Ел жаңалықтары

Назарбаев ақшасын шетелге тыққандарға: өздерің қайтармасаңдар, басқа жолын табамыз

  • © Sputnik / Виктор Толочко

    © Sputnik / Виктор Толочко

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды ақшасын елде сақтауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.


Ұлттық телекөпір барысында Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі капиталды елге қайтару бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін қадап айтты.


"Капиталды Қазақстаннан шығарып, шетелде ұстап отыр. Оның бір жолы жалған немесе күдікті экспорт-импорт келісімшарттарын жасау болып отыр. Қолданыстағы валюталық заңнама жауапкершіліктен сытылып кетуге мүмкіндік береді, тікелей шектеу жоқ. Бақытжан Әбдірұлы (Бақытжан Сағынтаев – премьер-министр), оған жол бермеу үшін ертеңнен бастап заң жобаларын әзірлеуді бастау керек", — деген мемлекет басшысы шеттегі ақшаны қорықпай елге әкелу үшін бірнеше рет заңдастыру науқаны жүргізілгенін атап өтті.


"Үш рет өткіздік, кімді жауапкершілікке тарттық? Кімді отырғыздық? Ешкімге тиіскен жоқпыз. Неге ақшаны шетте ұстап отырсыздар?! Қазіргі әлемдегі санкция жағдайында қауіп зор, ешкім де көмектесе алмайды. Елге қайтарыңдар ақшаны, тағы қандай кепіл керек? Қандай заң, жарлық керек? Айтыңдар, мен істеймін. Мұны істемесеңдер, біз өзіміз істейміз, сосын ренжімеңдер", — деді Елбасы.


Президенттің айтуынша, 18 отандық компания шетелде 12,5 миллиард доллар ұстап отыр.


"Бұл ақша біздің экономикаға көмектесер еді. "Теңізшевройл" шетелге 4,5 миллиард доллар, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы 3 миллиард доллар, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясы 2 миллиард доллар, "Азия газ құбыры" 1 миллиард доллар, "Бейнеу-Шымкент" газ құбыры 100 миллион доллар жіберген. Қазақстандық ресурстардан пайда тауып отырып, ақшаны сонау жақта ұстап отырсыздар. Неге бұл ақша Қазақстан экономикасына жұмыс істемейді?!", — деп кейіді мемлекет басшысы.


Президент компаниялар мен олигархтарға бүкіл елдің көзінше ескерту жасап, елдің ақшасын тықпауға шақырды.

"АҚШ әлемдегі бүкіл офшорларды жария етті. Швейцарияда да ешкім тыныш отыра алмайды. Англия бүкіл ресейлік, оның ішінде қазақстандық олигархтарға да есепшоттарын ашуды талап етті. Нені күтіп отырсыздар?! Акционер ретінде үкіметке мәселені шешуді тапсырамын. Әркіммен сөйлес, егер істемесе, онда басқа жолмен ол ақшаны қайтарамын. Бүкіл Қазақстанның көзінше ескертемін. Мемлекет ол ақшаны табу үшін жағдай жасады, ал енді елдің ақшасын тығып отырсыздар. Жетер", — деген Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасына ақша құйған компаниялар мен бизнесмендерді үлгі етті.


"Қазақстан Темір Жолы" тапқан ақшасына тепловоздар, электровоздар тағы басқа өндірістерді іске қосты. ENRC Ақтөбеде хром өндіретін жаңа зауыт салды. Бизнесмендерді айтсақ, Нұрлан Смағұлов "Мега" орталықтарын бүкіл жерде ашып жатыр. Ақша салып, осы ақшаға кредит алады. Болат Өтемұратовты та мақтауға болады. Ritz-Carlton қонақүйіне жұмсалған қаражаттың 25 пайызын өзі салып, қалғанын инвестиция есебінен жасады. Тимур Құлыбаев St. Regis қонақүйін салды. Бұл екі қонақүй әлемдік деңгейдегі жоғары бренд. Тағы басқа адамдар бар шығар? Мен ұмытып кетуім мүмкін. Басқалар неге осыны істемейді?", — деді президент.


"Сондықтан, достар, еркелеуді доғару керек. Шетелде яхта, бірнеше елде коттедж алып, шалқып отырсыңдар. Біз ешкімді тексеріп жатқан жоқпыз, адал ақша табуға мүмкіндік беріп жатырмыз. Сондықтан ақшаны елге қайтарыңдар. Ақшаны елде, үйде ұстаған қауіпсіз", — деп түйді сөзін мемлекет басшысы.




 




Көрілген: 181    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 06.12.2017, 15:29

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
желтоқсан
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31