Серік Томанов: Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?!

Серік Томанов: Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?!

Ақын Серік Томанов 1956 жылы Талас ауданы, Жданов атындағы кеңшарда дүниеге келді. Еңбек жолын «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің редакциясында бастады. Алғашқы өлеңдері де осында жарияланды. Ақынның алғашқы жыр жинағы 2000 жылы «Адасып жүрген ақбөкен едім» деген атпен жарық көрді. Оның «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған» атты өлеңдеріне сазгерлер ән жазды. Сыршыл ақын, қарымды қаламгер 47 жасқа қараған шағында 2003 жылы дүниеден өтті.


ТЕРЕКТІҢ ШЕШІМІ

Мен – терекпiн,
Тоналып тозған бүгiн.
Күзi жеткен жайдары жаздан бұрын.
Tipi өлiктей түнерiп тұрғанша бұл,
Қопарыла құлайын қозғал, дiңiм!

Қозғал, дiңiм,
Қинама, құлат мені.
Ұзынымнан түсейiн сұлап кері,
Мазалауын қоймай тұр мына бiр жел,
Бiтпеген бе, бәтшағар сынап тегі.

Қозғал, дiңiм,
Құлайын жаңқаланып,
Күн кешкенше, құр бекер қаңқа бағып.
Қарық болсын қысқы отын табылды деп,
Қожайыным қолына балтаны алып.

Қозғал, дiңiм,
Қалған жоқ, таңданар түк,
Қашанғы тұрам саған салмақ артып.
Сүйретiліп құр сүлде күн кешкенше,
Жалын болып лапылдап жанған артық!


* * *
Бақытты бастан теппеші, күнім,
Кетпеші деші қасымнан.
Өзегі дертті өкпешіл ұлмын,
Серттесіп өскен жасымнан.

Қасыңнан мені қумашы, жаным,
Тыңдашы әнін жүректің.
Сендегі саумал сырға асығады,
Тамырда тулап бір екпін.

Сағынышым-ау , сөз енді осы,
Сезесің нені сезімдім.
Өзіңнен өзің безетін бе едің,
Беземін десең өзің біл.


* * *
Ләйлі барда өмірде қайғы да бар,
Сағыныш бар, аңсау бар-бай мұралар.
Жалтақтау бар жолына сүйгеніңнің,
Жетер ме деп жаныма жайлы хабар.

Мәжнүні бар өмірдің мұңы да бар,
мұңы бар жан қалайша тыным алар.
Тыным алып жүргенмен күні бойы,
Оңашада көз жасын сығып алар.

Ләйлі-қайғы болмаса жүрегіңде,
Мәжнүн-мұң да болмайды бұл өмірде.
Мұңсыз,қамсыз күн кешкен адамдардың,
Түлкі жорта бастайды түнегінде.


* * *
Талауға түскен жұртым бар,
Қанауға түскен құл сынды.
Сорлының сөзін кім тыңдар,
Сорасы көзден ыршулы.

Көзінің жасы кеппеген,
Жұртым бар жалтақ, жасқаншақ.
Кетпеген тепкі өкпеден,
Шыққанмен қанша аттан сап.

Құралған өңшең тобырдан,
Жұртым бар көнбіс, көшке ермес.
Еті өліп кеткен елім бар,
Езіліп жатсын - ескермес.

Езілсін қанша өкшемен,
Талауға түссін тіпті әбден.
Құдайға үні жетпеген,
Құлындай даусы шыққанмен.

Қойдан да қоңыр жұртым бар,
Қорадан шықпай қамалған.
Қойшының зарын кім тыңдар,
Қасқырға жыртқыш таланған.

Шешілді шүкір - тұяқ бау,
Еркіндік бірақ жоққа есеп.
Бір қимыл керек сияқты-ау,
Мал болып мүлде кетпесек.


ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕК КИГЕН ҚЫЗ ОТТАЙ ЖАНДЫ

Қызық көйлек киген қыз оттай жанды,
Сол сол екен жүрегім шоққа айналды!
Аяғымнан әл кетіп тоқтай қалдым,
Ал жүрегім...жүрегім соқпай қалды!

Лап берді де ыстық леп отқа орады,
Есер сезім еркімді ноқталады.
Құдайдың бір әйтеуір сақтағаны,
Қызыл көйлек киген қыз тоқтамады.

Қызыл көйлек қайтіп сол көрінбеді,
Өшпей қалды өрт бейне көңілдегі.
Жанарымда біржола қалып қойды,
Лап бергені жалынның, шегінгені.

Жүр де мейлі бекерге жоққа налып,
Жалтақтаймын сол жаққа көп қадалып.
Шала жанған жігіттер жаман екен,
Өртеніп кетпеген соң отқа оранып.


АРЫЛМАС МҰҢЫМ БАР МЕНІҢ

Арылмас мұңым бар менің
Жанарға жасымды ірікпен.
Аштықтан қырылған елдің,
Сүйегін басып жүріппін.

Аттасам аңғал ниетпен,
Ауырлар мұңым батпандай.
Көмусіз қалған сүйектер,
Күтірлеп сынып жатқандай.

Ешкімді қостатпан көр деп,
Дала бұл – Қабір жайланған.
Сүйемдей бос жатқан жер жоқ,
Сүйекпен жабылмай қалған.

Аруаққа қараған жанмын,
Мен деме сатқын албастың.
Сыртқы елге дала-бабамның
Сүйегін бастыра алмаспын.

Кешір сен, асылды бассам,
Киелі шаңырақ – төрім.
Ешкімді басындырмаспын,
Алашым – аруақты елім!


ТҮС НЕМЕСЕ «ЖЕЛТОҚСАН ҚҰБЫЖЫҒЫ»

«Тұлпар» көрдім түсімде;
Басы-есек әлгінің,
Тұрқы-тұлпар пішінде,
Есек құсап ақырып,
Жылқыларға азу тісін батырып,
Ойран салып жүрді үйірдің ішінде.

Тұлпар құсап тұяқты,
Топтап-топтап тастайды,
Басы есек сияқты болғанменен,
Салпаңдатып құлақты.
Жылқыларды кәдімгідей жасқайды.

Есек деуге келмейді,
Тұлпар боп та мандымас.
Кісінесе, жөн мейлі,
Есек құсап ақырады әлгі бас.

"Қамбар ата-аяулым!
Қалыпсың-ау сорға анық"
Дедім-дағы қорланып,
Құрығымды қолға алып,
Айқай салып ояндым.


ЖЫРЫМ МЕНІҢ ЖҮЙРІГІМ....

Әбзелдерін әзірлеп таққан асыл,
Жалын сүзіп, жырымды баптағасын.
Шарт түйдім де құйрығын, қоя бердім,
Қаратып халық тұрған жаққа басын.

Жырым менің, жанардан жас парлатып,
Заула жолдың құм-шаңын аспанға атып.
Көзі шығып көлдердің шарасынан
Таулар тынып, қалсын бір тастар қатып.

Заула жырым, жер шарын айнала шап,
Тұяқтарың талмасын ойған ошақ.
Жетерінді сеземін жүректерге
Орта жолда ор құшып жайрамасаң.

Заула жырым, тоқтамай үш ілгері,
Жарты жолда қалмасын күшің кеміп.
Жаралы жүректерге дем беріп өт
Ортайып қалсын қайғы ішіндегі.

Жүйткі, жырым-жүйрігім, желқанатым,
Жеткіз, жылдам жыраққа кең дала атын.
Қазақтың қиыры кең даласында
Ақын барын жер жайлы толғанатын.

Заула жырым, белдерден батыл асқын,
Сен үшін мен жанымның отын аштым.
Тек жетіп жығылғайсың жүректерге
Балтасына жолықпай Батыраштың.

 

* * *
Қаздандаған қаламымның ізінен,
Қаз-қаз басып жыр тұрса.
Құп-қу болған қағазымның жүзіне,
Қан жүгіріп, құлпырса.

Құмырсқадай құжынаған қара өлең,
Қаламымды қаумаласа, қаптаса.
Қарақшыдан қашқан жандай даламен,
Қан сорпа боп қалам тыным таппаса.

Олай қашса, бұлай қашса бұлтақтап,
Тығылатын жер таба алмай жалғаннан.
Қуған сайын құжынаса жыр қаптап,
Ойхой, шіркін!
Одан өткен бар ма Арман!


ҚАЛАМАҚЫ ХАҚЫНДА...

Тиын санап жолына, көлеміне,
Қаламақы алмаймын өлеңіме.
Жазғандарым жүрекке жетсе болды,
Басқа маған байлықтың керегі не?

Өзім қожа қашанда өз бағыма,
Ақы алмаймын сондықтан жазғаныма.
Маған сол да жетеді, жүректерге
Жылу беріп жырларым маздады ма?!

Ақы алмаймын жазылған жырларыма,
Қызықпаймын ешкімнің пұл, малына.
Маған сол да жетеді
Жырымды оқып,
Жылағанның көз жасы құрғады ма?!

Айырбастап алтынға жездерімді,
Саудаға сап жүргем жоқ сөздерімді.
Одан өткен байлық жоқ, жазғанымнан
Оқырманым сезінсе өзге мұңды.

Тоқсан тарау өмірдің торабында,
Одан өткен бақытты табамын ба?
Жырым тегін жұрағат, халқым үшін
Қаламақым - халқымның қабағында.


РУХАНИ КЕРЕҢДЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖЫР НЕМЕСЕ АБАЙҒА ЖҮГІНУ...

Құлағыңа қу өлең сіңбей қалып,
Отырсың ба меңіреу түнге айналып.
Түңілдім-ау, қайтейін тым болмаса,
Түсіре алмай санаңа тілдей жарық.

Жыр оқысам, жадырап қалар ма деп,
Алынбайтын тап боппын қамалға кеп.
Қалғып кетер бас шұлғып отырып-ақ,
Қалмапты ғой қашанғы қараңғы әдет.

Қайта қайтқан дауыстай жарға барып,
Өз үнім тапты өзімді зорға оралып.
Қай шамада қайран ер жүр екенсің,
Құлағыңды құлқынға жалғап алып.

Қу өлеңге құлақтың сыртын беріп,
Қай шамада жүрсің сен құлқынға еріп.
Жырға орын табылмай қалды ма әлде,
Жүрегінді "мүңкіген" мүлкің көміп.

"Өлең саған көрерміз мал болар" деп,
Отырмысың күлкіңді зорлап әнтек.
Бақытың да, басқаң да - байлықта деп,
Тура жолды өзіңше тандаған боп.

Бетпе-бет кеп малдымен, мықтылармен,
Қайран Абай сенде бітті дәрмен.
Мыңмен жалғыз алысқан, сөз патшасы,
Мен сені ұқтым әбден, ұқтым әбден.


ТАРТ ҚОЛЫҢДЫ...

Тарт қолыңды!
Ақынға тиме, надан!
Ақымақтық - ақынды сыйламаған,
Ақын деген Аққуы адамзаттың,
Адалдықты қайта сен үйрен одан,
Ал Аққуға оңбайды тиген адам.

Тоқтат қане!
Ақынды таяқтама!
Аласұрма ақынды аяқтан ап,
Ақын деген халықтың ардақты ұлы,
Елден бөліп сондықтан саяқтама,
Тоқтат қане, ақымақ, таяқтама!

Жетер енді!
Несіне керілдедің?!
Ақылға кел, ашуға берілмегін,
Ақын деген ақиқат, ақымақ-ау,
Ақиқаттың көріп пе ең жеңілгенін.
Айт одан да, не сенің көңілдегің?..


АҚЫН ЕКЕМ...

Мына мен ақын екем,
Жырға жомарт жүрегі сақы мекен.
Өмірдегі өзімдей өнерде де,
Өлеңде де өзгеше аты бөтен,
Сенесің бе, мына мен ақын екем.

Ақын екем өз үні, айтары бар,
Кеудесінде тұңғиық Байкалы бар.
Кемерінен кейде бір асып жатса,
Кей-кейде арнасына қайтарылар,
Ақын екем мына мен айтары бар.

Ақын екем, мен соны жаңа білдім,
Ақындық ізінде емес қаламымның.
Ақындық - астында екен мына менің,
Жақсылыққа жасаған қадамымның.
Мен соны жаңа білдім.


У...

Нәлеті мынау нарықта,
Мен ішпеген у мен заһар қалып па?!
Соның бәрін өзегімнен өткіздім,
Зардаптары тимесін деп халыққа.

У сойқылы удың бәрін мен іштім,
Тауқыметпен тағдырым деп тоғыстым.
Қолқамды кеп қапқан удан қайтпадым,
Қолдағанын кім біледі не күштің.

Шинелінен шықтым демен Гогольдің,
Құрсағынан тудым таза елімнің.
Замананың запыранын жұтқаным,
Қалағаным тазалығын тегімнің.

Баукеңдер мен Шерхандардың көйлегін,
Киіп алып, кимеледім, сөйледім.
У мен зәрдің исін сезсе, зытады,
Тышқан аңдып тұштандаған кей бөрің.

Таңсық болмас тауқыметке таң қалу,
Қайманаға қиын бірақ аңғару.
Әлі талай ақынға азық болады-ау,
Құнанбайдың баласынан қалған У.


ӘКІМ МЕН ӘҢГІМЕ
Ақкөз ақын мен болсам,
Қызыл көз әкім сен едің.
Қой бағып мен қор болсам,
Қор болдың-ау демедің.

Қабандай боп жондандың,
Халықты алдап жеп жүріп,
Қаламдай боп мен қалдым,
Қағазымды кеміріп.

Қарын кетті сені ертіп,
Қанағаттан аулаққа,
Дарын кетті мені ертіп,
Қала жаққа тау жаққа.

Сенің аузың салымды,
Тақтан таққа мінесің.
Менің аузымдағымды,
Тақпақ па деп күлесің.

Сен де билік, тақ болса,
Мен бір жүйрік қаламмын.
Алтынға сен аттансаң,
Халқыма мен қарармын.

Мен-жүрекпін
(Сол артық!),
Халқым үшін қайғы алдым.
Қос аяққа боқты артып,
Сен қарынға айналдың.

Мен-дарынмын,
Сен-қарын,
Айырмамыз сол біздің.
Халқым білер ол жағын,
Мен өлеңді өргіздім.

Ақкөз ақынның ары,
Атылса да өлмейді.
Қызыл көз әкімнің малы,
Сатылса қайтып келмейді.


* * *
Самайымда ақ қырау,
Маңайымда бақ сынау.
Тойлағаным тәттілеу,
Ойлағаным ащылау.

Көздерімде көлеңке,
Сөздерімде кең өлке.
Келтірмеңдер маған сөз,
Өлтірмеңдер мені ерте.

Маңдайымда мың қатпар,
Таңдайымда түрлі ақпар.
Мұңдарыммен мың батпан,
Сырларымды тыңдап қал.

Уа, тыңдап қал, тыңдарман,
Бекерден-бекер тұлданбан.
Арттағыға сөз қалсын,
Өтер де кетер бұл жалған.


 

«ЭПИТАФИЯ»
(Құлпытастағы жазу)

Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,
Таусап таттым жердегі несібемнен.
Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,
Топырағым бұйырды осы жерден.
Ата-бабам, бауырым, туысым да,
Осы жерде: төбенің қуысында.
Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ,
Топырақ тек қалғаны уысымда.
Бір кісідей шайқап ем тірлігімде,
Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?!
Адамдарға айқайды салар едім,
Амалым жоқ қайтейін, білдіруге.
Ей, тірілер!
Өмір жоқ өлім барда.
Тілегім сол: соқпасын жолың жарға,
Қу тірліктің бағасын білгің келсе,
Көз қырыңды салып қой қорымдарға.

Ей, тірілер!
Құлақ ас өлілерге,
Есептесер қу тірлік сенімен де,
Ажал бір күн аптығып жетіп келсе,
Жарты қарыс жер қалмас шегінерге.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста