Алаш ақыны

Нұртас ТҰРҒАНБЕК: Әйнегінен сығалап жанарымның, Қарап тұрған секілді жүрегіме...

  • Нұртас ТҰРҒАНБЕК: Әйнегінен сығалап жанарымның, Қарап тұрған секілді жүрегіме...

    Нұртас ТҰРҒАНБЕК: Әйнегінен сығалап жанарымның, Қарап тұрған секілді жүрегіме...

Сағынышын жолдауға күзбен бірге,

Жапырақ та сарғайды бізбен бірге

Жүрегіңнің түбіне жасырынғам,

Сен мені басқа жерден іздеп жүрме.


Күз сағынтса амалсыз күрсін, көктем,

Жанарыңа жасыршы бір сырды өткен.

Мен сенің жүрегіңмін, қан тамырмен,

Денеңнің әрбір тұсын дүрсілдеткен.


Сағынбасқа амал жоқ сағынғанмен,

Қинарымды түсінем жаныңды әбден

Мендік жүрек өзгеде, шаршағанда,

Дәл сенің жүрегіңде дамылдар ма ем?!


Тағдырыңның жетпесе таңғы нұры,

Әр күніңнің естілер зарлы мұңы.

Біреу сүйіп, біреудің ұнатпауы -

Ол өмірдің ең әділ заңдылығы!

Кешiршi...

***

Ауылдың баласы едім, аңғал едім,

Тағдырыма көшіргем таңғы әлемін.

Жұлдыздың аққанына тілек айтып,

Бір қыздың аңсаған ем арлы әдебін.


Жаным ол кез сезімге жаншылмаған,

Арманым да бар еді таусылмаған.

Тайым қалды мініске үйретілмей,

Қайың қалды қабығы аршылмаған.


Көлікке отырған сәт бекет барып,

Көз алдымда тау қалып, етек қалып.

Жүген ұстап жүгірдің несіне аға,

Жылқыны кете алмадым жетекке алып.


Жазылмас жүрек дейтін ет-шипамен,

Қалаға сап жіберді шеткі үй сәлем.

Соңғы рет балалықпен дұға жасап,

Атам жатқан мазарға бет сипап ем.


Уысымда тұрғандай кей түн, әлем,

Өлең жазсам – мөп-мөлдір, бейкүнәлі ем.

Нілдің суын білмеймін көргенім жоқ,

«Кірдің суын баспашы»,- дейтін әжем.


Білемін жер – мекенім, көк – тұрағым,

Несіне көп төмендеп, көп бұғамын.

Кірдің суын баспаймын деп жүргенде,

Өзім кірлеп кеткендей боп тұрамын...

***

Жыламағаным, жылытпағаның,

Жылына алмай, құрыпты амалым.

Еркелей алмас өмірім үшін,

Ернімді тістеп тұрып қаламын.


Тірлігі ауыр мына қаланың

Сүрінгенменен, құламағамын.

Өртеп болсаң да, өлмеймін ғой деп,

Еркек болсам да жылап аламын.


Түсіне де алмай, түсіндірмей де,

Жетпесін білем күшімнің кейде.

Ашулы күнде ашынып барам,

Еріккеннен жұрт ішіп жүр дей ме?


Ішіп жүр дей ме қағынып, қанып

Ақталам несін жалынып барып.

Алдарқатпаған сезім де мынау,

Ақынның неге жанын ұқпадық?


Солай болады, солай да болған,

Жүректі сезім тонайды-ау алдан.

«Ақындық» деген азаптану ғой,

Өмірді жазу оңай ма, қарғам?!

***

Хабарсыз күндерімнен хатымды алар,

Сен кезіккен шығарсың ақынға дəл!

Шешуге келмейтұғын түйін болса,

Есімде жылап тұрған сəтің қалар.


Алдымда жылағаның сенгенің бе?!

Менде ештеңе қалмапты емге мүлде.

Дəл сол сəтте көмейге келген жасты,

Жүрегіме жұттым ғой көрмедің бе?!


Көрдің, сездің, сезіндің түнді, мені,

Сен сезген соң жан дүнием дүрлігеді.

Екі бөлек тағдырдың біз де жаным,

Еншісінде шығармыз кім біледі.


Қадірі білінбейді жоқты - бардың,

Əлі талай, саныңды соқтырар мұң.

Мен жоқ кезде көңілсіз, терезеңнен,

Телміріп қарайтындай боп тұрармын.


Қош ендеше, қош деген сөз бе мұным?!

Қоштасуға қимайды өз көңілім.

Мен үнсіз кеткен күні, өкпелеме,

Өзімдікі деп жүрген өзгелігім!


Айым сен де бір күні ұмытарсың шақты бұл,

Бәлкім бізге арналмас бақыт дейтін нақ тұғыр.

Бәлкім басқа жүректе шуақ шашар таңғы арай,

Бәлкім басқа құшақта батып кетер тәтті іңір.

***

Бәлкім солай жылжиды жылдар, айлар, күндерің,

Ұйықтай алмай отырар құшағымда түн менің.

Жүрегімнің түбінде қалған іздер дәлелдер,

Тағдырымның табандап жүріп өткен сүрлеуін.


Оған бірақ қамықпа, қапаланба, кектенбе,

Бүгін тұрып амал не өкінгенмен өткенге.

Саған деген сезімім тұрары анық жарығым,

Оқып бәрі жазуы оңып кеткен беттерде.


Сонда ғана білерсің кімнің ғашық болғанын,

Бағың сор боп кеткенін болғандығын сор-бағың.

Өмір деген осы ғой ажал қойып нүктесін,

Өкінішпен бастаған ең соңғы жақ жолдарын.


Бүгін бәрі басқаша сезінгенің, сезбеуің,

Оған бірақ кектенбе кінәсі жоқ өзгенің.

Қоштасуға тіреген уақыт та емес, мен де емес,

Тек кінәлі кетпе деп айтылмаған сөздерің.


Айтылмаған сезімің, жүрегіңде қатқан мұң,

Бәрі бәрі кінәлі, жоқ болуға шақ қалдым.

Жүрегіңде езіліп тұрсам дағы қош бол деп,

Көздеріңде мөлдіреп ағып бара жатқанмын...


Соның бәрін сез бүгін, күте бермей ертеңнен,

Сезім деген онсыз да талай жерде дерт емген.

Сәттің бәрін бағалап құшағыма енгін де,

Хаттың бәрін қайта жаз жүрегімде өртелген.

***

Өтіп барады келмес күн,

Мен кештім оны сен кештің...

Ботаның көзі мөлдіреп

Қарамас маған енді ешкім...


Енді ешкім сендей шақырмас,

Шақырмас жаны аһ ұрмас.

Күлкімен мұңның дәл сендей,

Уынан ешкім татырмас.


Енді ешкім маған күт демес,

Хатымды алып бүктемес...

Мен қия алмаған күз қалар,

Мен қиялдаған бітті елес.


Сенен де ұйқы ұрланар,

Менен де түнге жыр қалар...

Қосылмағанымыз үшін де,

Көктемге жылар жылғалар..


Ешкім де сендей болмайды,

Ешкім де мендей болмайды.

Екеумізді де жылатып,

Басқа бір тағдыр орнайды.


Өзге бір отау сен барар,

Өзге бір ошақ мен жағар.

Жүректен басқа нең қалар,

Тілектен басқа нем қалар...


Бұл тірлік сондай кембағал.

Сенің де жаның сыздайды,

Менің де жаным мұздайды...

Бәлкім болашақ айтады,

Қосылмай кеткен біз жайлы...


Ақын боп кетсем елге әйгі,

Сен ана болсаң тең бәйгі...

Жасырып жүріп ойларсың,

Ашынып жүрген мен жайлы.


Осылай өтер келмес күн,

Сен кешір жаным мен кештім.

Біз деген ұғым жоғалды,

Енді ешкім...

***

Білесіңбе

Тынысты тарылтқанда күн,

Төгілген жаңа ұрттар бағым.

Қалайша іздемеді деп,

Жанымды ауырыртқанда мұң.

Мен сені кінәләмаймын!


Менде күш қалмады ма деп,

Ұмтылдым арманыма көп,

Қан жұтып қамыққанымда,

Қоңырау шалмады да деп

Мен сені кінәләмаймын!


Бар шуақ төгілгенменен,

Мен сенсіз көңілденбегем.

Мына төрт қабырға қамап,

Қабырғам сөгілгенменен

Мен сені кінәләмаймын!


Сезімді біліп, танып ек.

Сен соны ұмытпа жүрек.

Қамығып құлап жатқанда

Құшақтап жылытпады деп

Мен сені кінәләмаймын!


Жығылдым жырылды жаным,

Тек қалай ұғындырамын.

Мен өзім суынып жатып,

Өзіңді жылындырамын.

Тағдырдың сынағы шығарсың,

Мен сені кінәләмаймын,

Бәлкім кінәлі шығарсың!

***

Бәрі бітті, бітірдік, бастамадық,

Жарық күннің жанарын жасқа малып.

Мен қалайша өткенге өкінейін,

Тағдырымды табанға тастап алып.


Күткен едім, күтпе деп күдік қылдың,

Жыл жамаған жанымды жырып тындың...

Өзім биік көтерген үміт туын,

Өзім қайта амалсыз жығып тұрмын.


Жықтым өзім бір үміт құлады ол да,

Түспейтін уақыт екен сірә қолға.

Менің қолым ажырап кеткен екен,

Ғашықтар қол ұстасқан мына жолда.


Күлмейді енді өзені Көктөбенің,

Енді ол жаққа бағыт ап беттемедім.

Өз бақытым үшін де күресе алмас,

Өзімді өзім бүгін жек көремін...


Қош көңілім, қош менің бота мұңым,

Өшкен көңіл қиын-ау оталуың.

Махаббат алдындағы кінәм болса,

Мені де кешіре гөр о, тәңірім!


Жалынғандай қараса жесір кей күн,

Есіп өтер жанымнан ЕСІЛДЕЙ мұң.

Ақыннан алататұғын ақың барма

Махаббат енді сені кешірмеймін...


***

Тағы үңілді бір ару міне, міне,

Менің мұңды күйімді біледі ме?!

Әйнегінен сығалап жанарымның,

Қарап тұрған секілді жүрегіме...


Қымсынбайды, тіпті де дір етпейді,

Бұл жанардан дейтіндей кім өтпейді.

Оған әсер етпей ме кеудемдегі,

Төрт бөлініп жатса да жүрек мейлі...


Қарамашы болды енді шыдамаспын,

Салқындықтан келеді тұра қашқым.

Сен жылулық сыйласаң ұшып тұрып,

Құшып тұрып итерсең құламаспын...


Одан өзге жүрегім күтті нені?!

Сүйем десе кеудеме құт кіреді.

Арамыздың біразға алшақтығы,

Жақындатып тастады тіпті мені.


Ұшпасыншы тек бізден тырна бақыт,

Түн қаратып аспанмен мұңға батып.

Сен де кетіп қалмашы сағынышты,

Көзімнің әйнегінен сырғанатып?!


***

Сол бір күнгі самал жел мүлгіп өпкен,

Бір білек ажырады бір білектен.

Иығыма көз жасың тамған әрбір,

Тұсынан жүрегімнің сырғып өткен...


Сен жыладың сүйемін демейме деп,

Менің мынау мұңымды елей ме деп.

Ал менің ше, жүрегім жылап тұрды,

Оның жасы тығылған көмейге кеп....


Сен тас жүрек дегендей секем алдың,

Қимадың, қимай тұрып кете бардың.

Бірін тауып ал бірін жоғалтатын,

Кездесу мен қоштасу екен әр күн....


Әр күннің сен сезімін құйшы келіп,

Бұрқ етіп басылсыншы күйші желік.

Мені мұңсыз деп жатсаң көз жасымның,

Салмағын жастығымның исінен ұқ!


***

Ауылға барып қайттым аға...


Алма ағашы, сол қоршау, сол ауламыз,

Қора да тұр қорқатын жолауға біз.

Дөңгелегі майысып жатыр әне

Екеуміз су таситын қол арбамыз.


Мектеп те тұр нұрлы етіп бұл маңайды,

Тек балалар біздердей шуламайды.

Күз келгенде біздегі алманы да,

Қоршаудан қарғып түсіп ұрламайды.


Атам да жоқ қоритын алма бақты,

Еске түсіп е-е-ех аға жанға батты.

Сен мінетін тананың бұзауын да,

Өріске жіберерде таңбалапты.


Тауға түсіп қалғанда күн кекілі,

Көрінеді қай малдың кімге түрі?!

Сен бас киім кигізіп қуалайтын,

Қойлардан да қалыпты бірді-екілі.


Жейтін енді адам аз бұған қайғы,

Көз алдымда балалық бұлаңдайды.

Ағатай баяғыдай енді ешкімде,

Қошқарды сүзеген қып шығармайды.


Қарға да жүр қарқылдар құрты бар деп,

Тек баяғы кісінер жылқылар жоқ.

Қатық жайған жер де тұр дорбасының,

Сары суын ішетін сыртынан кеп.


Ошақ та бар жағатын көң пешіне,

Сырт жағы ше?-түсті ме енді есіңе,

Күлге картоп көмем деп таласқанбыз,

Апам нанын жапқан соң көмбесіне.


Ия, бұл да өткенмен көп ойланам,

Көрші бала келетін жолай маған.

Сен бірде бір топ асық алып келіп,

Ит мүжіген, қалғанын мен ойнағам.


Е-е-е туған жер, тыншыды жаным ақыр,

Таттаныпты су құйған сары бақыр.

Ано-о-о-оу жерде ошақтын артын ала,

Сен жасаған қармақтың сабы жатыр!


Мен ауылға барып қайттым аға...

Несін айтам ауыл да, үйің де аман,

Балалық жоқ көршіден қи ұрлаған.

Байынқол да тартылып кеткендей ме,

Уақыт дейтін балығы бұйырмаған.


Үнсіз қарап тұрушы ең кемелденіп,

Желең келіп кеттің сен өлең болып.

Аға енді ауылдың топырағын,

Сенің бір күн басыңа себем келіп...  




Көрілген: 2426    Пікірлер: 1

сейсенбі, 21.07.2015, 10:50

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31