Жаңалықтар

«Сағадиевтің бұл тірлігі заңсыз ба?». Электронды күнделік мұғалім мен ата-анаға сор болды

  • «Сағадиевтің бұл тірлігі заңсыз ба?». Электронды күнделік мұғалім мен ата-анаға сор болды

    «Сағадиевтің бұл тірлігі заңсыз ба?». Электронды күнделік мұғалім мен ата-анаға сор болды

Мектептерде енгізіліп жатқан электронды күнделік тақырыбы қызу талқылануда. Ата-аналар мен оқушылар электронды жүйеге үйренісе алмай жатыр. Бірі қолдаса, бірі жақтырмайды.


Бастауыштың оқушылары электронды күнделіктен үй тапсырмасын жаза алмай, тағы да ата-анаға салмақ түсіп жатыр. Бірақ мұғалімдер бұл жоғарыдан келген пәрмен деп, әрбір ата-ананы электронды күнделікке көшуге мәжбүрлеп жатыр.


«Күнделік.кз»-ке мәжбүрлеп жатыр

Алғаш басталғанда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Күнделікті қолдануға ешкімді мәжбүрлемейміз, мәжбүрлік бола қалған жағдайда ата-аналар ашық айтсын» деп мәлімдеген еді.


Биыл екінші тоқсаннан бастап Алматының әр мектебінде бұл жобаны мәжбүрлікпен жүзеге асыру науқаны басталды.


Мектеп басшылары сыныпаралық рейтинг жасап, рейтингі төмен, яғни ата-аналар мен оқушылар жеткілікті мөлшерде кірмеген сыныптардың жетекшілерін жиналысқа салып, үнемі ескерту жасап отыр. Неге?


Тиянақты жауапты ешкім бере алмайды, мұғалім де, мектеп басшысы да. Тек ата-анамен жұмыс жасайтын ватсап топтарда сынып жетекшінің өтініші, жалынышы бар. «Күніне бір мезгіл баланың күнделігін қарап, бағасын көре салыңызшы» деген. Бір қызығы, әр мектеп мәжбүрлікті өзінше жасап бағуда. Бірі ата-ананың атынан логин-парольді өзі аштырып жатса, бірінде сынып жетекшілері сол ашқан логин-парольді өздері қолданып, әр ата-ана үшін өздері кіріп-шығып, сыныбының рейтингін көтермелеп жатыр.


Ватсап топтарда бүкіл сыныптың құпия болуы тиіс ақпараты ашық түрде жарияланып келеді.


Бір сыныптың ата-аналары мен оқушыларында бір ғана ортақ пароль дегенді естуіңіз бар ма?


Бұл не үдеріс? Не өтірік? Кімнің пайдасына шешіліп жатқан ойын? Бәрінің айтатыны – министрліктен келген пәрмен дейді. Ата-анаға логин-парольді ауыстыруға тыйым салынды. Ата-аналар мен оқушылар бұл жобаға ыңғай бермей келеді. Әсіресе бастауыштың оқушыларына тиімсіз. Олардың өз бағасын мұғалімнен естіп, оны қағаз күнделігіне қойдырып әкелу әдетінен арылту ақырында сабаққа деген ынтасын төмендетпей ме деген күмән туады.


Былтыр осы электронды күнделік шыға салған кезде Зағипа Балиева бастаған депутаттар оқушы туралы тұтас ақпаратты ашық интернет кеңістікке шығарудың заңға қайшы екенін айтып, дабыл қаққан болатын.




Жаңашыл бастама өскелең ұрпақтың дамуына айтарлықтай пайдасын тигізсе ғана әжетке жарайды, сұранысқа ие болады. Бұл өзгерістердің баланың санасына нендей зияны бар деген сауалға психолог Динара Болат былай деп жауап береді:


– Күнделікті қабылдамаған адамдарда психологиялық тұрғыда осы жобаны білім беру жүйесіне еніп кететіндігіне толық сенім жоқ. Әрине, бала үшін заманға сай кез келген жаңашылдыққа ілесуге тырысуымыз керек. Алайда, әрбір жаңадан келген идеяның балаға қандай пайдасы бар, соны ажыратуымыз қажет (Өкінішке қарай, біздің елде білім беру жүйесі ата-аналармен санаспайды). Дұрыс деп тапқанымызды қолданылуы қиын болса да пайдаланып үйренген жөн. Мұндай жаңадан енген әр идеяны қолдап, қалай болса да үйреніп кететін ата-аналар бар. Әдетте оларда «оқу озатының» синдромы бар, ылғи мінсіздікке ұмтылып, балаларынан да сол дәрежені талап ететін ата-аналар, дейді ол.


Алайда, мектеп оқушыларының дені мен ата-аналардың көбі мінсіздікке ұмтыла бермейді. Баласынан бағасын сұрамайтын ата-аналар көптеу екендігі ескерілмейді. Неге?


Қазіргі білім беру жүйесіндегі бағаның рөлі тіптен түсіп, алынып тасталынып жатқанда электронды күнделіктің жалпыға пайдасы жөнінде тұшымды уәж ести алмадық. Тек алыста жүрген ата-анасы баласын қадағалай алады дегенге саятын пікір айтылып қалады. Мұндай қадағалаудың қаншалықты объективті екені әлі белгісіз. «Күнделік.кз»-тің сапа көтермейтін біршама шикі тұстары да көрініс беріп жатыр. Арасында, әрине, оқушылардың өз профиліне сын көтермейтін сурет қоюы. Соның салдарынан қадағалау мүлдем қатаң бола бастады. Оның үстіне,


бұл күнделік ресейлік «Дневник.ру»-дың баламасы боп шықты. Тек ішкі толтырылуы қазақ тіліне аударылған.


Күштеп, мәжбүрлікпен күнделікті күніне бір рет тексерту сайттың қолданушысы көп деген жалған ақпаратты өз пайдасына шешетін топтың бар екендігін дәлелдеуге ұмтылыс байқалады. Мұныңыз ашық бәсекеге шыға алмайтын, жергілікті өнімдерден өзін артық бағалағысы келген кәсіпкерлердің олқы тұсы. Әрі заңсыз әрекеті. Министрліктің рұқсатын пайдаланып, соның атынан өз идеясын өзгенің қолымен жүзеге асыру. Әділетсіздік. Дәл осындай жергілікті жоба Маңғыстау облысында былтырдан бері қолданылып келеді. Бірақ ол туралы ешкім ләм-мим деп айтпайды. Биыл Маңғыстау облысының мектептері «Күнделік.кз»-тен бас тартып, өздерінің үйреншікті «Меktep.edu» күнделігін таңдапты.


Бұдан шығатын пайым: қандай күнделік қолдануды ата-ана өзі таңдай алады. Ешбір мәжбүрлікке жол жоқ. Бұл жерде бір ғана «бірақ» қалып тұр. Бұл үдерісте мектеп мұғалімдері өз пікірін білдіре алмай отыр. Олар қарсылығын ашық айтса, реформаның жайсыздығын баяндаса, қиын жағдайға түсіп қалмақ.


Мұғалімдердің кейбірі электронды күнделік заман ағымына ілесу деп баға береді. Дегенмен, сол заман ағымына мектеп базасы толық дайын ба? Әлі күнге дейін компьютер толтыра алмайтын мұғалімдер бар. Оларды жұмыстан шығарып тастай алмайсыз ғой? Сол секілді смартфон не интернет қолданбайтын азаматтар баршылық. Олардың электронды күнделікті қабылдауына мүмкіндік пен уақыт берілуі тиіс.


Мәжбүрлікке қатысты көкейде жүрген сауалды заңгер маман Нұрбол Батырбаев мырзаға қойған едік. Заңгердің жауабы:


«Бұл мәселе тиісті министрліктің ережелерімен реттеледі. Бірақ ата-аналарды қандай да бір ықпалмен қинап, мәжбүрлі түрде уақытын бөліп отыруға міндеттей алмайды. Бұл қазір сынақ ретінде жүргізіліп жатқан реформа. Мектеп директорлары шаш ал десе бас алатын асыра сілтеушілікке бармаулары керек. Негізі заман талабына сәйкес «мектеп-оқушы-ата-ананы» байланыстыруға керек деп енгізіп отыр. Министрліктің бұл жобаны енгізуіне заң рұқсат береді, бірақ қоғамда дау тудырып, көпшілік қарсылық білдірсе, ары қарай xалықтың таңдауына басымдық беріледі. Қысқаша айтқанда, білім саласында мәжбүрлі түрде қандай да бір іс-әрекетке итермелеуге жол берілмейді. Егер осындай олқылықтар болып жатса әрбір адам өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы».


Шынар Әбілдә


kaz.365info.kz




Көрілген: 860    Пікірлер: 2
Пікірлерді оқу (2) preloader

дүйсенбі, 18.12.2017, 18:31

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    27 Қыркүйек 2017
    Алматы – жастар қаласы
    22 Қыркүйек 2017
    Тіл - мемлекет тірегі
    4 Қыркүйек 2017
    Рухы биік дара тұлға

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31