Бір халық. Бір ел. Бір тағдыр

Медиация татулық тірегі

  • Медиация татулық тірегі

    Медиация татулық тірегі

Елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, соның көмегімен көптеген шағын және орта дәрежедегі қылмыстық істер, азаматтық, еңбек, отбасылық және өзара құқықтық қатынастарға байланысты жекелеген істер өз шешімін тауып келеді. Шағымданушы азаматтар мен заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінуінің арқасында сот жүйесіне түсетін ауыртпалық жеңілдеп, түрлі деңгейдегі істердің тыңғылықты шешім табатындығы, жұмыс сапасы анағұрлым артатынын осы уақыт аралығындағы тәжірибе де көрсетіп берді.


Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даудың 30-40 пайызы медиация рәсімімен өткізіліп, олардың 85 пайы­зында тараптардың ризашы­лығымен оң нәтижелерге қол жеткізілген екен. Қазақстанда «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енгені белгілі. Бұл заң Қазақстан Республи­касында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәр­тебесін айқындайды.

Қазақстан халқы ассамблеясы қабыр­ғасында өткен «Этносаясат пен этнос­аралық қатынас мәселелері ғылыми зерт­теулер қорытындысына сай ұсыныс­тар технологиясы» атты семинар-тренингте Қазақстан халқы ассамблеясы қызметі этносаралық мәселелер деңгейін игеріп, бүгінгі таңда қоғамдық келісімді жарастыру идеясын тиянақты жүргізіп отырғанын тілге тиек етті. Қоғамдық келісімнің конституциялық принциптер негізінде пайда болған модераторлық қызмет үлгісі еліміздің сот жүйесіне қолдау болуға әбден лайық.

Алматы қаласындағы Достық үйінен ашылған Медиация кабинеті құрылған күнінен бастап түрлі этномәдени орта­лықтар, қала мектептері, дін қызмет­керлері мен ата-аналар комитеттерімен бірлесе отырып, жастар арасындағы қарым-қатынас және ұлтаралық келісім мен татулық тақырыбында көптеген кездесулер мен семинар-тренингтер өткізіп үлгерді.

Медиация кабинеті жыл басынан бері қалада орналасқан бірнеше мектепте болып, ата-аналармен, оқушылармен кездесті. Қазақстан халқы ассамблеясы Алматы қалалық секретариаты, Қазақ­стан Президенті жанындағы РММ «Қо­ғамдық келісім» және қала әкімдігімен бірлесе өткізген түсіндіру шараларында «Жастар арасындағы келіспеушілікті бол­дырмау және оның алдын алу», «Өза­ра түсіністік пен бейбіт қатынас салтанат құруы керек», «Ұйымдық келіспеуші­ліктерді ес­керту және болдырмау әдісі», «Оқу­шылар арасындағы түсініспеушілік мәселелерін шешу жолдары» деген атпен семинар-тренингтер ұйымдастырып, онда мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында кездесетін кейбір келеңсіз қылықтардың алдын алу және болдырмау, кәмелет жасына дейінгі қыз баланың тәрбиесі, ерте есею секілді аса маңызды тақырыптар қозғалып, оқушылармен тікелей жұмыстар атқарылды.

Орта мектептерде өткен жүздесулерге оқушылар зор қызығушылық танытып, білікті мамандармен өздерін мазалайтын мәселелер турасында ашық әңгімелесті. Телеарналар мен ғаламтор беттерінде бала психологиясына кері әсер ететін ақпараттар легі бүгінгі қоғамға тікелей рухани шабуыл жасап тұрған кезде қаладағы Достық үйі жанынан ашылған Медиация кабинетінің қызметі мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан жастар мен оқушыларға рухани қолдау көрсетілгеніне мұғалімдер де, ата-аналар да, оқушылар да дән риза.

Мұндай игілікті шараларды алдағы уақытта да көптеп өткізу жоспарда бар. «Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек, бірлікті ойлау үшін тірлік керек, ағайынға ала көз бола қалсаң – аузыңдағы несі­беңді біреу жемек» деп Қаз дауысты Қаз­бек би айтқандай, еліміздің бірлігі үшін медиация саласы көп еңбек сіңіретініне кәміл сенеміз.


 Еркенұр Ерзия




Көрілген: 88    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 09.07.2018, 17:30

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Маусым, 12:07
    Достық әні шырқалды
    16 Мамыр, 12:50
    Төбемізде бір аспан
    7 Мамыр, 18:05
    Ұлттар достығы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31