Отан үшін от кешкен батырға мектеп атын берсе...

Отан үшін от кешкен батырға мектеп атын берсе...

Алматы облысының әкімі 

Амандық Ғаббасұлы Баталов мырзаның назарына!

Әдебиеттану саласында жүргендіктен тарихи маңызы бар құжаттарды, сирек кездесетін қолжазбаларды жинастырып жүретін әдетіміз бар. Жеке кітапханамыз бен мұрағатымыздағы құжаттардың бір парасы – Жұмаділ Әубәкіровке қатысты екен. Жұмаділ деген кім деп отырған боларсыз. Ол – тарихи тұлға. Өкініштісі сол – жұлдыз-ғұмыр иесі өзінің тарихтан лайықты бағасын ала алмай кеткен. Тасада қалған батыр 1911-1943 жылдары өмір сүрген, отыз екі жасында Отан қорғау жолында Великие Луки түбінде ерлікпен қаза тапқан, Арасан ауылының төлтумасы, Қызыл Армияның капитаны, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» жоғары дәрежелі ордендерінің кавалері, 100 атқыштар бригадасының әскери комиссары болған.

Жұмаділ Әубәкірұлы – кешегі отты жылдары елі мен жерін қорғау жолында шейіт болған тарихи тұлға. Ол – қазақтың батыр һәм қаһарман ұлдарының бірегейі. Ол – Арасан ауылының төлтумасы. Батырдың туған ауылы Арасанда өзімен аттас көше бар. Сол көшенің бойындағы №14 үйде менің әулетім тұрады. Бала күнімнен-ақ осы көше туралы, Жұмаділ Әубәкіров туралы әжем Зейнепхан мен батырдың немере келіні Нұршайым Мақатайқызынан жиі қызық әңгімелер естіп өстік. Кейіннен осы кісі туралы материалдарды жинастырып, ғылыми жұмысқа арқау еттік. Енді араға бес жыл салып, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына, Жеңістің 70 жылдық торқалы тойына орай батырдың артында қалған жалғыз тұяғы, асылдың сынығы, көп жылдары Отандық медицинаға өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагері – Рена-Орал Жұмаділқызының бастамасымен, батырдың күйеубаласы Бағдат ата мен Рена әженің өмірге әкелген балаларының қолдауымен Жұмаділ Әубәкіровтің кешегі қасіретті жылдары елге жазған хаттарын, құжаттарын жиыстырып, өз алдына бөлек кітап ретінде шығаруды хош көрдік. Біз, батырдың жиендеріне үлкен алғыс білдіріп, ризашылығымызды айтамыз.
Тіршілік жеке адамның ғұмырымен ғана өлшенсе, ол өте қысқа көрінер ме еді...Ал, пенденің мына жалғанды жалпағынан баз кешу дәуірінде ащы-тұщысын татып, талай қырлары мен сырларына қанығып,өсіп-өнуі заңдылық. Адам өмірдің тек құйқасы мен тәттісін ғана таңдап алмасы анық. Өйткені, өмір дегеніңіз құпиясы терең мұхит тәріздес. Адам бес күндік жалғанда жақсылықты да, жамандықты да көреді. Бақыттың бесігінде тербеліп, қайғының қара шапанын да жамылады. Өмір ащы, тұщы болмаса өмір бола ма?! Тағдыр деп жатамыз кейде. Сол тағдырыңыз – Сізге Тәңірі Тағаланың өлшеп берген өмірі. Дәм-тұзыңыз таусылған күні – тағдырыңыз аяқталады. Міне, тағдыр картасы дегеніңіз – Дәухіл-Мағфуз. Жаратқан Иенің адам баласына берген өмірінің амал дәптері секілді тағдыр дәптері де болуы заңдылық.
Жұмаділ – тағдырлы тұлға. Ол небәрі 32 жасында болашақ ұрпақ қамы үшін, бейбіт күнді қарсы алар келер буынның жарқын болашағы үшін туған жерінен жырақтағы шет елде жер құшты. Туған жерінің де бір уыс топырағы бұйырмады. Ел қатарлы отбасы болып, әке бақытына бөлене алмай кетті. Қызы Ренаның өскенін, мектепке барғанын, отбасылы болғанын да көре алмады. Мұның бәрі – тағдыр емес пе?!
Жұмаділдей асыл ердің артына қалған жалғызы, асылдың сынығы – Рена, батырдың күйеубаласы – Бағдат екеуі бүгінде құрметті зейнеткер. Көп жылдар бойы еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосқан еңбек ардагерлері. Үлгілі отбасы. Мерейлі отбасы. Елге сыйлы азаматтар. Бағдат ата мен Рена апаның балалары ұлтының ұстыны, ұлысының ұйытқысы болып отыр. Бұл кісілер тәрбиелеп өсірген ұрпақ тәрбиелі, саналы болмаса, өткен тарихты, отты жылдардың олқылығын толтырмақ түгіл, жанашырлық ниетте танытпас еді... Ал, біз осы кітапты жарыққа шығаруға мұрындық болып, құрастыруға етек түре, білек сыбана кіріскеніміз – ата рухына адал қызмет ету ғана. Батырдың артына қалған ұрпағына жағынып, кәдесый, қошемет сұрап отырғанымыз жоқ, керісінше, өмірден, тарихтан өзінің лайық бағасын ала алмай кеткен асыл ердің есімін ел есінде қалдыруға, тарихи тұлғаның өнегелі өмірнамасын бұқараға насихаттауды ғана міндет еттік. Бұны – руханиятқа, ар іліміне адалдық деп түсінгеніңіз абзал! (Біздің батыр әулетіне ешқандай туыстық қатынасымыз жоқ!)
Біздің қолға алған кітап – мемуарлық-эпистолярлық құжаттар негізінде бас құраған. Осы жинаққа енген барлық құжаттар Рена Жұмаділқызы мен Нұршайым Мақатайқызының жеке мұрағатынан алынған еді... Әрбір құжаттың тарихи маңыздылығы бар құнды дүние екенін ескере отырып, әрқайсысы әрбір жерде қалып қоймай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін деген ниетпен ұрпақтары көрсеткен демеушіліктің арқасында көпшіліктің назарына ұсынып отырған жайымыз бар. Өмірдің қызығын көре алмай, жасындай жарқылдап өте шыққан жұлдыз-ғұмыр иесінің есімі мен ерлігін болашақ ұрпақ жадында мәңгіге қалдыру үшін еңбектену – батыр әкеміздің рухына қойылған ескерткішпен тең!
Асылы, тарихи тұлғаларды, әдеби мұраларды ел есіне қалдыру үшін, бес ғасырлық тарих бетіне алтын әріппен жазу үшін, халық игілігіне айналдыру ісі – Отан тарихына қосылар үлес емес пе?! Міне, бүгін Арасан ауылы тарихы, Жұмаділтану саласы жаңа қырымен толығып, дамыды десек артық айтқанымыз емес.
Өткенін қастерлеп, бүгінгі ұрпақтың керегіне жарата білу – келешегі бар өркениетті елдердің ғана үлесіне тиетін жәйт. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі екенін жете түсінсек, бүгінгі өз ауылымыздың жастары мен жасөспірімдерін туған жерін сүюге баулу, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру жолында жасалар әрбір іс – ұрпаққа өнеге, тәрбие деп білген жөн. Ендеше, көшелерге ат беру, тарихи тұлғаларды ұлықтау, Батыр бабаларымыздың ерліктерін бүгінгі ұрпаққа баяндау, оларға деген ықылас-құрметімізді арттыру, жүректерімізге имандылық дәнегін, сүйіспеншілік сезімін ұялату – адамгершілік асыл қасиеттің биік шыңы. Осы асыл қасиетке пенделік көлеңке түсірмей, адалдық пен ар-иманымызды кірлетпей, керісінше, жақсылық пен мейірімділік арқылы таза ұстау керек. Жүректегі іңкәрлік сезіміміз арқылы жастардың көзқарасын дұрыс бағытқа бұрып, руханият пен ұлт мұрасына адалдық таныту үшін сіз, біз болып еңбек ете берейік!
Әлем әдебиетінің өкілі В.Гюго: «Ұлы адамдар өз істерімен ескерткішінің жобасын жасайды, болашақ мүсінін соғады» деген. Жұмаділ – мезгілсіз солған гүл секілді. Жұмаділ атамыз өзінің ескерткішін ерлігімен-ақ соғып кеткен. Сол ерлік ісін насихаттау – артына қалған ұрпақтарының атқарар парызы болмақ.
Бұ дүниенің қуанышынан гөрі қайғысы мен қасіретін көп көріп, азабын бір кісідей тартқан жанның екінші дүниедегі мәңгілік өмірі жәннаттың төрінен бұйырып, қабір азабынан сақталуына, жатқан жерінің жайлы, топырағының торқа болуына тілекшіміз. Артында қалған үрім-бұтағының жасап жатқан игі істері мен тың бастамаларына Жаратқан Иеміз сәтін салса, қазына-қарт әкеміз сүйсініп жатуды жазсын.
Ғылымды сыйлайтын адамдар – әділетті болуға тырысады. Себебі, ғылымның өзі ақиқатқа алып барудың жолы ғой (Алтынбек Сәрсенбайұлы) дегендей, біз өлкенің тарихын жинастырушы ретінде, жас әдебиеттанушы ретінде де ғылымның сара жолынан, Алланың хақ жолынан адаспауға тырысып, әрбір нәрсені әділ жазуға ниеттеніп жүрміз.
Енді аз-кем Жұмаділ батырдың рухына бағышталған еңбектерді айта кетейік: Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Жұмаділ Әубәкіров туып-өскен өңірдегі Арасан ауылындағы бір көшеге батырдың аты берілген болатын. 1990 жылы, 15 тамызда Алматы уақытымен кешкі сағат 22.00-22.10 аралығында «Шалқар» радиосының «Жасы үлкеннен жақсы сөз» бағдарламасы арқылы тілші Оралбек Жұмаділов пен Рена Әубәкірованың сұхбаттасып, әуе толқыны арқылы радиотыңдарманға жол тартқан болса, 2005 жылы «Санат» баспасынан жарық көрген Әзілхан Нұршайықовтың «Боздақтар» атты кітабында Жұмаділ Әубәкіровтің өмірі туралы жазылған. 1991 жылы К.Аманжоловтың «Жауынгерлік туы астында» кітабында да капитан Жұмаділдің ұрыс даласындағы күндерінен үзінділер келтірілген. Осы жолдар авторының батырдың қызы Рена-Оралмен 2011 жылғы 25 маусымда облыстық «Жетісу» газетіне «Жүрегінде мұңы бар өткеннің...» атты сұхбаты жарияланса, оның ерлігі туралы Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 2008 жылғы 23 қазан күнгі нөмерінің 2-бетіндегі Қуат Қайранбаевтың «Ерлігі елге өнеге» деген мақаласында толық айтылған, 1970 жылдары «Литер-Н» атты газетке журналист Жекен Жұмаханов «Табанды ер командирлер» деген тақырыппен Жұмаділ Әубәкіров туралы көлемді мақала жазған. Жұмаділдің бала күннен бергі досы, соғыс және еңбек ардагері А.Ф.Винтовкиннің Ренаға жазған хаттары да «Қапал еңбеккері», «Заря Коммунизма», «Вестник Орск» атты газеттеріне жарияланған.
Жұмаділ Әубәкіровпен ҚР Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов қан майданда бірге болған. Біздің мұрағатымызда қандыкөйлек досының Алматы облысының бұрынғы әкімі, бүгінгі Мәжіліс депутаты Серік Үмбетовке жазған өтініш-хаты бар. Сол хатта: «Жақында капитан Жұмаділ Әубәкіров марқұмның туған қызы Рена-Орал мен немере келіні Нұршайым Рахатаева екеуі маған келіп, Ақсу ауданының Суықсай ауылдық округіндегі Юрий Гагарин атындағы мектепке Жұмаділ Әубәкіров аты берілсе екен деген армандарын айтып, менің көмектесуімді сұрады.
– Менің қолымнан не келеді, қарақтарым? Ештеңе келмейді. Бар қолымнан келетіні осы өтініштерің орынды екенін айтып, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке хат жазайын, - дедім оларға.
Расында Юрий Гагарин есіміне байланысты марапаттар өте көп қой. Оған Чехословакияның Социалистік Еңбек Ері, Болгарияның Батыры, Венгрияның Еңбек Ері атақтары берілді. Мәскеу облысындағы Монино әскери академиясына, Айдың арғы бетіндегі кратердің біріне Гагарин есімі берілді. Гагарин атында алтын медаль шығарылды. Ресейдің Смоленск облысының бір ауданы Гагарин атымен аталады. Дүние жүзінің көптеген оқу орындары мен қалалар, көшелер мен алаңдар Гагарин есімін иемденеді.
Гагарин марқұмға осы жетпей ме? Қазақстанның көп мектерінің бірінен оның атын алып тастап, кеше Отанымызды қорғап, опат болған қаһарман қазақ Жұмаділ Әубәкіров атын берсе несі айып? Ол үшін бізді кім кінәлайды?
Ешкім кінәлай алмас, тегі!» делінген. Қазақ халқына қадірлі Әзағаның бұл хаты да араша бола алмады.
Біздің ендігі мақсат сол – Алматы облысы, Ақсу ауданы, Суықсай ауылдық округіндегі Ю.А.Гагарин атындағы орта мектепке Ж.Әубәкіровтің есімін бергізу. Бұны – батырдың есімі мен ерлігін ұлықтау үшін жасалып жатқан қадамның бастамасы деп түсінген дұрыс. Мерзімді баспасөз арқылы Жұмаділ батырдың атына мектеп сұрап отырмыз, бәлкім, жергілікті атқамінер азаматтар өтінішімізді оқып, Елбасының 2015 жылды ардагерлердің құрметіне арнағанын түсініп, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қолдау танытар деген үкілеген үмітіміз бар. Алматы облысының тізгінін қолына алған елжанды азамат Амандық Ғаббасұлы Баталов мырза осы істің оңынан шешілуіне ықпал етер деген ойымыз бар. Алла сәтін салсын!
Батырдың туған ауылы – Ақсу ауданы, Арасан ауылдық округінің орталығында 9 мамыр күні ҰОС шейіт болған барлық қаһармандарға арнап ас беріп, құран бағыштап, «Капитан Әубәкіров» атты мемуарлық-эпистолярлық кітаптың салтанатты түрде тұсауын кесіп, батыр есімімен аталатын көшеге ескерткіш тақта орнатып, Б.Сырттанов атындағы орта мектептің Алғашқы әскери дайындық кабинетіне капитан Әубәкіровтің есімін беріп, сонау Арқа жерінен келетін «Руханият» студент жастар театрының әртістері сомдайтын осы мақала авторының «Тағдырлы тұлға» атты пьесасын жас режиссер Көбей Жетібайтегінің сахналандыруымен қойып, ауыл жастары мен тұрғындарына үлкен әсер қалдырсақ деген ойымыз бар.
Батырдың туған ауылы, ауылдастары қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіровтің «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді!» деген сөзін ұмытпай, біздің өтінішімізді ескерсе екен.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста