Алаш ақыны

Нүсіпбай Әбдірахым: Сезім өлген шақта өлең өледі ...

  • Нүсіпбай Әбдірахым: Сезім өлген шақта өлең өледі ...

    Нүсіпбай Әбдірахым: Сезім өлген шақта өлең өледі ...

Нүсіпбай Әбдірахым - Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редактордың орынбасары.

1957 жылдың 22 қарашасында Алматы облысы Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылында дүниеге келген.

Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі. Өлеңдері бірнеше жыр жинақтарына енген, «Ақтарылам алдарыңда» (2007) және «Бесөрім» (2010), «Жансарай» (2017) атты кітаптары жарық көрген. Журналистика саласындағы жетістіктері үшін 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің грантын иеленді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдығы мерекелік медалімен марапатталды.


 


АҚЫН ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ


...Мұқағали ақынның адам қолымен емес,

табиғаттың тылсым күшімен сомдаған алып бейнесі

Алатаудың бір сілеміне көрік беріп тұр.

(Газет мақаласынан).


Ғажайыпқа сен мұны бала, мейлі, балама,

Тылсым сыр көп өмірде сыймайтұғын санаға.

Қарасазын сағынып, жырларындай ағылып,

Туған жердің тасына өніп шықты жан аға.


Тас демейік мұны біз, жүрегі бар тастың да,

Бұрқ-сарқ еткен жанартау жатар таудың астында.

Туған жерді сүюдің көрінісі бұл тылсым,

Бұл керемет ақынның сағынышы асқынған.


Тасқа айналған ақынның қасы, көзі, құлағы,

Әлпетіне тұңғиық асқақ бір ой тұнады.

Зеңгір көктен аялап аңсап өткен шуағы,

Еркелейді етекте сылдыр қағып бұлағы.


Шақырады тау, орман – тарқамаған құмары,

Ән салады сызылып құрағы мен қияғы.

Шағын ғана мүсін боп қонақтапты беткейге,

Шың боп кетпей шын ақын қалай ғана шыдады?


Мұқаң болып табиғат сөйлеп қоя берердей,

Жақпар-жақпар жартасқа қарап тұрмын елеңдей.

Нағыз ақын осындай тауда ғана туады,

Хас таланттан туады өлмейтұғын өлеңдер!


Ғұмыр кешті ұлы ақын сезім-отқа қарылып,

Ол сезімнен қазір де кетті демен арылып.

Тұла бойын кернеген тау-құдірет қуаттан

Таңғалмаймын тас мүсін кетсе қазір жарылып.


Арман еткен шөп болып шығып қайта көктеуді

Мұқаң рухы мәңгілік мекен етті беткейді.

Махаббат пен мейірім тұнып тұрған бұл жерде

Жоқ өсек пен ерегес,

Атқан оқ та жетпейді.


Күншілдер жоқ бұл жерде иттеріне талатқан,

Қаскөй де жоқ, бит те жоқ жабысатын балаққа.

Елім деген перзентім еңселеніп тұрсын деп

Тау бетіне оңаша орнатты ма Жаратқан?!.


Ақынына бас имей өткен небір күштіге,

Жалбақтамай күн кешкен тырнақты мен тістіге.

Жамандықты көрге ала кетпек болған өзімен

Ниетіне көл-көсір мейірімі түсті ме?


Жаратушым, нұр сәуле төккен қала, далаға,

Өзіңнен бір керемет тілегім бар қалаған –

Тас боп өнген талантты шуағыңмен аяла,

Перзентіңнен рақымың, мейіріңді аяма!


Тас бейне тұр қасқайып туған жердің төсінде,

Қалғымайды ол түнде де, таңертең де, бесінде.

Қазақ елін ардақтап төбесіне көтерген

Ақын елдің есінде,

Ақын елдің есінде!


 


МҰҚАҢА АРНАУ

Арман-ай, арман...

Өзіңді, Мұқа, көрмедім,

Алдыңнан шығып ағалап сәлем бермедім.

Құйын боп келіп, қыраттан асып жоғалып,

Самал боп бізге қайтадан соққан жел ме едің?


Жел ме едің, әлде, нөсерлеп келген сел ме едің,

Мұң менен жырға толтырып кеттің кеудені.

Құлагер аға, құйындай шауып кеткің кеп

Үздің бе күйкі тіршілік тұрған кермені?


Өзімше ақын боп жүрсем дағы өркеуде,

Жабырқап кейде қалады жүрек шерменде.

Қандай күй бастан кешер ем ерте туғанда,

Қайтер ем, аға, өзіңді кеше көргенде?



Серік боп жүріп біраз күн асыл қасында,

Бір күнім бейне көрініп тұтас ғасырдай

Абайлап жүрмей, ойымды бұғып жасырмай

Жарқ етер ме едім жалт етіп сөнген жасындай?..


Өзіңнен кейін дәуірдің жүгін көтерген

Жылауық жырды жаздым ба деймін бекерге?

Көргенде нағыз ақынды

Мынау тірліктен

Баз кешіп мүлдем өлеңді қойып кетер ме ем?..


Деп жүрсек тағы тірліктен мынау арлы өтем,

Қашанда өмір қанатты құсқа тар мекен.

Дариға-ай, Мұқа, өзіңдей болып айтарын

Айтып бір өткен ақында арман бар ма екен?


Тасқынды жырың жол салып тыңнан арналы

Атағың шырқау биікке қазір самғады.

Әділет деген осы ма, досың көбейіп,

Көре алмай жүрген күншілден ешкім қалмады...


Жүзеге асып арманың – асыл ойларың,

Уақыттың түпсіз тереңіне де бойладың.

Әділет деген осы ғой, байтақ еліңде

Аталып жатыр думанды мерейтойларың.


Өтеліп түгел қарызың менен парызың,

Жырларың ашты үлбіреп барлық қауызын.

Бір аунап жатқын табытта бүгін, әз аға,

Қаралып жатыр болашақ күнге арызың.


 


АҚЫН СЕЗІМІ


Мен жүз қызға ғашық болған шығармын…

Төлеген Айбергенов


Бал сезімдер бүршік жарған бөктердің

Баурайында мен де талай боп көрдім.

Ғажабы көп, тозағы көп сан түрлі

Сезімдердің бәрін бастан өткердім.


Мәпелеумен сезім атты шынарды,

Мәз боп талай қуандым да қуардым.

Көңіліме алғаш көктем орнатқан

Бір қыз мені ақын қылып шығарды.


Бір қыз маған балдай бақыт сыйлады,

Бір қыз мені ғұмыр бойы қинады.

Болашаққа жеткізеді деп сенген

Кемем талай быт-шыт болып қирады.


Көңілімнің солды қанша құрағы,

Соншама рет сөнді сенім шырағы.

Содан ба екен, Қозыдан да бақытсыз

Қодарға ылғи жаным ашып тұрады.


Бақ құсына қолы жетпей қалған көп,

Содан да өмір көрінеді жалған боп.

Қыз Жібектей ару күткен жолында

Төлегенде шынында да арман жоқ.


Көңіл қошта, бас-аяғың аманда,

Қонған бақты бағаламау жаман да.

Сонау шақта,

Жастықтың от күнінде

Бір қыз ғашық болып еді маған да.


Кім тапсырған бестікке өмір сынақты,

Мені де ұстаз – уақыт сыннан құлатты.

Есер жанды ессіз сүйген сол ару

Әлі күнге жылап жүрген сияқты.


Қарай алман сұлуларға сыздана,

Құмар болдым бір күн көрген қызға да.

Қиығын да салмай өткен көзінің

Күлімкөзге өлең жаздым қызғана.


Мен өмірдің қай бір сырын ұғыппын,

Жолықты ғой сан сұлулар қылықты.

Өте шықты бәрі ізін қалдырып

Жүрегіне тұнжыр көзді жігіттің.


Ұяңдаумын,

Әлде мүлдем жасықпын,

Айта алмадым жан сырымды ашып тым.

Алтын таңның арайындай ақ қыздар,

Мен сендерге әлі күнге ғашықпын!


Дегеніне көне бермес ақылдың

Өлеңімде жатыр шаттық, жатыр мұң.

Сезім өлген шақта өлең өледі,

Өмірге ол ғашықтығы ақынның.


 


ЖАЛТ ЕТКЕН БІР БЕЙНЕ


Жалт етіп өткен бір бейне,

Жадымда қалдың мәңгілік.

Жабырқап жүрген күндерде

Жанымды жүрдің ән қылып.


Сол бір сәт тәтті қиялдай,

Дүниенің бәрін ұмыттым.

Жан едім жүрген жұбанбай,

Деміңмен лезде жылыттың.


Жалт етіп қана жоғалған,

Жаным-ау, тәтті түс пе едің?

Көктеммен бірге оралар,

Күзбенен кеткен құс па едің?


Есімді кештеу жыйдым да,

Бұлдырап кетті-ау көз алдым.

Несіне ерте тұрдым мен,

Түс болсаң неге ояндым?


Қайдасың, жүрсің қай жерде

Армандай болған сол бір жан?

Қыс та өтті, енді қай кезде

Шығасың ұшып алдымнан?


Кешігіп келген көктеммен,

Көңілге аққу-мұң қонды.

Дариғай-ай, сол бір от деммен,

Жылытып жүрсің кімдерді?..


Елжіреп сен де түндерде

Есіңе мені алдың ба?

Жалт етіп өткен бір бейне,

Таба алмай мәңгі қалдым ба?


 


ТОЛҒАНЫС


Мен сені өлең үшін ойлап таптым...

Ж.Молдағалиев


Тұңғиығы тартып түпсіз ойлардың,

Бүгін тағы сен туралы толғандым.

Жолаушысы сияқтымыз екеуміз,

Ешқашанда тоғыспайтын жолдарың.


Болғанменен арман егіз, жол егіз,

Екі басқа жолмен тартып келеміз.

Айдынында өмір атты мұхиттың

Жолықпайды жүйіткіген кемеміз.


Жайнап тұрсын, мейлі, жасыл жаз ғалам,

Жалт етер бір сәт те қысқа,

Азғана!

Өкініш-ай, мынау қысқа тірлікте

Бізге мәңгі бір болуды жазбаған.


Берілмейміз десек дағы бар мұңға,

Көз жетпейді шексіз-шетсіз айдынға.

Мың тәубе етем сонда да мен, біздерді

Кеш те болса кездестірген тағдырға.


Мың тәубе етем – ортақ айдын біздерге,

Ортақ аспан –

Жалықпаймыз іздеуге!

Ай мен Күн аман тұрса бел будым

Сенен мәңгі үмітімді үзбеуге.


 


ТОЙ БОЛАДЫ КӨШЕҢДЕ

(Есенқұл қайтыс болғанда)


Қадіріңді білмедік деп айта алман,

Бәйтерек ең жапырағы жайқалған.

Өлім шіркін асықпайды дейді ғой,

Өмір ме екен меселіңді қайтарған?..


Тастағандай жаныңа әсем гүл егіп,

Жүрген жерің думан еді, жыр еді.

Жалған дүние-ай, қалай ғана тоқтады

Сұлулыққа ессіз ғашық жүрегің?!


Бірде шалқып,

Енді бірде жасып тым,

Тылсым сырлы бір әлемге асықтың.

Мына өмірдің батпан-батпан мұңдарын

Көтермеді жан жүрегі ғашықтың.


Жайсаң жолдас, абзал аға, шын ақын,

Жан емессің жер қойнына қиятын.

Жақсы адамдар көп дегендей жымиып

Жүзің ылғи шуақ шашып тұратын.


Жырға қосқан жауыны мен дауылын,

Бір-ақ сәтте қаңырады-ау ауылың.

Іздеп жатыр өзіңді Алтай, Атырау,

Іздеп жатыр жердегі бар қауымың.


Шабыт шақта «арманым жоқ» десең де,

Сол шіркінің көп еді ғой Есенде.

Бірақ жаның тыныш тапсын жаннатта –

Мерейтойың айналады мейрамға,

Әлі талай той болады көшеңде!




Көрілген: 1031    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 22.11.2017, 12:27

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
3 Қыркүйек, 15:16
Әбубәкір ҚАЙРАН: ЕРАСЫЛ
4 Желтоқсан 2016
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
желтоқсан
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31