Ассамблея

Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі басталды

  • Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі басталды

    Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі басталды

Бүгін Елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезі басталады. Бұл келелі жиын 2003 жылдан бастау алып, содан бері әр 3 жылда бір рет тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы жиынға әлемнің қырық екі елінен сексенге тарта делегациясы келген. Олардың арасында ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, зороастризм дінінің көшбасшылары және беделді саяси тұлғалар, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық, діни және қоғамдың ұйымдардың өкілдері бар, - деп хабарлайды Алаш айнасы.

Кеше аталмыш съездің қарсаңында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының кезекті отырысы өткен болатын. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз да қатысты. Әр елден келген дін көсемдері мен жаһандық ұйым мүшелері, беделді саясаткерлер мен ғалымдар өтетін жиында қаралатын мәселелерді талқылап мақұлдады. Отырысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырды.

Ал бүгінгі Съездің секциялық отырысында «Жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретіндегі «Манифест «Бейбітшілік. XXI ғасыр», «Өзгерістерге ұшыраған геосаясаттағы дін: Адамзаттың үйлесімінің жаңа мүмкіндіктері», «Дін және жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар», «Экстремизм мен терроризмді жеңудегі діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер» деген тақырыптарды талқылау жоспарланған.

Аталмыш жиында Діни көшбасшылар кеңесінің үшінші отырысы өтіп, алғашқы күні оған Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Мухаммад Ахмад ат-Тайеба, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер қатыспақ. Сонымен қатар, бейбітшілік және келісім музейінің ашылу салтанатын да осы жиын аясында өткізу қарастылыған.

Осы ретте, бүкіләлемдік келелі мәселелерді талқылайтын өте маңызыды әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің тарихына қысқаша шолу жасап өтсек артық болмас. Бүгінгі таңда елімізде жүз қырық этникалық және қырық конфессиялық топ өкілдері ынтымақ пен татулықтың, жарасымдылықтың жарқын үлгісіндей болып өмір сүріп жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев діннің қоғамдағы маңызы артқанын ескеріп Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерген болатын. Елбасымыз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып және экстремизм, терроризм сияқты жағымсыз жағдайларды тоқтауға көмектесетінін пайымдап барып өте маңызды шешімді қабылдаған. Міне сол маңызды шешім қазір әлемнің тыныштығы үшін жұмыс істейтін үлкен іс-шара болып жалғасын тауып келеді. Өйткені бұл жиыннан Қазақстанның ғана емес бүкіләлемнің күтері мол. Сондықтан осы маңызды шараның тарихи-шежіресіне көз салып өтейік.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.

Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.

Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін және аса қажеттігін көрсетіп берді. Съездің идеясын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады.

Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешімінде бекітілді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі 2006 жылы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Съезд арнайы форум өткізу үшін салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті.

Форум «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырып аясында «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойынша өткізілді. Екінші форум жұмысына 29 делегация қатысты.

Бірінші күні Съезд жұмысының барысында қатысушылар басшылыққа алған негізгі бөлігі көрініс тапқан «Дінаралық диалог қағидаттары» қабылданды. Екінші съезд қорытындысы бойынша қатысушылар барлық діндер мен этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни ерекшеліктер негізіндегі дау-жанжалдарға жол бермеуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.

Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының III съезі 2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қаласында өтті. Оның басты тақырыбына кез келген мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру болды.

Сонымен қатар, Съездің өткізілуіндегі жаңалық бейбітшілікті қамтамасыз етумен, қазіргі әлемдегі келісім және үнқатысумен байланысты өткір мәселелерді талқылау жөніндегі секция отырыстарын ұйымдастыру болды. III Съезде секция отырыстары үшін мынадай тақырыптар таңдап алынды: 1) Моральдық және рухани құндылықтар; 2) Әділеттілік, бейбітшілік және қауіпсіздік; 3) Қоршаған орта және үйлесім; 4) Диалог және әріптестік; 5) Дағдарыстар кезеңінде аса қажет ынтымақтастық.

Үшінші форумның қорытындысы бойынша қатысушылар жұртшылықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, діндер мен өркениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағыталған үнқатысуын қолдауға ықпал етуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.

IV Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Діни көшбасшылар кеңесінің мақсаты – жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған өзге де форумдар мен халықаралық ұйымдармен диалог және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау болып табылады.

Форум төрт секция отырысы бойынша өтті: 1) «Орнықты дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлі». 2) «Дін және мультикультурализм». 3) «Дін және әйелдер: рухани құндылықтар мен заманауи талаптар». 4) «Дін және жастар».

Съезд жұмысының қорытындысы бойынша Қатысушылардың үндеуі қабылданды. Бұл құжаттан биік рухани мән-мағынаға толы үн байқалып тұрды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды.

Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Съезд барлық діндердің міндеті қазіргі заманда көбінесе ортақ екенін айқын көрсетіп берді. Бұл – рухани бос қуысты және адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтары дағдарысының қатерін еңсеру. Бұл – кез келген қоғамның еңбексүйгіштік, адалдық және әділеттілік құндылықтары іспеттес жасампаздық бастауларын нығайту қажеттілігі. Мұнымен қоса, діннің бітімгершілік күші кез келген қоғамдағы жанжал-қақтығыстардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасауда болып отыр.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында бай тәжірибеге ие және осы тараптағы кең ауқымды әрі тиімді ынтымақтастыққа қашанда әзір.

Әлемнің діни көшбасшыларын Астанаға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер диалогының жаһандық үдерісінің дамуында орасан маңызды орын алады.


Ал, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі 2015 жылдың 10-11 маусымында өтті. Бұл жылғы келелі кеңес «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» деген тақырыппен өтті. Форум жұмысына 42 елден келген 80-нен астам делегация қатысты. V Съезд аясында екі пленарлық және төрт секциялық отырыс өткен болатын. Онда ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді қамтамасыз ету тетіктерін талқыланды. Сондай-ақ ағымдағы әлемдік жағдайларды есепке ала отырып, діни және саяси көшбасшылардың ынтымақтастығын күшейту, халықаралық деңгейдегі дағдарыс жағдайларын талқылау мен еңсеру мәселесі де жан-жақты қарастырылған еді.

Биылғы жиынның да талқылайтын мәселелерінің тамыры терең, өзегі маңызды, көтерер жүгі ауыр.




Нұрлы Еділов




Көрілген: 279    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 10.10.2018, 11:28

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қыркүйек, 22:13
    Ассамблея және медиация
    7 Қыркүйек, 12:34
    Кечиөрен көшесі ашылды

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31