Алаш ақыны

Оңайгүл Тұржан: БАБАЛАРДАН ҚАЛҒАН ІЗДІ ЖАҢҒЫРТЫП

  • Оңайгүл Тұржан: БАБАЛАРДАН ҚАЛҒАН ІЗДІ ЖАҢҒЫРТЫП

    Оңайгүл Тұржан: БАБАЛАРДАН ҚАЛҒАН ІЗДІ ЖАҢҒЫРТЫП

АЗАТТЫҚ

Үміт артып үміттерге Айдан ақ,

Үсіп кеткен ымырттарға тайғанап,

Желтоқсанның үстіменен жүгіріп,

Азаттықты жеңіп алдық Ай-Қанат.


Жеңдік! Бірақ... секілденіп төр өгей,

шаттық бізге келе қалмай телегей.

Қара жерім жансауғалап баратты,

Елім жатты төңкерілген кемедей.


Азаттығын танымаған қоғамдай,

Тұрдым, бәлкім, бостандыққа сене алмай.

Даламызға келгенменен жүріпті ол,

Санамыздың есігінен ене алмай.


Азаттығың жеткен кезде үдеріп,

Бәрі бірдей келмейді екен гүл өріп.

Жұдырықтар аңдиды екен алыстан,

Көрінбейтін саусақтарын жіберіп.


Бақталастар аз емес-ті іргемде,

Шындық жатты бұғып көңіл-түрмемде.

Өзге дін кеп алып кетті талайды,

Өз дініме тілім келмей жүргенде.


Азаттығым, сенің таңың атқанда,

Енді оларды сөз таба алман ақтарға.

Өзге тілге өріс болып кетті олар,

Қазағыма қазақ жетпей жатқанда.


Жамауымен алдарқатып шоқпыт-күн,

Тоқшылықтың келер сәтін көп күттім.

Кете жаздап, кете жаздап құрдымға,

Құлай жаздап қабіріне жоқтықтың.


Құлай жаздап... бірақ сенім қаны аунап,

әр қадамды, әр ізімді санауға ап,

тоз-тоз болған көйлегімнің ішінде

Азаттығым келе жатты алаулап.


Көк Бөрімен кеткен көңіл тірі екен,

Мыңжылдықтар іздеп мені жүр екен.

Қалт-құлт етіп түрегеліп қарасам,

Бейбарыстың тұлғасында тұр екем.


Көз алдымда айқындалып ақ-қара,

Жұмбақ әлем жұдырығынан сақтана,

Мазарлардың мазасынан оянды,

Томирис қыз сақтап қалған Сақ-дала.


Бара жаттым күллі әлемдік төрге өрлей,

Күліп тұрдым өзіме жан теңгермей.

Жылап тұрдым Күлтегіннің алдында,

Қарсы алдымнан Қағба шыға келгендей.


Ұлы бабам – ұланғайыр киелі,

Қара жерде қалған ізі жүйелі.

Олар жазып кеткен ойдың салмағын

Зорға ұстап тұр әріптердің сүйегі.


Ұлы бабам сөзін айтам бекемдей,

Сезімінің нәрі – бал мен шекердей.

Олар айтқан терең ойдың екпіні

Жердің шарын домалатып кетердей.


Күлтегіндік ойдың шың-құз қиясы –

Тас-кітаптың кепкен жоқ тас-сиясы.

Тілім, ділім – солар жазып қалдырған

Рухымның Конституциясы.


Тас-бабалар тас-көйлегі желбіреп,

Азаттыққа бір керемет берді леп.

Қуаныштың моншақ жасы қарап тұр

Көкбөрінің көздерінен мөлдіреп.


Ғұламасыз жаһан да тұл, тал да тұл,

Ұлы Абайдың ғаламына кел батыл.

Ойларында орман жатыр Абайдың,

Сөз бен сөздің арасында ел жатыр.


Бізді іздейтін дос көбейді жүздеп кеп,

Көңіл бірақ жүз қуарды, жүз көктеп.

Түсімізге енді Сәкен, Мағжандар,

Өздерінің бейіттерін іздеп кеп.


Іздеп кеттім, жылдар алдан ашылып,

Ғасырларды шарлап жүрді жас үміт.

Талайларды сақтап кепті бұл күнге,

Жусандарым жүрегіне жасырып.


Бұлт ішінен шыққан біз бір – Бала-Шың,

Бала-Шыңды қорғай көрші, Алаш-үн.

Астананы Бәйтерекпен бойлатып,

Сарыарқаның хан көтердік даласын.


КарЛаг жақтан қасіреттің иті ұлып,

Көктемдері мәні кетіп, күй тынып,

өр қазақты қан қақсатқан кеше бұл –

үрейлердің қонған жері үй тігіп.


Сол үрейдің орнын бүгін гүл еттім,

Құрбан болған боздақтарды жыр еттім.

Құлдық ойдан қашып шыққан санамды

Қобыланды жырына әкеп түнеттім.


Сарыарқаның сал желген бұл даласы –

Бүгінгі күн бар қазақтың Анасы.

Қандай алыс Ақмола мен кешегі,

дәл бүгінгі Астананың арасы.


Сенің еншің мына тау мен мына жер,

Еншісімен шыңдалар деп қыран ер,

бапталсын деп бұл Қазағым бәйгеде,

әлі шауып бара жатыр Құлагер.


Жастар өсті арманының түсі аппақ,

Кете алмастай оны ешкімнің мысы аттап.

Келбетінде жалындап тұр жас жігер,

Махамбеттің жырларына ұсап қап.


Азаттықтың мұхит-мұхит аумағы,

Қазақ деген елмен қайта лаулады.

Жер шарының ендігінен енді де ол,

Бойлығының тауларын да баурады.


Құлдық ойды талқан етіп үміт-ой,

Теңдік келді сәні бөлек, үні – той.

Сөйлемдердің көшесінде Азаттық,

Санамдағы сахнада ұлы той.


Астанадан дүнияға тарап таң,

Ұлы армандар, сен де енді қанаттан.

Уысымыздан шығармаспыз енді біз,

Азаттықтан енді айырма, Жаратқан!

***

ЖЕЛТОҚСАН-1986

Желтоқсанның шарасында

Тұнып тұрды қара шық.

Адамдардың арасында

Көшелер жүрді адасып.


Үмітімді таңдарым да

Тастағанмен аз-ақ қып,

Бағдаршамның бағдарында

Жанып тұрды Азаттық.


Талайларды құлы қылып,

Талайларды торға алған,

Балғасымен ұрып-ұрып,

Орағымен орып алған,


Қызыл жалау қыдырыстап

жүретұғын Алаңда,

Ұлы арманын ығына ұстап,

Дауыл жүрді соғарға.


Соқты дауыл. Дүбір кетті.

Ұран болып ұшқан үн.

Желтоқсанды дірілдетті

«Менің Қазақстаным»!


Жер-дүние – қалш-қалш,

келе жатты жан үптер,

қара түнді қарш-қарш

шайнап жеген танктер.


Келе жатты екінді еніп:

шыға келді көміп тер,

қызыл жалау секілденіп

өрт сөндіргіш көліктер.


Жігер едік лапылдаған,

жан-жағына шоқ тарап.

Сөндірмекке атылды оған,

Қара судан оқ борап.


Шынында да өрт едік біз,

Жалындаған от-кегі.

Бабалардың серті едік біз,

Серті едік біз өйткені.


Оқ тиіп, қан жосылған соң,

Қала алмады ой қалғып.

Өрт пенен су қосылған соң,

Цунамиге айналдық.


Бар жігерін құйды уысына,

Қайрат, Ләззат – балаң ер –

Антиқазақ вирусына

Қарсы шапқан қарагер.


Қуат беріп жан арманым,

Алаңға үміт жүз келді.

Қара халық – қара орманым,

Қолдап тұрды біздерді.


Әнімізді жалғап кекті,

Қосылды енді басқа да үн.

Екпініміз шарлап кетті

Күллі Кеңес аспанын.


Келіп тұрды баптауына,

Ұлы күрес жалаулай.

Балтық пенен Қап тауы да

Атқа қонды алаулай.


Қуатты енді содан күттім,

Көрсетіп жол жүлгесін.

Жетпіс жылдық бодандықтың

Шайқап бердік іргесін.


Білмей келген жасқанбақты,

Бодандықтың сұр әні.

Жұлдызы еді – бес тармақты,

Бес жылдан соң құлады.


Жиырма жылда тұнып шықты ән,

Кетті елім көшелі.

Біздің ұрпақ бұзып шыққан

Ұлы қамал осы еді.

***

Теңіз күнге қыздырынып жатады,

Тоңып қалған екен ғой деп ойлайсың.

Теңіз кейде қозғалмастан жатады,

Өліп қалған екен ғой деп ойлайсың.


Кеме көрсе, қуып бара жатады,

Кеме мініп кетіп қалсам дей ме екен?

Көз жасымен жуып бара жатады,

Көкбөрі елге жетіп қалсам дей ме екен?


Сағыныштан сапырылысып өрт үні,

Кейде даусы ентігеді желем деп.

Кейде оның қарғиды асау толқыны,

Алыстағы Алатауым көрем деп.


Қарап жатып шағалалар көшіне,

Тұтқиылдан тап беруін қоймайды.

Бала кезі түсіп кетсе есіне,

Толқындары Айды доп қып ойнайды.


Жата қалып жұлдыздарды санайды,

Көк Тәңірді жорамалдап табарға.

Толқын сосын жүз бұрылып қарайды

Жағадағы жалғыз тұрған саған да.


Сосын сен де сол толқынға жанисың,

Теңіздейін өрілетін сөзіңді.

Сонда ғана, сонда ғана танисың,

Көкбөрі оймен толқып тұрған өзіңді.

***

Бозторғайдың әуенінен аспан ап,

Жусан жатыр қырды жасыл шашқа орап.

Бір келген соң кетпейтұғын ешқашан,

Қара тастар – даладағы тас-қонақ.


Тас-қонақтар ұйықтап жатыр оянбай,

Өздерінің тау-мінезін баяндай.

Біз де – қонақ бұл өмірге келетін,

Бірақ сосын кетер аз-маз аялдай.


Иә, біз де – қонақ, бірақ жолды іркіп,

Қала алмаймыз.

Рух жолын салдыртып,

аттанамыз көз ұшында баратқан,

бабалардан қалған ізді жаңғыртып.


Кие – солар, замандарға төзген мың,

Иесі олар сөнбес рух-сөздердің.

Иесі олар сөйлемдердің бойымен

қашықтыққа жүгіретін сөздердің.


Мың ғасырлық қашықтық ол, жебе – мың,

Толқынымен жарға ұрса да кеме-күн,

Көз жазбауға, адаспауға сол ізден,

Ақ қағазда суыт жүріп келемін.


writers.kz 




Көрілген: 5108    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 04.01.2017, 12:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30