Жаңалықтар

«Өзін-өзі тану- сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы»

  • «Өзін-өзі тану- сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы»

    «Өзін-өзі тану- сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы»

Бүгінгі күні ғылымды, білімді ізгілендіру мәселесі – өзекті мәселелердің қатарынан орын алып отыр. Өйткені ғылым мен техниканың қарқынды дамыған тұсында адамдар білімнің күшін тек жақсылыққа, игі істерге ғана жұмсамай, жамандық пен қатігездікке, бас пайдасын ойлауға да бағыттауда. Сондықтан да жастарға академиялық білім берумен қатар, ізгілік білімін де бойларына сіңіруіміз қажет. Олар айналасындағы жанды-жансыздың бәріне сүйіспеншілікпен, адамгершілікпен қарап өсуі тиіс. Бұл жолда ұстаздардың алдындағы міндет жоғары әрі жауапты. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр» - деді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев.

Халқымыз тәрбие орындарынан тәлім, оқу орындарынан жоғары білім алмаса да мол өмірлік тәжірибесі мен қанға сіңген рухани-адамгершілік қасиеттерінің арқасында ата-анасын қарттар үйінде жәутеңдетпейтін, баласын жетімханада жәудіретпейтін, отбасын тастап кетіп жетімсіретпейтін, шаранасын далаға лақтырып шырқыратпайтын ұрпақтар өсіріп, тәрбиеледі. Біз қазір іспен де, сөзбен де жүзеге асыра алмай отырған ізгілендіруді оқу-тоқусыз-ақ баланың бойына сіңірткен халық қасиетіне бас имеске шараң жоқ.

Білім – қоғамды әлеуметтік мәдени – ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс. Оның негізгі қызметі адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді арттыру және шығармашылық қабілетін дамыту. Білім беру жүйесін ізгілендіруде жалпы білім берудің масаты, мазмұны, қағидалары, педагогикалық іс-әрекет мәселелері гуманистік және гуманитарлық танымға бағытталуы тиіс. Осы орайда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани- адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасын атап кеткеніміз жөн болмақ. «Өзін-өзі тану» пәні әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді.

Үстіміздегі жылы «Өзін-өзі тану» бағдарламасын басты бағыт етіп ұстана отырып, білім беру мен тәрбие ісіне рухани-адамгершілік негізді енгізудің жолын ұсынып отырған, халықаралық деңгейде Алтын жүректі Ана атанған Сара Алпысқызының бастамасымен керегесі қаланған «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының құрылғанына аттай 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында «Өзін-өзі тану» бағдарламасының оқу-әдістемелік негізі жасалып, республика деңгейінде кеңінен қанат жайып, таралуына негіз болған орталықта қаншама қиын тағдырлы бала сауықтыру кешенінде ем алып, білім нәрімен сусындап, ертеңгі күнге үміттерін жалғаған еді...

Орталықтың мерейлі мерейтойына арналып өткізілген «Өзін-өзі тану- сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» атты халықаралық форумның жұмысы бірнеше күнге созылды. Бас қаламыздың көркем орындарының бірі Қабылдау үйінде басталған салтанатты ашылу ел жақсылары мен қонақтардың ыстық лебізіне толды.

Форумда еліміздің бірінші ханымы, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы, «Бөбек» ҰҒПББСО іргетасын қалаушы Сара Алпысқызы бастаған, әлемде рухани-адамгершілік білім мен жалпыадамзаттық құндылықтар негізіндегі қарым-қатынастың негізін салушылардың бірі әрі бірегейлері – жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген авторлық мектептің директоры, танымал ғалым, ұстаз, өнертапқыш Арт Онг Джумсаи (Тайланд), ізгілік педагогикасының «атасы» Шалва Амонашвили мен мұрагері Паата Амонашвили (Грузия), Европалық жалпыадамзаттық құндылықтар институтының директоры Марианна Мейер (Копенгаген-Франкфурт), аталған институттың қызметкері Петра фон Калиновски (Германия-Франкфурт), Дағыстан МПУ профессоры Д.М.Маллаев(Россия), халықаралық «Ата-ана қамқорлығы» қозғалысының президенті К.Ш.Мансурова (Россия), Психолог-кеңес беруші, Луиза Хейдің шәкірті А.Могилевская (Россия), Бургас университетінің доценті Д.Ицке, философия ғылымдарының докторы С.Е.Нурмуратов, психология ғылымдарының докторы Х.Т.Шерьязданова (Қазақстан) сияқты т.б.көптеген ғалымдар мен ұрпақ жанашырларының басы қосылды. Форум барысында әрқайсысы өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, қоғамды ізгілендіру, қазіргі жастар мен болашақ ұрпақты жүрегі мейірімге толы, айналасына сүйіспеншілікпен қарайтын, ешкімге қиянат келтіруден ада, отанына адал жандар етіп тәрбиелеудің әлемдік мәселелерін көтерді.

Форумның келесі күндері орталықтың құрамындағы «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжі мен гимназиясында жалғасып, республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздар қауымы халықаралық деңгейдегі дәріскерлердің озық тәжірибесімен танысты.

«Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда үлкендер мен балалар арасындағы сыйластық, махаббат пен мейірімділік, шапағат шуағы мен ізгілік нұрына бөленуі тиіс. Өйткені біз баланы адал еңбек етіп, елін, халқын сүюге тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзіміз, берген тәрбиеміз жүректен жүрекке жетсе, қандай ғанибет!», деген екен бір сөзінде Сара Алпысқызы. Ұрпақ тәрбиесін әлемдік деңгейге көтерген «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының қазіргі «жансыз біліммен» қаруланып, билікке, таққа таластық, мейірімсіздік пен қатыгездік жайлаған қоғамды адамзаттық құндылықтар мен адамгершілік идеясымен өмір сүруге тәрбиелеуде маңызы ерекше. Осы мақсатта өткізілген халықаралық форум да өз мәресіне жетіп қалды. Еліміздің әр түкпірінен жиналған форум қонақтарының ықылас-лебіздері ерекше болды. «Өзін-өзі тану» РАБ бағдарламасының авторы, форумның өтуіне ұйытқы болған жан, талай баланың жұбатушысына айналған мейірімді ана Сара Алпысқызына айтылған алғыстар жүрегімізді тебірентті.

Форумның қатысушысы «Өрлеу» АҚБКҰО «Өзін-өзі тану» пәнінің тренері Берігүл Абдіхалықованың әсерін сұрағанымызда: «Осы форумға қатысу дәрежесіне ие болғаныма өте бақыттымын. Шалва Амонашвили, Арт Онг Джумсаи, Ангелина Могилевская т.б.секілді атақты да абыройлы, білімді де тәжірибелі ұстаздардың ұлағаттарын тыңдап, тәжірибесін тамашалау арқылы біліктілігімді көтердім. Осы бағдарламаның авторы Сара Алпысқызына үлкен алғысымды айтамын», деп қуанышын жеткізді.

Ал, №35 пилотты мектептің «Өзін-өзі тану» мұғалімі Яна Сидорованың алған әсері тіпті ерекше. «Мен бүгін ерекше мейірімділік пен сүйіспеншілік әлеміне енгендей болдым. Ұстаздардың әңгімесін тыңдай отырып, бала тәрбиесі- әлемнің тәрбиесі екеніне, сол жолдағы ұстаздың рөлінің маңыздылығына тағы бір көзімді жеткіздім», -деді.

Адам баласы да жаңаруға, өрлеуге, игі істер жасауға талпынуы керек. Ол үшін ертеңінің кілтін сеніп тапсыратын, бойына бар жақсылықты құйған, сабырлы да парасатты, ақылды да ар-ұжданды, адамгершілігі мен адалдығы бойына сіңген, рухани бастауын лайламаған, адамдықтың ақ туын биік ұстайтын, Амонашвилише айтқанда «ұшуды үйренген» ұрпақ керек. Зеңгір көк өз биігінде жоғарғы сана деңгейіне жеткен, өресі биік, ары азбаған жандарды қалықтататыны рас. Олай болса, еліміздің ертеңін ойласақ, алдымыздағы балаларды осы биікке лайық етіп тәрбиелегеніміз ләзім.


Мағлұмова Г.С.

«Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы

гуманитарлық колледжі директорының

ҒӘЖ жөніндегі орынбасары


 


 


 




Көрілген: 1459    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 25.10.2017, 08:02

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    6 Сәуір, 11:23
    Қош келдің - Наурыз!
    5 Наурыз, 16:39
    Білімді ел – мәңгі ел
    22 Ақпан, 14:20
    Етістік
    21 Ақпан, 13:21
    Киелі жеті саны

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30