Білім. Реферат

Білім саласының білікті маманы, қайраткер ұстаз өмірден өтті

  • Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш

    Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш

Алматы қаласы, Алатау ауданындағы №178 лицейдің директоры, білікті басшы, білім саласының білгір маманы, белгілі математик, аяулы ұстаз, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің және «Құрмет» орденінің иегері Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш 60 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.

Барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Әбдімәжит Қоңырбайұлы есімі ел тарихында қалатын асыл тұлғалардың қатарында. Білікті басшы, білгір ұйымдастырушы, көрнекті ұстаз болған оның есімі бүкіл Қазақстан жұртшылығына белгілі болды десек те болады. Еңбек жолың ұстаз болып бастап, ұстаз болып аяқтаған Әбекеңнің атқарған істері ұшан-теңіз. Ол басқарған, қызмет жасаған мектептің жұлдызы әрдайым жарқырап жанып, тәрбиелеген шәкірттері биік белестерді бағындырып көптеген жетістіктерге жетті. Өйткені ол парасатты да әділ басшы, жан-жақты білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, алыстан ойлайтын алғыр да ардақты жан еді. «Ұлы адам ұлық болмайды, мәуелі ағаш биік болмайды» демекші үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін өте қарапайым, кішіпейіл абзал азамат ұжымды әрдайым бір отбасындай ұйытып, еңбекке жұмылдырып, нәтижелі жұмыс істеуге көп мүмкіндік жасады. Мектепте әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып «Жерде жетім жыласа, көкте періште налиды» деген сөзді есінен шығармай әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға әр кез көмек қолын созып, қолдау көрсетіп отырды. Жаратылыстану бағытындағы көптеген мектептерді басқарған Әбдімәжит Қоңырбайұлы қазақ баласының білімді болып, математика-физика пәндерін жетік меңгеріп, ел болашағының жарқын болуына үлес қосар тұлға болуын жан-тәнімен қалайтын еді. Республикамыздың әр түпкірінде жаңа мектеп ашылып, ол математика-физика бағытын тереңдетіп оқытатынын естісе балаша қуанатын. Ғұмыр бойы білім саласының адал сардары болған Әбекең осы саланың суығына тоңып, ыстығына күйіп, қаншама ауыртпалығын басынан өткерді. Ел болашағының жарқын болуы үшін ең бастысы білім екенін жан-дүниесімен сезінген ол ұстаздық жолды, мұғалімдік мамандықты қасиетті мамандық деп санады. Сондықтан болар әрбір шәкіртінің жанына үніліп, көкірегінде жылт еткен бір қасиетті байқаса оның шырағын жағып, жалынын лаулатуға тырысатын. Үздіксіз кемелдікке ұмтылып, күн демей, түн демей, бойындағы жалынын, арман тілегіңнің бәрін білім жолына арнаған жанның еңбегі мәңгілік өшпейтіні ақиқат.

Өмір жолы үлгі мен өнегеге толы Әбекең аяулы жар, ардақты әке бола білді. Балаларын да өзі сияқты елі мен жерін сүйетін, адал жолмен жүріп, асыл мұраттарға ұмтылатын арлы перзент қылып тәрбиелеп өсірді. Ұрпақтары да әке үмітін ақтап, Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп, жолын жалғастырып жүрген өнегелі өрендер.

Ардақты жанның өмірбаяны ауыз толтырып айтарлықтай аяулы еді. Сондықтан жүріп өткен жолын есімізге түсіріп тізбектеп шықсақ жөн болар.

Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш 1958 жылы 28 маусымда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келді.

1972 жылы Республикалық физика-математикалық мектебіне оқуға түсіп, 1974 жылы бітіріп шықты.

1978 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Студент шағында Лениндік степендияның иегері болды. Педагогикалық өтілі 34 жыл.

1997 жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарды.

Білім беру саласындағы ерен еңбегі және оқушыларды олимпиадаға дайындау ісіндегі жетістіктері үшін Білім Министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1999 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, 2009 жылы «Құрмет» орденімен және «Қазақстанның 20 жылдығы» медалімен марапатталды.

Әбдімәжит Қоңырбайұлы Алматы қаласында физика-математика бағытында оқытатын көптеген мектептерді ашуға атсалысты.

1997-2000 жылдары Алматы қаласы Республикалық физика-математика мектеп- интернатында директор болды.

2000 жылы №141 мектепке, ал 2003 жылы Дарынды балаларға арналған №173 физика-математика лицейіне директор болып тағайындалды.

2010 жылдан №126 физика-математика мектеп-лицейінің директоры болып қызмет етті.

2013 жылдың қаңтар айынан бастап жаңадан ашылған №178 физика- математика лицейінде директорлық қызметті атқарды.

Әбдімәжит Қоңырбайұлының халықаралық, республикалық ғылыми-методикалық басылымдарда математика пәнін оқыту методикасы бойынша мақалалары ұдайы жарияланып тұрды.

Көптеген оқу құралдары мен оқулықтардың рецензенті.

«Задачи математических олимпиад» атты математикадан олимпиадалық есептер жинағының авторы.

10-11 сыныптарға арналған «Алгебра және анализ бастамалары» оқулығының рецензенті.

«Алгебра и начало матанализа» деп аталатын физика-математика мектептеріне арналған Н.Темірғалиев және т.б. авторлардың қосымша оқулығының рецензенті.

2003 жылы қалалық педагогикалық оқуда «Математиканы оқыту саясаты» тақырыбына жазылған еңбегі І орын алды.

2005 жылы «Дәуір» баспасынан шыққан «Математика пәніне арналған көрнекілік құралдардың» рецензенті.

2002 жылы №141 мектеп тест қорытындысы бойынша республикасының алғашқы 100 мектебіне енді.

2006 жылы №173 физика-математика лицейі тест қорытындысы бойынша Алматы қаласында І орын алды.

Ә.Қ.Өтештің оқу процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында ол басшылық еткен мектептер Алматы қаласы бойынша тек қана алдыңғы қатардан көрініп келді.

2013 оқу жылынан бері атаулы лицей Алматы қаласында білім көрсеткіші бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Осы уақыт аралығында 100-ден аса оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.

Әбекеңнің мезгілсіз ауыр қазасына әріптестері, үзеңгілестері, замандастары, кейінгі толқын өкілдерінің барлығы қатты қайғырады. Білім саласының майталманы атанған оның орны әрдайым ойсырап тұрары сөзсіз. Алланың ісіне амал не?! Әбекеңнің елге сіңірген еңбегін, жарқын бейнесін, азаматтық тұлғасын ешқашан ұмытпаймыз. Жаның жәннатта болсын, аяулы ұстаз, ардақты азамат!


* * *


Алматы қаласы Алатау ауданындағы №178 лицей ұжымы лицей директоры, білікті басшы, республикаға белгілі математик, аяулы ұстаз Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің және «Құрмет» орденінің иегері


Әбдімәжит Қоңырбайұлы ӨТЕШТІҢ


кенеттен қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.


№178 лицей ұжымы




Көрілген: 2957    Пікірлер: 2

жұма, 17.11.2017, 12:57

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
6 Сәуір, 11:23
Қош келдің - Наурыз!
5 Наурыз, 16:39
Білімді ел – мәңгі ел
22 Ақпан, 14:20
Етістік
21 Ақпан, 13:21
Киелі жеті саны

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2018
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
мамыр
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31