Майдандағы махаббат пен машақат

Майдандағы махаббат пен машақат

Адам жаны булығар еді ызадан,

Махаббатты қуып шықсақ біз одан, 
– деген ақын сөзіне өмірдің бар мәні сыйғандай. Ға­шық­тық сезімінің мезгіл, за­ман, жас талғамайтыны сон­шалық, тіпті адамдар кес­кілескен соғыс жүріп жат­қанда да сүйіп қалуы мүмкін. Тіпті өзі соғысып жат­қан жау жақтың адамын сүюі де бек мүмкін! Се­бебі адам жүрекке емес, жүрек адамға әмірін жүр­гі­зеді. Ол, әрине, азап та шы­ғар, бірақ оқ пен от­тың ор­та­сында жүрген сол­дат­тың өмірден күдерін үз­бе­уіне сол ғана күш берсе ше?..
Қайтсем, жауды жеңемін, қайтсем, тірі қаламын деп жүргенде адамның махаббатты ойлауға шамасы келді деймісің деу­шілер де табылар. Алайда қанша жерден шынжыр табан танк мініп, суық қару асынып жүрсе де, адам – қашанда адам. Кеу­десінде жүрегі соғып тұрғанда, соңғы минут, соңғы секундқа дейін ол әлдекімді іздеп, әлдекімді аңсап, әлденеге асығумен болады. Аузынан ана сүті кеппеген солдат­тардың ішінде тіпті сезім дегенді біліп үлгермей, соғысқа аттанғандары көп. Сол кү­йінде көз жұмғандары қаншама! Олар жайлы майдан ортасында ән салып, жауынгерлер жүрегінің лүпілін, сырын тың­дап, үзілер шақтағы жанарындағы арманын көрген әнші Роза апамыз өзінің талай естелігінде айтқан да еді. Ақ махаббатты армандаумен кеткен боздақтар жайлы әң­гіме бөлек...

2) Жаралы жауынгер + медбике = махаббат
Соғыста әйел қайдан жүрсін?! Болған күннің өзінде олар өздерінің нәзік жанын қамап тастап, ерліктің сауытын киіп алған ғой дерсіз. Жаратқан шебер, ерлерді аялы алақансыз қалдырмаудың ретін тапқан. Медбикелер арқылы! Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдары 10 мыңдаған дәрігер Отан қорғап, жаралы болған жауынгер­лер­дің өмірі үшін арпалысқанын айғақ­тай­ды сандық деректер. Өздерін емдеп жаз­ған медбикелерге ғашық болып қалған солдаттар жайлы кітаптар да аз емес, кинолардан көріп те жүрміз. Сондай тағдыр­ды өз басынан өткергендерден күні бүгін көзі тірілері де жоқ емес. Мәселен, 1943 жылы небәрі 23 жасында майданға әскери хирург болып шақырылған алматылық София Измаилова екі дүние арасында жатқан жаралы жауынгерлердің жанын өз жанынан артық қойып, солардың төсегінің басын күн-түн күзеткенде өз тағдырын сол жерден ұшыратамын деп ойлады ма екен?.. Өзі қызмет еткен ІІІ Украина май­данын еске алған апамыз жаралы сол­даттың жанынан өтіп бара жатқан жас медбикенің тым құрыса саусағынан ұстап, бір сәтке болса да кідіруді өтінетінін айтады. Ал солардың бірімен мәңгілік өзі қол ұстасып өтемін деген ой үш ұйықтаса, тү­сі­не де кірмеген. Николай Есипов жарасы сауыққан соң, ойраны шыққан дала­ның өзінен бір құшақ гүл тауып, жүрегін қолына ала қыздың алдына келеді де, бірден өзіне тұрмысқа шығуын өтінеді. «Бұл жерде үй­ленуге бола ма?» – дегенде, тіпті София Из­маилованың өзі де таңырқап қалса керек. Сөйтіп табысқан екі жас Қазақ­станда отау құрып, 57 жыл бірге бақыт­ты ғұмыр кешіп, немере, шөбере сүйеді.
«Сұрапыл соғыста көптеген адам жа­қындарын жоғалтты, ал мен болсам оны таптым» деп бүгінде әзілдейтін тағы бір тағдыр иесі – көкшетаулық Анна Жұма­ғұ­ло­ва өзінің өмірлік серігі Нұрпейіс Жұма­ғұ­ловты 1945 жылы Польша түбегіндегі шайқаста жолықтырыпты. Олар да жарты ғасырдай жұбайлық ғұмырдың бақытын бастан өткерген.

3) Дұшпанына ғашық қылған қу сезім
Әрине, сырт көзге ол – сатқындық, ақыл­ға қонбайтын ақымақтық. Жерін ойрандап, баласын жетім, жарын жесір, анасын тұл, жігерін құм еткен жауын да адам сүйе ме?! Басына түссе, сүйеді екен. Бала күнімде көрген кеңестік бір фильм есімде. Оқиға Балтық жағалауы елдерінде өрбиді. Немістердің қоршауында қалған деревняда бір жас қыз неміс жауынгерін ұнатып қалады. Содан кеңес әскері деревняны азат еткенде ел қуанып жатса, сүйіктісімен қоштасатынын ойлаған қыз қатты қайғы­рады. Жігіттің де сүйгендігі сонша, өз әске­рінен жасырынып қалып қояды да, қыз оны ауылдағы ескі бір қора ішінде елден жасырып ұстайды. Бірақ күндердің күні болғанда жігіт кетуге мәжбүр болады, жы­лай-жылай қыз қала береді. Фильм соңында ұзақ жылдық айырылысудан кейін бірін-бірі іздеп тапқан қос ғашық ақ шашты әже, сары тісті шалға айналса да, сол сезімді сақтаған күйі сол баяғы алаңда тербеле вальс билеп тұрады. Фильм атауы да «Ғұмырға созылған вальс» деп аталатын, ұмытпасам.
Белгілі режиссер Талғат Теменовтің дәл осы тақырыптағы «Бұлбұлдар түні» деп аталатын қойылымы бар. Онда да кескілескен оқ пен оттың ортасында бірімен-бірі соғысып жатқан екі елдің екі жасы бірін-бірі сүйіп қалып, солайша қос мұң­лық­қа айналады. Сонда бұл жерден не түю­ге болады? Сезім опасыз ба, әлде бейбіт халықты бір-біріне жау қылған саясат оңбаған деу керек пе?

4) Жауынан жүкті болған жазықсыз аналар
«Бітпес соғыс» деп аталатын бір тамаша фильм «Шәкен жұлдыздарына» қатыс­ты. Ресейлік туынды Екінші дүниежүзілік соғыстың біз бүгінге дейін онша біле бермеген белгісіз қырын ашады. Жеңіске санау­лы күн қалған шақ. Шеті мен шегі көрінбей­тін мұхит па, теңіз бе, соның ортасында бес әйел мен бала-шаға, сондай-ақ капитан, оларды күзетуші Карп Ничипоруктар өзі­мен-өзі өмір сүріп жатыр. Сол аралға бір күні НКВД майоры Максим Про­хоров келеді. Бұл не қылған жұмбақ арал, әйелдер мен балалар кім дедік ал­ғаш­қыда. Сөйтсек, олар жау әскерінің тұт­қы­нында қалған ауыл­дарда фашис­тердің зорлығына ұшы­рап, солардан жүкті бол­ған, тіпті бала туған әйелдер екен. Күндіз-түні ауыр еңбекпен айналысып, теңізден балық аулап, соны тазалап, майданға жіберетін аралдың майор келген күннен бастап тынышы кетеді. Себебі ол қысқа мерзімде ол жерді «тазалауға» тиіс, яғни ма­йор о бастан арал тұрғындарын түгел өл­ті­ру бұйрығымен келген еді. Ал тұрғындар одан бейхабар. 9 мамырда жеңіс хабарын естігенде сон­шалық қуанған әйелдерді көріп, майордың жүрегі езіліп, азапқа тү­се­ді. Бірақ жеңіс ор­наған күні олар өзде­рінің талқаны шығарын білмейді. Майор мейірімді еді, оның жа­зықсыз жандарды өлтіруге қолы да, ары да бармай, ақыры оларды қайыққа отыр­ғызып, аралдан қашырып жібереді. Ол сол жолға өз өмірін қиып еді, майорды сол үшін ату жазасына кеседі.

«Күте алмасаң сарылып, жарылып кет!»
«Жауынгерді сүю – мақтаныш, ұмыту – сат­қындық, ал оның жолын тосу көп қылықтыда кездесе бермейтін адалдықпен парапар» деген қанатты сөз сол сұрапыл жылдардың ұранындай болса керек. Қа­зақ­тың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырза­бековтің сезімнің бір белгісі күту екенін айтатын өлеңінің соңы «күте алмасаң сарылып, жарылып кет» деп бітпеуші ме еді?! Басқа басқа, ал күтуге келгенде қазақтың қайсар келіншектерімен теңесер ешкімнің жоқтығын мақтанышпен айта аламыз. Тіпті жар құшағын бір түн ғана сезініп, ерте­ңінде азаматын майданға аттандырып сал­ған да, қара қағаз келсе де, ерінен күдерін үзе алмай, өле-өлгенше жол тосып өткен­дері де болған. Қазақ әдебиетінде олар жайлы шығармалар аз емес, Асқар Сүлей­меновтің «Қыздай жесірі», Мұхтар Шаха­новтың «Ғайша жеңгейі» т.с.с. – ешқандай да ойдан емес, өмірден алынған шындық. Жұ­ме­кен Нәжімеденовтің «Келін» атты дастаны да бар, сонда елдің қасіретін ке­лін­шектің жанарындағы жас пен мұң арқылы суреттеген ақын:

…Сонау жылдар еді бұл...
Күзетті аспан күңіренген ел үнін,
Ел күзетті әкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін,
Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін...
– дейді. 
Міне – нағыз махаббат, міне – нағыз адалдық! 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста