Алаш баласы, айнаңа қара!

жексенбі, 30.04.2017



Алаш ақыны

Темірхан МЕДЕТБЕК: Қазақтың тағдырын ойлап қарасаң, Өз-өзіңнен түршігіп, өз-өзіңнен тоңасың...

  • Темірхан МЕДЕТБЕК: Қазақтың тағдырын ойлап қарасаң, Өз-өзіңнен түршігіп, өз-өзіңнен тоңасың...

    Темірхан МЕДЕТБЕК: Қазақтың тағдырын ойлап қарасаң, Өз-өзіңнен түршігіп, өз-өзіңнен тоңасың...

ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ

Қазақтың тағдырын

Ойлап қарасаң,

Өз-өзіңнен түршігіп,

Өз-өзіңнен тоңасың:

Оның өткен жолы да,

Бүгінгі жолы да,

Тіпті ертеңгі жолы да -

Тар жол тайғақ кешулі,

Боран мен борасын.

Зорға ашасың

Тарихтың әр бет,

Әрбір парағын,

Өйткені оның

Әр бет, әрбір парағы -

Тонна-тонна

Ап-ауыр

Қайғы мен

Тонна-тонна

Ап-ауыр нала, мұң.

Мына қу тағдыр

Бұл халықты

Балшықтай езіп,

Жүндей түтіп

Жасытқан секілді...

Тіпті оның

Жейтін нанын да

Жаңбырдай сорғалаған

Көз жасына илеп,

Булыққан

Ашу мен ызасына

Ашытқан секілді! 



МЕНIҢ ӨЛЕҢIМ

Бiреулер – өлеңнiң –

Ұйқасын кiрпiштей қалап.

Сылағын қаймақтай жалап,

Мұнтаздай етiп,

Майлап жатыр.

Менiң өлеңiм

Өмiрдiң өзiндей боп

Талқаны шығып,

Iшек-қарыны ақтарылып

Жайрап жатыр.



ҚУАТ ЖЫРЫ


Еңкіп-еңкіп соққанда

Таудың денесінен

Тастар бұршақ боп құйылды,

Серпіп – серпіп соққанда

Үзіп жібердім

Шынжыр боп шырмалған

Бұғау боп күрмелген түйінді.

Күсінгенімде –

Күн күркіреді.

Сілкінгенімде –

Жер тітіренді.

Хахахулап

Жар салғанымда

Аспандағы бұлттар

Жерге қонды.

Ахахулап

Ән салғанымда

Аспандағы құс біткен

Көлге қонды.

Еңкейгенге еңкейдім

Шалқайғанға шалқайдым.

Асқанның орманын

Отындай өртедім,

Тасқанның көлдерін

Астаудай төңкердім.

Қысқанда қу ағаштан бу шығардым.

Сыққанда

Қара тастан су шығардым.

Атанды асықтай аттым

Қарсы келгенді

Қазықтай қақтым.

Алшайып жүрдім.

Талтайып тұрдым.



БІЗ ҚАНДАЙ ЕДІК

Арымас аттар мінетін

Тозбас тондар киетін;


Қара тастарды қақ жарып,


Қарағайлардай

Қаптап өсетін;

Қара нарлары

Шудалары жепілдеп,

Қара бұлттардай көшетін;

Айғырлары

Күнге қарап кісінеп.

Биелері

Айға қарап құлындаған;

Кетіссе –

Бұрылмаған.


Сөздерін

Тасқа қашаған;

Алыпсоқтарының итаяғын

Оюлап

Жезден жасаған;

Алтайды жастанып жатса

Аяғы Үрімге жеткен,

Керілсе

Үрімнен де өткен;


Кермелеріне

Тайбурыл мен

Керқұла байлаған;

Алты айшылық жолдарды

Алты күнде айналған;


Қамалдары

Құлжалар шыға алмас

Ақар-шақар құз болған;

Қағандары

Күн астындағы

Күнікей қызды алған;


Тәңірден басқа

Қайтпаған ешкімнен;

Ібіліс, жындарға

Қара тастарды түттіріп,

Дю мен періге

Құмнан арқан естірген;


Күн жағы

Күміс діңгекті,

Ай жағы

Алтын діңгекті,

Ордада отырған

Сол жақтан келгенді

Жапырған,

Оң жақтан келгенді

Опырған;


Желдей аңқылдап,

Сұңқардай саңқылдап сөйлейтін,

Даладай кең, таудай биік

халық едік,

Алып едік.


Сол елді

Алқымынан сыға-сыға

Шымшық торғайдай

Шиқылдап сөйлейтін

Төменшік етті.

Төбесінен ұра-ұра,

таудай биік жұртты

Төбешік етті.


Шүкір!

Қайтадан көтеріліп келем!

Баяғы Айым

Қайта туардай!

Баяғы күнім

Қайта шығардай! 



ШАБЫТ ҮСТIНДЕГI АҚЫН

Мына ақынның

Желдi күнгi өрттей

Бұрқырауын-ай.

Елiн ойлап

Жан жүрегiнiң

Шырқырауын-ай.

Жерiн ойлап

Сай-сүйегiнiң

Сырқырауын-ай.

Көздерi – шоқ секiлдi! –

Сөздерi – от секiлдi! –

Жанып тұр.

Неткен шабыт бұл.

Бауырынан

Нөсер құйғызып,

Жел тұрғызған

Бұлт секiлдi.

Бiр өзi –

Азап пен сор көрiп

Намысын жаныған

Тұтас бiр Ұлт секiлдi.



ТҰТАС БІР ӘЛЕМ ЕДІҢ


Қайран Әбеке!

Алтай мен Алатаудай

Биік едің,

Сарыарқадай кең едің,

Маңғыстаудай бөлек едің,

Атыраудай терең едің.

Шетсіз-шексіз

Тұтас бір әлем едің.

Сенің де кеткенің бе?

Ешкімге опа бермейтін

Мына жалған тірліктен

Сенің де өткенің бе?!

Әлде сенің өлімің де

Қалың қазақ үшін

Атаулы күн боп қалар

Текті өлім бе?!

Алдында жанып тұратын

Қазақтың жарығы едің.

Елің мен жеріңнің

Халы мен күйін ойлап

Қаншама күйініп,

Қаншама жанып едің.

Тамыры тереңге кеткен,

Ұшар басы бұлтқа жеткен

Алып едің.

Дәл қазір

Сенің өліміңнен

Қара жер белдеуі

Қайысқандай болып тұр.

Таулардың белдері

Майысқандай болып тұр…

Қош бол, Әбеке!

Ғұмыр бойы өзің

Елім деп өттің ғой,

Еліңнің белі

Болаттай бекем болсын!

Мәңгілік орның

Бар қазақ тағзым етер

Қасиетті мекен болсын!

Әумин!



БЕРIКТIК

Жұмағали Әбуұлына


Менi, қазақты, –

Жан-жағымнан анталап! –

Құртқысы келдi.

Дүкендегi матадай –

Дар еткiзiп! –

Жыртқысы келдi.

Су шүберектей

Сығып тастағысы келдi.

Шөлдегi құмдай

Үгiп тастағысы келдi.

Бiлемiн:

Жұғымым аз,

Жатқа мұздаймын.

Бiрақ мұз емеспiн!

Жел үңгiп,

Күн кемiрiп,

Жаңбырлар тамшыларымен

Мүжiп жатса да

Құламайтын құздаймын!



ҚОРҚАМЫН!

Елемнің іргесінде

Өрт болып жатыр...

Жанымның ішіне

Дерт толып жатыр.

Заманның қабағынан

Қар жауып тұр.

Қар емес

Қан жауып тұр.

Қатерлі сөздер

Ауғанды бомбылағандай

Жүрегімді! –

Бомбылап жатыр.

Арман, тілегім

Қасат қарды бұза алмай

Омбылап жатыр.

Суларыма

У қосып жатқандай.

Елімді –

Бүлікке салам деп! –

Жын басып жатқандай...


Әлденелер

Жалмаңдап кезіп жүр.

Әлденелер

Жалбаңдап безіп жүр.

Шамым мен шырағым

Өшіп бара жатқандай,

Ормандарым

Жерімді тастап

Көшіп бара жатқандай.

Өзекке түскен от

Жолымды қуырып тұр.

Көз жасым

Жүзімді кесіп,

Омырауымды орып

Құйылып тұр.

Бауларым

Қурап қалардай,

Тауларым

Құлап қалардай

Қорқамын!



ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ II ҚҰРЫЛТАЙЫНДА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Өткен замандарда,

Қандай дархан едік.

Қандай тарпаң едік!

Жауларым Алты қырдың астынан

Күшігімнің үргенін естіп,

Безіп қашатын.

Төріме шықпақ түгілі,

Төбеме шықпақ түгілі –

Қаңсыған тулағымды

Оюулы етіктерін

Шешіп басатын.

Жалымыз қарағайдай

Жанымыз

Сарыарқадай кең болатын!

Көптігіміз сондай

Қатар тұрып түкірсек,

Түкірігіміздің өзі

Айдын шалқар көл болатын!

Арда ұлдарымыз

Алшаң-алшаң жүретін,

Балпаң-балпаң басатын,

Ханышаларының шымылдығын

Найзасының ұшымен ашатын.

… Сондай елді жау

Қиындыққа салды,

Қиянатқа шалды!

Сонан кейін

Талай-талай бауырды –

Қойдай маңыратып,

Жылқыдай кісінетіп,

Түйедей боздатып –

Елінен бездіріп,

Дүниені кездіріп жіберді.

Балшықтай илеп

Ез қылып жіберді.

Айым қайта туды,

Күнім қайта шықты!

Енді, міне –

Дүниенің түкпір-түкпірінен

Қаздардай қаңқылдап,

Сұңқардай сұңқылдап

Аспанымның астын,

Жерімнің үстін толтырып

Келіп жатырсыңдар!

Тәуелсіздігімізге тәубе деп,

Еркіндігімді Көріп жатырсыңдар!

Көгімде Көк байрағым желбіреп тұр!

Қазақстанымның жүрегі –

Өздеріңді көріп Елжіреп тұр!



АУРУ ҚАЗАҚСТАН

Сынап бағаналары

Шегіне жетіп,

Дәл қазір

Қазақстанның қызуы

Көтеріліп тұр.

(Менің сөздерім де

Ып-ыстық боп,

Өн-бойына

От өріліп тұр).

Қазақстанның ауруы

Асқынып кетті-ау.

(Мынау қатыгез заман

Жігерін құм,

Жанын тас қылып кетті-ау).

Орман-өкпелеріне

Құрт түсіпті.

Жеті жұрт келіп,

Жеті жұрт көшкен

Маңғыстау мен Атырауға

Бізге жат –

Сегізінші –

Жұрт келіп түсіпті.

Деміккен Қазақстанның

Көзіне!

– Мөлтеңдеп жас толып кеткен.

Арал мен Балқаштай

Екі бүйрегіне

Тұз бенен тас толып кеткен.

Тұла бойы күйіп барады.

Аяқ-қолы Ұйып барады.

Құтқаратын кім бар?

Айнала

Дауыл күткендей

Абыр-сабыр.

Піскен нандай боп

Сап-сары боп жататын

Алып Сарыарқа

Сауысқан шоқып тастаған

Көтерем сиырдың арқасындай

Жауыр-жауыр.

Дәл қазір

Ол Жоқты – жоқтап,

Барды – даттап жатыр.

... Ауру Қазақстан

Анда-санда

Қазақша бірдеңе деп,

Орысша Сандырақтап жатыр.




Көрілген: 1091    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 15.03.2017, 09:05

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30