Алаш ақыны

Нұржан ӨМІРБАЕВ: Жек көрем, Уақыт, мен сені ...

  • Нұржан ӨМІРБАЕВ: Жек көрем, Уақыт, мен сені ...

    Нұржан ӨМІРБАЕВ: Жек көрем, Уақыт, мен сені ...

«Аламан айтыс» арқылы қалың жұртшылыққа танылған Нұржан Өмірбаев 1990 жылы 24 қаңтарда, Ақсуат ауданында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетін бітірген талантты ақын бірнеше облыстық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы. 2007 жылы Астана қаласындағы Мұқағали Мақатаевқа арналған жыр мүшәйраның, 2008 жылы Талдықорған қаласында өткен Мәшһүр-Жүсіп Көпеевке арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдегері атанды. «Сәуір сәулесі», «Ақ арман» атты жыр жинақтың авторы 2009 жылы университет жанынан құрылған «Жастар театрының» мүшесі болып, қойылымдарда басты рөлдерде ойнады. Театр Алматы қаласында өткен республикалық студент жастар театрының фестивалінде 1-орынды иеленіп, Нұржан «Үздік актер» атанған.


НОСТАЛЬГИЯ

Қазан соңы қатал қыстан хат келіп,

Қараторғай қалтырайды сап кеміп.

Қара ұлдарын жіберетін тезекке,

Қайран анам қолымызға қап беріп.


Көрші үйдегі көп балалар көшеде,

Көмірі бар, асық ойнар көш ере.

Кететінбіз қимай қимай ойынды,

Күбірменен қомп қомп етіп шешеге.


Сар сақаны келгенімен иiргiм,

Солғын күзде хәлі мүшкіл үйiмнiң.

Солқ солқ жылап ұзайды екеу ауылдан,

Сор табан боп соқпағымен сиырдың.


Біраздан соң қызу жарыс қарасаң,

Бір жапа үшін ағамменен таласам.

Боқ таппасақ боқтаймыз кеп сиырды,

Бітеу болып қалған ба деп қарасаң.


Ағам ширақ, тез толтырат өз қабын,

Ал, мен жалқау, жіберем тек сөз жағын.

Асығамын, бала күннен намысты ем,

Адамның еш қаламайтын озғанын.


Тас тепкілеп қайтатын ек кешқұрым,

Туфлидің бағаламай еш құнын.

Тезек жанып, қайнағанша күрең шай,

Тығыламыз пана қылып пеш түбін.


Сонда анашым жас балаша қуанып,

Сандықтағы кәмпиттерін шығарып.

Сондай ыстық, мейірімді жүзімен,

Салқын күзге салатын ет бұғалық.


Бейкүна кез, балғын дәурен тез өткен,

Бес күнді осы тоқтата алман тежеп мен.

Білмеппін-ау, сол кезде мен балалық

Бірге жанып кеткендігін тезекпен.


Балан күнім ғазиз бастан өткерген,

Бақытымды Құдай қалай көп көрген.

Боқ дүниеден безінгенде кейде осы,

Балалықты аңсап кетем боқ терген.




ТАМШЫЛАР СИМФОНИЯСЫ

Мен сені жек көрем, Уақыт,

Жүрегім жылайды «дүк, дүк, дүк».

Мен сені өлтірем құлатып,

Сағатым күледі «тық, тық, тық».


Жек көрем! Өлтірдің әкемді,

Өлтірдің ерте ерке даусымды.

Бір дұға жаттадым. Әкелдім

Басыңа, қап, ол да таусылды!..


Балалық шағымды бауыздап,

Басыма ой, жүрекке мұң бердің.

Анамның ақ сүтін ауылда ақ,

Асығыс құрғатып үлгердің.


Мен тартып ойнайтын ол қыздың,

Сен қиып тастадың бұрымын.

Кездескем айтсам деп сол күзді,

Ол айтты «Күйеуім, бар ұлым».


Сенсің ғой анамды қартайтып,

Санамды соғатын сағатпен.

Бір қоңырау шалайын марқайтып,

Уақыттың жоғын-ай, қап, әттең!


Құрдасты ұрладың таласып,

Құлжамды ұрлаған қалтадан.

Зауқы жоқ ойнауға ол асық,

Көп ақша ұтылған картадан.


Жалаң аяқ, күс қол балаға,

Жып жылтыр туфли кигіздің.

Тыпыршып сыймаушы ем далаға,

Тұқыртып бөлмеге сыйғыздың!


Жек көрем, Уақыт, мен сені,

Көрші шал басқандай ой тақым.

Уақытты ол ажалмен өлшеді,

Бұрын күнге қарап айтатын.


Ит уақыт, итке де төресің,

Азуын мұқалта сабапты.

Қартайған досымның төбетін,

Алдында кәндендер талапты.


Сағаттың тақылын жеңсем деп,

Музыка қосайын мұңсыз бір.

Айтпақшы, ол ән де өлшеулі ет,

Уақыты таусылды. Таусылды...


Үнсіздік... Уақыт қас жауым,

Өл, сағат! Жаңбыр ғой «тық, тық, тық».

Ал симфонияңа бас шауып,

Жүрегім қарқылда «дүк, дүк, дүк»...


 


САНДЫРАҚ

(Астанада қайыршылар болмайды)

Астан кестең арман ойым болды әйгі.

Көп жарықтан жылу сұрап жанына,

Түннің өзі қайыр сұрап қол жайды.


Триумфтың ұя салар құсы не?

Тау кіреді қыран ұя түсіне.

Қайыр сұрап қабат қабат үйлер тұр,

Қайыры бар адам бер деп ішіне.


Кеш келгенде кеңселерден қайтатын,

Қайыршылар шығады ылғы бай, хәкім.

Қайыр сұрап жүректері қол жаят,

Ауыз бер деп бір ақиқат айтатын.


Қайыршы жоқ деп жатыр ғой. Жаңылды ел.

Жер не дейді? «Қайыршысың бәрің де!»

Талға ұқсайтын бәйтерек те бүр атпас,

Тамыр бер деп қол жаяды Тәңірге.


Балкондағы байдың иті қыңсылап,

Қайыршы ол да, қожайыны пірсымақ.

Көздерінен қос қол шығып, шел басқан,

Кең дала мен таудың иісін тұр сұрап.


Теледидар сөйлеп жатыр қамыққан,

«Астанада қайыршы жоқ. Халық паң».

Қолын жайды қайыр сұрап кенеттен,

Жалған сөйлеп жағынудан жалыққан.


Көкжиектен қос қол көрдім бір кезде,

Астапыралла, не болды өзі бұл көзге?

Қайыршы ма, қайыршыға ұқсамайт,

Жалбарынбай, маңғазданып тұрды өзге.


Бабалардың қолы шығар ә, сірә,

Бас көтерген шыдай алмай ашына.

Құран оқып отырғандай күбірлеп,

Қазақтық пен азаттықтың басына...


 


 




Көрілген: 3008    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 23.05.2017, 08:56

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31