Жаңалықтар

Бұлттардың жынысы туралы теорияның авторы қалай профессор болғанын айтып берді

  • © Tengrinews.kz

    © Tengrinews.kz

Қарағанды облысы Балқаш қаласының тумасы 28 жастағы Азамат Байтасов - әржынысты бұлттар теориясының авторы. Ол бұл идеясын алдымен шетелде, кейін Қазақстанда дәлелдемекші. Байтасовтың айтуынша, болашақта әржынысты бұлттар туралы бөлім 6-7 және 10-сыныптарда география пәнінің оқулықтарында пайда болуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz  тілшісі.


28 жасында Азамат Өңірлік менеджмент академиясының қауымдастырылған профессоры. Бұл дәрежені ол 2015 жылы ӨМА Президиумының шешімімен алған. Айта кетейік, ӨМА заңды мекенжайы Павлодардағы кеңсе ғимараттарының бірінде орналасқан. Алайда қор президенті Сергей Мидельский Tengrinews.kz тілшісімен телефон арқылы әңгімелесу кезінде бірлестіктің өз кеңсесі жоқ екенін айтты, ал өзі үйінде жұмыс істейді екен.



Фото жеке мұрағаттан алынды.


"Біз коммерциялық ұйым емеспіз және бұдан ақша таппаймыз", - деді Мидельский. Академия құрамына ену үшін берілетін 35-40 мың теңге ұйымдастырудағы шығындарға жұмсалады екен. Сондай-ақ, Мидельский Байтасовтың ӨМА ғылыми дәрежесі бар екенін айтты. "Азамат Байтасов біздің академияда қауымдастырылған профессор, яғни доцент", - деп атап өтті ол. Осыған дейін БАҚ-тарда Байтасов ӨМА дәрежесін алған ғылыми жұмыстарының бірінде әр жынысты бұлттар туралы еңбектердің болғаны айтылған еді. Ал академиядағылар бұл мәліметті жоққа шығарды. "Бұлттар туралы еңбектер жайлы БАҚ-тардан білдім. Ол конкурсқа құжаттарын тапсырғанда бұлттар туралы ешқандай да еңбегі болмады және бұл жайлы біз ештеңе білмейміз. Бүгін ғана Facebook желісінде осындай бір эпизод жайлы біліп қалдым. Бір ғана айта алатыным - ғылыми зерттеулердің 99 пайызы дүниені тану, жаратылысты, ғылымдардың заңдарын түсіндіруге талпыну. Осы талпыныстардың жартысы күлкілі болса немесе журналистердің әспеттеуінен сондай болып көрінсе - бұл ештеңені білдірмейді. Қандай жағдай болса да адамның дүниені тануға және түсіндіруге талпынуы - жоқтан жоғары", - деді Мидельский. Сонымен қатар, ол ӨМА-ның фейк аттестат бермейтінін мәлімдеді. "Басқа да ғылым академиялары секілді, біздің бірлестік ғалымдарға ғылыми қауымдастыққа өзін мойындатуға мүмкіндік береді, қолдау немесе мәртебе береді. Тіпті Қазақстанның Ұлттық ғылыми академиясы да мемлекеттік емес, қоғамдық құрылым, өзге де академиялар сондай. Олардың барлығы өзіндік аттестаттары мен дипломдарын беруге құқылы. Біздің де ҚР заңнамасына сәйкес құқымыз бар. Олар фейк емес. Бұл құжаттар адамның ғалым екенін, қандай да бір ғылыми проблемаларды шешумен айналысатынын растайды әрі ғылыми қауымдастықтың кейбір топтарында мойындалған", - деді Мидельский. Ғалым кез келген ғылыми еңбектің өмір сүруге қақысы бар деп есептейді. Бұл пікірді Азамат Байтасовтың өзі де айтып отыр.



Азамат Байтасовтың жеке мұрағатынан.


"Әржынысты бұлттар теориясы - бар болғаны теория. Бастапқыда журналистер менің сөздерімді теріс айналдырып, дәл осы еңбегім үшін ғылыми атақ алғандай жазды. Ресми мәлімдеймін, "бұлттар" - ғылыми жұмысымның жемісі, әзірше ешкім мойындаған жоқ. Мәдениет министрлігінің жіті бақылауында басып шығарған кітабымда бұлттар туралы монография бар. Менің еңбектерімнің ӨМА-ға ешқандай да қатысы жоқ. Олар маған сертификат бергенде бұлттар жайлы сөз де болған жоқ. БАҚ-тарда бұлайша айтылады деп те ойламадым. Тағы да ресми мәлімдеймін, ӨМА-ға ену үшін қандай да бір ақша төлемедім. Менің қатысуым жайлы мүдде олардың тарапынан болды. Мен тек жарияланған еңбектерімнің тізімін бердім. Ал теориямның бағаланбауы жайлы айтсақ, бұл тек теория. Соған қарағанда, біздің қоғам мұндай теорияларға дайын емес. Қандай жағдай болса да, бұл туралы сөз таластыруға ниетім жоқ. Шетелде қорғай алсам, сол кезде сөйлесе жатармыз...", - деді Байтасов. Әржынысты бұлттар теориясымен ол бес жыл бұрын айналыса бастапты. Сол кезде бұл идея оған Бермуд үштағанының құпиясын ашуға деген талпыныспен бірге келіпті. "Мен бұлттардың түрлерін, жаңбырдың түрлерін, желдің функциясын зерттей бастадым. Гидрологиялық зерттеулер жолымен көзім ашыла түсті. Мысалы, бұлттардың будандасу процесіне желдің катализатор болатынын анықтадым. Ал Бермуд үштағанында кемелердің жоғалу себебі жер астындағы физикалық процестерге ғана емес, бұлттардың қозғалысына да байланысты. Яғни желдің жылдамдығы әсер ететін интенсив қозғалыс. Алматыда, мысалы, бұлттардың қозғалыс жылдамдығы шамамен сағатына 9-10 шақырым. Ал Бермуд үштағаны ауданындағы бұлттардың қозғалыс жылдамдығы сағатына 273 шақырым. Осыған байланысты бұлттардың будандасу процесі өте жылдам жүріп, осы арқылы жауын-шашын көп түседі", - деп түсіндірді теориясын жас ғалым.



Айта кетейік, қазіргі уақытта жас ғалым жоғары оқу орындарында сабақ береді, жеке репетитор қызметін ұсынады. Ал таяуда Азамат Мәскеуде докторантурада оқуға баруға ниетті. Ол Мәскеудегі академиялардың бірінде "дүние жүзі экономикасы" мамандығы бойынша оқуға грант ұтып алыпты. "География экономикамен тығыз байланысты. Мен еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігін зерттеймін. Диплом алғаннан кейін халықтың игілігі үшін еңбектенемін. Министрлікте қызмет атқаратын шығармын. Әржынысты бұлттар теориясын Мәскеуде қорғап, сосын шетелдік ғалымдарға ұсынып көрмекпін. Себебі теорияны Қазақстанда факт ретінде мойындату өте қиын. Сондықтан тырысамын, болашақта теориям 6-7 және 10-сыныптардағы география пәнінің оқулықтарында болады деп есептеймін", - деді 28 жастағы профессор.




Азамат Байтасовтың жеке мұрағатынан.


Байтасов әржынысты бұлттар туралы теориясын "Қасиетті құрандағы география" кітабында сипаттады. Осы және басқа да кітаптарын Байтасов Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ Мәдениет министрлігінің мамандары жіті сараптап, мақұлдағаннан кейін шығардым деп отыр. Әрбір оқулықты жазып, басып шығару үшін шамамен 2-3 жыл жұмсалыпты. Айта кетейік, Азамат әзірше үйленбеген. Ол бос уақытын ғылым мен шығармашылыққа арнаған. Алайда ғалым алдағы уақытта отбасы құрсам дейді. Байтасовтың айтуынша, басты мақсаты - Қазақстанның дамуына үлес қосу.




Азамат Байтасовтың жеке мұрағатынан.


Азамат Байтасов Қарағанды облысының Балқаш қаласында туған. Оның шешесі 25 жыл бойы Балқаш әкімдігінде қызмет еткен, ал әкесі әскери адам. Азамат бала кезінен табиғи құбылыстарға қызығып, жетінші сыныптың өзінде өмір жолы ғылыммен және географиямен байланысты болатынын түсінген. Ол тырысып оқып, Балқаштағы Мұхтар Әуезов атындағы №8 мектепті үздік бітірген. Ал Алматыға келген Азамат Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде "география" мамандығы бойынша оқыған. Сонымен қатар, ол - магистр, географиялық бірнеше әдістемелік оқулықтың авторы. Жаратылыстану бойынша да энциклопедия шығарыпты. Азаматтың айтуынша, идеяға оны шешесі шабыттандырады екен. Анасы оны бала кезінен табиғатқа, білімге баулып өсірген.

 




Көрілген: 730    Пікірлер: 0

бейсенбі, 20.07.2017, 19:50

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    6 Сәуір, 11:23
    Қош келдің - Наурыз!
    5 Наурыз, 16:39
    Білімді ел – мәңгі ел
    22 Ақпан, 14:20
    Етістік
    21 Ақпан, 13:21
    Киелі жеті саны

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30