Сталинград шайқасы

Сталинград шайқасы

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 60 жыл өтті. 9 мамыр — сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз — өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің  құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.

Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен   Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.

Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды…

Сталинград шайқасы және Қазақстан

Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол станциялар мен елді мекендер кеңінен тартылды.
Сталинград шайқасы (1942-1943) – совет әскерлерінің 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында 1942 жылғы 17 шілдеден бастап 1943 жылғы 2 ақпанға дейін Сталинград қаласын (қазіргі Волгоград қаласы) қорғау және Дон мен Волга өзендері аралығындағы неміс-фашист әскерлерінің ірі стратегиялық тобын талқандау жолындағы жауынгерлік қимылдары. Ол қорғаныс және шабуыл кезеңдеріне бөлінді.
Сталинград қорғанысы 1942 ж. маусымның аяғында неміс-фашист әскерлері шабуылды күшейте түсті. Брянск, Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік майдандарындағы совет жауынгерлері Донның сыртына, Воронежден Клетскіге, Суровикинодан Ростовқа дейін шегінуге мәжбүр болды. Жаудың көздегені Сталинградты басы палу еді. Осы жағдайда Жоғары Бас командованиенің Ставкасы Сталинград бағытында берік қорғаныс ұйымдастыру үшін шұғыл шара қолданды. 12 шілдеде Оңтүстік-Батыс майданы басқармасының негізінде Сталинград майданының жаңа басқармасы құрылды. Оның құрамына 62-, 63-64-армиялар, сонымен бірге бұрынғы Батыс майданның 21-, және 8-әуе армиялары, жаңадан құрылған 1-, 4-танк армиялары, 28-, 38-, 57-армиялардың кейбір бөлімдері кірді. 17 шілдеге бұл майданның қорғаныс шебінің ұзындығы 530 км-ге жетт. Волга мен Дон араларында қорғаныс құрылысы күшейтілді. Партия және совет ұйымдарының шақыруымен оған мыңдаған тұрғындар қатысты.
17-22 шілдеде 62-, 64-армиялардың алғы шептегі отрядтары Чир мен Цимла өзендері бойында жаумен кескілескен ұрыстар жүргізе отырып кейінгі негізгі қорғаныс шебіне шегінді. 22 шілдеге жаудың Сталинград бағытында 18 дивизиясы, барлығы 250 мыңдай адамы, 740-қа жуық танкі, 1200 самолеті, 7500 зеңбіректері мен минометтері болды. Ал Совет армиясының күші әлдеқайда кем еді. 1942 жылдың 23 шілдесінде генерал-полковник Ф. Паулюстің 6-армиясы Сталинград, Астраханьды басып алып, Волгаға бекіну үшін шабуылға шықты. 62-64-армиялардың бағытында кескілескен шайқастар болды. Шілде-тамыз айларында жау Совет Армиясының қорғаныс шебін бірнеше жерден бұзып өтті. Бірақ сталинградтықтар неміс-фашисттерінің бұл шабуылын да тоқтатып, берік қорғаныс жасады. Бұл майданның ерекше маңызын ескеріп Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті 12 тамызда Бас штаб бастығы генерал-полковник А.М. Василевскийді, 29 тамызда Жоғары Бас қолбасшының орынбасары армия генералы Г.К. Жуковты көмекке жіберді.
Сталинград майданының әскерлері (1-гвардия, 24-және 66-армиялар) қыркүйектің басында 2-рет шабуылға шықты, бұл қаланы қорғаушы-еңбекшілердің жағдайын едеуір жеңілдетті. Неміс-фашист әскері үлкен шығынға ұшырағанына қарамастан 13-15 қыркүйекте Волга шебіне шабуылды қайта үдетті. Мамай қорғаны мен вокзалға бағыт ұстады. 28 қыркүекте Сталинград майданы – Дон (қолбасшысы генерал-лейтенант К.К. Рокоссовский) және Оңтүстік Шығыс майданы (қолбасшысы генерал-полковник Еременко) болып бөлінді. Сталинградтықтар ерлікпен күресті. Шілде мен қараша аралығында жау 700 мыңдай адамынан, 1 мыңнан астам зеңбірегі мен минометінен, 1400 самолетінен айырылды. Жаудың бұл бағыттағы шабуылы тоқтатылды.
Сталинград түбіндегі қарсы шабуыл 1942-1943 жылдарды қамтыды. Неміс-фашист командованиесі 1942-1943 жылдың қысында өздері орналасқан шепті 1943 жылдың көктеміне дейін ұстап тұруды, сонан соң қайта шабуылға шығуды жоспарлады. Ал Совет командованиесі қарсы шабуылға күш пен құрал-жабдықтар жинақтады. Жоғары Бас командованиенің Ставкасы мен Бас штаб оны өткізудің жоспарын жасауға кірісті. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті 13 қарашада бұл жоспарды бекітті. Осы жоспарға сәйкес Совет Армиясы Сталинградтағы генерал-фельдмаршал Ф.Паулюстің 6-армиясын қоршауға алып, тізе бүктірді. 1943 жылдың 2 ақпанда неміс генерал-фельдмаршалы қалған әскерімен тұтқынға алынды. Сталинград шайқасы осымен аяқталды.
Сталинградты бүкіл совет халқы қорғады. Сталинград үшiн шайқас болып жатқанда Батыс Қазақстан облысында соғыс жағдайы жарияланды. Даңқты 62-армияның құрамында 3800-ден астам қазақ болды. Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған барлық әскери құрамалар мен бөлімдердің үштен біріне жуығы қатысты. Әйгілі 64-армияның құрамында қазақстандық 29-және 38-атқыштар дивизиясы болды.
Сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 29-және 38-атқыштар дивизиялары 72-және 73-гвардиялық атқыштар дивизиялары атанды, ал 73-атқыштар дивизиясына «Сталинградтық» құрметті атағы қоса берілді.
Сталинград операциясына Қазақстаннан 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиясы, 1 танк атқыштар бригадасы, 1 минометтi полк қатысты. Осы шайқаста Н.Әбдiров, Қ.Спатаев, т.б. қазақ жауынгерлерi батыр атағын алды.
Сталинград шайқасында жүздеген мың совет жауынгерлері ерліктің үлгісін көрсетті. Шайқаста ерекше көзге түскен 55 құрамалар мен бөлімдер ордендармен марапатталды. 100-ге жуық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сталинград қаһарман-қала атағына ие болды. Сталинград шайқасы батырларының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін 1963-1967 жылдары Мамай қорғанында мемориалды комплекс салынды.

«Артқа шегiнуге болмайды!» деген Сталиннiң бұйрығы

1942 жылдың 28 шiлдесiнде КСРО Қорғаныс халық комиссарының №227 бұйрығы шықты. Бүкiл Кеңес халқы аяғынан тiк тұрған, немiс-фашистерi жан-жақтан ентелеп, жан қысылып жатқанда шыққан айрықша қатал бұйрық ел-жұртты естен тандырған. Бiреулер қорықты, бiреулер қайсарланып, қаһарлана түстi. Қорқатындай да бар едi…
Фашистер, алдында, Ленинградты қоршауға алып, Мәскеуге таяқ тастам жерге дейiн жетiп қалған. Алайда, олар бұл бағытта алға қарай жылжи алмасын сездi. Сезiп қана қоймай, оның себептерiн iздеген. Бiр есептен, оның себебiн тапты деуге де болады. Олар «Кеңес Одағының жүрегi — Мәскеу емес, Кеңес Одағының жүрегi — Сталинград» деп түйдi. Өйткенi, бұл аймақ Кеңес әскерiнiң үлкен бiр тiрегi болып тұрған. Сол себептi, фашистер ендiгi күштi оңтүстiк-батысқа салды. Сөйтiп, Солтүстiк Кавказ бен Волгаға қарай баса-көктеп кiрiп келе жатты.
— Ол кезде Сталин бес бiрдей қызметтi бiрге атқарды: бiрiншi — Кеңес Одағы Коммунистiк партиясының Бас хатшысы, екiншi — Отан қорғау мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы, үшiншi — жоғары қолбасшы, төртiншi — Министрлер кеңесiнiң төрағасы, бесiншi — Қорғаныс министрi — бәрi-бәрi бiр өзi болды. Тiл тиегiне айналып отырған аты шулы бұйрық министр ретiнде, Қорғаныс министрiнiң атынан шыққан.
Неге дейсiз ғой, бұл тек соғысқа байланысты ғана емес, халық шаруашылығына, бүкiл елге арналған мәселе едi. Сондықтан, қолбасшының сөзi емес, министрдiң сөзi керек-тiн. Жалпы, мұндай батыл сөз патша заманынан берi қарай бұрын-соңды болған емес, — дейдi Қазақстан мүгедектер қоғамының төрағасы Сейдәлiм Тәнекеев.
Иә, бұл бұйрықтың ерекше маңызы болғаны рас, алайда оның көп айтыла бермейтiн екiншi қыры бар едi. Ол майдандағы Кеңес жауынгерлерiне тiкелей қатысты болатын. Адам жанын түршiктiрер құжаттың қаһарын төккен ең үрейлi тұсы да — осы. Бұйрықсыз артқа шегiнгендердi атуға құқық берiлдi. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес. Бұл мақсатта «тосқауыл жасағы» деген атпен арнайы топтар құрылған.
Сталинград түбiндегi шайқас ең ауыр шайқас болды. Бүкiл соғыстың тағдыры осы жерде шешiлуi тиiс едi. Сондықтан, екi жақ та аянып қалған жоқ. Бетпе-бет келiп қана қоймай, мидай араласып кеттi. Алдың да — жау, артың да — жау. Қай жақтың басым түсерi соғыс техникасы мен қару-жараққа ғана емес, жауынгерлердiң қаһармандығына байланысты болып тұрды.
— «Артқа шегiнуге болмайды!» деген Сталиннiң бұйрығы дәл осы кезде шықты. Осы бұйрықтың негiзi бойынша тосқауыл жасақтары құрыла бастады. Әрбiр дивизияда өзiнiң осындай топтары болды. Мен осындай жасақтың құрамында отряд командирi болып тағайындалдым. Дивизия бойынша ерiктiлердi қабылдау туралы тапсырма берiлдi. Бұл жасақтың құрамына ешкiмдi зорлықпен апарған емес, бәрi де ерiктiлер болды. Алайда, қойылған бiр ғана шарт — коммунист немесе комсомол болуы керек. Оларды әрi сенiмдi, әрi тапсырмаға жауаппен қарайды деп есептедi, — дейдi Сталинград шайқасына қатысушы Иван Афанасьевич Зябчук.
Бүкiл әлем көз тiккен соғыстағы аты шулы бұйрықты әркiм әрқалай қабылдады. Жауынгерлер жан берсе де, шегiнуге жол бермеу деп түсiнген. Олардың рухы мықты болатын. Үздiксiз жүргiзiлiп келген патриоттық тәрбие соғыста өз көрiнiсiн байқатқан.
Ел басына ауыр күн туды. Жағдай шындығында да өте қиын болатын. 80 миллиондай халық тұратын жер жау қолына тидi. 1940 жылы Кеңес Одағы 18 миллион тонна болат өндiретiн болса, соның болат өндiретiн 10 миллион жерiнен айырылған. Фашистер сондай-ақ, 10-15 миллион тоннадай астық беретiн жердi басып алды. Сталин бұйрығында осының бәрi ашық айтылған. Бiр жағынан бұл Кеңес халқы мен жауынгерлерге деген Үндеу болды.
— Бұйрықтың iшкi мазмұны үш бөлiмнен тұрды. Бiрiншi, әскерiмiз шегiнiп барады, мұнайдан айырылсақ, күнiмiз қараң болады деп ашығын айтты. Екiншi, бiзде күш бар, бiздiң әскери техникамыз да мықты дедi. Сол кездерi өзi бiздiң танктерiмiз де фашистердiкiнен артық болатын.
Бұл кез өзi бiздiң әскери басшылардың әбден тәжiрибе жинақтаған уақыты едi. Қарсы тұрудың, төтеп берудiң жолдарын бiлдi. Сталин өзiнiң бұйрығында осыны көрсеттi. Ең бастысы, Сталин халыққа сенiм бiлдiрдi. Аз халықтардың атын атамағанмен, оларға үлкен сенiм артып, мiндет қойды,- дейдi Сейдәлiм Тәнекеев.
Соғыста бәрi болуы мүмкiн. Кiрпiк қақпай қарсы тұрдым деу қиын. Алайда, Кеңес жауынгерлерiнiң ерлiгi сол — қорқыныш пен үрейдi жеңе бiлген. Өздерiне қарсы, артында тосқауыл тұрғандықтан ғана емес, оның сыры — жауынгерлердiң iшкi сезiмдi жеңiп, қаһармандық таныта алғандығында жатқан едi. Сталинград шайқасына қатысқан Иван Зябчук соғыс кезiндегi ауыр күндердi еске алып:
— Бүкiл шайқас барысында тосқауыл болып, өз әскерiмiзге қарсы қару көтерген жоқпыз. Өйткенi, оның қажеттiгi болған жоқ. Жауынгерлердiң қайсарланып, рухтанғаны сонша, ешкiмде артқа шегiну туралы ой болмады. Әрине, жекелеген қорқақтардың кездескенi рас, олар тиiсiнше жазаланды да. Көбiне, жазалау отрядтарына жiберiлдi.
Кейбiреулердiң арасында майданнан кету үшiн өзiн-өзi атқандар да кездестi. Мәселен, бiр комсомол жiгiт өзiн-өзi атып, жараланып, санбатқа кеттi. Кетерде «Сендер ешкiнiң құйрығы көкке жеткенде жеңесiңдер» деп айтқаны есiмде. Ол немiстердiң жеңетiнiне соншалықты сенiмдi болды. Оның одан кейiнгi тағдырының не болғанын бiлмеймiн. Ондай жағдайлар болды,- дейдi.
Сталиннiң қатыгездiгi барша әлемге аян едi. Оның бұл 1942 жылғы №227 бұйрығын бiреулер қаталдықтың асқан шыңы десе, ендi бiреулер барлық жайды ашық айтқан батылдығы деп таныды. Қалай десек те, алапат соғыстың барысын өзгертiп, шешушi шайқаста жеңiске қол жеткiзген шешiм болғандығында дау жоқ.
Ол кезде өлiмнен ұят күштi едi. Жауынгерлер «Қоянды қамыс өлтiредi, ердi намыс өлтiредi» дегендi жүрек жұтқан батырлықтарымен дәлелдеп шыққан. Ал, Сталиннiң бұйрығы бойынша тосқауыл жасақтарының құрылуын бiрлi-жарым кездесер қоянжүректерге қарсы қолданылған шара деуге болады.

Еділ бойында қан төккен қазақтар

1942 жылғы 19 қарашада кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі жауға қарсы шабуылы басталды. Алғашқы екі күнде румындардың 3 және 4 армиясына ойсырата соққы беріліп, немістердің 6 далалық және 4 танк армиялары қоршауға алына бастады. 23 қарашада ставканың алдына қойған мақсаты жүзеге асты.
31 қаңтар фельдмаршал Паулюс басқарған бірінші топ қаруларын тастап, тұтқынға берілді, ол екінші топ, күшті соққыдан кейін 1 ақпанда қарсылығын тоқтатты.3 ақпанда Еділдгі шайқастың соңғы оғы атылды.
1941 жылғы желтоқсанда, 1942 ақпан айларында Алматы қаласында құрылған атқыштар дивизияның құрамы негізінен Алматы мен Фрунзе қалаларындағы скери училищелердің түлек терінен жасақталды. Дивизияның құрамы да Қазақстанда тұратын әскер міндеттегілерден қалыптасты,сондықтан жауынгер сапағылардың 25 пайызы қазақтар болды.
1942 жылғы мамыр айының ішінде дивизия Оңтүстік­ – Батыс майданы әскерлерінің құрамында Харьков түбіндегі ұрысқа кіріп, Сталинград шайқасының басынан аяғына дейін қатысты. Жау әскерлерін қорғаныс ұрыстарында әбден титықтатып, Сталинград түбіндегі неміс армиясын қоршап алып, кейін оны талқандауғу да үлес қоты.
Оскол өзенінің бойыда, Уразова қаласының түбінде, Терновая стациясында кескілескен ұрыс болды, бұл шайқастарда қазақстандық жауынгерлер 13 тәулік бойы қорғанысты ұстап тұрды.Осы уақыттың ішінде 214-ші артиллерия полкі жаудың елуге тарта танкін, көптеген басқа техникасымен адам кұшін жойып жіберді. Алғашкы ұрыста жаудың 22 танкісі, 30 автомашинасы, 1 полк жаяу әскерлері шығын болды. Бөлімше командирі Мақаш Балмағамбетов осы ұрыста үлкен ерлік көрсетті. Ол пулуметті өз қолына алып жіберіп, өрттегіш оқпен гитлершілердің 5 машнасын өрттеді. Осы Мақаш келесі жылы Днепрді өтерде де үлкен ерлік көрсетіп, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Автоматты жауынгер Рамазан Бисенов ерекше мергендік көрсетіп, бір өзі тоғыз фашистке жер құштырды. Сол полктың комсоргы, кіші лейтенант Нығмет Ахметов жиырмадан астам дұшпанды сұлатып салды.
Қызыл ордалық пулеметші Қамеш Биғалиев Красный Октябрь және Мамаев Курганның шығыс жағына бекініп алып, зұлым жаудың өршеленген талай шабуылына тойтарыс берді. Жауыгерлер бір адым да кейін шегінбеді.
Осы бір Еділ бойындағы ұрыс қызып жатқан кезде Орал облысының Жымпиты ауданынан әскери комиссоратына өз тілегімен арыз беріп, 24 қазақ қызы майданға аттанды.
Олар бастапқы кезде Москва облысының Подольск қаласында мергандік мектепте оқыды да, кейін осы Сталинград майданына жіберілді. Қазақ қыздарының құралайды көзінен атқан мергендігі майданға кең тарады. Ең ауыр, жауапты тапсырмаларға қыздар өздері сұранып барып, талай фашистердің көзін жойды.
Әсіресе мерген атанған Малика Тоқтамысова ерекше көзге түсті. Ол үш рет арнайы жіберілген әскери тапсырманы мүлтіксіз орындады. Бұл үшін майдан командашысы оған алғыс жариялады.
Одан естері шыға қорыққан фашистер мерген қыздың соңына түсіп, әрдайым аңдумен болды, қатардағы жауынгер Малика Тоқтамысова 1944 жылдың 14 шілдеде ерлікпен қаза тапты.
Майдандағы медицина қызметкерлері әрқашан да қиын қыстау жерлерде болып, аса зор көмек көрсетті. Өз  ісіне сондай шын берілген қарапайым дәріген Роза Момынова жөнінде өз бөлімінің жауынгерлері «Жау қай жақтан шабуылды күшейтіп, оқты көп атса, Роза сонда. Роза Момынова жүздеген адамды өлімнен арашалап, қайта қатарға қосты», — ­­деп жазған еді.
Жауынгерлердің шексіз алғысына бөленгендердің бірі санитарка Әсия Бекетова. Ол бір ұрыста оқ астынан 27 жаралы жауынгенді алып шықты. Әсия соғы кезінде жүзден аса солдаттар мен офицерлердің өмірін сақтап қалды.
Сталинград шайқасындағы дивизияның ерлік істері жайлы әңгімелей келіп, генерал Ғ.Б.Сафиуллин былай деп жазды:
«Сталинградтың шалғай іргесінен басталған ұрыстардан бері біздің 38-ші дивизия 18 мыңнан аса солдат пен офицерлерді тұтқынғе алды, 68 танкті, 22 самолетті, 3 бронды поезды, 400-ден аса зеңбірек пен минометті қолға түсірді, 108 танкті, мыңнын астам машинасын қиратты. Неміс фашист басқыншыларымен Сталинград түбінде болған ұрыстарда жауынгерлер, командирлар мен саяси қызметкерлер Қазақстаның, сондай-ақ бүкіл кеңес халқының атына кір келтірген жоқ. Олар майданға жүрер алдында қазақ жерінде бұларға берілген аманатты абыроймен орындап шықты».
1942 жылдың көктемінде Ақмола қаласынан Сталинград майданына жөнелтілген 29-шы атқыштар дивизиясы да Сталинград бағытын қорғайтын әскерлердің құрамында болып шықты. Ол жаумен шайқасты Дон өзеннің шығыс жағалауынан бастап, Сталинградтың көшелерінде аяқтады.
Қиян-кескі ұрыстарда 48-ші полктағы аға лейтинант Досан Әлімжановтың батальоны үлкен ерлік қимылдарымен бүкіл дивизияны риза етті. Ол батальон құмды карьердің сырт жағына айанып барып, түн ішінде тұтқиылдан шабуыл жасады да 250 фашисті тұтқынға алды, жаудың 270 машинасын, 6 заңбірегін, басқа да біраз мүліктерін қолға түсірді.
Д.Әлімжановтың батальонындағы взвод командирі Қасым Қадыралиннің аз ғана топ солдаттары Воропаново түбінде фашистердің екі бірдей шабуылын тойтарды. Қыдыралин Ақтөбе облысының Ойыл ауданының жігіті еді.
Сталинградты қорғауға Орал облысынан қатынасқан жауынгерлер: Саттархан Жұрмұмбетов, Әбжай Сәлиев, Шабхат Желдібаев, Керей Кәмалиев, Жақан Қошмағамбетовтер асқан ерлікпен күресті.
Сталинград майдынына Қазақстанда жасақталған 6 дивизиядан 50 мыңдай солдат қатысты. Олардың ерлік істерінен хабардар болып отырған қазақстандықтар 1943 жылдың 6-шы ақпанында «Правда» газетінде майдандағы қазақ жайуынгерлеріне арнап хат жариялады. Бұл хат Сталинград түбіндегі жеңіс пен тұспа-тұс келгенімен, онда осығын дейінгі қазақ жауынгерлерінің Мәскеу түбіндегі, Ленинградтағы ерліктері де қамтылып, олардың әр қадамдарын туған елі жіті бақылап отырғандығы айтылған.
Сталинград майданындағы тарихи ұрыс жеңіспен аяқталғаннан кейін 1943 жылдың 6-шы ақпанында «Правда» гаетінде «Даңқты қазақ халқы – кеңестік Отан үшін күресте» деген бас мақала жаияланып, сол номірде «Қазақ халқының майдандағы қыазақ жауынгерлеріне жазған хаты» жарияланды. Ол хат сол күні орталық радиодан да екі тілде де берілді. Орысша мәтінін атақты Юрий Левитан, қазақшасын «Социалистік  Қазақстан» газетінің Балтабайек Асанов оқыды. Осылайша қазақ халқының майдандағы ұлдарына жолдаған хаты жауынгерлерге тез жетті.
Сол күзде Сталинград түбінде Қазақстанның тынысы күн сайын дерлік естіліп, сезіліп тұрды. Сталинград майданына майданға шақырылған қазақтар күнде дерлік келіп жатты. Тек Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының өзінен ғана сол күзгі айларда Сталинград майданына 26 225 жауынгер келіп қосылды. Олар Жәнібек, Орда аудандарына неміс самолеттері бомба тастап жүргендерін айтты.
Сталинград майданына Алматыдан бір ьоп өнер шеберлері келді. Қазақстанның халық артистері Үрия Тұрдықұлова, Ғарифолла Құрманғалиев, Мусілім Абдуллин, тағы басқа артистар Еділ жағасына келіп, қазақтың әндерін салғанда қазақ жауынгкрлері рухтары көтеріліп, үлкен қуанышқа бөленді.
Сталинград шайқасы кезінде көрсеткен қахармандығы үшін 38-ші атқыштар дивизиясыны 73-ші сталинградтық гвардия дивизиясы атағы берілді. Оның командирі Ғани Сафиуллинге генерал-майор атағы берілді.
Алты ай бойы бүкіл өлкені дүр сілкіндірген, адамзат тарихи бұрын көрмеген, естіп білмеген ұлы айқас осымен тынып, Еділ бойында тыныштық орнады.
Жекелеген тарихи фактілер осындай. Демек, біздің халқымз Сталинград түбінде Екінші Дүниежүзілік соғыстың бұдан былайғы барысына шешуші ықпал етті және фашизмды талқандап, адамзатты апаттан алып қалған Ұлы Жеңісті, Сталинград майданындағы соңғы оқтың атылар сәтін жақындта түсті. Ендеше майдангер халқымыздың бұл соғыстағы еңбегін біздің ұрпақтарымыз орынды мақтаныш ете алады.

Қазақ халқының тарихи хаты

Жылдар жылжып өтсе де, осыдан 61 жыл бұрын аяқталған Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерiнiң батылдығы мен ерлiгi мәңгi ұмытылмайды. Сол бiр қаһарлы жылдардағы олардың майдандағы толғанысын, қуанышы мен күйiнiштерiн суреттеп беретiн соғыс тарихының деректерi қатарына хаттарды да енгiзуге болады. Дала поштасының мөрi басылып, үш бұрыштап бүктелген хаттардың сарғыш тартқан беттерi майдан өмiрiн шынайы да қарапайым тiлмен жеткiзiп тұрды.
өмiр мен өлiмнiң ортасында, оқ пен оттың арасында жүрiп, болмаса, қаза болған жауынгер жолдасының қабiрi жанында асыға жазылған солдат хаттары мазмұны жағынан сан алуан. Бiрi — туған-туыстарына, жақындарына, жерлестерiне жолданса, ендi бiрi — Қазақстанның астанасы Алматыға, оған қоса Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне жолданған. Бiрақ қайсыбiрiн алсақ та, олардың негiзгi желiсi бiреу ғана болды. Ол — жауға деген қатыгездiк, Отанға деген сүйiспеншiлiк.
Мұрағаттың сарғайған беттерiндегi майданға жазылған жеке хаттардың iшiнен ең үлкен хатқа көзiм түстi. Бұл қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлерiне жазған хаты едi. Бұл хат соғыстың басталғанына бiр жарым жыл болғанда жазылған.
1943 жылдың қаңтарында Ленинградты қоршаған жау шебi (блокада) бұзылды. Волхов пен Ленинград майдандары қосылды. Сталинград аумағында 1400 шаршы шақырым аумақ дұшпаннан тазартылды. Сталинград түбiнде қоршауда қалған 330 мың жау әскерiн жою мен тұтқындау аяқталған едi. Бұл жеңiс майдан даласына ғана емес, II Дүниежүзiлiк соғыстың басқаша сипат алуына ықпал еттi. Бұл Жеңiс фашистiк Германия әскерiмен қоса, оның сыбайластарының да сағын сындырып, Кеңес жауынгерлерiнiң рухын өсiре түстi.
Сталинград майданына Қазақстанда жасақталған 6 дивизиядан 50 мыңдай солдат қатысты. Олардың ерлiк iстерiнен хабардар болып отырған қазақстандықтар 1943 жылдың 6 ақпанында «Правда» газетiнде майдандағы қазақ жауынгерлерiне арнап хат жариялады. Бұл хат майдандағы қазақ жауынгерлерi ғана емес, күллi майдангерлердiң рухын, жiгерiн, фашизмге деген өшпендiлiк ыза-кегiн одан сайын арттырып, қайратқа қайрат қосты.
Сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Н. Скворцовтың басшылығымен дайындалған бұл хаттың мәтiнiн Ғабит Мүсiрепов жазып, орыс тiлiне сөзбе-сөз аударуды Б. Асанов, I. Омаров, Қ. Жармағанбетов өз мiндеттерiне алған. Ендi орысшасын редакциялап, көркемдеуде С. Сергееев-Ценский, К. Паустовский, М. Әуезов көп еңбек сiңiрген көрiнедi. Тарихи хатқа сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi үгiт-насихат бөлiмiнiң орынбасары Бөлебай Исабеков те белсене араласып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргiзген. Хаттың қалай жазылуы керектiгiне С. Мұқанов, Қ. Сәтбаев, Ә. Тәжiбаев, Ғ. Ормановтар өздерiнiң ой-пiкiрлерiн қосқан.
Тарихи хатты жазуға бүкiл республика халқы қатысты. Оған 3 миллионға жуық адам қол қойып, ұрыс жүргiзiп жатқан майданға жолдады. Ол әуелi Алматы баспаханасында мыңдаған данамен кiтапша болып басылды. Содан кейiн республикалық, бүкiл майдандық газеттерде жарық көрдi, плакат, үнпарақ түрiнде басып шығарылды. Халық хаты орталық радио арқылы оқылып, бүкiл елiмiзге және майдан шептерiне асқақ үнмен самғады.
Орысша мәтiнiн белгiлi күмiс көмей диктор Юрий Левитан, ал қазақша мәтiндi республикалық «Социалистiк Қазақстан» (қазiргi «Егемен Қазақстан») газетiнiң сол кездегi редакторы Балтабек Асанов оқыды. Баспасөзде басылып, көпке кеңiнен жария етiлген осы тарихи хатқа қол қойғандардың арасында К. Байсейiтова, С. Мұқанов, Н. Оңдасынов, Қ. Сәтбаев, Н. Бердiқұлов, Н. Байғанин, С. Оңғарбаева, Ш. Берсиев, Ж. Шаяхметов сынды 86 ғылым, мәдениет, әдебиет, шаруашылық және қоғам қайраткерлерiнiң аты-жөнi, лауазымы мен атақтары толық көрсетiлген.
Сондай-ақ Солтүстiк Қазақстан облысы, Преснов ауданындағы «Баян» колхозының қос ордендi төрағасы Қажымұрат Үмiтбаев, Көкшетау ауданындағы «Қазақстан» колхозының ордендi ферма бастығы Кенжебай Төлежанов, Совет ауданындағы «Көктерек» колхозының тракторшысы Мақсат Есенбаев, «Интернациональный труд» колхозының ордендi мүшесi Құсайын Iлиясов, Н. заводының ордендi стахановшысы Сәмит Мұсалимов, Ильич МТС-нiң ордендi комбайншысы Ақжiгiт Акин және басқалары болды.
«Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлерiне жазған хатының» «Правда» газетiнде жариялануына мұрындық болған Балтабек Асановтың естелiгiнен: «1943 жылғы қаңтардың басы. Кеңес халқының фашизмге қарсы жүргiзiлген Ұлы Отан соғысындағы игi бетбұрыс кезi. Сталинград түбiнде қоршалған жау әскерiн құрту мақсатындағы қиян-кескi ұрыстар жүрiп жатқан шақ.
Мен жолдамын. «Қазақ халқының майдандағы казақ жауынгерлерiне жазған хатын» Мәскеуге апара жатырмын. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi хатты БК(б)П Орталық Комитетiне жеткiзiп, орталық газеттердiң бiрiне жариялау жөнiнде келiсудi маған тапсырған. Бiздiң пойызымыз Мәскеуге 1943 жылдың 16 қаңтарында келдi. Қазан вокзалынан БК(б)П Орталық Комитетiне тура тарттым… Келесi күнi Орталық комитеттiң хатшысы А. Щербаков жолдаспен телефон арқылы хабарласып, хат сырын айтып, қабылдауын сұрадым.
Артынан естуiмше, Щербаков жолдас хатты БК(б)П Орталық Комитетiнiң саяси Бюросының кезектi мәжiлiсiне бiрiншi мәселе етiп қойып, жариялауға рұқсат алып шыққан екен». Зейiн қойып тыңдаған адамға ерекше әсер ететiн, әр майдангердiң жүрегiне жол тапқан, отаншылдық сезiмiңдi оятарлық жiгерлi де уытты сөздерi бар бұл тарихи хат былай басталған едi:
«Қазақстанның ардақты ұлдары! Балаларымыз, ерлерiмiз бен бауырларымыз! Өздерiңнiң туған үйлерiңнен алған хатты қандай сезiммен оқысаңдар, бұл хатты сондай сезiммен оқыңдар, бауырлар!
Бұл хатты сендерге жүздеген жыл тар кезең, тайғақ асудан сансыз азаппен өтiп, бақытқа жеткен барлық халқың жазып отыр, сондықтан көзбен емес, көкiрекпен, елiңдi, жерiңдi сүйген жүрекпен оқыңдар, туысқандар!
Соғыстың қатаң тағдыры қайда апарса, сол жерде оқыңдар, бұл хатты!
Майдан өлкесiнде әрқашан көкжиектен күн көтерiлгенде оған қараңдар да туған жерлерiңдi еске алыңдар. Селеуi теңiздей тербелген Арқаның адырлы кең далаларын, алтын бұлағы ағылған Алтайдың асқар жоталарын, ақ бас Алатаудың жемiске толы сай-салаларын, соншалық кең туған жерлерiңдегi аталарыңның қасиеттi қабiрлерiн, туған-өскен үйлерiңдi көз алдарыңа келтiрiңдер. Соларды жауға таптатпаймыз, жауды қайткенде жеңемiз деп ант етiңдер!
Гитлер бандыларының бiзге шабуыл жасағанына, мiне, бiр жыл жетi ай. Украина, Белоруссия, Қырым, Донбасс, Донның далалары қанға боялды… Ардақты ұлдарымыз бен туысқандарымыз! Қырыңдар жауды! Атқан оғың, сiлтеген найзаң мүлт кетпесiн! Жер аламын деп келген немiстер жер жастансын! Бiздiң жер — жаудың көрi болсын!»
Халық хатында сонымен қатар майдандағы жауынгерлерге зор көмек көрсетiлiп, туған ел – Қазақстанның майданның берiк тiрегiне айналып отырғандығы баяндалған. «Қымбатты жауынгерлер! Сендер жаумен алысып жатырсыңдар, — делiнген едi хатта. — өз күштерiңе еркiн сенесiңдер! Бiрақ арқаларыңды тiрегендерiң Ұлы Отаның екенi күштерiңдi үстеп еселей берсiн. Ал арқа сүйеген Отаның — алып ел, ол бай, ол — Ұлы жер!
Жауынгер! Туған анаң, сүйген жарың, апа-қарындастарыңның аманатын ұмытпа:
Жеңiп қайтсаң жауынды, Анаңның жарық күнi сен».
«Правда» газетiнiң сол хат жарияланған күнгi — 1943 жылғы 6 ақпандағы санында «Даңқты қазақ халқы кеңестiк Отаны үшiн күресте» деген бас мақала берiлдi. Онда былай деп атап көрсетiлдi: «Қазақ халқының хаты барлық майдангерлердiң жүрегiне жол табады. Оны Кеңес Одағының барлық халықтары жүрек лүпiлiмен оқыды. Бұл хат Мәскеу қорғанысының ерекше бiр кезеңiн еске түсiрдi.
Сол кезде ержүрек Кеңес халқының астанасына жол тартпақшы болған немiс танкiлерiне 28-панфиловшы ержүректiкпен қарсы тұрды. Қаһарман жауынгерлер, жалынды Кеңес патриоттары бұл жолды өздерiнiң өр кеуделерiмен қорғады. Олар ерлiкпен қаза тапты, бiрақ жауды астанаға өткiзген жоқ.
28-панфиловшының арасындағы атой салған төрт ер қазақ елiнiң қаһарман ұландары едi. Олардың есiмдерi Кеңес халқының жүрегiнде. Оларды мәскеулiктер де қасиеттеп есте сақтайды. Әлiппай Қосаев, Нарсұтбай Есболатов, Асқар Қожабергенов, Мұсабек Сеңгiрбаев бүкiл Кеңес адамдарына қымбат саналған қаланы қорғап, өз қандарын өздерiнiң орыс бауырларының қандарымен араластырды емес пе?»
Ал бұдан соң газеттiң бас мақаласында былай деп жазылды: «Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы соғысады, тылда олардың әкелерi, аналары мен әйелдерi майдан үшiн жұмысты ерекше жақсы iстеуде. Қазақстан өз жерiнiң барлық байлықтарымен, тауларының барлық асыл кендерiмен майданға қуатты тiрек болып отыр».
Қазақ халқының майдандағы қазақтарға жолдаған хаты баспа беттерiнде жарияланғаннан кейiн майданнан топтаған жолдау хаттар республикаға көбейiп келе бастады. 1943 жылы республикалық «Социалистiк Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерi мұндай жауап хаттарды бiрнеше ай бойы жариялап тұрды.
Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлерiне жазған осы хаты — аса зор маңызы бар тарихи құжат. Хаттың қиын-қыстау кезеңде Отан мүддесiн қорғап жазылған аса терең мазмұнын бүгiнгi жастарымыз да, келер буын жеткiншектерiмiз де бiлуге тиiс. Ешкiм де, ештеңе де ұмытылмайды.

Қорытынды

Дүниежүзін шарпыған жиһандық соғыс қазақ халқының батыр ұлт екенін баршаға мәлімдеді. «Правда» газетінің бетінде 1941 жылы қазан айында «Қазақтар» деген мақала жарияланды. Бұл Мәскеуді қорғаған 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизия туралы еді. Осы бір жеңіс күндері көрнекті совет жазушысы И.Эренбургтың 1942 жылы жазған «Қазақтар» деген мақаласында: «Бір фриц маған: «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен тіпті ешқандай оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін естімеп едім…» деді.
Белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верт өзінің «Ресей 1941-1945 жылдағы соғыста» деген кітабында: «Қызыл Армияның табанды солдаттарының бірі қазақтар болды, тұтас алғанда қазақтар бүкіл соғыс бойында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды,»- дегенді айтады.
1942 жылғы желтоқсанда – Нүркен Әбдіров Сталинград түбінде Гастелло ерлігін қайталады. 1942 жылы 19 желтоқсанда Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапқан Нүркен Әбдіровке қайтыс болғаннан соң Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

malimetter.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста