Жоғалған дивизияның құпиясы ашыла ма?

Жоғалған дивизияның құпиясы ашыла ма?

Мінеки,Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да жетпіс жыл таяды. Осы тақырыпқа көптеген зерттеулер жасалды, көптеген еңбектер жазылды. Үстірт қарағанда, осы соғыс туралы белгісіз нәрсе қалмаған сияқты. Жанқияр ерлік пен қаьармандық, ғаламат жеңістер, жеңімпаз кеңес әскері - міне, Ұлы Отан соғысының тарихы осылай зерделенді. Соғысқа дайындық барысында жіберілген қателіктер, жеңіліс, сәтсіздіктер мен оның зардаптары туралы көп айтылмады, тіпті, КОКП басшылығына М.С. Горбачев келгенше бұл тақырыптарды қозғауға тыйым салынды. Жеңістің мәңгілігі мен заңдылығы социалистік құрылыстың артықшылығы мен КОКП бағытының дұрыстығының кепілі деген басты ресми қағида әрбір кеңес азаматының санасына жастай сіңірілді. Көптеген мәселе сарапталмай, зерттелмей тасада қалды. Мәселен, кеңестік соғыс тұтқындарының қасіреті, генерал Власовтың армиясында болған жауынгерлер мен Түркістан легионы әскерлерінің тағдырлары және басқа да біраз оқиғалардың қыры мен сыры беймәлім күйде қалып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарын қарап отырсақ, көптеген азаматтар майданда хабарсыз кеткен бабалары туралы ақпаратты әлі күнге дейін іздеп жүр. Мұндай адамдарды еліміздің кез келген түкпірінен кездестіруге болады.
Ресми дерекке сүйенсек, Кеңес Армиясының Бас штаб бастығы, армия генералы Моисеев берген мәлімет бойынша майданда қаза тапқан, жоғалып кеткен, тұтқынға түсіп, қайта оралмаған, жарақат алып немесе кездейсоқ оқиғаларға ұшырап өлгендер, жапон соғысын қоса есептегенде 8 млн. 400 мың адам [«Военно-исторический журнал». № 3. 1990 Мәскеу қ.]. Ал тағы бір көрнекті кеңес әскербасы Лобов Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағының жалпы әскери шығыны 1994 жылға дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 27 млн. адамға жетті деп хабарлайды [«Красная звезда» газеті, 18. 03. 1994 ж . Мәскеу.]. Мәскеулік тарихшы В. Первышиннің еңбектерінде кеңес азаматтарының соғыс кезінде өлім - жітімге ұшырағаны, 2001 жылға дейінгі жүргізілген зерттеулер бойынша 38 млн. 794 мың адамға жеткені айтылады [В. Первышин (интернет-сайт). Мәскеу.].
Ал, Қазақстанға келсек, біздің жерімізден майданға 1 млн. 200 мың адам аттанған, оның 601 мыңы оралмаған [М. Қозыбаев, И. Қозыбаев. « Қазақстан тарихы». «Атамұра». 1997 ж.Алматы.]. Осы 601 мың адамның бәрі қаза тапты деп айтуға болмайды.
1940 жылдың 16 тамызында жоғарғы Бас қолбасшы И. В. Сталиннің № 270 бұйрығы шыққаны белгілі.Бұл бұйрықтың қысқаша мазмұны - қандай жағдайда қолға түскеніне қарамастан, жау тұтқынына түскен адамның бәрі сатқын, Отанын сатқан опасыз. Осы қанқұйлы бұйрықтан сескенген көптеген әскери тұтқын шетелдерде қалып қойғаны белгілі.
Ал, неміс концлагерлерінен босаған жауынгерлерді қаһарлы НКВД күтіп тұрды. 1941-42 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында жасақталып, майданға аттанған 102 - атқыштар дивизиясының, Ленгір қаласында жасақталған 88 - атқыштар полкінің әскери басшылық қателігінен қоршауда қалып, кейінгі тағдырлары көмескілеу болып қалғаны белгілі.
102 - атқыштар дивизиясы туралы кезінде шымкенттік жазушы-журналист Ю. Кунгурцев, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ң профессоры , тарихшы Ә. Исмаилов зерттеулер жүргізді.
1941 жылы соғыстың алғашқы айларында, Белоруссияның Могилев ормандарында болған шайқастарда 110 - атқыштар дивизиясы жоғалып кетті. Көп уақыт бойы бұл дивизия туралы әр түрлі жағымсыз пікірлер қалыптасты, яғни, бұл дивизия неміс - фашист әскерлеріне өз еркімен беріліп, опасыздық жасады деген айып тағылды. Бұл дивизия жауынгерлерінің туысқандары өкімет орындары тарапынан қудаланды. Бірақ могилевтік тарихшы- зерттеуші Н. С. Борисенконың көп жылдар бойы ізденіп, зерттеуінің арқасында, дивизияның неміс әскерлеріне қарсы жанқияр ерлік көрсетіп, талқандалғаны, аман қалған біраз жауынгерлердің амалсыздан неміс тұтқынына түскені анықталды .
Осындай жағдай, 1941 жылдың жазы мен 1942 жылдың наурыз айлары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында жасақталып, оңтүстік майданының Харьков бағытына жіберіліп, хабарсыз кеткен 102 - атқыштар дивизиясының да басынан өтті.
Шымкент қаласында 102 - атқыштар дивизиясын жасақтау, генерал -майор Петр Ермолаевич Ловягинге жүктеледі.
П.Е. Ловягин (5. 09. 1897- 13.03. 1971ж.ж.) маман - әскери қызметкер, әскер қатарында 1919 жылдан бастап болды. 1929 жылы М. В. Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. 1940 жылы оған генерал-майор атағы берілген. Ол 102 - атқыштар дивизиясына 1942 жылдың 1 ақпаны мен 1 маусым аралығында басшылық етті. Дивизияның әскери комиссары болып, аға батальон комиссары Алексей Тимофеевич Мусатов, штаб бастығы болып подполковник Иван Илларионович Вырыпаев, ал саяси бөлімнің бастығы болып Яков Давыдович Кравченко тағайындалады. Дивизия 1942 жылдың 10 сәуірінде толық жасақталып бітеді.
Тағы да айта кететін бір мәселе - соғыс кезінде 102 нөмірлі 3 дивизия болды. Оның біріншісі соғысқа дейін жасақталып, 1941 жылы таратылды. Ол Батыс, Орталық майданда орналасқан еді. Ал екіншісінің аты 1942 жылы 462 - атқыштар дивизиясына ауыстырылды. 1942 жылы бұл дивизия да таратылды. Ал үшінші құрылған дивизия соғыстың аяғына дейін болды.
Дивизия құрамына 410, 467, 519 - атқыштар полктері мен 346 - артиллерия полкі
кіреді. 410 - полк «Химфарм» зауыты маңында орналасады, ал 467 - полк «Ескі қала», яғни, қазіргі Әйтеке би көшесіне орналасады, ал 519 - полк Ленгір қаласында жасақталып, оған майор Мананников басшылық етеді. Ақпан айының соңында Ленгір қаласында көп халық жиналған митинг өткізіліп, полкке Ленгір шахтерлері атынан ту тапсырылады. Туды қабылдап алу құрметі ең жас командир, лейтенант Палкинге тиеді. Толқыған лейтенант ту алдына тізе бүгіп, тудың шетін сүйеді. Туды жазып жібергенде «102 -атқыштар дивизиясының 519 - полкіне - Ленгір шахтерлерінен» деген жазу көрінеді. Сол күні олар түнде жаяу шерумен Шымкент қаласына жетеді. Осы лейтенант Палкин басқарған ротада Тоғыс аулының тұрғыны Дмитрий Иванович Колбасин, Шымкент қаласы Тельман елді мекенінің азаматтары Рүстем Юлдашев, Тойшы Расулов, Рахмет Исмаилов қызмет атқарады.
102 - дивизия 1942 жылдың 12 сәуірінде Шымкент вокзалында поезға отырып, 1 мамыр күні Ворошиловград ( қазіргі Луганск) облысының Лисичанск қаласының маңындағы бір станциядан түсіріледі. Сөйтіп, олар Ворошиловградтан Харьковке қарай жылжиды. 519 - полкке Изюм станциясының шығыс бетін қорғау тапсырылды.
Немістердің артиллериямен атқылауы кезінде, лейтенант Палкин бұғанасы сынып және оң жақ құлағынан ауыр контузия алады. Ұрыс бүкіл мамыр айы бойынша толассыз жүргізіледі. Бірақ, Оңтүстік майдан жауынгерлерінің саны аз еді, оның көбісі соғысты алғаш көрген жауынгерлер болатын.
Жалпы, 102 - дивизия қорғаған Барвенков маңындағы гитлершілердің жаяу әскері кеңес жағымен салыстырғанда 1,3 есе, танктері - 4,4 есе, артиллериясы - 1,7 есе басым еді. Кейін өз естеліктерінде мойындағандай маршал Жуков пен армия генералы Штеменко бастаған әскери басшылық сол тұста Харьков бағытында қалыптасқан жағдайда, дұрыс шешім қабылдай алмады. Соның кесірінен, әскердің біраз бөлігі Солтүстік Донец (Северский Донец) өзенінің батыс жағалауында жау қоршауында қалып қойды. Ал 467- полктің аман қалған жауынгерлері Дондағы Ростов облысының Белая Калитва деревнясына шегінеді. Осында олар фашистермен соңғы шайқасын жүргізіп, толығымен талқандалады.
410 - полктің тірі қалған жауынгерлері- шымкенттік Петренко мен Кузнецов, түлкібастық Еремеев, капитан Хайрутдиновтың басшылығымен шығысқа қарай шегініп келе жатқанда, Ворошиловград облыстық партия комитетінің партизан отрядына кезігіп қалады да, сол отряд құрамына кіреді.
346 - артполктің тағдыры түлкібастық Кобцевтің естеліктері бойынша Нырково станциясының маңында талқандалады. Айта кету керек, 346 -полктің Шымкент қаласындағы жаттығу алаңы қазіргі 16 - мөлтекауданның орнында орналасқан.[ Ю. Кунгурцев, «Нива» журналы. №1. 2002 ж.]
Бұл жерде, Ю. Кунгурцевтің мақаласында аты аталған, Төлеби ауданы Блинково (қазіргі Тасарық) ауылының тұрғыны Қылышбай Сайрамбаев туралы айта кетуді жөн көрдік. 467 - полктің құрамында болған Қылышбай Сайрамбаев пен төлебилік (Жамбыл ауылы) Мейірбек Ізтаев және тағы біраз жауынгер қоршауда қалып қойып, фашистік Германияның тұтқынында болып, азаптың ащы дәмін әбден татады. Соғыстың алдында неміс тілі курсын бітірген Қылышбай Сайрамбаев концлагерьде тұтқындар мен немістер арасында тілмаштық қызмет атқарады. Осы үшін, соғыстан кейін НКВД тарапынан қуғынға ұшырады. Ол өмірінің соңына дейін Тасарық ауылындағы орта мектепте химия пәнінен сабақ беріп, ұстаздық етті. Бірақ өмір бойы ол неміс тұтқынында болған үшін жан азабын шегіп өтті, оны КОКП қатарына алмады, басшылық қызметке қарымы мен қабілеті жетіп тұрса да жолатпады. Оның ұрпақтары әлі күнге дейін сол Тасарық ауылында тұрып жатыр.
Мейірбек Ізтаевтың өмірі де осыған үқсас. Ол зейнеткерлікке шыққанша «Путь Ильича» ұжымшарында есепшілік қызмет атқарды. Одан жоғары қызмет оған да бұйырмады.
Жалпы, Шымкентте жасақталған 102 - атқыштар дивизиясын 1942 жылдың 1 ақпаны мен 1 маусым аралығында генерал-майор Петр Ермолаевич Ловягин, ал 1 маусымнан - 14 тамызда таратылғанға дейін полковник Николай Георгиевич Сыроваткин басқарды. Дивизия құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның әскери міндеттілері шақырылды. Дивизиядағы 11373 адамның 6268-і орыс, 2521-і украин, 780-і өзбек, 693-і қазақ, 430-і татар, ал өзгелері басқа да ұлт өкілдерінен болды. Дивизия жеке құрамының дайындық деңгейі өте жоғары болды, оған дәлел, штаттық бірліктегі жауынгерлердің 96,4%-ң арнайы әскери мамандығы болды [Ә. Исмаилов, « Оңтүстік Қазақстан облысы ҰОС жылдарында». 2005ж. Шымкент. ]. Дивизияның ауыр шығындарға ұшырап талқандалуына Жоғары әскери басшылықтың қателігі себеп болды деп айтуға толық негіз бар, жауынгерлер мен командирлер өз қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Бірақ нашар қаруланған, тіпті автомат қаруының өзі жетіспеді, жауынгерлердің көбісі 1913 жылғы үлгідегі винтовкамен қаруланған жауынгерлер, немістің мұздай қаруланған және саны жағынан басым әскеріне қарсы соғысып, төтеп бере алмады. Көп жылдар бойы кеңес партиясы және басшылығы дивизияның талқандалуына, дивизия басшылығы мен жауынгерлерін кінәлі санап, дивизияның аты атаусыз қалды. Тек Ю. Кунгурцев пен Ә. Исмаиловтың арқасында ғана сең қозғалды. Бірақ, заман талабы мен өкімет саясатына қарай, олардың еңбектерінде тұтқынға түскен жауынгерлер туралы сөз жоқ. Ал, дивизияның қаншама жауынгері тұтқынға түсті немесе хабарсыз кетті, бұл әлі күнге белгісіз!
Осындай жағдайды, Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Георгиев ауданында (қазіргі Төлеби ) құрылған 88 - атқыштар полкі туралы да айтуға болады . Осы полктің атауын ешқандай ресми құжаттардан кездестіре алмадық. Тіпті, ондай полк болмаған сияқты. Ал ондай полктің болғанына, сол полктің құрамына 1941 жылдың 21 желтоқсанында тіркелген, Георгиев ауданы (Төлеби) Оңтүстік аулының тұрғыны Етекбаев Шыныбектің әскери билетіндегі жазбалар - куә. Ол осы полктің құрамында 1941 жылдың желтоқсан айы мен 1942 жылдың маусым айлары аралығында болған. Полк қандай дивизияның құрамында болғаны бізге белгісіз.
Себебі, Шыныбек Етекбаев 1980 жылы қайтыс болған. Ол кісі Оңтүстік майданда, яғни, Дондағы Ростов облысында соғысқа кірген. Құрамында Шыныбек Етекбаев болған әскери бөлімшені (рота немесе взвод) «Н» биіктігін қорғауға қалдырады. Бұлар неміс әскерлерін бірнеше апта күтеді, ал фашистер жоқ, шамасы, бұлар қорғаған биіктіктің немістер үшін стратегиялық маңызы шамалы болса керек, немістер ол биіктікті айналып өтіп кетеді. Оны олар кеш біледі. Азық-түліктері таусылған, нашар қаруланған, 2 адамға 1913 ж. үлгідегі бір винтовка, олар шығысқа қарай жылжиды. Бірақ өте алмайды. Сонымен не керек, бөлім командирі,қатарларында азиат өңдес жауынгерлер барда жергілікті халық арасына сіңіп кетуі қиын екенін түсінсе керек, ол жауынгерлерді бес-алты адамнан бірнеше топқа бөледі, өзбегі, қырғызы, қазағы аралас 6 адам бір топқа түседі.
Бірақ айналаның бәрі неміс, олар көп ұзамай, Украинадағы Төменгі Айдар (Нижний Айдар) өзені жағасында, 1942 жылдың 12 шілдесінде жау қолына, тұтқынға түсіп қалады. Оларды немістер алдымен Кировоград қаласындағы «Сталаг-305» концлагеріне қамайды.1942 жылдың 16 желтоқсанында Польшадағы Жоғарғы Силезиядағы Ламсдорф (қазіргі атауы- Ламбиновице (Lambinowice), Польша.) қаласындағы , «Сталаг- 318 (VIII F)» концлагеріне жеткізеді. (ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ОҚО Департаменті 03.08. 2009 ж. берген анықтама).
Шыныбек Етекбаев лагерьге өте ауыр халде жетеді, шаршаған, әлсіреген оны эшалоннан қасындағы тұтқындар көтеріп түсіреді. Бұл кісінің бақытына қарай, конц-лагерьде қазақтар бар екен, оның бірі - Түлкібас ауданындағы Келте-Машат ауылының тұрғыны Әбу деген жігіт концлагерь лазаретінде (аурухана) дәрігер болып қызмет атқарады екен, сол жігіт Шыныбекті есебін тауып лазаретке жатқызып, емдеп, есін жиюға өз септігін тигізеді. Кейін де, ауыр жұмыстан қалжырап, әлсірей бастаса, дереу лазаретке жатқызып әлдендіріп алады . Осы, Әбу болмаса - бұл кісінің концлагерьден тірі шығуы екі талай екен. Соғыстан кейін Әбу өз аулына оралып, көп жыл фельдшер болып қызмет атқарады.Өзінің дәрігер ретіндегі беделін пайдаланып, Шыныбекті лагерьге азық-түлік таситын арбакештікке орналастырады. Лагерьдің арбасын айдап жүрген, Шыныбекке 3-4 айдан соң, бір поляктар жолығып, тапсырма береді.Олар Польша Қарсыласу Ұйымының адамдары екен. Сірә, сыртынан көп сынаса керек. Арбаның еденінің астына, тағы бір жасырын, жұқа еден істейді. Әлгі жігіттердің, қаланың орталық қоймасындағы адамдары киім-кешек, азық-түлік салып беріп тұрады.Қала мен лагерьдің арасы 15-20 шақырым жер. Жағалай орман.Осы орман арасында, әлгі жасырын тауарды поляк партизандары өздері түсіріп алады екен.
Ш. Етекбаев лагерь азабын әбден тартады. Темір тордың арғы жағында автоматпен қаруланған күзетшілердің тепкісі мен немістің овчарка иттерінің талауына түскен аш - жалаңаш, жаралы, жазықсыз адамдар қорлық пен азаптың небір құйтырқы әдістерін көреді. Лагерьдің қақ ортасында, тұтқындардың үрейін ұшырып, адам өртейтін пеш орнатылған ғимараттың мұржасынан күн - түні түтін будақтап шығып тұратын - ды. Күніне азаптан, аштықтан және жарадан жүздеген адам өледі. Арнайы жасақталған тұтқындар тобы оларды сол пешке апарып тастайды. Лагерьдегілердің бәрі педикулез (битшеңдік) ауруына шалдығады. Тіпті, іш киім түгілі, адамдардың сақал- мұрт, қастарына дейін биттеп кетеді.
Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе - Мұстафа Шоқай туралы. М. Шоқай 1941 жылы желтоқсан айында Берлин ауруханаларының бірінде қайтыс болды. Ресми дерек осылай дейді. Ал, Шыныбек ақсақалдың айтуынша, ол 1942 жылдың соңында «Сталаг-318» концлагеріне келіп, түркі тілдес жауынгерлермен (тұтқындармен) және жалпы мұсылман тұтқындармен кездесу жасаған. Бұл кездесуде М. Шоқай оларды большевиктермен күресуге, яғни Түркістан легионына кіруге шақырған, соңынан көптеген тұтқын легионға кіріп, концлагерьден босатылған. Ол кісі М. Шоқайды көргеніне өмір бойы сеніп өтті. Сірә, немістер тұтқындардың сыртқы дүниемен байланысы жоқтығын ескеріп, М. Шоқайға ұқсас басқа біреуді үгіт - насихат үшін пайдаланса керек!
1944 жылдың тамыз айында фашистер лагерьді тұтқындарымен қоса тастап, батысқа қашады. Енді, тұтқындар аштықтың азабын тартады. Поляктардың картоп өсіріп, жинап алған сүдігерінен , картоптың саз топыраққа жабысып қалған мұртшаларын теріп жеп, жан сақтайды. Күзге қарай Пруссияға кірген кеңес әскерлеріне беріледі.Бірақ, алда НКВД түрмесі күтіп тұр еді. Бір жылдан аса, НКВД түрмесінде тағы да азап пен қорлықтың неше түрін көрген Шыныбек атаны әбден тергеп- тексеріп, әбден азаптайды, бірақ, оның бақытына орай, Польша Қарсыласу Ұйымына сұрау салынып, олар анықтама жіберген соң, 1945 жылдың қыркүйек айында босатқан. Бірақ, көп адам қаһарлы № 270 бұйрықтың күшімен енді ГУЛАГ түрмелеріне жіберіледі.
Басына бостандық алғанмен, Шыныбек ата жан азабын өмір бойы тартып өтті. Елге келген соң, шолақ белсенділер қит етсе, «сатқын» деп тыныштық бермейді. Бұндай жағдай неміс тұтқынында болған барлық жауынгердің басынан өтті.
Жалпы дүние жүзі тарихында қан майданда тұтқынға түскен жауынгерлерінен безіп, опасыздық жасап теріс айналған, сонымен қоймай, «сатқын» деп масқаралап, жазаға тартқан бірден-бір ел - Кеңестер Одағы. Оның әскери тұтқындар туралы халықаралық конвенцияға қол қоймауының өзі көп жағдайды аңғартса керек.
Екінші дүние жүзілік соғыста барлық одақтас әскерлерде, тіпті Вермахта да, тұтқынға түскен жауынгерлеріне түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше халықаралық « Қызыл крест» ұйымы арқылы көмектескен. Немістің атақты фельдмаршалы Роммель өз жауынгерлерінен басқа ешқандай шара қалмаған кезде тұтқынға түсуді, болашақ Германия үшін тірі қалуды талап еткен. Ал, ағылшындар неміс лагерьлерінде өз тұтқындарына хат-хабар, сәлем-сауқат, азық - түлік, тіпті шоколадқа дейін жеткізіп тұрған[Амантай Кәкен, «Жұлдыз» журналы. №10. 2005 ж.].
Бізге де, қапыда тұтқын түсіп қалып, еңбектері ескерілмей қалған азаматтарымызға лайықты бағасын беретін кезіміз жетті.
Жоғарыда аталған әскери құрамалар туралы дерек білетіндер, хабарласуын сұраймыз.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ
тарихшы

baq.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста