Штрафбаттағы қазақ қызы

Штрафбаттағы қазақ қызы

Қалалық ономастика комиссия­сының шешіміне сәйкес, таяу­да Ақтөбе көшелердің біріне Халида Маманованың есімі берілді. Мұншама құрметке ие боларлықтай бұл әйел кім еді? Жалпақ жұртшылық профессор, медицина ғылымдарының докторы, Ұлы Отан соғысының ардагері, штрафбат құрамында Берлинге дейін жеткен қазақ қызы – Халида Есенқұлқызы Маманова туралы өте аз біледі...
Көз көргендердің айтуынша, Халида Маманова – орта бойлы, салмақты, әдемі әйел болыпты. Араласқан дос-жарандарының бірде-бірі Халиданың дауыс көтеріп, ренжігенін естімепті. Тағдыр талқысы мен қиындығын «қыңқ» етпестен көтеруге апамыздың басынан өткерген, ердің ері ғана шыдайтын «азапты мектебі» көп көмек берсе керек. Қызыл империяның отбасына әкелген ойраны бүкіл ауыртпалықты үнсіз көтеруге үйретті. Үнсіз ғана отырды десек, әбестік болар. Оқуға, үйренуге талпынды. Халида Маманова өмірбаянына «Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қараағаш деген жерде, ірі малшы Есенқұл Мамановтың отбасында дүниеге келдім» деп өз қолымен жазыпты. Жалпы, Халида туралы әңгіменің өзі қысқа. Сондықтан, біз Халиданың жалпы болмысын ашу үшін, осы материалда Мамановтардың тегі, олардың соңғы жүз жылда білім алу саласына қосқан үлесі туралы да сөз қозғауды жөн деп таптық. Берекелі бақша Жетісу өңірінде ауқатты, бай адамдар өте көп тұрды. Бірақ кейінгі ұрпақ солардың көпшілігін есте сақтаған жоқ. Ал Маман мен оның ұлдарының аты аңызға айналды. Маманның тегі – он үшінші ғасырда Баян ханнан басталып, Матай Бөрібай батыр, Қаптағай батыр, Қыдырәлі би, Қалқабай Досетұлы, Тәнеке батыр болып жалғасады. Бұл ұрпақтың әрқайсысы болашақ үшін жеке-жеке қолтаңба қалдырған. Халиданың көкесі, әкесінің туған ағасы Тұрысбек Маманов 1872 жылы он сегіз жасында болыс болды. Сейіттал мен Есенқұл Мамановтар көшпенді кеден ұйымдастырып, Ұлы Жібек жолындағы керуеншілерден алым-салық жиып тұрған. Мамановтар балалардың жан-жақты білім алуын қуаттай отырып, ақсақалдардың да көзін жеткізуге тырысып бақты. «Діни, ұлттық, тілдік айырмашылықтарға қарамастан, біз де татарлармен, орыстармен және басқа да халықтармен бірге ортақ аспан астында, тамыры тұтасқан ағаштардың арасында, гүлдері бір-бірін тозаңдатқан, жапырағы мол, берекелі бақшада өмір сүріп отырмыз» деді. Олар білімсіз ұрпақтың болашағын елестете алмады. Сөйтіп, бала оқытудың алғышарттарын жасады. «Мамания» мен меценаттық Мамановтардың жеке қаржы­с­ына Жетісуда зиялы мектеп ашылды. Алдымен, екіжылдық еді. Кейіннен, төрт сыныпты, одан соң, сегіз сыныпты болып кеңейтілді. Бұл мектепке мұғалім болу үшін, кәдімгідей байқаудан жеңіп шығу керек еді. Мұнда – Қазан, Уфа, Орынбор, Санкт-Петербург пен Ыстамбұлда оқу тауысқан ұстаздар сабақ берді. Білім алуға тілек білдірген баланың бәрі қабылданды. Оқу тегін еді. Шәкірттерге қажетті нәрсенің бәрі берілді – жатын орын, тамақ, оқулық, тіпті киімдер үлестірілді. Ең бастысы – бұл кедейлердің балаларына арналған мектеп болатын. Алпыс балаға арналып, сол уақыт үшін  керемет жатақхана салынды. Оқу – араб қарпі негізінде жүрді. «Мамания» мектебі Уфадағы «Ғалия» медресесіне ұқсайтын. Оқу мекемесінде талап пен мейірімділік, білімге бас ұру ауаны сезіліп тұрды. Ұстаздар үшін керемет жағдай жасалды. Арнайы пансион салынып, осы уақыт үшін де қол жетпес үлкен жалақы тағайындалды. «Мұсылмандық білім берудің» өте жоғары деңгейге қойылғаны жөнінде патшалық шенеуніктер ақпарлар жазып қалдырды. Бірақ «Мамания» мектебінің оқушылары тек білім деңгейімен ғана ерекшеленген жоқ. Олардың әрқайсысы – білім дәнін далаға да сеуіп, елдің рухани баюын мұрат тұтты. Бұл жерде әр түрлі кезеңде – Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Тынышбаев, Жұмахан Күдерин, Біләл Сүлеев секілді қазақтың біртуар азаматтары білім алды. Мамановтардың мектебі – тұтастай қазақ интеллигенциясының қаймағын түзіп шықты. Қазіргі тілмен айтқанда, Тұрысбек Маманов – аса керемет кәсіпкер болған еді. Өмірінде екі рет қажылыққа барып келген. Жолаушылап жүріп, әрбір елге келгенде – сол елдің тарихын, өнері мен мәдениетін ықыласпен оқып үйренген. Саудагерлік іскерлік байланысы да ауқымды еді. Тәшкен, Бұхар, Нәмәнган, Жаркент, Қызылжар қалаларында сауда үйлерін ашты. Ал 1881 жылы Мамановтардың қаржысымен Қапал қаласының құрылысы басталды. Бақытсыз граф Осыншама ерен еңбегі үшін, Тұрысбек Маманов Екінші Николайдың қолынан үшінші дәрежелі Қасиетті Георгий орденін алды. Сондай-ақ, ол Кіші Алтын Медальды иемденіп, граф деген титул алады. Графтық титул ұрпақтан-ұрпаққа берілетін. О заманда жағдайы келіскен кісілер ең мықты деген әдеби шығармаға бәйге жариялайтын. Бәйгеге өте ірі көлемде ақша тігетін. Мамановтар әулеті сондай шығармашылық жарысқа демеушілік көрсетіп отырды. Олар алғашқы қазақ романына бәйге жариялап, қазақтілді газет-журналдарға қаржылай көмек көрсетті. Талантты деген түлектердің оқуын одан әрі қарай шет­елдерде жалғастыруға мүмкіндік берді. Қазан төңкерісінен соң, Мамановтар әулетінен 15 адамды атып тастады. Тағы да 36 отбасын итжеккенге айдады. Халиданың әкесі Есенқұлды «атақты» 58-баппен соттап, үш жылға Қазақстаннан тыс жерге жер аударды. 1928 жылы мал-мүлкін кәмпескелеген соң, бала-шағасымен қоса, Чкалов қаласынан бір-ақ шықты. Есенқұл қара жұмысшы болып жұмысқа тұрды. Ал анасы фабрикаға тігінші болып орналасты. Алты баланың үлкені – Халида ол кезде 10 жаста еді. Айдауда жүргенде туберкулезден әкесі мен екі кіші інісі қайтыс болады. Отбасы 1932 жылы әупірімдеп жүріп, Алматыға әзер оралды. Оқу қуу Халида Есенқұлқызы қысқа курстарда оқуды бастап, алдымен, техникумға, сосын, медицина институтына түседі. Бірақ ататегін «феодал» деп таныған коммунистер қаршадай қызды комсомолдан, сосын оқудан шығарады. Кейіннен, Халида әрең дегенде қайтадан оқуын жалғастырады. Бұл жылдары үйдің берекесі кетті. Анасы күн сайын қалтырап-дірілдеп, екі шабаданды ұстап, ішіндегі нанды жаңасына ауыстырып отырды. Ойы – қамауға алса, заты мен нанын бірге ала кетпек. Осындай күймен 1958 жылға дейін өмір кешті. Халида Маманова 1941 жылдың 31 желтоқсанында Молотов атындағы Қазақ медицина институтын тәмамдап, «емдеуші-дәрігер» деген ат алды. Одан соң, Ғылым академиясында физиология институтының аспиранты болып, тағы да оқуда қалды. Бірақ оқуды одан ары жалғастыра алмады. 1942 жылдың ақпанында соғысқа шақырылды. Медицина институтының түлегіне лейтенант шені берілуі тиіс болатын. Бірақ Халидаға ондай лауазым бұйырмады. Тіпті оған медбике болуға да рұқсат етілмеді. Медициналық қапшықтың орнына, мола мен окоп қазу үшін қолына күрек ұстатты. Штрафбат ботқасы Өзіне тиесілі шен мен әскери лауазымын ала алмаған Халида бірден Сталинге хат жазды. «Егер мен халық жауы болсам, онда штрафбатқа жіберіңіз. Егер, тірі қалсам, менен және туыстарымнан бүкіл айыпты алып тастаңыз!» Қайсар қыздың қаһармандығына таң қалмасқа лаж жоқ. Бірақ көп өтпестен, Халида зэктер мен саяси тұтқындардың арасынан бір-ақ шықты. Кәдімгі штрафбат! Кілең еркек арасындағы жалғыз қыз еді. Сотталды дегенімен, штрафбаттағы жандар да мейірімнің не екенін жақсы білді. Қаршадай қызды әрқашан қорғаштап, қамқорлыққа алды. Немістердің әуе шабуылында ағасы мен әкесіндей болып кеткен ағалары Халидаға оқ тигізбей, денесімен қорғап отырды. Ең өкініштісі сол, Халида штрафбаттағы азабы туралы жарылып ешкімге тіс жара бермейтін. Сондықтан, бізге тамұқты жердегі тіршілігі туралы мәліметтер там-тұмдап қана жетіпті. Одан соң, Халиданы авиабатальонға ауыстырды. Әскери қызмет 821 батальонда жалғасып, Халида амбулаторияның бастығы болып тағайындалды. Батальон Сталинградтың түбіндегі кескілескен айқасқа басынан аяғына дейін қатысты. Одан соң, 4-ші Украина, 3-Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауын азат етіп, 1 және 2-Украина майдандарының құрамында Польша, Чехославакия, Германия, Австрияны азат етті. Халида Есенқұлқызы осылайша Германияға да жетті. Тек, 1943 жылы ғана қазақ қызына медициналық қызметтің аға лейтенанты деген шен берілді. Халида Есенқұлқызын «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттады. 1945 жылы майданда жарақат алғандығы үшін, еліне қайтарылды. Ол кезде иықта капитанның төрт жұлдызы жарқырап тұр еді! Білім мен пәле 1946 жылдың ақпанынан бастап, Қазақ медициналық академиясында патологиялық физиология кафедрасына ассистент қызметімен жұмысқа тұрып, 1950 жылдың қыркүйегінде кандидаттық диссертациясының тәжірибелік кезеңін аяқтады. Бірақ тағы да ата-бабасының бай болғандығы Халиданың жолын кесті. Ғылыми жұмысын қорғауға мұрша бермеді. Халиданың жетекшісі Глозман болса, ғылыми еңбегін қорғау үшін, Қырғызстанға кетуге кеңес берді. Соның арқасында Халида еңбегін Мәскеуде қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты деген атақ алды. Кейіннен, бүкіл Кеңестер елінде «дәрігерлер ісі» басталғанда, Халида Есенқұлқызы да осы алақұйынның назарына ілікті. Себебі ол «халық жауының» қызы еді. Жетекшілері Халидаға тауға кете тұруды, кейін бәрі орныққасын, сақтандыру дәрігері болып оралуға кеңес берді. Сосын, Халиданы Қарағанды  қаласындағы медицина институтына жіберді. Ал 1959 жылы Ақтөбе қаласында жаңадан медицина институты ашылып, ректоры болып тағайындалған курстасы кафедра меңгерушісі ретінде шақырды. Халида сол қызметте жиырма жыл тапжылмай жұмыс істеді. Дәл сонда отырып, докторлық диссертациясын қорғады. 1969 жылы жоғарғы аттестациялық комиссиясының шешімі бойынша, медицина ғылымдарының докторы деген лауазым алды. Қатерлі ісік туралы ғылыми еңбектері Парижде өткен халықаралық конгресте оқылды. Халиданың көптеген шәкірті осы күні танымал маман, ғалым атанған. Студенттері әлі күнге дейін ұстазын сағынышпен еске алады. Докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғап, елге оралғасын, Халида Есенқұлқызы студенттер арасында халық аспаптары ансамблін құру туралы бастама көтерді. Сол-сол-ақ екен, обкомнан шақыртып, дереу дәрігерді «ұлтшыл» деп айыптап, «социалистік ағарту және білім беруге қауіп туғызушы» ретінде бағалады. Жұмбақ өлім Әсіре сақ коммунистер Халиданың Мексика мен Орталық Америкаға жасамақ болған сапарының жолын кесті. Тек, социалистік Болгарияға баруға ғана рұқсат етті. Болгариядағы «Алтын құм» жағалауына ақтөбелік дәрігерлердің сапартобы аттанды. Бірнеше күннен кейін, Халиданың өлі денесін демалыс орнынан әлдеқайда алыс жерден тауып алады. Сот-медициналық сарапшылар «марқұм қараңғыда суға батып өлді» деген қорытынды жасайды. Ал, шын мәнінде, Халида кешкілік суға түспеуші еді... Денесін­де үлкен көгерген дақ көзге түсті. Бірақ сарапшылар «теңізде шомылып жүріп, бетонға соғып алған болар» деп топшылады. Ал әлдебіреудің соққыға жығуы туралы болжам мүлдем жасалмады. Туысқандарының айтуынша, бұл іспен Қазақстан мен Болгарияның ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысқан. Марқұмның денесін жерлеу үшін, туыстарына екі апта бойы бермеді... Қазақстан Республикасының 1993 жылы 14 сәуірде шыққан «Жаппай репрессия құрбандарын ақтау туралы» заңына сәйкес, Халида Есенқұлқызы Маманова репрессиядан зардап шегуші деп танылып, ақталды. Бір өкініштісі, Халида апамыз бұл күнді көзімен көре алмай кетті.

jasqazaq.kz
baq.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста