Сағыныш НАМАЗШАМОВА: Күлкіде де бар күрсініс...

Сағыныш НАМАЗШАМОВА: Күлкіде де бар күрсініс...

Бір күндік өлең жазбауым керек,
Азабы оның аз ба ауыр?!
Нәзира-күннің наздары бөлек,
Маң басса бұлттар қазбауыр.
Жаныңа келіп жайғасып алса
Хафиздер төккен ғазалдар,
Мың жерден мұқым айласы болсын,
Адасады әлі ажалдар.
Шарапқа толы шайқалып көзе,
Шалқыса сол күн шайырлар,
Шалдығып тұрып «қайталық» деме,
Түбінде оның қайыр бар.
Күндерді бастан кештің бе жарқын,
Күлкіде де бар күрсініс.
Дабырсыз мүлгіп кеттің бе, бәлкім,
Дүние дейтін сілкініс.
Шіркеуден емес, шірнеуіштерден
Қоңырау үнін тауып кел.
Көресің сонда, жыр теуіп іштен
Бебеулеп шығар бәйіттер.
Шатыр да шұтыр шытынай алмай,
Жатқызам сөздің тігісін.
Түбімді танып, тұшына да алмай,
Шатасып жүрмін, Шығысым.

ҰЛЫМА
Мектепті, балам, дәріпте,
Білімнің кілті - әліппе.
Ұстазың саған үйретер
Құдірет барын әріпте.

Қуантып бүгін анаңды,
Қолыңа алдың қаламды.
Балалық шексіз қиялмен
Бейнелеп бердің ғаламды.

Оқушы болдың,
қарт ана
мінгізбейді енді арқаға.
Тізесінде емес атаңның,
Отырсың бүгін партада.

Алтын күн төгіп шуағын,
Алтыға келдің, ұланым,
Шығарып салып мектепке,
Алдыңнан күтіп тұрамын.
* * *
Жадымда әлі.
Ол кезде жаз болатын,
жаз болатын жер-дүние назданатын.
Көкірегіме бақыт кеп құйылатын,
Аспан сілкіп жіберсе боз қанатын.

Жазға деген жанымның құштары анық,
Ай сыланып, жүретін құс таранып.
Төбемнен қалқып түссе қауырсындар,
Мен Сізге хат жазар ем ұстап алып.

Жүрегіме Сіз еккен ақ гүл өсіп,
бас айналып жүрер ем, бақты кешіп,
Есіңде ме,
таңда да, бесінде де,
Тұрар еді жанымнан жастық есіп.

Ескі жылдан есіме бір жетті елес,
Гүлге оранған қалада гүлдесте-кеш.
... Мені мәңгі сүюге, аялауға,
Сағынуға ешкім де міндетті емес.
* * *
Апыл-ғұпыл асықтырып алға күн,
Қызыл-жасыл түске бояп арманын
Екеумізді шақырады ертегі -
Кемпірқосақ қақпасының ар жағы.

Жо-жоқ, маған керек емес ертегі,
Сенем десе, сене берсін ел тегі.
Өткенімен өкіндіріп, өксітіп
Сүйем мынау өмір дейтін өлкені.

Ертегі әлем, еліктірме, шақырма,
(Бұл мүмкіндік біздер үшін ақырғы, ә?)
Біздің арман дүниеге келе алмай
Бебеулейді тәні бедеу жатырда.

Е, қайтеміз, біз көрмеген құқай ма?
Басымызға қашан бақыт құтайған?!
... Тоқтамады кісі толы автобус
Келесісін күт, айнам!
* * *
Мұңым емес шығар, бәлкім, бір менің –
Төгіп-шаштық шіліңгірін шілденің.
Құс жолымен қайтып бара жатыр ма
Қарашықтан қаз боп ұшқан күндерім.

Қалай оның бірі қалып, бірі ұшпақ?!
Көкжиекке көзің тікші дұрыстап.
Қадіріне жете алмаған көктемнің
Қабіріне барам енді гүл ұстап.

Ештеңені еншілемен ендіктен,
Есімімді әйгілемен ерлікпен.
Сырқатымды сыр ғып бүгіп қашқанмен,
Маған қарай ентелейді ем біткен.

Жан-жүйкемнің тазартам деп тозаңын,
Маған келіп таңады күз өз әнін.
Қайран болар ма екен дейтін үмітпен
Қаймана әннің қайырмасын созамын.

Құлағыма сарыны кеп бақсының,
Жайраң қағып жетелейді жас күнім.
Көрінейін демеп едім көмескі,
Бөрідейін білдірмейтін аштығын.

Мұңым емес шығар, бәлкім, бір менің –
Сүйген ерін... күйген ауыз... үрледім.

СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢДЕ
«Жаным, енді сен менен алшақтама,
Қуана білсек болды әр шаққа да.
Сыйым еді арнаған» деп жаныңда
Отырсам бір әдемі ән сап қана.
Бал шарабын сезімнің сұрап ішіп,
Сыр алысып түндерде, жыр алысып.
Үйімізге құттықтап қауым келсе,
Зыр жүгіріп жүрсем ғой құрақ ұшып.
Үй тірлігін, шаруаны ақылдасып,
Әр істі ортаға сап мақұлдасып,
Көп ішінде, алқалы топ ішінде
жарасып отырсақ қой жақындасып.
Жаңа өмірге балаша тәй-тәйласам,
Кері қарай ешқашан қайта алмасам.
Құшып тұрып,
орнымнан ұшып тұрып
«Сүйіктім осы ғой!» деп айқайласам.
Деймін де сабырымды шақырамын,
Тежеліп жүректегі нөпір ағын.
Содан соң тілегімді хат арқылы
Үн-түнсіз жолдап қана отырамын...
* * *
Кездейсоқ Сізге кезігіп,
Оянды қалай тез үміт?!
Аңсаудан қайтем бір күні
Жүрегім кетсе езіліп.

Түңілген шағым болса егер
Тірілтер Сіздей бар шебер.
Қайтер ем
Сізден басқаны
Жанарым көрмей қалса егер.

Мазамды алып бір көше
Ұйықтатпай қойды түн кеше.
Бағынбай бір күні аяғым
Сіз жаққа ғана жүрсе ше?

Бәрінің түзу тірлігі,
Түсінер дейсің кім мұны,
Өзіңізден басқа ешкімді
Естімей қалсам бір күні.

Аптығын баспай ақ арман
Аңқылдап шықса тағы алдан
Есіміңізден басқа еш сөзге
Тілім де келмей қалар ма?

Қайтер ем сондай туса күн,
Көзімнің алды кіл сағым.
Осы айтқан сансыз сырқатқа,
Мен, сірә, әлден душармын.

БІЗ БӘЛКІМ, КЕЗІГЕРМІЗ
Біз бәлкім, кезігерміз, кезікпеспіз,
Дәл енді баяғыдай желікпес күз.

Дәл енді баяғыдай нән шаһарда,
ыстық сезім, ынтық шақ аңсатар ма?

Қызғаныштан қызуымыз көтеріліп,
Шәрбәт татып тұрар ма шекер үміт?!

Татуласып қайтадан, «жаным» десіп
Жүрмеген соң, білерсіз халім нешік.

Елең етіп, жол қарап, құлақ түріп,
Сан күдікті санамнан лақтырып,

Қайран күндер қайырылса «қарағым» деп,
Мен тұрар ем бақытқа балағым кеп.

Ғашық дерті жаныма болып қайғы
Жол үстінде қайтадан жолықпайды.

Қараша үйден естілген қараша әні,
Жалғыздыққа жар болып жарасады.
Біз бәлкім кезігерміз...
* * *
Қауырсыным қардай аппақ,
Бауырым,
ол да ақ түсті болса деп ем ақ тілеп.
Ақ дүние сипатпастан сауырын,
Ұшқан құстай ұзап кетті бақ тілеп.

Аш белімде ақ семсерім бар еді,
Қылпылдаған қыланы жоқ кешегі.
Аңсау болған ақтың салған әлегі,
Сірә, бүкіл ғұмырыма жетеді.

Ақ орамал бұлғап едім ақ бұлтқа,
Көзін ақ шел қаптаған ба, көрмеді.
... Енді апара жатқанында ақтыққа,
Қара мені емдеді.

КӨКТЕМ БОП ЖЫРЛАП ӨТТІ АҚЫН
(Әбен Дәуренбековтің рухына)
Күліп жүргенмен, көпке сыр айтпай,
Өлең ғана еді ет жақын.
Өктем өмірге өкпесін артпай
Көктем боп жырлап өтті ақын.

Бағыңды қонған бағалай алсаң,
Жылжытар алға көшіңді ой.
Баладай аңғал, даладай дархан
Ақын дегенің осы ғой!

Жаным ерекше күй қалайтындай,
Көшкен бір бұлтпен ауса мұң.
Сиқыры жырдың сипалайтындай
Мадина қыздың саусағын.

Көңілде бүгін көп алаң ба екен?
Көп алаң болса, не дерсің?
Көктемде қайта оралар ма екен
«Балконнан ұшқан көгершін»?!
* * *
Қауырсыным қардай аппақ,
Бауырым,
ол да ақ түсті болса деп ем ақ тілеп.
Ақ дүние сипатпастан сауырын,
Ұшқан құстай ұзап кетті бақ тілеп.

Аш белімде ақ семсерім бар еді,
Қылпылдаған қыланы жоқ кешегі.
Аңсау болған ақтың салған әлегі,
Сірә, бүкіл ғұмырыма жетеді.

Ақ орамал бұлғап едім ақ бұлтқа,
Көзін ақ шел қаптаған ба, көрмеді.
... Енді апара жатқанында ақтыққа,
Қара мені емдеді.

АЙҒАЙҚҰМ
Шарпып өткенде таныс бір жалын
Шақырдың бізді, Айғайқұм.
Шыңыңа апарып табыстырғаның
Шимайы шығар маңдайдың.

Алға ұмтыламыз, алаңдамаймыз,
Ажырамастан қолымыз.
Артымызда әне, айғыз да айғыз
Айғайлап жатыр жолымыз.

Сеземіз іштей, жүректер жақын,
Жол алыс (мейлі, дұрыс-ақ).
Бірінің бірі ту еткен атын
Ұмытылмайтын ұлы шақ.

Төбеге жеттік сыңар үнді ойлап,
Қуанып құм да салды әнін.
Сол ғана тұрды құлағымда ойнап
Естіген жоқпын қалғанын.

Қатуланбай-ақ Қатудың тауы
Күлімдеп бізді қарсы алған.
Құм емес, сөйтсем ақылдың шамы -
Жүрегім екен ән салған. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста