Өзбек драма театры өркендеп келеді

Өзбек драма театры өркендеп келеді

Елімізде түрлі этностардың өнер ошақтары жұмыс істейді. Бұл олардың мәдениеті мен өнеріне жасалған тиімді жағдай деуге болады. Солардың бірі – өзбек этносы жиі шоғырланған Сайрамдағы облыстық өзбек драма театры. Ассамблея жұмысының бір бағыты ретінде еліміздегі мұндай өнер ошақтарының тиімді жұмысы қуантпай қоймайды.

Талай пьесаны өзбек тілінде сахналап, көрерменінің алғысына бөлінген театрдың ашылғанына биыл 15 жыл толды.
2013 жылдың 14 наурызында құрылған өнер ордасының ашылу салтанаты ҚР президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, лентасын қиған. Бұл жас театрдың ұжымына шығармашылық шабыт сыйлап, қуаныштарын еселеген.
Бүгінде Икрам Хашимжанов басқаратын театр ұжымының әрбір қойылымын тағатсыздана күтетін көрермендері көп. Әсіресе комедия жанрындағы спектакль болатын күні театрдың 405 орынды залы лық толады. Залға сыймай, есік аузынан қайтатындары қаншама. Бұл өнер ұжымы халық сұранысына сай сапалы қойылымдарды сахналайтынының айғағы. 15 жылда театр сахнасында 80-нен астам қойылым сахналанған. Басым бөлігі комедия және драма жанрындағы спектаклдер. Көрермен жүрегінен ерекше орын алған қойылымдар да жетерлік.
– Театр өз жұмысын бастағанда режиссер Х.Құлабдуллаев бірнеше спектакль қойған. Алайда театрдың көркемдік деңгейін бір режиссердің көтере алмайтыны белгілі. Сондықтан да театрға еліміздегі танымал режиссерлармен қатар, Өзбекстаннан да белгілі режиссерлары шақырылып тұрады. Бұл үрдіс тұрақты жүзеге асады,-дейді театр директоры Икрам Хашимжанов.

Комедиядан классикаға дейін…
Есімі елге белгілі режиссер Қуандық Қасымов жыл басында театрдың бас режиссері қызметіне кірісті. Тәжірибелі әрі кәсіби маманға еліміздің көптеген театрларынан шақырту түскен. Солардың арасынан облыстық өзбек драма театрын таңдауын ұжымдағылар: «абыройымыздың артқаны» деп есептейді. Таяуда премьерасы өткен «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясын сахналаған Қуандық Қасымовпен әңгімелескенімізде қойылымға сай келетін кейіпкерлердің барлығын осы ұжымнан тапқанын айтқан еді. Сонымен қатар, әртістердің бойынан актерлық қабілетімен қоса олардың неше түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, жанды дауыста ән салатынын ұжымның артықшылығы әрі ерекшелігі деп бағалайтынын жеткізген.
Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясы жеңіл әзіл мен қағытпа қалжыңға толы. Қойылым желісінде ауыл өнерпаздарынан құралған шағын ансамбльдің Астанада өтетін фестивалге қатысуы баяндалады. Шағын болса да өнер әлемінен өз орнын тапқысы келетін топ мүшелері Елордада өтетін үлкен фестивальге қатысуға бел байлайды. Алайда, байқауға қатысушы топтың құрамында тек қыздар болуы шарт еді. Жаңа топ жасақтауға мүмкіндік те, уақыт та жоғынан ансамбль жетекшісі өзінше қулық ойлап табады. Мұнысы топтағы еркек кіндіктілерді уақытша қыз кейпіне енгізу еді. Ер мінезді жігіттердің нәзік жанды аруға айналуы көрермендерді күлкіге көмді.


Қуандық Қасымов, режиссер, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты:
«Бұл ерекше шығарманы біз өзбек театрында, өзбек тілінде, өзбек ұлтының көңіл-күйіне және өзбек халқының жан дүниесіне бейімдеп алып шықтық. Биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы ғой. «Достығымыз жалғассын» деген ниетпен қазақ драматургиясын өзбек тілінде сахналадық. Театр әртістері музыкаға бейім, талантты, дарынды. Менің соған көзім жетті. Өйткені олар ансамбльді қойылым бастағаннан аяғына дейін керемет ұстап тұрды. Өміршең адам ретінде сахнадағы қасиеттері де жоғары болды. Әртістердің кішіпейілдігі, қарапайымдылығы, барлығы көрініп тұр. Мен олардың өнерінің дамығанына таң қалдым. Ойындарына көңілім толды. Тек бұл қойылымда ғана емес, келгелі бері барлық жанрда сапалы қызмет ететіндеріне көзім жетті. Өз жұмыстарына осыншама махаббатын арнаған әртістермен әрмен қарай да бірлесіп, сәтті жұмыс атқаратыныма сенемін.

Театр репертуары тек комедия-мен шектелмейді. Олар классикалық шығармаларды сахналаған. Бұл үнемі шығармашылық ізденісте жүретін әртістердің жеткен жетістіктері. Иә, әртістер үнемі еңбектенеді деп айтуымыз бекер емес.
Икрам Хашимжановатың сөзінше, білімін арттыру үшін Өзбекстанға барып, сондағы театрлармен тәжірибе алмасып келетін әртістер де бар.
2014 жылы Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Машурова Рахилямды шақырып, ұжымның 18 әртісі кәсіби біліктілікті арттыруы бойынша сабақ алады. Бәрі де Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма театры және кино әртісі» мамандандыру бойынша сертификатын алған.
Қазіргі таңда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің режиссура, актер мамандығы бойынша білім алған жас мамандарды қатарларына қосуда. Осындай еңбексүйгіш әртістері бар ұжым жылдық жоспарларын да сәтті орындайды.


Икрам Хашимжанов, облыстық өзбек драма театрының диекторы:
– Жылына 4 спекткалдің премьерасын береміз. Бюджет тарапынан 4 қойылымға қаржы қаралған. Бұдан бөлек, түскен кірістен тағы бір премьера жасап, барлығы 5 қойылымды халық назарына ұсынамыз. Шілдеде әртістер еңбек демалысына шығады. Сол себепті маусымды жабамыз. Тамыз айында тағы жұмысқа кірісеміз. Өзбекстан Республикасының театрларымен байланыстамыз. Сол жаққа жылына бр-екі рет гастролдік сапармен барамыз. Қырғызстан, Тәжікстан театрларымен де байланыс жасаймыз. Өңіріміздің барлық аудан-қалаларын жылда аралаймыз. Қазір музыкалық драма театр болып қайта құруға жұмыс істеп жатырмыз. Облыстық мәдениет басқармасына хат жолдап та қойдық. 15 жылдығымызда республикалық театр статусын да алғымыз келеді.

Әр әртістің өз көрермені бар
Театр ашылғалы қызмет етіп келе жатқан белді әртістердің бірі – Адылжан Тоғанбаев. Ол театр репертуарындағы 80-нен астам қойылымның 90 пайызына қатысқан. Халықтың есінде «Қызметтеміз қызметте» — Ерке, «Темір қатын» — Қошқар, «Абай» — Абай, «Шыңғыс ханның ақ бұлты» — Шыңғыс хан, «Қасқыр ұлыған түн» — Ерасыл, «Науаи мен Байқара» — Науаи спектакльдерінде басты рөлдерді сомдаған.
– Өзім сомдаған рөлдердің барлығы жаныма жақын. Мені көрермен ең алғаш, «Темір қатын» комедиясындағы Қошқар рөлімен таныды. Дегенмен өзім сомдаған кейіпкерлердің ішінде жүрегімнен ерекше орын алғаны «Науаи мен Байқара» драмасында Науаи рөлін айтар едім. Ол — өзбек халқының классик ақыны. «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад пен Шырын» сонымен қатар, әйгілі «Хамза» дастанының авторы. Осындай ұлы тұлғаны сахнада жандандыру бақыты бұйырғанына қуанамын. Мен қазақтың ұлы ақыны Абайды да сомдадым. Шоқтығы биік, халық есінде мәңгі сақталатын тұлғалардың бейнесінде танылғаныма өте қуанамын. Қазір біздің әртістердің көпшілігі жастар. Барлығы өзімнің шәкірттерім деп айта аламын. Болашақтарынан үлкен үміт күтемін. Өйткені, барлығы өте дарынды, өте еңбекқор. Мені олардың еңбекқорлығы қуантады.

Жас әртістердің талантты екендігін театр директоры Икрам Хашимжанов та мақтан етеді. «Қызметкерлерімді бөліп-жарып қарамаймын» деген ол әрқайсысы бойындағы бір қасиетімен ерекше екендігін айтты. Сонымен қатар, әрбірінің іздеп келетін көрермендері бар екендігін де тілге тиек етті. «Бір адам ғана театрдың абыройын асқақтата алмайды. Ауызбіршілікте жұмыс жасайтын әрбір әртіс өзінше ерекше», — деп суреттеді ұжымын театр басшысы.

«Өміріміз – драма»
Өзбек ұлты комедияға жақын халық. Осы себепті олар комедия жанрындағы қойылымға көп келеді. Драма күнделікті өмірде де жетіп жатыр. Сондықтан «комедия қойыңдар» деп айтатын көрермендер баршылық екен. Театр режиссерлерінің бірі Жавлон Сайтовтың айтуынша, көрерменнің сұранысы аса маңызды. Халықтың осы жанрды жақсы көретініне өзім де куә болдым. Мәселен, қарақалпақ драматургы Сайлаубай Жұмағұловтың «Жасанды науқас» спектаклі болатын кезде келушілер қарасы қалың болды. Залға сыймай, сыртта тұрғандары көп. «Жасанды науқаста» халық қаржысына қол салудың небір тәсілін меңгерген әккі қызметкерлердің арсыз әрекеті көрсетіледі. Қойылым халықты күлдіре отырып, ащы шындықтың бетін ашады. Комедия желісінде жемқорлыққа барып, ақырында басына келген қауіптен құтылу үшін не істерін білмей дал болған дәрігерлердің әрекеті баяндалады. Мұнда ақша десе арын ұмытатын ақ халаттылардың қылығы өткір жеткізілген. Дегенмен, комедиядан басқа қойылымға көрермен болмайды деу-ден аулақпыз. Театр комедиямен шектелмеу керек. Оған классика, драма, трагедия да керек болады. Әрбір жанрдың көрермендері бар. Мәселен Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» драмасы жүректерді тербейді. Спектакль атауының өзінен адам санасында сан сауал туындайды. Бір отбасының ауыр қайғысы бейнеленген туынды жанарларға жас үйіреді. Сондай-ақ мұнда қазіргі заман сипатынан да көріністер бар.

Осындай қойылымдар халықтың жүрегінен орын тауып, көрермендерін бей-жай қалдырмайды. Репертуарда келушілердің көңілінен шыққаны сонша, өзіндік көрермендері қалыптасқан қойылымдар жетерлік. Мәселен, Ш.Башбековтың «Темір қатын», А.Жамалдың «Опасыз ақшалар», Ю.О.Нилдың «Талдар көлеңкесінде», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ғ.Шермухаммадтың «Жаназадағы той», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» аңыз, С.Жұмағұловтың «Күйеуіңді бере тұр», Софокльдің «Эдип патша», Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн». Тізім жалғаса береді… Өзбек драма театры бүгінде өңірдегі жұртшылықтың сүйікті мәдениет ошағы.

Еркенұр Ерзия

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста