Даңқты 100 атқыштар бригадасының жауынгері

Даңқты 100 атқыштар бригадасының жауынгері

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жауынгерлері ерліктің асқан үлгісін көрсеткен, құрамынан 11 Кеңестер Одағының Батыры шыққан қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасы Алматы қаласында жасақталғаны белгілі. Осы бригаданың сапында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың,  жазушылар Әзілхан Нұршайықовтың, Тахауи Ахтанов пен Қасым Шәріповтің жауға қарсы ерлікпен шайқасқандары көпке аян. Ал бригада комиссары Сақтаған Бәйішев бейбіт өмірде академик-ғалым атанды. Он сегізге енді аяқ басқан қатардағы қызыл әскер Сейітахмет Құрманғалиев та осы бригада сапында мыңдаған жауынгерлермен бірге талай қанды шайқастарды  басынан өткерген.

Сарғайған хаттар сыры
 Сыртында «Полевая почта» деген соғыс жылдарына тән белгісі бар хаттар сары сандықтың түбінде сақтала-сақтала әбден сарғайып кеткен, уақыт табынан жазулары да өшуге айналған. Бәрі де: «Аса құрметті көретін үй-ішім...» деп басталатын хаттардың бірі майданға жол тартып бара жатқанда жазылған сыңайлы. Өйткені, хаттың аяқ шеніндегі: «Ақтөбе облысының Қандағаш станциясында тұрмыз, больницада Итбаев (әлде Игібаев болар-М.Ә.) Слямды көрдім, аяғынан оқ тиіп жараланыпты. Тұяқбаев Қ... да жаралы болып осында жатыр деп естідім» деген көмескі жазулар әрең оқылады. 
Ал енді  мына бір хаттың аяғында «1944» деген жазу бар, айы мен күні оқылмайды. Соңын ала: «...дайындықтамыз... бүгін-ертең... Алладан менің амандығымды сұраңыздар...» деген сөздерді әрең шығардық. Егерде өзінен хат келмей кетсе, саяси бөлімдегі біреуден білулеріне болатынын ескертіпті. Бүгін, ертең деуіне қарағанда, сірә, бұл кезекті шабуылға шығар алдында жазған соңғы хаты болуы керек. Олай дейтініміз, хат иесі Құрманғалиев Сейітахметтің 1945 жылдың 23-қаңтарында госпитальда ауыр жарақаттың салдарынан қайтыс болғаны белгілі. Бұл жайында туысқандарының қолдарында КСРО Қорғаныс министрлігінің әскери-дәрігерлік мұражайынан алынған анықтама сақталыпты. Онда 412-атқыштар полкінің бөлімше командирі сержант Құрманғалиев Сейітахметтің 1945 жылдың 15-қаңтарында госпитальға түскені, ал қаңтардың 22-сі күні таңғы сағат 4-те қайтыс болғаны айтылады.    
Майданнан жолданған бүл хаттар жетпіс жылдан астам уақыттан бері Сейітахметтің  апайы Күләш Көбелекова мен інісі Құрманғалиев Сейітбектің қолдарында сақталып келген. Сейітбек дүниеден өтерінде, ағасының көзіндей көріп, мұқият сақтап келген хаттарды баласы Қайратқа аманат ете табыстаған екен және ұлынан Сейітахметтің қай жерде жерленгеніне іздеу салуды сұрапты.
Енді Сейітахмет Құрманғалиевтың кім екеніне тоқталайық. Ол 1922 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында туған. Соғыстың алдында сегізжылдықты үздік бітіріпті. 1941 жылдың күзінде әскерге шақырылған. Сол кезде Алматыда жасақталып жатқан 100-атқыштар бригадасының құрамына алынады. Жауынгердің куәлігінде: «Құрманғалиев Сейітахмет жолдас 1941 жылдың 3-желтоқсанынан жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы қатарында қызыл әскер болып әскери қызметке кірісті» деп жазылыпты.

Мәншүк Мәметовамен бір полкта болған
 Дәм-тұзы елден тартпай, соғыста қайтыс болғандардың неміс фашистерімен қалай шайқасқандары туралы жазу қиын. Дей тұрғанмен, қызыл әскер Құрманғалиев Сейітахметтің батыл жауынгер болғанын айғақтайтын біраз құжаттар Сейітбектің қолында сақталыпты. Оның бер жағында Қайрат осы 100-атқыштар бригадасының сапында әу бастан болған, соғыстан кейін қаруластары туралы небір құнды естеліктер жазған жерлес жазушымыз Әзілхан Нұршайықовпен қайтыс боларынан үш жыл бұрын телефон арқылы тілдесіпті. Сонда Әзекең Қайратқа:
 – Құрманғалиев Сейітахметті  білдім деп айта алмаймын. Біз бір медальға ие бола алмай жүргенде, туысқаның «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталса, онда ол нағыз ердің өзі екен. Ал 412-полкта қызмет етсе, онда Мәншүк Мәметовамен бірге  болғаны анық, ол да осы полктан еді. Бастапқыда Мәншүк те санитар болған, пулемет тұтқасын кейін ұстады ғой. Великие Луки қаласының түбіндегі қанды қасаптан бүкіл бригададан 500 адам  ғана тірі шыққан. Егер Сейітахмет 1945 жылы госпитальда қайтыс болса, онда сол 500-дің бірі сенің туысқаның екеніне шүбәсіз сенемін. Бұл ұлттық бригаданың жауынгерлері туралы Қасым Шәріпов марқұм көп естелік жазып қалдырған. Осы жазушының кітаптарын тауып ақтарсаң, іздестіріп жүрген адамың жайында бір дерек тауып қалуың мүмкін, - деп кеңес беріпті.
 Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов білгендей жол сілтеген екен. Қайрат Сейітбекұлы Қасым Шәріповтің екі кітабынан Сейітахмет көкесінің аты-жөнін кезіктірген. Енді осы кітаптарды сөйлетейік:
«...Осыдан бірнеше күн бұрын кандидаттық карточкасын алған санитар Сейітахмет Құрманғалиев ұрыс даласынан жаралыларды алып шығуда үлгі көрсетті. Жас коммунист Рымбек Байсейітов те неміс фашистерін зеңбірек оғымен көптеп қырды. Осындай адамдардың есебінен біздің партияның қатары өсіп, нығаюда». Бұл үзінді жазушының «Қаруластар» деп аталатын күнделік кітабынан алынып отыр. Майдангер жазушы 1943 жылдың 3-4-қаңтарында гитлершілер Великие Луки қаласын қайтарып алу үшін қайыра шабуыл жасағанда, кіші лейтенант Мағзұм Көшековтің бөлімшесіндегі жауынгерлердің жауға қарсы табандылықпен ұрыс салғанын баяндайды. Олардың қатарында сержант Құрманғалиев Сейітахметтің болғанын бөле-жара жазып отыр.  
«...Айналасы жүз метрдей жерде гитлершілер баудай түсіп, құлап жатты. Аман қалғандары кейін шегінді. Сейітахмет Құрманғалиев сияқты коммунистер талай фашистерді жайратты. Олардың еңбектерін командование жоғары бағалады: бәрі де ордендермен, медальдармен марапатталды». (Қасым Шәріпов. «Қатардағы қаһарман» 202-ші бет.) Сейітахмет «Қызыл жұлдыз» орденімен, бәлкім, дәл осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін  марапатталған болар. 412-атқыштар полкінің командирі қол қойған №018785-ші уақытша куәлікте орденмен марапатталған кезі 1944 жылдың 13-октябрі деп көрсетілген. 
Аға лейтенант Д.Қосановтың «Неутомимые связисты» деп аталатын мына бір мақаласынан да үзінді келтірейік: «...Бывали случаи, когда осколки снарядов и мин в течение одного часа несколько раз прорывали линию связи. Под непрекращающимся огнем артилерии и минометов красноармеец Сейтахмет Курмангалиев неутомимо разыскивал обрывы линий и соединял их. Иногда ему приходилось шагать по колено в воде и ползти по-пластунски по грязи.  После такого выхода на линию, ему тяжелым становились его собственное тело и одежды. Но он продолжал действовать и все время обеспечивал беспробойную связь».
 Осыдан артық қандай батылдық, табандылық болмақ! Бұл жерде автор Сейітахметті санитар емес, байланысшы деп көрсетіп отыр. Бұдан біз жерлесіміздің әскери міндеттің қайсысын атқарса да, абыройсыз болмағанын байқаймыз. Аға лейтенанттың мақаласы 1943 жылдың 18-шілдесінде «Вперед, за Сталина» газетінде жарияланыпты.  Ал 1943 жылдың 28-шілдесінде 100-ші дербес атқыштар бригадасының қызыл әскері Құрманғалиев Сейітахмет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Айта кету керек, ол бұл медальға екі мәрте ие болған.
   «Вперед за Сталина» әскери газетінің 1943 жылдың 23-шілдедегі санында «Мен байланысты қалай қамтамасыз еттім» деген мақала жарияланыпты. Мақаланың астына «медальды қызыл әскер Сейітахмет Құрманғалиев» деп қол қойылған. «...Таң сәріден немістер артиллерия мен минометтен оқ жаудырады. Атыс басталса болды, катушкамды арқалап алып, еңбектеп жүріп, линияның үзілген жерін жалғастырамын. Бас көтеріп, еркін қимылдауға жау снайперлері мүмкіндік бермейді, олар 200-300 метр жерге дейін жасырынып келіп, біздің жауынгерлердің қимылын аңдиды» деп автор  байланысшының өмірі үнемі қыл үстінде болатынын көрсетеді.
  100-атқыштар бригадасында «Алға» және «Вперед за Сталина» атты әскери газеттер шығып тұрған. Бұл газеттердің редакторы Қасым Шәріпов болған. Демек, әскери тілші Қасым Шәріповтің қызыл әскер Сейітахмет Құрманғалиевты жақсы білгені сөзсіз. Өзі басқарып отырған газетке мақаласын беруі, соғыстан кейін жазған кітаптарында оның ерліктерін дәріптеуі тегін болмаса керек.   
Сейітахмет Құрманғалиев Польшаның астанасы Варшава үшін болған жан алып, жан беріскен қиян-кескі шайқаста  ауыр жараланған. Жау снаряды оның сол жақ қабырғасын күйретіп кеткен, оң аяғының жіліншік пен жамбас сүйектерінің  күл-талқанын шығарған.   
Әке аманатын арқалаған Қайрат Сейітахмет көкөсінің сүйегі қай жерде жатқанын жер-жерге сұрау сала жүріп тапқан. Варшавадағы Қазақстан елшілігінің консульдік бөлімі Қайраттың  хатына: «Согласно информации, полученной от Польского Красного Креста, фамилия Вашего дяди была нанесена в именной реестр могилы солдат Советской армии на коммунальном кладбище в Бяльмстоку-Петрашэ, могила № 97» деп жауап қайтарыпты.
Орыстар бұл қаланы Белосток деп атап кеткен. Қайраттың ендігі арманы осы қаладағы ағасының қабіріне туған жерінің бір уыс топырағын апарып сеуіп, туысқандық һәм азаматтық парызын өтеу болып жүр. Әке аманатына адал ұлдың бұл арманы да орындалар деп сенеміз.

Мұрат Әміренов, ардагер журналист.

Өскемен.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста