Бір халық. Бір ел. Бір тағдыр

Сұлтан ОЗДОЕВ, «Вошал» ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы: "Қазақ халқының мейірбандығын сезіндік"

  • Сұлтан  ОЗДОЕВ, «Вошал» ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:

    Сұлтан ОЗДОЕВ, «Вошал» ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы: "Қазақ халқының мейірбандығын сезіндік"

 Құшағына 130-дан астам ұлт өкілін сыйдырған Алматы – ұлттар достығының алтын ұясы іспетті. «Тілі басқа – тілегі бір, түрі басқа – жүрегі бір» ұлттар еліміздің түкпір-түкпірінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сондай халықтардың қа­тарына ингуш ұлты да жатады. Дерек бойынша, жалпы Қазақстан­да 20 мыңға жуық ингуш ұлтының өкілдері бар. Ал Алматыда 3000 ингуш тұрады.


1961 жылы политехникалық институтқа түсіп, мұнай және газ факультетін бітірдім. Еңбек жолымды 1967 жылдан Қазақстан ҰҒА-ның Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында қарапайым инженер болып бастадым. Уақыт өте келе, білімім мен тәжірибемді ұштастырып, аспирантураны Мәскеуде, ал кандидаттық диссертациямды Новосибирскіде қорғап қайттым. Мамандыққа деген адалдығым болар, әлі күнге дейін аталмыш мекемеде жарты ғасырға жуық еңбек етіп келемін. Бүгінде Қ.И.Сәтпаев атындағы Геология ғылымдары институтында Мұнай және газ бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрмін. «Еңбектің наны тәтті» деген. Іздену мен талмай еңбектенуімнің арқасында Геология-минералогия ғылым­дарының докторы, академик дәрежелеріне жеттім. Сол жетістіктерімнің арқасында шәкірттер тәрбиелеп жүрген жайым бар. Одан бөлек, 1995 жылдан жұмысын бас­таған «Вошал» («Бауырластық», «Братст­во») ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасымын.


Тәп-тәуір қазақшам бар. Кездескен қазақтан аман-саулық, мал-жағдайды сұрауда еш жаңылмаймын. Жергілікті ұлт тілін мен институтта оқып жүргенде үйрендім. Себебі, тобымыздағы студент­тердің басым бөлігі қазақтар, оның ішінде, Маңғыстаудың түлектері болатын. Міне, сол жігіттермен үзіліс кезінде араласып жүріп, әбден машықтандым.


Кеңестік кезеңдегі күштеп көшіру науқанын біз де – ингуштар да бастан кешірдік. Мен Қазақстанға қоныс аударғанда небәрі 4 жаста екенмін. Әке-шешемнен ерте айрылған соң, олар есімде жоқ. Кішкентайымнан әпкелерімнің қамқорлығында болып, кейін анамның бауырының қолында ержеттім. Одан кейін менің жастық шағым Ақмола облысында өтті. Қазір ол мекен адам танымастай өзгерді ғой. Елбасының арқасында әлем таныған Астанаға айналды. Шынымен, біздің бала кезіміз бір қиын кезеңде өтті. Ішерге тамақ, киерге киім таппай өткізген күндер еміс-еміс есімде қалыпты. Дәл сол тұста басқа халықтың басындағы қасіретке түсіністікпен қараған қазақ халқының мейірбандығын сезіндік. Қазақтардың арқасында осы жерде өсіп-өніп, бүгінде бақытты өмір сүріп отырған жайымыз бар.


«Әр елдің салты басқа…» демекші, ингуш ұлтының да өздеріне тән салт-дәстүрі бар. Кейінгі кездері ата-бабадан келе жатқан кейбір дәстүріміз ұмыт болып бара жатыр. Алайда әлі жібін үзбей, атадан балаға жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрлеріміз жоқ емес. Мәселен, бізде күйеу бала қайын енесі мен қайын атасына жүзін көрсетпейді. Ол, тіпті, оларды өмірінде көрмеуі мүмкін. Менің өзім де жұбайымның ата-анасын суреттен ғана болмаса, әлі көрген емеспін. Бұл біздің түсінігімізде күйеу баланың әйелінің ата-анасына деген құрметі болып саналады. Ал үйлену тойында қалыңдық пен күйеу жігіт бірге отырмайды және төрге шықпайды. Қалыңдық босаға жақта той біткенше тікеден-тік тұрады. Ал күйеу жігіт өзінің жора-жолдастарымен дастарханда отыра­ды. Әйелдер мен ер адамдар бөлек отырады. Оларға жастарына қарай дастархан жайылады.


Әр халықтың өз ұлтының тарихын тану, салт-дәстүрін ұстану мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде этномәдени орталықтар құрылған. Бүгінде бейбітшілік пен татулықты тұғыр еткен елімізде сан түрлі ұлт өкілдері өмір сүреді. Ингуш ұлты­ның өкілдері де өз еңбектерінің қазақ толпырағында жеміс беріп жатқанына қуанышты. Менің төрт перзентім бар. Қазақстан – менің және менің бала-шағамның Отаны. Сондықтан, біз қазақ елінің азаматы ретінде осы жерге қызмет етуге тиіспіз. Бала-шағамызбен қазақ елінің дәстүрін сыйлап, олардың тілін білуге тиіспіз. Міне, көптеген ұлт өкілдерімен бірге біз де тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Осының бәрі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үздіксіз айтып отыратын ел бірлігінің арқасы екені сөзсіз.


Алматы ақшамы газетінен 




Көрілген: 333    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 08.08.2018, 17:27

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Қараша, 00:15
    Бірлік түбі береке
    19 Қыркүйек, 00:18
    Достық әні шырқалды...
    17 Қыркүйек, 16:31
    Туған тілім – тірегім!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31