Еліміз бірлік мерекесін кең көлемде атап өтті

Еліміз бірлік мерекесін кең көлемде атап өтті

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы Жарлығы бойынша жыл сайын кең көлемде тойланады. 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған мемлекет үшін мерекенің орны ерекше. Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан – бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі. Қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле жармай бауырына басты. Бүгінде бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрам әр өңірде тойланады.Ырыс пен ынтымағы жарасып, көгінде бейбітшілік құсы қалықтаған қазақ елі Бірлік күнін сән-салтанатымен атап өтті.Республиканың барлық өңірінде бірлік мерекесі үлкен дайындықпен аталып өтті. Мәселен Ақтөбеліктер әлсін-әлсін жаңбырдың жауғанына қарамастан меркелік шеруге шықты.

Ұрандатып сапқа тұрғандардың қатарында мұғалімдер, студенттер, дәрігерлер, банк қызметкерлері мен құрылысшылар бар. Салтанатты шеруді Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының мүшелері бастап жүрді. Мерекелік шаралар «Қазақ халқына мың алғыс» алаңында жалғасып, 18 этномәдени бірлестіктің өнерпаздары концерт қойды. Алаңда өткен жылы биіктігі 30 метрлік стелла тұрғызылып, «Қазақ халқына мың алғыс» деген сөздер тасқа қашалып жазылған еді. Бұл белгі қазақ жерінде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің ата-бабаларымызға деген шынайы алғысын білдіреді. Мерекеге орай өзге ұлт өкіледірінің де лебізін білген едік.
Эдуард Насибуллин, «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Құрметті қазақстандықтар, сіздерді шын жүректен 1 мамыр мейрамымен құттықтаймын. Бүгін біз тойлаймыз, біздің ең жақсы мейрам. Барлық этномәдени орталық жиылды.

Анастасия Подолянова, «Вияра» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Көңіл-күйіміз керемет, ауа райы аяқ асты бұзылса да, біздің көңіліміз түскен жоқ. Бірлік мерекесін жылда тойламыз. Қазақстандықтарды осы мейраммен құттықтап, ауызбірлігіміз нығая берсін деймін. Біздің өңірде көптеген ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр.

Ал Қарағанды қаласында мерекеге орай көкке мыңнан астам түрлі-түсті шар ұшырылды. «Достық шаңырағы» этнофестивалі ұйымдастырылып, жұртшылық бірлік шеруіне қатысты. Ал шығармашылық ұжымдар қала тұрғындарымен қонақтарға музыкалық композициялар тарту етті. «Достық шаңырағы» фестиваліне 30-дан астам этномәдени бірлестігі атсалысып, көкке мыңнан астам түрлі-түсті шар ұшырылды. Сонымен қатар орталық саябақтағы этноауылда жұртшылық ұлттық бұйымдармен танысып, тағамдардан дәм татты.

Маңғыстауда 20-дан аса ұлт өкілі ынтымақ туралы қанатты сөздерді ұрандап, Тұңғыш Президент даңғылы бойымен жүріп өтті. Шеру «Ақбота» саябағына аялдап, жиылған көпшілік мерекелік концертті тамашалады. Мұндағы этномәдени бірлестік өкілдері әзірлеген қолөнер бұйымдарының көрмесі жұртшылықтың көңілінен шықты. Ал кәсіпкерлер азық-түлік пен көкөністерді халыққа арзан бағамен ұсынды. Ұлық мейрамда теңіз жағалауында байкерлердің мотомаусымы ашылатын дәстүр қалыптасқан. Сондай-ақ спортсүйер тұрғындар үшін ұлттық ойындар ұйымдастырылды. мерекен34 ұйымдастырылуына халық та дән риза.

Гүлстан Айлақ, студент:

- Бірлік мерекесі бүгін өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұрын «Астана» алаңында өтетін еді, қазір «Ақбота» саябағында өтіп жатыр. Бұл жерде адам саны өте көп, көңіл-күйлері өте жоғары. Әрқашан осындай мерекелер бола берсін.

Эльмира Аракелян, қала тұрғыны:

- Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан халқы өте тату өмір сүруде. Мұның барлығы да Елбасымыздың саясаты. Еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болсын!

Мерекені атыраулықтар да өз деңгейінде атап өтіп жатыр. Мұнайлы аймақ халқы үшін бұл мерекенің өзіндік орны бар. Жылдар бойы қоян-қолтық араласып, бір-біріне әбден бауырмал болып кеткен жұртшылық кейін Одақ тараған кезде де тарихи отандарына қайтқан жоқ. Керісінше бір шаңырақ астына бірігіп, тәуелсіз Қазақ елінің одан әрі өркендеуіне үлес қосып жатыр. Сондықтан да бүгінгідей бірлік мерекесінің Атырау жұртшылығы үшін маңызы зор. Облыс аумағында ондаған мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қазақ еліндегі татулық пен ынтымақтың белгісі «Халықтар бірлігі» мерекесін Атыраулықтар қаладағы ондаған алаңда қатар атап өтті. Ал басты мерекелік мәдени-көпшілік шара «Байбарыс» алаңында өтті. Ал бүгінгі мерекелік шаралардың ел бірлігі-мен татулығы үшін қаншалықтың маңызды екендігін қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев мырза атап өтті.

Ақылбек Рысқалиев, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Бүгін алаңға мыңдаған адам жиналып, 19 этномәдени бірлестікке қарасты ұлт пен ұлыс өкілдері мен жергілікті өнер ұжымдарының сахналық қойылымдарын тамашалауда. Қазақ халқымыз ежелден-ақ Ел бірлігіне ерекше мән берген. Сол ішкі-сыртқы татулық үрдісі әлі күнге үзілген жоқ. Бұл ұстаным Тәуелсіз ел болғалы қайта жаңғырып, өркениет көшіне сай дамып жатыр. Мерекеде көктемгі сән әлемінен көріністер, музыкалық-сахналық қойылымдармен жалғасып, кешкілік гала-концерт болды. Мұнда халықтар бірлігі мерекесіне арналған мәдени-көпшілік шаралар 3 мамырға дейін жалғасады.

Қазақстан халқы мерекесін семейліктер де ерекше атап өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін Қымызмұрындық мерекесі ұйымдастырылып, тегін қымыз таратылды. Бұл мақсатқа қала маңындағы ауылдардан арнайы 500 литрден астам сусын жеткізілген. Қазақ мәдени орталығы ұйытқы болған шарада жұртшылыққа қымыздың түрлері таныстырылды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қайта жаңғырған бұл дәстүрлі шара жыл сайын өткізіліп келеді. Қалың көпшілік ұлттық тағамнан ауыз тиіп, бір-біріне ізгі тілектерін айтып жатыр.

Шағангүл Жанаева, қазақ мәдени орталығының жетекшісі: -

Семей қаласындағы бүкіл ұлт өкілдері жиналған және өздерінің дәстүрлерімен таныстырып, өнерлерін көрсетіп жатыр. Және біздің ұлттық тағамдарымызбен бөлісіп жатырмыз, өте дәмді, өте жақсы. Менің көңілімнен шығып жатыр. 

Қазақстан халқының бірлігі күнін Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да ерекше салтанатпен тойлауда. Өңірде бүгінгі таңда 100 ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті бір шаңырақ астында күн кешуде. 20 этномәдени бірлестік жұмыс істеп келеді. Олардың барлығы қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емес.  Мамыр мерекесіне де қызу дайындықпен келгендігі анық. Қазақ халқы қашанда «Бірлік түбі - береке» деген. Ал Шымкенттегі мерекенің шымылдығы «Ashyq El» театрландырылған музыкалық қойылымымен түрілді. Ынтымақ пен берекені ұлықтайтын мейрамды әр ұлыстың өнерпаздары қыздыра түсті. «Әлем ырғағы» атты түрлі ұлт аспаптардың орындауындағы композиция мерекенің көркін ашты. Бұл күні ұлт пен ұлыс жарыса әнге салды. Қоғамдық –саяси тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан этномәдени бірлестіктер облыс әкімінен «Бауырмал» сыйлығын алды. Елдегі қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы бірліктің берекелі бесігіне айналды. 

Нұрсбек Капар-Пур , облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы: - Қазақ халқында «Байлық байлық емес, бірлік байлық» деген дана сөз бар. Яғни 1 мамыр әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Ендеше «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» демекші ұлт пен ұлыстың татулығы қашанда таңдай қақтырардай болғаны ләзім. Ал мерекелік шаралар қаланың өзге алаңдары мен саябақтарында облыс көлемінде жалғасып жатыр.

Осы орайда Қазақстан халқы бірлігі күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл күні тұрғындар азық-түлікті базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатып алды. Айта кетейік, мақтаралдық шаруалар қазірдің өзінде 10 мың тонна қырыққабат дақылын өндіріп, еліміздің солтүстік облыстары мен Ресейді қамтып отыр. Жетісайдағы салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев «Мақтарал ауданының құрметті азаматы» атағын алған бірнеше азаматтарды салтанатты түрде марапаттады. Олардың ішінде түрлі этно мәдени бірлестіктердің өкілдері де бар. Іс-шараны көрші Өзбекстан елінің Сырдария облысынан келген қонақтар да бірге тамашалады. Қазақстандағы Өзбекстан жылының ерекше өтіп жатқандығын тілге тиек еткен меймандар, қазақ елінің қонақжайлығына тағы бір куә болды. Мақтааралда бүгінгі таңда 5 ұлттық этномәдени орталықтар жұмыс істейді. Сондай-ақ 30-дан астам ұлттар мен ұлыстар ынтымақ бірлікте ымыраласып ғұмыр кешуде.

Әбдіжәл Боев, Мақтарал ауданының тұрғыны, тәжік ұлтының өкілі:

- Көп ұлтты халықпыз. Қазақстанның дамуы үшін тірлік етіп жүрміз. Еліміз тыныш болсын дейміз. Елбасымыз аман болсын. Елбасшымыз бізге жол көрсетіп келеді. Бізде сол жолдан таймай бірлесіп жұмыс істеп жүрміз.

Қаланың басты алаңында «Достық алақаны» атты алып панно орнатылды. Мерекелік іс-шара Əл Фараби алаңынан басталды. Мұнда би марафоны ұйымдастырылып, қаланың үздік би ұжымдары көрермендерге Қазақстан аумағында тұратын халықтардың билерін паш етті. Көпшілік мерекеге отбасымен жəне достарымен бірге келген. Мейрамға жиналған халық алып «Достық алақаны» панносын құруға атсалысты. Тұрғындардың барлығы өз алақанының ізін қалдырды. Шымкенттің əкімі Нұрлан Сауранбаев та алып панноға алақанының ізін қалдырды. Бұл акция адамдардың барлығы əлеуметтік жағдайына қарамастан бір-бірімен тең екенін көрсетіп берді. Ең бастысы – бейбітшілік пен ашық аспан.
 

Семейде бірлік мерекесі мен Астананың 20 жылдығына арналған әжелер сайысы өтті. Оған 58 бен 80 жастың арасындағы тұрғындар қатысып, өнерлерін ортаға салды. Байқаудың ерекшелігі, оған қазақтан өзге орыс, өзбек, татар сияқты ұлт өкілдері балалары, немерелерімен бірге қатысты. Қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, содан кейін салт-дәстүр мен елорда тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. Мұнан кейін ұлттық ән мен жырдан шашу шашып, жиналғандардың көңілін көтерді

Айман Ыбырайқызы, сайысты ұйымдастырушы: - Жақсы дайындалып, оқушы бала сияқты жүректері лүпілдеп, неше күн қайта-қайта сұрап, былай істексек қалай деп, сондай сүйіспеншілікпен қатысып отыр әжелер. Мен өте қуаныштымын. Ең алдымен осы бейбітшілік, береке-бірлік болса елімізде тату-тәтті болсақ, жылдан жылға расында бақытты өмір сүріп жатқанымыз, соны мақтан тұтып, жастарға да соны айтамыз.

Қызылордада 1 мамыр күніне орай Өнер Арбаты ашылды. Сырбойлық қолөнер шеберлері, суретші, әнші-бишілер енді осы алаңда жиі бас қосатын болады. Арбаттың басты артықшылығы неде? Орталық алаңға жақын орналасқан арбат «Еңбек Ерлері» аллеясымен ұштасып жатыр. Сондықтан мұнда руханият өкілдерімен бірге еңбектің шамын жаққан тұлғалар, Сырдың сүлей-шайырлары насихатталатын кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Арбат бойында тігілген 8 жартылай шаңырақта өңірдің 7 ауданы мен облыс орталығының ісмер-зергерлерінің бұйымдары ұсынылған. Балғын-бүлдіршіндер «Бесік тербеткен ана» архитектуралық белгі маңындағы алаңқайда асыр салып ойнайды. Ал жастар жағына вокалды-аспапты ансамбль сүймелдеуімен көше билерін билеп, спорттық сайыстар өткізуіне бар мүмкіндік жасалған. Татулығы жарасқан – берекелі Қазақстан» деп айдар тағылған мәдени көпшілік шаралар тізбегі жөнінде қала әкімінің орынбасары баяндап береді. 

Шахмардан Байманов, қала әкімінің орынбасары:

- Биыл жеке кәсіпкерлер өздері қосымша отбасылық үлгідегі 5 аттракцион орнатты. Сондай-ақ жануарлар бағы мен қуыршақ театры жұмысын бастады. Парк «Шылымсыз аймақ», «Ішімдіксіз аймақ» идеясымен жұмыс жасап, демалыс орны аумағынан 3 «Ана мен бала» бөлмесі, «Полиция бекеті», «Медпункт», «Этноауыл», «Анықтама бюросы», жазғы кітапхана және жүк қоймасы пайда болды. Бірлік күніне арналып мұнда өзге ұлт өкілдерінің шеруі өтті. Сондай-ақ көрші ауылдастарына құрмет көрсетілетін «Ерулік беру» салты көрсетілді. Бірлік күні сондай-ақ Сыр еңбеккерлері жомарт жерді идіріп, дән себуді бастады. Жалпы өңірдің моноэтностылығы жағдайында толеранттылықты қалыптастыра білген Сыр жұрты бірлік тойын берекенің бастауы деп біледі.


 

Еліміздің бас қаласында мерекелік әсер ерекше сезілді. Мерекеге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қалың жұртшылықты айтулы мейраммен құттықтады. Елорда төрінде өткен думанды шара ауқымы және мазмұны жағынан ерекше. Мұндағы театрландырылған қойылым қазақтың кең пейілін, дархан көңілін жан-жақты айшықтады. Бірлік мерекесінің негізгі нышаны ретінде бейбітшілік құсы көгершін таңдалып, ұлттық киімдерін киген әр этностың өкілі киелі мекен қазақ жеріне деген ыстық ықыласын әнмен жеткізді. Әлемде ішкі тұрақтылығы сақталмай, өзара жауласып жатқан талай мемлекет бар. Мұның көбі ұлтаралық достыққа мән бермеудің салдары. Ал біздегі ахуал мүлде басқа. Тәуелсіздік алғаннан бері береке-бірлік, тату-тірлік қағидасы елімізді жарқын жетістіктеріне бастап келеді. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Оны қазақ халқының өзге этнос өкілдеріне құрметпен қарап, сыйластық танытуынан анық аңғаруға болады. Елбасымыз да мұны атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті қазақстандықтар, отандастар! Баршаңызды ортақ мейрамымыз – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Ата-бабамыздан «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөз қалған. Тірлік деген сөз – адамның аман болуы, тірлік деген сөз – еңбек, еңбек арқылы байып, сол арқылы мемлекетті қолдап, өркендеп, өсу деген сөз. Біз тағдырдың талқысына түскен халықпыз. Осылай кең байтақ Отанымызда көп ұлт пен ұлыстың адамдары жиналып, бір қазанның ішіндегідей қайнап, бірлік пен еңбектің арқасында осындай дәрежеге жеттік. Бірліктің арқасында мемлекет құрдық. Бірліктің арқасында біздің бірлігімізді бүкіл дүние жырлайтындай, үйренетіндей деңгейге келдік. Біздің бірлігіміз арқылы біз мемлекетімізді өркендетіп, өсірдік. Экономикамызды көтердік. Жыл сайын халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс жасап келеміз. Осының арқасында 5 бастамам: біріншіден, халыққа баспана беру, екіншіден, салықты төмендету, үшіншіден, жастарға жатақхана, мемлекет арқылы оқуға мүмкін беру, шағын бизнес беріп, ауылдың адамдарын көтеру, Қазақстанымызды газдандыру. Осының барлығы неге болып жатыр? Бірлігіміздің арқасында. Бізді бірлігіміздің арқасында бүкіл дүние сыйлайды. Барлық діндер келіп біздің елімізде ғана жиналады.

Өзара ауызбіршіліктің арқасында еліміз өркендеп, экономикамыз қарыштап дамыды. Әлеуметтің әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Таяуда жарияланған 5 әлеуметтік бастаманың түпкі мақсаты осы. Оның үстіне еліміздің мызғымас бірлігін әлемдік қауымдастық үлгі тұтады. Жанжалдасқан тараптардың өзі арадағы шиеленісті шешу үшін Астанада жиі бас қосып жүр. Бұл ретте Мемлекет басшысы кезінде Қазақстанға жер аударылған түрлі ұлт өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алғандығына айрықша тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жанжалдасқандардың табысуы бізде жүзеге асады. Өздеріңіз білесіздер, осы қаңтарда Америкада сапармен болдым. Ол елдің президенті Дональд Трамп менен сұрады. Трамп мырза өзінің әріптестерімен арғы жақта отырды да, біз бер жақта отырғанда менен: «Сендердің қай елдермен жанжалдарың бар?» деді. Мен сонда Қазақстанның ешқандай елмен жанжалы жоқтығын айттым. «Біз барлығын сыйлаймыз, бізді де барлығы сыйлайды», – дедім. Сонда Трамп: «Қарашы, Қазақстанның ешкіммен жанжалы жоқ. Ал біздің төңірегіміздің бәрі жанжал», – деді. Құрметті жастар, отандастар! Мынадай концерт, кешегі өткен Ассамблея ненің үлгісі? Осының бәрі болмаса, гүлдеріміз жайқалып өсіп, көңілімізді көтермес еді. Көп мәдениет болса, көп халық болса, соның бәрі қайнап қосылған кезде осындай әдемі гүл болып шығады. Алла бізді осыдан айырмасын, ешқашан бірліктен айырмасын. Бірлік болса, біз талайға жетеміз. 30 елдің қатарына келеміз деп неге айтып отырмыз. Осы бірліктің арқасында оған да жетеміз. Өміріміз, болашағымыз, ұрпағымыз бізге риза болады. Айтатын болады. Тағы да мерекемен құттықтаймын!

Кең байтақ қазақ даласын мекендейтін 100-ден аса этнос болса, солардың барлығы бүгін монумент маңына жиылды. Айналаны ән мен жырға бөлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй де сыйлады. Мерекенің көңілдегідей өтуіне өзге ұлт өкілдері де барынша тырысқаны байқалады.

Сардор Юлдашев, өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Барлығының көңіл-күйі күшті. Достасып, билеп жатырмыз. Елбасымыз басқарып отырған саясаттың арқасында біз басқа ұлттармен осы жерде өмір сүріп жатырмыз. Жалпы түрік халықтарының біріміз. Ортақ тұсымыз көп.

Александра Жетпісбаева, «Радуга» ансамблінің жетекшісі:

- Бүгін еліміздің басты алаңында қазақ, орыс, татар, ұйғыр, армян сынды сан түрлі ұлт өкілі жиналдық. Таң сәріден бері билеп, ән айтып жүрміз. Бұл мерекені осылай атап өту керек. Енді мен балаларымның да ашық аспан астында өмір сүруін тілеймін.

Дуйшенбек Шаршенов, қырғыз жексенбілік мектебінің жетекшісі:

- Қазақ халқының бірлігін белгілеп жатырмыз. Біздің бірлігіміз арта берсін. Осындай ынтымақта, бірлікте өмір сүре берейік.

Көгінде көгершін құсы қалықтаған қазақ жері – ырыс пен ынтымақтың алтын бесігі. Ежелден ата-бабадан мирас болған қасиетті құндылықтардың бірі де осы – бірлік ұғымы. Қазір кең байтақ жеріміз – сан ұлтқа сая ғана емес, олардың дәстүрі мен мәдениетін дамытуға жайлы жағдай жасалған киелі мекен. Сондықтан бір шаңырақ астына біріккен 100-ден аса ұлт өкілінің қазақ халқына деген алғысының шексіз болуы заңдылық. Осы орайда «Астана Опера» шығармашылық ұжымы да Қазақстан халқының бірлігі күніне орай концерт өткізді. Театрдың үлкен залында «Туған жерім – алтын бесігім!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Опера солистері, симфониялық оркестр және хор ұжымы өнерсүйер қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады. «Абай», «Біржан Сара», «Қамар сұлу» сияқты опералардан үзінділер орындалды. Кеште қазақ композиторларының шығармаларымен қатар «Лакмэ», «Кармен», «Аршак», «Мамыр түні» сияқты опералардан ариялар шырқалды. Мерекеге орай театр солисі лебізін білдірді.

Назым Сағынтай, «Астана Опера» опера және балет театрының солисі:

- Музыкада тіл жоқ дейді. Ұлт жоқ дейді. Оған мен келісемін. Өйткені барлық музыканттарды біріктіретін – ән. Бұл концертте көптеген ұлттардың әндері, романстары секілді көптеген шығармалар орындалады. Өзім «Поцелуй» деп аталатын итальян әнін орындаймын.

Ал Астанадағы «Бәйтерек» монументі маңында бірлік күніне орай «Ұлы дала үні» атты домбырашылар флешмобы өтті. Шараның шымылдығын қазақтың қос айтыскер ақыны ашты. Алқалаған әлеумет алдына шыққан Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан жиылған жұртшылықты мерекемен құттықтап, арнауларын айтты. Олардан кейін «Бастау» домбырашылар тобы Әбдімомын Желдібаевтың әйгілі «Ерке сылқым» күйін шертті. Ал «Номад» ұлт аспаптар ансамблі түрлі күйлерден поппури орындады. Осылайша қазақ күй өнерінің жеті мектебінен келген өкілдерге оркестр қосылып нәтижесінде 500 адам бір мезетте дәулескер күйші Құрманғазының атақты «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін күмбірлетті. Домбырашылар флешмобы жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. 

Жаңарған Қарабала, шараны ұйымдастырушы:

- Кешіміздің, флешмобымыздың ерекшелігі – оған қаладағы, яғни қала қонақтары мен қала тұрғындарының кез келгені қатыса алады. Яғни Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» сынды күйлерін білетін қатысушылар, домбырашылар. Ол үшін бізде осыдан 10 күн бұрын сайт ашылып, сол сайтқа қала тұрғындары тіркелді.

Республикамыздың түкпір түкпіріне сұрау салу нәтижесінде 1-мамыр Бірлік мерекесінің барша халықтың бірлігімен өте жоғары деңгейде атап өтілгенін байқадық. Еліміздің ынтымағы мен жарасқан бірлігі мәңгілік болғай!

Алаш айнасы


 

 


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста