


Абай - әлем шалқыған шетсіз-шексіз,

Түпсіз дүние тұңғиық көкжиексіз.

«Өзі де рас Алланың, сөзі де рас» -

Деген сөздің парқына көзің жеткіз.


Адам қайда барады, заман қайда,

Абай босқа артына алаңдай ма?

«Заман ақыр жастары болмасаңыз,

Жүрегінің түбіне терең бойла!».


Ана тілің аяулы – Абай тілі,

Әр халықтың өз тілі – қалайтыны.

Тілін білмей бөленген бесігіңнің,

Қазақпын деп жүресің қалай тірі?


«Қазағым!» деп күңіренген шерлі күнде,

Абай рухы бүгінгі Елдігіңде!

«Өлмейтұғын артында сөзі барда» -

Адамзатпен жасайды мәңгі бірге!


ІІ

Зар-мұңым бар қайнап жатқан тұмадай,

Тағдырым бар тасқа қаққан сынадай.

Сөзден – сауға, ойдан – қайыр сұрамай,

Көкірегімнің көзі жанса шырадай –

Қасиетіңнің шапағаты тигені,

Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!


Өсиетіңді мәңгі тозбас мұрадай,

Қаршадайдан жаттап өстім дұғадай.

Өлең де бір оқтан қашқан құралай,

Саған жылар, Тәңіріге жыламай.

Шапаныңның шалғайымен қорғай жүр,

Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!


ДУЛАТ

Армысың, Дулат Бабатайұлы,

Арыстан жүрек дала шайыры.

Сыймас қалыпқа сендей алыпқа,

Мекен болып па, қала тәйірі?!


Даладан мынау кернеген ән-күй,

Садаға кетсін сарай мен сәнді үй.

Шамына тисек кешірсін бізді,

Фирдауси, Жәми, Низами, Сағди.


Білемей ақын азуын Айға,

Пенденің жетпес назы құдайға.

Бөріде қайрат, айбат болмаса,

Бөлтірігінің азығы қайда?


Уа, шамырқанба, даланың ұлы,

Ұйқыңды бұзса қала дүбірі.

Ұлтыңның қайғы-қасіретін жырлап,

Рухыңның сөнбей жанады нұры.


Күңірене ме екен қарадай кісі,

Батпаса жанға дала қайғысы?

Төңкерді таудай тауқымет тасын,

Сендегі жырдың Толағай күші.


Жеріңде шайтан, жын аунағасын,

Ғарышқа шырқап шығандағасың.

Құндақтай көрде қалайша жатыр,

Көне алмай кеткен бұғауға басың?


Қиядан тайып атан құлаған,

Қиямет өтті ботаң жылаған.

Түсіме кірсең ғайыптан келіп,

Беріп кет, баба, батаңды маған! 


ҚАЛАММЕН СЫРЛАСУ

Үстінде ақ қағаздың жорғалаған,

Қаламым, қуат берші сен де маған.

Ешқашан шаршамашы, өтінемін,

Төгілсем өлең болып сорғалаған.


Тайпалған жүрісіңнен сен жаңылсаң,

Болдырған шабан аттай жолда қалам.

Қолдашы қасиетті киеңменен,

Ақының жоқ еді ғой қолдамаған.


Абай да қайғы-мұңын саған шағып,

Күні жоқ «қазағым» деп зарламаған.

Ілияс, Мағжан, Қасым, Мұқағали –

Емес пе сенің киең қонған адам.


Алмасып саусағынан замандардың,

Солардан мұра болып маған қалдың.

Төгумен жүрек сырын өз әлінше,

Жармасып, талап қып жүр саған да әркім.


Қолында ақындардың жарқылдай бер,

Қор болмай шимайына надандардың.

Келемін саған ғана сүйенумен,

Ішінде ала-құла адамдардың.


ӨЗІМДІ ТАНЫСТЫРУ

Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын,

Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым.

Тіршілік көз алдымда жүз құбылды,

Жүніндей жалт-жұлт етіп қырғауылдың.


Жасырған жанарына жайдың оғын,

Сырына қанып өстім бұл дәуірдің.

Қаңбақтай жел аударған дөңгеледім,

Өтінде үдей соққан сұр дауылдың.


Бабамның басқан ізін қайталаумен,

Тау астым, тасты бастым, құмға кірдім.

Шарқ ұрып шартарапқа талпынғанмен,

Тартылып сым темірдей сында жүрдім.


Аңқылдап ақ тұмадай ақтарылдым,

Астынан кір іздесе тырнағымның.

Астында төс балғаның шыңдалдым да,

Алмастай жүзі қайтпас суғарылдым.


Осылай арпалысып аз ғұмырда,

Көріппін көрмегенін мың да бірдің.

Тон киіп, топты жарып, төрге шықсам,

Арқасы құдай берген тіл-жағымның.


Жүрегі туған елдің сәл ауырса,

Сырқырап сай-сүйегім бірге ауырдым.

Діңгегі болмасам да тіреп тұрған,

Сеп болар бөренеге сырғауылмын...


ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ

Майысқанда бұғанаң, қайысқанда қабырғаң,

Өлген досың үн қатып жататындай қабырдан.

Алақтайсың аспанға, далақтайсың далаға,

Бөркіңді ала қашқанда ала құйын қағынған.


Достық деген емес қой, сатып алар сары май,

Маңдайыңа жазғаны – жүрсең досқа жарымай.

Қасқыр шауып қойыңа, ұры түссе қораңа,

Жағаттаған жамандар өте шығар танымай.


Сыртын көріп жүгірме, түсі игіден түңілме,

Жетіп жатыр жалғыз дос тірек болса тіріңде.

Көңіл, шіркін, қалады насыбайдан бір атым,

Не бар, не жоқ білдің бе – шақшасының түбінде?


Ой жіберіп барласам, өткенімді аңдасам,

Базар етіп барымды күн кешіппін әрқашан.

Жоққа жүйрік жете ме, тасқа қылыш өте ме,

Бұйымтаймен келгенді бос қайтардым мен де сан.


Әлде кімдер ит қосса ырылдатып төбетін,

Астымда жоқ тағалы ат қаңқ еткізіп тебетін.

Қан сауласа, жамауға жүрегімнің жыртығын,

Қайыспас дос қайда бар, кесіп берер қоң етін?


Арпалысқан жалғанда жан берісіп, жан алған,

Сыңарынан адасып талай саңлақ жоғалған.

Көңіл көзі таныған бірін-бірі алыстан,

Егіз қозы секілді екі доста жоқ арман.


Арқасына ер батқан, тобығына тоң қатқан,

Толарсақтап, тайғанап, талай тұлпар жер қапқан.

Жел қатайса дедектеп, сайға кірсе өбектеп,

Қараңдайды кең дала қалбаңдаған қаңбақтан.


Арасынан қыл өтпес, құс қанатты екі інім,

Жаяу қалсаң тозбасын аяқтағы етігің.

Көзі күліп тұрғанмен, бүлк етпейтін бүйрегі,

Еті қалың байқасам, мынау заман бетінің!..




Көрілген: 5041    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 16.08.2017, 11:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31